Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3100 0 пікір 4 Қараша, 2013 сағат 10:49

Роза Әлқожа: Аялауға тиіс әйелдер қараусыз қазанға айналды

Қазақтың маңдайына біткен Розалардың өнерге  көзсіз ғашық болуында қандайда бір  тылсым құдірет бар ма дерсің...  Бүгінгі біз сөз етіп отырған Роза  сол Розалардың жалғасы. Оның әншіліктен басқа ақындығы мен сазгерлігі - өз алдына бір төбе. Қазақтың қара сөзіне қанып өскен қыз Абай атасының атын арқалаған  ақпараттық порталға мейлінше ақтарылды.

 

Қымтанып алмасамада сахнаға тақия мен бөрік киіп шығамын

 

- Роза ханым, сізді  алыс жолдан оралды деп естіп жатырмыз. Әріптестеріңіздің дені  «Еңбек сіңірген қайраткеріне»  асығып жатқанда,  сіз  «Роза Қажы» атанғаным дұрыс деп таптыңыз ба?

- Иә, жуырда жолдасымыз екеуіміз үлкен қажылықтан оралдық. Осыдан біраз бұрын Мұхаметжан Тазабеков ағамыз телефон шалып, ұсыныс жасаған еді. Біз қуана келістік. Сөйтіп ол жақта жиырма күндей болып қайттық...

- Байқап отырғаным, басыңызға орамал  тартатын болғансыз ба?

Қазақтың маңдайына біткен Розалардың өнерге  көзсіз ғашық болуында қандайда бір  тылсым құдірет бар ма дерсің...  Бүгінгі біз сөз етіп отырған Роза  сол Розалардың жалғасы. Оның әншіліктен басқа ақындығы мен сазгерлігі - өз алдына бір төбе. Қазақтың қара сөзіне қанып өскен қыз Абай атасының атын арқалаған  ақпараттық порталға мейлінше ақтарылды.

 

Қымтанып алмасамада сахнаға тақия мен бөрік киіп шығамын

 

- Роза ханым, сізді  алыс жолдан оралды деп естіп жатырмыз. Әріптестеріңіздің дені  «Еңбек сіңірген қайраткеріне»  асығып жатқанда,  сіз  «Роза Қажы» атанғаным дұрыс деп таптыңыз ба?

- Иә, жуырда жолдасымыз екеуіміз үлкен қажылықтан оралдық. Осыдан біраз бұрын Мұхаметжан Тазабеков ағамыз телефон шалып, ұсыныс жасаған еді. Біз қуана келістік. Сөйтіп ол жақта жиырма күндей болып қайттық...

- Байқап отырғаным, басыңызға орамал  тартатын болғансыз ба?

- Бұған дейін бес уақыт намазымды қаза қылмай оқысам да сахнаға орамал тағып шығуға ыңғайсызданатын едім. Бірақ осы сапардан оралғалы жалаңбас жүрмеймін деген шешімге келдім.  Сахнаға қымтанып алмасам да, тақия немесе бөрік киіп шығамын ғой.

- Сәждеге жығылған әріптестеріңіздің дені сахнаны шайтанның ісіне балап, өнерден қол үзіп жатады. Сіз де солардың қатарына қосылмайсыз ба?

- Адамға қабілет пен талант Алладан беріледі. Сондықтан кез келген өнер иесі жаратқанның алдында  жауапкершілік арқалаған адам болып есептеледі.   Ал әр аманаттың ертеңгі күні сұрауы болатыны тағы да ақиқат. Сол себепті дінге ден қойдым екен деп, сахнадан алшақтаған әріптестеріммен келіспеймін. Шынтуайтында иман адамның сыртқы формасында емес, жүрегінде болғаны абзал.

 -  Баспасөз бетіне берген пікірлеріңзден ел мен жер, ұрпақ қамы  жайында аз тебіренбейтініңіз байқалады. Мемлекеттік  қызметтің жуан құрығын ұстаған шенеуніктер сіздей-ақ болсын дейік. Болашақта дәрменсізге дәнекер болған журналистикаға қайтып оралуыңыз мүмкін бе?

- Кейде даңғаза шудың ортасынан шаршағанда салиқалы сөз айтып, салмақты  ой түйетін ортада жүргенім дұрыс еді деген ойда қаламын.  Сол сәтте журналист болып жүрген кездерімді еске аламын да қайтып тәубама түсемін.  Себебі ол кезде жаным үнемі әнге тартып тұратын. Мақаланың өзін ән тыңдап отырып жазатынмын. Тіпті, тыңдармандарымның қошемет көрсетіп жатқанын көз алдыма елестетіп, тәтті ойға шомып кететінмін. Қос  мамандықты  қатар алып жүрсем деген ниетім де болған. Алайда, «екі кеменің  құйрығын ұстаған суға кетеді» дегенді ескеріп, әншілікті таңдағанды жөн көрдім.  Сондықтан тиіп қашып- жүріп, журналистиканың обалына қалғым келмейді.  

- Жалпы біздің өнерде жүргендердің  арасында әнімді айтсам болды деген «синдром» қалыптасты. Ал, мына тұрған Ресейдің  көлбеңдеп көптің көзіне түсе беретін сарыауыз Собчагынынан бастап қоғам жайын қозғаудан қаймықпайды.  Біздің әншілер қорқақ па, әлде жалтақ па?

- Біздің елдегі ішкі жағдайды өзіңіз де жақсы білерсіз? Қазір әншіні қойып, қоғамға белсене араласып жүретін ақындардың өзі үнсіз қалды. Мықты саясакерлер де томаға тұйықталып кетті. Өйткені біздің қоғамда үрей бар.  Небір нәубәтті басымыздан кешіріп, жанымыз бен тәнімізді, рухымызды ұрлатқан халықпыз. Сол рухтың орнының ойсырап тұрғаны сол-  кез келген азамат бас көтеруге қорқады.   Аузын ашса, артына сарт ете түсетінін білгендіктен, іштегі шерін ас үйде отырып ақтарады. Бүгінгі адамдардың жаппай депрессияда жүретін себебі де осында. Барлығы дерлік болашақтың аңысын аңдып, іштей қозғалысты күтіп отыр. Бірақ жаппай тербелістің бізге келіп кетер пайдасы жоқ. Өйткені  Алла бетін аулақ қылсын,  ел басына  күн туса, алдымен сорлайтын  қарапайым халық  болады. Өзгенің мұртын балта шаппайды. Сондықтан  бас жарып, көз шығарудан бұрын өз құқығымызды талап етуді қолға алғанымыз жөн.   Біз бүгінгі тыныштықты пайдаланып  ғылым мен білімді, мәдениетімізді аяқтан тұрғызып алуға тиіспіз.  Онсыз біз тобырға айналамыз. Ал тобырды кез келгеннің  билеп-төстеп кетуі  оңай ғой.

 

- Бүгінде телеарналарды эстрадалық әндерге бейімделген шоулар  басып келеді . Бұлардың қазақтың ән өнерін дамытуға айтарлықтай пайдасы бар дей аласыз ба?

- Өз басым «шоу» атаулыдан шаршадым. Халық та даңғаза дабырадан жалықты, енді салиқалы сөз күтеді. Осындай шудың арасында жүрген әріптесеріме жаным ашиды. Әншілер рейтинг жинаудың құрбанына айналды. Мәселен, Ресейде әншіні мұзда билетер болса, оған мәнерлеп сырғанаудың қыр-сырын үйретеді. Ал бізде әншінің ешқандай қабілетіне қарамастан жүргізуші етіп қояды. Бұл өз алдына әріптестерімнің беделін түсіріп жіберді. Қазір әнші біткенге қаратып: «Үтік қоссаң да дауысы шығады» деген мәтел осындайдан айтылса керек.

- Жуырда  Қайрат Нұртастың концерті аясында болған шудан кейін  оның сахнадағы жолын кесетіндер пайда болыпты. Қатысуға тиіс концерттер мен алуға тиіс жүлделерден құр қалып жатыр деседі. Алайда әріптесінің сойылын соғып шыққан бірде бір әншіні көре алмағанымыз өз араларыңызда береке бірліктің жоқтығын көрсетпей ме?

- Ортақ басқару жүйесі болмағандықтан «балапан басына, тұрымтай тұсына кетпегенде» қайтеді? Әншілердің құқығын қорғайтын арнайы одақ құрылады деп еді, ол да жабулы күйінде қалды. Қазір ақын да, жазушы да,  барлығы өз қамын күйттеп жүр. Соңғы кезде Мәдениет министрлігі тарапынан «пәленше әншіге үй беріліпті» дегенді естігеніміз бар ма?

Кеңестік кезеңді жамандаймыз, әйтсе де ол кезде идеология мықты болды.  Мәдениет пен әдебиеттің өкілдеріне мемлекет тарапынан жағдай жасалынып, олардың не істеп жатқаны арнайы қадағаланатын. Сол арқылы олардың еңбегі  бағаланып, шығармалары оқылатын. Ал бүгінгілер туындыларын  тірнектеп тапқандарының арқасында  халыққа жеткізіп отыр.  Қысқасы, Мәдениет пен әдебиетін халық өзі жасап жатыр.

 

«Астана опера» дәріптеліп Арқа өнері тасада қалып бара жатқаны рас

 

 - Өзіңіз биыл Астананың төрінде концерт бердіңіз. Ол жақта опера театрынан басқа мәдениет орындарында өтетін  кештерге мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейтіндігін ескерсек, сізге есеп берудің есебі оңайға түспегені рас қой?

- Алматы мен Астанада өткізген кештердің бәрінде жалға алған орындардың ақысын билеттен түскен қаражатпен жаптым. Оның өзі жетпей, ақырында қарызға белшемнен батып кеттім. Себебі- әнді жаздыру, киер киім сияқты, ұсақ-түйектің барлығы қып қызыл ақшаға келіп тіреледі. Бір қуанатынымыз- әупіремдеп жүрсек  те әніміз елге жетіп жатыр. Біздің осыны қанағат тұтып жүрген жайымыз бар.  Ал қалтасына сеніп, өнерді атағымен даңқына пайдаланып жүргендер жайында әңгіме  басқа.

Сіз  айтып отырғандай Астана опера мен балет театрына барлық жағдайды жасап жатқаны рас.  Қазақтың ақсүйек өнері болып саналатын Арқаның өнерін дәріптемей жатып, өзгенің өнерін осынша қолпаштап жатқандарын түсінбеймін. Өткенде сол театрдың әртістері пәленше ғасырдағы киім үлгілерін көрсетеді деп жарнамалады.   Қазақтың оюын костюмге жапсырып әншілерді қарық қылып жатқан санаулы дизайнерлер болмаса, қазіргі заманға сай ұлттық нақышта киім тігіп жатқан бір фабрика жоқ. Шетелдік тауарлар белгісінен безендірілген  бұйымды көрсек аузымыз ашылып қалады. Шынтуайтында кесте мен ою салу, кілем тоқып, текемет басу дегендер төл өнеріміз емес пе? Дүкендерден небір химиялық азық-түліктерді сатып аламыз. Өзіміздің қаймағымыз бен құртымыз, айранымыз бен ірімшігіміз оның қасында балдай  емес пе еді? Осындай  ұлттық  құндылықтарымызға деген  насихат жоқ. Өз елімізде өгейсіп жүргеніміз осылайша өзімдікін өзекке тепкендіктің салдарынан туындап отыр.

 

Шығармашылық адамдары тұрмыстың байлаулы баспағына айналады

 

- Жалпы өнер адамының жүрегі езілу мен елжіреуден тұрады. Сіздің сезімге толы саз силайтын жүрегіңіз бүгінгі қоғамдағы неге бола елжіреп, неге бола езіледі?

 

- Жүрген соң әуен іздеп ғазалды ұғып,

Қиялыңа салар тек ажал құлып.

Жазғаным құнды еді деп айта алмайсың,

Бағаңды тұрғаннан соң базар біліп,- деп іштегі назды өлеңмен шығаратыным бар. Себебі- біз ағайындықты да, достықты да саудаға салып жібердік. Ұстаз дегеннің таудай мәртебесін түсіріп тастады. Ақын- жазушы, әнші, биші, журналист дейсіз бе, бұлардың ешқайсысы табысты күреп таппайды. Бірақ, олар - қашанда елдің алдында жүретін адамдар. Алайда шығармашылық иелерінің басын тұрмысқа байлап, жазғандарын саудаға салып тастады. Мұндай елде демократия, сөз бостандығы бар деудің өзі қиын. Осының салдарынан қоғам тұйықталып кетті. Ешкімнің ешнәрсемен ісі жоқ. Мені алаңдататын осы жайт.

- Бүгінде баспана үшін басын бәйгеге тігіп, аштық жариялаған әйелдердің әл қуаттан айырылып,  алдының құлап жатқанын естіген боларсыз. Біз жетімі мен жесірін жылатпаған халық едік қой...

- Әйел адамның міндеті- жар болып, ана атану еді. Енді біз бала туу мен қатар оны бағып қағып, қалаберді ақша табатын әмбебап жанға айналдық. Аялауға тиіс әйелдер мына қоғамда қараусыз қазандай қалды. «Ал қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демей ме? Осылайша әйел затының нәзіктігіне сызат түсіп, керісінше белсенділік танытуына тура келді. Қыздарымыз  қазір ер азаматтарды білім болсын, қызмет болсын, бар жағынан басып озды. Сіңлілеріміздің қазақ жігіттеріне мұрнын шүйіріп тұрмысқа шықпай, керек десеңіз шетел асып кетіп жатқаны да сондықтан.

- Мұқағали атамыз «Фариза жан» деп мұң шақса, сіз «Фариза апа» деп ән салып жүрсіз .  «Әйелдің сырын әйелден сұра» дегендей сіздікін сырласу деп түсінуге бола ма?

- Біз талантты көзі тірісінде қадірлемейтін болдық. Тек дүниеден өткен  соң  еске алу кешін ұйымдастыруды әдетке айналдырдық.  Керек десеңіз мұны бәзбіреулер бизнеске айналдырып жіберді. Сондықтан қазақтың ақын қызына көрсеткен құрметім болсын деп, Фариза апама ән арнаған жайым бар. Мақсатым- ғұмырын қазақтың қара өлеңіне арнаса да, қартайғанда зейнетақысына қарап қалған апамның көңілін бір марқайту болды.

- Бір басылым бетінде  Астанаға жолы түскен Роза  Әлқожа  көзге ұрып тұрған кемшіліктерді көргенде шыдамай: «Астана, халықты шақырып алып, солардың есебінен ақша жасап отырсыңдар» деп сыбағанда, шенеуніктердің бір де біреуі бас көтере алмай жер шұқылап қалыпты деседі...

- (Рахаттана күліп алды) Исламда қанша  әйелің мен қанша балаң болса, барлығына бірдей қарайлас дейді. Ал біздің қалалардың ішіндегі әздегі- Астана болды. Қашан көрсең бар жақсыны көмкеріп, жарқырайды да тұрады. Олар кімнің есебінен жарқырап тұр? Қара халыққа жарықты үнемдеңдер деп байбалам салады. Басқа қалалар шекпенге жарымай отырғанда, Астана әдемі тон киіп жүретін бәйбішенің баласына ұқсайды. Қарап отырсам ол жақта әдемі табиғат та жоқ. Әдеби орта да осы- Алматыда.  Сондықтан Астананың жылтыр тонымен ғана көз тартып тұрған жайы бар...

Сұхбаттасқан Динар Камилова

Abai.kz

 

 

 

0 пікір