Жұма, 18 Қазан 2019
Жаңалықтар 1548 0 пікір 28 Тамыз, 2013 сағат 12:41

Балаңыз сізден жиырма жас кіші

«Қазақы бала, бала емес» дейді оңтүстіктің қазақтары. Бұл – қазақы тәрбиенің үнемі дұрыс бола бермейтінін білдірсе керек. Байқауымызша, көпшілік қауымның бала тәрбиелеу үрдісі өте ұқсас. Қазақы тәрбиенің өзі, көптеген сын, ескертпе, тиым салу, құйрыққа шапалақпен тартып қалудан құралатыны белгілі. Қазақы тәрбиенің ең басында, әрине, «ұят болады» тұрады. Бұның жағымдысы – бар ар-ұяттан безерлік дүниелерге аяқ баспайды. Жағымсызы – бала сырт көзге жаман көрінбеу үшін, тыраштануға ұшырайды. Орынсыз «ұят болады!» баланың табиғи мінезін бұзады. Сырт көзге жақсы көріну үшін бала, әсіре жақсы болуға тырысады, жағынуға бейімделеді.

«Қазақы бала, бала емес» дейді оңтүстіктің қазақтары. Бұл – қазақы тәрбиенің үнемі дұрыс бола бермейтінін білдірсе керек. Байқауымызша, көпшілік қауымның бала тәрбиелеу үрдісі өте ұқсас. Қазақы тәрбиенің өзі, көптеген сын, ескертпе, тиым салу, құйрыққа шапалақпен тартып қалудан құралатыны белгілі. Қазақы тәрбиенің ең басында, әрине, «ұят болады» тұрады. Бұның жағымдысы – бар ар-ұяттан безерлік дүниелерге аяқ баспайды. Жағымсызы – бала сырт көзге жаман көрінбеу үшін, тыраштануға ұшырайды. Орынсыз «ұят болады!» баланың табиғи мінезін бұзады. Сырт көзге жақсы көріну үшін бала, әсіре жақсы болуға тырысады, жағынуға бейімделеді.

Онға толмаған құрттай баласына телегей теңіз ақыл айтып отыратындар да бар. Бұрынғы данышпандардың қайсысын алсақ та «Балаға ақыл айтпа, көрсет» деп кетіпті. Баласы жаман әдеттер жұқтырып, қазақша айтқанда «бұзылса» ата-ана айран-асыр болады. Балаңыз өзгерсе, яғни «бұзылса», оған көбірек уақыт бөліңіз. Отбасында арақ-шарап, боғауыз, ұрлық, былапыт әңгіме болып жататын үйдің баласы бұған міндетті түрде бір соғады. Көбінесе жасырын түрде. Есейе келе ашыққа кетері сөзсіз. Қазақ баласы көбіне жақсы-жаман істеген ісін ата-анасынан жасыруға тырысады. Себебі, ұшан-теңіз, ұлан-ғайыр «ақыл естуден қажыған, сондықтан «аш құлақтан, тыныш құлақ». Толып жатқан жөнді-жөнсіз сын, ескертпе, тиым салу, «тегін ақыл» баланы қандай нәрсені болсын жасыруға, білініп қалса ақталу үшін өтірік айтуға итермелейді. Ал, өтірік айтып ақталу көп ұзамай әдетке айналады. Бала шындықты айтар-ақ еді, берісі он, арысы отыз жылға кететін ата-ана тарапынан «Сен баяғыда білесің бе?» деп басталатын қиқуды қайтеді? Әлсін-әлсін соғып тұратын осы бір «отбасылық дауылдан» зәре құты қашқан бала жалған ақталуды одан әрі жалғастыра береді. Қазымырлық – жаман әдетті одан әрі жетілдіреді, дамытады, қалыптас­тырады. Тиым салу демекші, біздің қазақ тиым салудан бірінші орын алатын болса керек. Мәселен, қолыңды көтерме, айқастырма, қалтаңа салма, желкеңді тартпа, мұрныңды шұқыма, жағыңды таянба, тізеңді тартпа, босағаны керме, ербеңдетпе, қолыңды тарақтама, т.б. бұл тек қол туралы тиым салулардың бір бөлшегі ғана. Осы айтылғандар­ды жасасаң, жауап біреу – «жаман болады!». Қазақтың «Жаман боладысын!» тізіп жазса жеке кітап болар еді, шіркін! Қазақ тиым салып жүрген осы бір дерттерді күнделікті қолданып жүрген өзге ұлттар неге «жаман болып» қырылып қалмай жүр?
Қазақы тәрбиедегі ең бір кеселді жайт, баланы өзіндей жасауға тырысушылық. Бір ғана мысал, балаға киім алғанда ата-ана өзіне түсі, түрі ұнайтын киімді таңдайды. Балаға ұнайды-ұнамайды онда жұмыс жоқ. Бұл енді, астам­шы­лық­тан туған. Тіпті, солай болса неге Шоқанның атағы әкесі Шыңғыстан, Абайдың атағы Құнанбайдан жоғары? Балаңыз неге сізге ұнайтындай киініп, сізге ұнайтындай сөйлеп, сізге ұнайтын қылық көрсетіп, сіз сияқты ойлап, сізге ұнайтындай мақұлдап отыруға тиісті. Ойбай-ау, ол қанша жерден сіздің балаңыз болғанымен, жеке тұлға ғой. Баланың түр-әлпеті, мінезі, талғамы ата-анаға ұқсамауы да мүмкін. Сіз көктен түскен жоқсыз ғой. Сіздің алдыңызда мыңдаған ата-бабаңыз болған. Және нағашы жұрт деген тағы бар. Егер балаңыз айнымаған өзіңіздей болсын деп тәрбиелесеңіз, онда балаңыздан бір қадам алыстадым деп түсініңіз. Көпшілік ата-анаға ойнамайтын, күлмейтін, сөйлемейтін, жүгірмейтін, үйді шашпайтын, үстін былғамайтын бала керек. Менің бір досым биді құбыжық көретін отбасында өстім дейді. Сол бейшараның билеп жатқан ел көрсе үрейі ұшып, өзінен-өзі қуыстанып, жұрт бір әдепсіз нәрсе жасап жатқандай қобалжитыны бар. Бұл енді биді ұнатпайтын ата-ананың ұрпағына қалдырған «психологиялық мұрасы».
Балаңыз бір нәрсені бүлдірсе, оның қырық жыл құлақ етін жеудің керегі жоқ сияқты, жыртылған костюм, сынған қалам, жоғалған кітап тұрмақ, сіздің өзіңіздің бұл дүниеде қанша тұрарыңыз белгісіз. Және бүлінген нәрсені қайтып орнына келтіретіндей сізде сиқырлы таяқша жоқ қой. Тағы бір әдетіміз баланы қайрамақ болып, «Сенен түк шықпайды» дейтін ұлттық тәрбие. Дәл осы сәтте балаңызды қайрап, өткірлеп отырған жоқсыз, мұқалтып, жасытып отырсыз. «Елдің баласын қарашының» да жайы осындай. Баланы айдаладағы біреудің баласына өшіктіргенше, өзіңіз сол елдей болғаныңыз дұрыс шығар. «Балаға мың рет айтқанша, көрсетіп үлгі қылу керек» депті барлық ұлы педагогтар. Бұлай жасамаған отбасында «Мына бала кімге тартып, осындай болды?» деген көпке мәшһүр дау-жанжал туындап-ақ жатады. Оның үстіне сіз үлгі қылып отырған елдің баласының сіздің балаңыздан қабілет-қарымы, таным-талғамы, денсаулығы, тәрбиесі, көргені мен түйгені жоғары болуы мүмкін.
Қысқасын айтқанда, балаңыз сізден жиырма бес, тіпті отыз, қырық жас кіші екенін ұмытпағаныңыз жөн. Сіз де дәл осы қалыпта өмірге келе қалған жоқсыз. Балаңыз сізден жоқ дегенде жиырма жас кіші.
Ербол БЕКБОЛАТОВ.
Талдықорған қаласы.

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір