Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4791 0 пікір 28 Тамыз, 2013 сағат 12:12

Еуразиялық экономикалық одақ – Тәуелсiздiкке төнген қатер!

Қазақстан азаматтарына ҮНДЕУ

Қазақстан азаматтарына ҮНДЕУ

Қадiрлi ағайын!
Осыдан бiрнеше күн бұрын Қазақстан Сыртқы iстер министрiнiң орынбасары Қайрат Сарыбай Еуразиялық экономикалық одақ құру жөнiндегi келiсiм құжаттары 2014 жылдың 1 мамырына дейiн дайын болады деген мәлiмдеме жасады. Бұл құжаттар дайын болған соң 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш ел аумағында Еуразиялық экономикалық одақ өз күшiне енедi. Еуразиялық интеграция мәселесiмен айналысудың қарқыны сондай, тiптi Сыртқы iстер министр­лi­гi­нен осы мәселемен айналысатын арнайы департамент те құрылып қойғаны хабарланды.
Бiз бұған дейiн де бiрнеше мәрте қазақ мемлекетiнiң тәуелсiздiгiне қатер төндiретiн интеграциялық процестерге өз қарсылығымызды бiлдiр­дiк. Еуразиялық экономикалық одақ құру дегенiмiз – Ресейдiң империялық амбициясынан, бұрынғы Кеңес одағын жаңғырту идеясынан туындаған Кремльдiң экспансиялық бастамасы.
Еуразиялық экономикалық одақтың алғашқы баспалдағы ретiнде құрылған Кедендiк одақтың Қазақстанға тиiмсiз болғаны жөнiнде қазiр барлық жетекшi сарапшылар мен мамандар айтып жүр. Мәселен, белгiлi саясаттанушы, Қауiп-қатердi бағалау орталығының директоры Досым Сәтбаев “Кедендiк одақ Қазақстанға 153 миллион адамға тең нарықты ашады” деген үмiттi ақтамағаны” жөнiнде ашық айтты. “Қазақстанның Кедендiк одақтағы үлесi 17 пайызға дейiн төмендедi, ал 2011 жылы бұл 20 пайыз болатын. Қаржы министрi Болат Жәмiшевтiң өзi қазақ экспортының Кедендiк одақ аумағында қатты төмендеп кеткенiн мойындады” дей­дi сарапшылар. Статистика агент­тi­гiнiң мәлiметiнше, Қазақстаннның Кедендiк одақ елдерiне экспорты қазiрдiң өзiнде 3,7 пайызға төмендеген, ал Ресей мен Беларусьтың бiздiң елге экспорты, керiсiнше, 12 пайызға артқан! Кедендiк одақтың Қазақ­стан­ға тиiмсiз болғанын қазақ мамандары ғана емес, Ресей бұқаралық ақпарат құралдары мойындайды. Олар: “Кедендiк одақ аясындағы нарықта Ресей мен Белоруссия кейбiр өндi­рiстерi өздерiн жақсы позицияда сезiнедi, ал Қазақстанға бұл одақтың құрылуы жақсылық әкелген жоқ”.
Кедендiк одақтың тиiмсiздiгi туралы Белоруссия президентi Александр Лукашенко да мәлiмдедi. Оның айтуынша, “Ресей Белоруссияны алдады”. Ресейдi Белоруссияны өзiнiң және Қазақстан нарығына жiбергiсi келмей отырғанын да ашық айтты. Бiр сөзбен айтқанда, Қазақстанның Кедендiк одаққа енуiнен бiздiң экономикаға зияны тимесе, ешқандай пайдасы мен тиiмдiлiгi болған жоқ.   
Бұл – Еуразиялық одақтың тек экономикалық тиiмсiздiгi туралы қысқаша ғана мәселе. Сонымен бiрге қазақ мемлекеттiлiгiнiң тәуелсiздiгi туралы да ойлануымыз керек. Тәуел­сiздiк – қасиеттi ұғым, Ресеймен интеграциялық одақтар экономикалық жағынан тиiмдi болғанның өзiнде, егер бұл бiрлестiктер бiздiң егемен­дiгiмiзге салқынын тигiзетiн болса, онда мұндай ұлтқа қатерлi ұйымдардың еш қажетi жоқ деп санаймыз! Еуразиялық парламент құру идеясы, одақ аясында ортақ валюта енгiзу (Ресейдiң арманы рубль енгiзу, әрине!), басқа да мемлекеттен биiк (наднациональный) құрылымдар құру мәселелерi – қазақтың мемлекеттi­лiгiне қауiп төндiретiн проблемалар. Ресей президентi Путин де, Қазақстан басшысы Назарбаев та “Еуразиялық экономикалық одақ бұрынғы КСРО-ны жандандырудың жолы емес” деп мәлiмдегенiне қарамастан, Кремль тарапынан жүргiзiлiп отырған саяси диктат қазақ ұлтының тәуелсiздiгiне қауiп төндiретiнiне бiз сенiмдiмiз.
Осы себептен, бiз, азаматтық қоғам өкiлдерi, журналистер, қоғамдық ұйым жетекшiлерi мен мүшелерi, жалпы, қазақ мемлекетiнiң тәуелсiздiгiне алаңдаулы Қазақстан азаматтары билiкке мынадай талаптар қоямыз:
1.            Еуразиялық экономикалық одаққа кiруден толық бас тарту! Экономикалық жағынан тиiмсiз, мемлекетiмiздiң тәуелсiздiгiне қатер төндiретiн барлық бастамалардан аулақ болуымыз тиiс!
2.            Тек қана Кремльдiң айтқанымен жүрiп-тұруды қойып, айтқанына ғана көнiп, Ресеймен интеграциялық одақтарға Қазақстан азаматтарының санасуынсыз, қалың бұқараның пiкiрiн бiлместен қосылуды тоқтату!
3.            Еуразиялық парламент, ортақ валюта, басқа да мемлекет егемендiгiне, оның жеке-дара субъект болуына нұқсан келтiретiн Ресейдiң жобаларына қосылмау!
4.            Кедендiк одақтың Қазақстанға тиiмсiз болғанын бүгiндерi билiкшiл сарапшылардың өзi мойындап отыр. Бiз өзiмiздiң есемiздi жiберуге тиiстi емеспiз! Осы себептi, Кедендiк одақтың Қазақстанға тиiмсiз шарт­тарын қайта қарап, егер бiздiң экономикалық мүддемiз орындалмаған жағдайда, Ресей билiгiне бұл мәселе жөнiнде қатаң талаптар қою!
Бiз қазақтың ұлттық мүддесiн қорғағысы келетiн, мемлекетiмiздiң тәуелсiздiгiне, ертеңiне, болашағына алаңдайтын барлық азаматтарды осы талаптарды қолдауға шақырамыз! Қол қойыңыздар! Еуразиялық одаққа, Кремльдiң империялық амбициясына тойтарыс беруге әзiр азаматтардың көп екенiн көрсетейiк!
Үндеуге Дулат Исабеков, Ғаббас Қабышұлы, Бейбiт Қойшыбай, Темiрхан Медетбек, Сағат Жүсiп, Расул Жұмалы, Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан, Қанат Ибрагимов, Жанболат Мамай сияқты танымал адамдармен қатар жас толқын – патриот жастар да, барлығы 97 адам қол қойған. Қол жинау жалғасуда.
Үндеуге қол қоямын деушiлер rukh_pen_til@mail.ru, ashikalan@gmail.com поштасына аты-жөнiн жазып, қолдау бiлдiре алады.
Алматыға келiп қол қоямын деушiлерге байланыс телефоны: 8 707 333 6399
 "Жас Алаш" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3532