Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4734 0 пікір 28 Тамыз, 2013 сағат 10:14

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..». С.Мұқанов: Ал, Сіз, қымбатты Әуезов жолдас, оны қашанғы қолдай бермекшісіз? (жалғасы)

Редакциядан ескерту:

Белгілі жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың "Ұраным - Алаш!.." деп аталатын зерттеу кітабын Abai.kz биыл үшінші жыл қатарынан жариялап келеді. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов және тағы басқа қазақ әдебиеті мен руханиятының алыптары туралы сөз болып отырған кітап - "Ұраным - Алаш!.."-тың үшінші томы. Тұрсын Құдагелдіұлының ұзақ жылғы зерттеулерінің нәтижесінде жарық көрген аталған кітап та қандай да бір тарихи тұлғаны қаралауға, даттауға жол берілмеген. Керісінше, әрбір сөйлем нақты дәлел-дәйектермен шегеленген. Сондықтан да, құрметті оқырман, әр тарауға пікір білдірерде тарихи тұлғаларды қаралап, даттамай автордың жеке басына тиіспей, аты-жөнін орынсыз келемеж етпей, сөз арасын былғамай орнықты ой қосуға шақырамыз!

Abai.kz

9.

 

Редакциядан ескерту:

Белгілі жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың "Ұраным - Алаш!.." деп аталатын зерттеу кітабын Abai.kz биыл үшінші жыл қатарынан жариялап келеді. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов және тағы басқа қазақ әдебиеті мен руханиятының алыптары туралы сөз болып отырған кітап - "Ұраным - Алаш!.."-тың үшінші томы. Тұрсын Құдагелдіұлының ұзақ жылғы зерттеулерінің нәтижесінде жарық көрген аталған кітап та қандай да бір тарихи тұлғаны қаралауға, даттауға жол берілмеген. Керісінше, әрбір сөйлем нақты дәлел-дәйектермен шегеленген. Сондықтан да, құрметті оқырман, әр тарауға пікір білдірерде тарихи тұлғаларды қаралап, даттамай автордың жеке басына тиіспей, аты-жөнін орынсыз келемеж етпей, сөз арасын былғамай орнықты ой қосуға шақырамыз!

Abai.kz

9.

 

Осы жылдары, яғни, 1945-1946 жылдардың өліарасында қазақ ғылыми ойлау жүйесінде үлкен жаңалық өмірге келді. СССР халық комиссарлары кеңесінің 1945 жылғы 26 қазан күнгі №2747 қаулысымен Қазақ ССР Ғылым академиясын құру туралы шешімі шықты. Міне, осындай қуанышты да жұбанышты оқиға мәдени және ғылыми ортада жаңа бір ұмтылыс пен бақталасты тудырды. Жоғары жақта академияның толық мүшелеріне сайланатын адамдарды іріктеу басталды. Әрине, Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезовтің ешқандай алаңдамауына болатын. Дегенмен де ғылым саласында да сенімді пәленбайлар мен түгенбайларды кіріктірмесе, еркін ойлы ғалымдарға кеңестік идеологияны сеніп тапсыруға болмайтын.

Осыған орай ұзақ жүргізілген партиялық және идеологиялық құпия екшеулерден кейін және СССР Ғылым академиясының мақұлдауын ала отырып 1946 жылы 31 мамырда Қазақ ССР халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновтың қолымен Ғылым академисының құрамын жариялады. Онда толық мүшенің саны, яғни, академиктердің саны – 14, мүше-корреспонденттердің саны – 16 адам деп бекітілді. Сол кездегі республикадағы 76 ғылым докторы мен Еңбек сіңірген ғылым қайраткерлерінің арасынан академиктердің құрамына: 1. Қаныш Сәтбаев, 2. Мұхтар Әуезов сайланды.

Осы науқанның қарсаңында, яғни, 1946 жылы 4 наурызда Тіл және әдебиет институтының №4 ғылыми отырысында Мұхтар Әуезов Қажым Жұмалиевті мүше-корреспонденттік атаққа ұсынды. Ол өзінің ұсынысын:

«15 жылдан астам уақыттан бері қазақ әдебиетінің тарихынан, соның ішінде ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан жоғары оқу орындарында – мысалы, Орал пединститутында, Алматыдағы ҚазПИ-де, Қазақ мемлекеттік университетінде жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары жоқ кезде дәріс оқыған Қ.Ж. Жұмалиев қазақ әдебиеті туралы тереңдетілген ғылыми зерттеулер жазылмаған тұста өз бетінше «ХІХ ғасырдағы әдебиет тарихы» туралы дербес те байсалды ғылыми курстың бағдарламасын жасады. Өзінің таңдап алған саласындағы пайымды, табанды ғылыми-зерттеу бағытындағы ізденістерінің нәтижесінде Қ.Ж. Жұмалиев қазақ орта мектептеріне арнап бірқатар оқулықтар жазды. Солардың ішіндегі әдебиет теориясы туралы, ХІХ ғасырдағы әдебиет тарихы туралы оқулықтары толық орта мектептерге арналған негізгі оқу құралы болып табылады. Жұмалиев жолдас 1943 жылдан бастап жоғары оқу орындарына арналған «Қазақ әдебиеті тарихының» көптомдығының аса жауапты тарауын («Қазақтың батырлық эпостары» туралы) жазуға табанды түрде атсалысып келеді. Қ.Жұмалиев жолдас жазған «Эпос туралы» тарау аталған «Тарихтың» фольклор жөніндегі І томына енді. Сонымен қатар соңғы жылдары Жұмалиев жолдас «Абай поэзиясының тілі» атты диссертациялық тақырыбын игерумен жүйелі түрде айналысты. Ғылым үшін аса маңызды осындай қиын да игілікті істі ұзақ жылдар бойы жүйелі зерттеудің нәтижесінде тақырыпты сәтті игеріп шыққан автор өзінің толысқан ғалым екенін танытты, сөйтіп, Ленинградтың Шығыстану институтының Ғылыми кеңесінің оған – қазақтың белгілі ғалымы, әдебиеттанушы Қажығали Жұмәліұлы Жұмалиевке филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беруге негіз қалады. Жоғарыда баяндалып өткен Жұмалиев жолдастың ғылыми қайраткерлігінің негізіне сүйене отырып, оның кандидатурасы Қазақ ССР Ғылым академиясының мүше-корреспондетігіне ұсынуға лайық және орынды деп есептеймін»,– деп негіздеді.

Мұндағы «Қажығали Жұмәліұлы Жұмалиев» деп баса көрсетуін өзінің ұнатпаған адамын фамилясымен атайтын әдетіне жатқызуға болмас. Ресми сөздің аты – ресми сөз. Алайда араға бес жыл салып барып М.Әуезов «Жұмалиев жолдастың» осы «ғылыми қайраткерлігін» жоққа шығаратынын ол кезде білмеген де еді. «Келер күннің тұманды бір тылсымы» (Абай) осы болар. Анығы, бұл тұста екі ғалымның арасында бір-біріне түсіністікпен қарайтындай төзім сақталып қалғанға ұқсайды.

Ал екеуінің арасына сына қағатын майдан мен саяси науқандық тығырық та ұзақ күттірмеді. «Звезда» және «Ленинград» журналдарындағы идеясыздық пен өрескел саяси қателер туралы» және соған ілесе 1946 жылы 26 тамызда БК(б)П Орталық Комитетінің «Театрлардың репертурлары және оны жақсартудың жолдары» туралы қаулысы шықты. Соның екпінімен 1946 жылы 30-тамызда Қазақстан Қ(б)П Орталық комитеті бюросы «Қазақстан Қ(б)П Орталық комитеті насихат және үгіт бөлімінің үгіт-насихат жұмыстарына басшылықты жақсарту шаралары туралы» қаулысы шығып, баспасөздегі сынның пәрменділігіне идеологиялық басымдылық берді.

Сонымен, дені жаз айларында қабылданған қаулыларға арналған талқылаулар қыркүйек айынан бастап арасына апта салып ала өкпелене өткізілді. Қазақстан жазушылар одағының архивте сақталған 1946 жылы 16 қыркүйекте талқыланған БК(б)П Орталық Комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.Н.Поспеловтің жасауға тиісті баяндамасының жобасы мен 24 қыркүйек күні өткен қалалық мәжілістегі қалалық партия комитетінің хатшысы Сәрсеновтің «Қазақ әдебиетінің тарихы туралы даулы мәселелер жөніндегі баяндамасының тезистеріне» жүгінсек, мұнда қамшы тимеген қаламгер қалмапты. Соның ішінде тарихи тақырыпқа қалам тартқандарға ерекше шүйіліпті. Тіпті Едіге мен Нысанбай жырау да, С.Торыайғыров та, оларды әдебиет тарихына енгізуге ұмтылған Б.Кенжебаев та сыпыра сыналыпты.

Сәрсенов: «Хандық-феодалдық «Едіге» эпосының, сондай-ақ Сондай-ақ «Шора батырдың» да жылдар бойы дәріптеліп (возвеличивание) келгені кездейсоқтық емес. Бұл эпостарда Қазан қаласын екінші Станбол ретінде, «мұсылмандардың тірегі ретінде суреттейді, Шора батыр «оны орыстардан қорғау үшін аттанады». Бұл нұсқа эпостың (түпнұсқада – былина) пантүркистік және панисламистік өңделуі екені анық көрініп тұрған жоқ па. Бұл «былинаның» қазақтың батырлық жырына қандай да бір қатысы бар ма? Бұл «былина» неге қазақтың өткендегі батырлық әрекетінің көрінісі ретінде оқырмандарға ұсынылады? Әдебиет пен халық шығармашылығы қоғамдық-саяси өмірден тыс қалыптасқан жоқ.. Біз өзінің жеріне шапқыншылықпен басып кірген шапқыншыларға қарсы қазақ елінің өзінің өмір сүруі үшін күресін бейнелеген ескі әдебиетті заңды түрде мақтаныш етеміз. Мұның қатарына «Қара қыпшақ Қобыланды», «Қара қасқа атты Қамбар» және Сырым батыр мен Исатай, Махамбет жырлар жатады. Ұлы бунтарь Махамбеттің қанаушыларға қарсы бағытталған жырларын еске алсақ та жеткілікті.

Өткеннің көптеген батырлық жырлары ұлы отан соғысы жылдарында біз үшін қайта тіріліп, рухымызды өсірді. Біз мұның бүгінгі әдебиетпен – Абайдан бастап кеңес жазушыларымен ашық та дәстүрлі түрде байланысып жатқанын өте жақсы түсінеміз. Алайда, біз қазақ әдебиетінің ХҮІІІ, ХІХ және ХХ ғасырдың басындағы тарихының зерттелуі тарихи-әдеби ғылымның ең осал тұсы деп санаймыз. Біз, өткеннің мәдени мұрасына сыни көзқарастың жоқтығынан, бүгінгідей бұрмалаулар мен қателіктерге жол беріліп отыр деп есептейміз.

Бізге: сендердің бүкіл қазақ халқының мәдени мұрасын жер бетінен ысырып тастағыларың келе ме?,– деп сұрақ қояды. Ол шындық емес. Бұл өтірік. Асан қайғы туралы қазақтар қандай сөздер айтқан!... Бір бола жаздап, болмай қалған қызықты айтайын. Егерде «Едіге» туралы сын мақала «Большевик» журналында жарияланбаса, ол біздің мақаламызда айтылса, онда қандай шу көтерілетінін білесіздер ме? Қып-қызыл төбелеске айналар еді. Осындай жағдай Асан қайғы туралы аңызға да қатысты болар еді. Өйткені ол айтты делінген өлеңдер орысқа қарсы болғандықтан да біздің жастарды лениндік-сталиндік рухта тәрбиелеуге кесірін тигізеді.

Бұған не айтасыздар, кеңес жастарын осымен тәрбиелейміз бе? Бұл адалдыққа жатпайды, ұят, мұндай хандық-феодалдық поэзияға көз жұмып қарау дегенміз масқаралық!

Ал енді «зар заман» ақындары туралы айтайық. Мұқанов, Кенжебаев және Исмаиылов жолдастар: «зар заман» поэзиясын орыс патшалығының отарлау саясаты тудырды дейді. Оны тудырған тек қана ол жағдай емес. «Зар заман» поэзиясы ескі феодалдық-патриархалдық қатынастың топырағында өніп, өсті. «Зар заман» ақындары артына қарады, олар еуропалық үлгідегі сауда мен ақша айналымына, қалалардың салынуына, қарасүйектердің ақсүйектермен теңесуіне, әйел теңдігіне, ағартауға қарсы болды...

Олар өздерінің шығармаларында мемлекеттіктің мінсіз үлгісі ретінде феодалдық-патриархалдық өмірді әспеттеді, қазақ хандығын дәріптеді, олар Россияның озық ойлы адамдарының жағымды ықпалын жоққа шығарды, олар Қазақстанға тек қана патшаның қанаушы аппаратымен қоса алдыңғы қатарлы орыс мәдениетінің де келетінін түсінбеді, түсінгісі де келмеді. Өкінішке орай, әдебиеттанушылар ешқандай іріктеместен, ғылыми-сыни саралау жасамастан мұны өткеннің асыл мұрасы есебінде кеңес оқырмандарына ұсынады. Феодалдық қоғамның үстем таптарының идеологиясын жырлаған осы ақындардың шығармаларын табандап қорғағандардың қандай мақсат көздейтіні мүлдем түсініксіз. Кейбір жолдастар: бұл біздің мәдени мұрамыз, бұл біздің дәстүріміздің айнасы – дейді. Қатты қателесу бұл. Мысалы, Нысамбайдың «Кенесары – Наурызбайын» оқығанда: кейбір авторлардың мұны еңбекші қазақтардың қандай ұлттық мақтанышын оятатынын, қандай ұлттық дәстүрді жырлайтынын айтып отырғанын түсінбейсің. Көзбен жүгіртіп шыққанның өзінде Нысамбай Кенесары Қасымовтың қырғыз халқына қарсы қазақ сұлтандары мен феодальдарының шапқыншылығын жырлағанын анық байқайсыз...».

Кремльдегі идеологияның көсемінің бірі, жазалаушы саясатты жасап, бағыттап, қаулы-қарарды дайындап отырған КОК(б)П-нің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасарының өзі алдағы «қара дүлей» науқанға «азық дайындау» үшін келген мәжілісте қала хатшысының бұлай сөйлемеске лажы да жоқ. Дегенмен де: «Бізге: сендер бүкіл қазақ халқының мәдени мұрасын жер бетінен ысырып тастағыларың келе ме?,– деп сұрақ қояды» – деген сауалы сол «сұр кардиналдың» өзіне қаратыла қойылған сияқты әсер қалдырады екен. Ондай тәсілдер де кезінде қолданылған. Әрине, бұл сөз саяси екпін алу үшін ғана айтылғаны анық.

Сол жиналыста Н.Н.Поспелов өзінің баяндамасында Ғабиттің жобаны алдына-ала екшеу тұсында айтылған сөзін сөзбе-сөз қайталап:

«Әуезов автор ретінде «Абай» романының екінші кітабінің бірінші тарауында Құнанбай бейнесін жан-жақты марапаттай суреттеуі оқырмандардың ренішін туғызады. Романның бірінші кітабында жағымсыз кейіпкер ретінде бейнеленген аса ірі феодал Құнанбайды Мекеге барар сапары алдында Әуезов оны Ұлжанның, Мәкіштің, тіпті Абайдың өзінің де ықыласын аударатындай қайырымды етіп көрсетпеуі тиіс еді»,– деп «төрелік» айтты.

Партияның оқшантайы әдебиеттегі жағымды, жағымсыз кейіпкерлерді саяси сахнаға шығарып, олардан идеологиялық дұшпан, яғни, тап жауын жасағысы келді. БК(б)П Орталық Комитетінің осы жылдары Украина мен Қазақстанның идеология саласына қатты шұқшия қарағаны байқалады. Оның басты себебі «Қазақстан тарихы» мен Кенесары Қасымовтың қозғалысына қатысты СССР Ғылым Академиясының деңгейінде туындап жатқан пікір таласы болатын. Әрине, партия мен оның оқшантайы араласқан жер әшкерелеусіз қалмайтыны анық. Сол жағдайды білуге келген идеологиялық барлаушы, Қазақстанды шулатып, Бекмахановтан бастап Мұхамедхановқа дейінгілерді соттатып, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, А.Жұбановтарды қуғынға ұшырату науқанының алғашқы сатысын ұйымдастырған Н.Н.Поспеловтің бұл сөзін кейін БК(б)П Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісінің орынбасары П.Поликарпов:

«Егер де бәрі де «Абай» романында суреттелгендей болса, онда қазақтар коммунизмнен баяғыда өтіп кетіпті, оларға кеңес өкіметін орнатып керегі жоқ көрінеді», –деп өзінше жаңғыртты.

Сөзінің соңын драматургиялық шығармаларға бағыттап, С.Мұқановтың: «М.Әуезов пен Ғ.Мүсіреповтің пьесалары қазақ театрының репертуарлық алтын қорына қосылды»,– деген пікірін мысқылдай сынай келіп:

«Менің ойымша жағайымсып (угодническими комплиментами) айтылған мақтауларға Әуезов жолдас та, Мүсірепов жолдас та тоғайымсымауы керек, Кеңес тақырыбына жазылған «алтын қорды» толықтыру барлық жазушылардың да, оның ішінде Әуезовтің де, Мүсіреповтің де міндеті»,– деп «әлеуметтік тапсырма» берді.

Екінші боп сөз алған Ә.Тәжібаев өзінің қателігін:

«Менің қателіктерімнің себебі туралы қысқаша тоқтала кетейін. Ақын-драматург ретінде өзімше бір жаңалық табамын деп кітаптардың арасында адасып кетіппін. Классиктер мен атақты жазушылардың шығармаларын оқыдым... Солардың әсеріне шыға алмаппын»,– деп мойындай келіп бишігін бірден Ғ.Мұстафинге үйіріп, «Шығынақты» авторымен қоса шықпыртыпты.

Ә.Тәжібаев: «Мұстафин жолдас сөзінің басында өзінің кінәсін екі сөзбен мойындағандай болды да, соңынан оның бәрін журналдар мен алқа мүшесіне үлестіріп беріп, өзі қазақ тілінде өте үрейлі пікірлер айтты. Ол: Тәжібаев әлдебір жиналыста: «Мұстафинді халық жауы»,– деп Зощенкомен теңестіріпті», – деді де маған ызақорлана тиісті. Оның ойынша, менің кінәм – қатерлі мерезбен тең екен де, өзінің кінәсі – жай ғана шаншу екен. Ол: тарихи тақырыпқа арналған символикалық туынды жазғанша, қазіргі тақырыпқа арнап жаман шығарма жазған әлдеқайда жақсы – деген «қисынсымақ» ойлап тауыпты. Мәселе, осы туралы ма еді, Мұстафин жолдас? Ол: қазіргі тақырыпты жазып келе жатқан мені емес, Тәжібаевті Зощенкомен теңестіріңдер – деп үнемі қиғылық салады. Мен оны ешқашанда Зощенкоға теңеген емеспін, қазір де теңестірмеймін. Оның скетчі туралы төралқада талданғанда орыс жолдастар оның мазмұнын сұрады. Мен оларға: Зощкенконың «Маймылдың саяхаты» сияқты – деп түсіндірдім.

Өзіңіз айтыңызшы, Мұстафин жолдас, сіздің кеңес адамдарына жала жауып, мазақ еткеніңіз өтірік пе? Қане, сіз өзіңіздің соңғы романыңызда орыстарды, партия қызметкерлерін, колхоз құрылысын қасақана мазақ етпегеніңізді дәлелдеңізші. Осыдан бес жыл бұрын кеңес адамдарын қорлаған «Қара мылтық» деген комедия жаздыңыз, оны қабылдамай тастады. Сол жылы сол күлдібадамыңызды (чепуху) «Ағаш мылтық» деген атпен қайта өткізіп, қаламақысын алдыңыз.

Ал Мұстафин жолдас болса өзін қазіргі тақырыпқа жазамын деп әспеттейді. Жолдас Мұстафин, Зощкенко кеңес тақырыбына 25 жылдан бері жазып келеді. «Сатира» дегенді желеу етіп 25 жыл бойы кеңес адамдарын қорлап келеді. Әңгіме сол туралы болып отыр ма, Мұстафин жолдас? Осы сарында енді қанша жыл жазбақсыз? Егер сіздің азаматтық арыңыз болса, егер сіз ЦК мен жұртшылықтың сынының мәнін түсінсеңіз, онда неге жасырынбақ ойнап, екіжүзділік көрсетіп, осындай жауапты жиналыста зиянды бағыт ұстанасыз? Бұл кімге керек? Мұндай саяси қуыршақпен кімді алдағыңыз келеді? Сіз сиқыршы емес, жазушысыз. «Қаламмен жазғанды қолмен өшіре алмайсың» – деген сөз бар. Бұл шындық, ал шындықты ұғыну керек!»,– деп барып демін алыпты.

Стенограмманың соңында: «О Сабите. Бракодел. Ошибок забракованных произведений. Почему молчит о себе. О Мустафине» – дегенескертпелер жазылыпты. Біз С.Мұқановпен оның өзге бір «пікіралысын» кейіндеу пайдаланатын болғандықтан да, бұл арада қалыс қалдырамыз.

Бұдан кейін сөз алған Ғ.Мүсірепов те Ғабиден құрдасын тұқырта тықсырып, бұрын байқалмаған мінез танытып, саяси айып таға сөйлеп, «әдебиеттегі тамыр-таныстықты» әшкерелей келіп:

«Тамырластығы тереңге кеткен «тамырлардың» қылығы езу тартқызарлықтай көрініске көшті. Мысалы, Әуезов жолдас мәжілісте Мұстафиннің «Шығанақ» романын асыра сілтей мақтады. Мұны Мұстафин өзінше түсініп, оның сыбағасын еселей қайтару үшін тағы да редколлегия мүшелеріне айтпастан аса ірі аға сұлтан Құнанбайды мадақтаған «Абай» романының екінші кітабін жариялап жіберді»,– деп салды.

Сонда «тамыр» болмауы үшін екі қабырғалы қаламгердің арасы араз болуы керек пе еді, әлде, «Абай» романын жарияламауға тиісті ме еді? Егер М.Әуезовтің шығармасын баспаса, онда қандай туынды журналдың бетін толтыруға тиісті еді? Содан үш жыл бұрын айтқан, бүгінге дейін маңызын жоймаған Құнанбай бейнесі туралы парасатты пікірінен бас тартқаны ма? Бұл арадағы мәселе, тарышы Шығанақ пен аға сұлтан Құнанбайда емес, екі туындының да «Қазақ батырымен» кеуделесе сталиндік сыйлыққа ұсынылуында жатқан жоқ па екен? Сондай-ақ тура сол кезде Ғ.Мүсіреповтің партиялығын қайтару туралы мәселе көтеріліп жатқан. Ал ол дегеніңіз «бақ құсының» басына қайта қонуы болатын. Ол үшін партияның діттеген жерінен шығатын бір тақыстық жасау керектігі түсінікті еді. Сол мақсатпен «Абай» романының алдағы уақыттағы барар жолын кесетін кесірлі пікір білдірген сияқты.

Қазір шындықты айтқандай болғанымен, өз тұсында «Абай» романын, сол арқылы М.Әуезовті шырғалаңға түсірді. Осыдан бастап роман туралы пікірлер ушыға асқынып, оның беті теріс қаратылды. Бұл айтыс сегіз жылғы сергелдеңге ұласты. Әуелгі көркем жүйе мүлдем қарама-қарсы желіге арқау құрды. Н.Н.Поспеловтің төрелігінен кейін Құнанбай Мекеге алғыспен емес, Дәркембайдың қарғысымен аттанды. Орыс тіліндегі тәржімәсына кейінге дейін қосылмай келген Дәркембай – Дәрмен – Қиясбай желісі кеп бір бүйірден қосылды. Ал 26-қыркүйектегі жазушылар мен өнер қайраткерлерінің кеңесінде С.Мұқановқа Е.Исмайыловты қосақтап, біріншісін «Казправдадағы» қазақ эпосының кейіпкерлері мен Едіге туралы мақаласы үшін, екіншісіне «зар заман» ақындарын дәріптегені үшін запыран шектірді. Сәрсенов бұл жолы С.Мұқанов пен М.Әуезовтің арасындағы жікке ашық тоқталды. М.Әуезов өзінің сөзінде саясаттың ауанына ықтаңқырай қырындап:

«Кеңес әдебиетінің рухына зиянды, жаулық көзқарастағы Зощенко мен Ахматованың туындыларыy әдебиеттен аластата отырып, сонымен қоса БК(б)П ОК-нің қаулысына орай бүгінгі күнгі әдеби өмірімізді сыни көзқараспен сүзіп шығып, оның әр сөресін саралауымыз керек. Осы шешімге байланысты өзімізге де және барлық қаламдас әріптестерімізге де әділ әрі қатаң талап қойып, қатал сыннан өтуге тиіспіз. Бұл орайда біздің жазушылар ұйымына Мәскеу мен Ленинградта және туысқан республикаларда өткен қаламгерлердің жиналысы мен кешегі мәжілісте сөйлеген жолдас Н.Н.Поспеловтің баяндамасындағы сыны мен объективті талдауы үлгі бола алады. Тіпті өзгесін былай қойғанда, өзіміздің жазушылар одағында өткен президиумның кеңейтілген отырысында сөйлеген өз әріптестеріміздің бір-бірінен байқаған қателіктерін сақтандыра (тревожно) көрсетіп, әділ әрі қатаң талап қоя сөйлегенін де үлгі етуге болады. Бет-жүзіне, өзара жеке достығымызға, біздің арамыздағы болар болмас өзімшілдігімізге қарамастан бір-бірімізге ащы шындықты айттық, алайда баяндамада талқылауға қатысып отырған менің, Мұқановтың немесе Мүсіреповтің қатыспауына болмайтындай мәселелер көтеріліп отыр ма?»,– деген риторикалық сауалды қоя сөйледі.

Өзінің шығармашылығына, оның ішінде «Абай» романына он жыл бойы «басты айып болып» табылатын Н.Н.Поспеловтің қай пікірін үлгі тұтуға болар еді және үш бірдей көрнекті жазушы қатыспаса да болатын бұл қандай идеолоиялық жиналыс? Әлде сөз арасында кеткен пафос па, жоқ, стенографистканың жаңсақтығы ма? Көркем шығармадағы идеясыздықты әшкерелеген қаулыға орай ашылып отырған бұл мәжілістегі сөзінде М.Әуезов басты мәселені саясат пен идеологияға емес, көркемдік ізденіске салмақ бере сөйлегені аңғарылады. Өйткені осы бір идеология дегеннің астарында арандатушы, әшкерелеуші әрекеттің жатқанын зәрезеп болған жүрегі сезетін. Сондықтан да «өзара жеке достығына, өз араларындағы болар болмас өзімшілдікке қарамастан бір-біріне айтылған ащы шындықтың» үлгісі ретінде Әбділда Тәжібаевты қырына алды. Оның «идеологиялық қателігін» саясаттан емес, көркемдік ізденісті бойын сіңіре алмаудан іздеді.

«... Сонымен қатар драматургия, көркем проза салсын алсақ, қазақ әдебиетінің қуаң ғасырлары бізге ешқандай соқпақ, ешқандай көркемдік дәстүр қалыптастырмағанын да ұмытпауымыз керек. Сондықтан да өзгеден үйрену – біздің басты міндеміз болып табылады. Кімнен үйренеміз, қалай үйренеміз, нені үйренеміз? Үйренудің де түр-түрі бар. Көркемдікті сіңіру арқылы үйрену – жетістік, еліктеуге ұрыну – ұрыншақтық, бірақ оған да төзуге болады, ең қиыны – кеңес жазушысына тән идеялық-саяси бағытыңа зиян келтіріп, өзіңнің жасампаздық нәріңнен айырылып, өзіңнің жолыңнан адасып, өз қолтаңбаңды жоғалту.

Бұған, қалай үйренбеу керек екеніне мысал ретінде БК(б)П ОК-нің қаулысында сыналған жолдас Тәжібаевтің «Біз қазақпыз» пьесасын алуға болады. Өзінің сөзінде Тәжібаев жолдас өзінің қателігін мойындағанын айта кеткен жөн. Менің ойымша ол өзінің адасу жолындағы қателіктерінің тамырын, бастауын толық түсінген сияқты. Оның өзіне өзі сын көзбен қарауы – Мұстафин жолдастың өзін өзі мінегенсіген көлгір сынына мүлдем ұқсамайды. Бұл шешен, яғни, соңғы аталған адам (Мұстафин – Т.Ж.) Н.Н.Поспелов жолдастың баяндамасында атап өтілген жайларды сезініп отырған жоқ, өйткені оның шығармашылығында арамызалық (пошлость) пен әдеби бұзықтық (литературное хулиганство) бар... Жолдас Мұстафиннің сөзімен салыстырғанда жолдас Тәжібаев шынайы суреткер ретінде өзінің қателігін мойындай сөйледі, біздің міндетіміз – оған көмектесу».

Бұдан кейін Ибсенге Әбділданың қалай еліктегені талданады. Ал Ғ.Мұстафиннге неге соншама шүйілгені анықталмады. Зады ол – «Шығанақтағы» ашаршылық туралы көрініс болса керек. Әрі «Абай» романының екінші кітабына берілген немкетті «бірдеме» де (С.Мұқанов) өз ықпалын жасаса керек. Стенограммада ауыз екі сөзге тән қайталаулар орын алғандықтан да келесі мәтіндерді қысқаша мазмұндап береміз.

М.Әуезов: Оның қателігінің тамыры неде? Осыған дейін ол Шевченко мен Гейнеге еліктеген, ондағы қателіктері байқалмаған еді, енді Ибсенге ауысыпты. Ол Ибсеннің ерекшелігі мен табиғатын түсінбестен еліктеген. «Біз қазақпыз» дастаны сондай соқыр еліктеуден туған. Бұл пьесаның басталуы мен соңын алсаңыз Тәжібаев Ибсенмен бәсекеге түскені байқалады. Ибсен сияқты бастап, Ибсен сияқты аяқтайды. Екеуі де белгісіз адамдармен жауласады, мысалы, Ибсеннің кейіпкері бет-бейнесі белгісіз кісілермен өшіксе, Тәжібаевтің кейіпкері күнді құшақтайды.

С.И. Кругловтың қыстырмасы: Тәжібаевтің дастанын «Біз қазақпыз» деп емес, «Мен және Ибсен» деп атау керек.

М.Әуезов: Пьеса жарым-жартылай мистикамен аяқталады. Дүние тарихын нақты түсінбегендіктен де екеуі де жалған үндеуге құрылған. Ибсен өзінің ортасын шарықтата биікке шақырумен болды, сонда қайда шақырып отыр? Оны Ибсеннің өзі де білмейтін. Энгельс пен Плеханов Ибсенді мещан жазушы деп атап, оның дүлейлік рухын біздің заманымызда жеккөрінішке айналып отырған қияпатты қияли, жалған рух деп сынаған. Әсірееркіндік ағымы қылаң берген тұста Ибсен пайғамбарға айналып шыға келеді, оның беймәлім күйзелісі – түңіліс жайлаған, тәуелсіздігін жоғалтқан, өткен күннің қайтып оралуынан күдерін үзген, ертеңгі жарқын болашағы күңгірт әр елдегі әр түрлі топқа оңтайлы болып шыға келеді. Ол (Тәжібаев) кімге сөзін арнап отыр? «Біз – қазақпыз» пьесасында не айтқысы келді, бұл пьесада қандай толымды да жарқын тебіреніс бар? Оның бұл пьесадағы басты идеялық-саяси қателігі – біздің дүниетанымыздан баяғыда сызылып қалған, жат болып кеткен сиволикалық бейнелеуге ден қойып, социалистік реализмнің әдісінен алшақтап кеткендігінде. Бұл қателікті оның өзі ғана емес, кезінде оқып, бұл қателіктің өрескелдігін сезінбей, жақсы баға берген осында отырған біздің де қателігіміз. Мұндай жағымсыз мысалдар үйренуді мүлдем жоққа шығармайды, керісінше, біздің ұйымымыздың алдына үйрене білуді үйрету міндетін жүктейді.

Үйренудің қандай қажеттіліктен туатындығына, әдеби мәдениеттің қарапайым да күрделі талаптарын меңгермей салмақты көркем шығарма тумайтынына тағы бір мысал – С.Мұқанов жолдастың «Біздің заманның қаһармандары» («Өмір мектебінің» алғашқы атауы – Т.Ж.) романы. Біз бұл туындының жарияланған үзінділеріне пікір білдіруге құқылымыз, ол тұтастай шығарманы жоққа шығару емес, әрине. Мен ісспардан келгеннен кейін С.Мұқанов жолдаспен әңгімелескеннен кейін ғана жарияланғанын білдім, ал редакциялық алқа мүшесі ретінде романмен одан бұрын танысып шығуым керек болса да, маған ешқандай хабар бермеді. Әрине, С.Мұқанов жолдастың мақсаты дұрыс, алайда Орталық Комитет пен Төралқадағы талқыда айтылған пікірлер басқаша ойға қалдырады. Уақыттың аздығынан бұрынғы пікірлерімді қайталап жатпаймын. Тоқ етері мынау: шығарманы сыни көзбен талдай алатын әрбір адам бұл романның композициялық құрылымының солбыр, шығармашылық тәсілдері қарабайыр, романның идеялық-көркемдік илеуі шала қарпылған роман екені бірден аңғарады. Көркемдігі нашар (антихудожественная), тарихиққа жанаспайтын (антиисторическая), романда баяндалған кейбір бейсаяси оқиғалар мен көріністер ерікті, еріксіз өрескел саяси қателерге алып келген, сондықтан да бұл кітаптың аталған бөлімдерді жариялауға татымайды (не заслуживает). Редколлегия мүшелері алдын-ала оқымаған, олармен кеңеспеген шығарманы жариялау арқылы Мұстафин жолдас үлкен қателік жіберген, сөйтіп, ол Мұқановқа «мысық тілеу» (медвежью услугу) көрсеткен (қол шапалақтау)».

Иә, анау-мынаудың емес, Сәбит Мұқановтың сәтсіздігі үшін қуанғандардың да тілеуі – мысық тілеу демеске амал бар ма. Әрине, бұған С.Мұқановтың да жауабы дайын болатын. Өзінің айтуына қарағанда, ол бұл мәжіліске орай жасауға тиісті баяндамасына екі рет өзгеріс енгізіпті. Алайда ондағы пікірлердің барлығын алғашқы сөйлеушілер қозғап кеткендіктен де ауыз екі еркін баяндамаға көшіп, бірден Тәжібаевтің «мүйізінен» ұстап, қамшының үшін Әуезовке тигізеді. Қалған өмірлеріне ұласқан ырғасудың басы, қайта табысудың тізгінін үзген бәсекенің ұйытқысы болғандықтан да, С.Мұқановтың сөзін барынша дәл мағынада мазмұндап береміз.

С.Мұқанов: «Мен өзімнің сөзімді екі рет қайтадан жаздым. Алғашында жазушылар одағының төрағасы ретінде барлығын қамтып едім, ондағы мәселелер Н.Н.Поспелов жолдастың баяндамасында айтылып кетті. Мәжілістің алдында ғана аяқталған баяндамада не айтылғанын мен білгемін жоқ. Екінші сөзімдегі мәселелерді бүгінгі сөйлеушілер айтып кетті.

С.И. Круглов (қыстырма): Онда сіз сөйлемей-ақ, баяндамаңызды стенограмма күйінде өткізерсіз (күлкі).

С.Мұқанов: Қосып айтарым бар. Бүгін мүлдем аз айтылған, не мүлдем айтылмаған пікірлерім бар.

С.И. Круглов (қыстырма): Тек қылжақсыз айтыңыз. Сіз жазушылардың төрағасысыз. Әйтпесе, сөзіңізді комедияға айналдырмаңыз, әйтпесе, трагокомедия болып кетуі де мүмкін.

С.Мұқанов: Мен сын және өзара сынға, жазушыларға бөгет жасап келген, әдебиетіміздегі кездейсоқ емес, тамыры тереңде жатқан қателерге тоқталмақпын. Кездейсоқ емес кездейсоқ қателер мен кемшіліктерді неге аз сынайтынымызды да айтпақпын. Соның ішінде тура Тәжібаев жолдастың да кемшілігін көрсетпекшімін. Қазақта: «Өзі мисыз қатын сау басқа сақина тілейді» (Паршивоголовая баба здоровоголовому бабу называет паршивоголовой) деген мәтел бар. Алайда Тәжібаев мен туралы соншама жағымсыз пікір білдіргендіктен де, есе қайтару үшін емес, Тәжібевтің принципті қателерден тұратын көзқарастар жүйесін ашу үшін сөйлемекпін.

Тәжібаев жолдас өзін бұл арада аңқау бала сияқты тектен текке мәймөңкелеп көрсетеді. Оның 1944 жылға дейін Еуропа символистерінің ықпалында болып, Ибсеннің әсерінен шыға алмадым дегеніне кім сенеді? Сен Ленинді оқыдың емес пе, жолдас коммунист Тәжібаев, сонда сен Лениннің комсомолдардың жиналысында айтқан: әр коммунист өткеннің мұраларын маркстік көзқарастан өткізіп барып игеру керек – деген сөзі есіңнен шығып кеттіме? 37 жастағы адамға осы да түсініксіз бе? Сенің жиырма жылдық әдеби тәжірибең бар, сен кеңес мектебінде тәрбиелендің емес пе?

Ал, Сіз, қымбатты Әуезов жолдас, оны қашанғы қолдай бермекшісіз? Сіздің Тәжібаевті қолдауыңыздың теріс ықпалына алда тоқталамын. Сен ғой, Тәжібаев жолдас, Мұқанов шалдығып қалды дейсің, егер Мұқановты керең, ақсақ дегің келсе, онда дәлелде. Мәселе онда емес. Мен жазғандарымның барлығын мына жұрттың көзінше жайып салып, есептесіп көрейікші.

С.И. Круглов (қыстырма): сіз одақтың төрағасы ретінде байыппен сөйлеңіз.

Ә.Тәжібаев: Мен сіздің еңбегіңізді жоққа шығарғамын жоқ, қателігіңіз туралы айттым.

С.Мұқанов: Сенің қандай шығармаң бар өзі, соның қайсысы кеңестік өмірді бейнелейді? Қайдағы-жайдағыны жазасың (абсолютную ерунду пищешь), жиырма жыл бойы түкке тұрмайтын күлдібадам бірдемені жазып келесің, сөйтіп жүріп өңешіңді созасың. Сен оған қоса: мені қоғамның алдында қара бет қып көрсеткің келетін шығар.

Ә.Тәжібаев: Мен олай деп айта алмаймын, бірақ мен сізден нашар жазбаймын, кеңес әдебиетіне үлес қосып келемін, сізден дөрекі кетпеуді (не хулиганить) өтінемін. Мұқанов жолдасты тәртіпке шақыруды сұраймын.

С.С. Жүсіпбеков (қалалық партия комитетінің хатшысы): Сіз қатардағы жазушы емес, жазушылар одағының төрағасы ретінде Одақтың кемшілігіне тоқталыңыз, жас жазушыларды қалай тәрбиелеп жатырсыздар?

С.И. Круглов (қыстырма): Жиналғандарды сыйлау керек, тәртіпсіздік жасамаңыз, айқайдан, қолыңды сермеуден ештеңе шықпайды. «Юпитер сен ашуландың ғой, ендеше сенікі дұрыс емес» деген мәтел бар емес пе? Сынды байыпты қабылдап, сенімді дәлелмен сын айтыңыз, шатақ шығармаңыз.

С.Мұқанов: Дұрыс. Мойындаймын. Ал Тәжібаев жолдас! Мәселе кімді кім жазалайтынында емес, істің пайда беруінде. Сіз өмірден алшақ кеттіңіз. Сіз кеңес тақырыбына адам қызығып оқырлықтай шығарма жазған жоқсыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын, 1937 жылы жазушылар одағының пленумында мен сіздің интимдік лирикамен әуестеніп кеткеніңізді, мұндай индивидуализмның жақсылыққа әкелмейтінін айтқамын, бірақ сіз құлақ аспадыңыз. Осыдан бір жыл бұрын біз сіздің «Біз – қазақпыз» атты пьесаңызды сынағанда да бізді емес, сіздің пьесаңыздан ешқандай жағымсыздық таппаған өзіңіздің сыбайласыңыз Әуезовті тыңдадыңыз. Ал 1945 жыл өзінің «Литературная газетаға» берген сұхбатында: Тәжібаевтің бұл дастаны қазақ драматургиясының үлгісі деп бағалады. Тек Тәжібаевтің бұл пьесасы БК(б)П ОК-нің сынына ұшыраған соң ғана Әуезов жолдас өзінің қатесін мойындады. Міне, Әуезов жолдас Тәжібаевқа қандай қызмет көрсеткен! Оның есесіне Тәжібаев жолдас та сыйға сый көрсетті. Осыдан үш жыл бұрын біз «Абай» романының бірінші бөлімін талқыладық. Біз романның жетістіктерімен қоса жағымсыз жақтарында көрсеттік, сонда Тәжібаев және басқа жолдастар романды ауыздарынан сілекейі шашырап тұрып мақтап, әлемдік әдебиеттің үлгісі десті.

«Новый мир» журналының №6 санында Климович жолдастың мақаласы шықты. Ондағы айтылған ескертулердің көпшілігін қостаймын. Ол ескертуге сенетін болсақ, сіздің романыңыз, жолдас Әуезов, қазақ әдебиетінің тарихы сияқты әсер қалдырады екен. Климович жолдас сіздің романыңызда ең алдымен ХІХ ғасырдағы қазақ ауылындағы тап күресі қамтылмапты. Екіншіден, феодализмді, феодалдық-патриархалдық құрылымды әспеттеу бар екені атап көрсетіліпті. Үшіншіден, орыстар тек жағымсыз тип ретінде суреттелген, орыстардың жағымды бейнелері жоқ. Төртіншіден, романда орыс әдебиетінің қазақ әдебиетіне ықпалы көрсетілмеген. Бесіншіден, Абай бейнесі сентиментальді әрі аяқталмаған бейне делінген, алтыншы, Құнанбай басты кейіпкердің деңгейіне шығарылған – деп көрсетілген.

Осы айтылған жайлардың көпшілігі дұрыс. Климовичтің мақаласында көрсетілгеніндей, Әуезов жолдас өзінің романында тап күресін көзге ілмеуі, тек феодалдық құбылыстарды суреттеуі, орыс әдебиетінің қазақ әдебиетіне ықпалын да ескермеуі романның екінші бөліміндегі қарама-қарсы екі күштің қақтығысының нәтижесінда Құнанбай нағыз әулиеге айналған. Ал, Мүсірпов жолдас, Құнанбай бейнесі «құлдырауға бет алған» бейне дейді. Бұл дұрыс емес, Бұл «құлдырауға бет алған» бейне емес, бұл – феодализмді дәріптеу, бұл – феодаль адамның алдында тағзым ету!

Жолдас Әуезов! Бұл туралы біз сізге үнемі айтып келеміз, бірақта мұның барлығына жолдас Тәжібаев және басқалары біздің сынауымызға жол бермеді, бұл сіз үшін жақсылық емес. Менің ойымша сіз енді бұл қателігіңізді қайталамайтын шығарсыз деп ойлаймын, әйтпесе, жаман болады.

Мен өзімнің бір қателігімді мойындаймын. Жазушылар одағын басқару барысында үлкен қателік жіберіппін. Мен одаққа төраға болып келгенде баспадан шығаратын қазіргі тақырыпқа арналған ешқандай шығарма жоқ еді. Біз әр қайсысына барып, жазыңызшы деп жалындық, жалбарындық. Менің Әуезов жолдаспен өткен 1944 жылғы әңгімем әлі есімде. Әбішев пен Мұстафин жолдастар қатысып отырды. Біз Сізге: Сіздің қазіргі тақырыпқа арналған шығармаларыңыз неге сәтсіз? Неге сіз үнемі тарихи тақырыпты жазасыз? – деп сұрақ қойдық. Сонда Әуезов жолдас бізге: менің ескі тақырыпты жазып жүргенімде кімнің қандай жұмысы бар?, – деп барынша нығыздана жауап берді. Әуезов жолдас, өзге бір жайды есіңізге салайын. Сізді 1943 жылы Жоғары Кеңестің мәжіліс залында республика басшылары қабылдап, әңгімелескенде олар сізге: не туралы жазасыз, тағы да ескі өмірді ме, жоқ, жаңа заманды ма? – деп сұрақ қойғанда, сіз, Әуезов жолдас, ұзақ уақыт бойы кеңес өкіметіне оппозицияда жүрген сіз, өзіңіздің қателігіңізді мойындаудың орынына: «Абай романының ІІ және ІІІ бөлімін жазамын, содан кейін «Алашорда» туралы роман жазамын», – деп жауап бергеніңіз есіңізде шығар. Ол (Алашорда) туралы біз жазамыз, Әуезов жолдас, ал сіз социалистік құрылысты жазыңыз.

Соған қарамастан сізді орденмен марапаттады, академик атағын берді, қызметіңіз үшін өте жақсы жалақы төлейді, бірақта сіз бүгінгі күнге шүйіріліп қарауды жалғастырып келесіз. Ауыз толтырып атарлықтай кеңестік тақырыпқа арналған бір туындыңызды айтыңызшы, түк те жоқ, бәрі де күлдібадам (барахло).

Егерде, Тәжібаев жолдас, сіздің күлдібадам (брак) туралы айтқыңыз келіп бара жатса, онда Әуезов жолдастың күлдібадамдары туралы неге айтпайсыз, тек Мұқановты ғана қаралағыңыз келе ме. Мұқановты кемшілігі үшін қаттырақ соғыңдар, ол сынды көтере біледі, алайда «Мұқанов шалдығып қалды» (выдохся) деп босқа даурықпаңдар. Журналда басылған менің «Өсу жолдарымыз» («Восхождения) атты романымның тарауларына қаратыла байланысты орынды айтылған сынға қарамастан ол көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Оған куәні осы залдан да таба аламын. Сол тараулардың аудармасы бір ай бойы радиодан оқылып келеді, тыңдаушылар да жақсы қабылдады. Романды әлі жазу үстіндемін. Ол – трилогия болмақ, 25 жылдың ішінде өзім көрген кеңестік шындықтың есебі болмақ. Айтылған ескертпелердің ішіндегі өзім дұрыс деп санаған тұстарға өзгеріс енгіземін. Жақсы роман беруге тырысамын».

Сөздің ыңғайына қарағанда М.Әуезов пен С.Мұқановтың ара жігінің барынша кең ашылғаны осы тұс болса керек. Қысылған тұста С.Мұқанов өзінің істеген жақсылығын, яғни, одан «сотталған» деген айыпты алып тастауға көмектескенін, ретін тауып М.Әуезовтің бетіне басып алды. Аса мәртебелі БК(б)П Орталық Комитетінің жауапты қызметкері Н.Н.Поспелов жолдас екі күнге созылған мәжілістің қорытынды сөзінде М.Әуезовті тілге тиек ете сөйлеп:

«Әуезов жолдас бүгінгі өзінің мағыналы сөзінде өзінің шығармашылық жұмысы туралы ештеңе айтпағаны өкінішті.

М.Әуезов: Үлгермедім.

Н.Н.Поспелов: Өкінішті, Әуезов жолдас. Сіздің еңбектеріңізді біз бағалап келеміз, алдағы уақытта да бағалайтын боламыз. Сіздің еңбектеріңіз сондай салмақты, сонымен қатар өкінішті жері де бар. Мен сіздің шығармаңызды орыс тілінде оқыдым, Мәскеудегі біраз адамдармен де кеңестім, олардың көпшілігіне жақсы әсер қалдырыпты. Өкініштісі, сіздің кейіпкерлеріңіз өзіне қарама-қайшы әсер қалдырады екен. Жұмысыңызды одан әрі жалғастырыңыз, жаңа көзқараспен қараңыз, мүмкін кейбір жерлерін қайта қарарсыз... Әуезовтің сөзіне келетін болсақ, оған үлкен талабымыз бар. Әуезов жолдастың қазіргі әдеби тақырыпқа қалам тартпауын қостауға болмайды. Сіз үлгі көрсетпегенде кім көрсетеді?

М.Әуезов: Бүгінгі тақырыпқа 10 пьеса жаздым.

Н.Н.Поспелов: Одан әрі жалғастыра беріңіз. Алайда бүгінгі күнге арналған ауқымды романыз жоқ, ал қазақ, орыс еңбекшілері сізден қазіргі тақыпта үлкен роман күтеді. Сіз өзіңіздің уақытыңызды қазіргі заманға арналған роман жазатындай етіп реттеуіңізге тура келеді. Орыстарды да, қазақтарды да қызықтыратындай тақырыпты таңдағаныңыз дұрыс. Кеңес адамдарын ынтықтырып, жас толқынды тәрбиелейтіндей тақырып болсын»,– деп нұсқау берді.

Сырттай қарағанда «мәдениетті, жылы ықыласты тілек» ретінде көрінгенімен, мәскеулік «оқшантайдың» қорабынан шыққан идеологтың бұл «тілегі» соттың үкімінен кем болмады. Әр жиналыста айтылатын «тұрақты тапсырмаға» айналды. Бұл сөздің жазушыны мезі еткені сондай, өмірінің соңында басты кейіпкері етіп орыс, обком хатшысы Карповты алған «Өскен өркен» романын жазуға отырғанымен, аяқталмай қалды.

Мұрағаттардағы деректер мен кейін жарияланған естеліктерден аңғарылғанындай, бұл тұста әдеби ортаның негізгі үш топқа бөлінгені анық аңғарылады. С.Мұқановқа қарсы М.Әуезов бастаған, Ә.Тәжібаев қостаған топтан оңаша Ғ.Мүсіреповтің, Ғ.Мұстафиннің дербес жақтаушылары даралана бастапты. Соңғы екі топ кімді қолдаса, соның жығасы жығылмай, тік күйінде қалатындығы байқалады. Бұл үрдіс өте қауіпті, екі жүзді қанжар сияқты саяси қаруға айналып бара жатты. Мұны қырағы көздер тез аңғарды. «Социалистік Қазақстан» газетінде үшеуін де түйреп өткен «Мен... Мен... Мен!» деген кекесінді сын жарияланды. Соның ішінде Мұхтарға да ащырақ тұздық бұйырды. Сөйтіп, ел сенген үш тұлға да саясаттың қолындағы ойыншыққа айналды. Барған сайын М.Әуезовтің «саяси қателері» қоюланып, жеке пікірлер қорытындыға, ал қорытындылар саяси айыпқа ұласты.

1947 жылы 21 қаңтар күні «Қаз ССР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының қызметіндегі өрескел саяси қателер туралы» №39 қаулы шықты. Соған орай Ж.Шаяхметов өзінің сөзінде:

«Ә.Мәметованың «Қазақ билерінің шешендік өнері» атты диссертациялық еңбегінде және «Қазақ әдебиетінің тарихының» (М.Әуезовтің жалпылай жетекшілігімен) бірінші томының қолжазбасында тарихтағы аса белгілі, халық бұқарасын тұншықтырушы Кеңгірбай, Қараменді, Шорман және сол сияқты ірі феодал-байлар мен билер халық данасы және халықтың қорғанышы ретінде марапатталады. Қазіргі аса ірі қазақ жазушыларының бірі, буржуазиялық-ұлтшыл идеяның жаршысы – М.Әуезовтің өткендегі кеңеске қарсы жүргізген әдеби қайраткерлігі принципті түрде нақты талқыланбады»,– деп біраз «салмақты айып» таққан болатын.

Осыған байланысты Тіл және әдебиет институтында «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы талқыға түсіп, томның бас редакторы М.Әуезов қаулыға орай түзетілген тараулар жөнінде баяндама жасады. Ол «БК(б)П Орталық Комитетінің «Звезда» және «Ленинград» журналдарындағы идеясыздық пен өрескел саяси қателер туралы» қаулысына сәйкес және соған орай Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті ашып көрсеткен институттың тарапынан жіберілген «қателіктерге» байланысты:

«Біз «Қазақ әдебиеті тарихындағы» барлық тарауларды түбірімен қайта қарадық және соған орай тиісті толықтырулар мен өзгертулер енгіздік, кейбір тараулар, мысалы «Айтыс», «Шешендік өнер» (Мәметова жазған) тараулар қайтадан жазылды. Бұл жұмыста қайта қарау барысында жұмыс барысында кеткен жекелеген өрескел кемшіліктерді атап көрсеткен рецензенттердің ескертуі үлкен көмек көрсетті. Рецензенттердің ресми ескертулерін назарға ала отырып, жекелеген әдебиетші-мамандардың да пікірлеріне құлақ астық. Біздің еңбегімізге көрсеткен рецензенттерге алғысымызды айта отырып, әлі де талас тудыратын, шешімін таппаған бірқатар принципті мәселелердің бар екенін, соның ішінде, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» батырлық эпосы жөніндегі рецензент Дүйсембаев жолдастың қорытындыларымен менің өз басым келіспейтіндігімді білдіремін. Рецензент (томдықтың – Т.Ж.) стильдік тұрғыдан жеткілікті деңгейде өңделмегендігін атап өтті. Әр (тарауды әр) түрлі авторлар жазғандықтан да стильдік тұтастықтың болуы мүмкін еместігін атап өткім келеді»,–деген пікір білдірді.

Әрине, бұл амалсыздың әрекеті. Қызы – Мәншүк Ахметқызы Мәметова: әке-шешесінің «халық жауы» емес екендігін дәлелдеу үшін майданға сұранып, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тауып, Кеңес одағының батыры атағын алса да оның шешесі, қазақтың ғұлама тектісі Әминә Мәметованың аты идеология жөніндегі кеңестік қаулылардың барлығында да баса көрсетіліп отырды. Осы кеңесте бөлім меңгерушісі Қ.Жұмалиев те қазақ кеңес әдебиетінің тарихы туралы хабарлама жасады. Ол хабарлама емес, томдықты, сонымен қатар М.Әуезовтің ұлтшылдық, иедеясыздық шығармаларын айыптауға ұласып кетті. Бұл оның «Абай поэзиясының тілі» атты диссертациялық еңбегін баспаға ұсыну барысындағы сын-ескертпелердің айтылуына жетеледі. Міне, осыдан бастап М.Әуезов пен Қ.Жұмалиевтің арасы ушыға берді.

Сол мәжілісте М.Әуезовтің көңілін қатты тіксіндірген жай – Бірінші хатшының пікірін қостап, «ұлтшылдықтың тамырына балта шапқан» Ғ.Мүсіреповтің:

«Алайда, Жазушылар одағы тарапынан ұлтшылдықпен күресу барысында кеткен өрескел қателер мен үлкен кемшіліктерді Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің соңғы шешімі орынды көрсетіп отыр. Егерде, біз өзімізге өзіміз сын көзімен есеп берсек, өкінішке орай, біз ұлтшылдықпен күресе отырып, сол ұлтшылдықтың жандануына жағдай жасаппыз... Қазақстан Жазушылар одағы бір уақытта ұлтшылдықпен күресе отырып, оның жандануына жағдай жасауы кездейсоқтық па?  Жоқ, бұл кездейсоқтық емес. ... Екіншіден, бұл пайда болып келе жатқан топшылдықтың отын қоздырудың жасырын амалы, егерде топшылдық жоқ болса, оны қолдан жасайды! ... Әуезов жолдастың соңғы жылдардағы ұлтшылдық сарындағы қателері, сөз жоқ, оның өткендегі идеялық тұрақсыздығымен, адасуларымен тығыз байланысты. Басқа ешкім емес, Әуезов жолдастың өзі әдебиетшілеріміз бен ғалымдарымыздың ішінде ең бірінші рет халықтың зұлым жауы Кенесарыны жер-көкке сыйғызбай дәріптеп, аспанға көтерді»,– деген зілі ауыр айыптаулары болатын.

Мұндай қыздырмадан қалыс қалу, еруліге қарулы көрсетпеу өзіңнің «жаулығыңды мойындаумен» пара-пар. Сондықтан да «жанр заңына байланысты» М.Әуезов те мінбеге көтерілді. Ол енді жоғарыдағы ұлтшыл-идеясыз жазушылардың қатарына Ғ.Мүсіреповтің өзін де «қыстырып» жіберді.

М.Әуезов: «Идеология майданын, әсіресе, әдебиетімізді зиянды әрекеттерден тазарту туралы мәселе қазір барынша батыл қойылып отыр. Буржуазияшыл ұлтшылдық тарихи прогресске, халқымыздың өткендегі тарихына қарама-қарсы. Біздің халқымыздың өзінің өткен замандағы тарихында Шоқан, Абай, Ыбырай сияқты ұлдары болғанын мақтан етеді. Халқымыздың бақытына қарай олар ұлтшылдық адасудан аулақ болды, өз халқының келешегін орыс мәдениетінен, орыс халқымен достасудан көрді. Ал панисламистер мен пантүркистерден бастап алашордашыларға дейінгі ұлтшылдар тарихи прогресске улы зардабын тигізумен болды. Қазіргі совет жағдайындағы ұлтшылдар да сол жат идеяны бүркемелеп өткізуге тырысып бақты. Ұлтшылдықтың бір түрі өткен заманда болған кейбір тарихи адамдарды халық қамын жеген патриот етіп көрсетуде. Сондықтан, біз тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларды қайта қарап, оларды бүгінгі күннің тұрғысынан әділ бағалауымыз керек. Бұл ретте драматург Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасын атауға болады. Бұл пьеса орыс халқына жаны қас болған, панисламист ақын Ақан серінің өмірінен алынған. Ал Ақан сері орыс шаруаларының қазақ жеріне орналасуына, қазақ кедейлерінің олармен араласуына барынша қарсы болған, кейде патшадан үміт күтіп, түңілгенде Бұқараға, Түркияға көшуді аңсаған, халықты соған үгіттеген адам. Ақан сері өзінің творчествосында, поэзиясында, музыкада жекелік сарында, эстетизм бағытында болды, халықтан, халық өмірінен аулақтанды. Біз бұл қателердің бетін тереңірек ашып, мұндай адамдардың творчествосын, өмірін таптық тұрғыдан қарап бағалауымыз қажет»,– деп Ғ.Мүсіреповтің орнына Ақан серіні жазғыруға дейін барды.

Әрине бұл ақыл-ойдың шешімі емес, амалсыздықтың, «суға кеткен тал қармайдының» жанталасы. Сәбит пен Ғабит қатар шығып, екеуінің өзін ортаға тықсырғанына көрсеткен азуы, батырған тісі еді. Қарама-қарсы пікірде сөйлеген пікірлердің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Әсіресе, стенограммалардағы сөздердің тұздығы ащы, қыжырынуы басым. Тіпті бет жыртысуға барған жағдайлар да кездеседі. Оның барлығын тізіп шығу біздің міндетімізге де жатпайды. Ресми сипат алған пікірлерге ғана тоқталдық. 

Мұның түбі жақсылыққа әкелмейтінін зиялылардың бәрі де жақсы білді, біле тұрып, өзіне бөлінген саяси сахнадағы ролін ерікті-еріксіз ойнауға мәжбүр болды. Мысалы, осы сөзінде Ғ.Мүсірепов өзінің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасындағы қателіктерді тізіп шығып, оны түзетуге уәде берді. Сол қателіктерді Ғ.Мүсірепов шынымен қате деп мойындады ма, түзетілді ме?!. М.Әуезов те уәде берді және өзгертті. Ал одан шығарма ұтты ма, ұтылды ма? Көтібардың – Басыбар, Жиреншені – Қалша деуден шығарманың мазмұны, идеясы өзгерді ме? Сәбит Мұқанов өзінің шығармаларын қайта парақтаған да жоқ. Демек, бұл майдан – көркем әдебиет үшін ашылған майдан емес, топшылдықты қоздыра отырып жоқ ұлтшылдықты «әшкерелеу», сөйтіп, тұлғаларды үрей құрсауында ұстау науқанына айналды. Мұны М.Әуезов қана тап басып ашық айта алды:

М.Әуезов: «Сәбиттің бойында қалыптасқан қате түсінікті айта кетуім керек. ... Егерде әдеби шығармада қате кетсе, оның әдеби қате екенін ... түсінбей, мұны автор қасақана істеп отыр деп айып тағады. ... Қазақ әдебиетінің төселген шебері нақты мәселеден бастамай, дөрекі сөйлеп, автор бұл зиянды мәселені саналы түрде қайта көтеріп отыр – дегісі келеді. Орыстарда: «Дауысың қалай шықса, жаңғырық та солай шығады» («Как аукнется, так и отклекнется») – деген мәтел бар, ендеше ол маған қандай саяси айып тақса, мен де оған тура сондай жауап беремін»,– деген (Сонда, №68 іс, 86-бет) мағынада жауап берді.

... және Сәбиттің жанына батыра сөйледі. Өкінішке орай, олар «жайланып отырып» сөйлесе алмаған сияқты. Ғабит Мүсірепов те ара ағайын бола алмады. Қайта ол түйіншік шиеленісе берді. Әуезов пен Мүсіреповтің оңаша үйде өткен әйгілі талқыласуы тура осы күндері өтті.

Әлжаппар Әбішев: «Ол 47-жылдың көктемі еді. Бұл кез Мұхаңның Ғабеңе катты өкпелеп жүрген кезі болатын. Күндердің бір күнінде Мұхаң телефон соқты. Ол кісінің бір әдеті біреумен өкпелесе қалса оның фамилиясын айтатын-ды. Амандық сұрасудан кейін, сол әдеті бойынша: «Ана Мүсіреповтің менімен кінәласқысы келеді екен, мен оған сенің алдыңда ғана кінәласамын дедім. Сені қалаған себебім...», деді де, менің астыма бүкіл қазаққа жететіндей бір қалың көпшікті қойып жіберді... Қойшы, Ғабең де телефон соқты... Мен Мұхаңа телефон соғып, қашан, қайда кездесетінімізді сұрап едім: «Ертең кешкі сағат сегізде маған келіңдер деді», деді. Біздер айтылған кезде бардық. Барсақ Мұхаң кабинетінде жазу столының басында отыр екен. Ғабең оның қарсысындағы креслоға отырды да, мен екеуінің жүзін бірдей көріп отыру үшін бүйірде тұрған диванға барып жайғастым. Жазу столының үстіндегі шам жанбай тұр екен. Ғабең соны жөндемек болып түпкі тетігін айналдыра бастап еді, Мұхаң: «Қолыңнан келмеске әуре болып қайтесің, онанда сөзіңді баста», деді.

Бұл екеуінің өкпелесуіне себеп болған жай: Ғабеңнің сол жылдың бас кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші секретары Жұмабай Шаяхметов баяндама жасаған қалалық бір үлкен жиналыста Мұхаң туралы сөйлеген қатаң сөзі болатын. Бұл екі алыптың дәл осы тұста кездесулерінен мен екі асқар таудың соқтығысын көретіндей сескенген едім, көргенім күткенімдей болып шықты. Оның мынадай екі түрлі себебі бар.

Біріншісі: өзі кінәласуға барып отырған Ғабең сол жиналыстағы қатал позициясынан қайтпауға бекініп Мұхаңның тағдыры үшін оның өзімен айтысуға барыпты. Бүгінгілер үшін қайталап айтайын, ол Мұхаңның тағдыры үшін оның өзімен айтысуға барыпты. Оның ойынша: Мұхаң сақтанбаса, өзгелеріміз сақтандырмасақ, одан айырыламыз. Одан айырылу – Абайдан да айырылу. Егер қазіргі бетінен қайтпаса, халықты осындай апатқа ұшыратушы – Мұхаңның өзі болуы мүмкін. Ғабең сөзді осылай бастады. Екіншісі...»

Екінші себептің де Мұхтардың жеке мінезіне қатысты өзіндік алғышарты бар еді. Қазақ тарихы, қазақ эпосы, қазақ драматургиясы, оның ішінде, Кенесары, «Хан кене», «Қара қыпшақ Қобыланды» пьесалары жаппай сынға алынды. Тіпті тілшілер де араласып, Маррдың тіл ғылымындағы «ой ағымына» қарсы науқанның қызған кезінде М.Балақаев сияқты ғалымдар «Абай» романындағы сөйлем құрылымдарының қазақ тілінің заңдылығына қарсы құрылғаны туралы мақала да жазды. Оған М.Әуезов әр жазушының стилі болады, менің ойым ауыр, бар көркемдік салмақ лирикалық ырғақ пен ой екпініне құрылады, сондықтан да бұл жазушының кемшілігі емес, ерекшелігі – деген мағынада жауап берді. «Асыл нәсілдер» пьесасын Ш.Аймановқа одақтың төралқасының отырысында оқыттырып алып, С.Мұқанов, Ә.Әбішев, М.Иманжанов талқыға салып, репертуарға қабылдамай тастады (Сонда, №392 іс).

Ә.Әбішев (сонда): «Ол кісі соғыстан кейінгі жылдардың бірінде «Асыл нәсілдер» дейтін әлсіздеу пьеса жазып еді де, оны театр дайындап жатқан кезде сапарда жүрген Мұхаңның келуіне қаратпастан тоқтаттырған едім. Ол үшін Мұқаң маған өкпелеген-ді. Есіме сол түсе кетті де «Асыл нәсілдің» кезінде де біздер осы кездегіміздей жақсы едік қой. Егер мен қателескен болсам, қазір: ақ дегеніңіз – алғыс, қара дегеніңіз – қарғыс, неге қойғызбайсыз?»,– дедім. Осымен менің жауабым да біткен-ді».

Мұның барлығы М.Әуезовтің жүрегін тілгілеп жатса да, «саяси айыптан» аман болған соң, салыстырмалы түрде қалыпты қабылдады деп айтуға болады. Оның үстіне «Асыл нәсілдер» оның шығармашылық өмірбаянындағы заман тақырыбына жауап беру ниетінде туған өтпелі ғана дүние екенін қаламгердің өзі де, өзгелер де білді.

Ә.Әбішев (жалғасы): «Екіншісі, Мұхаңның өмірінің соңғы кезінде де өз бойынан өзі тапқан, бірақ түгел жоя алмай кеткен бір қыңырлығы... Егер авторымен жақсы болса, оның жаманы да жақсы. Ал өзімен араз болса, оның жақсысы жаман болатын.

Ғабең жаңағыдай қатал ойымен бекініп барса, Мұхаңның оған қарсы әзірлеген жауабы да осал емес екен. Ол көргісі келмеген кезінде аспандағы күнді де көрмей кететін қыңырлығын қырлап алып, Ғабеңнің бойынан ешқандай жақсылық көрмеске, оның ақ дегенін – қара, қара дегенін – ақ деуге әбден бекініп алыпты. Ғабең өзінің жиналыстағы сөзіне талдау жасап, қырық минуттай сөйлеп еді, кезек алған Мұхаң онан екі есе асырып жіберді. Таулардың нағыз қақтығысы екінші сөзден басталды. Бір ғажабы, екеуі бірін-бірі қимастан, аямастан қинап отыр... Тіпті сөз таластырғысы келген шақтарында үн қатпастан тек ауыр ыңыранып, тына қалады. Қанша қатты сөз естісе де сөз киліктіру жоқ. Ашынған кездерінде мүлдем аспандап кетеді екен. Бір минут толастамастан төрт жарым сағат бойы сайысқанда екеуінің түйілген қабағы бір ашылған жоқ...

– Мен борышымды өтедім,– деу болды Ғабеңнің ең соңғы сөзі. Ол соны айтты да орынынан түрегелді. Мұхаң сазарып үн қатқан жоқ.

– Шалдар-ай, шаршаттыңдар-ау,– деп мен де түрегелдім. Шынында да мен қатты шаршадым. Өмірімде Мұхаңның үйінен күрсініп шыққаным сол күнгі түн болды. Мұхаңның бұл қыңырлығы кейін «Абайдың» екінші кітабына салқынын тигізе жаздады. Өйткені бұл екеуінің араздығын пайдаланатындар арамыздан біраз табылатын» (Айтпай кетті демесін арттағылар. А., 2007, 237-238 беттер).

Осы мерзімде Ғ.Мүсірепов «Абай» романының екінші кітабі туралы пікірін М.Әуезовке хат арқылы жолдапты. Хаттың мәтінінен ешқандай ішкі ырғасу байқалмайды. Сондықтан да бұл жоғарыдағы ырғасудан, іштегі «дерттері» айыққаннан кейін жазылды ма екен деп болжауға болады. Сөз арасындағы «өзім келіп ... біліп қайтармын» деген еркіндік соған сендіреді. Сондықтан да ешқандай түсініктемесіз ұсынуды жөн көрдік.

«Мұхтар!

«Абайдың» екінші бөлімін уәде еткен күндерде-ақ оқып шығып, ойымды түйіп едім. Дәл сол кезде тынышыңды алмайын деп, жібермедім. Енді отыра береміз бе, іс керек қой, жіберіп отырмын, оқып шық та ойлана бер. Бір оқып шыққан кісі мен жазып шыққан кісінің өз сезінуі қабыса қоймайтыны белгілі де, заңды ғой. Өзім келіп нені теріс, нені дұрыс көрдің, біліп қайтармын.

Дәл қазір келгелі жатыр еді, бірге кітап жазатын Қайнекей, Қалижандар сүйреп әкетті.

Ғабит. 25/ІІІ

Мұхтар!

«Абайдың» ІІ-кітабы туралы мен әзірше мынадай қорытындыға келдім: Абайдың қоғамдық көзқарастары кеңейіп, тереңдеу көрсетіліпті. Романның бұл бөлімі жаңа тыңды көтереді екен. Ал ел тұрмысы мен ел қарым-қатынастарын көрсетуде І-бөлімнің ізімен келе жатқандай. Жаңадан қосылған қоғамдық, елдік өзгешеліктері аздау сияқты. Тұтас алғанда романның бұл бөлімі де көркем, мағыналы, ойлы.

Романның бұл жақтарын қазір айтып жатудың керегі болмас деп, оқушының байқаған кем-кетіктеріне келсек, мыналарды айтқым келеді:

І.Романның ең басында Құнанбайдың қошаметі әлі басымдау екен. Зорлықшыл, озбыр, айналасын түгел жайпаған Құнанбайдың бар қылығы ешбір өтеусіз, бір жола кешілетіндей. Ол (Мекеге) аттанарда жиналған үлкен топтың Құнанбай аруағына қошамет көрсетуден басқа, түк мінеу-сынау, кекесін дегендері жоқ.

Бұл Құнанбай аруағын көтеріп тұр.

Бұл жөніндегі екі ұсынысым бар:

1) Әкелік-балалық жөнімен әкесінің аттануына кірбіңсіз араласып жүрсе де, Абайда ішкі бір наразылықтың, күле қараудың салқыны да болса деймін. Құнанбайдың қажыға аттануын Абай үлкен жанның өзін-өзі тоқтатуы деп сыйламай – заманы өткендіктен құлауы, тұғырдан түсуі деп күле қарағандай. Сонымен бірге жаңа заманның жаңа тілегі барлығын, оған орай өз міндетін де аша отырса деймін. Ең болмағанда автордың өз аузынан Құнанбайды қыжырата отыратын кезі жеткен сияқты. ... Ұлжан, Мәкіштер оқушының құрметтей, күтіп отыратын күнәсіз жандары ғой. Солар арқылы Құнанбайға бүйрек бұрғызбау керек.

2.Құнанбай аттанарда ту бар қалың топ қошаметші болса, оған орай қалың бұқарадан әртүрлі сын-сықақ ете сұраулар болып, шырықты бұзу керек. (Мысалы, Дәркембай, Көгедай, Қияспай бастаған тобырдың Құнанбайда кеткен есесі көп, соны араға әкеп бір салса артық болмас еді).

Әйтпесе, Құнанбай істеген қылықтың қайсысына болса да жұрт қошамет жасай беретін, мүлгіп, мойын ұсынатын, түгел қостайтындай көрінеді. Құнанбай өзіне де ендігі әрі жанға тисетін сөз бермеу керек (5-22-160 б.б.).

3.Құнанбайды өз аузыңнан суреттегенде де енді сараңдық көрсететін, міней сөйлейтін шақ дер едім. Сондықтан Құнанбай қатысатын жерлерді түгел бір сүзіп өткенің жөн дер едім. Мұның керектігін айтып жатудың керегі жоқ.

ІІ. «Әнде» бөлімінен бір ыңғайсыз қорытынды шыққалы тұр ма деп қалдым. Ол: Біржанның бар әні екі ай бойы қасында жүргендердің бәріне бір-ақ сілтеу берген: қызға-жігітке ұмтыл, жігітке – қызға ұмтыл деген. Балбаланы құшақтап –  Базарәлі, Керімбаланы құшақтап – Оралбай, Үмітейді құшақтап – Әмір кетеді. Қолына қыз түспеген Әкімқожа да бір қызды іздеп шауып кетеді. Сонымен Біржан әнінің осы бір нәтижесін мақұл көрмедім.

Екінші Біржан әндеріне өзің де тек қана лирикалық жақтан баға беріп, оқушыны осыған ұйытады екенсің. Бұл Біржанды да, Абайды да кішкене бір саладан шығармай тастайды ғой деймін. Әр түрлі асыл сөзбен бағаланғанда да, қорытынды жалғыз осыған соға беріп тұрған сияқты.

ІІІ. Үмітей мен Әмірдің арасындағы романға мен ұнатпай қараумен қалдым. Бұл «Қаракөз» бен «Хан Кене» де бірінде басым, бірінде жұқалау келетін бір жай ғой. Аға мен қарындас арасының ғашықтығы ақынның құлай жақтайтын, дастан ететін жайы емес қой деймін. Бұл күйінде мен Құнанбай жағындамын... Не бұлардың арасы ашыла түссін де, не алып тастау керек. Әсіресе «Қаракөздегі» желімен келетіндігі көп әңгімеге мұрындық болады. Алып тастау керек дегенге дейін баруым, оның алдында осыған ұқсас өрістейтін Керімбала мен Оралбай оқиғасы бар.

VІ. Бұқара тобының жай-күйіне Абайдың бел шеше кірісетіні тереңдеп, ұлғая бастаған. Бірақ бір-екі нәрсе түзетуді керек ететін сияқты.

1) «Тентек ояз» келгенде Абайға еріп баратын бір топ тобырдың қимылы билердің дүре жегенінен басталмай, өз тілектерінен тұрғаны дұрыс. Мүмкін Абайдың өз күткенінен әрірек шығып, Абайды да таңдандырар, ой салар. Бұл күйінде билердің тасы мен тентек ояздың тентек мінезіне орай ғана бір қимыл болып қалып тұр.

Екінші, Абай дүрені дәл сәтінде пайдаланса да, ішкі көздегені ол емес болу керек. Абақтыда жатқандар бұқараның жанашырлары болса, дүре жеп жатқан би емес, Базарәлі болғаны дұрыс дер едім. Абайдың жаны ышқынатын себебі де сондықтан болса.

2) Базарәлі, Балағазы тобы бұқара тілегінің жоқшысы болатын тілегі бар еді. Қазір ол жағын жауып қойыпсың. Базарәлі баяғы былығымен жүреді, босқа айдалып кетеді. Оралбай ұры, жолбасар болып кетеді. Дәркембай өсе алмайды. Сонда Абай маңына жиналып, қоғамдық күреске қатынасар бұқара жағы тіпті жалаңашталып қалған. Мен тым болмаса Базарәлінің басын арашалап, айдауға кеткенде бұқара тілегімен кеткенін дұрыс дер едім.

V.Абайдың болыс сайлауына, ел дауларына қатынаса беруі әр кезде алға сүйрер бір тілек көзімен екендігі айқындала түспесе, бұл күйінде кейбіреуі орынсыз сияқты. Мысалы, Салиқаның дауында төбе би болуы, қалың малды бес есе етіп қайтартып бергізуі, Абай бойын өсіретін елеулі іс емес қой. Абай әйелдің мал орнына сатылатынына қынжылса, Салиқаға төніп келе жатқан зорлыққа қарсы болса, ол түсінікті. Бірақ таза би болып шығуы орынсыз. Оны Асылбекке-ақ беріп, қыз басына бостандық әперіп, мал дауына құлақ салмай-ақ кете берсін дер едім.

VІ.Көп қыздың әңгімесі қоса өрілгендіктен роман еріксіз бір сұрауды тағы туғызады.

1.Салтанаттың бостандығына Абай түк айтпайды. Ең болмаса қынжылмайды да. Ер қыздың тағдыры Абайды ойландырған да жоқ. Жәрдемсіз қала берді.

2.Керімбала да босата алмайды.

3.Үмітей де солай.

Осылардан туатын бір сұрау – осыларды көзімен көріп отырып, түк істей алмаған, түк істемеген Абайдың алға сүйрер ойы қайда, істегені не?

VІІ. Абай кім екендігі жайында әлі ойланған жоқ екен. Ақындығы анда-санда бір жарқ етіп қалып отырғаны рас. Бірақ, Абай өзін өз заманының ілгері тілегі үшін күресуді парыз санаған адам екендігін айқын көрсетуі керек. Ақындығы сол тілегіне керекті көп құралдың бірі сияқты. Енді тізгін, шылбырын жинап ап, қомданған адам болуы дұрыс дер едім.

Соларды алып тастап, не түзету керек деймін.

1)Ғабитқанның қызының бетіне айғыр шапқан биедей дегенін алып тастау керек. Орысшада бұл тым өрескел шығады (19 б.).

2)Абайдың Бекей, Шекей аулында «Топайкөкті» естігенде естен танып қалар халді аз ғана жеңілдеткен дұрыс болар. Идеялизм жабысып жүрер, әсіресе, оған аян береді (34-36 б.).

Қосылғанда осындай бірдемеге мұрындық болғалы тұр.

3.Әйгерімнің Тоғжанға сырттай ұқсауына қосылмас едім. Ол Абайдың көңілінде ғана ұқсап шығып, шын көрінісі басқа адам болса, қызық болмай ма?

4.40-бетте азадаған асыра сілтеу бар (4 абзац).

5.57-58 беттерде Жиреншенің сақтығын, жақсы қасиеттерін қысқартқан дұрыс болар.

6.59-бетте Ұлжанның көп қатын алуға қарсылығы Абайды еріксіз мойындатар, еріксіз ойына қонар сөз ғой. Ұлжанға мұндай сөз берілсе, Абайды мойындату үшін берілуі керек емес пе? Бұдан кейінгі сезім сөздері Ұлжанның айтқанын баса алмай, Абайды ақтай алмай тұр. Меніңше Абай бұл сөздерді істерін істеп алып, естісін, дұрыс іс деп ұғынсын.

7.«Әнде» – Абай ауылдың сұлу көрнісін бәсеңдетіп, қасындағы қарашаның жай-күйінде көңіл қоя кетіңіз. Жұртты ескіге қызықтырады, ескіні дәріптейді дегендер осындайдан туады» (63-64 б.).

8.Марқабай, Құндыздың қатып қалғанын алып тастау керек. Екеуі де, кемпірімен үшеуі де сұмпайы екен, мінездері жата жабайы ғой. Мұның арты бұқара мінезін әдейі өрескел көрсетіптіге соғады.

9.Керімбаланың Оралбайға тіл үшін тістеп беруі жасанды мінез. Соншама әдемі сөзбен баса білген Керімбаланы көтермейтін іс.

10.231-бетте Салтанатқа, одан кейін Тоғжанға Абай көңілін аудармай-ақ қойыңыз. Салтанантқа бұл үлкен жәбір. Ол Тоғжанмен кездесудің бар сұлулығын жояды. Іштегі от лапылдай берсін, Абай сабыр тапсын. Ол кісінің еркектік мінездері онсыз да жеткілікті. Өзгесі кешірілседе аз болмас.

Соңғы кездегі бар жайды ескеріп, мүмкін бір ғана тұрғыдан қарап жазып отырған шығармын, менің оқушы ретіндегі  қазіргі ойларым осы, Жолдас!

Ғабит

17. ІІІ. 47»

Хаттағы айтылғандардың барлығы да жанашыр сөздер. Құнанбай Мекеге аттанар тұста Дәркембай мен Қиясбайдың құн даулауы туралы ұсынысы қабыл алынып, кейін өзгеріс енгізді. Ал: «Соңғы кездегі бар жайды ескеріп» деген емеурінін: бірінші екеуара әңгімені мекзеп отыр, екінші, Құнанбай бейнесі мен «федализмнің салтанатын сүйсіне жазды» дегенді астарлап жеткізген деп түсінуге болады.

Бірақ бұл да 1:2- нің, 2:1-дің ойнақы ойынын тоқтата алған жоқ.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір