Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3645 0 пікір 12 Тамыз, 2013 сағат 09:14

Жолтай Жұмат. Тұтас тарих және туған әдебиет

 (ұлт туралы эссе)

 

Бұл қазақтың ежелгісі мен кешегісін еске алсақ, қандай бұралаңды жолдардан өтіп, қалай ел болғанымызды көзге елестете аламыз ба?

Ұлтымыздың арғы-бергі тарихы бізге нені нұсқап, нені мағұлым ете алмақшы?

Біз өткен-кеткенімізге, асу-белестерімізге салмақты санамен ақыл тоқтата қарап, мұқият бола алған елміз бе, осы?...

Бір сәт халқың туралы ойға беріліп, арлы-берлі жүріп өткен тайғақты да тастақты жолдарына үңіле бастасаңыз-дәл осы тектес сан-сауалдар алдыңызды кес-кестейді.

Қазақ деген қабырғалы елміз! Оған ешкімнің де дауы жоқ. Санымыз бірде өсіп, бірде кеміп-әр ғасырда әрқалай сый-сыбаға еншілеп келе жатсақ та-ұлтпыз! Тарихымызға сонша салақ қарап, өзіміздің өткеніміз жайлы өзгеден (әсіресе орыстардан)  деректер алып, соған барынша малданып жүрген болсақ та-халықпыз!

«Мың өліп, мың тірілген» қазақ деген ел-ол біз боламыз!

Ендеше, төмендегі баянхатқа құлақ салыңыз!...

 

***

Тарихымызды түгендейік!

 (ұлт туралы эссе)

 

Бұл қазақтың ежелгісі мен кешегісін еске алсақ, қандай бұралаңды жолдардан өтіп, қалай ел болғанымызды көзге елестете аламыз ба?

Ұлтымыздың арғы-бергі тарихы бізге нені нұсқап, нені мағұлым ете алмақшы?

Біз өткен-кеткенімізге, асу-белестерімізге салмақты санамен ақыл тоқтата қарап, мұқият бола алған елміз бе, осы?...

Бір сәт халқың туралы ойға беріліп, арлы-берлі жүріп өткен тайғақты да тастақты жолдарына үңіле бастасаңыз-дәл осы тектес сан-сауалдар алдыңызды кес-кестейді.

Қазақ деген қабырғалы елміз! Оған ешкімнің де дауы жоқ. Санымыз бірде өсіп, бірде кеміп-әр ғасырда әрқалай сый-сыбаға еншілеп келе жатсақ та-ұлтпыз! Тарихымызға сонша салақ қарап, өзіміздің өткеніміз жайлы өзгеден (әсіресе орыстардан)  деректер алып, соған барынша малданып жүрген болсақ та-халықпыз!

«Мың өліп, мың тірілген» қазақ деген ел-ол біз боламыз!

Ендеше, төмендегі баянхатқа құлақ салыңыз!...

 

***

Тарихымызды түгендейік!

Бүгінгі әуезе етіп айтарымыз да, ұстанған бағытымыз да - осы! Оны биік мінберлерден өзекті мәселе етіп көтеріп, ортаға салып талқылап, жан-жақты сөз етуге шынттап бел байладық. Иншалла, бұған да шүкіршілік. Ал, бірақ сол тар жол, тайғақ кешулі сүрлеулі соқпақтарымызды қалай зерттеп, қалай салмақтап, қалай жүйелесек жөн болмақшы?

Халқы сайлаған Елбасы Н.Назарбаев қазақ ұлтының тарихына қатысты мәселелер жөнінде бір емес, бірнеше рет тілге тиек етіп, соңғы жылдары отандық тарихшылардың алдына нақты-нақты тапсырмалар қойғаны әмбеге аян. Еске түсіріңізші, 1995 жылы ел Президентінің тікелей тапсыруымен «Қазақстанда тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» талқыланып, бекітілген жоқ па!. Бұл ғана емес, 1998 жыл «Ұлт тарихы жылы» деген атпен аталып, шаң басқан кешегімізге барынша  көңіл бөлініп, осы салаға барша зиялы қауымның назары аударылды. «Мәдени мұра» бағдарламасында да ататарихқа арнайы бетбұрыс байқалды.

Тіпті «Қазақстан-2050» стратегиясында ел тарихы мен халқымыздың жүріп өткен аумалы-төкпелі өткеніне арнайы тоқталып, ғалымдарымызға ой салып, осы салаға қозғау туғызғаны баршамызға белгілі.

Алайда, ашығына жүгінсек, бүгінгі ғалымдарымыз бен тарихшыларымыз халқымыздың өткен-кеткенін барынша дәлдікпен жүйелеп көрсетуде ауыз толтырып айтар үлкен-үлкен қомақты істер атқарып тастай алды ма? Егер ондай шаруалар жүзеге асса, оның деңгейі қандай? Нені бітіре алдық? Қандай межеге жеттік?

Сауал көп. Ал, дәлме-дәл жауап беру барынша қиынырақ. Әрине, тарихтың сан қырлы қатпарын танып-білу қай заман, қай кезеңдерде де оңай болмаған.

Біздіңше, бүгінгі күні қазақ тарихын түбегейлі һәм жан-жақты зерттеуді мақсат-мұрат етіп, осы шаруаны қайтадан мықтап қолға алар болсақ, онда оны үш-төрт салаға бөліп қараған әбден орынды. Орынды ғана емес, аса қажет. Ең алдымен тарихи кезеңдерді бөліп-бөліп атап өтелік. Қазақтың өткен өмірі былай салаланғаны жөн болар еді:

  1. Қазақ тарихы;
  2. Қазақстан тарихы;
  3. Бүгінгі заман тарихы.

          Ал, осы үш бөліктің әрқайсысына аз-кем тоқтала сөйлесек, оның мәнін былайша түсіндіре аламыз.

«Қазақ тарихы» деген ұғым арғы тарих, орта тарих, ХІХ ғасырға дейінгі тарих болып шартты түрде бөлініп әңгімеленсе, өте оңды болмақшы.

«Қазақстан тарихы» ХХ ғасырды қамтиды. Бұл салада Кеңестік биліктің қазақтарға жасаған әртүрлі ықпалы, қиянаты, өктемдігі, т.б. жайлы тереңірек жазылғаны, талдап көрсетілгені мақұл-ақ.

«Бүгінгі заман тарихы»-ел тәуелсіздікке, егемендікке қол жеткізген 1991 жылдан бастау алады. Соңғы 22 жыл ішінде жеткен жетістіктер мен іргелі істер, ұлт болып ұйысу жолындағы ізгі әрекеттер тілге тиек етілсе, оның болмысы барынша ашыла түспек.

Ататарихымызды танып-білуде, оны зерделеуде һәм жүйелеуде осы үш бөліктің қай-қайсысы да аса маңызды әрі күрделі! Әрине, «Қазақ тарихы» мейлінше терең зерделенуді қажет ететіні де жасырын емес. Бұл сала күні бүгінге дейін Отандық тарихшыларымыз арасында әр саққа жүгірте сөз еткен талас-тартысқа енгіз қалап келеді. Оның басты себебі-біз өз тарихымызды дер кезінде қағазға түсіріп, хаттамаған елміз. Болған тарихи оқиғалар мен қақтығыстар, тайталастар мен текетірестер негізінен ауызша жетіп отырған, ал жазба тарихта деректер өте аз, тіпті сирек десе де болғандай. (Әрине, біз бұл жерде мүлде жазба тарихымыз болмаған деуден аулақпыз, бірақ осы күнге дейін қолға түскен құнды деректердің тым аздығын меңзеп отырмыз.)

Қазақтың тарихын (ерте дәуірден ХІХ ғасырға дейін) көптеген тарихшы ғалымдарымыз бір кездері Керей-Жәнібек хандар тұсынан бастағанды дұрыс санады. Алайда, ол бергі дәуір еді. Тіпті күні кешегі, қол созым жердегі тарих десе де болады. Сосынғы бір топ тарихшылар-«біздің жыл санау дәуіріміздің шындығын алдымен тарихи тұрғыда жүйелеп алуымыз қажет» десті. Яғни, шежіре-дастанды қазіргі жыл санаудың басынан бастағанды дұрыс көрушілер аз болған жоқ. Бірақ бұл да тұтас тарих бола алмайды. Өйткені, қазақ деген қабырғалы елдің одан бұрын да өмір сүріп, тірлік кешкені ақиқат.

Енді бір топ зерттеушілер Орхон-Енисей, Күлтегін жазбаларына үңілді. Жазба мұраларынан еліміздің, жұртымыздың өткені мен жоғалтқанын іздеп бақты. Рас, тастағы таңбалардың айтары көп-ақ еді. Ол-өткеннің көзі, дананың сөзіндей-ді.

Қысқасы, біз қандай салалы тарихы бар ел едік деген мәңгілік сауал зиялы қауымды әлі күнге ойға салып, толғандырып келе жатқаны даусыз шындық.

Ендігі мәселе-өткеніміздің әр жылын, әр айын, тіпті әр күнін анықтап-жүйелеп, сол арқылы жұртымыздың тарихи өсу-өркендеу жолдарын жүйелі түрде түзіп шығу болып қалып отыр. Бұл оңай шаруа ма? Әрине, жоқ.

Осы орайда айта кетер бір жайт-қазіргі тарихшы-ғалымдарымыздың әрқайсысы әр саққа тартып, әркім өзінше түзіп, бірін-бірі тыңдамай, (кейбір ешқандай мәні жоқ бей-берекет тартыстарды айтамыз) әрі-сәрі жағдайға жалпы жұртты салып қоюы еш керек емес. Бірлік болмайынша, біз халқымыздың шын тарихы туралы шынайы жазбаны түзе алмаймыз. Онсыз да өткеніміз бұлыңғыр, қолымызда құжат аз, кейбір сөзіміз бен пікірімізге шетелдік, қала берді орыс саясатшылары мен жиһанкездерінің жазба деректерін дәйек етіп отырған осы бір кезеңдерде ауызбіршіліктің алатын орны өте жоғары. Тарихты түзу-әрбірден соң бірлесе еңбек ету мен түсінісе тізе қосуды барынша талап етпекші. Бұл-әлемде бар үрдіс. Баяғыдан қалыптасып үлгерген жақсы жоралғы.

Осындай әр жаққа бұра тартудың, бір келісімге келіп, тоқтамды ойға  табан тірей алмаудың салдарынан, айталық, әнебір кездері «Абылай хан» деген көркем фильмді өз деңгейінде шығара алмадық. Біздің білуімізде, сол киноның сценарийін жазушылар қазақта аз болмапты. Бірақ, амал нешік! Қазіргі көріп жүрген «Көшпенділер» киносынан өмірдегі айбарлы, айбынды, ел қамын жеген ұлы Қаһанды таба алмай отырғанымыз өтірік пе? Тарихи құжаттар жоқ болса екен, Абылай дәуірі көмескі де күңгірт болса екен-онда ылаж жоқ. Алайда, бәрі де басқаша тарихтағы Абылай хан өмірі мен қызметі, елін қорғаудағы ерлік істері ұшан-теңіз, ол тіпті қағазға түсірілген. Нағыз киноның тақырыбы. Сұранып-ақ тұр.

Тек бұл ғана емес, біз осындай әрқилы себептердің салдарынан тарихи тұлғаларымыз-Әл-Фарабиді, Қ.Иассауиді, Әмір Темірді, Мөде ханды, Хан Кенені, т.б. күні бүгінге дейін кино тілінде мөлдіретіп, жас ұрпақ тамсана көретін фильм етіп шығара алмай келе жатқанымыз жасырын ба?

Тек кино ғана емес, айталық драма театрларының сахналарынан да осы ұлы тұлғалар туралы көңіл көншитін спектакльдер көре алмай отырғанымыз да шындық. Егер кейбірінің өмірі мен тарихи ролі сахналанған болса, онда да халық қаһарманының сом тұлғасы айшықты көріне алды деуге ертерек.

Тап осы жағдай ұлтымыздың көркем әдебитке де қатысты. Біздің талантты жазушы-ақындарымыз халқымыздың хас батырлары мен парасатты шешен-билерін әлі күнге жоғары деңгейде көркем тілмен сомдаған жоқ. Айталық, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер...

Сөз ретіне қарай айта кетелік, көне тарихқа терең бойлай білген қаламгер ағаларым-Қойшығара Салғараұлының «Мөде хан» деген кинопьесасын, Қажығали  Мұхаметқалиұлының «Дүрбелең» романын (Сырым батыр туралы) бүгінгі күннің елеп айтуға боларлық көркем дүниелері деп айтар едім.

Осының бәрі де ататарихты бір ізге түсіре алмай, ал белгілі-белгілі қайраткерлерімізді өз деңгейінде бағалай білмегендігіміздің шынайы көрінісі болып қала бермек.

Мұны ары қарай тарқата айта беретін болсақ, тағы да таяқтың ұшы тарихшы-ғалымдарымызға барып тимекші.

Ауызды қу шөппен сүрте беруден сақтасын. Қазақтың арғы-бергі тарихшылары өз елінің өткен-кеткенін кестелеуде осы күнге дейін біршама толымды еңбек сіңіргенін атап айтсақ та жарасады. Ә.Марғұлан, Е.Бекмаханов, К.Ақышев, М.Қозыбаев, Х.Арғынбаев, т.б. сынды ғалым-тарихшылар еңбегі өте елеулі. Алайда, жазылғаны бір төбе, ал жазылмай жүйеге түспей жатқаны-он бір төбе! Демек, бізге әлі де бұл бағытта көп еңбектеніп, жұмыс істейтін шаруа шаш етектен.

Көне дәуірден бастау алатын тамырлы тарихты түзгенде қай тарихшы болмасын, алдымен тарихи құжаттарға, жазба деректерге барынша сүйене отырып ой толғайтыны баршаға аян. Алайда, көне тарих кей-кейде ауызша шежіреге, ел ішіндегі аңыз әңгімелерге де иек артады. Осы орайда айтарымыз:

         - Біз қалың қазақ ішіндегі сансыз көп батырлар мен билер, көсемдер мен шешендер туралы әртүрлі алыпқашпа әңгіме-аңыздарға барынша мұқият болуымыз керек, елге барынша танылған, тарихта өз орны бар кісілер ғана тиісінше бағаланғаны дұрыс;

         - Рулық-тайпалық бөліну мен олардың арасындағы қақтығыстар, ұрыс-шайқастар да барынша шынайы түзіліп, анық-қанығы мейлінше дәлдікпен зерделенгені дұрыс;

         - Әсіресе, осы күні жаппай жазыла бастаған ата-баба шежіресі мен тарихи тізбе-кестелерге көзсіз бас шұлғып, сол қалпында қабылдай салу да түбі сан соқтыруы ықтимал. Бұны да ойлап-ескеріп, сүзгіден өткізіп отыру аса маңызды;

         - Шетелдік жазба деректерді (бізге қатысты) пайдаланғанда да өте ыждағаттылық әрі байқампаздық аса қажет. Дұрысы мен бұрысын анықтап алмайынша, ғылыми айналысқа енгізуге еш болмайды.

        Міне, осындай қадау-қадау жағдаяттар алдағы уақытта жадымызда болса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

***

Кешегі Кеңестік кезеңдегі тарих (1917-1991 ж) туралы да енді кең толғап, жан-жақты зерттеп, барынша жүйелікпен жазу жайы күн тәртібінде тұр. Жазылғандары өз алдына. (Олардың басым бөлігі Кеңестік саясат ыңғайымен түзілген дерекнамалар). Ендігі жерде Кеңес билігі кезіндегі қазақ еліне жасалған көпе-көрнеу қиянаттар, артық-ауыс іс-әрекеттер, саяси ойындар һәм әдейі жасырылып, айтылмай келе жатқан ақиқаттар хатталуы керек.

Бұл бағыттағы жұмысқа бел шеше кіріскенде  алдымен ескерілетіні-тарихи маңызы зор бірнеше кезеңдер есте болғаны дұрыс. Айталық, Кеңес дәуірін былайша шартты түрде бөліп алып зерделеу орынды болар деп ойлаймыз:

  1. 1917-27 ж.ж. аумалы-төкпелі кезең;
  2. 1928-29 ж.ж. кәмпеске науқаны;
  3. 1931-33 ж.ж. қолдан ұйымдастырылған ашаршылық;
  4. 1937-38 ж.ж. репрессия яғни жаппай халық жауы деп жазалау;
  5. 1941-45 ж.ж. соғыс шындығы һәм оған қазақ халқының қатысы;
  6. 1946-1990 ж.ж. қызыл империя саясаты үстемдік еткен тұстағы қазақ елі.

Көріп отырсыздар, біз «Қазақстан тарихын» кеңінен толғап жазар болсақ, оның әрбір онжылдығы өзінше өрнектеліп, әрбір жылы тарихи деректермен түйінделгені аса қажет. Бұл жеңіл-желпі қарауды көтере бермейді.

Ең бастысы-бұл кезеңді тарихи сараптағанда бұрынғы ескі тұжырымдар мен атүсті көзқарастар негізге алынбауы керек. Жаңаша баға беру, жаңаша түйін жасау-қазіргі күннің басты талабы болғаны абзал.

Біз мұны неге қадап айтып отырмыз?

Өйткені, Кеңестік дәуірдегі тарихты тарихшылар біршама толғап жазды. Монографиялар, зерттеу еңбектері һәм тарихи-танымдық кітаптар молынан жарық көрді. Олардың ішінде, әрине, қазақ тарихшылары да баршылық. Алайда... сол еңбектердің бәрі де түгелімен шынайы өмірді сол қалпында мөлдіретіп көрсете алды десек, бұл шындық аулынан алшақ кетпекші.

Алайда, Кеңестік кезең шындығын барынша дәлдікпен көрсетуге күш салған тарихшы-ғалымдар сапында М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, Қ.Атабаев, Б.Кәрібаев, Т.Омарбеков, О.Қоңыратбаев,Х.Тұрсынов, т.б. бар екендігін атап өтуге болады. Мамандығы тарихшы болмаса да шынайы шындықты көрсетуге көмекші болып, күш салып келе жатқан Ә.Сарай, Қ.Салғараұлы, Т. Жұртбай, т.б. қаламгерлердің де еңбегі елеп айтуға тұрарлық.

Тағы бір ескертерлігі-осы кезеңдегі тарихты жазып-түзуге тек тарихшы-ғалымдар емес, әртүрлі қалам иелері-журналистер, жазушылар, филологтар, философтар да белсене қатысты. Тіпті үлкен-үлкен кітаптар мен том-том еңбектерде шығарды. Бірақ сол жазбаларға көз жұма қарап,  шынайы тарихқа қосылған сүбелі үлес еді десек, бұнымыз да ақиқат бола қоймасы анық.

Осы арада мына бір жағдайды айтпай болмайды.

Кешегі Кеңестік жүйе тұсында Орталықты басқарған В.И.Ленин және И.В.Сталин дәуіріне шын баға беріліп, ақ-қарасы ажыратылды ма? Әсіресе, қазақ еліне қатысты ұстанған саясат пен саяси ойындарды айтқымыз келеді. Біздіңше, бұл жағы әлі де ашылмаған арал секілді. Әрине, мұны жазу үстінде тек қана құжаттарға емес, әртүрлі естеліктерге де сүйену аса маңызды. Сонымен бірге тарихта орны зор үлкен тұлға еңбегінің сәулелі тұстары мен көлеңкелі жақтары да қатар ашып айтылса, бұл сол заманның шынайы келбетін танып-білуге зор көмегін тигізген болар еді.

Сөз ретінде айтуға болады, соңғы 20 жыл көлемінде Алаш арыстарының есімдері халқына оралып, еңбектеріне зор баға беріле бастады. Бұл бағытта әртүрлі ғылыми, тарихи, әдеби еңбектер де жазылып, кітап болып басылғаны өз алдына. Әсіресе, Ш.Мұртаза ағамыз ұлт қайраткері Т.Рысқұлов жайлы 5 кітапты роман, 2-3 пьеса жазды. Алаш ардақтыларының бірқатарының тарихи бейнесін сахна тілінде сомдамақ болып, біз де он-онбес жыл бойы еңбектенгеніміз бар. Соның нәтижесінде «Абақты-ғұмыр» (М.Жұмабаев туралы), «Сана дерті» (Н.Төреқұлов жайлы), «Дос-жүрек дос» (М.Әуезов туралы), «Фрустракция» (С.Сейфуллин мен С.Сапарбековтер өміріне қатысты), «Қайраткер құпиясы» (І.Омаров жайлы) және «Ержүрек» (Ж. Тәшеновтің өмірінің бір сәті) секілді пьесалар сериясын жаздық. Алғашқы екі дүние марқұм Р.Сейтметов ағамыздың арқасында Түркістан драма театрында сахналанса, ал қалғандарын іздейтін де, сұрайтын да ешкім жоқ. «Бұл не деген селқостық» деп ойлаймыз да қоямыз. Егер біз өткен тарихымызға осылайша немқұрайды бола берсек, тіпті бүгінгі барымыздан да айрылып қаламыз ғой...

Кей-кейде осы ой мазалап қояды...

Демек, тарих туралы шынайы сөз енді ғана басталып, тереңнен қозғайтын, нақты дерек-дәйекпен негізделген еңбектер туғызатын уақыт та келген сияқты. 

 

***

Қазіргі заман тарихы (1991 ж бастап) сөз болғанда, әрине, ел тәуелсіздігін алғашқы қадамдары, халқымыздың жаңаша өмір сүруге бет алуы, т.б. мәселелер түп-түгелімен тарих сараптамасына салынбақшы.

Жалпы, біз бір нәрсені үнемі есте ұстауымыз қажет сияқты. Тарих бүгіннен басталады. Бүгінгі күнің-ертеңгі тарих. Ал, оны дер кезінде қағазға түсіріп, хаттап отырсаңыз, ұлтымыздың бет-бейнесін де сақтай алғаныңыз.

Соңғы 22  жыл ішінде қазақ елі бірқатар ірі-ірі жетістіктеріне қол жеткізе алғаны даусыз ақиқат.

Осы жылдар ішінде қазақ елін әлем таниды. Бірқатар өте беделді ұйымдарға төраға болу бағы бұйырды. Діни ұйымдар мен діни ағымдар өкілдері де әлденеше рет біздің топырақта бас қосып, ымыраға келуге талпыныс жасады.

Қала салдық.

Оқу орындарының санын өсірдік. Жастарымыз шетелдерде еркін оқып келіп, елге қызмет ету мәртебесіне ие болды. Бұл ретте «Болашақ» бағдарламасымен оқыған жас түлектердің орны ерекше. Олардың алды осы күні үлкен лауазымды қызметтерге тағайындалуда.

Спорт саласында елеп айтарлық жетістіктерге қол жеткізілді.

Міне, осының бәрі де төл тарихымызды жүйелеуде әрдайым есте болып, келер ұрпаққа хатталып жетуі қажет.

Өткен тарихты бүгінгі жастарымызға талдап-түсіндіруде көркемөнердің, әсіресе әдебиеттің ролі өте жоғары екенін тағы да қадап айтқымыз келеді. Демек, бүгінгі заманның жарқын бейнесі мен келбетін өрнектеп көрсеткен кинофильмдер, көркем шығармалар, полотнолар, архитектуралық ансамбльдер, драмалық туындыларға молынан орын берілгені дұрыс-ақ.

Тағы бір мысал. Осы өзіміз өмір сүріп жатқан өмірдегі оқиғаны («Болашақты» бітіріп келген жастар өмірі) өзек еткен «Адасқан арман» атты драмамен танысқан лауазымы бар ұлтжанды азамат (аты-жөнін айтпай-ақ қоялық) оны сахналауға тікелей көмек беруге ынта білдірді. Біз мұны тек өнер туындысына ғана емес, жалпы ұлт болашағына аса жанашырлық пейіл деп қабылдадық.

Осы орайда айтпасқа шара жоқ, меценаттық та-ұлт мерейі! Егер меценат азамат ұлт үшін қымбат қазынаға қамқор қолын соза білсе-бұл үлкен бақыт!

Біздің ұлтымыз әлемдік деңгейде барынша таныла түссін десек, ең алдымен осы көркемөнерімізге өте ықтиятты болғанымыз жөн-ау деп ой түйдік.

 

***

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні мынаған саяды.

Әсіресе, ел тарихы жан-жақты талданып айтылар тұста ұлты үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша күрескен білімдар, қайраткер азаматтар еңбегі жеке-жеке талданып жазылғаны дұрыс-ақ.

Бұл ерте дүние тарихына да, Кеңестік кезең тарихына да, тіпті бүгінгі заман тарихына да қатысты.

Мұндайда әсіресе ойда боларлығы-біз халқымыздың ескі аңыз-дастандарындағы, тарихи поэмаларындағы дерек-дәйектерге де аса мұқият қарап, тарихи шындықпен байланыстыра сөз ете алсақ, бұл өте оңды болар еді. Қалай десек те, ертеден жеткен көркем дүниелер-асыл қазынамыз. Онда ұлтымыздың жүрек лүпілі, сезім-түйсігі һәм қуаныш мен қайғысы тұтасып тұрған жоқ па!

Міне, шынайы тарихты танып-білуге осылайша көркем шығармалар да көмекке келе алмақшы екен.

Қазіргі заманда елін сүйген, халқына шын жанашыр болып келе жатқан ұлтжанды ұл-қыздар жоқ па? Ал, бар болса, онда олар туралы неге ашық айта алмаймыз? Неге ұлтжанды ұрпақтың көшбасшылары көлеңкеде қала береді!

Біз өзіміздің арыстарымызды өз деңгейінде көтермелеп, олардың еңбегіне тиісті баға беруді үйренетін уақыт жетті. Бұл ретте біржақты баға беруді доғару қажет. Әрбір жеке тұлғаның бітірген оң істері мен жіберген кемшіліктері қатар таразы басына түскені дұрыс. Сонда ғана келер ұрпақ олар туралы толық мағлұмат алып, шын бағасын бере алмақшы. Бұл-әлемде әлдеқашан әдетке айнала бастаған үрдіс.

Тарих-әр ұлттың күретамыры. Күретамырын қадірлей білмеген елде болашақ та жоқ. Жады жоқ елдің алдынан қандай жарқын істер күтуге болмақ!

Осы орайда еске түседі, біз неге осы күнге дейін қазақ топырағындағы ескі қалалар мен қорғандар, Кесенелер мен мавзолейлер туралы жинақталған, жүйеленген һәм ғылыми тұрғыда бағасы берілген танымдық еңбек жаза алмай келеміз?

Біз неге қазақ жерінде хандық үстемдік еткен тарихи кезеңдерге барынша шұқшып, сол дәуірлердің ел мен жұрттың ұйысуына, топтасуына, тіпті әрбірден соң ауызбіршілікке келуіне ықпал еткені жайында толыққанды сөз етпей отырмыз?

Біз неге Алаш ардақтыларының тарихи еңбегін жеке-жеке емес, тұтас бір дәуір (тіпті әлем) ретінде жүйеге түсіріп, әңгімелеуге кірісе алмай жатырмыз?

Біз неге Тәуелсіз Қазақ елінің аяғынан тік тұруына барынша еңбек сіңіріп, аянбай тер төккен ұлт қайраткерлері мен зиялыларын өте сирек атап, олардың тарих алдындағы еңбегіне тиісті баға беруден қашқақтай береміз?

Демек, бүгінгі күні ес жинап, төл таримызды түгендеп, барлық деректерге мұқият болуды әрдайым есте ұстағанымыз жөн. Тіпті қазіргі өміріміз-ертең тарих екенін де терең түсінгеніміз мақұл.

Осы ізгі шаруаға бәріміз болып жұмыла білейік, достар!

Abai.kz

0 пікір