Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4127 0 пікір 25 Шілде, 2013 сағат 09:53

Азамат Ақылбеков. Тағыда Кенесары хақында

«Барлық қазақтардың бір ғана отаны бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан»

Н. Назарбаев

        

Жақын күндері ҚР мәжілісінің бір топ депуттаттары қайтадан Кенесары бабамыздың басын қайтару туралы мәселе көтеріп, соған (егер, әрине бара қалса) баратын топ басшысының (мүшесі) қандай болуы керектігі туралы «Жас алаш» (газеті, сайты) Абай кз порталында мақала жариялаған болатынмын.

«Барлық қазақтардың бір ғана отаны бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан»

Н. Назарбаев

        

Жақын күндері ҚР мәжілісінің бір топ депуттаттары қайтадан Кенесары бабамыздың басын қайтару туралы мәселе көтеріп, соған (егер, әрине бара қалса) баратын топ басшысының (мүшесі) қандай болуы керектігі туралы «Жас алаш» (газеті, сайты) Абай кз порталында мақала жариялаған болатынмын.

 Мақаладағы ұсыныстарды толық қолдаған көптеген пікірлер айтылды, оған әрине, қуанамыз. Алайда, бес саусақ бірдей емес дегендей көптеген пікір білдірушілер басқы тақырыптан ауытқып хан бабамыз туралы айтып кетті және несін жасырайық, біреулер ханды ұлт-азаттық көтерілістің басшысы десе, біреу қанды қол қарақшы, өзіндік билеуші (самозванец), қазаққа Кенесары керек емес, ол Арқадан арғындардан қашып келді, бейбіт қырғызды шапты, оны анау сатты, ол ананы сатты, ал Қырғыз айтушылары жанын салып өздерінде мемлекет болғандығын (болды ма десеңші) дәлелдеуге талпынса, ал кейбір қазақ айтушылары өз аталары құрған мемлекеттің болғандығын жоққа шығаруға тырысты... т.с.с. дегендерге (кім кінәлі?) шейін барған. Әркімнің өз түсінігі болмай ма, олай болса ақыр осы тақырыпты қозғаған соң, бізде біраз, тарихқа көз жүгірте отырып, түсінік-ойымызды айтып көрелік.

 

Хан Кененің тарихи рөлі

Кордова халифатын құлатып, арабтарды Пиренейден қуып шыққаннан бастап Ақ адам (европалықтар) өздерінің ғылыми-техникалық прогресстің арқасында  басқалардан (Сары, Қара адамдардан) артық екендігін дәлелдеді. Оған енді дау жоқ, европалықтардың бүткіл дүние жүзін отарлағаны осының айғағы.

Сол, «Бөліп ал да билей бер!», «Қамшы мен пряник саясаты», «Даякты тек даяк өлтіреді», «Азиаттармен соғыста мылтық пен алтын қатар жүруі керек» т.с.с. принциптеріне сүйенген отарлау жүйесі келесідегідей схемамен жүргізілді: Сауда арқылы барыс-келісті көбейтіп, жердің елі, мәдениеті, әскері, саяси жүйесі т.б. мәліметтер толық зерттеліп, картасы жасалынады (БАРЛАУ); Ел басқарушыларды үгіттеп (қорқытып), күш көрсетіп, марапаттап өздеріне жақтас етеді (АРҚАҒА ҚАҒУ); Ру-тайпалық ұрыс-керісті барынша өршітіп, бір-біріне айдап салу арқылы, өздеріне тәуелді етіп, өз биліктерін орнатады (Арттан ТЕБУ); Жергілікті елдің (туземцы) дінін, мәдениетін, кей басшыларын барынша қаралап, араққа салындырып, тарихын ұмыттырады (ҚҰЛДЫҚ САНАНЫ орнату). Міне, осыдан кейін, жергілікті халық тобырға айналып шыға келеді. Бір мысал: Жапон отарлаушыларының оқулыққа енгізген қытай балаларының бірінің үздік шығармасы: «...мен кедей, сорлы, қайыршы қытай баласы едім. Қайырымды жапондықтар келген соң, көзім ашылып, сауатты, салауатты адамға айналдым». Отарлаушылар ұлт көзашықтарын өздігінше тәрбиелейді де, басқаша ойлайтындарды неше түрлі сылтаулармен (ұлтшыл, расист, пантюркист...) репрессияға ұшыратып, көзін жояды. Дж. Нерудің «...колонизаторлар тәрбиелеген интелегенция халықтың бірінші жауы...» дейтіні сондықтан айтылған.

...Кене хан Ресей империясының Қазақ жерін отарлағандағы екінші-үшінші кезеңдерінде (алдында айтқанымыздай), осы адамгершілікке жат саясатқа қарсы шыққан ержүрек тұлға. Оның бар кінәсі озбырлардың «...барлық киргиздар (ол кезде бізді киргизы, ал қырғызды Дикокаменные Киргизы атаған) Россия империясының меншігі және түтін басына 1,5 рубль салық төлейді» дегеніне қарсы шыққандығы! Ол жалпы адамзат тарихындағы біреуді-біреудің отарлау-құлдануы дұрыс еместігін Абд Аль-Кадир, Дожи, Гарибальди, Шамиль, Ганди, Галеб, Боливар т.б. тұлғалар секілді түсіне білгендігімен ерекшеленеді және құлдыққа қарсы қарулы көтерілістің көсемі! Міне, сол үшін ел оны ұмыттырам десе де, ешқашан ұмыта алмайды. Алаш жұрты оны «разбойник», «самозванец» деп кім, неліктен атағанын ұғына білуіміз керек.

«Самозванец» дегенге келсек, жалпы адами пәлсапалық-ақлақ, халықаралық заңдылықтар ұғымдары негізінде алсақ, әрбір ел өзіне басшы сайлауға біреуден рұқсат алуы керек пе!? Кім не десе о десін, 1841 жылдың 7 қыркүйегінде түгелдей дерлік қазақ руларының бас көтерерлері Көкшетауда жиналып, ескі Түркі-Шыңғысхан салтымен Абылай ханның немересі, ержүрек Кенесарыны ақ киізге көтеріп хан сайлағаны хақ. Оны ешкім жоққа шығара алмайды, өйткені бұл факт қазіргі АҚШ сайлауы тәрізді (демократия үлгісі санаймыз ғой), сайлаушы-таңдаушылар заңды (легитимность) түрде қабылдаған тарихи пакт (акт). Оның хандығын (сол кездегі Қазақ мемлекетін) Хива, Қоқан хандықтары, Бұқар әмірлігі мойындаған және Қытай императорымен хан (мемлекет) ретінде хаттар алмасу жүріп тұрған.

Ал басқа «атауларға» келсек, отаршылардың идеологтарының ханды солай атап, біздерге таңған мақсаты, «сендер, мешеу-мақұрым қалған адамсымақтар, басқарған басшыларың сондай болса, сендер қандай ел болмақшысыңдар» екенін ұғына білуіміз қажет.

Сондықтан, олардың теріс ниетті жазуларына толық сенуге болмайды, ал керекті мәліметтерді саралай теріп алған дұрыс. Мысалы, бір сондай «жазушының» Шорман үйінде отырып, атақты бидің «қазанға қолын салып етті алып шықты» дегеніне сенуге бола ма (сондай текті тұқым емес, жай қазақтың қайсысы қатын тұрып қазан жағалаған еді, қай қазақ қазанға қолын салған еді!) Немесе, Аткинсонның Сөк сұлтан өзіне «әйеліңді сат» деп айтты дегенін ше? (Қартайған 84-гі шал, емшектегі 2 айлық баласы бар біреудің әйелін қайтпекші?)

...Кенесары дәуірінде Кіндік Азия Россия (Азияға дендей енді) мен Англияның (Үндістанды толық отарлады) көзінің құртына айналып, экспанциялануға ұшырады. Бұған Жетісудан салмағы 16 кг біртұтас сом алтынның (самородок) табылуы да олардың ашқарақтығын үдете түсті. Ағылшын барлауының бір дерегінде «Кенесарыға 1000 әскери мылтық берсек, ол Орта Азия хандықтарын жоқ қылып, Россияны бөгей алатын, бізге тиімді буферлі мемлекет болар еді» деген дерегін кездестірдік. Олардың бұл жоспарын ержүрек Ауған халқы кеңірдегіне тұрып қалғандай болып, іске асырмады. Бұдан түйіндейтініміз ол кезде бір-бірімен қырқысудан аса алмаған еліміз Орыс болмаса Ағылшынның (немесе өзі жартылай колонияға айналған Қытай) отарына айналары анықтұғын... Өйткені...

 

Ханның әскери өнері

Кенесарының әскери өнерін сөз еткенде, алдымен ауызға оралатыны, оның далалық соғыс өнерін жетік меңгергендігі (жалпы көшпенділерге тән). Бүткіл бір армияны Көкшетаудан Созаққа шөл арқылы 5-6 күнде жеткізгендігі (ол әрине үлкен тактика, кейде біраз жерге «лақтырылған» танктердің жолда қирап жатқанын көріп те жүрміз ғой). Ержүректігі т.с.с.

Алайда, қазіргі әскери тарихшылар оның ең үлкен әскери өнері – артта қалған (көнерген) қару-жарақпен жаңашыл түрде жарақталған әскери бөлімшені талқандап, жеңіске жеткенін неліктен айтпайды екен (жаңашыл армия мен ескішенің мысалын Югославия мен Иракта көрдік).

Сол кездегі оқиғаларды бір француз саяхатшысы, «...бұл жабайылар бұрынғы ерлігін жоғалтқан. Шабуыл кезінде орыс солдаттарының артында тығылып жүреді де, жау (туземдіктер)  қашқан кезде оларға аяусыздықпен бас салып, тонаумен айналысады. Қатты тоналатын өздерінің тайпаластары. Өте мейірімсіз...» деп суреттеген (Орыс армиясының Қоқандықтарға қарсы қимылдары). Ал Кенесарының үлкен бір артықшылығы - ол француздың қателескенін, әлі де қазақ рухы өшпегенін дәлелдегені!

Соғыста мәселенің барлығын қару-жарақ шешеді десекте 19 ғасырдың аяғында «жабайылардың» (отаршылдар сөзі) кейбір кездерде мұздай құрсанған әскери бөлімшелермен қоян-қолтық шайқастарда айтулы жеңіске жеткен оқиғаларын да кездестіреміз. Сөзіміз дәлелді болу үшін нақты мысалдарды келтіре кетелік (бұл шайқастардың қалай өткені туралы менің орыс тілінде жазған арнайы мақалам бар /сілтеме/ «Наши предки разве были трусами»). Ондай жеңістердің қатарына сиу, шайен тайпаларының көсемі - Отырушы Бұқаның генерал Дж. Кастерді; Зұлыс тайпасының көсемі – Кечвайоның подполк. Пуллейнді; Акбар ханның – ген. Элфинтонды; Аюб ханның ген. Берроузды; Ибрагим бейдің Наполеонды; Имам Шамилдің орыс әскерлерін бірнеше рет жеңгендігін жатқызамыз.

Біз дәл осы қатарда Кенесары ханның сарбаздары да (1838. Көкшетау маңындағы шайқас) тұрғанын мақтаныш сезіммен еске алуға тиістіміз…

…Олардың барлығын да (аруақтары риза болсын) мұздай қаруланған, артиллерияны, т.б. техника жетістіктерін қолданушы, темірдей тәртіпті, тұрақты әскери бірліктердегі, үйренген жауынгерлерге қарсы пышақ, садақ, сойыл, шиті мылтық сияқты қарулармен ашық өлімге қарсы алып барған күш – еліне, жеріне деген шексіз махаббат, ерлік болатын!

Бұған сенбегеніңіз болса, әлдебір құтырған бұзақыны тоқтатып көріңіз...

 

Ханның келбеті

Хан туралы отырып алып, аннан-мыннан, шала-пұла естігенді «ауылдың алты ауызына қосып, әләуләйлете» бергенше оның қарсыласқан дұшпандарының өздері не дегенін бір сәт түйіндеп көрелік.

Россия ген. штабының подполк. М. Красовскийдің және Оренбург әскери губ. В. Перовскийдің есептерінен Кене хан туралы қанша өшпенділік болғанымен жеккөрініш, жиіркеніш жерлерін кездестірмедік.

Штабс-капитан Фомаковтың (1844) рапорты: «…Умный, отважный потомок Аблая, успел все покушения сибирских отрядов против себя сделать тщетными, т.к. приобрел в этих странах некоторую славу как предводитель. К нему слетались роями все разбойники, скитавшиеся в сих местах…».

Әскери тарихшы Н. Коншин: «…Это был выдающиеся во всех отношениях человек, далеко стоявший выше таких вождей волновавшихся киргиз, как Худайменды Газин, Сиванкул Ханхожин и др. все они не были способны выйти из узкой сферы родовых киргизских отношений, и только в лице Кенесары Касымова мы встречаем в истинном смысле народного киргизского героя, мечтавшего о политическом единстве всех киргиз без различия племен и даже орд…».

Мейер («Киргизские страны»): « …враждебные к Кенесары киргизские правители бежали от степи на Оренбургскую линию. Вид удалого предводителя, часто рисковавшего жизнью под залпами оренбургских линейных батальонов и пушечной картечью, разносившийся далеко по степи, гул копыт легкой кавалерии, украшенной разноцветными знаменами и значками, веселые пиры со скачками после удачных набегов, большой охоты в степях на зверя и птицу, удалые отдельные подвиги Наурызбая и других сподвижников – все это сильно поражало воображение киргизского народа и расшевеливало в нем дремавшие инстинкты старой воинственности… Но в нем, при талантах военного человека, не было таланта правителя и нашей гибкой политике, что и спасло Среднюю Азию от крупных изменений в ее политическом составе…»

Тарихшы Смирнов: «… Победить энергичного Кенесары и вытеснить его из подвластной нам степи стоило больших трудов и расходов…» «…что касается киргизских отрядов, действовавших в союзе с нами, то он разбивал их без особого затруднения…».

Ханның еліне деген шексіз махаббатынан туындаған оның қасіретке толы тағдыры әлемдік жазушы Жюль Вернді де бей-жай қалдырмай, өзінің бір еңбегіндегі («Хан Федор») басты кейіпкеріне Кенесарыны прототип етіп алған.

Саясаткер, тарихшы Н. Середа (1870 «Вестник Европы»): «…что духу, которым были одушевлены джигиты Кенесары, позавидовал бы любой полководец европейских войск. К нему кочевники были до самоотверждения преданы, в нем было что-то невольно привлекающее его соплеменников…».

Созақ құшбегісі (Кенесары келді деген хабарға) «...не сөйлеп тұрсың, Созаққа Кенесарыдан басқа жау жоқ. Ал ол болса Көкшетауда хан болғанын тойлап жатыр. Құс болып кетіп пе...»                 

 

Басқыншылық (агрессия)

Жат идеологияның құлаққа құюымен Россия сол кездегі біздің елдерді Қоқан езгісінен құтқарды деген пікір нық орныққан (әлі де кетер емес). Ойлап көрелік, Қоқандықтар дегеніміз кім еді? Олардың ұлттық құрамын зерттеуші орыс офицерінің жазуынша былай: «сарты, киргизы, кипчаки, тюрк, таджик, галча, кочевники, дулаты, шемыр, канглы, киргиз-кипчаки, кырык-юз, кара калпак, шынышкылы, курама». Сонымен, ағайындар өздеріңіз де көріп отырғандай, бізді кім кімнен құтқарды? Алғашқы Совет дәуірінде Кіндік Азияда Бұқар, Хиуа, Қоқан (Түркістан құлаған соң) Республикалары болғанын қазір екінің бірі біле ме? Олардың басын қосып, қандай мемлекет аталамыз дегенде «Сартстан» болайық дегендерін ше? Ақыры, біздің Алаш ардақтыларымыздың ықпалымен Өзбекстан (өзбек өз ағам деген түркішілдік идеямен) аталды емес пе!

Алдыңғы мақалаға пікір білдіруші қырғыз ағайындар жанын салып бұрын қырғызда да мемлекет болды деп дәлелдеуге тырысыпты, тіпті, кешегі адамдарын (Ормон манап) хан ретінде көрсетіп, Тәукенің «Жеті Жарғысындай» Ата Заң қабылдатқызыпты. Мейлі айта берсін, бірақ тарих оған көне ме? Жалпы Кенесары қырғызды жаулады дегеніміз де қалай болар екен, мүмкін кейбір қырғыз руларының (бағынбаған) манаптарын жазалады дегеніміз дұрыс болар. Оған айтар уәжіміз, ол кезде қырғыз мемлекеті болған жоқ, ал хан болса барлық қырғызды өзіміздің ел санады! Қазақ-Қырғызды бір ел санау, Абылай заманынан қалыптасып келе жатқан болатын. Керек десеңіз, алғашқы Совет дәуірінде де солай болды, барлық қырғыз Ахмет атамыздың «Қазағын» оқыды, Мағжан атамыз «Қазақ қырдың құланы, Қырғыз таудың тарпаңы» деп жырлады. Сойылдасқан тентектікті қойып, «Қазақ-Қырғыз» «Қосшылықтарың» құтты болсын деді! Егер, сонда қырғызды бізден бөлектемей (түркілерді алшақтау саясаты) бір республикаға біріктіргенде қазір бір елге айналар едік... 

 

Ханның рухани мұрасы

Дүниежүзілік мықты ориенталистер қатарында саналатын Нервальдың «...арабтар бұралқы итке айналған, оны теуіп қалсаң, қауып алудың орнына келіп қолыңды сүйеді...» дегені есімде. Ал солай деген халықтың намысы оянғанда оқиға қалай өрбіді. Кенесарының замандасы атақты имамның (ұлт-азаттық көтерілістің көсемі) немересі Халед әмір бастаған ұлт-азаттық соғыстарында 1 млн жуық Алжирліктер құрбан болып, 9 мыңнан астам елді-мекен талқандалып, 2 млн-ға жуық араб түрмелерде азап шеккен еді! Ақыры, де Голь Алжирдің тәуелсіздігін таныған болатын.

Тәуелсіздік жолы – қанды, ерліктің жолы! Атақты әмірдің өз еліндегі қанша сатқынды жойғанын қазір кім біледі десеңші?! Кенесары да сол жолмен жүріп өтіп, сол жолда адал жанын қиған ардақты бабамыз! Біз оның алдында мәңгілікке қарыздармыз.

Ақындық толғаммен айтсақ, отаршыны қолында мылтығы бар адамға, ал отарлауға түскендерді итке теңер едік. Адам қуалап бөріні атқылап жүр (өзіне бағынғысы келмеген), ал қасындағы (сүйек-саяқ беретін) иттері өздерінің де бөрі екендіктерін ұмытып, азат бөрінің тірсегінен алып, шәуілдеп қояр емес...

Осы күнгі тарих силаған тәуелсіздігімізді жоғалтып алмас үшін (әлде қазіргі қазақтың біразы сол жолда құрбан болуы керек пе еді?) қазіргі қазақтар, бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың аруақтарының алдында бас ие отырып, ой-өріс-саналарын келесі сатыларға (этап) көтеруі керек деп есептейміз. Алдымен, Әлихан бастаған Алаш ардақтыларының жолымен, ру-тайпашылықты қойып, бір тұтас ҚАЗАҚ ұғымында тәрбиелену; екіншіден Кенесары, Сыздықтар бастап Мұстафа, Мұхаметжандар жалғастырған, өткенге «салауат» дей отырып, ТҮРКІШІЛДІК ұғымын қалыптастыру; Шоқан, Абайлар салған жолмен жалпы АДАМзаттық ұғымды орнату. Қазіргідей өз-өзіміздің аталарымызды мақтап, өзгенікін даттай отырып, біз қалайша өзгеге үлгі болмақпыз?!

 

Сатқындықтар

Атақты Тезек төренің «Әр заманның өзінің сұрқылтайы» деген сөзі бар, олай болса біздің анау ананы сатты, анау қорқақтықтан Кенесарыға қосылмады деп айтуға қандай қақымыз бар?! Кене хан айтпақшы «бізге елдің бірлігі керек, өткенге салауат» емес пе. Пікір білдірушілерге (қисық) әрнәрсені айтпас бұрын ой елегінен өткізген дұрыс болар. 86-жылғы оқиғалар кезінде мен институт қабырғасынан жаңа келген жас маман едім. Партком жинап алып, митинг өткізіп, Алматыда бір топ «нашақор, алкаш» жастар жиналып, өкіметке қарсы шығып, бұзақылық көрсетіпті деді. Кешегі өзімнен бір курс төмен оқығандардың қалайша «наркош» боп кеткендеріне таң қалдым да қалдым. Талайлар сөйлеп жатты. Бәрі де есімде. Бұны айтып отырған себебім, кейбір көлгірсіп (ақылдымсып) отырғандар сол кезде жаңағыдай «сөйлеп» қойып, біреу есіне түсіріп жүрмесін! Ойланайық...     

 

Қорытынды

Кенесарының басына қандай адам баруы керектігін айтам деп үлкен дауға қалғандай болдық. Кейбір пікіршілердің әлі де рушылдық (трайбализм) деңгейінде мешеуленіп қалып қойғаны өте өкінішті. Екіншіден біздің ата-салтын сыйлаған дана халқымыз қашан аруақпен алысушы еді? Тезек Төре атақты Түбекпен айтысқан Құлманбетті «...Біткенде екеуіңді таластырсақ. Аруаққа тіл тиеді бірақ деймін» деп тоқтатпап па еді! Біздің кейбір бауырларымызға қазір не болғанын түсінбеймін, Абылайды айтсаң, жамандай кетеді, Абайды айтсаң қаралай кетеді, сонда кімнің түбіне жетеді? Жақсыны қайдан табармыз? Сірә, ел президентінің бастамасымен тарих толқындарын саралау концепциясы бекер қаралып жатпаған болар. Осындай кейбір көрсоқырлық сөздерден кейін адал адамдардың жаны түршіге бастаған болар. Жай отырған кездерде қазаққа бірлік керек деп қақсаймыз, ал мынандай жерде сол өз сөзімізді аяққа таптаймыз. Сонда біздің кім болғанымыз ба, не болғанымыз ба?! «Өсер елдің баласы бірін-бірі батырым дер. Өшер елдің баласы бірін-бірі қатыным дер», «Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамас» деген саналы ата-бабаларымыздың рухына лайықты болуға тырысайық...

 

P.S.

 Құрметті Садық Смағұлов ақсақал, Сіз оқыған-тоқығаныңыз көп, білімді адамға ұқсайсыз. Әлденеден ренжіп (мүмкін арғы аталарын әсіре дәріптегенге шығар) осылай қыңыр сөйлейтін сияқтысыз. Олай болса, өзіңіздің ер рухты екендігіңізді көрсетіп, көпшіліктен кешірім сұрап, үлгі көрсетіңізші. Одан соң Кене бабамыз туралы білгендеріңізді редакция арқылы жіберсеңіз, Алла қолдап, барушылар болып жатса, соларға материалдар жинақтай берейік.

Сыпатай бабамыздың (ардақты Кенен атамыз жырлап кеткен) ұрпақтарымыз деп отырғандар, Сіздердің басқаларға соншалықты ауыр сөздер айтқандарыңызды сол атаның аруағы құптай қояр ма екен? Олай болса Сіздер де кешірімге келіп, толғамды ойларыңызды білдіре түссеңіздер нұр үстіне нұр.

Қазақ төрелері туралы ауыр сөздер айтушылар, Сіздердің сөздеріңіз жат пиғылдылардың миға құйғанынан туындаған қалдық екендігін түсінуге тырысқандарыңыз оң болар еді. Шоқан, Шәді, Ханқожа, Дәулеткерей, Мұхит, Әлихандарды (т.б.) қандай көрсоқыр -  қазақ емес демекші. Қазаққа еңбектеріңіз солардай-ақ сіңсін.  

Талдықорған қаласы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563