Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4781 0 пікір 22 Шілде, 2013 сағат 10:01

Назерке Инақынова. «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы»

Ол Көктөбенің етегінде маңғазданып тұр. Басын асқақтата көтерген, иілуді табиғатынан білмейтін сияқты. Әрине, оның қамқорында болған балалары бүгінде биіктерден көрініп, ел алдында жүр емес пе?! Солардың жетістігіне қуанып, солармен мақтанады да. Әділ Шаяхметов, Кеңес Дүйсекеев, Талғат Мамашев, Марат Мұқанов, Тамара Асар, Бейбіт Қорған, Тоқтар Серіков, Қарақат Әбділдина, Нұрлан Албан сынды т.б. елге танымал тәлімгерлерімен марқаятын болар. Ол – бүгінде жеке тұлға болып қалыптасқан көптеген азаматтарға кезінде білімнің іргетасын қалап берген ұлы ұстаз, мектеп-интернат еді.  

Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды жастарды әрқашан құшақ жая қарсы алады. Аз уақыттың ішінде олардың екінші үйі, отбасына айналып үлгереді. Содан да болуы керек, бұл білім ордасынан ұшқан түлектер бір-бірін бауырындай жақын тартып, қаншама жылдар өтсе де бірін-бірі сағынады, іздейді. 

Кезінде Ыбырай Алтынсарин атында болған мектеп-интернаттың түлегі Марат Мұқанов қара шаңыраққа жиі келушілердің бірі еді. 1985 жылы өзінің өмірлік жолын таңдап, бұл құтты мекенмен қош айтысса да, бүгінде қолдан келген жақсылығын одан аямаушы еді.

Жақында Марат ағамен жүздесудің сәті түсіп, жұмыс орнына барған болатынмын. Құқық қорғау органында жұмыс атқаратын ағамыз жылы қарсы алды. Мұнда келмес бұрын анасына арнап жазған естелік мақаласын оқығанмын. Десек те, оны өзінің жазғанына сене алмаған едім: мақаладағы сөз саптау, ойды жеткізудегі көркемдік мені тәнті еткен болатын. Оны әдебиеттен хабары бар адам ғана солай жаза алады. Әңгіме барысында сол жөнінде сұрағанымда Марат ағаның Дарын мектебінің түлегі екенін білдім. Енді бәрі түсінікті болды: қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектептің кез келген түлегі, басқасы-басқа, ойын жүйелі түрде қағазға түсіре алатыны белгілі.

Өзім де сол ұядан ұшқандықтан Марат ағаға бір табан жақындай түскендей болдым. Әңгіме арасында ағаның 2011 жылы дүниеден өткен марқұм анасы жайында біраз естеліктерін тыңдадым. Осындай ұлды дүниеге әкелген ана өмірі, анасын сағынған бала көңілі көз алдымда тұрды. Осылай тереңнен сыр шертіп отырғанда интернаттың қара нанын бөлісіп жеген ағаның сыныптасы Асхат Рахметуллин әңгімеміздің үстінен түсті. Сыртынан бағып қарасаңыз екеуін ұзақ уақыт көріспеген бауырлар деп қаларсыз. Не керек, сол күні армандас, құрдастар кездесуінің куәгері болдым. Мектепті бітіргендеріне, міне, 28 жыл болса да, сол кездерді кеше ғана болғандай әңгімелеп отырды. Әрбір сыныптасына жекелей тоқталып, еске алысты. Мектеп қабырғасында болған сан түрлі қызықтарын айтып, күліп алды.     

Интернат – үлкен бір отбасы. Ондағы оқушылардың жататын жері, ас ішер қазаны ортақ. Мұнда оқыған балалар басқаларға қарағанда бауырмал, ұйымшыл, ынтымақты болып келетіні рас екен. Оны сыныптастарымен, олардың отбасыларымен әлі күнге бір үйдің баласындай араласып жүрген ағаның әңгімесінен анық байқадым.

Сондай-ақ, мектеп тарихының өзіме беймәлім болған жаңа парақтарын аштым. Марат ағаның оқушы кезінде мектепте автокөлік құрау курстары болған екен. Соның арқасында біраз бала машина бөлшектерімен танысып, өздігінше көлікті құрап үйренген. Және оқушылар мектеп қабырғасында жүріп-ақ жүргізуші куәлігін алған екен. Ағаның замандастары мектепті бітіргенде, әйтеуір бір мамандықты біліп шыққан. Жоғарғы оқу орнына түсе алмаған жастар жерде қалмай, мектепте үйренгендері бойынша жұмыс атқарған екен.

Интернатқа рахметін, әсіресе, әскерге барғанда айтқанын Марат аға марқая еске алады. Себебі, әскерде білімі мен біліктілігі жағынан қатарластарынан әлдеқайда алда болуын интернаттың арқасы дейді. Мектепте Алғашқы Әскери Дайындық (АӘД) сабағында қалай сапқа тұру, қалай жүру, қарумен қалай жұмыс істеу керектігін толықтай үйреткен. Оның пайдасы әскерге барғанда тиіп, Марат аға бөлім командирі болған екен. Тіпті, Марат Мұқановты оқытқаны үшін АӘД пәнінің мұғаліміне әскерден арнайы алғысхат  та жолдапты. Міне, мұның бәрі сол кездегі ұстаздар білімінің көрсеткіші еді. 

 «Әңгіме бұзау емізеді» демекші, қызыққа батып, уақыттың зымырап өткенін байқамай қалыппыз. Интернаттың түлегімен болған сыр сұхбат жаңа ойлар, құнды естеліктер мен қызыққа толы болды.  

P.S.

Өткеніңді білмесең салыстыратын нәрсе де болмайды екен. Біз бітірген жылы жоғарыда айтылғанның бірі де болмаған. Бір бізде ғана емес, еліміздің барлық мектептерінде дерлік ондай үйірмелер, курстар жоқтың қасы. Жүргізуші куәлігін, аспаздықты, көлік жасау курсын, тігіншілікті бүгінде ақша төлеп оқисың. Сонда жыл өткен сайын дамудың орнына құлдырап барамыз ба?! Мектеп бітіргендердің барлығы тегін оқуға түсе алмайды. Ал, ақша төлеп оқытуға көп отбасының жағдайы келіңкіре бермейді. Осындай жағдайда мектеп қабырғасынан бір мамандықты игеріп шыққан да дұрыс болар ма еді?!

Abai.kz

0 пікір