Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 8684 0 пікір 17 Шілде, 2013 сағат 14:28

Сұлтан Ыбырай. Қырық бесінші қара сөз: махаббат пен ғадаләт

 «Расында бір қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді».

(Құран 13:11)

       

Алаш деген елім бар,

Неге екенін білмеймін –

Сол елімді сүйемін!

Мағжан

 

Қазақ – ұйымсыз, қазақ – берекесiз, қазақ – ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мiнезi де сондай жұрт. Бұл мәселе түбiрленбей тұрғанда бiзде даудың шегi болмайды.

Жүсіпбек

 

Қырық бесінші қара сөз: махаббат пен ғадаләт

 «Расында бір қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді».

(Құран 13:11)

       

Алаш деген елім бар,

Неге екенін білмеймін –

Сол елімді сүйемін!

Мағжан

 

Қазақ – ұйымсыз, қазақ – берекесiз, қазақ – ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мiнезi де сондай жұрт. Бұл мәселе түбiрленбей тұрғанда бiзде даудың шегi болмайды.

Жүсіпбек

 

Қырық бесінші қара сөз: махаббат пен ғадаләт

Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уә һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғадаләт, махаббат құдайға лайықты дегендігі. 
Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғадаләтке қарай тартпақпыз, сол алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. Инандым, сендім демек инандырамын, сендіремін деген емес. 
Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ,  кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат пен сезім бар. Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі
ғалым, сол ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп.

Қырық бесінші қара сөз қысқа сөздердің бірі болғанымен, арқалаған жүгі ауыр. Абай отыз сегізінші қара сөзінде (Ғақлиат тасдиқатта) адам болам десең Ғылым, Әділет пен Мейірімге ұмтыл десе, қырық бесінші қара сөзінде Әділет пен Махаббатқа тоқталады. Екеуі де Жаратушының көркем есімдері. Тек соңғы қара сөзінде Ғылым мен Мейірімді  Махаббатпен алмастырған.

Неге айырбастады? Не айырмашылық бар?

Ақ ниетті адамзаттың ықылым заманнан бергі арманы өзі тұратын елде, тіпті жалпы жер бетінде әділет орнату. Жалпы адамның тума табиғатында әділетке деген сұраныс, ұмтылыс пен махаббат бар. Адамзат тарихындағы бүкіл көтеріліс, төңкерістердің де түпкі себебі де, қол жеткізбекші мұраты да сол әділетті орнату.

Абай «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда», – десе, Мағжан «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп толғанған. «Асыр» сүресінде де Алла Тағала: «Заманға ант етейін. Шынында адам баласы сөзсіз қасіретте. Бірақ иман етіп, ізгі іс істегендер, бір-біріне ақиқатты айқындап, сабырлықты насихаттағандар ондай күйге душар болмайды», – дейді. Абай мен Мағжан иман етіп, ізгі іс істегендердің қатарында еді ғой, неге күйінді?  Айналасына махаббатпен қарап, қиянат көрген жұртына әділет іздеп таба алмаған шарасыздықтың күйініші. «Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмірде» қоғамдағы  әділетсіздік адамнан  іс-әрекетінен туындайды.

«Әй мүміндер! Әділдікте мықты тұрып, егер өздеріңнің, әке-шешелеріңнің және жақындарыңның зиянына болса да, Алла үшін айғақ болыңдар; бай немесе кедей болса да. Өйткені Алла, екеуіне де тым жақын. (Олардың халін біледі) Ендеше әділдік істеңдер де, нәпсіге ермеңдер. Егер тілдеріңді бұрып, шындықты бұрмаласаңдар, шәксіз Алла не істегендеріңді толық білуші». (Құран 4:135)

Мұхаммедтен (с.ғ.с.)  кейін бірінен соң бірі халифатты отыз жылдай басқарған төрт шадияр ең әділ халифтар ретінде тарихта қалды. Бірақ Омеядтар, Аббасидтер, кейінгі Осман халифатын билеушілер әділетті халифтар ретінде қала алмады.

Жаратқанның заңымен емес, жаратылған адамның заңдарымен жүру хадистердің айтуынша, уақыт Қияметке жақындағанда ғана барып, адамзатқа көктен Иса пайғамбар түсіп, имам Мағди (Мәді, Мәди) жұршылықтан шығып, әділеттің халифатын орнатқанда барып бітпекші. Бірақ әділетті көктен күтіп отыра бермей, адамға aқыл-сана берген соң, Алла өзінің жердегі халифы, орынбасар өкілі қылған соң, қарекет қылып, Тәңірдің әділет үшін күрес деген бұйрығын орындауға тырысып бағу істің ең абзалы десек ешкім таласа қоймас.  

Бүгінгі қазақ баласын жалпы ғылымсыз, білімсіз деп айта алмаймыз. Бірақ сол ғылым-білімінен нақты нәтиже шамалы болып отыр.

Неге?

Алла Тағала жаратқандарының ішіндегі білімдісінің біреуі ­– шайтан лағынетулла. Ол азғындамай тұрған кезінде бас періште болып, қалған періштелерді оқытқан. Таза дүниауи білім-ғылыммен  қоғамды дамытам деу шайтанның жетегінде жүрумен пара-пар. Оған мысал, бүгінгі «гуманизмнен», яғни қазіргі батыс қоғамының зайырлы заңдарынан туындайтын  ессіз толеранттылық, «аз топтардың құқығы», «бір жыныстылардың некесі» сияқты рухани деградацияға, азғындауға, Лұт пайғамбар заманындағы Содом мен Гоморраға әкеп соғады. Залымдыққа құрылған ғылым, басқа емес өз бауырың Адам атаның (кейінгі зәузаттық  зерттеулер бойынша шамамен 60-130 мың жыл бұрын өмір сүрген жалпы адамзатқа ортақ гипотетикалық ата) баласын жаппай қыратын қару жасау (жалпы мұсылманның, оның ішінде түрік  жұртының ондай қару жасау ділі мен діні тұрмақ дітінде де жоқ, жаппай қыру құдайдың ғана ісі деп қабылдаған) да махаббатсыз ғылымнан. Махаббатсыз жасалған ғылым бедеу, PR үшін жасалған (жалған бедел, қызмет пен байлық) қазіргі қазақтың ғылымы сияқты, өркендемейді, тамырын тереңге сала алмайды.

Махаббатсыз ғылым - қасірет, махаббатсыз мейірім – мүсіркеу. Атақ үшін жасалған демеушілік – айғайлап  берген садақа. Махаббатсыз жасалған Мейірім мен Ғылым мәнсіз.  «Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил» дейді  Абай.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және сүй хақ жолы деп әділетті.

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз iс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрiн тегiс.
Бастапқы үшiн бекiтпей, соңғы төрттi
Қылмағанмен татымды бермес жемiс.

45-ші сөз бен осы өлең бір мезгілде жазылғанын аңғару қиын емес. Бірінші шумақтың соңғы жолы «Және хақ жол осы деп әділетті» кітаптарда қате беріліп жүр. Осылай деп айтқан М. Әуезов пен Қ. Мұхамедхановтың ескертулері бар.

Бұл өлең біздің ойымызша мынаны түсіндіреді:

Тәрбиесі дұрыс, білімді адамдар баршылық, бірақ бес парызды ұстанбайды. Бейімбетше айтсақ «Кәпір демесең, әулиенің нақ өзі». Басқа діндегі немесе кеңес дәуірінде қалыптасқан  шынайы ғалымдар не солардың жолын ұстанушылар  «бір үлкен құдай бар» деп іштей мойындайтын адамдар. Бірақ бұл жерде Құранның «Жапырақ та Біздің рұхсатымызсыз жерге түспейді» деген сөзін ескерсек керек. Бұлар осы өлеңнің бірінші шумағында айтылғандарды түйсікпен жасап жүргендер.

Сонымен қатар бес парызды мүлтіксіз орындайтын, бірақ тәрбиесі кемшін, білімі шала адамдар да жеткілікті. Он екінші қара сөзде «Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз» делінсе, оныншы қара сөзде «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» деген. Бұлар екінші шумақта айтылғандар.

Ал енді осы екі шумақтағы айтылғандардың екеуін де іс жүзінде жүзеге асыра алған адам «толық адам» болмақшы.

Алланы қалай сүйеміз? Адамзатты ше? Әділет деген не? Және әділетті сүю деген не?

Алланы сүю үшін Оны дұрыс тану керектігін «Отыз сегізінші қара сөздің мұраты» деген еңбегімізде айтып өткенбіз. Жаратушыны, Абайдың өзі қолданған терминдерімен айтсақ, Оның батини – трансценденталды жане захири – имманенттік сипаттары арқылы танимыз.

Адамның Аллаға деген махаббаты сенімнің негізі. «Адамдардың кейбіреулері Аллаға өзгені теңдес етеді де, оларды Алланы сүйгендей сүйеді. Ал мүміндер, Алланы тағы артық сүйеді.» (Құран, 2:165).

«Алланы жақсы көргенді Ол жақсы көреді.» (Құран, 5:54).

Ислами контексте Әділет дегеніміз әр нәрсенің өз орнында тұруы

«Шәксіз Алла турашыларды (әділдікпен амал еткендерді) сүйеді.» (Құран, 5:42)

«Және елшілермен бірге адам баласының әділ тұруы үшін Кітапты, мизанды (әр нәрсенің өлшеуін) жібердік.» (Құран, 57:25)

Адамзатты сүю отбасыңыз бен ұлтыңызды сүюден басталады. От басында берекесі жоқ пенде адамзатты сүйе алмасы белгілі.  

Фашизм, шовинизм мен патриотизмнің айырмашылығын махаббат пен әділет түсіндіреді. Махаббат пен Әділет әрқашан тең және қатар жүруі керек.Ұлтыңды сүй, бірақ оны басқадан жоғары қойма. Сіз бастық болып, бір қызметке лайық басқа адам бола тұра, білімі мен білігі ортаңқол туыс ініңізді сол орынға қойсаңыз, онда сіздің өзіңізге деген махаббатыңыз әділетіңізден жоғары тұр дегенді анық білдіреді. Бұл бүгінгі қазақтың басты кеселінің бірі.   

Адамның  бала-шағасы, ризық-несібеcі бәрі бір Алладан,  ал діні, отаны, ұлты мен тілі адамға тірлікте берген Алланың аманаты. «Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән»,- дейді Құран (57:2). Жемқор адам мемлектеттен ұрладым дегені Алланыкін ұрлағаны, дінін, тілін тастағаны Алланың аманатына қиянат жасағаны.  Пенде  өзін құдайдан да қу сезінді. Али Имран сүресінің 54 аятында былай делінген: «Олар айлакерлік істеді, Алла да амалын тапты. Алла айлакерлердің ең мықтысы».

Бүгінгі күні адамды дамудың биік деңгейіне білім-ғылым ғана жеткізе алады деген саналы ұғым берік қалыптасқан. Әрине, оқып үйрену, дұрыс білім алу керек. Бірақ білім бір өзі адамды өзгерте алмайды. Оқу сауатсызды сауатты, білімсізді білімді қылуы мүмкін, бірақ адамның мінезін өзгерте алмайды. Ақылды адам озық ғалым, білікті дәрігер болуы ықтимал, сонымен бірге сол ақыл сізді аса қауіпті қылмыскер қылуы да мүмкін. Білім адамның қоғам үшін кемел бола алатынына кепілдік бере алмайды. Сондықтан дұрыс мінез қалыптастыру қоғамда талап етілуі керек. Әрбір жеке адамның мінезінен Ұлттың мінезі қалыптасады. Білім мен мінез адамды кемеліне жеткізетін екі қанат. Бірін бірі толықтырушы. Білімді мұғалім берсе, мінезді ұстаз қалыптастырады. Мұғалім оқушыға теориялық білім беруі, кітап оқытуы мүмкін. Ал ұстаз беретінін жетеріне жеткізіп, өз бойынан, ішкі жан дүниесінен  өткізіп береді.

«Ұлтына, жұртына қызмет ету білімнен емес, мінезден», –дейді Әлихан.                        Ал мінезді қалай қалыптастырамыз? Пайғамбарымыз: «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деп айтқан. Ал мінезі көркем құл Алланың сүйген пендесі, Алланы сүйе алған адам. Бұхариден жеткен тағы бір хадис «Сендердің араларыңдағы жақсыларың ол жақсы мінез-құлықтыларың» дейді. «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады», –  он төртінші сөз.  «Адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім!», – отыз жетінші сөз.Яғни, мінез міндетті түрде керек және оны қалыптастырып, тәрбиелеуге болады. Мінезсіз жасық адам әділетті бола алмақ емес және махаббатпен сүйіп те жарытпақ емес.

Абай атамыз осы айтып отырғанымызды екі-ақ жолға сиғызған.

 

Үш ақ нәрсе - адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

 

Алтын хәкімнің осы келтірілген өлеңіндегі екінші жолға зер салып қарасақ, «жылы жүрек» махаббаттың, «нұрлы ақыл» әділеттің, ал «ыстық қайрат» мінездің синонимдері.

 

Ал енді осыны қазіргі қазақ қоғамында қалай іске асырамыз?

Абай атамыз отыз тоғызыншы қара сөзінде бұрынғылардың бізден несі артық деген сұрақ қойып, оған өзі жауап беріп, замандастарының  бірлік пен намыстан айрылғанын айтады.

Ал енді сол бірлік пен намыстан айырылды деп отырған заманда туса да, бүгінгі қазақ баласына имандылықта, адамгершілікте, білімділікте және отансүйгіштікте үлгі болып тұрған, үлгі болып қала беретін, осыдан бір ғасырдың әр жақ бер жағында ғұмыр кешкен Алаш қайраткерлері бізден несімен артық еді? Қазақтың бергі тарихындағы осы теңдессіз пассионарлықтың көзі қайда жатыр? Және оны қайталау мүмкін бе? Оның алғышарттарын жасай аламыз ба?

Одан әрі барсақ, жалпы алғанда исі мұсылман басқа христиан-иудей, болмаса мәжуси жұрттарынан дамуда неге артта қалды?

«Алла бізге екі кітап берді, біреуі Құран, екіншісі Табиғат», – деген екен XIX ғасырдағы Мысырдың қоғам және дін қайраткері Мұхаммед Абдо. Бұл жерде «Құран» деп жалпы исламды, ал «табиғат» деп тұтас болмысты, жаратылысты түсінеміз. Осы қара сөзінде Абай атамыз: «Біз Жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз» – дейді. Жаратқан көлеңке ол болмыс, табиғат. «Құран мен Табиғаттың арасында қарама-қайшылық болмауы керек, өйткені екеуінің авторы бір. Егер қарама-қайшылық кездессе, ол екеуін келістіретіндей шешім табу керек», – дейді Абдо. Осы екі кітаптың сырына қанық болу адамзатты дұрыс жолға салмақ. Қысқаша айтқанда, дін мен қолданбалы ғылымның барлық салаларын жетік меңгеруге ұмтылу.

Осыған ұқсас «Құдай бізге екі кітап, Библия мен табиғатты берді» деген христиандық ортадағы идея мен мұсылман әлеміндегі сол кездегі ғылымның дамуы кезінде ортағасырлық мешеу күйде қалған батысты ренессанс, қайта өрлеу дәуіріне, Да Винчи заманына әкелді.

Мұсылман әлеміндегі осындай серпіліс он тоғызыншы ғасырдың аяғы, жиырмасыншы ғасырдың басында Ресей империясындағы түркі мұсылмандарының арасында басталып еді. Бұл исламды реформалау емес, тек исламды түсіну мен түсіндірудің реформасы еді. Шетелдік ғылымда «Орыс жәдидшілдігі» («Russian jadidіsm») деген термин қалыптасқан. «Жәдид» деген сөз арабшадан аударғанда «жаңа», яғни жаңашылдық деген мағына білдіреді. «Усул-и-жәдид» жаңа тәсіл деген сөз. Жәдидшіліктің негізін салған Курсави мен Маржанидің  ісін жалғастырушы Исмаил Гаспиринскийдің бастауымен 1916 жылы Ресей империясында 5000-нан аса жәдиттік бағыттағы медреселер жұмыс істеген.  Бұл идея патшалық Ресейде Бақшасарайда шыққан «Тержуман» газетімен насихатталды. Осы идеяны басқа мұсылман елдерінде тарату мақсатында Исмаил бейдің Мысырда, Каирде  «әл Наһдаһ», яғни «қайта өрлеу» деген газет шығарғаны белгілі. Қадымшыл бағытқа қарсы қойылатын жәдидшілдік бағыты жалпы алғанда ағартушылық, түркі тілдері мен әдебиетін дамыту, зайырлы қоғамның  дүниауи пәндерін оқыту мен ғылым білімнің нәтижелерін қажетіне  жаратып, тұрмыста қолдануды мұрат етеді.

Абайдан бастап бүкіл Алашорда қайраткерлері жәдиттік бағыттағы медреселерде оқыған немесе жәдидшілдіктің ықпалында болған. Әуелі имани содан кейін барып зайырлы білім алып, ақ пен қараны ажыратқан соң ұлтына деген махаббаттан, Алаш жұртына Патшалық Ресей, кейін кеңестік жүйе тарапынан жасалып отырған әділетсіздікке қарсы тұрып,  жанқиярлықпен еңбек етіп, көбі сол жолда опат болды.

Оллаһи! Ант етемін Алла атымен!
Орыс тілін білемін һәм хатымен,
История, жағрафия пәнді білмей!
Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мeн.

Сұлтанмахмұттың осы бір шумағынан жәдидшілдіктің иісі аңқып тұр.

Исмаил Ғаспаралы бейдің Мысырда, Каирдегі шығарған газетін  «әл Наһдаһ»,  «қайта өрлеу» деп атауының себебі орта ғасырда араб, түрік мұсылман жұрты дәуірлеп тұрғанын білеміз.

«Крес жорығы» еуропалықтарға недей өзгерістер әкелді дегенде мыналарды айта аламыз, «кресшілер» өздерінің кресімен бірге кейін қарай Еуропаға қайтқанда катапультті, оқ дәріні, концентрлік қамалдарды, жұмыр мұнараларды, үшкір аркаларды, шахматты, алдыңғы қатарлы медициналық білімді, алхимияны, көлденең желкенді, навигациялық аспаптарды, жел диірмендерін, доңғалақты арбаны, сол кездегі алдыңғы қатарлы математикалық білімді (нөл мен алгебра) және музыкалық аспаптарды (арфа, гобоя мен лютня) Еуропасына арқалай кеткен. Тауар ретінде кілемдер, жібек, мақта, дәмдеуіштер, цитрустар (апельсин, лимон және т.б.), қант, кондитерлік тағамдарды (нуга, рахат-лукум) тұтына бастады. Үй жануарлары есек, хат тасушы кептерлер мен жүйрік сәйгүліктерді асырай бастады. Салахаддиннің кезінде сол «кресшілерді» жеңуі сол кездегі мұсылман жұртының технологиясы мен білімінің артықшылығымен түсіндіріледі.

Бір өкініштісі патшалы Ресей, кейін Қызыл империя осы басталған жәдидшілдік серпілісті су сепкендей басып, жаншып тастады.

Қазіргі қазақ қоғамында білімі мен тәрбиесі әркелкі, алған бағыты бұлыңғыр, негізінен орыс мектептерінің көшірмесі болып келетін басым көпшіліктегі қазақ мектептерінен басқа қарапайым тұрмыс пен тәрбиеде екі процесс жүріп жатыр. Біреуі көз жұмбай батыстану (орыстану арқылы еуропалану), екіншісі сол батысшылдықты толығымен терістейтін мұсылмандық бағыттағы қадымшылдық.  Батыстану жоғарыда айтылған «екі кітаптың» (Құран мен Табиғаттың) біріншісін мансұқтап материалдық жақтан байытса да, рухани азғындыққа, құдайсыз қоғамға әкеледі. Ал қадымшылдық екінші кітапты мойындамай, моралдық жақтан жетістікке жетсе де, ғылымнан әлсіреп, мешеулікке ұрындырады. «Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды», –дейді Абай, оныншы қара сөз. Осыларға балама бола алатын, бәсекеге қабілетті жол ол – жәдидшілдік. Жәдидшілдік екі кітапты да мойындайды.

Жәдидшілдік идеясы өлген жоқ. Сол жәдидтік медреселердің біздегі алыс жұрнағы, артынан әртүрлі қауесеттер еріп жүретін қазақ-түрік лицейлері. Қалыптаса бастағанына жиырма жылдың көлемі болса да, көпшілік онда берілетін білім мен тәрбиені ұнатады, оған «түсу» үшін конкурс өте жоғары. Бірақ бұл лицейлер көпшілікті қамти алмайтындықтан, сол қазақ-түрік лицейлері формасында таза қазақ мектептерін қалыптастыру керек. Сол лицейлерде ұстаздық ететін тәжірибелі қазақтың қыз-жігіттері дайын. Жоғарғы оқу орындарын да осы жолмен жүрсе сапасыз білімнен, арсыз парақорлықтан құтыламыз деген үміттеміз. Ол оқу орындарын бітірген ұрпақтар өз кезегінде бүкіл қазақ қоғамын сауықтандыруы ықтимал.

Көктемі келіп ғұмырдың
Күркіреп күні Тәңірдің
Жан дүнием көгеріп,
ИМАНЫМ гүлдеп ашылар,

Ақ жауын болып сіркіреп,
МАХАББАТ жуып өткенде
Тамырыма қан жүріп,
Жүрегім кірден аршылар,

Меңіреу, соқыр санаға
ҒАДІЛЕТ-жасын дөп тиіп,
Көзді ашып, көңіл сергітер
Алашта бір күн бар шығар!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2279
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596