Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6797 0 пікір 2 Шілде, 2013 сағат 05:07

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы . Ана архетипі: «Ұлтабар» хикаяты

Біз көбіне пендешілікпен бөрік кигеннің намысы бір деген ойдың жетегінде кетіп, қыз-келіншектер әдебиетінің қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алатындығын естен шығарып аламыз. Не болмаса, ерлермен тіркестіріп, осыларды да бір елеп ескеру керек сықылды  деген көңіл жықпастықпен қосақ арасында атай саламыз. Әйелдер әдебиеті – дау-дамайға толы әдеби факті, адамзаттың асыл  негізі аналардың қолымен  жазылған мәтін сөз өнерінің дербес саласы болуға құқылығы жайында пікір ала құлалығы жетіп артылады.

 

Әйелден әдебиетші шықпайды ма?

Біз көбіне пендешілікпен бөрік кигеннің намысы бір деген ойдың жетегінде кетіп, қыз-келіншектер әдебиетінің қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алатындығын естен шығарып аламыз. Не болмаса, ерлермен тіркестіріп, осыларды да бір елеп ескеру керек сықылды  деген көңіл жықпастықпен қосақ арасында атай саламыз. Әйелдер әдебиеті – дау-дамайға толы әдеби факті, адамзаттың асыл  негізі аналардың қолымен  жазылған мәтін сөз өнерінің дербес саласы болуға құқылығы жайында пікір ала құлалығы жетіп артылады.

 

Әйелден әдебиетші шықпайды ма?

Біз қазір данышпан да, кемеңгерге балайтын ақылмандар әйелдердің шығармашылығына үрке қараушы секемшіл пікірде болғандығын аңдаймыз.  Ф. Ницше үшін жазушы әйел:  «әйел-әдебиетші, қанағаттанбаған, тынымсыз, жеміссіз жүрек пен мәуесіз ойдың иесі»[Сумерки кумиров, или Как философствуют молотом // Ницше Ф. Стихотворения. Философская проза. СПб., 1993. С. 598.]. О. Вейнингер өз кезегінде XX  ғасырдағы әйелде жан да, өрелік те, адамгершілік сезімі де жоқ деген сыңайдағы: «Көптеген әйел жазушылар бар, бірақ, осы бір әйелдердің қаламынан шыққандарынан ешбір өрелі ойды емге таба алмаймыз» [Пол и характер. Ростов-на-Дону, 1998. С.273.] атты «ұлы  жаңалығын» ашып айды аспанға бірақ шығарды.

Бұған қарама қарсы феминистік пікірдегі сыншы ғалымдар Ю. Кристева, Л. Иригарэй, Э. Сиксу өз кезегінде керісінше, «әйелдер әдебиетін» әдеби процестен тұтастай бөліп алып, оның «нағыз» атануына құқығы зор екендігін әлемге паш етіп үлгерді. Олар әйелдер шығармашылығына икемділік, поливалентілік, бейзорлық тән болып келеді деп өз дәйектерін алға тартады. 

Ал, бірқатар сыншылар әдебиет соғырлым солғын болған сайын «ер» және «әйел» деп бөлінушілік орын алады да, әдебиет өзінің жоғары аңсарлы мәнділігіне жеткен тұста әлемдік сөз өнері тарихы жыныстық «алақұлалылықты» жоққа шығарып, адамзат прозадағы «асыл» мен «татымсызды»  өзі-ақ екшеп алады деген орынды пкірілерін түйіндейді.

Иә, бағымызға қарай қазақ прозасы «еркек» және «әйел» деп еш бөлінген емес, тек «жақсы» және «жаман» болып сараланып келеді. Бірақ та, әдеби процесте өзіндік орны бар қазақ прозасының саңлақтары  Шәрбану Құмарова, Айгүл Кемелбаева, Роза Мұқанова, Гүлзат Шойбекова т.б. бір тұтастықта алынып қарастырылып, арнайы зерттеу нышанатына айналуға тиіс. Біз қазақтың қалам ұстаған әйелдер қауымын бөлшектемей, олардың шығармашылығын ерлермен бірлікте алып, тұтастыра қарастырар болсақ, қазір Батыс әдебиетінде шатысып-бытысып жүрген алакүбі ойдан әдебиеттану ғылымын арашалап алар едік. 

 

Қазақта жынысқа бөлінбейтін  поза – Алаш прозасы

Қазақта жынысқа бөлінбейтін Алаш прозасы ғана бар. Біз қазір соның көсегесін өзінің мистикалық реализмімен көгертіп жүрген сөз асылының байбына барып, мәйегіне қанып жүрген қаламгерлеріміздің бірі – Гүлзат Шойбекованың «Ұлтабар» хикаятының (автор – өзі повесть деп атайды) негізінде ойымызды өрбітіп, пікірімізді түйіндемекпіз. Бүгінде бір нәрсенің басын ашып алған ләзім. Авторлар көбіне әдебиеттанушылар келісе қоймайтын жанрлық ұғымдарды қолдануға әуес, романның немесе минироманның шартына толық жауап беретін шығарманы повесть деп атауға бой алдырады да, зерттеушісін дал қылады. Кейде шағын әңгіме қаламгерінің сөз сиқырын жете меңгеруінің арқасында хикаяттық құдіретке ие болады. Біз «Ұлтабардың» баспа бетіне шыққан ықшамдалған нұсқасы мен  қолжазбалық нұсқасы бойынша талдама жасауға оқталған тұста бұл туындының жанраралық текке жататын шығарма екендігін байқадық. Романның жүгін арқалаған мәтінді шартты түрде өз тарапымыздан хикаят деп атап отырмыз. Бұлай деуімізге, алаш әдебиетіндегі әдеби парадокс  Тайыр Жомартбаевтың өткен ғасыр басындағы тұңғыш сатиралық ертегілік романы –  «Қыз көрелік» мысал бола алады. Гүлзаттың бұл туындысын енді-енді өрістеп келе жатқан қазақ әдеби процесіндегі миниромандардың көрініс беруінің жарқын үлгісі демекпіз.

Автор Алаш Анасының идеалды бейнесін: «Iшiме адам айтса нанғысыз жанталас кiрдi. «Анау «Маймылдың миын» жазған Бiрдеме... ский кiм? Мына «Сыңар аяқты» жазған Сiрдеме...беков кiм? Мен кiм? Мен Қазақпын! Еркiндiкпiн, Азатпын! Қалмағың мен орысың үш жүз жылдан қойнына қолын салса да құпиясын бiле алмаған Ғажаппын! Өр кеуделi мен қазақтың қызымын! Демек, ұлтымның Намысымын, Арымын! Қазақ атамның ұрпағы менiң Намысымнан нәр алып, менiң Арыммен адымын түзейдi. Мен неге осал болуға тиiспiн. Көрсiн әлем, қазақ Қызының кiм екенiн» деп қапысыз сомдайды. Оған қарсы пікір: «Әйелден өнер-ғылым шықпайды» деп жүрген Ғаниым сол әйелден ұрлық емес, барын тартып алып зорлық жасап тұрғаны қалай» делініп, ницщелік орайда бой көтеріп, өзінің ұстанымдық шалажансарлығын танытып алады.

Бірден аңғарылатын бір жайт қаламгердің бұл шығармасын ұлттық архетипсіз қабылдай алмайтындығымыз. Және қаламгер өз әдеби дербестігі мен шығармашылық стильдік ерекшелігін тапқан прозаиктеріміздің қатарынан. Қазақ әдебиетіне қазір экспозициясыз бірден туындыны авторлық монологпен бастап кету және «МЕН-СЕН»-«СЕН-МЕН» монологтық наррациясы дендеп енді. Қаламгерлеріміздің сөз саптауы сан алуандана түсті. Кезінде тілшілер қазақ әдебиеттануына зорлықпен енгізген 1 және 3 жақтан баяндау дейтін қисынсыздық осылайша зерделі де, іздемпаз сөз зергерлерінің бал жиған арадай тынымсыз шығармашылық еңбектенулерінің арқасында ұлт әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, әлем әдебиетімен бірге қарыштай қадам басуға жетелеп отыр.

Иә, «Ұлтабар» өз бойына көркемдік жаңашылдығы мен алаштың мистицизмін сыйдырған хикаят екендігін өзінің алғашқы жолынан-ақ танытады:

«Ей, менiң жанымның, жаратылысымның бiр бөлшегi  болған Түстерiм, маған ненi түсiндiргiлерiң келедi?!

Ей, менiң әлдеқашан жер қойнына кеткен жақындарым, мені неге сарсаңға салып, менен не күтесiңдер?!

Екi дүниенiң арасы тым жақын, тым ұзақ, ...құрдым, бірақ осы құрдым бiзге кедергi ме?!

Бiздер кездейсоқтыққа балап жүргендерiмiздiң барлығын бiз дүниеге келмей жатып бiр Құдiреттiң жасап қойғандығын, ол жолдан, ол бағдарламадан тұтастай бөлiнiп шығып кете алмайтынымызды, өз қалауымызбен өмiр сүрiп жүрмiз дегеннiң өзiнде сол құдiреттiң шеңберiнiң iшiнде, сол құдiреттiң қалауымен өмiр сүрiп жатқанымызды менен де жақсы бiлесiздер ғой. Өлгендер, нағыз тiрi – Сiздерсiздер! Күш-қуат, құдiрет сiздерде. Бiздер орындаушы, бағынушы, шарасыз пендемiз».

Архетип – дегеніміз адам қабылдауындағы әлдебір әмбебап образ екендігін әуелі аярлықпен З. Фрейд енгізіп, алдымен оның зымияндығының жетегінде кетіп, кейін одан іргесін аулақтатқан пікірлесі, орынсыз дәріптелген ғылымдағы алаяқ австриялықтың ешбір негісіз ауа жайылған ешбір дәстүрлі дін қабылмайтын бейәдеп қателігін бетіне басып, шынайы архетиптің не екендігін ғылымға енгізген К. Г. Юнг, кейінірек философиядағы психоаналитикалық бағыттың өкілі Ж. Лакан өз еңбектерінде  атап өтті. К. Г. Юнгше, бұл образдар адам санасын билеп-төстеп, «барлық адамдар бойында әркімнің жан әлемінің ортақтық негізін түзетін  жекешілдік (сверхличный) табиғатына ие болу» ұжымдық сансыздықтың басты мазмұны болып табылады. 

Міне, осының бәрі хикаяттың нарраттық бастамалығы монологтік «МЕН-СЕН»-«СЕН-МЕН» арқылы оқырман санасына жол тартады. Қаны қазақ, жаны қазақ оқырман мен алаш авторы арасында сұхбаттастық ауаны қалыптасады. «Адамзат тiршiлiк етiп келе жатқан Жер-дүние – бүкiл құпия әлемнiң қайнар ортасы және не iздесең табылатын әлемдердiң жаннаты. Менiң халқым – тұла бойында тұнып тұрған тектiлiгiн бағалай алмай өзгеге телмiрумен келе жатқан аңғал да дарақы. Ал мен осы халықтың бiр тамшы қанынан жаратыла тұра, бiлгенiн ешкiмге үйретуге тырыспаған – әрi надан, әрi залыммын. Сiздерден иiлiп  кешiрiм сұрай отырып, бiр қызық жайды баян етейiн».

Біз тарансмәдени кезеңдерге бой ұрып, мәтіннің жетегіне ілесіп, бағзы қазақ тірлігіне құлаш ұрып қалай қойып кеткенімізді өзімізде аңғармай қаламыз. Бұл арада бірдің атынан мыңның ойын сыртқа лықсыту мен мыңның атынан бірдің пікірін жұртқа жаю орын алады. «Сана ағымы» Гүлзат қаламы құдіретімен ұлттық жиынтық образ – Алаш Анасы архетипін жадымызда орнықтырады.

ТМД-лық зертеушілер Е.Петрова, В.Шишкиндер  К. Г. Юнгтің еңбектері бойынша: Көлеңке Архетипі (Архетип Тени), Анима Архетипі (Архетип Анимы), Ана немесе Жан Архетипі (Архетип Матери или Души), Абыз Архетипі (Архетип Мудреца), Анимус Архетипі (Архетип Анимуса), Сәби Архетипі (Архетип Ребёнка) сияқты алты негізгі архетипі атап көрсетеді.  Г.Шойбекова Ана немесе Жан Архетипі және Сәби Архетипі арқылы өзіндік шығармашылық әлемін өмірге әкеле білді деп айтуға негіз бар.

«Бала жастан менi қоршаған бiр құпия әлем бар. Оның сырын анам ғана бiлетiн. Ол бақилық болып кеткелi мен жалғызбын. Өзегiмдi жарып бара жатса да ол жайлы тiс жарып тiрi жанға айта алмаған едiм. Бүгiн амалсыздан ақтарылғалы отырмын. Ол сыр – менiң түс көргiштiгiм. Түс көрмейтiн адам болмайды дерсiз. Маған қорқыныштысы – көрген түстерiмнiң айна қатесiз өмiрде орындалатындығы».

Осы бағытта ұлттық санасыздық «түс көру» мифтемесі мәтін құрылымына дендеп орнығып, «Ұлтабардың» лейтмотивін құрайды. Қазақ ертегілік және ертегілік емес прозасындағы архетиптік нышан-белгі сюжеттік желінің өрбуіне септесіп, қазіргі қазақ прозасындағы дәстүр мен жаңашылдықты оқырманға таныта түседі.

«Түсiмде әкемдi көрiппiн. Қараңғыда  жол таппай келе жатыр екенмiн. Алыстан жарық көрiнедi. Жанына барсам – жап-жасыл бақтың ішінде төбесi жабық, жан-жағы ашық, жаздық бiр лашық сияқты сәкiде әкем отыр. Отырған жерi де, айналасы да жап-жарық, ерекше нұрға бөленген. Әкем менi көзi шалысымен  орнынан атып тұрып құшақтайды. Мен де әкемдi құшақтап жылап қоя беремiн.  Көз жасыма шыланып тұрып:

–  Әке, әке, үйiм қашан болады!  Әбден  тозып кеттiм ғой, мына балаларымды таза  жерде өсiргiм келедi, –  деймiн.

– Сенiң тiлеуiңдi тiлеп жүрмiн ғой, – деп арқамнан қағып әкем де қосыла жылайды. – Бұл жаққа неге асыға бересiң? Бұл жақта ешқандай да қызық жоқ. Одан да сендер жаққа асығып отырған «Ғажап бала» бар, соны қарсы алыңдаршы. Бiрақ ол бала Оған сен риза болсаң ғана барады, – дейдi».

 М. Марк пен К. Пирсондар қаламгер өз кезегінде екі түрлі амал-тәсіл (индивидуумның даму кезеңі мен уәжілдіктің қалыптасуы) арқылы әрбір адамға психологиялық типі және мінез-құлығына орай өзінің психикасын белгілі бір ақпаратты қабылдау бейімділігін дамыту үшін өз шығармалары бойында тұлғалық архетиптер (архетипы личностей), экзистенциалды мазмұндағы архетиптер (архетипы экзистенциального содержания), өміртүзуші архетиптер (архетипы жизнеустроительные), уақыттық архетиптерді (архетипы времени) өрелікпен ұсынады деген орынды пікір айтады. Біз Гүлзаттағы мәтін бойында ұшырасатын тұлғалық архетиптерді жоғарыда сөз етіп кеттік. Енді, жазушының экзистенциалды мазмұндағы архетиптеріне келетін болсақ: Көлеңке Архетипі немесе Сыңар Архетипі (Архетип Двойника) және Өмір Архетипін жатқыза аламыз.

 

Бағзықазақтық ұғым-түсініктер: Түс көру

Енді мәтінге сөз кезегін берейік: «Түс көргiштiк қабiлет бiрге туған сыңарым Сағирада да бар. Бiз егiз едiк. Егiз деп аталып, бiрдей киiм кигенiмiзбен дене бiтiмiмiз де, түр-тұлғамыз да, тiптi мiнез-құлқымыз да бiр-бiрiмiзге ұқсамады. Ұқсамақ түгiлi екеумiздi   бiрге туылған ағайынды деуге келмейтiн айырмашылықта едiк. Осыншама айырмашылық, кереғарлықтың iшiнде екеумiздi жақындатып, байлап-матап қойғандай әсер ететiн жалғыз-ақ нәрсе болатын. Ол – екеумiздiң бiрдей түс көретiндiгiмiз едi. Сағира әлдекiмнен зәбiр көргенде және түсiнен шошығанда ғана бауырыма тығылып, менiмен бiрге туылғаны есiне түскендей пана iздейтiн. Басқа кездерде менiң өлi-тiрiм оған әсер етпейтiн. Ал ол дегенде менiң шығарға жаным бөлек едi. Есейе келе Сағирадағы түс көру қабiлетi көмескiленiп жоғала бастады да, керiсiнше менiң санамдағы әлдебiр тұман сейiлiп, құпия әлемнiң сыры айқындалып келе жатты.

Түс көрудiң ең қорқынышты жерi – оны көрiп жатқан сәт емес, көрiп болғаннан кейiнгi сәт. Аузыңа өз дене салмағыңнан да ауыр құлып керек.

Түс ғайыптан келiп сенiң санаңа енген сәтте балқыған бiр бейнеде ауада қалықтап тұратын секiлдi. Аузыңды «а» деп ашып жорыдың екен, ол әп-сәтте-ақ сол бейнеге енiп, адам  өмiрiнде оқиға түрiнде орын алады.

Үнемi болмаса да арагiдiк Сағираның да көргендерi келiп тұратын. Кейде жүздескен, хабарласқан сәттерiмiзде «түс көрдiң бе, апамның, әкемнiң жағдайы қалай екен?» деу бiзге үйреншiктi жағдай. Олар  бiраз уақыт түсiмiзге енбей кетсе кәдiмгiдей алаңдаймыз».

Осылайша бағзықазақтық ұғым-түсініктерді өрілткен қаламгер қаламы ұлттық «түс көру» мифтемесін темірқазық ете отырып, Өміртүзуші архетип: мифологиялық символ «Ұлтабарға» оқырманын бастап алып келіп, алаштың мәдени құндылығы аясында ұлтын милетшілдікпен ұлықтауға көшеді.

«Жаңа жердегi жаңа емхана, бейтаныс дәрiгерлер. Маған тағы да «ұлтабарың ауырады» деген анықтама берiлдi. Бiр құдiрет менi қайда барсам да ұлтабарға қарай итере бердi. Бiрнеше бөлмедегi тексерулерден өтiп, соңғы есiктiң алдында тұрмын».

Соңғы кезде қазақ прозасындағы өнімді жаңашылдық кірістірме новелланы кеңінен қолданушылықтың орны алуы оқырман ретінде бізді қатты қуантады. «Ұлтабардағы» «Дәрігердің әңгімесі» атты кірістірме новеллалар шоғыры хикаяттың әрін кіргізіп, автордың шығармашылық мақсатына қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Қазақ ұғымындағы аң мен құс, өсімдік әлемі мен ұлтық ою-өрнек те, рулық таңбалар да архетиптік символикаға ие дей аламыз. Осының бәрі ұжымдық санасыздықпен қазақ қаламгерлерінің бойында қай тілде жазбасын мәдени кодтану арқылы шығармашылық процесс үстінде көрініс тауып отырады. Осы архетиптік символикамыздың бірі – «Ұлтабарды» қаламгер түрлі қырынан тәмсілдейді, кейде ешкім ойламайтын жерден сонылықпен тәпсірлейді. Осы жолда автор «– Маған ұлтабардың орысшасын айтып берiңiзшi, дәрiгерсiз ғой, – дедiм бейне бiр ұлтабардың орысшасын бiлсем бүкiл сырқатымнан сол сәтте-ақ айығып  кететiндей.

– Неге? – дедi дәрiгер көзi шарасынан шыға таңданып, – оның орысшасын не iстейсiз?

– Не iстейтiнiмдi өзiм де бiлмеймiн, әйтеуiр осы ұлтабары құрғыр менi әбден шаршатты»... Шығармашылық адамы Ағила мен адам жанының арашасы дәрігер ғалым Нұржан Нұрғалиұлы арасындағы дәнекер байланысқа куә боламыз.

«Бiр салада қызмет етсең де бiлмейтiн медициналық жұмбақтар көп қой. Сөзден сөз туып, онкологтар өз саласы бойынша бiрiнiң сөзiн бiрi iлiп әкетiп дабырласып отырған. Кенет олар  әйел жатырындағы онкологиялық iсiктердiң операция кезiнде  табылмай қалатынын, қашып басқа ағзаға емес, тура ұлтабарға барып жасырынатынын айтып қалды. Ал ұлтабардағы iсiктер жатырға...

– Ұлтабар мен жатырдың қандай байланысы бар? – деп мен жұлып алғандай сұрақ қойдым. – Ұлтабар ас қорыту органы, ал жатыр жыныс мүшесiне жатпай ма?!

– Бiлмеймiз, – дестi олар, – бiлмеймiз. Алланың бiр құдiретi!».

Иә, ол құдірет қазаққа қана танылған деп ойын түйіндеген қаламгер кейіпкер ауызына бір кезде әлемдік империя құрған ұлттың бүгінгі өкінішін былайша салады: «Кей халықтарды ұлы халық дейді. Олардың ұлылығы неде? Ұлылығы – ғылымда. Ғылымның сан-салалы тарауларына терең үңіліп, зерттеп, ғылыми дәлелдеуінде. Ғылымы озық елдің    ісі де, сөзі де озық. Олар өмірдегі тіршілік атаулыға ғылым көзімен қарайды. Ал біз әлемге орыстың терезесі арқылы сығалаймыз... Қолымызда тұрған ғылымды елемей біреу сырттан әкеліп көрсетсе таң-тамаша боламыз. Ғылым тек шет елде дәлелдену керек сияқты әлдебір көкжиекке көз талдыра жаңалық күтеміз. Бізге салғырттықтан, бойкүйездіктен жылдам арылғанымыз жөн.

Мен ұлтабарды ғылыми дәлелдеп шыққан күнде де менің қазағым он ойланып, жүз толғанып «расында осындай сөз бар еді ғой, мынаның ғылымы рас па екен, жалған ба, қазақ    атамның ырым-жоралғысының астарында шынында да шындық болғаны ма?» деп даурығып жүргенде әлгі ұлы халықтар оны жүзеге асырып, патиентін иеленіп те қояды. Біз тағы да алданып, қойдың ұлтабарын жеп қала береміз»...

Ұжымдық санасыздық теориясының негізін салушы К. Г. Юнг замана адамының санасының аз ғана бөлігі өз дәуірінің өнімі болса, қалғаны көне дәуірден мұраға семиотикалық мұрағат, онда ойлау архетип пен символ арқылы таңбаланған деп есептейді.  К. Г. Юнгке салсақ, ең көне образға «сәби архетипін» жатқызамыз. Ол туралы дерек көзі мифологиялық, фольклорлық, дін арқылы тарамдалады.  К. Г. Юнг архетиптік мазмұнның көрініс табуының қиындығын ауызға ала отырып, символикалық кейіптенген сәби образының төрт негізгі мотивін атап көрсетеді. Олар: шексіз мүмкіндік жасырынған болашақтың әлеуеті; әлем мен мәдениеттің тұмса кезін танытатын тәңірше (божества), мифтік қаһарманның сакралды символы; жыныстық нышаны айқындалмаған бейуақыттың, бөлшектенбеген әлемнің бейдүниелік тәртібінің символы; бейрационалды бастау көздің кейіптеніп, өмірді бейкүнәлікпен қабылдау.

«Араға үш жыл салып босағасын аттап тұрмын.  Әкем үшiн, Ғажап бала үшiн және бойымызда бүлкiлдей ағып жатқан қанымыз үшiн... Әлсiн-әлсiн баяғы Ғажап баланы ойлап қоямын. Оны қарсы алуға ешқайсымыз дайын болмағанымыз ба? Адамның емес, Алланың бергелi тұрған сыйлығын қабылдамау – неткен надандық, неткен қатыгездiк... Ол – Ғажап бала! Ол дүниеге келуге тиiстi. Мен оны қалайда дүниеге әкелемiн! Тiптi өзiм бұл дүниенi көрмей кетсем де...» деген жолдардан бір перзент үшін неге де болсын баратын қазақ анасының жан кештілігін түстеп танып, Ана Ұлылығына бас иеміз. Тілімізде Ұлы деген Жаратқанға тән эпитет тек Алаш Анасы сөзімен ғана қосақталады.

Сондықтан, қаламгерлеріміздегі бала кейпі санасыздықтың спотанды, синкретті, образды табиғатын танытады. Гүлзаттағы «мәңгілік бала» бейнесі «ғажайып бала» бейнесіне айналып, алаштың бақилық архаикасы мен «тәңірлік» және «пенделік» әлемінің арқауын жалғастырады. Осы «ғажайып бала» мотивін алғаш қазақ әдебиетіне әкелген жазушы Марал Сқақбаевтың жеке бастық пенделік драмасын, одан әрі жұтындырып, жалпыұлттық драмаға айналдырған шығарманың кейіпкері Ағиланың ұлы жүрегінің дүрсілімен тыныстаған тылсымды хикаяттың соңғы бетін жабамыз.

Abai.kz

0 пікір