Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2019
Жаңалықтар 2166 0 пікір 30 Маусым, 2013 сағат 21:37

ҚАСЫМОВ ҚАЙ ҚАЗАҚТАН АРТЫҚ ЕКЕН?

Осы біздің министрлердің тілі қай тіл? Әрине, мұндай сұрақты тек Қазақстанда ғана қоюға болады. Өзге елде күлкілі. Франция туралы сөз жоқ, ұлттық мемлекет. Англия ағылшын тілінен басқа тілді мойындамайды да. Ал сансыз ұлтты АҚШ-та да ағылшын тілін білмесең, билікке бару түгілі сол елде тұрып, өмір сүрудің өзі неғайбіл. Алысқа бармай-ақ қай жағынан да үлгі тұтып жүретін мына Ресейді алайықшы. Орыс тілін білмесең, билікті былай қойып, қара жұмыстың өзіне зар болып қалуың мүмкін. «Онда орыс тілін бәрі біледі ғой» дерсіз. Ол рас, мәселе ресейліктер туралы емес, гастарбайтерлерге қатысты. Таяуда бекітілген заңда келімсектер орыс тілін білмесе, ешқандай жұмысқа қабылданбайтыны айтылған. Біреудің тілінде, ділінде, тіпті дінінде неміз бар еді, егер мына бір оқиға болмағанда.

Осы біздің министрлердің тілі қай тіл? Әрине, мұндай сұрақты тек Қазақстанда ғана қоюға болады. Өзге елде күлкілі. Франция туралы сөз жоқ, ұлттық мемлекет. Англия ағылшын тілінен басқа тілді мойындамайды да. Ал сансыз ұлтты АҚШ-та да ағылшын тілін білмесең, билікке бару түгілі сол елде тұрып, өмір сүрудің өзі неғайбіл. Алысқа бармай-ақ қай жағынан да үлгі тұтып жүретін мына Ресейді алайықшы. Орыс тілін білмесең, билікті былай қойып, қара жұмыстың өзіне зар болып қалуың мүмкін. «Онда орыс тілін бәрі біледі ғой» дерсіз. Ол рас, мәселе ресейліктер туралы емес, гастарбайтерлерге қатысты. Таяуда бекітілген заңда келімсектер орыс тілін білмесе, ешқандай жұмысқа қабылданбайтыны айтылған. Біреудің тілінде, ділінде, тіпті дінінде неміз бар еді, егер мына бір оқиға болмағанда.
Жақында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов депутаттар алдында сөз сөйледі. Орыс тілінде. Бұл тілде ол «суда жүзген балық» секілді, ауыздыға сөз, аттыға жол бермейді. Орысша сұрақтарға тосыла қоймады, қазақша қойылған сауалға пысқырып та қарамады. «Қуырдақтың көкесі» залдан шыққаннан кейін, дәлізде болды. Генералды БАҚ өкілдері қарсы алды. Әдеттегідей орыстілді журналистердің сұрақтарына мұқият жауап берген министр кетуге беттеген, «қазақша!», «қазақша!» деп шыр-пыры шыққан әріптестерге жалын ғана көрсетіп, жөнеп берді. Бейне бір қазақ тілі атасын өлтіргендей. Бір бұл емес, қашан да осы. Сонда ол қай елдің министрі? Ана тілін менсінбеген министрден не үміт, не қайыр?
Мемлекеттік тілдің көсегесін көгертпей отырған осы министрлер ме деген ой келіп жүр. Министр – Президент, Премьер-министр мен оның орынбасарларынан кейінгі, ең ұлық лауазым. Егер министр мемлекеттік тілді білмесе, қарамағындағыларға да ол тілдің құны бір тиын. Ондай министр құжатты орысша сұратады. Оның орынбасары да үлкен дөкей, ол да департамент бастықтарынан осыны талап етеді. Департамент бастығы өз орынбасарынан, ол басқарма бастығынан, ол өз орынбасарынан, ол бөлім бастығынан... Міне, осылай кете береді. Ал жай қызметкер не істейді, құжатты солар талап еткен тілде әзірлеуге мәжбүр. Қазақ тілінің аударма тілі болып, кей жерде мүлде жұмыс істемей жатуы осындай кісәпір шенеуніктердің кесірі.
Ал қалған министрлердің тілі қай тіл екен?
Қазақ тілді министрлердің көшін Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құлмұхамедтің бастап тұрғаны аспанда Күн мен Айдың барындай ақиқат. Мұхтар Абрарұлы «мектепті де, университетті де қазақша бітірген, қазақ тілін ол жақсы білмегенде, кім білуге тиіс?» дейтіндер табылар. Ал сол «қазақ мектебін бітірген» Мұхтар мырзаға орыс тілін орыс лингвистикасының майын ішкен академиктердің өзіне үйрететіндей ұшан-теңіз білім қалай келді деп неге сұрамайды орыс тілінің жалына жармасып алғандар? Апыр-ау, осы Қасымов басқаны былай қойып, екі тілде тең көсілетін Президенттен неге үлгі алмайды? Үкімет отырыстарында Кабинет мүшелерін қазақ тілінде сыпайы сыбап алатын Премьер-министрден неге сабақ алмасқа? Тіпті іздесе қасынан табылатын қазақтың ардақты ұлы Құл-Мұхамедтен неге сұрамайды? Сұраса, қазақ тілін үйрететін орталықтан мықты бір ұстазды бөліп беріп, тілін сындыруға көмектесуден қашар ма еді ол!
Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев та дүлдүл. Екі тілге бірдей. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов та екі тілді тел емген арда. Бірақ көбіне орысшаға бүйрегі бұрыңқырап тұрады. 1 сыныптан бастап үш тілді оқуды енгізіп, сәбилердің миын ботқа етіп жүргені болмаса. Интеграция ісі жөніндегі министр Жанар Айжанова да екі аяғын тең басқан жүйрік. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қапаров та ағып тұр екі тілде. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков оңтүстіктің төлі, ол жақта қазақша білмеу күнә. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев екі жаққа да дес беретіндердің қатарынан емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Гүлшара Әбдіхалықова да, одан кейінгі Серік Әбденов те, тіпті қазір сол лауазымды уақытша атқарып жүрген Тамара Дүйсенова да қазақша да, орысша да таза сөйлейді. Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевқа да қояр кінә жоқ. Орысша сұраққа – орысша, қазақшаға қазақша еркін жауап бере алады.
Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев орыстілді болғанымен, қазақшаға бет бұрып келеді. Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков анда-санда қазақша үзіп-жұлып сөйлеп жүр. Ағылшын, урду, хинди, тіпті көне иврит тілін де меңгерген, бірақ қазақша әліпті таяқ деп білмейтін, кезінде «қазақ тілі дипломатияның тілі емес, қазақ тілі дипломатияның, халықаралық саясаттың тілі бола алмайды» деп, қазақ тілінің халықаралық деңгейін өзінше «белгілеп берген» Сыртқы істер министрі Ержан Ыдырысовтың өзі кеше бір арнаға қазақша сұхбат беріп тұр. 2001 жылы «операция жасап, миымды ауыстырса да, қазақ тілін үйрене алмаймын» деп азар да безер болған бұл жігіт тілге деген көзқарасын өзгерте бастаған сыңайлы. Бұған да шүкір. Қаржы министрі Болат Жәмішев те бір-екі отырыста қазақша сөйледі. Әділет министрі Берік Имашевты халық қалаулылары ортаға салып, бір сілкіп алып еді, келесі келгенде баяндамасын бастан-аяқ қазақша жасап шықты. Бойында намысы бар мұндай жігіттер көбейе түссе қане!? Тілді білуге, үйренуге ұмтылыс білдіретін адамнан айналасың ғой. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң». Ал қанша тартсаң да тізгінге көнбейтін дүбәралардан қорқасың.
Төтенше жағдай министрі Владимир Божкоға мін таққымыз келмейді. Алдымен өзімізді қазақ қылып алайық.
Біз Қасымовқа өкпелейміз. Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовтің де аузын қазақша «ашқанын» көрмеппіз. Сонда бұлар кімнің шікірәсі?! Мейлі, индустрияның, технологияның тілін білетін өте сауатты уәзір табу қиын дейік. Ал Ішкі істер министрі болуға лайық, Қасымовты он орап алатын орақ тілді, отауызды қазақтың қаншама жігітінің осындай министрдің қол астында қор болып жүргені жасырын ба? Денсаулық саласын басқаратын атпал жігіттердің кеудесінен өзіміз итеріп жүргеніміз аздай, бірін соттатып, бірін қуып абыройдан айыруға тырыстық. Қазақтың қаны да, ары да таза талантты ұл-қыздары арасында білімі де, білігі де Салидатты шаңына жуытпайтын перзенттеріміз аз дегенге кім сенеді?! Әлде бұл саланы орыстілді біреу басқармаса, қараң қалады дей ме?
Кім кім де болса тілі шыққан елдің тәрбиесін, мәдениетін алады. Сол елдің ділін сіңіреді бойына. Оған қазақ ұлты, жалпы ұлт деген ұғым жат, өзге мәдениеттің ықпалына еріп, өзгенің қамын жасап жүргенін өзі де байқамайды. Өзге ұлттың құндылықтарымен суғарылған ол өз елінің құндылықтарын ұлықтай алмайды. Қанша патриот болса да. Өз ұлтының салт-дәстүрін, әдет- ғұрпын білмейтін адам ол елге қалай қызмет етсін!
Бұдан мынадай қорытынды шығады: егер мемлекеттік тілде сөйлемесе, ол министр сол мемлекетке керек пе? Президент пен Конституция талабын орындамайтын шенеуніктер еліне, Отанына зор пайда әкеледі дегенге өз басым сенбейді.

"Халық сөзі" газеті

0 пікір