Жексенбі, 19 Қаңтар 2020
Жаңалықтар 1937 0 пікір 26 Маусым, 2013 сағат 08:40

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ. «Оқығам жоқ...» (Жалғасы)

«Аялы алақан»

Адамгершіліктің, адамдықтың, адамшылықтың тарихынан бір мысал. Бұл хадисте бар ма, жоқ па, білмеймін. Мүмкін бар, мүмкін жоқ. Адам сырының басы мен аяғы хадис емес қой. Мүмкін жүрегі дауалап, бір ақылды адам ойлап шығарған бұл хикаяны. Былай болыпты. Бір адам өмір бойы құдайға құлшылық қылыпты. Намазын қаза қылмауға тырысыпты, ал қаза болған намазды он есе қылып қайта оқып, мүшесінің барлығын жуып таза сақтапты. Алайда о дүниеге барғанда, Алла тағала оны тозаққа жіберіпті. Сонда әлгі мүмин «бұның қалай, мен өмір бойы саған ғана табындым, сенен басқа білерім болмады, бар ақыл-ойымды, иманымды саған бағыштадым» депті. Алла тағала сол кезде айтыпты, «бұл сенің намазыңның санын есептейтін жер емес, есіңде ме, сен бірде айдалада намаз оқып отырғаныңда шөл даладан бір ит еңбектеп келіп сенің жаныңа жатты. Сонда сен қолыңда құман толы суың бар, сол суды дәретке қиғаныңмен жаныңда шөлдеп өліп бара жатқан тірі жанға қимадың. Сол ит көзіңше өлді» депті. «Иә, есімде» депті мүмин. «Сол – ит бейнесінде келген мен едім» депті Алла тағала.

«Аялы алақан»

Адамгершіліктің, адамдықтың, адамшылықтың тарихынан бір мысал. Бұл хадисте бар ма, жоқ па, білмеймін. Мүмкін бар, мүмкін жоқ. Адам сырының басы мен аяғы хадис емес қой. Мүмкін жүрегі дауалап, бір ақылды адам ойлап шығарған бұл хикаяны. Былай болыпты. Бір адам өмір бойы құдайға құлшылық қылыпты. Намазын қаза қылмауға тырысыпты, ал қаза болған намазды он есе қылып қайта оқып, мүшесінің барлығын жуып таза сақтапты. Алайда о дүниеге барғанда, Алла тағала оны тозаққа жіберіпті. Сонда әлгі мүмин «бұның қалай, мен өмір бойы саған ғана табындым, сенен басқа білерім болмады, бар ақыл-ойымды, иманымды саған бағыштадым» депті. Алла тағала сол кезде айтыпты, «бұл сенің намазыңның санын есептейтін жер емес, есіңде ме, сен бірде айдалада намаз оқып отырғаныңда шөл даладан бір ит еңбектеп келіп сенің жаныңа жатты. Сонда сен қолыңда құман толы суың бар, сол суды дәретке қиғаныңмен жаныңда шөлдеп өліп бара жатқан тірі жанға қимадың. Сол ит көзіңше өлді» депті. «Иә, есімде» депті мүмин. «Сол – ит бейнесінде келген мен едім» депті Алла тағала.

Осы орайда тағы бір «оқығам жоқ» есіме оралады. Қазақта бір классик жазушы бар. Шынында да шебер. Ұлыстың қамын жеген адам. Өзін ұлттың әкесі (отец нации) санайды. Бір күні сол кісі әдетінше ұлыстың қамын жеп отырған кезінде есіктен бір жігіт кірді. Бұрыннан таныс ақын. Жолы болмай, бағы жанбай жүргендердің бірі. Әбден арыған, шаршаған. Қоңырқай жүзін ерте әжім торлаған. Амандасып өзінің ақын екенін айтты.

«Ештеңеңді оқымаппын» деді классик.

Ақын жігіт бөлмеде отырған адамдарға бір қарап алып (классикке бірнеше классик қонаққа келіп, келелі әңгіме үстінде отырған. Ұлттың, ұлыстың қамы), классикке жалына-жалбарына тіл қатқан. Пәленбай жылдан бері үйсіз-күйсіз екенін, әйелі мен екеуі балаларын арқалап пәтерден-пәтерге көшіп жүргенін, өзінің жоқ-жітік кедей екенін, яғни, өз ақшасына ешқашан үй сатып ала алмайтынын, кредит алуға жалақысының мөлшері жетпейтінін, тағы басқа бүкіл қайғы-қасіретін сол жерде айтып салған. Бір кездегі өз басымның қиыншылықтарын көргендей, көңілім қатты босап кетті.

– Сол себепті әкімге хат жазып (ол кездегі әкім Храпунов еді – авт.) пәтер сұрайын деп отырмын. Сіз сияқты қазақтың үлкен кісілеріне жағалай қол қойдырып келе жатырмын, – деген ақын жігіт қолындағы арызын классиктің алдына еппен қойған.

Классик қағазға немқұрайды бір көз жүгіртіп, жігіттің өзіне қайырып берді:

– Бауырым, мен мұндай қағазға қол қоймаймын. Бұндай мәселелермен уақытымды, мазамды алмаңдар.

Ақын жігіт төбесінен жай түскендей меңірейіп сәл тұрып қалды. Бөлмеде аз ғана ыңғайсыз үнсіздік орнаған.

– Жарайды, аға, – деді ақын жігіт.

Арызын алып, шығып жүре берген. Мен аз кідіріп соңынан шықтым. Жазушылар одағының алдында тұр екен. Содан бері пәленбай жыл өтті. Бірақ сол ақын жігіттің одақтың алдында, барар жер, басар тауы болмай, шарасыз, нәубез күйде тұрғанын ұмыта алмаймын. Оның үйсіз, панасыз жүргеніне мен кінәлі сияқтымын. Оны қалай жұбатқаным да есімде. Жымиған болып, маған алғысын айтып кете берді. Қайта кірдім. Әңгіме қалыпты арнаға түсіп, классиктер келелі кеңесін ары қарай жалғастырыпты. Ұлттың, ұлыстың қамы. Ал енді осы бір жапырақ қағазға қол қоюға жарамаған, аға болуға жілігі татымайтын осы классик – ұлттың тағдырын егіле жазып, елдің барлығын босатып, жылатып жүрген адам.

Адамзатты, ұлтты сүйген оңай, себебі, оның бәрі – декларация. Өлгендерді сүйген, оларды дәріптеген оңай, себебі, өлгендерге енді ештеңенің керегі жоқ. Ал жаныңда жүрген тірі адамды, осы өзіңдей, ауыратын тәні бар, жаны бар адамды жақсы көру қиын. Себебі, ол – әрекет. Қазір бәрі сатулы. Ешкім де артық әрекетке барғысы жоқ («Басқаның қиналысын, басқаның ауруын сезінбеген адам – ауру» депті ғой бір классик).

 

Алпамыстан қалған мирас

 

Енді осы бәддұға, осы теріс бата бізге қайдан келді? Бұны білу үшін өткенге шому керек. У.Фолкнер айтпақшы «өткенің ешқайда кетпейді, өткенің де, кеткенің де сенімен бірге, сенің мәңгі бүгінің».

Егер де, қондыгер-қаңлы әулетінің және одан тамыр тартатын қазақ деген халықтың егжей-тегжейлі тарихын жазып, бүгінгі ұрпаққа оқытса, бәрі де түсінікті, бабалардың әр істеген ісінің уәжі, үлкен себебі бар. Алайда, аталмыш тарихты уақыт жағынан сығымдап, өте қысқа қылып баяндасаңыз, онда адам нанбайтын кітап болып шығады. Мен осы адам нанбайтын тарихты баян етіп берейін деп отырмын. Сізге, жас оқырман.

Батырлар жырын талай оқығанда байқаған шығарсыз, Алпамыс жауға аттанғанда елді күңнен туған Ұлтан деген құл билеп қалады. Эпоста тағы бір сұмдық деталь бар. Қарындасы Қарлығаш ағасымен қоштасып тұрып, «тоғай толы малыңды кімге тапсырдың?» деп жылағанда, Алпамыс «тоғай толы малымды бөріге тапсырдым» деп жауап береді.

Кемеңгер бабаларымыз, тоқтаусыз жаугершілік жолына түскен елдің азып-тозатынын, ондай елді ақыр соңында Ұлтан сияқты құлдар билейтінін, ондай елдің «тоғай толы малы» (солардың ұрпағы, мына бізге тиесілі игілік пен дәулет) ақыр соңында ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететінін болжаған. Бірақ қандай кемеңгер, қандай болжампаз болса да, ат тұяғы жететін жерді, бүкіл әлемді әлденеше рет жауласа да осы жаугершілікті қоя да алмаған, тоқтата да алмаған. Артындағы келер ұрпағы (мына біз) кейіннен қандай кепке түсетінін, қандай несібе тататынын біле тұра.

Құрметті оқырман, мынадай эксперимент. Сіз – сардарсыз. Соғыс жүріп жатыр. Бір шытырман тапсырманы орындауға біреуді жіберу керек. Алдыңызда екі адам тұр. Біреуі – еңкіш, қорқақ, ақымақ. Екіншісі ержүрек, ақылды, ардагер. Тапсырмаға кімді жібересіз? Әлбетте, екіншісін. Ол ардагер басын бәйгеге тігеді, қан кешеді, өледі. Бірақ өзіне жүктелген міндетті орындайды. Ал алдыңғы айтылған нашар тірі қалады. Әрине, мен гротескілеп, әсірелеңкіреп айтып отырмын. Бірақ қалай айтсаң да соғыстың негізгі заңы – осы. Соғыс ардагерлерді жалмайды, Отан, елдік, еркіндік жайлы түсінігі жоғары, текті тұқымдар соғыс өртінде алдымен жанып кетеді. Осылайша қондыгер, одан кейін хұн, одан кейін түрік, одан кейін қазақ замандарындағы бітпейтін аяусыз қанды майдандарда «кері сұрыптаудың» («обратная селекция») қатыгез заңы жүріп жатты. Осы қисапсыз соғыстарда бетіне жан қаратпаған ержүрек қондыгер әулетінің тұқымындағы алдыңғы қатарлы элементтер үздіксіз шайылып, екінші қатардағы элементтер аман қалып отырды. Ардагердің жесірін солар, аман қалғандар алды, бала туғызды. Енді халықтың тамырында солардың қаны ақты.

Біз ұлтымызды көп сынаймыз. Нашармыз, жалтақпыз, басымыз бірікпейді, күншілміз, т.т. дейміз. Құрметті оқырман, біз бір күнде осындай болған жоқпыз. Біз – бабаларымыздың істеген істерінің нәтижесіміз. (Бабаларымыздың тарихтағы талай ғапыл істерін, талай қатесін көзге шұқып тұрып көрсетуге болар еді, бірақ оларды ақымақ болды деуге бәрібір аузымыз бармайды, себебі, біздің басқа бабаларымыз жоқ. Бабамыз – осылар).

18 ғасыр – сайын сахарадағы көшпенділер кешкен дүбірлі дәуреннің соңғы ғасыры. Әбілқайыр мен Абылай сияқты ардагерлер бастаған соңғы жеңімпаз жорықтар қондыгер өркениетінің соңғы, аққу әні екен. Қалмақты жеңгеннен кейін біз тыным тауыппыз. Содан кейін моральдік, интеллектуалдық азып-тозудың заманы басталыпты. Зар заман ақындарының жырларын оқыңыз. Қазақ қоғамының иман, ақыл, кісілік тұрғысынан кері кетіп бара жатқанын жазады. Бір ақынның өлеңі таңқалдырды. Сол замандағы ұлықтың болмысын суреттеп келіп:

– Елін талап жей берер

Қасқырменен аралас, – дейді.

Бұл не деген сөз? Бұл – қазақ өзіне өзі ауыз сала бастады, өз елін жемтік қыла бастады деген сөз.

Тіпті атадан асып туған кемеңгер Абайдың өзі туған елінің болмысын байыптай отырып, бұл қазаққа не болғанын түсіне алмайды. Нәтижесінде хакимнің қаламынан «Масғұт» деген қорқынышты поэма туды. Ақын, кемшін сана, интеллектуалдық деңгейі өлшеусіз төмендеп кеткен елді жынды су ішіп құтырып кеткен қауым қылып суреттейді. Таза су жиып, соны ішіп құтырмай аман қалған Масғұт уәзір мен патша – әр халықта болатын азғантай ақылды адамдар. Алайда халық патша мен уәзір жынданған деп екеуін өлтірмек болады. Көпшіліктің ештеңеден тайынбайтынын көрген Масғұт пен патша амалсыз жынды су ішеді. Құтырып алаңға жетіп барғанда халық екеуіне бас иеді.Енді бұдан былай ақымақ тобырдың ақылды азшылыққа үстемдік ететінін қазақта Абайдан артық ешкім айтпаған шығар. Абайдың жолын берік ұстанған Сұлтанмахмұт ақында «Бір жерде жиюлы екен қазына-мал» деп басталатын тамаша өлең бар. Өлеңнің соңында елін сатып, елдің мүддесіне айырбастап алған орден-медальдарын (Сұлтанмахмұттың тілінде «оқа, түйме, сылдырмақ, теңге») мақтан етіп тұрған қарияға ақын:

– Дедім мен, құтты болсын шекпеніңіз,

Артқыға қандай егін еккеніңіз.

Жусақ та тәнімізден кетер емес,

Сондағы тұқым шашып сепкеніңіз, – дейді.

(Құрметті оқырман, сіз Абайдың «Масғұты» мен Сұлтанмахмұттың аталған өлеңінің, мақаламыздың өзегі болып отырған «оқығам жоққа» не қатысы бар деп қайран қалып отыруыңыз мүмкін. Тікелей қатысы бар. Сол «егілген егін» қазақ санасында жайқалып өсіп, мол өнім берді. Содан бері ұлт мүддесі түкке де тұрмайтын болды. Ақын-жазушы, сыншы, көсемсөзші, жалпы талантты адамның қолынан шыққан жақсы туындыға деген немқұрайдылық, айналып келгенде төл мәдениетке деген немқұрайдылық. Жамандық болсын, жақсылық болсын, бір жүректен, бір көңілден өрістейді).

Алаштың қайраткерлері – қазақ қоғамының соңғы пассионарлары еді. Бірақ олардың мүддесі кеңестік тоталитарлық империяның мүддесіне қайшы келді. Сол себепті тоталитарлық жүйе олардың бірде-біреуін тірі қалдырмады.

Әрине, біз советтік социалистік системаны, және сол системада өткен жетпіс жылдық тарихымызды толықтай жоққа шығара алмаймыз. Социалистік системаның өзіне ғана тән артықшылықтары, тіпті десеңіз озық сипаттары болды. Алайда, социалистік жүйеде адамның ең басты керегі – еркіндік жоқ еді. Гуманист Пушкиннің мынадай өлеңі бар:

–       Паситесь мирные народы,

Вас не разбудит чести клич,

Наследство вам из рода в роды,

Ярмо с гремушками и бич,

Зачем стадам дары свободы?

Их должно резать или стричь.

Ұлы гуманистің өлеңін қазақшаласақ төмендегідей болады.

Бейбіт халықтар, осылай жайылып, жусап жата беріңдер,

Сендерді намыстың ұраны енді оята алмайды,

Атадан балаға өткен несібелерің –

Сылдырмақ таққан ажырғы (мойынға кигізетін кісен) мен бишік,

Отар-отар малға бостандықтың не керегі бар?

Оларды не сойып жеу, не жүнін қырқып алып отыру керек.

(Нашар аудармам үшін кешірім өтінем).

Артық болар, кем болар, бірақ Пушкин Еуразиялық алып империяның бұратана халықтарға деген пиғылын айна-қатесіз бейнелеген.

Совет заманында «Октябрь революциясы Ресей империясының езгісінде отырған бұратана халықтардың барлығын құлдықтан құтқарды» деген әуенде мыңдаған «зерттеулер» жазылатын. Әрине, шылғи өтірік. Совет өкіметі бұратана халықтарды құлдықтан құтқарған жоқ – тек сол халықтардың қол-аяқтарындағы кісенге алтын жалатып қойды.

Енді бүгінгі «оқығам жоқтың» генезисін шама-шарқымызша пайымдап көрейік. Адамның тәрбиесі шыр етіп дүниеге келгеннен басталады. Әуелі отбасы-ошақ қасы тәрбиесі, содан соң мектеп тәрбиесі, содан кейін азаматтық өмір... осылай кете береді. Құрметті оқырман, Алаш қайраткерлерінің өмірбаяндарын оқығанда, «алғашқы білімді ауыл молласынан алды» деп келетін елеусіз ғана мәліметті талай рет көзіңіз шалған шығар. Солай болған. Адам әуелі діни тәрбие алуы керек. Алаштың арыстарына бала кездерінде, иманның, ұят-аят, ар, кісіліктің әліппесін үйреткен, көбінің аты белгісіз қарапайым ауыл моллалары елі.

Білім деген не? Жай ғана информация. Ол информация бір халықта көп, бір халықта аз. Ал адамның кәмелеті оның өзі игерген информацияның көлемінде емес – иманында, кісілік салттарында. Білім – алмас қылыш болса, рухани кәмелеті толмаған адам – бала. Ес білмейтін баланың қолына қылпыған қылышты ұстатыңыз – содан кейін не болатынын көресіз.

Тарихты зерделеңіз. Жамандықта міні жоқ имансыз қауымдардың заңсыз егемендік алып, сиқырлы білімге қол жеткізіп, адамды мыңдап-миллиондап қыратын құдіретті қаруды меңгеріп, кенеусіз аюандықтың жолына түскенін, ақыр соңында адамзатқа ұлы апат, қасірет әкелгенін көресіз. Әрине, бүкіл әлем озық технологияларды меңгеріп жатқанда, қазақ ұлының бұдан шет қалатын жөні жоқ. Біздің айтпағымыз, иман білімнен озып отыруы керек. Советтік оқу жүйесінің кемшілігі осы ма деп те ойлайсың. Алайда, жаңа қоғамды құрушылар дінді мемлекеттен аластады. Дін енді ешқашанда мектепке жолай алмас еді, тәрбие ісіне араласа алмас еді.

Міне, осылайша тек қана білім беретін советтік мектеп қалыптасты. «Коммунистік саналылық» деп аталатын басты рухани қағиданың қызуы өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін ғана жеткен шығар.

 

Теріс қонған білім

 

Қазақтың ғылымы мен білімі шеттен, орыстан, батыстан. Ал жақсыға, жарқын құбылыстарға, талантқа қарсы күреске бастайтын надандығы мен ақымақтығы – жергілікті, отандық құбылыс.

Неге осылай болды? Себеп біреу-ақ: біз ағартушылық кезеңнен өтпей бірден информациялық қоғамға айналдық. Осы тұрғыдан келгенде қазақтың ұлы педагогы, қадірлі Ыбырай (Алтынсарин) атамыз бен хаким Абайдың өмірлік ісі мүлдем басқа қырынан ашылады. Мектеп оқулықтарының бірінші беттерінде тұратын «Кел, балалар, оқылық» деген өлеңнің бірінші жолы алынып тасталған.

– Бір Аллаға сыйынып,

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық.

Алғашында Ыбырай атамыздың қаламынан осылай болып шыққан екен бұл өлең. Яғни, әуелі Аллаға сыйынып, иманға бас ұрып алайық, содан соң өнер жинаудың жолына түсейік деген сөз. Бұл ұлттық идеологияға айналуға тиіс ұран еді.

Қазақ ағартушылығының жасы нешеде? Бір ғасырға да толмайды. Ағартушылық қозғалысты зар заман ақындары және әр кезде әртүрлі амалмен діни білімге қол жеткізген қарапайым ауыл моллалары бастаған. Содан соң бұл үрдіс Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаевтың шығармашылығына ұласты. Ел ішінде ұлттан шыққан, ұлтына пейілді меценат-демеушілердің көмегімен алғашқы қазақ газеттері, кітаптары шыға бастады. Есенқұл Маманов деген ауқатты қазақ тұңғыш рет қазақ романына бәйге жариялапты. Жазба әдебиеттің қазақ топырағына тамыр салып көркеюіне және бірден батыстық үлгідегі ірі жанрдың қалыптасуына ықпал етуге тырысқан таңғажайып іс. Сахарада ақырындап қоғамдық-әлеуметтік ой жанданып келе жатқан. Содан соң 1905 жылғы орыс-жапон соғысы, Ресей империясындағы әлеуметтік бұлғақ, содан кейін 1917 жылғы топалаң...

Алайда, ғасырға толмайтын ғұмырында қазақ ағартушылығы Алаш қозғалысын тудырды. Әрине, Алаш арыстарының тағдыры аянышты, қасіреті көкірегімізден ешқашан кетпейді. Бірақ олардың өмірінің үлгісі көркем, жарқын.

Жоғарыда айттық, адамға тек қана білім, яғни, мәлімет қана беретін, рухани бағытта жалған, жасанды құндылықтарды ғана ұстанатын совет мектебі орнықты деп. Бүгінгі қазақ лек-легімен осы мектептен өткен ұрпақ. Осы мақаланың басынан айтылып келе жатқан, келешектен үміті бар халық арылуға тиіс мерез – совет қоғамының руханиятсыз, жансыз тәрбиесінің нәтижесі.

Алайда, біз арыла алмадық, әлі арыла алмай әлі тозатын түрі көрінбейді.

Бір жағы советтік мектепті де айыптауға болмайды, себебі ол да идеологияның тапсырмасын орындады, идеологияның құралы болды. Рухани тәрбие үшін күрескен педагогтар болмады дейсіз бе. Болған. Совет мектебіндегі тәрбиенің жай ғана формализм екенін, бұлай етуге болмайтынын, мектеп ісін түбірімен өзгерту керек екенін барынша жұмсартып (жоғарыда отырған «көкелерді» шамдандырып алмас үшін) айтқан, рухани тәрбие үшін күрескен талай педагогтар болған. Бірақ жоғары билік, бүкіл әлемде социализмнің жеңісін қамтамасыз етем деп жүргенде бұндай мәселелерге, тіпті, назар аудара алмас еді.

Сонымен біз жалаң білім ғана алдық, ал шындығында түк те алған жоқпыз деуге болады. Егер де сізге жоғары білім берсе, бұл сіздің ол білімді алғандығыңызды көрсетпейді. Білім бердім деген сөз, ол білімді біреу міндетті түрде алды деген сөз емес.

Ағартушылық кезеңнен, рухани тәрбиеден өтпеген адам үстірт білім алады. Ол білімнен оның ақылы артпайды, керісінше надандығы тереңдей түседі. Арабта «Тағаланған есек қаттырақ тіреседі» («Подкованный ишак крепче упирается») деген мақал бар. Рухани кембағал адам, жинаған азынаулақ білімін, енді, ақиқатқа, шындыққа қарсы күреске жұмсай бастайды. Әлбетте, рухани кембағалдардың барлығы надан емес. Бұлардың ішінде де белгілі бір иерархия бар, адам табиғатын терең таныған, ғылым-білімнің парқына жеткен ақсүйек-аристократтары бар. Бірақ «тартпай қоймас негізге» дегендей, кембағалдың аты кембағал. Себебі, ол аристократ қандай білімді болса да, жинаған білімін маңайындағы адамдардың тұнығын лайлауға жұмсайды. Ол аристократ сайысқан адамының жанын барынша ауыртуға тырысады, оны барынша жарадар етіп қоя беруге тырысады. Шындық, ақиқат – бейтарап нәрселер. Әлемдегі ең ізгі, ең қасиетті ақиқат, білімді подоноктың аузынан шыққанда аса лас, былғаныш шындыққа айналады. Аталмыш аристократқа ақиқаттың да, басқаның да керегі жоқ. Оның жалғыз ғана қамы, мұраты – ішіндегі жиналған мерезден әлсін-әлсін арылып отыру. Орыста «изживать свои комплексы» деген тамаша анықтама бар. Яғни аталмыш аристократ, бойындағы осы комплекстерді сыртқа шығаруды ғана көздейді. Оның маңайындағы адамдармен қатынасы осыған ғана құрылады.

Ал шын білімділік, ол мүлдем басқа нәрсе. Оскар Уайльдтің айтқаны бар, «Білімге деген құштарлық ұзақ оқу-тоқудың, білімділіктің нәтижесі» деп. Тағы бір ғұлама айтыпты, «Адам білімге жетілген сайын білімге құштар бола түседі» деп. Яғни, шын білімді адам білімге жетілген сайын бұдан да көбірек оқысам деп армандайды. Және оқыған сайын инабаты арта түседі. «Кәмил инсан», «кемел адам» идеалы бүкіл адамзатқа ортақ. Еуропа, басына мәлімет толтырып алған адамды емес – рухани кәмелетке жеткен адамды аңсайды. Олардың өз тілінде бұндай адам, «жарасым адамы» («гармоничный человек») деп аталады. Қазақ та бір кезде білімді деп, кітапты көп оқыған адамды емес – ізетті, инабатты адамды айтқан. Адамгер адам ғана әділетті бола алады, ақты – ақ, қараны – қара деп әділетті пікір айта алады.

Әлеуметтік пікірді, адамның, қоғамның екінші ұяты деседі. Әлеуметтік пікірдің жоқтығы, немесе, бізше – «оқығам жоқ», ол қандай да болмасын міндет, әділет, құқық пен ақиқатқа деген немқұрайдылықты көрсетеді. Қоғамда қалыптасқан, адамның ойына, адамның адамдығына, қадір-қасиетіне деген өштік пен жиренішті көрсетеді.

Бір ғұламаның айтқаны бар, «Кітап дегеніміз – айна. Сол себепті айнаға маймыл қаранса, ол айнадан әулиенің беті болып шықпайды» деп. Сол себепті, біздің «оқығам жоқтардың» бойындағы аталмыш комплекстер, бұл өркениетті жабайылық қайдан келді десеңіз, тағы да айтайын – біздің өткен өткелектерімізден. Бәрін де түсіндіруге болады. Бірақ, түсіндіру – ақтау деген сөз емес.

Ленин айтыпты, «Ресей – халықтардың түрмесі» («Россия – тюрьма народов») деп. Алайда, Ленин бастаған большевиктер ешкімді де азат еткен жоқ. Патшалық Ресейден қалған абақтының сыртын бояп-сырлап, әдемілеп қойды. Ал абақты – абақтының адамын ғана тудырады. Абақтыдан абақтының адамы ғана шығады.

 

«Жаралы арыстан комплексі»

 

Құрметті оқырман, Э.Хэмингуэйдың «Фрэнсис Макомбердің баянсыз бақыты» («Недолгое счастье Фрэнсиса Макомбера») әңгімесі есіңізде шығар. Африкаға аң аулауға келген миллионер Фрэнсис Макомбер бір күні бір арыстанды атып жаралайды. Арыстан өзінің түгі түстес қалың шөптің арасына жасырынып көрінбей қалады. Макомбер ары-бері іздейді де, таба алмаған соң, өздерін бастап жол көрсетіп жүрген Уилсон деген аңшыға «үйге қайтайық» дейді. Бірақ жолбасшы қайтпаймыз дейді. Макомбер шамданып, неге қайтпаймыз дегенде, Уилсон «сіз жаралаған арыстан басқа біреуге жолығуы мүмкін» дейді. Бұл жерде автор, «Аңды жаралаған екенсің, істі аяғына дейін жеткіз, тауып өлтір. Анық өлтіре алмайды екенсің – онда тиіспей қоя бер. Аңда сана жоқ. Сен жаралап қоя берген аң басқа, еш жазығы жоқ, тіпті қолына мылтық ұстап көрмеген басқа бір адамға жолығуы мүмкін. Жаралы аң сол адамды шайнап өлтірсе, бұл өлімге сіз кінәлісіз» деген ойды айтып отыр.

Мұхтар Мағауин «Шақан Шері» повесінде Хэмингуэйдің осы идеясын тамаша пайдаланған. Шақан Шерінің лашығына жолбарыс шауып баласы мен әйелін сүйреп алып кетеді. Шақан өмір бойы осы жолбарысты іздейді, жолшыбай қанша жолбарысты өлтіреді. Ақырында баласы мен әйелін жеп кеткен жолбарысты тауып өлтіреді. Жауының терісін іреп жатқанда балтасы шақ етіп бір қатты нәрсеге тиеді. Пышақпен кесіп суырып алып қарағанда ол зат орыс винтовкасының оғы болып шығады. Яғни, орыстың әскерлері жолбарысты атып өлтіре алмай, жаралап қоя берген. Ол жолбарыс қашып келе жатып Шақанның лашығына жолыққан.

Хэмингуэйдың осы әңгімесінен кейін әлемдік мәдениеттануда «жаралы арыстан комплексі» («комплекс раненого льва») деген термин қалыптасты.

Оның алдында «алданған әйел комплексі» («комплекс обманутой женщины» немесе «комплекс поруганной женщины») деген термин пайдаланылатын. Алданған, абыройы төгілген әйел есін жиып, қайтадан сыланып, тотыдай таранып, соғыстың соқпағына шығады, алғашқы кездескен еркектен қымбат қылып, аяусыз қылып кек алады. Енді абыройы тапталған еркек, ақылды болса, әйелді кешіреді, кешіруге ақылы жетпесе онда ол да әйел затынан кегін алудың амалын іздейді. Осылай кете береді. Бір-бірінен мағынасыз кек алудың тізбегі ешқашан үзілмейді.

Асекең, Асқар Сүлейменов айтып еді, «Қыз Жібек» фильмінде Шеге айтатын «Қан кешу қатал заманда, қайғыны жеңген бар ма екен?» деген сөз осыған меңзейді. Өнебойың кекке толып, кімнен есе қайтарсам екен деп келе жатқанда алдыңнан әйтеуір біреу жолығады. Бірақ сен ол адамға еш қиянат қылма, себебі, ол сенің алдыңнан кездесті, сенің артыңда қалған тарихқа оның ешқандай қатысы жоқ. Алдыңнан кездескен әр адамды осылайша кектің заңымен емес, адамшылықтың заңымен қарсы ал, әр адамды мұғжиза деп қара» деп.

Біздің «оқығам жоқтар», осы әрқайсысымыз сияқты – өткеннің нәтижесі. Оларды осындай қылып шығару үшін тоталитарлық империяның аясында өткен соңғы жетпіс жыл да жетіп жатыр. Арыстан құсатып жаралап, бірақ жарасын емдемей қоя берген ұрпақ адамдардан, қоғамнан мағынасыз кек алумен өмірін өткізеді.

Шығармашылық, өнер игілігін жарату – жеке жүрген өнер адамдарының ортақ ісі. Шын өнер адамдарының бастары қосылмауы мүмкін, бірақ олар жиналып келіп ортақ іс тындырады.

Бір-бірін түсіну, ортақ пікірден гөрі ортақ құндылықтар деуге келетін нәрсе.

Құрмет – тұлғаның тұлғаны куәландыруы. Өнер адамына деген құрметтің аздығы, өнер туындысын «оқымадым» немесе «көрмедім», немесе «тыңдамадым» (оқи тұра, көре тұра, тыңдай тұра) деу – қазақ әлеуметінде тұлғалардың аз екендігін көрсететін айнымас белгі.

Бір-біріне ерегіскен мыңдаған «оқығам жоқ»... Ұлттық мәдениетке, ұлттың таланттарына деген бұндай ықылас-пейілмен қайда барып оңамыз?

Жарқыраған жарқын құбылыстарға, талантқа, таланттыға деген өштік, «оқымау», оқығанға пікір айтпау, жақсыны мұқату мақсатында жаманның абыройын асыру, тіріні мұқату үшін өліні дәріптеу, плагиат ... – осы, қылмысты түйсіктер, өкінішке орай, ұлттық мінездің басты сипаттарына айналған сияқты.

Мен аталған мақаланы осындай нотада аяқтағым келмейді. Оған себеп, көңілге тұтатын үлкен медеу – қазіргі жастардың арасында басталған ағартушылық ұмтылыс. Құрметті оқырман, бағанадан бері айтылған әңгіменің маған қатысы аз. Себебі мен оқырманнан кенде автор емеспін. Жолдасым, белгілі философ, көсемсөзші Зира Наурызбаева екеуміз «otuken.kz» сайтын аштық. Құдайға шүкір, оқырманымыздың саны жарты миллионнан асты. Жастар Астанада болып жататын түрлі шараларда кездескенде пікірлерін риясыз бөліседі, интернетке кірген сәтте ең әуелі осы біздің сайтымызды ашып көретінін, біздің жаңа материалдарымызды асыға тосып отыратынын айтады. Бұл, біздің ойымыз қоғамға еркін жетіп жатыр деген сөз. Ал енді он бес-жиырма жылдан кейінгі әлеумет, негізінен осы жастардан тұратынын ескерсек, онда осы мерзімде қазақ халқының өресі өлшеусіз өскен болып шығады. Бұдан асқан бақыт бар ма! Мен бұл мақаламда өзімнің аяулы қаламдастарымды, олардың тағдырын әңгіме еткен едім. Бір жағы жұбату, бір жағы дем беру. Дүниенің басы мен аяғы – «оқығам жоқтар» емес. Олардың пікірі енді ештеңеге де ықпал ете алмайды. Дүниеге жаңа ұрпақ келді. Ол ұрпақ озған елдермен теңесуді армандайды, дарыны мен қабілетін соның жолында ұштайды. Шын өнер адамының заманы енді туып келе жатыр.

Соңы

(«Алматы ақшамы», 22 маусым, 2013 жыл)

0 пікір