Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5418 0 пікір 25 Маусым, 2013 сағат 08:10

Уахабистер билікте де көбейе бастады

Оңтүстіктегі уахабистер орталығы

Қолыма қалам алғызған мәселе өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығынан» жарық көрген  «Ислам атын жамылған кері ағымдар» атты кітапта болып отыр. Бұл кітаптың авторы – Асылбек Төлегенов. Кітаптың аталған орталықтың кеңейтілген ғылыми кеңесінде тарихшы  профессор С.Жолдас, тілші профессор Е.Керімбаев, тарихшы доцент Д.Тапалов, философ доцент Т.Сүлейменов, тарихшы доцент С.Бекбосынова, тарихшы доцент Б.Айтаев пен Қ.Анарбаевтар талқылап, оң пікірлері нәтижесінде жарық көргендігі туралы аннотацияда мәлімет бар. 3 мың тиражбен Алматыдағы «Эфир-Медиа» ЖА ЖСШС баспасында жарық көрген кітап 200 беттен тұрады. Бірақ бірінші бетінде «Шымкент – 2012 жыл» деген айдары бар. Мәселе кітаптың формасында емес, мазмұнында болып отыр.

Кітаптың мақсаты керемет: «қазақтың дәстүрлі мұсылмандық жолын» бұзып немесе шектеген араб әлемінің кейбір жеке, этникалық көзқарасын уағыздап жүргендердің, бөтен пиғылдылардың (4-бет), ықпалымен ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбие, салт-дәстүр терістеліп, қоғам жікке бөлініп, ұлттық салт-дәстүр, дүниетаным шеттетіліп келді. Осыған қарсы кері ағымдардың көзқарастарын әшкерелеу мақсат етіліпті.

Оңтүстіктегі уахабистер орталығы

Қолыма қалам алғызған мәселе өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығынан» жарық көрген  «Ислам атын жамылған кері ағымдар» атты кітапта болып отыр. Бұл кітаптың авторы – Асылбек Төлегенов. Кітаптың аталған орталықтың кеңейтілген ғылыми кеңесінде тарихшы  профессор С.Жолдас, тілші профессор Е.Керімбаев, тарихшы доцент Д.Тапалов, философ доцент Т.Сүлейменов, тарихшы доцент С.Бекбосынова, тарихшы доцент Б.Айтаев пен Қ.Анарбаевтар талқылап, оң пікірлері нәтижесінде жарық көргендігі туралы аннотацияда мәлімет бар. 3 мың тиражбен Алматыдағы «Эфир-Медиа» ЖА ЖСШС баспасында жарық көрген кітап 200 беттен тұрады. Бірақ бірінші бетінде «Шымкент – 2012 жыл» деген айдары бар. Мәселе кітаптың формасында емес, мазмұнында болып отыр.

Кітаптың мақсаты керемет: «қазақтың дәстүрлі мұсылмандық жолын» бұзып немесе шектеген араб әлемінің кейбір жеке, этникалық көзқарасын уағыздап жүргендердің, бөтен пиғылдылардың (4-бет), ықпалымен ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбие, салт-дәстүр терістеліп, қоғам жікке бөлініп, ұлттық салт-дәстүр, дүниетаным шеттетіліп келді. Осыған қарсы кері ағымдардың көзқарастарын әшкерелеу мақсат етіліпті.

Автор кітаптың кіріспесінде-ақ «исламда ешқандай да тармақ жоқ» деп бастап (5-бет) «саяси ойыншы секта атаулылар ҚМДБ-ны қарауылға» алады. Олар қит етсе ҚМДБ  жамандайды деген сияқты ой түйеді (8–9-беттер) Алайда, дін зерттеушісі, яки исламтанушы адам исламда секта жоқ екендігін білуі тиіс еді. Исламда христиандағыдай секта жоқ. Себебі, барлық  ислам негізіндегі топтар не ағымдар исламның негізгі канондарын жоққа шығарған емес. Сондықтан секта ұғымы ислам үшін қолданылмауы тиіс. Екіншіден, ҚМДБ-ны сынағандардың барлығы саяси мақсатта жұмыс істеді деу қателік. Имамдардың танымы мен білімі, біліктілігі әрдайым қазақтың сыни елегінен қашпайтындығына экс-имам қынжылыспен қарайды.

Кітап негізінен ғылыми-зерттеу нысаны, методологиясы, ұстанымы мен идеясы ескерілместен, орталықтың жоспарын желеу етіп, автордың имам кезіндегі, мүфтиаттағы қызметінен бұрын бұқаралық ақпарат беттерінде әлденеше рет жарық көрген мақалаларының жиынтығы екені көрініп тұр. Себебі, ескі көзқарастар мен қоғамдық діни ахуалға берілген жауаптары сол қалпында қайталанып берілген. Яғни, орталықтың зерттеулері емес, Асылбектің бұрынғы мәтіндері сол қалпында өзгеріссіз алынған. Соған қарап, кітап «Әлеуметтік бастамалар орталығынан» шықты ма, жоқ әлде «муфтиаттың» атынан шықты ма деген ой туындайды екен. Себебі, Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасын сынаушыларға жауап ретінде жазылған сияқты (9-10-беттер).

Автор кітапта көптеген қайшылықтарға орын берген. Енді келесі бір өз сөзін өзі жоққа шығаратын тұсына назар аударайық. «...Мұрат Аджи Шығыс пен батыс арақатынасындағы «тепе-теңдік» безбенін шығыс өз уысында (түріктер) жалғыз тәңірге табыну арқылы .. өшпес өркениеттер кешенін қалыптастырғанын айтып берді...» Өкінішке орай, ол тепе-теңдік осы орта ғасырларда-ақ бұзылған. Оны бұзу үшін жоғарыда аталған миссионерлер, сопысымақтар олардан өрген тариқаттар өлшеусіз қызмет етіп, тер төкті» (16-бет). Сонда автор тепе-теңдікті ислам бұзды дегісі келіп тұр ма?! Бұл жерде білім адамы ежелгі көктүріктер тепе-теңдігі мен кейінгі ислам өркениеті арасында үлкен айырмашылық барын білуі тиіс еді. Бұл жерде Ғұн-көктүрік дәуіріндегі  тәңірлік кезеңіндегі өркениетті ыдыратқан араб-мұсылман шабуылы болатын. Ал сол ыдыратуға жауап ретінде, түрік елін ислам дініне шақырып, үлкен трансформациялық құбылыстың басында тұрған сопылар, тепе-теңдікті қайта қалыптастырған исламдағы алдыңғы шеп болды. Түріктер ислам өркениетіне сопылық құбылыс арқылы енді.

Автор неге өзіне өзі қайшы келе береді десек, оның артында мән жатыр екен. Өзі таңдап алған кешегі ориенталистердің сілтемесіне сүйеніп, сопылық феноменін ислам ішінен тазалап шығарып, исламдағы жат ағымдардың ең сорақысы ретінде көрсетіп, өзінше дәлелдегісі келеді. Мысалы «Кезбе миссионерлер», «сатқын сопылар» (19-20-бет), Отырардың қақпасын Шыңғысхан әскеріне ашып берген сатқын сопы, жаңсақ ұстанымдарға сүйенетін тариқатшы сопы» (20-бет), «...сопылық ағым – исламға қарсы тұрғызылған «қытай-қорғаны», «сопының массондық ұйымдардан бастау алған тағылымы» (21-бет). «...бұл жеке адамды, елді, ұлтты, мемлекетті, тіпті мемлекеттер бірлестігін тұтас құрлықтарда түп-тұқиянымен жұтып, жоқ қылатын, жалмап тынатын, жын-шайтандардың атасы ібіліс антұрғанмен  анттасқандардың жолы?..» (35-44-45 беттер). Сонда ислам рухани әлемінің дана өкілдерінің барлығы шайтанмен одақ құрғандығын Асылбектен басқа ешкім бүгінге дейін сезбеген, білмеген болып шығады. Атақты төрт имам да білмеген. Кейінгі Газали да білмеген. Абай да, Шәкәрім де білмепті. Айтпақшы, Абайдың әйгілі «сопылыққа айтқан сынын» келтіреді (36-бет). Ол сын - жаңа сын емес.

Негізінен сопылық құбылысын исламға жат ретінде бағалап, оған соғыс ашқан ислам тарихында тек уахабизм ағымы болатын. Бұлар саяси, танымдық, догматикалық негізге сүйенді. Кейіннен бұл ағым идеологияға айналды. Жалпы автордың методологиялық құрылымы сын көтермейді. Себебі, кітапта жүйелі ой желісін табу қиын. Тарихқа жүгінсек, сопылықты алғаш рет жоққа шығаруға тырысып, дұшпандық жасаған шииттер және харижи, ғұлаттар, имамилер, заидилер болатын. Суннилер сопылықты дәл осы ши'а топтары секілді жоққа шығарған емес, ешқандай күпірлік үкімін де берген емес. Ибн Ханбалдың шәкірті Әбу Зура ғана сопылықты зындықтың, әсіресе рафизилердің ерекше бір ағымы ретінде көрсетті. Әйтсе де суннилер тарапынан сопылық тыйым салынған (харам) ағым ретінде танылған жоқ. Сопылықтың қас дұшпаны Уахаби ағымының құрушысы, суфи Шақиқтің өзі «Хатим ал-Асамға» түсіндірме жаздырған. Ал қазақ мұсылмандығының дәстүрлі негізінің «сойылын» соғып жүрген экс-имамға не жорық? Бұл тұрғыдан Асылбек мырза сопылықты сынауда уахабилерден де өтіп кетіпті.

Сопылық ешқашан исламға сырттай оппозициялық сипатта болған емес! Сопылық исламның, мұсылмандардың ең қиын-қыстау кезінде қорғаушысы бола білген. Мысалы, ислам әлемінде тарихта моңғол шабуылына қарсы, кубраийа, крестшілерге қарсы шазилия, ақ патшаның отарлауына қарсы Ясауиа, нақшбандиа, қалмақтарға қарсы нақшбандиа, Африкада француз империалистеріне сенусийа, тижанийа, ағылшындарға қарсы сухрауардийа тариқаттары үздіксіз соғыс жүргізді.  Көрдіңіз бе, сыртқы дұшпандарға қарсы азаттық соғысын жүргізу мұсылман әлемінде тариқаттар арқылы мүмкін болған еді. Бұл соғыстар сол дәуірлерде өз мәдениетін, еркіндігін, азаттығын, Отанын қорғау үшін жүргізілді. Сонда сопылық – исламға оппозиция ма? Жоқ әлде мұсылмандардың рухани тірегі ме?  Асылбек мырзаның бұл тұжырымы ғылыми танымға сия қояр ма екен?.

Асылбектің «....қазақ жеріндегі сопылық мұнда ислам ілімімен жарыса жағаласа келіп, үнемі оның шаужайына жармасып, екі қолы оның алқымында өткені байқалады» (67-бет) деген тұжырымы, қазақ даласындағы барлық жырау даналарымызды, мәдени ұлттық құндылықтарымызды, мәдени мұраларымызды түгелімен жоққа шығарады. Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шығарылған Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Марқасқа, Тәтіқара, Үмбетей, Ақтамберді, Бұхар, Шал сияқты жыраулардың, Бұдабай Қабылұлы, Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Құлан Алдабергенұлы, Нұртуған Кенжеғұлұлы, Ақан серідей сүлейлердің, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Ғұмар, Ғылманидай даналардың құндылықтарын да жоққа шығарады. Иасауи,  Арыстан Бап, Бақырғани, Баласағұни, Йүгнеки сияқты тұғырларды да шірік деп танып отыр. Онда бұлардың барлығы бұрыннан ислам дінінде болмаса, қазақ деген ел енді ғана мұсылмандықты қабылдаған ел болып шығады. Асылбек мырзаның бұл тұжырымы тарихи танымға сия қояр ма екен?

Асылбек мырза кітабының 48-бетінде, Отырар мен Түркістанды диалектикалық қайшылықта көрсеткісі келеді. Қазақстандағы ислам діні тарихын зерттеп жүрген ғалым болып, «...дүниені тітіреткен түркілер отанын ойрандау үшін Түркістанда нендей амалдар істелмеді» (17-бет) деп қояды. Онысы да негізсіз, сылдыр су ағынындай сөйлемдер ғана болып шыққан. Осы ойын 50-бетте жалғастырып, «Қазақстан жерінде Абай заманында исламның екі түрлі ағымы майдандасты деуге болады. Оның бірі әл-Фарабиден, Ұлықбектен, Маржаниден бағыт алған ғақли ислам, екіншісі Әл-Ғазалиден, Бақырғанидан, сопы Аллаярдан бағыт алған нақли ислам» дейді (50-бет). Енді қараңыз, шындығында ислам біреу, оның «ғақли», «нақли», «классикалық», «байсалдысы», «халықтығы» жоқ. Оны кешегі ориенталистер солай бөлшектеген. Егер маман ретінде сол сүрлеуді ақиқат деп тапса, онда сөз басқа. Көрдіңіздер ме, исламды бөлшектеп отырған өзі екендігін де сезінбейді. Сезіну - білуден кейін келеді. Демек білмейді деген сөз. Автор өзін білгіш, маман ретінде көрсеткенімен, жазған мәтіні олай емес екендігін әшкерелеп тұр. Имамның араб тілін, дінді меңгеру шарты бар. Ал мына экс-имам Алланы «муаннас» сипаттап тұр. «...Ол – бірінші (ал-Әууәл) және барлықтың соңы (ал-Ахира?)» (32-бет) Байқайсыз ба, Құранның аятын да сол қалпында бере алмайды. Оқыған, тәжірибелі имам осылай десе, қалған жұртқа өкпе бар ма?  Асылбек мырзаның бұл ақидасы дәстүрлі діни танымға сия қояр ма екен?.

Асылбек  «Қазақ тіліндегі діни ұғымдар мен атауларды» зерттеуші (100-бет) ретінде Шәкәрімді түсінбесе де «...хулулға барған Абу Иазид Бистами, Хусаин бин Мансұр аль-Халладж, ибн Араби  сияқты сопыларға тән мистикалық адасқан ойды мұсылман мүтакаллимінің (кәләмші) атынан айтқызады» (70-бет) деп жала жабады. Шәкәрім ешқашан жоғарыда аты аталған сопы даналарды «хулул» жасады деп танымайды. Себебі оның діни танымы сопылық.

Философиялық таным мен дін таным арасын ажыратып алу керек еді, әттең, имам мырза тағы да шатасып кетіпті: «...Абу Йазид Аль-Бистами  мен Хусайн ибн Сансур аль-Халладж соңынан ибн Араби, шейх Сухраварди сияқты сопылық өкілдері дәріптеген идея «вахдат аль-вуджут» – болмыстың бірлігі – ... адамның Алланың болмысына айналуы – Хулул! – адамды құдай дәрежесіне көтерген – Иса мәсихтен Құдай жасаған христиан дінінің әсер еткені анық» (71-бет) дейді. Ал дұрысы ислам философиясы тарихында болмыс теорияларын дамытқан сопылардан бұрын Фараби сияқты машайиун ағымының өкілдері болатын. Кітапта автор Фараби философиясын жетік білетін сияқты көрінгенімен, тағы да олай болмай шықты. Ислам философиясы тарихында «болмыстың бірлігі» Құран рухына сай жасалған тұжырым. Оны автор Батыс философиясындағы пантеизм түсінігімен шатастырып алған. Бұл жерде Құран рухы дегенде ислам дінінің мәні түсінілуі керек. Ислам әлемге ең соңғы пайғамбар арқылы мән алып келді. Форма онсызда бар болатын. Ислам келгенде соның ішін мән-мазмұнмен толтырды. Бұл жерде номен және феномен қатынасы есте тұруы керек. Асылбек мырзаның бұл пәлсапасы философиялық танымға сия қояр ма екен?

Автордың ішкі ойы әрі қарай тереңірек ашыла түседі. Қараңыз: «...қолда бар мәліметтер, ал олар жалпы жұртқа таныс, сол заманда да дәл қазіргідей сопылық тариқаттар исламның хақ діндік қағидаларына сүйенген «Әһли сунна уал жамағасына», яғни ресми орталығына қарсы ашық күреске ауам халықты ауық-ауық шақырып отырғанын көрсетеді. Енді мұнан түркі әлемінің сопыларының көсемі саналған Қожа Ахмет Ясауи шет қалды дегенге кім сенеді?  Тарихта мұндай теке-тірестердің болғанын дәлелдейтін құжат көп. Мәселе жан алысып, жан берісуге барғанын, сондай қақтығыстардың бірінде Қожа Ахмет Ясауидің Ибраһим есімді баласының өлтірілуі де жоғарыда айтылған ойды нақтылап, дәлелдей түседі» (92-бет)

Бұл енді нағыз қиянат, тарихты мансұқтау. Асылбектің кітабының мақсаты енді ашылды. Ол Иасауиді тарихтан мансұқтау үшін алдымен оның сүйенген танымы сопылықты жоққа шығарып, сосын барып негізгі мәселеге ойысуды жоспарлапты. Бұл нағыз «тақийа», шариғат тұрғысынан оның үкімін экс-имам білер деп ойлаймын. Бұл мансұқтау бойынша Иасауи «Әһли сунна уал жамағасына» қарсы шыққан дінбұзар болып отыр. Сонда Иасауи ілімі бүгінгі мазхаб танымайтын, мазхабсыз уахабилерден де сорақы болғаны ма?! Иасауиді «Пири Турк стан» (түріктердің ұстазы) ретінде танып, Иасауи жолы арқылы мұсылман болған бүкіл түркі халықтары дінбұзар болғаны ма?!

«Менің хикметтерім - Құранның мәні» деген Ясауи ілімі, мәдениеті және жолына деген тарихи санаға құрметтің орнына оны қаралау, жоққа шығару бүгінгі тәуелсіз Қазақстан билігіне қарасты мекемеден басталғандығы қынжылтады. Тарихи құндылық көзіне айналған, дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміздің айнасы болған Ясауи мұрасын аксиологиялық қабылдау аясынан шығаруға ұмтылатын күштер немесе топтар мемлекеттік мекемелерге де ықпалын жүргізіп отыр деген сөз. Бұған қоғамдағы дін мәселесі, діни таным мен ғылыми таным арасындағы үйлесімділік пен тепе-теңдіктің болмауы себеп болса, екінші жақтағы, яғни, бүгінгі сопылық жолдағылардың өздерін қоғамға тиісті дәрежеде түсіндіре алмауы құбылыстың басты компоненті дер едік.

Сопылыққа, зікірге, әулие түсінігіне қарсы шығу деген Иасауиге, бүкіл тарихымызға, мәдениетімізге, сайып келгенде, қазақ халқына қарсы шығу деген сөз. Иасауи ілімі бүгінгі қазақ мұсылмандығының негізі. Иасауи ілімі негізінде қазақ даласына ислам дін ретінде еніп, тамыр жайды. Маварауннахрдағы Матуриди ақидасы мен Ханафи фиқх мектебі осы Иасауи ілімі арқылы бұл далаға орнықты. Ал рухани тарих қабаттарына қарасаңыз исламдағы Құранды түсіндірудегі тауил методын негіздеген Матуриди болатын. Соның негізінде бұл далада сопылық қанат жая алды. Көріп отырғанымыдай, рухани үдерістер тарихи хронология емес, сананың қалыптасуын негізге алып, өзара тығыз байланыста болады. Сондықтан біз Иасауи жолындағы қазақ мұсылмандармыз, Имам ағзам жолындағы мұсылмандармыз, сунниміз деген екі түрлі сөйлем болғанмен бір тұғыр. Иасауи жолы фикхтық жағынан Имам ағзам Әбу Ханифаның, ақаидтық (доктриналық) жағынан имам Матурудидің іліміне негізделген, түркі халықтары арасында кең тараған нағыз түркілік мәдениетпен сомдалған дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміздің айнасы. Иасауи ілімі Қазақстандағы діншілік қана емес, діндераралық татулық пен толеранттылықтың темірқазығы. Ол ешқашан мемлекетке, оның саясатына «қиғаш емес». Иасауи мұрасы егер қазақ мемлекеті мен саясатына қиғаш болса, онда мемлекеттілігіміз бен мәдениетіміз де «қиғаш» болғаны.  «Қазақтың битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» деген тұжырымы осы жерде ойға оралады. Оның ілімін қолданды деп, Иасауиді жоққа шығаруға бола ма?

 Кітапта кері ағым ретінде жалған салафилік бағыттағы, яғни дәстүрлі ханафи мазхабын мойындамайтын жаһандық саясаттың құралына айналған уахабилер туралы да айтылыпты. Олардың зардабы кешегі коммунистік идеология жүргізген ұлтсыздандыру саясатынан да асып түсетін қасірет. Ал Асылбек мырза одан да асып тұр.    Абдулуаххаб "Құран мен Сунна" басқа да негіздерді қабылдайтын мазхабтарды дінге жаңалық қосу деп (бидғатшылықпен) күстаналайды. Ал, өздерін түсінгісі келмегендерді надан (жахил), олардың сеніміне кірмегендерді "дінсіз" деп қарайды. Абдулуаххаб "біздің ханафи мазхабын кафирлердің мазхабы" деп қарайды.

Ал Асылбек мырза уахабилердің наным, сенім ерекшеліктерін сынап, анықтап түсіндіріп берудің орнына бүгінгі жаһандық саясат мінберінен үкім айтып, оларды «тақийа» жолымен сынаған болып, қолдайтындығын жасыра алмапты. Оны мәтіннің әрбір сөйлеміне герменевтикалық тәсілмен талдап, үңілгенімізде анық көріп отырмыз. Мысалы, «... Осы арада «Уәһһәбшілдіктің» отаны аталып жүрген Сауд Арабиясын кінәлау орынсыз. Олардың бұған түк те қатысы жоқ. Кінәлі – «ойыншық-қуыршақ» және сол қуыршақтың иесі. Ол қыршақты ойлап тауып, іске қосқан о баста ағылшындар екенін бүтін дүние біліп те отыр» (116-бет).

 «...Осы орайда «уәһһәбшілдік» өзінің таза ислам негізінде құрылған ағым екендігін дәлелдей алмай отырғанына баса назар аударғымыз келеді» (121-бет). Демек Асылбектің ақидасы бойынша уахабизм негізінен таза исламды насихаттайды, бірақ бүкіл әлемге өздерін таныта алмай, дәлелдей алмай келеді екен, әттең!

Сосын тағы өзіне қарсы шыққан Асылбек өзін таза ислам ретінде дәлелдей алмай келе жатқан ағымның құрушысы мен уахабизм арасында ешқандай байланыс жоқ дейді. Қараңыз «...Мемлекет құрушы идеолог Мұхаммад ибн Абдулуаһһаб пен теріс ағым «уәһһәбшілдік» арасында не тарихи, не рухани, не саяси, не ілімдік ниеттестік, мақсат-мүдделестік байланыс жоқ деп ойлаймыз» (122-бет) дейді.

«...Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб өз еңбегінде былай  деп жазады: «Біз де фарьий (тармақ) мәселелерде Имам Ахмад ибн Ханбали мәзһабындамыз әрі төрт имамға дәстүрлі тақлид қылғандарды инкар қылмаймыз, терістемейміз. Лекин рофизия, зайдия, имамия сияқты басқа мәзһабтағы адамдарды осы төрт имамның біріне тақлиб (өтуіне) қылуға мәжбүр қыламыз. Біз Аллаһтың кітабын түсінуде ғұламалар арасында қолданылып келе жатқан тәфсирлерден пайдаланамыз (мәселен, Ибн Жарир тәфсірі, Ибн Касир, Шафийдің мұхтасары, яғни Ибн Жарир тәфсиріне қылған мұхтасары, Багавий, Байзавий, Хазик, Хаддад, Жәләлайн және басқалар) және хадиси шарифті түсінуде Аскаланий, Кастоланий, Нававий, Мунавийлар сияқты алымдардың шархына сүйенеміз. Адамдар бізге тухмат (ғайбат) қылып, бізді, Құранды фикрлермен (өз ойларымен) тәфсир қылады. Хадистерден шархқа мурожат қылмастан (жүгінбестен) өздеріне жақындарын алады. Пайғамбарымыз соллаллаһу уәссәләмді кемсітіп, «пайғамбар» (с.ғ.с.) қабірде шіріп кеткен, біздердің біреуіміздің  де хосеасы (қасиеті деген сөз) өзіне одан гөрі пайдалырақ» дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шафағатын инкар қылады (терістейді), 600-ші жылдан кейінгі адамдардың барлығын күпір санайды... сияқты тұхматтармен (өтірік, жалған) айыптайды, бұлардың ешқандай дәлелдері жоқ. Кім біздің жүріс-тұрысымызды көрсе, мәжілістерімізге хозир болса (қатысса), біз туралы айтылған сөздердің барлығы дін дұшпандары тарапынан тоқылған тұхмат екенін анық біліп алады. Біз гунахи кәбир қылған адамдарды (мәселен, нақақ кісі өлтірген яки зина қылған, арақ ішкен адамды) кәпір санамаймыз, бұл адам мұсылман доирасынан (мұсылмандықтан) шығып кетпейді және ширк келтірмей өлген болса, дозақта әбәди (мәңгілік) қалмайды деп ығтикод қыламыз (илланамыз), пайғамбарымыз (с.ғ.с) қабірде барзаһ (қиямет-қайымға дейін) һаятында тірі деп иман келтіреміз және мұсылман кісі сәлем берсе есітеді деп иланамыз. Қайсы кісі өзінің қымбат уақытын пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтуға сарфласа (жұмсаса) бұл дүниеде де, о дүниеде де саодатқа (бақытқа) жетеді деп сенеміз. Әулиелердің кереметтерін инкар қылмаймыз (терістемейміз). Лекин олар тірі кезінде де, өлгеннен кейін де құлшылық-ғибадаттың бір де бір түріне лайық емес деп айтамыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) және басқа Пайғамбарлардың, періштелер, әулиелер, сәбилердің шафағат қылуына (шапағат етуіне сенеміз) ишанамыз («Исламды қалай қорғаймыз», Имандылық, 2000 ж. 26 қаңтар)» (125-126-беттер).

«Уәһһәбшілдікке» қатысты осы айтылғандарды ой елегінен өткізер болсақ, біз тағы да дін дұшпандарының өте-мөте терең тамырлай беретін «усойқы», «меңдуана», «есірткі» іспетті аса қауіпті өсімдік-организм ойлап тапқанын көреміз» (127-бет). Ешқандай қоспасыз кітаптан алып беріп отырмын. Бұны уахабизмді қоғамда насихаттаудың «жаңа сатысы», тың тәсілі екендігін мойындамасқа шара жоқ.

Түйіндей келе, осы кітап қолыма түскен кезде, жоғарыдағы Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығының» кеңейтілген ғылыми кеңесіне мүше ғалымдармен жеке-жеке телефон арқылы сөйлестім. Олардың ішінен С.Жолдас, Е.Керімбаев екі профессор бұл кітапты баспаға дейін де кейін де оқымағандығын айтты. Тіпті ондай кеңестің бар екендігінен де хабары жоқ екендігін қосып қойды. Б.Айтаев, Д.Тапалов пен Т.Сүлейменов оқымай қол қойып бергендігін айтса, тек С.Бекбосынова ғана оқыған болып шықты. Қ.Анарбаев мәтінді баспаға дейін оқып, сын айтқандығын жеткізді. «Әлеуметтік бастамалар орталығының» бастығы Н. Тұрсынбаев бұл кітапқа қарсы болғандығын, өзі сол орынға басшы болып келгенге дейін баспаға ұсынылып қойғандығын айтып ақталды. Ал енді облыстық ішкі саясат басқармасының тұтқасын ұстап отырған Г. Тағаева ханым «ол кітапты кеңес ғалымдары қалай мақұлдаса, солай болады» деген ұстанымдық сыңай танытты.

Мәселе бүгінгі қоғамдағы дін құбылысының саясаттың құралына айналып кетуінде болып отыр. Бұл мәселе билік пен дін арасындағы зайырлылық ұстанымына деген құрметсіз көзқарастың жемісі.  Мемлекеттік мекеме атынан осындай ешқандай ғылыми, діни және тарихи танымға сай келмейтін тұжырымдарды кім көрінген тықпалап айта беретін болса, онда қоғам қайда барады?

 Елдің сүйеніші болған тарих ішінде қалыптасқан ғасырлық құндылықтары қиратылып жатса, мемлекеттің баяндылығы мен тұрақтылығы, қауіпсіздігі қайда қалады?

Осы сұрақтарға тиісті органдар мен жауапты тұлғалардың ел алдында жауап беруін талап етемін!

Досай Тұрсынбайұлы Кенжетаев

философия және теология ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3501