Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3961 0 пікір 20 Маусым, 2013 сағат 06:27

Есбол Өміржанов. ЖОО: оқытушы мәртебесі. Ол қандай болуы керек?

Кеңестік кезеңнің қазақ елі үшін жасаған жақсылықтарының ең бастысы халықтың сауатын ашып, ынтасы бар адамдардың жоғары білім алып, аса қабылеттілердің ғылыммен айналысуына мүмкіндік жасағаны десек қателесе қоймайтынымыз анық. Кеңестік кезеңде құрылған біртұтас білім беру жүйесі тәуелсіздік алған жылдары өзгеріске ұшырамағанымен нарықтық экономиканы басшылыққа алған мемлекет білім беру саласына да нарық заңдылықтарын ендірді. Нәтижесінде ақылы мектеп, ақылы колледж, жоғарғы оқу орындарындағы ақылы бөлімдер мен ақылы негіздегі жоғарғы оқу орындары бой көтерді. Ақылы түрдегі жоғарғы білім беру жолға қойылған соң республиканың түкпір-түкпіріне дейін түрлі нысандағы жоғарғы оқу орындары ашылды. Ақылы білім берудің басты мақсаты мен мәнін түсінбегендіктен де болар осы салада қызмет көрсеуді қолға алған тұлғалар оны кәдімгі коммерциялық жолмен ақша табудың көзі ретінде қарастырды.  Соның салдарынан, жоғарғы білім беру табыс көзіне айналды, жарнамамен шәкірт жинап, білім емес диплом беруді кәсіпке айналдырған жоғарғы оқу орындары көбейді.  Бұл өз кезегінде жоғарғы білімнің құнының түсіріп, халық арасында білім емес жоғарғы білім алғанын растайтын құжаттың алдыңға орынға шығуына ықпал етті.

Кеңестік кезеңнің қазақ елі үшін жасаған жақсылықтарының ең бастысы халықтың сауатын ашып, ынтасы бар адамдардың жоғары білім алып, аса қабылеттілердің ғылыммен айналысуына мүмкіндік жасағаны десек қателесе қоймайтынымыз анық. Кеңестік кезеңде құрылған біртұтас білім беру жүйесі тәуелсіздік алған жылдары өзгеріске ұшырамағанымен нарықтық экономиканы басшылыққа алған мемлекет білім беру саласына да нарық заңдылықтарын ендірді. Нәтижесінде ақылы мектеп, ақылы колледж, жоғарғы оқу орындарындағы ақылы бөлімдер мен ақылы негіздегі жоғарғы оқу орындары бой көтерді. Ақылы түрдегі жоғарғы білім беру жолға қойылған соң республиканың түкпір-түкпіріне дейін түрлі нысандағы жоғарғы оқу орындары ашылды. Ақылы білім берудің басты мақсаты мен мәнін түсінбегендіктен де болар осы салада қызмет көрсеуді қолға алған тұлғалар оны кәдімгі коммерциялық жолмен ақша табудың көзі ретінде қарастырды.  Соның салдарынан, жоғарғы білім беру табыс көзіне айналды, жарнамамен шәкірт жинап, білім емес диплом беруді кәсіпке айналдырған жоғарғы оқу орындары көбейді.  Бұл өз кезегінде жоғарғы білімнің құнының түсіріп, халық арасында білім емес жоғарғы білім алғанын растайтын құжаттың алдыңға орынға шығуына ықпал етті. Жоғарғы оқу орындары ел арасында білімді де білікті кадр даярлайтын орын емес, керісінше, жоғарғы білім алғандығын растайтын құжат беретін мекемеге айналды. Әрине, бір мәселе жайлы сөз қозғалғанда оның тек жағымсыз жағы ғана емес, жағымды жағын да ойдан шығармау қажет. Осы тұрғыдан алғанда жоғарғы оқу орындарының көптеп ашылып, жоғарғы білімнің қол жетімді сипат иеленуі көптеген әлеуметтік жағынан төменгі деңгейдегі жастардың жоғарғы білім алуына мүмкіндік тудырды. Жоғарғы оқу орнында білім алу арқылы көпшілік жастар білім алып қана қоймай, әртүрлі мәселеде дербес ойы бар, құқықтық жағынан білімді азаматтарға айналды. Дегенмен, көптеп саналатын жоғарғы оқу орындарының барлығы бірдей жаңа заман талабына сай толыққанды білім беруді ұйымдастырып, білікті кадр даярлай алды дей алмаймыз. Тәуелсіздік жылдары  кеңестік дәуірде білім беру ошағының бет-бейнесі болған оқытушылар қауымы да өзгеріске ұшырады. Түрлі себептермен жоғарғы оқу орындарында дәріс оқитын оқтушылардың кеңестік кезеңде қалыптасқан қоғам алдындағы мәртебесіне селкеу түсті. Уақыт өте келе жоғарғы оқу орнында жұмысқа қалып, өмірін ғылым мен білімге бағыштайтын жастардың саны азайып, кейбір салаларда ұстаздарға тапшылық орын ала бастады. Ғылыми атақ пен дәреже көбінесе мақтансүйгіш тұлғалардың жеке амбициясын қанағаттандыру құралы болып, ғылымның шынайы келбетіне көлеңке түсіп, өскелең ұрпақтың ғылыммен айналысуға ынтасы әлсіреді. Сонымен қатар, Ұлттық Ғылым Академиясының құқықтық мәртебесінің өзгеріске ұшырауы, тек ғылыммен айналысатын ғалымдардың әлеуметтік қорғалмауы да ғылым жолын таңдаушыларды тығырыққа тіреді. Бір-бірімен байланысты жағдайлардың әсерінен жоғарғы оқу орнының оқытушысына деген қоғам пікірі өзгеріске ұшырап, оларға қатысты теріс көзқарастардың да өріс алуына мүмкіндік жасалды. Жалпы алғанда, жоғарғы оқу орындарының оқытушыларының қоғам алдында беделінің түсіп, осы салада қалып ғылыммен айналысуға ынталы жастардың азаюына келесі факторлар өз әсерін тигізді:

Ең алдымен, жоғарғы оқу орындарының шамадан тыс көбеюі, нәтижесінде кадр тапшылығын жою үшін қолында дипломы бар адамдардың жоғарғы оқу орындарының оқытушыларына еш даярлықсыз айналуы;

Екіншіден, жоғарғы оқу орындарындағы материалдық-техникалық базаның болмауы, оқытушылардың сапалы білім беруіне жағдайдың жасалмауы;

Үшіншіден, ғылым саласының жемқорлыққа ұрынуы, содан болып ғылымға қатысы жоқ адамдардың ғылым кандидаты және ғылым докторы атағын иеленіп, студенттерге сабақ жүргізуі, жоғарғы оқу орындарындағы, білім мен ғылым саласындағы  лауазымдарды иеленуі;

Төртіншіден, жоғарғы оқу орындары оқытушыларының әлеуметтік жағынан қорғалмауы, жалақының аздығы, қосымша материалдық көмектің болмауы, сәйкесінше, білім берудегі жемқорлықтың орын алуы;

Бесіншіден, оқытушылардың жылдық жүктемесінің ауырлығы, оқытушылардың ғылыммен айналысуға және өзінің кәсіби біліктілігін көтеруіне жағдайдың жасалмауы;

Алтыншыдан, жоғарғы оқу орындарындағы қағазбастылық, оқытушының нақты өткізетін сабағына емес, әр пән бойынша жасаған оқу-әдістемелік кешеніне бағаның берілуі, оқытушының бітпейтін есептер мен жиналыстардың, тексерістердің  тұтқынына айналуы және т.б.

Оқытушының қоғам алдындағы беделінің түсуіне кейбір жанама факторлар да әсерін тигізуде, оның бірі ретінде кредиттік оқыту жүйесінің толыққанды орнықтырылмауын да атап өтуге болады. Әсіресе, кредиттік оқу жүйесіне көшкен елдерде болмайтын сырттай оқыту нысаны әлі күнге дейін жоғарғы оқу орындарының бюджетін толтырушы «бұлаққа» айналып отыр.  Сырттай білім алушылар көбінесе гуманитарлық мамандықтарды таңдайды, әсіресе, құқықтану, кеден ісі, экономика мамандықтарында сырттай білім алушылар саны азаймай отыр. Бұл өз кезегінде дипломмен мемлекеттік қызметке кірушілердің де сапасына тікелей әсер етуде. Мәселенің мәніне үңілер болсақ, жеңіл жолмен диплом алып мемлекеттік қызметке кірген маманның кәсіби біліктілігінің төмен болатыны, ол көрсететін қызмет сапасыз болатыны анық. Кей кездері сауаты төмен адамдардың қандай да бір жолдармен биік лауазымды мансапты қызметтерді иеленіп, өзі басқарып отырған саланың жұмысын кері кетіргеніне куә болып жатамыз, болмаса, біліктілігі төмен маманның өз міндетінің мәнін түсінбеуінен орын алып жатқан кері жағдайлар бүгінгі қоғам үшін үйреншікті жайтқа айналды.  Бұл мемлекеттің қоғам алдындағы беделінің түсіп, халықтың билікке сенімінің төмендеуіне, сыбайлас жемқорлықтың дамып, халықтың нигилистік көзқарастарға бет бұруына алып келеді.

Өмірдің өзі бір-бірімен байланысты жағдайлардың жиынтығы деп қарастырар болсақ, қазіргі кездегі мемлекетте орын алып отырған жағымсыз жағдайлар, үлкен масштабтағы сыбайлас жемқорлық пен қоғамды жайлаған нигилистік көзқарастардың қалыптасуына жоғарғы оқу орындарының да тигізген кері әсері бар деп пайымдауға болады.  Кез-келген жағымсыз жағдаймен күресте оның салдарын жою емес, себебін тауып, оны болдырмаудың жолын қарастыру нәтиже берері сөзсіз. Сол себепті жоғарғы оқу орындарындағы оқытушылардың мәртебесін көтеру де қоғам үшін қауіп тудырып отырған жағдайлардың алдын алуда оң нәтижелер бере алатын мәселе. Осы тұрғыдан алып қарағанда, жоғарғы оқу орнының оқытушысының мәртебесінің көтерілуі үшін келесі мәселелер өз шешімін табуы керек:

Біріншіден, айқын стратегиялық мақсаты жоқ, тек нақты бір адам немесе топтың қалтасына жұмыс істейтін жоғарғы оқу орындарын  жабу;

Екіншіден, нақты бір сала мамандарын даярлайтын профилдік жоғарғы оқу орындарындағы табыс көздеріне айналған қосалқы факультеттерді жабу;

Үшіншіден, жоғарғы оқу орындарындағы сырттай бөлімдерді жауып, қашықтықтан оқыту нысанын жолға қою;

Төртіншіден, жоғарғы оқу орнының оқытушысының біліктілігіне қатысты талаптарды қатаңдатып, ғылыми атақ пен дәреже алуда жемқорлықтың болмауына мемлекет тарапынан қатаң қадағалау орнату;

Бесіншіден, жоғарғы оқу орнының оқытушысын әлеуметтік жағынан қамтамасыз етіп, бұл қызметтің ең жоғары ақы төленетін, тек ең мықты мамандар иеленетін жоғарғы дәрежелі қызмет деңгейіне көтерілуін қамтамасыз ету;

Алтыншыдан, жоғарғы оқу орындарындағы орын алған қағазбастылықты азайтып, оқытушылардың ғылыммен айналысуына, өз біліктіліктерін көтеруіне жағдай жасау;

Жетіншіден, жоғарғы оқу орнының оқытушысының рейтінгін айқындауда тек Батыс елдеріне бағытталған  көшірме емес, қазақстандық қоғам ерекшеліктеріне негізделген, заман талабына сай келетін ұлттық модель қалыптастыру қажет.

Abai.kz

0 пікір