Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3955 0 пікір 31 Мамыр, 2013 сағат 11:45

Әбілпейіз Ілиясов. Зарлатты заман талайды...

Таңдайы жарылып шешен, маңдайы жарылып көсем болып туу – екінің біріне бітетін бақ емес. Десе де, өз ойы мен көңіл күйін өзгеше жазып, сөз кестесімен өрнектей білген Әбілпейіз Әмзеұлы Ілиясовтың (1922-194...) өлеңдерін оқып терең ойға берілесіз.

  Жастайынан жетімдік пен жоқшылық көріп, бүкіл әулетінен ажырап ерте есейген ақынның жырларынан 1932-1933 жылдардағы алапат аштық пен 1937 жылғы зұлмат зардабынан тақсірет шеккен елдің мұңы мен запыран зарын, әділетсіздік пен қисапсыз қиянаттың қасіретін көресіз, жұлын-жүйкеңізбен сезініп тарихи жадыңыз жаңғырады.

  Өкінішке қарай, қысқа ғұмыр кешіп, 1941 жылғы қан майданнан оралмаған қыршын жастың  көп өлеңдері сақталмады. Өз атам Әмзеұлы Ғани (1924-1996) ақсақал ағасы Әбілпейіздің есінде қалған бірнеше жыр шумақтарын мақамдап отырып егіле айтатын. Осыдан жиырма жыл бұрын жазып алған мұраны 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне» орай аза тұтып, марқұмдардың рухы шат болсын деген ниетпен көпшілік назарына ұсынып отырмын.

Таңдайы жарылып шешен, маңдайы жарылып көсем болып туу – екінің біріне бітетін бақ емес. Десе де, өз ойы мен көңіл күйін өзгеше жазып, сөз кестесімен өрнектей білген Әбілпейіз Әмзеұлы Ілиясовтың (1922-194...) өлеңдерін оқып терең ойға берілесіз.

  Жастайынан жетімдік пен жоқшылық көріп, бүкіл әулетінен ажырап ерте есейген ақынның жырларынан 1932-1933 жылдардағы алапат аштық пен 1937 жылғы зұлмат зардабынан тақсірет шеккен елдің мұңы мен запыран зарын, әділетсіздік пен қисапсыз қиянаттың қасіретін көресіз, жұлын-жүйкеңізбен сезініп тарихи жадыңыз жаңғырады.

  Өкінішке қарай, қысқа ғұмыр кешіп, 1941 жылғы қан майданнан оралмаған қыршын жастың  көп өлеңдері сақталмады. Өз атам Әмзеұлы Ғани (1924-1996) ақсақал ағасы Әбілпейіздің есінде қалған бірнеше жыр шумақтарын мақамдап отырып егіле айтатын. Осыдан жиырма жыл бұрын жазып алған мұраны 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне» орай аза тұтып, марқұмдардың рухы шат болсын деген ниетпен көпшілік назарына ұсынып отырмын.

                                                                                                      

Мүсілім ӘМЗЕ

                                                    *  *  *                                                                                                             

Уа, бек жақсылар ағайын !

Құлағың салып тыңдасаң

Қаламды қолға алайын.

Көкті сүзіп жылжыған

Жұлдыздайын ағайын.

Жақсы менен жаманның

Надан бір менен адамның,

Жасым кіші болса да

Көрдім менде талайын.

Үлкен-кіші бәріңе

Қатын-қалаш, қыз-қырқын

Еңбектеген баладан

Сақалды-мұртты кәріңе

Сәлемхат арнап жазайын.

Сондағы айтар талайым:

Үш жасымда жетім қап

Көрдім мен де құдайдың

Кеңшілік қылған сарайын.

Анамның жатып ішінде

Істеппін күнә талайын.

Жаралмай тұрып жасымда

Тарттым халық жазайын.

Құдайдың қылған әмірі

Дәурен сүрген пір бабам

Солардың қылған күнәсін

Аударған маған құдайым.

 

Ендігі сөздің қысқасы,

Үш жаста қалсам атадан

Жетімдікті білмеппін

Асық ойнап сақадан.

Жетімдік тағы білмеппін

Асыраушы болып анадан.

Жетімдік тағы білмеппін

Ата да болып ағадан.

Көп көрінді маңлайға

Тоғыз жасқа келгенде

Әмзе, Қамар, Сәйпідін

Жоғалды бұлар арадан.

Бәдіредін тірі деп

Жан-жағыма қарасам,

Шулаған жан орасан

Ауғанстан, шетелге

Өтті деп шекарадан.

Тірі ғайып, тусыз ел

Тірі айрылған ағадан

Жығылғандай жарадан,

Бірден кетті-ау үш арлан

Менде бір көп қой іш арман...

Алдады өмір, алдандық,

Бұлаңдатты-ау сұм жалған.

Құтылып қашан шығамыз

Құрулы темір құрсаудан?!

                                                  

 *  *  *

 

Замана зары қалай-ды

Зарлатты заман талайды.

Барын тонап дүниенің

Қаңыратып қойды сарайды.

Аяғың шалыс басылса -

Түрмесіне қамайды.

Күліп-ойнап шаттансаң

Тұрмысы тезеп сабайды.

Ақырын байқап тыңласаң

Нақ өзіңнің жан досың

Басқан ізді санайды.

Ата-бабаң бай болса

Жабылған жұртың, ағайын

Ала көзбен қарайды.

Үздік шықса дабысың

Түспейді жерге намысың.

Дау-жала жерді жармаса

Шоқпардан басың қанайды.

Бағың тайса басыңнан

Туысқан деме ағайды.

Дәулет құс қонса басыңа,

Жұрт жиылса қасыңа

Сонда ғана ағайын

Бірте-бірте жанайды.

Жанын берер доссынып

Аузыңды келіп жалайды.

Осыдан не сөз шығад деп,

Көзін алмай қарайды.

Толтырады туысқанмен

Қазақ бір қалмақ жиналып

Бауырлас болып маңайды.

 

Замана зарын тыңдасаң

Зарлаған зарлы үн шығад

Шырқаған әнді тыңдасаң

Дымығып адам тұншығад.

Жалықпай күтсең жалғанды

Таң атпай жарық күн шығад

Аллаға ісің жақпаса

Сапары болмай қырсығад.

Момынды түртіп қорласаң

Шебер-шешен тіл шығад.

Жаманменен сырлассаң

 Төбелес сынды үн шығад

Жақсыменен сырлассаң

Құны жоқ қиял, сын шығад.

Жақсыны таңсаң өсекке

Айтып болмас мін шығад...

                                          

 *  *  *

 

Құдайым бастан жараттың

Он сегіз мың ғаламды

Қолыңнан санап тараттың.

Ақырында адам ғып

Атымызды санаттың.

Біреуді бай, кедей ғып,

Біріне-бірін қараттың.

Алшақтатып біреуді

Телегей малын санаттың.

Құпия жалған дүние

Пенделердің үстінен

Тыңшы қойып талаттың.

Біреуді жастан жетім ғып

Кісі аузына қараттың.

Жетімге жарық табылмай

Бақтырдың қойын манаптың.

Сөтке мен күнді ұмытып

Жолына түстің сағаттың,

Атасы жақсы не сабаз

Дәмін таттың арақтың...

                                           

Домбырамды тартайын

Тиегін ұста оңдаса,

Шешеннен сөз табылар

Жаюлы тондай торласа.

Қисық ағаш түзелер

Ұстаға салып морласа,

Әшекей сымбат көрінер

Бояма түспен оңласа.

Бенденің бақыты ашылмас -

Маңдайы қалың сорласа.

Барынша сөзді төгейін

Пірлерім келіп қолдаса !         

                                                     

*  *  *

Ауғанға кеткен ағам Бәдіредінге                                                   

 

Ойға шомдым қаламымды қолға алып

Сағынғанда аға сізді ойға алып.

Ыстық жүрек махаббаттан шыққан ой,

Құстай ұшты-ау өз-өзінен жолданып.

Қайдан табам аға, сенің өзіңді

Аға десем естімейсің сөзімді.

Қаратаудан қарлы боран соққанда

Іздеймісің ықтап кеткен қозыңды?!

Сыр жазуға қаламым тұр қолымда

Сіз де барсыз жүрегімде, ойымда.

Көп күттірдің, аға сізді сағындым,

Қарауменен екі көзім жолыңда.

Аға десем, ауызымнан шыққан от

Жұмарланып көңіліме болды топ.

Он жыл көрмей, аға сізді сағындым

Ынтық жалын, жүрегімде жайнап шоқ!

Тауда – арқар, атсам көзім қимайды

Қайғы-қасірет жүрегіме симайды.

Осындайда сырын сыртқа шығармай,

Бәрін қалай інің ішке жинайды.

Менің атам – құт, бақытты жан еді

Әділдікте бұл дүниенің ханы еді.

Ауыспалы кезек күткен жалғанның

Сол себепті менде кегі бар еді.

Амалым не, айтқанменен бола ма

Жылай берсем қу көңілім тола ма?

Ілиястан Ғани менен мен қалдым,

Екі жетім қозың маңырап қорада.

Інің Сәйпін, қарындасың Әминә,

Қамар қызы Мәликә мен Әдисә.

Бізді тастап сұм өмірмен қоштасты...

Алған жары  Бибігүлі тағы да.

Алдымызда есен қойса ананы

Қойдан  қалған қозыларға пананы.

Шүкір етіп сиынамын Аллаға

Білмегендей жүректегі жараны.

Соңыма ерген сүйеніш қып Ғаниды

Іштен жекіп сұм-дүние пәниді.

Алдымда – анам, соңымда – інім тұрғанда

Қуанышым тісін көкке жаниды.

Бауырласым, жасың үлкен ағасың

Жағалапсың Әмудария жағасын.

Қасқыр шауып бытырап кеткен қозыңды

Қорасына қашан келіп жинайсың?

Алыс жолдан айғайласам бармайды

Бұл сұм өмір мұнша мені алдайды!

...........................................................

Қой жүрегім!

Езіле  бермей тоқташы,

Алып қашып әрнемеге соқпашы.

Қысқарт сөзді, тоба қыл...

Болсаң дағы өз құлыңа бақташы!

 

Abai.kz

0 пікір