Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5277 0 пікір 27 Мамыр, 2013 сағат 06:21

Аманжол Досжанұлы. Сопылық ілім және дін насихаты

Дін адамзат өміріндегі, сондай-ақ қоғамдық қатынастардағы атқарар  маңызды қызметі бар, күрделі құбылыс. Дін адам болмысынан тамыр тартқан, оның ішкі жан дүниесін қалыптайтын білім жүйесі. Қоғамның мәдени, рухани өмірінің дамуы мен қалыптасуы, ондағы құндылықтар жүйесінің қордалануы дінмен және діннің адамның рухани сұраныстарын қанағаттандыруымен тығыз байланысты. Діннің адамның жан ізденісіне бағыт-бағдар беретін  білім жүйесі ретіндегі қырын қарастырсақ оның иман шарттарымен анықталатын ақидалық негіздеріне назар аударуымыз керек. Адамның рухани ізденістерінің қатарында танымдық, сүйіспеншілік, тазалыққа, ізгілікке ұмтылу, сияқты асыл қасиеттерін атасақ, осы ізденістердің барлығының түп мақсаты діни білім арқылы анықталатын – екі дүниелік бақыт немесе ақыреттегі бақилық бақытқа жету мақсатында тоғысатынын аңғарамыз. «Әлемдегі діндердің түп мақсұты, үш нәрседен бұлжымай құшақтасар, Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар» [ 1,70] дейді Ш. Құдайбердіұлы осы орайда. Бұл діннің негізгі қызметі, басты тағайындылығы десек, адамдардың діннен күтетін қоғамдық санаға ықпал етуші, адамаралық қарым-қатынастарды реттеуші, әлеуметтік һәм саяси қатынастарды түзетуші, қоғамды адамгершілікке, имандылыққа бағдарлаушы, ұлтты тұтастырушы, т.с.с. көптеген қызметтері де бар.

Дін адамзат өміріндегі, сондай-ақ қоғамдық қатынастардағы атқарар  маңызды қызметі бар, күрделі құбылыс. Дін адам болмысынан тамыр тартқан, оның ішкі жан дүниесін қалыптайтын білім жүйесі. Қоғамның мәдени, рухани өмірінің дамуы мен қалыптасуы, ондағы құндылықтар жүйесінің қордалануы дінмен және діннің адамның рухани сұраныстарын қанағаттандыруымен тығыз байланысты. Діннің адамның жан ізденісіне бағыт-бағдар беретін  білім жүйесі ретіндегі қырын қарастырсақ оның иман шарттарымен анықталатын ақидалық негіздеріне назар аударуымыз керек. Адамның рухани ізденістерінің қатарында танымдық, сүйіспеншілік, тазалыққа, ізгілікке ұмтылу, сияқты асыл қасиеттерін атасақ, осы ізденістердің барлығының түп мақсаты діни білім арқылы анықталатын – екі дүниелік бақыт немесе ақыреттегі бақилық бақытқа жету мақсатында тоғысатынын аңғарамыз. «Әлемдегі діндердің түп мақсұты, үш нәрседен бұлжымай құшақтасар, Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар» [ 1,70] дейді Ш. Құдайбердіұлы осы орайда. Бұл діннің негізгі қызметі, басты тағайындылығы десек, адамдардың діннен күтетін қоғамдық санаға ықпал етуші, адамаралық қарым-қатынастарды реттеуші, әлеуметтік һәм саяси қатынастарды түзетуші, қоғамды адамгершілікке, имандылыққа бағдарлаушы, ұлтты тұтастырушы, т.с.с. көптеген қызметтері де бар. Алайда, діннен осындай тағайындылық күту үшін оның бүгінгі қоғамдық шындықтағы нақтылы орны мен мүмкіндіктері соған лайықты ма, тіптен діннің негізгі тағайындылығынан ауытқу, оған артық талаптар қою діннің саясилануына негіз болмай ма? деген заңды сауалдар туындайды.

Зайырлы мемлекеттің заңдарына сай адамның діни сенім бостандығы қорғалатындықтан, сондай-ақ, көп конфессионалды және көпэтносты еліміздің жағдайында қандай да бір діни сенімнің көзқарастарын таңуға тыйым салынатындықтан «дін мемлекеттен  бөлек» деген ұстаным бар. Бұл діннің қоғам өміріндегі орнын жоққа шығару емес, діннің мемлекет саясатына қол сұқпай, бейтараптық сақтайтындығын білдіреді және діннің саясилануы арқылы белгілі бір мүдделі топтардың идеологиялық құралына айналуынан сақтанудағы басты қағида болып саналады.

Әйтсе де, «Дін адамды бір бауыр қылмақ еді, Оны бөліп дұшпандық қару жасар» [1.] жағыдайына дейін әкелетін не? Оның бір себебі, жалпы бұқара қауымның арасында дінді жан ізденісін қанағаттандыруға немесе иман байлығын қорғап, сақтауға, рухани жетілуге қажетті деп біліп іздеушілері көп емес. Өйткені, рухани тәрбие берудің дәстүрлі мектебі кейінгі атеизм дәуірінде өз сабақтастығын үзуге немесе басқадай форма алуға мәжбүр болды.  Әрине, рухани сабақтастық мүлдем жойылған жоқ. Кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиеті әлемдік жазба классикалық әдебиеттің бүкіл қалыптары мен әдіс-тәсілдерін қолдана тұра халықтың көкейіне жол тауып, жан дүниесінен орын алу үшін ұлттың рухани санасына қозғау салар  дәстүрлі образдарға, мәнділіктер мен құндылықтарға жүгінді. Бұл құндылықтар мен мәнділіктер кеңестік дәуірге дейінгі діни мазмұнмен тығыз астасып жатар еді. Бірақ, атеистік идеологияның қасаңдығымен діни мазмұннан барынша тиылған, алайда, көркемдік шешімдер әдіс-тәсілдер арқылы астарлы түрде рухани-діни құндылықтарға  жүгініп отыратын көркем шығармашылық адамдардың рухани қажеттіліктерін атқарып тұрды. Мәселен, кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінің темірқазық тұлғасы болған Абай шығармашылығының діни мазмұнын ашық айтпағанмен, оның ислам дінінің имандылық негізін өзек еткен шығармалары жалпы көркем шығармашылыққа болсын және халық жадында жаңғырып тұратын діни иман негіздеріне де нақтылы бағыт-бағдар нұсқады.

Ал, тәуелсіздікпен бірге діни сенім бостандығы жарияланған кезеңде қоғамның бүкіл дертінің дауасы дінде деп білген үміттер ақталмай, кейінгі кездері керісінше адамдардың дінге үреймен қарауы, діндарлардан сенімсіздікпен, күдікпен тосырқауы бой көрсетуде. Оның бір себебі – жалпы қауымның пікірі де қоғамдық санада басымдыққа ие болып отырған пікірге ойысатындықтан адамдар дінге талап артуды біледі, бірақ, өздері дін талаптарына  лайықты әрекет жасауға құлықты болмайды. Бұл адамның жан ізденісі мен ізгілікке ұмтылысын жоққа шығаруымыз емес. Адамның қоғамды ізгілендіруге ұмтылысы оның жан ізденісі, алайда, қоғамды түзету – жалаң ұранмен, тіпті ол діни ұран болса да жүзеге аспайды. Тіптен дінге тыйым салынған атеистік қоғамның өзінде адамдар жан ізденісінің азығын көркем шығармашылық арқылы және салт-дәстүрлерін белгілі дәрежеде сақтау арқылы діннен тауып отырғаны белгілі. Демек, адамның рухани ізденісі алдыңғы орынға шығып, дінді қолданып қоғамды жөндеймін деген райынан қайтып, дін арқылы өзімді жөндеймін деген ниетке келген жағдайда ғана – жеке тұлғалардың рухани тазаруға, рухани дамуға талпынысы артуы арқылы  қоғамның ізгіленуі жүзеге асады.

Ал, діни сенімге еркіндік берілген кезеңде адамдардың дінге бетбұрысы олардың өзара келісіміне емес – діни төзімсіздігіне, тарихи түп-тамырын танып, ұлттық тұтастануға емес – тарихтан, салт-дәстүрден жерінуге, ұлтсыздануға әкелуімен, адамдардың мінез-құлқының көркемденіп, өзара құрмет пен ізгілікке ұмтылуына емес, керісінше, құрметсіздікке, менмендікке, өзара жаттануға соқтыруымен көрініс беруде. Демек, діннің жалаң насихатталуы, дінді қоғамға сырттай таңу оң нәтиже бермейді. Діншілдердің басым көпшілігі дін арқылы қоғамды және адамдарды тәрбиелейміз деп жүр, ал, саны көбейген осы ағымдардың әрқайсысы өз көзқарасын соңғы ақиқат ретінде ұсынуда. Демек, өзінен басқаларды жоққа шығаратындықтан бұл ағымдар бір-бірімен келісімге келе алмайды. Бұл жағдайда қоғамның рухани бірлігі жайлы айту қиын. Дін насихатшысы болсын, әрбір қарапайым қоғам мүшесі болсын дін арқылы қоғамды түзетемін деп емес, дін арқылы өз жан дүниемді тазартамын деген ниетке бет бұрса діннің негізгі тағайындылығы қалпына келіп, діннің қоғамдағы қызметі де пәрменді болар еді.

«Барма маған бір сын?» -  деп,

«Ұстағаным қай дін?» - деп,

Ойламайды: «Кіммін?» -деп,

Жүрегінің тоты бар [1,233]. Деген Шәкәрім қажының сөзіндегідей әркім өзіне сұрақ қойса әрбіреуіміздің жауапкершілігіміз арта түсер еді.

Бұрында діни ілімнің рухани танымдық, діни имандылық, адамгершілік, тәрбиелік, ғибраттық насихаттық мақсатта насихатталуына сай, дін  адамның өзінің жан дүниесін танып, рухани мұқтаждығын өтеуге қызмет етіп келген болса, кейінгі ғасырларда дін насихаты сол үрдісінен айырылып, идеологиялық құралға айналғаны белгілі. Бүгінде дін адамның имандылығына  негіз болар ілім жүйесі ретінде емес, содырлық пен төзімсіздіктің бастауы ретінде танытылып,  шабуылға ұшырауы байқалады. Бұл тек бұрынғы кеңестік кезең мен кеңістікке ғана тән емес, бүгінде де жалпы әлемдік құбылысқа айналып отыр. Адам мен құндылық арасындағы қатынастың бұзылуы, тарих пен дәстүрдің үзілуі, діннің  тұтастырушы функциясы бұрмаланып, керісінше әралуан идеологиялық мақсатты көздеушілердің мүддесіне пайдаланылуы бүгінгі күннің шындығы.

Сіз бояулы дін тұтасыз,

Мақтаның мен пайда үшін.

Сусыным деп у жұтасыз,

Кетпегейсіз бір құлап.

Таза ақылмен таппаған дін,

Шын дін емес – жындылық,

Қармалаған бір соқырсың,

Өлген ой мен көз, құлақ [1, 269], -  деген жыр жолдары замана дертін дөп басқан

Ал, уақыт пен кеңістіктің алшақтығын жеңіп, өзінің үзілмес рухани сабақтастығын паш етіп отырған, өз бастауын Ясауи ілімінен бастау алатын  қазақ топырағындағы  сопылық дәстүрдің елдестіруші, тұтастырушы қызметін халқымыздың рухани мәдениетінің қай кезеңінен болсын анық көреміз.

Сопылық ілімнің қалыптасуындағы негізгі қайнар бастаулар Құран кәрім мен пайғамбар хадистері болып табылады. Сопылық жолдың көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің ілімі мен мәдениеті жалпы түркі дүниесінде оның ішінде қазақ философиясы тарихында маңызды рөл атқарып, философиялық  ұғымдар мен мәнділіктердің және этикалық қағидалар мен ұстанымдардың қалыптасуында зор маңызға ие болды, күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Қожа Ахмет Ясауидің хәл ілімі, хикмет дәстүрі — адамның ар-ождан үні, жеке тұлғанының өз   ішіне үңіліп, өз бойының мінін түзететін ар ілімін қалыптастыруымен, осы ұстаным арқылы қоғамның сауығуын қамтамасыз ете білуімен ерекшеленді. Діни ілімнің рухани мәні — адам жанының мұқтаждығын іздеуіне, яғни рухани кемелдікке ұмтылуына жолбасшылық жасау. Кемелденудің алғышарты — тазалыққа жету болса, ол үшін кемшілікті өзгеден емес, өз бойыңнан табу, өзгеге сүйіспеншілікпен, кешіріммен қарау,  қоғамды яки, адамды түзетемін деумен өз мініңді ұмыт қалдырмай, өзіңе сын көзбен қарап, жан дертіңе дәру іздеу. Осындай адамды жауапкершілікке жүгіндіретін берік ұстаным ғана діннің идеологиялық құралға айналуына, мүдделі топтардың көпті тобырлық күш ретінде пайдалануына тосқауыл болады. Себебі, өз бойындағы мінді көрмей, өзгенің қателік кемшілігін көруге, оны діни өлшемдермен безбендеуге бейім адам түбінде дінді белгілі бір саяси-идеялогиялық мүдделерге пайдаланатын жат пиғылды топтардың жетегінде кетуі ықтимал. Қоғамда бар дерттен өзі де ада емес екенін түсініп, оны өз бойынан тауып, одан арылуға ұмтылған адам, нәтижесінде қоғамның сауығуына да игі ықпал етері анық. Діннің идеологиялық құралға айналуы қоғамдағы жіктелуге, ымырасыздыққа соқтырса, керісінше діннің рухани мәніне ұмтылу тыныштық пен бірлікке әкеледі. Сондықтан, рухани, мәдени мұраларды тарихи салыстырмалы тұрғыдан зерттеу арқылы, қазақ қоғамының тарихи-өркениеттік дамуындағы рухани дәстүрдің сабақтастығын және қоғамдағы тұтастырушылық орнын бағамдаудың маңызы зор. Осы сабақтастығы үзілмей келе жатқан рухани дәстүрдің ерекше беріктігі мен жасампаздығын қазақтың ерте ортағасырдан бастап, жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген қазақ ғұламаларының мұраларынан, тарихи-мәдени ескерткіштерден анық көреміз. Ол дәстүрмен қарама-қайшылыққа келушілер мен халықтың дін-иманына күмәнданушыларды бертінде тәуелсіздіктен кейінгі енген діни ағымдардан кездестіре бастадық.  

Адамның рухани-интелектуалдық дамуын мұрат еткен сопылық оның танымдық мүмкіндіктерін исламның аксиологиялық-құндылықтық жүйесі, яғни иман шарттары аясында жүзеге асыруымен сипаталады. Осы иман шарттары ислам ғұламасы Нұғман бин Сәбит Имам Ағзам Әбу-Ханифаның  (х.80/699-х.150/767) «Әл-Фикх ул-Акбар» [2] еңбегінде қалай тұжырымдалып баяндалса, Абайдың 38-ші қара сөзінде [3,189-210 ], Ш. Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шартында» [4,209-299], Ы. Алтынсариннің «Мұсылмандық тұтқасында», Ақмырза Ишанның «Түркі иманында» осы қағидаттардан қылдай ауытқу байқалмайды. «Қазақ халқы ханафи мазхабын ұстанғандықтан, дін қайраткерлерінің көзқарастары Имам Ағзамның «Әл-фикх ул-акбар» кітабында айтылған түйіндерден сәл де болса алшақ кетпейді» [2,9]

Мекке-Мәдинадан бастау алған Ислам дінінің Мәураннаһрда жаңғырып, тәфсір хадис, шариғат, тасаууф рухани ілімдерінің шарықтай дамығанын, сонымен қатар, философия, математика, алгебра, геометрия, география, астрономия, медицина сияқты ғылым салалары да дамығанын айта келіп тарихшы ғалым Д. Қыдырәлі былай дейді: «Бір таңқаларлық жайт, тұтас дәуірлерге сыймайтын осы орасан зор табыстардың басым көпшілігі Қарахан мемлекеті тұсында жүзеге асты. Біздіңше, мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қарахан мемлекетінде тұрақтылық пен тыныштық орнады. Екіншіден, елдің барша тұрғындары бір ғана мазхабты – Имам Ағзам жолын ұстанды. Үшіншіден, мемлекет басты нысан ретінде білім жолын таңдады. Елде іргелі оқу орындары ашылып, ғалымдарға құрмет көрсетілді. Дәстүр мен дінді ұштастырған жергілікті ғұламалар өсіп жетіліп, бой көтерген сәулеттті қалалар ғылым мен мәдениеттің ошақтарына айналды.  Осылайша, ғылым мен білімнің қарыштап дамуына барынша жағыдай жасаған Қарахан мемлекетінде мектеп, медресе, зауиенің үйлесімді бірлігі дүниеге келді. Елде діни білім де, рухани ілім де, нақты ғылым да өркен жайды» [5,34].   

  Сопылық ілімнің орталық өзегін құрайтын тақырыбы адам десек, сол адам мәселесі Құранда кеңінен қамтылған. Адамның өскелең рухқа, иман қазынасына ие болуы, оған сол рухын өсіріп, иманын сақтап байыту үшін ақыл, ой­сана берілуі  оның жауапкершілігін айқындайды. Құран әрдайым адамды терең ойлауға, танымдық ізденіске үндейді. Таныммен өркен жаятын, сеніммен тамыры тереңдейтін өскелең рухты иеленгендіктен  адам өзінің рухын өсіруге жауапты. Рухани кемелдену арқылы ғана бақиға ұласатын, мәңгілік бақытты иеленетін болғандықтан ол рухын өсіруге  мүдделі саналы болмыс. Сондықтан оның білуге деген құштарлығы табиғатында бар. Адамның осы ізденісін бағыттайтын Құран Алла, әлем және адам туралы аянның бастауы.

«Ақылыңа сынат, -  деп, - дәлел айтқан»

Құраннан табылады талай аят.

Тәпсір деп қасиетін талқан қылып,

Бұзғанмен Құран болмас адасқан хат.

Жарық нұрдан жаралған күн жоғалмас,

Бетіне перде жапса неше қабат,

Құран сырын ұға алмай бұзса-дағы,

Жасырылмай жарқырап тұр кәрәмат

Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне,

Дін десе тұра қашты есті азамат.

Бар обалы олардың тәпсіршіде,

Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат [1,38], - деген Ш Құдайбердіұлы Құран хақиқатының бұрмаланып түсіндірілуі адамдарды діннен бездірсе де хақтықтың нұрын жоя алмайтынына сенеді. 

Адамзаттың ғақлиятық тарихында Алла, әлем және адамды таным нысаны деп белгілеп, олар жайлы Құраннан бұрын және Құраннан кейін де ой толғаған адамның интеллектуалдық тәжірибесін философия тарихынан көреміз. Құран адамның жаратылыс сыры, оның болмысы, өмірінің мәні мен мағынасы, әлемдегі орны, тіршіліктегі мақсаты не? – деген көптеген сұрақтарға жауап бере отырып, адам болмысын тұтастай жинақтап қарастырған. Бұл жауаптардың барлығы да адамның көкейіне қонатын, бейнелі көркем тілмен  берілген. Құранның үндеуі адам жүрегіне, санасына, рухы мен ақылына бағытталып, оны Ақиқат рухани әлеммен байланыстыруды көздейді. Сондықтан, адам әлеміне барар жол жүрек, көңіл арқылы өтеді. Яссауи бабамыздың және қазақ даласында ғұмыр кешіп, болашақ ұрпаққа өздерінің рухани мұрасын аманаттаған ғұламалардың Құран ақиқатын назар салған оқырман үшін көкейіне қонымды қылып баяндаған еңбектері аса мол. Бүгінгі тәуелсіздік кезеңінде олардың ауқымды бөлігі жарыққа шығып, қол жетімді болды. Діннің қоғамдағы қызметінің дұрыс жолға қойылып,   шын мәніндегі тағайындылығы – адамның рухани-имандылық дамуындағы әсер-ықпалының артуы үшін осы бабалар мұрасына жүгінудің маңызы мен өзектілігі шүбәсіз. Демек, надандықтан арылудың (надандық - сауатсыздық мағынасында емес) яғни, рухани-мәдени мұраларға құрметсіздіктен арылудың, тереңдеп зерттеп көпшілікке танытудың маңызы зор. Діннің шын мәніндегі елдіктің ұйытқысы, кемел ердің толысуына бағыт беретін білім жүйесі болып, қоғамдық құбылысқа айналуы үшін діннің қасиет-киесін ұмытпай және діннің бастауында тұрған тұлғаларды қадірлеп, құрметтеу деңгейінде насихаттап, діни ағымдардың білім жүйесін исламдық иман негіздері елегінен өткізіп, дінді о бастағы тағайындылығы бағытында пайдалана білу керек.

Мейірман Аманжол Досжанұлы

БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты

Дінтану бөлімінің аға ғылыми қызметкері

Abai.kz

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Шәкәрім. Иманым. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2000.-321 бет

2.Нұғман бин Сәбит. Әл-фикх ул-Акбар: Қолжазба кітап/ауд. С.Молла- қанағатұлы, Түркістан: «Әзірет-Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-мұражайы, 2012. 32-бет.

3.Абай (Ибраһим) Құнабайұлы. Шығармаларының толық жинағы ІІ том. Алматы: Жазушы 1995. 380-бет

4.Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары: Роман, қара сөздер, мақалалар, аудармалар. ІІ том. – Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2007.-624 бет

5.Қыдырәлі Дархан. «Өркениет өзегі және өрелі өзгеріс»// Қоғам және дәуір. 2011ж.N3.

0 пікір