Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3524 0 пікір 24 Мамыр, 2013 сағат 09:14

Президенттiң вето қоюына негiздер жеткiлiктi

Әйелдердiң зейнет жасын ұзартуды былтырғы жылдан берi қаузап жүрген Ұлттық банктiң төрағасы Григорий Марченко ақыры мұнысын ақтайтын салмақты дәлелдi тапқандай. Осы күнге дейiн ананы бiр, мынаны бiр сылтауратып, түрлi себептердi алға тарт­қан бас банкир ендiгi жерде “егер әйелдердiң зейнет жасын көтермесе, бюджеттен алдағы он жылда зейнеткерлерге бөлiнетiн сома 19,6 миллиард долларға жетедi” деп қойып қалды. Байыпты сарапшылар бұған күмәнмен қарайды.

БАС БАНКИРДIҢ ДӘЛЕЛДЕРI

Григорий Александрұлының өзi әйелдердiң зейнет жасын көтеру бастамасы өзiне тиесiлi емес деп ат-тонын ала қашқаны бар. Десек те, былтырғы жылдан берi бұл тақырыпқа тым көп мойын бұрып, пiкiр бiлдiр­ген соның өзi. Бастапқыда бұл бастамаға қарсы шыққан еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi артынан аталған заң жобасын дайындауға кiрiс­тi. Таяқтың бiр ұшы Ұлттық банк заң жобасын жасауға және ұсынуға құқы жоқтығына барып тiрелетiндей. Сол себептi халықтың наразылығын тудырған заңды Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрлiгi дайындап, ұсынуға мәжбүр болды.

Әйелдердiң зейнет жасын ұзартуды былтырғы жылдан берi қаузап жүрген Ұлттық банктiң төрағасы Григорий Марченко ақыры мұнысын ақтайтын салмақты дәлелдi тапқандай. Осы күнге дейiн ананы бiр, мынаны бiр сылтауратып, түрлi себептердi алға тарт­қан бас банкир ендiгi жерде “егер әйелдердiң зейнет жасын көтермесе, бюджеттен алдағы он жылда зейнеткерлерге бөлiнетiн сома 19,6 миллиард долларға жетедi” деп қойып қалды. Байыпты сарапшылар бұған күмәнмен қарайды.

БАС БАНКИРДIҢ ДӘЛЕЛДЕРI

Григорий Александрұлының өзi әйелдердiң зейнет жасын көтеру бастамасы өзiне тиесiлi емес деп ат-тонын ала қашқаны бар. Десек те, былтырғы жылдан берi бұл тақырыпқа тым көп мойын бұрып, пiкiр бiлдiр­ген соның өзi. Бастапқыда бұл бастамаға қарсы шыққан еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi артынан аталған заң жобасын дайындауға кiрiс­тi. Таяқтың бiр ұшы Ұлттық банк заң жобасын жасауға және ұсынуға құқы жоқтығына барып тiрелетiндей. Сол себептi халықтың наразылығын тудырған заңды Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрлiгi дайындап, ұсынуға мәжбүр болды.

Соңғы кездерi тiсқаққан сарапшылар Григорий Алек­сандр­ұлының келтiрген дәйек­терi бос, сылбыр және жалаң эмоцияға негiзделген деген пiкiр бiлдiрiп жүр. Айтса айт­қандай-ақ, бастапқыда Г.Марченко гендерлiк теңдiктi алға тартқан-ды. “Зейнет жасын теңестiру жөнiндегi ұсыныс бұрыннан бар. Алайда қазақстандық журналистика ар-ұят түсiнiгiнен жұрдай болғандықтан, оны маған қыстыра салды. Менiңше, бұл – бiрқатар журна­листiң маған жасаған арамзалығы. Бұл мәселенi талқылау керек. Бiрақ талқылағанда да нақ­ты сандарды негiзге алып, сабырмен қарау керек”, – дедi Г.Марченко былтырғы жылы маусым айында өткен баспасөз мәслихатында. – Зейнет жасын көтеру – жинақтаушы зейнетақы жүйесiнiң емес, бiрыңғай зейнетақы жүйесiнiң, қажет десеңiз, гендерлiк теңдiктiң мәселесi. Бiзде зейнет жасындағы 2 миллион әйел бар, ал зейнетке шыққан ер адамдардың саны – 800 мың. Бiр елде 50 пайыз протестант, 50 пайыз католик тұрады делiк. Протестант он жылға ұзақ өмiр сүрсе де, зейнетке бес жыл бұрын шықса, мұндай қоғамда не болар едi? Варфоломей түнi болар едi. Сондықтан әйел ағзасының ерекшелiктерi немесе бұл қоғам әйелге әдiлетсiз деген сылтауды алға тартқанша, сандарға қараңыз”.

Осы жерде сөзiн бекiте түсу үшiн Қазақстандағы әйелдердiң жағдайын Ұлттық банкте қызмет ететiн әйелдермен салыстырып өттi. “Ұлттық банктегi басшылық орындардың 53 пайызы әйел­дердiң еншiсiнде. Ұжымның 67 пайызы – әйелдер. Тең еңбек үшiн әйелер ерлермен тең жалақы алады. Ұлттық банктегi әйелдерге арналған дәретханалар саны да ерлердiкiнен екi есе көп. Бiзде декреттiк демалыстағы әйелдер елдегi осы орташа көрсеткiштен он алты есе көп. Себебi оларға дұрыс қарайды, жұмыс берушi оларды қа­нап, жұмыстан шығаруға тырыспайды. Ұлттық банкте гендерлiк теңдiк принциптерi сақталады және құрметтеледi. Сондықтан Ұлттық банктегi әйелдер зейнет жасын теңестiрудi қолдайды”. Бұл орайда елдегi жалпы әйелдер қауымын бiр ғана мекемеде қызмет ететiн нәзiк жандылармен салыстыру қаншалықты орынды деген сұраққа ол бас қатырып жатпады.

Ендi сенатқа жеткен Марченко Жоғары палата депутаттарын “үрейлi” сандармен қор­қыта бастады. Айтуынша, әйел­дердiң зейнет жасын көтермесе, 2023 жылға дейiн зейнеткерлерге бюджеттен төленетiн сома 19,6 миллиард долларға жетпек. Ал бұл зейнетақы жүйе­сiн банкротқа ұшыратады. Мұны естiген бiрқатар депутат шынында да алаңдап қалды.

Бас банкирдiң алға тартатын тағы бiр дәлелi – 60 жылдан кейiн мұнайдың таусылатыны. Сарапшылар алдағы 60 жылды ойлау – бiздiң шенеунiктерге тән емес қасиет дейдi. Шенеунiктердiң мұнай таусылғаннан кейiнгi өмiр не болмақ деген мәселеге бас қатырып, соның негiзiнде шешiм қабылдауы – елiмiзде бұрын-соңды болмаған таңғажайып оқиға.

Кеше Ұлттық банк ақпарат құралдарына зейнетақы жүйе­сiнiң модернизациясына қатысты жиi қойылатын сұрақтарға жауап жiберiптi. Онда әйел­дердiң зейнет жасын ұзартудың себептерi түсiндiрiлген. Ұлттық банктiң мәлiметiнше, бұл ұсыныс сонау 1997 жылдан берi айтылып келедi екен. “1997 жылы 12 мамырда ҚР үкiметi бекiткен зейнетпен қамту жүйесiн реформалау жөнiндегi тұжырымдамада ерлер мен әйелдердiң зейнетке шығу жасы 2016 жылға дейiн бiрте-бiрте теңесетiнi айтылған. Бұдан бөлек 2011 жылдың қыркүйе­гiнде зейнетақы жүйе­сiнiң дамуы жөнiндегi ұсыныстар әзiр­лейтiн комиссия құрылды”.

Осы ақпаратта Ұлттық банк Г.Марченконың бұған дейiн келтiрген деректерiн тағы бiр мәрте қайталап, қайсыбiреу­лерiн кестемен бекiте түскен. Шешiмiнiң дүрыстығын дәлелдеу үшiн Германия, КСРО, Грекия мысалдарын алға тартқан. Мұны былай қойғанда, Ресей­дiң мысалына сiлтеген. Бұл ретте бiздiң Ұлттық банк зейнет жасын ұзартудан бiржолата бас тартқан Ресей үкiметiне былай деп кеңес бередi: “Ресейдегi ерлердiң өмiр сүру жасының орташа ұзақтығы – 63,8 жас, әйелдердiкi – 75,5 жас. Орташа болжаммен бұл 2030 жылға қарай сәйкесiнше 68,9 және 78,9 жасқа дейiн көтерiледi. Ал жұмыс iстейтiн адамдардың саны қысқарып, жұмыс iстейтiн азаматтар мен зейнет жасындағылардың арақатынасы арта бермек. Егер зейнет жасын ұзарту, еңбек өтiлiн арттыру тәрiздi шаралар қолданбаса, Ресей Федерациясы зейнетақы қорының тартатын тапшылығы арта бередi”. Зейнет жасын ұзартпаймыз деп нүкте қойған Путинге бiздiң Ұлттық банктiң бұлайша ақыл айтуы тiптi күлкiлi ендi.
 
“ОН ЖЫЛДАҒЫ ҮНЕМ – 365 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ”

Бiз Марченко келтiрген дәлелдер қаншалықты сенiмдi деген сұрақты сарапшыларға қойып көрдiк. Оның iшiнде әйелдердiң зейнет жасын көтермесе, бюджеттен зейнеткерлерге төленетiн сома он жылдың iшiнде 19,6 миллиард долларға жетедi деген дерек қаншалықты рас деген мәселеге тоқталдық. Бұл есептеудi Ұлттық банктегi актуарийлер жасаған едi.

“Бiрiншiден, бұл есептеулер осы күнге дейiн еш жерде жарияланбады. Ал бұл маңызды мәселе болғандықтан, барлық мәлiметтер ашық және қол­жетiмдi болуы керек. Есеп­теулердi жасырып, осының негiзiнде мәлiмдеме жасау бұған сенiм бiлдiруге мүмкiндiк бермейдi, – дейдi Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас ҚҰ­ДАЙ­БЕРГЕНОВ. – Екiншiден, 19,6 миллиард доллар немесе 2,9 триллион теңге – бұл 2023 жылы төленетiн барлық зейнетақы сомасы бойынша болжам. Егер инфляцияны шегерiп тастасақ, бұл 2013 жылы 0,9 триллион теңгеге тең. Қазiр бюджеттен осы бағытта төленетiн сома да осы 0,9 триллионға тең. Бiрақ нақтылы бюджет те өсiп жатыр. Айталық, соңғы он жылда ол 7 есе өстi. Алдағы он жылда ол кем дегенде 3-4 есе өсуi керек. Демек, бюджеттен зейнетақы төлем­дерiне жұмсалатын сала мөл­шерi салыстырмалы түрде өзгермейдi. Мұн­дай нақтылы сандарды салыстырмалы талдаусыз көрсету қисынсыз. Үшiншiден, белгiлi бiр шара туралы сөз қозғағанда жалаң сандарды алға тартпай, бұдан түсетiн үнемдеудiң әсерi туралы айту керек. Зейнетақы жасын көтерудiң арқасында 2014-2023 жылдар аралығында үнемделетiн жалпы сома 365 миллиард теңге болмақ. Бұл цифр инфляция көрсеткiшi шегерiлген 2013 жылғы бағаларда көрсетiлген. Айтпақшы, бұл есептеулерде бiрыңғай жүйеден зейнетақы алатындардың қатары бiртiндеп азаятыны есепке алынбаған. 2018 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйе­сiнiң ендiрiлгенiне 20 жыл толмақ. Демек, 1998 жылға дейiн зейнетке шығып, бiрың­ғай жүйеден зейнетақы алып отырғандардың қайтыс болу процесi өсе бередi”, – дейдi экономист.
 
“ҮКIМЕТКЕ ЖАҢА КАДРЛАР КЕЛУI КЕРЕК”

Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы Айдар ӘЛIБАЕВ та 19,6 мил­лиард доллар деген санға күмән келтiрдi. “Бiз бұл соманы есеп­тедiк. Ол тым асырылып көр­сетiлген. Алдағы он жылда бюджеттен зейнеткерлерге төленетiн қаржы асып кетсе 2,3 миллиард долларға жетеқабыл. Марченконың әлгi цифрды қандай саусақтан сорып алғанын бiлмеймiн. Бiрақ шындыққа жанаспайтыны көрiнiп тұр. 58-63 жас аралығындағы әйелдердiң азғантай бөлiгiне сонша қаржы жұмсалса, онда олардың жұ­мыс iстемей-ақ қоюына болар едi”, – дейдi сарапшы.

А.Әлiбаев қоғам наразылығын тудырған заң жобасын қабылдауға ешқандай экономикалық, әлеуметтiк, саяси негiздер жоқ дейдi. Себебi бюджеттiң кiрiс бөлiгi қатты тапшылық көрiп отыр. “Мұнай бағасы төмендедi, тау-кен шикiзатының құны түстi, шағын және орта бизнес құлдырап, салық аз түсуде. Ал өнеркәсiп атымен жоқ. Сондықтан Жәмi­шев түрлi айлаға басып, қа­рыз­ға ақша алудың жолдарын iздестiрiп жатыр. Бюджетке түсетiн ақша тапшы болғандықтан, шенеунiктерге кiрiс бөлiгiн толтырыңдар немесе шығыс бөлiгiн қысқартыңдар деген бұйрық берiлдi. Толтыру мүмкiндiгi аз, сондықтан олар баяғы халық есебiнен қысқартуға кiрiстi”.

Ол сондай-ақ заң қабыл­дан­ған күннiң өзiнде мемлекет бұдан түк ұтпайды деген пiкiр бiлдiрдi. “Президенттiң бұл заң жобасына вето қоюға негiздер жеткiлiктi. Сонда бұл дұрыс және мықты қадам болар едi. Наразылық төмендеп, билiкке сенiм артар едi. Ал былайша, мемлекет заңнан түк ұтпайды. Себебi мемлекеттi тиiмсiз бас­қару жүйесi бүкiл үнемдеудiң әсерiн жоққа шығарады. Түптеп келгенде, үкiметке кадр­лық реформа керек. Бюджет қаржысын жұмсаудың тетiк­терiн реттейтiн жаңа адамдар қа­жет. Бюджет қаржысын тиiм­дi жұмсауды ретке келтiрсе, қыр­уар ақша үнемдеуге болар едi. Айталық, бюджет қаржысын мақсатты жұмсау немесе мем­лекеттiк сатып алуларды үнем­деудiң арқасында бүкiл әлеу­меттiк мәселелердi шеше алар едiк. Қазiргi шенеунiктер мұны бiлмейдi емес, жақсы бiледi. Бiрақ оларға осы жүйе тиiмдi. Себебi өз мүддесiн осындай жолмен шешiп жүр”.

Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ

"Жас Алаш" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616