Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5140 0 пікір 24 Мамыр, 2013 сағат 06:38

Ғалия Қайдауылқызы. «63»-терді ойлағанда...

                         
       

                         
       
Дүрілдеген  дәуірдің  дәурені  жүріп  тұр. Ерігуге  де  зерігуге  де  шама  жоқ. Жаһанданудың   алдынан   жалбаңдап  шығуға  жанталасып  бағудамыз. Неге  екені  беймағлұм, қазақ   болып   қалудан, қазақ  болып  кетуден  қатты қауіптенетін  сыңайлымыз. Тілдің  түбірі,  ұлттың тамыры  таптаурынды  тақырыпқа айналды. Барған  сайын   батыстың   балағына  басы – көзімізбен  ентелеп емініп барамыз. «Дәндесін, дәндесін ұстап   алайын» деп батыс  шығыспен шығысқысы  келіп  отыр.  Қазақылығымыздың  да  қарық  болып  тұрғаны   кісі қызығарлықтай  емес.  Біріне-бірі қыр  көрсетпесе қыры  сынатындай қазақы  қалпымызға басып  тілге, дінге, ділге, руға, жерге  бөлінетін қыңқыл-сыңқылымыз енді жынысқа жарылатын сырқатқа   көшкендей.  Соңғы  кезде  ұрлық  жасау  мен  өтірік  айту секілді  жұқпалы  аурудың да санамызға сіңіп, бойымызға жайылып  бара  жатқаны  байқалады.  Қағынан жеріген тұлпардай, тұғырына  саңғыған  сұңқардай  өзімізден  өзіміз  безінуге бейімделе  бастағандаймыз.
       

«Балаға  ұрынба бәлесі  жұғады, қатынға  жолама  қарасы  жұғады» дейтін  бекер  болмады. Баланы қолдан  шығарып алғанымызды мойындауға  мойнымыз жар бермей, қатындармен «қақпақыл» ойнауға көштік. Қатын біткен алағызып ұйықтап, алабұртып оянатындай халге жетті. Себебі, әйеліне жалтақтаумен жан сақтап жүргендер қолында тұрғанда қолдыратып, теңестіре салып жақсы  атты болуға  жанталасып  жамыраса қол соқты. Сенің тағдырыңды сыртыңнан шеше салады. Сен оған сене саласың, дегеніне көне саласың деп дәметеді. Теңестіргенде де теңселтіп жығайын деп отырған  көрінеді. «Құдай ұрайын деген жігіт қойнындағы қатынымен қас  боладыны»  ескермейді есіл ерлер. Айтып отырған уәждерінің әлі де ауы мен бауы  бітпеген, он екіде бір нұсқасы жоқ. Дүдәмәл дүбәра дүрмекпен елді  дүрліктірген атқамінерлер әйелді әспеттеудің «әдемі» әдісін  ойластырған. Тілеп алған ауруға дауа жоқ дейтінді әйелдер де енді ұққандай. Алайда,   әйелдерді теңестіру – теңдік  беріп  құтылу емес,  итжығыс болып ұтылу  екенін еркектер аңғара алды ма? Әйелдің дәрежесін өсірдік, еркекті әйелдің деңгейіне түсірдік. Қай жерден ұттық, қай жерде ұтылдық?
Әсіресе жас әйелі барларға қиындау. Сүйіктісі өзінен 10 жас кіші  болса, 10 жыл бойы терезеге телміріп, есікке елегізіп, баласын ойнатып, қазанын қайнатып, сарғая сарылып күтетін  болды.  Бұл да тәубеге келудің бір мүмкіндігі  шығар.
Ата салттан ажырап бара жатқандығымыздың анайылық көрінісі де «қатын бәсекеде» анық байқалды. Ақыл айтарларымыз анадан туғандай емес, айдан түскендей тасырлық танытты. Кеше ғана ауылдың қара топырағында аунап ер жеткендер, қара сирақтан  дара  сираққа айналғанда  ананың азабы  мен әженің әбігерін, тіпті әлпешін да ұмыта бастағандай. Сықпыт танытса, болашақтың бозборбайларынан не үміт, не қайыр? Назымыз түгілі сөзімізді тыңдататын құлақ таппай  сенделерміз. «Әкемді  алсаң  ал, Құдай,  шешемді  алма, шекпен тоқып берсе де өлмеймін ғой» деген тілеуі қабыл болған бала-шағасына бас-көз болып, бас иесінің ошағын өшірмей, шаңырағын шайқалтпай сақтап отырған От-Анасының бірер жасын  көпсінетіндей көргенсіздік бізге тән бе еді?

«Орақ  ұстап  әкең  қалғанша, оймақ  ұстап  шешең  қалсынды»  ұрандап өскен  ұрпақ  емеспіз  бе?

Тегінен тегі жарымаған  тексіздердің  ғана  деңгейі  тиынның  сыңғырымен  өлшенеді. Ақша  берсе  анасын  да  саудалап  жіберуден жүзі жанбайтындар, «тұқымды  құртудың, өмірді  қысқартудың  тәсілі» талқыға  салынса  да  бас  шұлғып  шыбындап, қолын  шошайта  салудан қысыла қоймайды-ау. Алланың  жазасы – халықтың  назасы  екені  ешқандай ережеге енгізілмеген.
Ортайыңқырап  қалған  қазынаның  қара  қазанын  қатындардың  қара күшінің есебінен толтырудың тәсілін ойлап шығарған сақалдылар мен  сақалсыздардың   сақалсыз  саясаты тығырақтап   шығудан  гөрі, тығырыққа  тірелудің  басты  белгісі. «Суға  кеткен тал қармайды» дегендей,  қысылғанда  қатынды ес көріп, бұл  жолы да айналып  келіп  төмен  етектілердің етегіне оралуға тура келген сыңайлы. Қарызға қатын алып,  несиесін қатынына  төлететін қазақтың  мұндай  тәуекелшіл мәрттігіне таңданып  жарымайсың.

Дегенмен, «Халық  Құдайдан  бір-ақ  жас  кіші» дейтін  аталы сөз бар. «Айтылмаған сөздің  атасы өледі, айтылған сөздің қатесі  өледі» деген  халық орынсыз «қалжыңды» көтермейді. Өміршең да өзекті мәселенің соңғы түйіні, әділ пікір мен байыпты пәтуә да халықтың еншісінде. Өзімбілермендік,  әсіресе Құдай теңестірмегенді теңестіруге қасарысып қарсылық жасау  Құдайға қыр көрсетумен  тең.
Әрине, қолы алдына, тілі аузына симай, құл ұстап, күң жұмсап, қазынасын қамдап алған, баласы бағулы, қазаны асулы, төсегі салулы ханымдар бар да, маңдайы таңдайына жабысып, басының  тері  борбайына  тамшылап,  жанын жанына   жалдап,  қыңқылдап жыламай, ешкімнен ештеңе  сұрамай, тарамыстай тырысып, қара ағаштай  қатқан  отын – қатындар  бар. Олар «балталымен  алыссаң да, қалталымен қағыспа» – деп  баласына басу айтып тәрбиелейді. Ала дорба арқасында, нәпақасы төсқалтасында, жалқау   байы жетегінде, шаранасы етегінде, ебіл-дебілі шығып, сүрініп-қабынып  жүрген қатын-қалаштың есебінен қалаулылар қатарға ілініп, қайқайып,  марқайып отырғандарын ойға алып қойса артық етпес еді. Тіпті тепеңбикелерді темірмен салыстырған күнде де темірді опырмайды, тебен жасау үшін де ең әуелі балқытады. Сенім артқан  серкелердің серкелігі селк еткізер сесінде ғана емес, ес тоқтатар есінде  болар  деп  ойлаймыз.  Халық қалаулысы атану жақсы, халықтың қалауын табу – ерлік. Халықтың ұлы болу мәртебе, халықтың құлы болу – міндет. Томпайып отырған төбедегілер, омпайып отырған төмендегілердің қошан тірлігінің     ой – шұңқырын «дайын қойылымдардан» емес, жабайы жайылымдардан жаяулатып бір аралап байқаса.
 

Ата-баба дәстүрінде ешқашан әйел мен еркекті теңестіру деген түсінік, түйсік болмаған. Оны күпірлік санаған. Өзі нәзік, өзі  көркем, өзі сезімтал, икемді де сүйкімді қыз баланың талдырмаш табиғатына қиянат жасамай  төбесіне  көтеріп,  төріне  шығарған. Ал, өзі дөрекі, өзі дүт, жабайылығынан   анайылығы асып түсетін еркек  кіндіктіні бас асауы басылғанша «ер азығы  мен  бөрі  азығы  түзде» деп  үйкүшік  болып  қалудан  сақтандырған. Әйелді  ұрпақтың ұясы  санаған, қабағына қараған,  керегіне жараған, айтулы  әжелерін  әулеттің  піріне балаған. Құтты  құрсақтан  текті  ұрпақ  тараған.  Осы асыл қасиеттеріміздің  астарынан  ұлттың  жанды жерін  жаншып басқан озбыр  саясат  сан жылдар санамызды сансыратқанын әлі де түсініп  үлгермегендейміз.

Теңдіктен теперіш  көрген  қарадүрсін  қатындар   арзан  жұмыс  күшінің  көзіне,  жалған   қошаметтің   құрбанына  айналды.  Әйелді  тоздыру   арқылы  ұрпақты  аздырудың әккі тәсілі тәлімге көшті. Бала туып от басында  отырып  қалу қорлық саналды. Бес жылдықтың жоспарын  беліне  байлап, құймышағы  қайқайып, жатыры аяғының басына түскен  алакөңіл  анадан  дала  көңіл  даңғаза  ұрпақ  өрбіді.
Екпінді еңбектің  қызуымен   ақ сүтін  күйдіріп, сәбиін  уызына  жарыта алмаған,  еміреніп   мейірімін  дарыта   алмаған  далбаң  етектерден  туғандар  кенезесі кеуіп, өшін емізіктен  алып, ащыға  құмартып  өсіп,  өксігін  өкпесінде  сақтағанын   кештеу  бағамдадық.  Арақ   ішуден  де,  абақтыға  түсуден  де  талай  елді  шаң  қаптырып  кеткеніміз де сол  зәрлі  тамшының  тамырда  қалған  уыты  болар  бәлкім... Табыскөй әйелдердің көпшілігі өзімбілермен  өркөкірек келеді. Қойған жерден табылатын  қой мінез еркектердің қалқайып  отырғанынан аса қаймыға қоймайды. Жаман байды оқтауға теңейтін  шарасыз  мәтел  содан қалған.

Қыздың қызығына қызығып, жиын-тойда «алып  қойшы» деп  қиылған, шылым  шеккенге  оттық ұсынған қызық  көргіш  көңілшектердің   «құрметі» әлі ортайған жоқ. Бұзылған қыздар боранға  ұрынып бұзылмайды. Сеніп  қалған серігі, селге кеткен сенімі бұзады. Бұта көрсе буыны босап  бұратылып  жығылатын жырындылардың жымысқы әрекеті әдепсіз әдетке айналады. Қызықтан  шыжық   шырылдап   шығатыны  «орда  бұзарлардың»  ойына  кіріп  те  шықпайды.  Өкінішке  орай, бұл да  біздің  қоғам, бұл  да  біздің  адам, бұл да біздің шындық. 

Өзін сыйлайтын жұрт торғайы жоғалса топан су қаптағандай  күңіренеді. Біздің  елдің  ақылды  да   білімді,  текті  де ізетті  қаншама  бойжеткендері  жаттың  төсегін  жылытып, ұрпағын  өрбітіп  дүниенін  төрт  бұрышына   тастай  батып, судай  сіңіп  кетті, әттең... Перзентке  зар  болып  жүргендердің  тәлейіне біздің  құрсағы  асыл  қыздармыз тура  келді. Осы жөнінде  жарты  ауыз  сөз  қозғаған  шенділер мен  шекпенділерді  әзірге  ешкім байқамады. Еркіндіктің өзіне еркек мінез  көрсетер  деген  көсемдерге  айтарымыз  жетерлік.  Күн  өткен  сайын  сұмдыққа  таңданудан  шаршай  бастадық. «Баланы  туып  берсе  болды, өзім  бірдеме  етіп  бағып үйде  отырамын»  дейтін  еркектер, ертең  баланы да  өзі табамын деуден тайынбас. Әуелі беті өледі, одан соң еті өледі. «Қолы ұзынның қоразы жұмыртқалайды»  деген  мақал осыған саяды. Қолдан  ұрықтандырудың,  жыныс алмастырудың   дәуірі  дәуірлеп  тұрғанда   мұндай   сорақылықтың   өзі табылған  тәсілге  айналуы  ғажап  емес.
Халықтың  «тайқазанын»  қотара қашқан   алғыштар  мен жегіштердің  жегенін желкесінен  шығаруға  жігері   жетпеген  қауқарсыздар  қаражат  өн-дірудің  қандайынан да қаймықпайды. Осындайда, айтар ойды  аспаннан сау-майсыз, жерден  қазбайсыз. Халықтың  өз  сөзіне  жүгінесіз, киесіне  иілесіз.

«Еркек  түлкі  түз  сақтайды,  ұрғашы  түлкі   ін  сақтайды»   дегенде,  тілі  салақтап, құйрығы  бұлғақтап  ұрғашысы  ұлып  түз  кезіп  кетсе  иесіз қалған  үңгірді  кім  сақтайды,  есінеп   отырған   еркегін   басынып  пері  менен  жын  сақтайды ...» деп  ұйқас  қуалай  жөнелесің.

Әсіресе, ертеңгі  «63»-терді  ойлағанда,  кешегі  мұздай  мектепте, тастай партада  отырған,  шекесінен   аяз, табанынан  сыз өткен  алмағайып   өтпелі  кезеңнің  «тәжірибе сынағында» сыналғандар көз алдыңа  келеді. Белсіздік  пен  бедеуліктің  белдігін буынған  буын  да  осылар болатын түрі бар. Ресми  дерек бойынша қазақтың 25-50 жас аралығындағы үйден кетпеген  қыздарының  саны 360 мыңнан, жүріп  қалған сүр бойдақтары 150 мыңнан  асады  екен. Бұл дегеніміз осынша көтерілмей қалған шаңырақ, туылмаған  ұрпақ, жалғыз  басты кәрілік. Әйел отының басынан таппаған  бақытты  бүкіл әлемнен  іздесе да таба алмайды. Еркегінен кейін есіктен кірген әйелдің  үйінен береке қашады.  

Ертеңгі  немере – шөбереге ыңыршағы   шығып, ыңыранған  әуре  емес, еміренген әже қажет. Ұрық  пен жатырды ешкім  инвестицияға ұсынбайтынын түсінсек «Көп  қорқытады, терең  батырады» деген  батыр бабалардың  ұлағатын  ұран  етіп  ұстану  ұтқыр  шешім  болар  еді.

«Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіредінің» кері келетіндей. Қатындардың зейнеті бейнетінің  есебінен жиналғанда, нәпақасын  тауып, несиесін  жауып, бақшасын  салып, баласын  бағып, ошағын  жағып, малын  сауып, жүнін  түтіп, күйеуін  күтіп,  құртын қайнатып,  тұрмысын  жайнатып   сілелеп жүрген қатынның  қимылдаған  қолы  мен  қыбырлаған  ауызынан  да  өкімет бірдеме дәмететінін  естіп  қалдық. Бұрынғының қатыны ашуланса, қазан қайнатады дейтін еді, қазіргінің ашынған қатыны қазанды төбеңе қайнатудан тайынбайды.

Малының  жайын жанынан бұрын  сұрайтын  малсақ  бабаларымыздың әруағын тебірентіп, ақылымызды ат тепкендей, ата кәсіптің қасиетін  кетіріп, жаттың мәртебесін өсіріп, қойшы болудан қорланып, айдаладан  келген «айқалпақтарға» жалданып, малшыға жалшы  болуға айналдық. Тегі  күмәнді, келешегі  шүбәлі  бұратана жұрттың бұқасын бұйдалап, бұты-басын сипалап, қазақы  тайыншаны  тасыған   табысқа  айналдырамыз  деп  бір  шашылдық. Сүт  бұлағын  ағызады, сүбелі ет  жегізеді   деген келімсек құнажындардан «құбыжық» шығып, үйітіп  жіберіп өшімізді  алдық  әйтеуір.

Дақпырт үшін ас та төк ас беріп, ата-баба әруағын дүрмекке айналдырып, базар бәсекесінен мазар бәсекесіне көшкендер ата-баба рухына    лайық болудың тетігін тегінен жеткен аманатты аман сақтап қалудан іздесе,    шіркін...
Дүние дүмпулерден дүрлігіп  тұрған қилы  кезеңде кейде шеттен  алған білім үйден алған тәліммен үйлесе алмайды. Кейбір елдерден  үйренетінімізбен  қатар  жиренетеніміз  де  жетіп  артылады. Тіпті құлықтық  құндылықтары құлазып құлдырап кеткен елдерге еліктеуден сақтанатын да уақыт жеткендей.

Әйелдердің өмірі еркектерден ұзағырақ болатынын алдын-ала есепшотқа қағып, артымда қарайып қалмасын деп отырғандар кемпірдің қарасына зар болып жүрмесін. Беті әрмен болсын, саусылдаған, саудыраған шалдар  көбейсе  қарттар үйі аздық етіп, қариялар қалашығы бой түзер.

Бұл теңшеудің ең қауіпті қасіреті ұлтты ұлттың  есебінен кемітудің, кеміте  отырып  кемсітудің, түптің түбінде өз топырағында топырақ сипатудың   бастапқы амалы ғана. Тапқанымыз  жоғалтқанымызды қайта  сатып алуға  жетпей  желкеміз қырдай болуы әбден мүмкін. Аузымен құс тістесе де  әйелдің  аты  әйел, едіреңдесе де еркектің аты еркек.

Егер азаматтар қыз-келіншектермен кісілік салыстырып, үзеңгі қағыстырып, таразының басын тең ұстап жүруге талпынса, биліктің қоржынын да тең бөлісіп, ерліктің үлгісін көрсетсін. Саусақпен санап, астын сызып, айтар атқа тілге тиек етіп жүрген әйелдерді тізбелегеннен гөрі, ауыр бейнет арқалап, арса-күрсісі шыққан қатындардың да тізімін тізіп, түгендейтін кез келді. Мұндайда «қыздың жолы  жіп-жіңішке» бола қалады да, азап арқалаған әйелдерге даңғыл жол сайрап жатады.

Қашанда, қай заманда да саясатты әйел жасайды, еркек жүргізеді. Әйел  ешқашан алданбайды, алданған болады деп бас шайқайды батыстың  айтқыштары. Ендеше, еркектерімізге қатынның төңірегіндегі «қатын  әңгімеден» өзге де  өзекті  тақырыптың  қоздатар  қозы күл астында көмулі  жатқанын естеріне салғымыз келеді. «Ат тұяғы  жеткен  жер  бос қалмасын»  деген Бәйдібек  бидің  қасиетті өсиеті де  сайын  даланы  сақтап  қалудың  бұлжымас  ережесі емес  пе. Жұтқан   ауа, ішкен сусын, аңызаққа айналған   адыр, құлазыған жайлау, қараусыз жатқан  орман, қамалсыз тұрған  қорған, ауыз сусыз ауыл, уланған көл, қақыс толған қала, бұралқы ит, бұратана сөз, аударыспақ тіл, дүбәра  діл, алдаусыратқан дін мәселенің мәселесі емес пе?
Шылбыр-тізгін  ұстағандар жалған  ақпар беруден, жағынып қалудан, жоғырыдан қорқып  жорғалағаннан, төмендегіні үркіткенді үрдіске  айналдырудан азат болса  арқа сүйер арысымыз бар деп арқаланар едік. Есіктен кіргендерді  еркінсітпей, төр менікі дегізбей, шалқайтып тұрып шаңыраққа  қаратып  алғанның  да  айыбы  жоқ. Тілінің шеберлігіне, тарихының тереңдігіне, дәстүрінің беріктігіне тәнті ете білген ел ғана елдік келбетін мойындата алады.

Сүйсек  құлай сүйіп, сенсек аттан аударылып түсетін ақкөңілдігімізден де  кейде қапы қаламыз. Қайдан не келсе  де талғамай, таңдамай, толғамай, шайнамай көзімізге түскенді, алдымызға келгенді жұта беретін жұртқа  айналып  барамыз. Ешкімді ешкім ешқашан жарылқамайды. Берсең жағасың, бермесең дауға қаласың.

Қысқа жіпті күрмеуге  келтіре алмай жүрген қатын-қалаштың  қарбалас  тірлігі  қара  бастың  қамын жасау  емес, елдің  халін көтеру. Әйел мәселесі  әлем мәселесіне айналған аласапыран алмағайып заманда көргенсіздікке көзіміз үйреніп, есерлікке етіміз өліп кетті. Қазіргі таңда  жалғыз  басты ана,  тірі  жесір, «өлі жесір» дегендерді былай  қойғанда, ұрығын құмға, тұқымын тұзға  шашып, тапқызар-тапқызбас тұра қашатын  «әтеш» еркексымақтар, сатуға түскен  бала, шашылып  қалған  шарана, тәнін  саудалаған бозбала мен бойжеткен, зорланған сәби  айтатын  да  қоятын  әңгімеге  айналып, жетімханалар мен қартханаларды ашып  та, жауып та үлгере  алмай батыс боламыз деп шатыс  болып жатқан жоқпыз ба?
Әйел  елдің  күңі  емес, әйел  елдің  Күні болуға  әбден  лайық. Ана – Отан, Ана  – Жер, Ана – Тіл. Байтақ жер  бай өлкені сұғанақ көздің сұғынан сақтау да, иен далаға иелік ететін ұранды ұрпақты баптау да, ақ уызға тойғызу да, қырандай қанат жайғызу да әйел – ананың  ғана хұзырында  екенін  естен  шығармайық. Ол  адамнан емес, Алла тағаладан келген бұлжымас бұйрық.

Бұл айтқандарым көсемсу де емес, шешенсу де емес, шырылдап шыққан шындығым. Жұрттың көбінің күбірлеп, жыбырлап, сыбырлап,  самбырлап  айтып  жүргендерін  мен  дауыстап жеткіздім. «Сыбырды   Құдай  естімей  ме, Құдайдан  жасырмағанды  құлдан  жасырма» дейді  екен. Әлі жетпеген ақыретшіл, құлдан да бір сөз деген сықпытымыз осындай. Бұл бебеулеткен толғақтың бас-аяғы емес, таратылып айтылатын, толғантып жазылатын әйелге байланған ұлт тағдырының бас тақырыбы ғана.

Уақытты өткізудің ең озық  тәсілін рухымызды тіктеуден, санамызды сілкінтуден, жігерімізді жанудан, намысымызды қайраудан іздегеніміз абзал. Аманат арқалаған әрбір  атқамінер  азамат қоғамдағы бір дерттің дауасын талмай іздесе, шипасын табуға жанын салса аттан түскенде ел-жұртының бетіне тура қарап ар алдында адалдық танытар еді.

Мен, Елбасының «Ұрпаққа  өсиет» кітабындағы  «Әйел – өмірдің  тірегі ғана емес, өмірдің өзі» деген өмірлік ұстанымындай айтылған кемеңгерлік тұжырымын қуат көремін. Өмірдің өзіндей өмірді жалғастырушы әйел-ананың өзегін талдырмайтындай қамқорлық жасайтынына сенемін. Әжелердің рухын төмендетпейтіндей, аналардың абыройын аласартпайтындай, аталарымыздың ақиқат жолынан  айнымайтындай, қазақ қыздарының өр тұлғасын тұғырынан түсірмейтіндей  азаматтық  тұжырым, кемел  шешім   жасалатындығына  күмәнім  жоқ, үмітім зор.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530