Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4566 0 пікір 24 Мамыр, 2013 сағат 06:06

Жолтай Әлмешұлы. «Періште» Еркек

4. «Періште» Еркек

4. «Періште» Еркек

Екі келіншек. Кәдімгі әйел жынысты екеу. Күнде бірге жүреді, ұзақ жүреді, ұзақ-қ сөйлеседі.
Оның біреуі − Бұйрабас, екіншісі − Бұрымды.
Бүгін сөз кезегін Бұйрабас бастады.
- Әй, сен... еркек атаулыны түкке алғысыз етіп, ол бейшаралардың басына бар жаманшылықты үйіп-төге берме. Еркектің тәуірі, әйел табынатын жақсылары, көргенділері де бар. Бар ғана емес, баршылық.
- Қайдам-ау, − деді Бұрымды. − Мен білсем, еркектің етегіне намаз оқып жүргені аз. Бәрі де бірдей. Тірлігі де, қылығы да, әрекеті де...
- Жоқ, қателесесің, − деді Бұйрабас. − Адамгершілігі зор кісілер аз емес. Баршылық. Мысалы, ана Ұзынтұра төраға бар ғой, сол... жігіттің сұлтаны. Байқамайсың ба, өзі тәкаппар, өзі сұлу, өзі ақылды... Тіпті моральдық жағынан да өте ұстамды.
Бұрымды күліп жіберді. Тоқтай алмай, үдемелете күлді. Бұйрабастың «саған не болды, жын қақты ма?» дегеніне де қарамастан, ұзақ күлді.
-  Сені... сені бірнеңе ұрып кеткен шығар, − деді Бұйрабас.
- Жоқ, сені ұрып кеткен, − деді Бұрымды.
- Неге? Неге олай дейсің?..
- Өйткені сен табынбайтын еркекке табынады екенсің. Сол Ұзынтұраны көптеп білесің бе?
 - Е, енді... ептеп... Бір-екі рет отырыста болғанбыз. Маған көз қиығын салған. Ықыласы ерекше болған. Өзім бірден ыңғай байқата қоймаған соң, ол да өзін-өзі ұстады. Сондай ұстамды еркектерді қадірлеймін. Әйтпесе, бар кейбіреулері, өзіңе сүйкене кетеді де, қаласаң да, қаламасаң да қыр соңыңнан қалмайды. Тіпті мезі етеді...
Бұрымды тағы да күлді. Келемеждей күлді.
- Ой, сен өзің... неменеге күле бересің? Айтсаңшы себебін...
- Себебі болған соң күлемін де, − деді Бұрымды. − Күлуімнің астары бар ғой.
- Ол қандай себеп?
- Өйткені, сол Ұзынтұра төрағаны мен де жақсы білемін. Онымен бірнеше рет дәмдес болғанмын.
- Өтірікті соқпа, − деді, Бұйрабас. − Өтірігіңе береке берсін. Мен жақсы танимын деген соң, дереу ойлап таба салған айлаң ба бұл?
- Имандай шыным! Мен оны сенен бұрын білемін. Білгенде, жәй таныстық емес, жақын таныстық...
- Сонда-а... − деп, Бұйрабас аузын ашып, аңтарылып қалды. − Сонда сен онымен бұрыннан-ақ...
- Иә, бұрыннан... Баяғыдан... Ол маған айтты, саған ұзын шаш жарасады деп. Сосын шашымды өсірдім. «Бұрымдым» деп еркелеткені қандай!...
- Аһ, подлец! − деді Бұйрабас. − Ол маған... Сенен басқа ешкімді ұнатқан емеспін деп... Алдап...
- Е, құрбым, ашуыңды бас, − дейді Бұрымды. − Енді екеуміз де жас емеспіз. Сен де, мен де қырықтың үстіне шықтық. Елу дейтін ауылға еңкейіп барамыз. Сондықтан да өмірдің майда-шүйде нәрселеріне тым күйгелектене бермеуіміз керек. Денсаулықты күт. Ендігі қалғаны сол.
- Жоқ-ау, − деп Бұйрабас сонда да басыла алмаған. − Жоқ енді... мені алдамай-ақ, шынын айтса болмай ма! Бала емеспіз. Түсінеміз.
- Еркектің бәрі солай, − деп, Бұрымды да күйіне тіл безеді. − Періште еркек жоқ.
Бұйрабас кішкене ойланып, үнсіз қалды да, артынан аһ ұра:
- Дүниеде ең таза, ең әділ, ең сүйкімді еркек бар болса, ол Ұзынтұра болар деуші ем, сөйтсем... − деп, күрсінді. − Сөйтсем... бәрі де көз алдау екен ғой.
Әне, әлгі екі келіншек тағы да бірге кетіп бара жатыр. Олар не жайлы сөйлесіп барады екен, а?..
* * *
Мұндайда қазақ айтқан: «Пендесі бар жалғанда бәрі мүмкін-н...».
Елес айтады: «Өзіңнен басқа ешкімге сене көрме!..»

5. Жел сөз

Бірі − Мысық мұрт, бірі − Жалтырбас, осы екі жігітті ел күнде көреді. Күнде үй сыртында арлы-берлі жүреді де қояды. Өздері арақ ішіп, қисалаңдап, аузына келгенді айтатын көп еркектерге ұқсамайды.

- Қатыным қайтыс болғалы екі жылдан асты, − деді Мысық мұрт Жалтыр бас досына сыр аша. − Осы екі жыл ішінде әбден шаршадым. Жалғыздықтан шаршадым. Жұмыста да сүреңсіз бір тірлік, үйге келсем − жалғыздық...
- Ой, сен неге жалғыз болуың керек, − деді Жалтырбас. − Қайта рахат өмір сенікі емес пе. Айналаң толы қыз-келіншек. Қалағаныңмен күл, ойна. Бетіңнен қағатын кім бар, қане!
- Бетімнен қағатын пенде жоқ екені рас, − деді Мысық мұрт. − Бірақ оны еркіндік деуге бола ма. Еркіндік деген тек қана ешкім көрмейтін, құлақ естімейтін алыс аралда ғана болады. Әйтпесе, әрбір қадамың сөз, гу-гу әңгіме...
- Ол қандай әңгіме?
-Қандай әңгіме болсын! Өсек сөз... Осы өткен айда бір келіншекпен кішкене сөйлесіп, әмпей-жәмпей бола бастап ем, артынша әңгіме гу - у ете түсті. «Ойбай, несін айтасың, ол екеуі баяғыдан ашына екен» деп үй арасында сыпсың сөз жүгірді. Ашына болған түгіміз де жоқ. Жәй, сыр бөлісу...
Жалтырбас күлді.
- Әйел мен еркек достығы дегенді түсінбеймін. Әрине, ел дұрыс айтады. Екеуің де басы бос адамсыңдар. Енді... өзгесі табиғат заңы.
Мысық мұрт азар да безер.
- Әні, сен де солай ойлайсың! – деп, күйіне сөйлеп тұр. - Біз жәй достармыз. Ойымыз, сөзіміз жарасады.
- Ой жарасса, сөз жарасса, одан артық не керек? Одан әрісі белгілі емес пе.
- Жоқ! − деп Мысық мұрт кесіп айтты. − Жоқ! Еркек пен әйел жәй дос бола алмайды деген теріс ұғымнан қашан құтыласыңдар сендер! Не деген топассыңдар-р!..
- Өмір заңы бойынша... − деп, Жалтырбас тағы да сөз жалғай беріп еді, анау әрі қарай сөйлетпеді.
- Өмірде заң жоқ! − деді Мысық мұрт. − Өмір заңы деп ойдан шығарып жүрген біздер.
- Е, онда өзің біл. Менікі жәй сөз арасындағы әңгіме! Ал, енді... осылай соқа басың сопайып жүре бересің бе? Қыз-қырқын көп қой осы күні...
- Ойым бар.
- Ол кім? Менен жасырасың ба?
- Жоқ, жасырмаймын.
- Онда айтсаңшы.
- Әлгі министрлікте істейтін орта бойлы, сары шашты келіншек. Соны ұнатып...
Жалтырбас оған «осыны шын айтып тұрсың ба» дегендей, сұраулы жүзбен ұзақ қарады.
- Неменеге маған бақырайып қарайсың? Сен айт дедің...
- Жоқ, шын сырыңды айтқаныңа күдіктенгенім емес, жаңағы сары шашты келіншекті ойлап тұрғаным...
- Е, оның несі бар? Сырын білуші ме ең?
- Ептеп...
- Сонда-а...
- Жеңілтектеу.
- Оны қайдан білесің?
- Естігем.
- Кімнен?
- Бір танысымнан.
- Ол не деді?
- Ол... қысқасы, сары шашқа жоламай-ақ қой.
- Сен айтты екен деп неге қашуым керек! Естігеніңнің бәрі өсек болса ше!
- Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды.
- Бүйте берсек, әңгімеге ілінбеген қыз-келіншек табыла ма?
- Мүмкін, бар шығар. Іздеу керек.
- Қашанғы іздеймін. Шаршадым.
- Онда өзің біл.
- Жоқ, сен досым емессің бе! Әлгі сары шаш келіншек туралы не естідің? Айтсаңшы ашып...
- Мені одан әрі қинама.
- Жоқ, қинаймын! Айт расын!
- Ол өзі... жеңіл жүріске әдеттеніп алған келіншек. Кімдермен қарым -қатынас жасайтынын да білем. Демек, сенің де көзіңе шөп салуы әбден ықтимал. Әдетін қоя алса жақсы...
-    Шын сөзің бе осы?
-    Имандай шыным!
Мысық мұрт үнсіз қалды. Қапалы. Ренжулі.
− Әй, осы... − деді сосын. − Бұ дүниеде жаны пәк, жүрегі таза, ойы орнықты қыз да, келіншек те қалмай бара жатқаны ма? Енді не істеймін! Қу тіземді құшақтап өтем бе бұ дүниеден-н...
Мысық мұрт пен Жалтыр бас, әне, тағы да өзара сөйлесіп, әлденеге дауласып, тағы да бірге кетіп барады.

* * *
Мұндай қазақ айтқан: «Ел ішіндегі азаматтың жаманы жоқ, бірақ өсектен аманы тағы жоқ...»

6. Кран мен экран

Бурабайдағы демалыс үйіне бір мезгілде екі бірдей келіншек келіп кірді. Екеуі де демалмақшы. Екеуі де жас шамалас. Тек айырмасы – бірінің шашы сары да, ал екіншісінікі – қара.
Демалыс үйінің кіре берісіндегі ұзынша орындықта қаздай тізіліп отырған бір топ демалушылардың арасынан біреуі:
- Ана сары шашты келіншек теледидардаға ұлттық бағдарламаны жүргізбей ме?-деп, оны бірден танығанын аңғартты. Оны қасындағы серігі де қостап:
- Иә, сол келіншекке ұқсайтын сияқты,- деп, бұрыла қарады.
Ал, үшінші демалушы айтты:
- Әй, ол емес болар, ептеп түрі ұқсайды, бірақ....
Осы кезде ұзынша орындықтың ең шетінде отырған бір кісі:
- Ау, ана қара шашты келіншекті танимын ғой,-деді. Бәрі оған қарай жапырыла  бұрылып, жамырай тіл қатты:
- Танисың ба?
- Қайдан танисың?
- Ол кім?-десіп, ынтыға сұрап жатты.
- Ол ма! Ол өткен айда «қаладағы үйімді заңсыз бұздыңдар» деп өкіметке қарсылық көрсеткен келіншек. Естеріңде ме, биік кранның ең төбесіне шығып алып...
Осы-ақ екен, бәрі оны жарыса қостай жөнелді.
- Тап өзі!
- Сол ғой мынау!
- Краннан түспей қойған келіншек...
- Әй, өзі де жүректі екен!
Бағаналы бері бөстекі әңгімеге зауқы болмай, орындықта ұйқы қысып, есінеп - есеңгіреп отырған бір келіншек дереу орнынан ұшып тұрды да, оған жетіп барып, амандасып үлгерді.
- Сені таныдым. Сен анада кранға шығып алып, өкіметке өз талабыңды өткізген батыр келіншексің! Солай ғой, ә?
- Болсақ болармыз,-деді әлгі қара шашты келіншек күлімсірей сөйлеп.
Өзгелер де өре түрегелді.
Кранға шыққан «батыр» келіншекті енді бәрі қоршап алыпты. Сұрақ жауып кетті.
- Сен сонда қалай қорықпадың?
- Өзіңе-өзің сенімді болдың ба?
Сұрақтан соң сұрақ онан сайын туындап кете барды. Ал, онымен бірге келген экран «жұлдызы» әп – сәтте елеусіз қалды. Ешкім одан: «сен теледидарда істейсің бе?» деп сұрамады да.
Тіпті экран «жұлдызының» өзі де «мен кіммен бірге келгенмін» дегендей, әлгі құрбысына алыстан көз салып, ұзақ – қ қарап тұрып қалып еді.
Міне, бар оқиға осы.
* * *
Мұндайда қазақ айтады: «Атың шықпаса, жер өрте!»
Ал, Елес айтады: «Қандай аңғалсың, қайран ел!»

7. Нубай

Бурабайдағы демалыс үйінде демалып жатыр еді. Өзімен қатарлас ешкім жоқ. Бәрі де жастар. Сосын да сөйлесетін, ой бөлісе қоятын кісі таба алмай қиналды. Сонда ойлады: «Қатарың болмаса, тойға барма» деп қазекем дәл айтқан екен-ау!»
Асханадағы қатарлас столда орта жастағы бір кісі тамақ ішетін. Өзі көп сөйлемейді. Сөйлемейді дейді, тіпті үндеместің тап өзі. Өйткені, келгелі бері аузынан бір ауыз сөз шыққанын естіген емес.
Бір жолы бетпе-бет келіп қалған сәтте, алдымен өзі сөзге тартты.
- Иә, замандас, қайдан келдіңіз?
- Астанадан.
- Мен де Астанадан келдім. Жерлес болдық қой.
- Ну...- деп, танысы тісін ақситып, жымиып койды.
- Жалғыз келгенсің-ау, сірә!..
- Ну...
- Жасымыз да шамалас сияқты. Елуге келген сияқтысың.
- Ну...
- Осы жолы демалыс үйінде жастар қаптап кетіпті. Тіпті бала-шаға десе де болады. Түк қызық емес.
- Ну...
- Әй, осы елу жастан кейін тіршіліктің қызығы да азая бастай ма деймін...
- Ну...
Бұл қанша сауал беріп, оны әңгімеге тартса да, аузынан бір ауыз сөз шығара алмай, азапқа түсті. «Ну...» деп шаршатты.
Сол күйінде бөлініп, әрқайсысы өз жолымен кете барған. Одан кейінгі кездесулерде жай амандасып, жанынан өте шығатын болды. Басқа не істемек!
Қалаға келген соң, таныстарына:
- Қатар ешкім болмады, бүйтіп демалғаны құрысын,-деп, қинала әңгіме айта бастап еді.Қатар достары мұның сөзін күлкіге айналдырып әкетті.
- Әй, өзіңнен де бар ғой, - деді.
- Аспандап жүресің. Ешкімді менсіне қоймайсың.
- Әйтпесе, бүкіл демалыс үйінде сөйлесетін кісі неге табылмасын!
- Рас айтам. Қатар кісі болмады, - деп, бұл ақтала сөйлейді.
- Тіпті бір кісі де кездеспегені ме?
Бұл аз – кем ойланып отырды да, әлгі «Ну...» дейтін үндеместі есіне түсірді.
- Болды бір кісі... Бірақ, соның өзі...- деп, мүдірді.
- Ол кім?
- Атын да сұрамаппын.
- Ой, танысқандарыңа болайын.
- Жоқ, атын біледі екем.
- Кім екен?
- Нубай...
- Ондай да ат бола ма? – деп,  бір досы шиқылдап  күліп алды. - Әзілің шығар.
- Иә, оның мен білетін аты – осы! Басқасын білмеймін.
- Шіркін, қазақ – ай! – деді әлгі досы. – Атты да қоя салады – ау өстіп...
«Бұл менің қоя салған атым еді» деп бұл да айтпады.
Бар әңгіме осымен аяқталды.

* * *
Мұндайда қазақ айтқан: «Мыңның түрін білгенше, бірдің атын біл!»
Ал, Елес айтады: «Көп сөйлегеннің бәрі бірдей ақылды ма?...»

8. Би мен билік

Ол қандай да бір қиын жағдай болмасын, қиыстыра жол тауып, көңілге қонымды билік сөз айтушы еді. Сосын да оның екінші аты – Би.
Ал, екінші кісі билікке жақын жүргенді ұнататын. Оны жоғары жақтағылар ылғи жауапты қызметтерге тартушы еді.Осы күнге дейін әртүрлі билік қызметінде болып үлгерді. Сосын да оның екінші аты – Билік.
Сол екі азамат күндердің күнінде ел ішіндегі депутаттық сайлау науқанына араласты. Екеуі, бірақ,  екі жақтың сөзін сөйлеп бақты.
Бірі – шын еңбек адамын, ел сөзін айтатын кісіні ұсынып, соған дауыс беруге үгіттеп жүрді.
Екіншісі – артық әңгіме айтпайтын, өз пікірі жоқ, алайда жоғарыға бас изеп тұратын ұнамды азаматқа дауыс беріңдер деп шырылдады.
Аяғында не болды дейсіз бе! Әрине, Биліктің айтқаны өтті. Оны өткізген – билік. Би бұл жолы жеңілді.
Арада біраз уақыт өткенде ел аяқ астынан қиын жағдайға тап болды. Ауыл шетіндегі су тоспасы бұзылып кетіп, көп үй суға ақты. Ел күңіренді. Әлгі депутатқа қарады. «Біздің зар сөзімізді жоғарыға жеткіз» деді. Депутат уәде берді. Бірақ нәтиже болмады.
Бір күн өтті. Бір ай өтті. Өзгерген дәнеңе жоқ.
Міне, сол кезде ел енді Биді іздеді.
- Сөзімізді сөйле, жоғарыға тыңдат, - деді. - Сенеріміз сенсің!
Би құп алды. Сол күннен бастап бір сәт те тыным көрген жоқ.
Жоғарыға барды. Ол тыңдады да, құрғақ уәдемен шығарып салды.
Сосын одан да жоғарыға барды. Сөзін тыңдады. Ол да мандытып ештеңе шеше қоймады. Жезбұйдаға салды.
Одан да жоғарыға өрледі. Беті қайтпады. Орындатпай тынбасқа бел буғанын бәрі де білді. Ақыры дегеніне жетті. Ел зары жүрекке жетіп, шаруаның шешімі табылды.
Сол кезде қуанған халық «Ой, өзің азамат екенсің» деп, оның арқасынан қағып, ризалық сезімдерін білдіріп жатты.
- Айтқаныңнан қайтпайды екенсің!
- Өтірік сөйлей алмайды екенсің!
- Сенің қадіріңді енді түсіндік.
Бәрі бітіп, барлығы өз орнына келген соң, арада біршама уақыт өте, ел тағы да Биді ұмытты. Тағы да Билікке ыңғайланып, соның жанына топырласты.
Бірақ оған Би ренжіген жоқ. Солай боларын алдын – ала білген жандай, ештеңені елең етпей, өз бетімен жүріп жатты.

Мұндайда қазақ айтқан: «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін!»
Ал, Елес айтады: «Қай нәрсенің қадірін, басыңа іс түскенде ғана білесің!».

9. Кісі қадірі

Бұл фәниде кісіден қадірсіз кім бар екен, а? Осы сөзім өтірік пе? Жалған айттым ба? Жоқ, бұл шындық. Ешкім дауласа алмайтын ақиқат. Шындықтың шын жүзі.
Бір ақын былай деп жазыпты:
- Ақындардың тағдыры қылдай неге?
Өліп барып озасың бұл бәйгеде!...
Міне, сіз бен біз өмір сүріп жатқан қоғам тап осылай. Көзі тірісінде көмбеге аман – есен жетіп жатқан жүйріктер жоқ десе де болады. Неге?
Осы неге деген сауалға адамдар өмір бойы жауап іздеп келеді. Жауап таба алатын емес.
Тірлікте жақсылар мен жайсаңдардың өз дәуірінде бағаланбауына басқалар емес, сіз бен біз кінәліміз. Өзімізге өзіміз тор құрамыз. Өзімізді өзіміз тобықтан қағамыз. Өйткені, пенде барлық уақытта азды -көпті кемшіліктен құр алақан бола алмаған. Солай болып кете бере ме екен, а?.. «Әрине!» дейсің іштей күрсініп алып.
Демек, о, пенделер, кез-келген азаматыңды сын садағына ал да, атып түсіре бер.
Қазақ олай емес дейсіз бе?
Қазақты жақтағыңыз келе ме?
Тап осындай қисық әдеттен қазақ шынымен аман ба екен?
Жоқ, қазақ та солардың жуан ортасында. Маңдайына біткен мықтыларын көзі тірісінде жетістіріп ұлықтаған емес, ал өлген соң... өлгеннен кейін шетінен данышпан, шетінен құдірет! Өлілер жайлы еш қымсынбай, еш тартынбай, көсіле сөйлейміз-ау!
Демек, көнуге тиіс жалғыз ақиқат - көзі тірісінде қадірлі болған пенде кем! Егер бар болса, ілуде бір – екеу ғана...
Тағы бір ақын былай деп жыр кестелепті.
- Мықтысың ба, мейлі сен ірісің бе,
Қадірің жоқ көзіңнің тірісінде!
Осы ақын неге бұлай жазды екен деп ойланасың! Осынша таусылуға бола ма! Неге тарылады?
Сол ақын ары қарай былай деп жалғайды:
- Тірлігіңде, ей пендем, ірісінбе,
Бар бақытың сол болар!
Тірісің бе?
Ойпырмай, осының айтқанына тұрамыз ба, қайтеміз! Бұдан артық айта да алмаспыз, сірә!
Рас, сіз бен біз тірі жүрміз. Бармыз. Аманбыз. Саумыз. Сол тірі жүруден артық қандай қадір керек екен!
Иә, сен тірі жүрсің! Сол сенің қадірің...

* * *
Мұндайда қазақ айтқан: «Басы аманның бағы ашылар!»
Ал, Елес айтады: «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық.»

10. Күн мен түн

Тіршілік әу баста жаратылғалы бері күн мен түннен тұрады. Күн батады, түн келеді. Түн ауысады, күн оралады. Осылай мәңгі - бақи жалғасып жатыр.
Алайда, жер басып жүрген жұмыр басты пенделердің арасында түнді ұнатпайтындар да баршылық. Неге?
Өйткені, түн қараңғы. Түнде жүру қорқынышты. Жер бетіндегі барлық қылмыс атаулы негізінен түнде жасалады. Түнде ұйықтайсың. Ұйықтап жатып, тосын жағдайлардан қорғанып та үлгермейсің. Опынып қалуың оп – оңай. Түн туралы теріс сөз осылай болып жалғасып кете береді, кете береді.
Бірақ, осы адамдар сол қара түннің де пенде үшін аса қажет қасиеті бар екенін неге түсінгісі келмейді?
Пенде күнде тәтті жесе, бір күні құсады.
Пенде ұйықтамай, тек қозғалыста болса, бір күні естен танып құлайды.
Пенде күннен кейін түн бар екенін ойламаса, онда алдында күтіп тұратын қауіп-қатер барын сезінбес еді.
Бұл ғана емес. Кісіге ең әдемі, ең ізгі, ең терең ойлар осы түнде келеді екен. Түн-кісіні еріксіз ойландыратын сәт.
Бір ақын жазыпты:
- Қоп – қою қараңғылық!
Қараңғылық!
Төңіректі жұттың ба қараңғы ғып.
Қараңғылық!
Қайтесің жасыл бақты,
Бүркемелеп, бөтен ғып, жасанды ғып!
Реніші болар! Жарықты аңсауы болар...Ал, сол ақын әлгі өлеңінің бір жерінде:
- Жасыл дүние жоғалмайды, түн – түнек!
...Тағы жауды түнде жаңбыр сіркіреп!
Бақ ішімен келе жатам аяңдап,
Көк исі шығады – ай бір дүркіреп!
Сезімім мас, оятамын сілкілеп!...- деп, тағы да жарық күнді, жарық  әлемді арман қанатына қондырыпты.
Алайда, бір нәрсе анық: сол ақын да осы қараңғы әлемді жағадан алып, сілкілемейді. Тек... қараңғылық та жасыл әлемді жасыра алмасын сездіреді.
Түнде табиғат маужырап, ұйқыға кетеді. Жасыл әлемді көре алмай, еріксіз іздейсің. Сосын таң ертерек атса екен деп арман етесің. Арман деген адам үшін асыл қазына емес пе!
Осы жолдарды да түн жамылып жазып отырмыз. Түн тып-тыныш! Ешкім ойыңды бұзбайды. Ештеңеге алаңдамайсың.
Армысың, тұнық түн!

Мұндайда қазақ айтқан: «Бақыттың қадірін сорлағанда сезінесің!»
Елес айтады: «Салыстыру – шындықтың таразысы.»

11. Қарапайым болу

Бурабайдағы демалыс үйінде осы кісімен бір столда отырып тамақ ішетін. Күндегі әдет осы. Таңғы ас, түскі ас, кешкі ас... Көрмейін десе де көреді. Жүздеспейін десе де жүздеседі. Тілдеспейін десе де тілдеседі.
Бұл – қызметкер. Лауазымы бар. Ал, анау...
Өзінің айтуынша - істемеген жұмысы жоқ. Ол шопыр да, құрылысшы да болыпты. Егін де егіпті. Әйтеуір араласпаған шаруасы жоқ десе де болады.
- Қарапайым адаммын,-дейді. – Қарапайым болып өмір кешу-ғанибет қой.
- Әрине, күлкі витамин...
- О-о, өте дұрыс айтасың!
- Әлбетте,-дейді бұл да. – Оған не жетсін!
Содан екеуі бір-бірімен сырласып, әр саладан әңгіме тиегін ағыта бастады.
Бір жолы әңгіме ата-тек туралы өрбіді.
- Қазақтың данышпандығы сонда,-деді бұл. - Әрбір қазақ өзінің жеті атасын біліп өскен. Жеті атаға дейін қыз алыспаған.
- Жеті ата деген не?-деп сұрады анау.
- Жеті атаны білмейсің бе? Өз әкең, атаң, оның атасы...
- Ә-ә,-деді ол. – Сол ма еді.
- Сен жеті атаңды білесің бе?
- Әй, соны ойламаппын. Өз әкемді білем. Атамды білем. Ал, одан арғысы...
- Қызық екен. Жеті атаны білмеу деген...
- Әй, қойшы,-деді ол. – Соны да сөз деп... Одан да жүз грамнан тастап жіберсек қайтеді,а?
Бұл оның өтінішіне қарсы болмады. Әңгімеге зауқы болмай тұрған шығар деп ойлады. Қарапайым болғанға не жетсін!
- Ішсек ішейік...
Жүз грамнан ішілді. Оның артынан тағы да...
Енді әңгіме қазақ ұлты туралы, оның тарихы жайына ауысты.
- Ана Абылайдың заманында,-деп, бұл сөз бастай беріп еді, анау:
- Ол кім? Ақын ба?-деді.
- Жоқ, батыр. Ел билеген хан.
- Ә, солай ма?
- Жарайды, Абылайды қоя тұралық. Ал, енді Мағжан өз кезінде былай деген...
- Мағжан?! Ол-революционер ме?
Бұл күлді. Күлді де:
- Иә, революционер,-деді. – Тек поэзияның...
- О, тоба! – деді анау. – Поэзияда да революционер болған екен ғой.
Әңгіме тіпті қиюласпады. Енді не айтарын да білмей састы. Сосын одан:
- Өзің қай тақырыпты жақсы білесің?-деп сұраған.
Анау айтты:
- Әй, маған бәрібір...
- Жоқ, бір нәрсеге қызығатын шығарсың?
- Мен бе? Мен...-деп, ол мүдіре түсті. – Мен анекдотты жақсы көремін.    Күле білу – ғанибет қой.
- Әрине, күлкі витамин...
- О – о, өте дұрыс айттың!
- Ал, онда  анекдот айт.
- Е, оны айтуға болады.
Бірге демалып жатқан екі таныс осылайша күні бойы анекдот айтты. Жаңа танысы осыдан зор ләззат алады екен. Ал, бұл болса... қатты шаршады. Тіпті жүйкесі жұқарды. Қарапайым болудан шаршады ма екен, бәлкім...
Ертеңіне үйге қайтуға бел байлады.
- Ойбай – ау, қайтам дегенің не? Мен енді кімге анекдот айтамын.
- Оқа емес, тағы бірде...
- Ішім пысатын болды – ау!
- Тыңдайтын кісі табылар...
- Әй, ондайлар қайдам болсын. Осы күнгі адамдар анекдотты түсіне білмейді. Қайдағы бір қияли әңгімеге құмар.
- ?!

Мұндайда Елес айтады: «Тең теңімен, тезек қабымен болғаны абзал-ау!...»
(Жалғасы бар)
Abai.kz

0 пікір