Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3943 0 пікір 2 Мамыр, 2013 сағат 08:11

Мүшәйра: Астана жұлдызды жырлардың аламан бәйгесіне шақырады!

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин мұражайы және Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы «Астананың 15-жылдығы» мерекесі құрметіне «Жарқыра, жайна, Астана!» атты ашық мүшәйра жариялайды.

«Тәуелсіздік!», «Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Астанасы!» деген қасиетті ұғымдардың қазақ топырағына өркен жайғанына көп бола қойған жоқ. Арысы Керей мен Жәнібектен тартып, берісі кешегі Кенесары хан заманына, Желтоқсан көтерілісіне дейін осынау ұланғайыр даламыздың бүтіндігі мен халқымыздың азаттығы жолында есіл ерлеріміз етікпен қан кешті, тұлпарларымыз ауыздықпен су ішті. Қар жамылып, мұз төсенді. «Еңку-еңку жер шалды, егеулі найза қолға алды». Ақыры, арман адастырмады, үміт ақталды. Ғасыр тоғысына таяп, жаңа мыңжылдыққа қарай қадам басқанда, бабалар аманаты орындалып, бостандықтың Көк байрағы Қазақ даласында қайта желбіреді. Арқа төсінде әсем Астанамыз керегесін жайып, алтын шаңырағын көтерді.

Биыл азат Қазақ елінің Елордасы Арқа төсіне көшірілгеніне он бес жыл! «Болар елдің баласы, он бесінде баспын дер...» демекші, Астанамыз жастығына қарамастан аз ғана жылдың ішінде әлемдік беделге ие болды. Дүние жүзіне әйгілі жұлдызды қалалардың қатарына кіріп үлгерді. Алыс-жақын өркениетті елдермен терезе теңестірді.Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін алды. Бейбітшілік пен келісімнің, достық пен бауырмалдықтың ұйытқысына айналды. Намыс пен ерліктің, еңбек пен жеңістің үлгісін көрсетті. Соның айғағы: ЕҚЫҰ-ын басқарды. Сан алуан дін жетекшілерінің басын қосып, құрылтайын өткізуді дәстүрге айналдырды. «Қысқы Азия» ойындарында ешкімге дес бермеді. Лондон төрінде көк туымыз көкте сан мәрте желбіреді. Алдыңғы қатарлы дамыған елу елдің қатарына ендік. Бәрін айт та, бірін айт, Астана ЕХРО-2017 көрмесін өз төрінде өткізу мәртебесін жеңіп алды...

Осының бәрі қиын да күрделі кезеңде Ел тізгінін ұстаған Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының, қажырлы қайратының арқасы.

Міне, енді Тәуелсіз Қазақстанның осы жаңа Астанасын асқақ шабытпен, ыстық жүрекпен жырлайтын, ақ түйенің қарны жарылған шуақты күн, мерейлі сәт туды.

«Қазақстан - 2050» Стратегиясы жолға қойылып, Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті дамудың жаңа бір кезеңіне аяқ басқан тұстағы «Астананың 15-жылдығын» тойлаудың мәні мен маңызы да өзгеше болмақ. Сондықтан, мүшайра ақындардан кейінгі ұрпақ санасында өшпестей із қалдыратын, тарих бетіне алтын әріппен айшықталып жазылатын, арқауы мықты, айтары мол жұлдызды жырлар күтеді.

Бәйгені Тәуелсіз қазақ елінің өткен күрделі тарихын, бүгінгі ерен жетістігін, болашақ ұлы арманын ұлттық рухпен көмкере отырып, көркем тілмен кестелей алған ақындар иеленеді.

Бас жүлде - жеңіл автокөлік

Бірінші орын - біреу

Екінші орын - екеу

Үшінші орын -үшеу

Ынталандыру сыйлықтары - бесеу

Мүшайраға еш жерде жарық көрмеген өлеңдер, толғаулар, поэмалар қабылданады.

Қазылар алқасының шешімі қайта қаралмайды.

Мүшайраға қатысушылардың шығармалары компьютерде бес дана етіліп басылып, электронды нұсқасымен қоса жіберулері шарт.

Шығармалар үстіміздегі жылдың 10-маусымына дейін қабылданады.

Жүлдегерлер сыйлығы 2013 жылдың 1 шілдесі күні Конгресс Холл сарайында салтанатты түрде тапсырылады.

Бәйге алған шығармалар «Алтын тамыр» журналында жарияланады әрі жеке кітап болып басылады.

Ескерту: Астанаға келіп-кету жол шығыны мен жатар орын мәселесін жеңімпаздардың өздері шешеді.

Индекс: 010000

Астана қаласы,

Әуезов көшесі, 20 «А»

«Сәкен Сейфуллин мұражайы» МКҚК

Электронды байланыс:

Seifullin_museum@mail.ru

Байланыс телефоны:

(8-7172) 32-84-67

(8-7172) 53-34-03

0 пікір