Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5046 0 пікір 29 Наурыз, 2013 сағат 09:14

МҰНДАЙ СПЕКТАКЛЬГЕ ҚАТЫСҚЫМ КЕЛМЕЙДІ»

деген Березовский жұмбақ жағдайда көз жұмды

деген Березовский жұмбақ жағдайда көз жұмды

«Менің ең үлкен қателігім - Путинді билік басына әкелгенім» деген Борис Березовский дүниеден озды. Өмірінің соңғы мүшелі сыртта өткен олигархтың өліміне қатысты долбар да көп, сыбыс та шаш етектен. Британ полициясы Беркшир графтығындағы өз үйінде көз жұмған атышулы олигархтың өліміне тікелей себеп болар ілік таппаса да, арада аз күн өтпей-ақ миллиардердің буынып өлгені мәлім болды. Бірақ Березовскийді білетіндер оның өзіне қол жұмсағанына үлкен күмәнмен қарайды.

Бұл екі арада Ресей Бас прокуратурасы Березовскийдің активтерін елге қайтару үшін жанталасып жатыр. Өз Отанында Березовскийдің үстінен оннан астам қылмыстық іс қозғалған, оған тиесілі активтерге «қара құлып» салынып, оның мүлкін тәркілеуге шешім шығарылған еді. Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексі айыпкердің өлімінен соң да оның мүлкін тәркілеуге рұқсат беретін көрінеді.
Бірақ Березовский көз жұмар алдында бұрынғы байлығының жұрнағы да қалмаған еді деседі білетіндер. Соңғы жылдардағы сот процестері, адвокат шығындары, әйелдері мен балаларына төленген өтемақы - мұның бәрі олигарх­ты әбден титықтатып біткен.
Оның мәйітіне тергеу-тексеру жұмыстарын жүргізген мамандар марқұмның денесіне түскен ешбір жарақат ізін таппаған. Бірақ әлі де өлімнің токсикологиялық, гистологиялық себептерін тексеру жұмыстары бірнеше апта бойы жүргізіледі.
Березовскийдің қайтыс болғаны мәлім болысымен, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков олигархтың осыдан екі ай бұрын Путинге хат жазып, кешірім сұрағанын жария етті. Осылайша, олигархтың көзі жұмылысымен, ол туралы дақпырт хабарларды көбейткен Кремль бұл хатқа Ресей президентінің не деп жауап бергенін әлде жауапсыз қалдырғанын бүгіп қалды.

МЕДИА-МАГНАТТЫҢ ҮЛКЕН ҚАТЕЛІГІ

Тоқсаныншы жылдардың соңында Борис Березовскийдің Ресейдегі ең беделді тұлғалардың бірі болғанын жоққа шығару қиын. Кейбір көзкөргендер Путинді Ельцинге болашақ тақ мұрагері ретінде таныстырған Березовский еді десе, басқа бір заманауи тарихшылар Ельцин Путинді одан бұрын таңдаған, ал Березовский тек қолдаушы болды деседі. Қалай дегенмен де, Путиннің Ресей президенттігіне сайлануында Березовскийдің ықпалы болғаны анық. Әуелгі кезде Путин екеуінің ым-жымы бір болғаны, мүдделері тоқайлас болғаны да шындық. Екі арадағы сыйластық Путин президент болып сайланып, бар билікті өз уысына жинақтай бастағанда ғана ушықты. Билік пен байлық мүддесінің бір қазанда қайнауы қиынға соқты.
Юрий Фельштинский деген тарихшы Ельцин өзіне мұрагерлерді арнайы қызмет адамдары арасынан іздегенін айтады: Примаков, Степашин, Путин... Ол кездегі билік элитасы қолдағы күш пен қаржыны уыстан шығармауды ғана ойлады. Сондықтан да арнайы қызмет саласынан басқа жерден кандидатура іздеу олардың көздегеніне қайшы еді.
1996 жылғы президент сайлауында Березовский мен Чубайс Ельциннің жеңіп шығуына едәуір еңбек сіңірді. Ал 1999 жылы Березовский ОРТ мен өзіне тиесілі ақпарат құралдары арқылы Путинге көп қолдау көрсетті. Ақыры 2000 жылы 27 наурызда Путин президенттікке сайланды. Шамасы, беделді олигарх жаңадан сайланған жас президентті өз ықпалында ұстауды ойлаған болуы керек.
Ал Путин билікке келе салысымен «Жеті федералды округ туралы» жарлыққа қол қойды. Осыдан соң Ресейде билік вертикалі енгізіліп, Федерация кеңесі таратылды, жергілікті және орталық сайлаулар маңызын жойды. Осы округтар негізінде Путин тағайындаған жеті федералды губернатордың бесеуі КГБ қызметкерлері немесе әскерилер болатын.
Путин мен Березовский арасында пікір қайшылығы Шешенстанға қатысты одан әрі ушыға түсті. Березовский Шешенстандағы қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуді ұсынса, Путин ашық соғыс қимылдарына кірісті. Березовский аймақтардың автономдығын сақтауды ұсынса, Путин бар билікті бір уысқа жұмылдырып, елді күшпен басқаруды ұйғарды. Жалпы, Березовский не айтса да, Путиннің іс-әрекеті оған қарама-қайшы шығып отырды. Ақыры сол жылы 30 мамырда Березовский Путинге ашық хат жазып, оны кейбір демократиялық институттарды жойды деп сынады, ресейлік сайлаушыларды алдап соқты, аймақтық саяси элитаны әлсіретті деп айыптады.
Осылайша, Березовский Путиннің авторитарлы жолға түсуіне өзінше кедергі болуға тырысқан.
Ал 17 шілдеде өзі алты айдай атқарған Мемлекеттік дума депутаты қызметінен бас тартты. «Мен бұл спектакльге қатысқым келмейді - Ресейді қиратуға және авторитарлы жүйені орнатуға атсалысқым келмейді» деген ол сол жолы журналис­терге берген сұхбатында.
Тамыз айында «Курск» суасты атом кемесі батып кеткенде ОРТ телеарнасы Сочиде демалып жатқан Путинді қайта-қайта көрсетті. Осыдан соң Березовскийдің ОРТ телеарнасындағы акциялары мемлекетке өтті. Тағы азғана уақыттан соң Березовский «Сібір мұнайы» компаниясындағы өзінің үлесін әріптесі Роман Абрамовичке арзан бағаға сатуға мәжбүр болды.
Осыдан кейін елден кеткен Березовский он екі жыл сыртта тұрып, жат жерде қайтыс болды.

АТЫШУЛЫ АВАНТЮРИСТ

Березовскийдің жан-жақты адам болғанында да дау жоқ. Өзі ғалым, кәсіпкер әрі саяси қайраткер. Техника ғылымдарының докторы атағын алып, бірнеше монографиялық еңбектер жазды. Қайта құрудың кезінде өзінің табиғи дарынын пайдаланып, кәсіпкерлік жолға түсті. 1989 жылы «ЛогоВаз» компаниясын құрғаннан бастап тасы өрге домалап, «ВАЗ» автомобильдерін сатумен айналасудан көп пайдаға кенелді, бұдан соң ақпарат құралдарына ауыз сала бастады. 1995 жылы қаңтарда ОРТ телеарнасын құруға атсалысып, оның Директорлар кеңесіне мүше болды. Сол жылдан бастап ТВ-6 (Мәскеу тәуелсіз хабар тарату корпорациясының) акционері атанды. 1996 жылдан бастап «Сібір мұнай компаниясы» директорлар кеңесінің мүшелігіне сайланды. 1999 жылы «Коммерсантъ» бас­па үйін сатып алып, ірі медиа топтың басшысына айналды.
Басқаша айтқанда, 2000 жылы, яғни Ресейде Путин дәуірі басталған кезде Ресейдегі медианарықта Березовскийдей ықпалды тұлға кемде-кем еді. Оның ықпалында «Коммерсантъ», «Московская комсомолка», «Независимая газета», «Новые Известия», «Свежий номер» газеттері, «Автопилот», «Власть», «Деньги», «Молоток», «Домовой», «Огонек» журналдары, «Наше радио» радиостанциясы және «ОРТ» (Бірінші арна), МНВК (ТВ-6) телеарналарын өз уысында ұстады. Бірақ Путин таққа отырғаннан бастап Березовскийдің медиа империясының күні санаулы еді.
Оның өз сөзімен айтқанда, ол Путинді билікке әкеліп, үлкен қателікке ұрынды. Березовскиймен тіл табыса алмаған жас президент оған өз достарын қарсы қойып, оның иелігіндегі активтерін тартып алды.
Өмірінің соңғы жылдары Березовский бір кездегі осы қателігі үшін өкінумен болған сияқты. Былтыр сәуір айының соңында Путинді тұтқындаған адамға 50 млн. рубль тағайындайтынын мәлімдеген. Ал 6 мамырда ол «сыйақыны» 500 млн. рубльге дейін ұлғайтқан.
Сондай-ақ ол 1999-2000 жылдары Путинді қолдағаны үшін «әділ де ашық сот алдында» жауап беруге даяр екенін айтқан.
В. А. Васильев пен Г. А. Явлинский Борис Березовскийді кезінде «саяси авантюрист» деп атаған екен. Ал саясаттанушы С.А.Марков оған «халықаралық санаттағы ұлы саяси авантюрист» деп баға берген. Қалай болғанда да, атышулы авантюристің өлімінің өзі даулы болғалы тұр.

НЕ ҮШІН?

2000 жылдан бері Ұлыбританияда эмиграцияда болған Березовскийдің соңғы кездегі қаржылық, саяси т.б. жағдайлардың ушығуына байланысты рухани күйзеліске ұшырағаны рас болса керек. Мұны оны қараған дәрігерлер де растайды.
Осыдан бес жыл бұрын оның байлығы 1,3 млрд. доллар деп саналған, бірақ оның былтыр ғана бұрынғы әріптесі Роман Абрамовичпен соттасып, жеңіліске ұшырағаны мәлім. Ол Абрамовичтен 5 млрд. доллар өндіріп алуға ниетті болған, бірақ оның орнына өзі сот шығындарын өтеуге мәжбүр болды. Ал үшінші әйелі Елена Горбунова өзіне және балаларына тиесілі өтемақыны талап етіп, оның бар активтеріне «қара құлып» салуға себепкер болды.
Өлерінен бірнеше сағат бұрын ол «Форбс» журналының тілшісімен бейресми түрде кездесіп: «Өмірдің мәні кеттті. Қазір саясатқа араласқым келмейді... Не істеу керектігін білмеймін. Мен 67-демін. Бұдан әрі қалай өмір сүру керектігін білмеймін», - деген.
Ал Дмитрий Песковтың айтуынша, Путинге хатында: «Мен көп қателік жібердім, мені кешірудің оңайға түспесін білемін, әйтсе де мен шатастым, кешірім сұраймын», - депті.
Өмірден қажығаны рас шығар. «Менің Ресейді жақсы көретінім соншалық, эмигрант бола алмайды екенмін» деген Березовский Путиннен не үшін кешірім сұрауы мүмкін? Оны билікке өз қолымен алып келгені үшін бе? Шын мәнінде, Березовскийдің өзі бір сөзінде «Менің өмірдегі ең үлкен қателігім - Путинді билік басына әкелгенім» деген жоқ па?
Оны өз қолымен билікке алып келгені үшін бе? Әлде бірнеше айдан соң одан айнып, он үш жыл бойы оған саяси қарсылас болғаны үшін бе?
Соңғы он үш жылда Березовский Еуропада әлдеқандай саяси ықпалға ие болды деу қисынсыз. Тіпті ағылшын баспасөзінің өзінде арнайы тапсырыспен жазылған мақалалар болмаса, әлдебір ақпараттық дабыра туындамаған. Қайта-қайта арандатушылық мәлімдеме жасап, өзі туралы алып-қашпа әңгімені өзі үрлеп, ушықтырып отырды. Ағылшын баспасөзіне берген сұхбаттарында «Ресейдегі билікті басып алуға» қатысты мәлімдемелерінен соң, отанында оның үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалып, Кремль Лондоннан экстрадиция арқылы қылмыскер олигархты қайтаруды талап етті.
Осылайша ол Ресейдегі биліктің тынышын алумен болды. Шын мәнінде ол әлдеқандай саяси ықпалға ие болды ма, жоқ па - ол арасы күңгірт.
Оның соңғы кездегі депрессиясының бір себебі сонда жатуы да мүмкін. Ендеше оның өлімі кімге тиімді?
1996 жылы желтоқсанда Пол Хлебников деген американдық журналист «Форбс» журналында Березовскийге алаяқтық жасады, заңсыз ақшаны игерді, шешен мафиясымен сыбайлас деп және тапсырыспен кісі өлтірген деген ауыр айыптар тақты. 1995 жылы кісі қолынан қаза тапқан журналист Владислав Листьевтің өліміне де Борис Березовский жауапты деп жариялады. Осы айтылғандардың негізінде 1999 жылы Евгений Примаковтың үкіметі кезінде Борис Березовскийге алғашқы ресми айып тағылған болатын.
Бұдан кейін оған Ресейде оннан астам қылмыстық іс қозғалды. Ол елден кете салысымен, 2001 жылдың 20 қыркүйегінен бері Ресейде алаяқтық, заңсыз ақшаны игеру, билікті күшпен тартып алуға әрекет ету деген айыптар бойынша іздеу жарияланған. Бразилия мен Швейцарияда алаяқтық, заңсыз ақша игерді деген айыптармен кінә тағылып, із кесу жұмыстары жүргізілген.
2003 жылдан бері Лондон Березовскийге саяси босқын мәртебесін берді. Ағылшын төлқұжатында оның аты жөні Платон Еленин деп көрсетілді. Оның осы атты жамылып, Грузия мен Латвияда болып қайтқаны да мәлім.
Егер Березовский Ресейге қайтып оралса, онда оның мүлкі тәркіленіп, өзі түрмеге қамалуы тиіс болатын. Ендеше, осы жағдайдың бәрін көріп-біліп отырып және Путинге көмектескеніне өкінген адамның өз еркімен елге қайтуға ниет етуі мүмкін бе?

ОЛ - ОРЫС
КИНОСЫНЫҢ
КЕЙІПКЕРІ

Адвокат Александр Добровинский Березовскийдің өлімі туралы былай деген: «Борис Абрамович Березовский өзіне қол жұмсапты... Өте күрделі тұлға еді. Өмірден түңілген адамның әрекеті ме? Кедейшілікте өмір сүре алмады ма? Өмірден көрген соққыларға шыдамады ма? Енді ешкім де шындықты біле алмайды деп қорқамын» деген.
Иә, шындықты білу қиын...
Оның есесіне, Борис Березовскийдің бейнесі өзі өмір сүрген заманның кейіпкері ретінде орыс кинематографиясында сақталып қалмақ. Жағымды әлде жағымсыз кейіпкер ретінде болсын, Борис Березовскийдің бейнесі он шақты заманауи кинофильмде қылаң береді. Мысалы, 1997 жылы «Шизофрения» фильмінде Лозовскийдің, 2002 жылы «Олигарх» фильмінде Платон Маковскийдің, 2004 жылы «Шахматист» фильмінде Эмигранттың, 2004 жылы «Личный номер» киносында Лев Покровскийдің, 2006 жылы «Испанский вояж Степаныча» фильмінде Адам Бабовтың, 2008 жылы «Псевдоним «Албанец»-2» киносында Андрей Реутовтің, 2011 жылы «ПираМММида» фильмінде Белявскийдің, 2013 жылы «Мебиус» кинокартинасында Иван Ростовскийдің образдарын жасауда Борис Абрамұлының өмір жолы, мінез-құлқы, бет-бейнесі пайдаланылған.
Бұдан бөлек, Борис Березовскийдің феноменін ашуға бағытталған бірқатар кітаптар да жазылған. Мысалы, Александр Коржаковтың «Борис Ельцин: от рассвета до заката» (1997), Олег Соловьевтің «Русские масоны: от Романовых до Березовского» (2004), Петр Хлебниковтің «Крестный отец Кремля Борис Березовский, или История разграбления России» (2004), «Березовский Борис. Искусство невозможного» (3-томдық, 2004), Юлий Дубовтың «Большая пайка» (2005 жылы шыққан кітап кейін «Олигарх» киносын түсіруге негіз болған), Дэвид Хоффманның «Олигархи. Богатство и власть в новой России» (2007), Александр Хинштейннің «Березовский и Абрамович. Олигархи с большой дороги»(2007), Дмитрий Гордонның «Березовский и Коржаков. Кремлевские тайны» (2008), «КГБ қалыңдығы. Орыс олигархының құпия күнделігі» (2009), М.Холлингсуорт пен С.Лэнслидің «Лондонград. Ресейден ақша алып шығу. Олигархтардың тағдыры өз аузымен айтылған хикая» (2009), Н.С.Чекулиннің «Тайна Олигарха, или Британское правосудие» (2006), «Кровавый олигарх и российское правосудие» (2007), «Березовский - не своя игра» (2011), «ВикиЛикс», Березовский и убийство Литвиненко». Документальное расследование» (2011) кітаптары, Юрий Фельштинскийдің «Вердикт. Борис Березовский против олигархов» (2012), А.Ю. Щербаковтың «Русская политическая эмиграция. От Курбского до Березовского» (2012) деген еңбектері бар.
Олигархтың жұмбақ өлімінен соң әлі талай кино түсіріліп, әлі талай кітап жазылары сөзсіз.

БІРІ - ШӘЙ ІШІП,
БІРІ - ЖУЫНАТЫН
БӨЛМЕДЕ...

2006 жылы 23 қарашада ФСБ-нің бұрынғы офицері Александр Литвиненко шәйға қосылған полонийден уланып, Лондон ауруханасында көз жұмды. Осы қылмысқа орай 2007 жылы 30 наурызда Скотланд-Ярдта РФ Бас прокуратурасының тергеушісі Александр Отводов Борис Березовскиймен көзбе-көз сөйлесті. Кейін Березовскийдің өзі айтқандай, тергеуші қойған сұрақтардың көбісі бизнеске қатысты болған, ал Литвиненконың өліміне қатысты сұрақтар кездесудің соңында ғана қойылған. Осы кездесуде Березовский Литвиненконың өліміне Путин мен Луговойды кінәлі деп мәлімдеді. Ал кейбір сарапшылар Литвиненконың өлімі Березовскийді қылмысты ету үшін қажет болған деп санайды.
Наурыз айының басында Березовский өз адвокаттарымен Литвиненконың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша куәлік беру жөнінде ақылдасқан екен. Олигархтың өліміне осы іске қатысты құпияны жабуға жасалған талпыныс деп баға берушілер де бар.
Қалай болғанда да, Березовскийдің өліміне қатысты әлемнің түкпір-түкпіріндегі қарапайым оқырмандар түрлі долбар, сан қилы пікір айтып жатыр.
Борис Березовскийдің өлімі Тұманды Альбионнан Жапон түбегіне дейін қызу талқылануда.

"Түркістан" газеті

0 пікір