Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3891 0 пікір 29 Наурыз, 2013 сағат 06:04

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

Жетінші тарау

1

Керімбек аулының бұл қонысы үлкен таудың дәл ет-бөктер алқымы еді. «Моншалы сайдың» қарағайлы, терең, қуыс, көк шатқалынан келіп жатқан Мазы өзені сай аузына ілінген жерде, күн шығыс бетте биік көк тепсеңді алып отырған он-он бес үйлі мол ауыл - Керімбек ауылы. Ішінара көрінетін бірен-саран қоңырқай үйлер көбінесе жаңа ақ киізді күйлі ауылды жасыра алмайды.

Таза жайлау, ашық көк аспанда көлбей түскен кешкі күн сәулесімен бас жақ шеттегі үлкен үйдің сыртына, қада ағашқа байланған бес-алты аттың күмістелген ер-тұрманы сәл қимыл сайын өткір жарқыл ұшқынын ағындатып өтеді.

Дөдегесіне айналдыра ою салған қонақ үйде шағын топ осы ат иелері бар-ды. Абажадай кең үйдің есігінен төріне қарай сәнді алаша, текемет, қалың түкті кілемдер төселген. Бүгін бұл үйге Шерудің үш-төрт кісісі кеп түсіп отыр. Оң жақ бүйірге таман, жалтылдаған сары аю терісі үстінде қас-қабағынан бір үлкен істің шешімсіз күйі танылғандай болып, үй иесі Керімбек отыр. Ол өзінің бүгінгі бұл халінде тырс етіп ешкімге тіл қата алмай, күн ұзын үнсіз отырған-ды. Бұл үйге төрдегі мына үш-төрт кісі келіп түсіп отырғалы біраз уақыт болып қалса да, бұлардың арасында әлі еш сөз бола қойған жоқ-ты.

Жетінші тарау

1

Керімбек аулының бұл қонысы үлкен таудың дәл ет-бөктер алқымы еді. «Моншалы сайдың» қарағайлы, терең, қуыс, көк шатқалынан келіп жатқан Мазы өзені сай аузына ілінген жерде, күн шығыс бетте биік көк тепсеңді алып отырған он-он бес үйлі мол ауыл - Керімбек ауылы. Ішінара көрінетін бірен-саран қоңырқай үйлер көбінесе жаңа ақ киізді күйлі ауылды жасыра алмайды.

Таза жайлау, ашық көк аспанда көлбей түскен кешкі күн сәулесімен бас жақ шеттегі үлкен үйдің сыртына, қада ағашқа байланған бес-алты аттың күмістелген ер-тұрманы сәл қимыл сайын өткір жарқыл ұшқынын ағындатып өтеді.

Дөдегесіне айналдыра ою салған қонақ үйде шағын топ осы ат иелері бар-ды. Абажадай кең үйдің есігінен төріне қарай сәнді алаша, текемет, қалың түкті кілемдер төселген. Бүгін бұл үйге Шерудің үш-төрт кісісі кеп түсіп отыр. Оң жақ бүйірге таман, жалтылдаған сары аю терісі үстінде қас-қабағынан бір үлкен істің шешімсіз күйі танылғандай болып, үй иесі Керімбек отыр. Ол өзінің бүгінгі бұл халінде тырс етіп ешкімге тіл қата алмай, күн ұзын үнсіз отырған-ды. Бұл үйге төрдегі мына үш-төрт кісі келіп түсіп отырғалы біраз уақыт болып қалса да, бұлардың арасында әлі еш сөз бола қойған жоқ-ты.

Төрде Керімбектің жүзіне әредікте кәрі көзімен үңілгендей боп, кіркеуленіп қарап өтіп, басқа ешнәрсеге көңіл аудара алмай жабырқап отырған Молтан дейтін кәрия бар. Кішкене денелі, жауырыны еңкіштеу, селдір-селкем әппақ сақалды, Шерудің Молтан-ажы деген қарты осы. Бір жақ тақымының астына, жамбасына таман жастық қойғызған. Бүгінгі бұл келіп отырғандар Керімбектің ағайын ішіндегі ең жақын аталас туысқандары.

Соның ішінде есті-басты деген үлкендері келіп бас қосып отырған «Бес-Айтбай» балалары. Керімбек әкесі Әнкежан Айтбай деген атадан туған бес ағайынды кісінің балалары болғандықтан, солардан таралатын ұрпақ өздерін ең бергі атаға ажырағанда «Бес-Айтбай» десуші еді. Сол бес Айтбайдың бір баласы Байсуаннан келіп отырған осы Молтекең. Ал соның Сәрсембісінен: кесек жүзді, шоқша сақалды, екі беті ұшынан және үлкен етті мұрнының доғалтақтау үстінен тарам-тарам болып жіңішке, күрең тамырлары көрінген Қыдырбек бар. Сау денді, алғыр кескінді адам. Күренің баяғы жанжалқой ағаш шарлаушысын Шеру ішіне келген жерінен құпия өлтіріпті дейтін Қыдырбек осы. Бүгін бұл туыстың да түсі сынықтау, саябыр болатын. Бұнан басқа Отыншы батыр, Белгібай зәңгі дейтін ауылдардан да келіп түскен бір-екі туыстар. Бұл үйдегі осы үш-төрт «Айтбайдан» басқа бір адам, ел сыйлап құрметтеген қарт Тайлақбай. Өзі сексеннен асқан, сөйлер сөзге майталман, түкпірлі, шешен адам болса да, бүгінгі бұл отырыста туысқан ішіндегі ауыр, ұйымдық сөзді ағайын-бауыр алдымен өзді-өзі бастасын деп тосқан. Ауыратын ет-бауыр оныкі. Олай болса, солардың билік - еркін сыйлау деген бар. Бірақ ел ағасы Тайлақбай бұл сөз қашан басталғанша тықыршығандай болған шыраймен ширыға түседі. Дастарханның екінші шетінде, әкесінің қарсы жағына жайғасқан Мақсұт та осында. Қамыс тегенедегі қымызды жәй сапырып қойып дыбыссыз отыр.

Молтан қарт қолындағы әлі орталамай отырған алғашқы саптыаяқ қымызын бір сәт қос қолымен жерге баптап қойды да: - Қарағым Керімбек! Өзің білесің, анау сапардан келгелі, міне, бес жылдай бопты. Ешқайда шықпай үйде жатып қалған адам ем. Өзім атқа да әбден шау болып қалыппын. Осы аз жүрісті көтере алмай отырмын, - дей келіп білегіндегі күрең жақұт тәсбісіне айналыңқырағандай іркіліп:

- Сенің әкең - Әнкежан, менің әкем - Байсуан бір кісінің баласы еді. Жұтап отырған бұ қу көңілімді аяп кәйтейін. Әкең - Әнкежан батыр «басыңа тау құласа шыбындай көр» дейтін. Шеруді жол бастап көшіріп әкелген кешегі Көмекбай ажы қорымалым болса, қол бастаған Әнкежан, Есімжандай құтпан ерлерім еді. Соның бүгінгі тұқым-тұяғы сен болатын болсаң, мына бір іс өткен екен. Қарманып ақыл табайық. Сексенге келіп селкілдеп Тайлекең отыр. Тоқсанға келіп тойырылып мен отырмын. Бізде не қалды?! Ендігі еліңе ие сендер болады дейді. Білген ақылың болса, қайта бізге үйрет! - деп шұғыл тоқтады. Әлде бір жауап, қиындық кезіндегі адамдай осы сөздерін қиналып айтты. Ебі қашқан кәрі жүрек бауырлығын өзінің бар қымбатымен мойындайтыны байқалғандай.

Осы кезде есіктен Қаніке кірді. Ол төрдегі үлкендерге салмақты тағзыммен аз ғана иіліп, сәлем ғып еді. Тайлақбай мен Молтандай қадірменді, үлкен қайнағалар есік жаққа қатарынан көз тастап, ерін ұштарымен «тәңір жарылқасын» дескендей болды. Төменгі жақтан келіп отырып, үй ішіне өзімен бірге салауат ала келгендей болған, есті бәйбішенің көзінде жылаудың, көп жылағандықтың ізі бар. Ол сәл отырған соң, көзіне қазір тағы жас ала бастаған. Үй-ішінде Қанікенің бұл күйін бар зердемен, жүрекпен ұғып отырған қабақтар байқалды. Молтан өз ішінен шіміркеніп отырып, қолын көзіне көлегейлеп, түйіле қарап алып, өзіне-өзі айтқандай ғып:

- Мың қайғы бір қажетті өтеме-ес! - деп қойды. Өткен түні Керімбектің Қанікеден туған бес ұл ортасындағы жалғыз қызы Гүлназымды жау қолға түсіріп әкеткен. Жақын замандар шежіресінде жалпақ Қызай елінің тарихы басынан кешпеген, анық бір сұмдық іс еді. Өзін іргелі елміз дейтін қазақ үшін үш ұйықтаса ойына кірместей, өте бір жат, түсі суық оқиға туған. Ел атына анығында мұнан өткен қорлық жоқ еді.

Таңертең құлқын сәріде, сиыр желі басында тоқайласып, бет шымшысқан қатындар өз сыбырларын өздерінен ұрлағандай құпиялап:

- Ойбай-ау, қай көзімді жыртитайын! Салдақының көрсеткені енді осы болды ма?!

- Ойнақтаған қатын от баспай қоюшы ма еді, өстіп!

- Қу-гәнә бетім-ау! Бармай-ақ қой, барма, дедік! Өзгесін кәйтейін, қытай әкетті деген не сұмдық, жұртым-ау! - десіп, осы таңға алғаш жар салған солар еді. Ол кезде бөдене ғана «бытпылдықтап» жатқан.

Керімбек қазір бөгде сөзді онша керек еткісі келе алмағандай кескінмен бейтараптанып отырған. Оның оқшау, дара тосылған сол күйіне Тайлақбай бір көз тастап өтті де сөз бастады. Сүйек таяғын имегінен сығымдай ұстап алып, тыныш үйде зор даусы күмбірлеп сөйлей бастады. Ашық есіктен сыртқа, ұзаққа қараған түксигеи түрі қатулы:

- «Ердің құны жүз жылқы, ары мың жылқы» дейді. Сондайлық қастерлі арың қақпай көріп отыр. Кезенгеннің кезіне келсең, таудай биік көңілің тары құрлы болмайды. Табанына түсесің! Тәлкегіне көнесің! Бірақ аптыққан қыран аң ілмейді. Бұзылған істі бүлгір бүлдірсе, білгір түзетеді. Ақылыңа, болжамыңа саласың, - деп, бір тоқтады.

Айтар ойының екінші басқышын сонан соң жалғап: - Жөн, рас. Қызды зорлап ап қашып отыр. Алдырып отырған Мамозы! Оған сен айыпты емессің, ағайын. «Ұл туасың, ұятын бірге тумайсың, қыз туасың, қылығын бірге тумайсың» деген. Ашулы болсаң боларсың, айыпты бола алмайсың. Ел бар, жұрт бар, ойласып ақыл табайық. Бұл ісіңе ел ағайын аралассын, келсін бүгін бәрінен. Өзіңнің Мамышыңнан, ана Дербісалы, Жайнақтан - бәрінен де адам келтіріңдер. Барлығын да келеге кеңеске алайық, - деді.

Сөз үстінде тынып қалған үй іші аз уақытқа жым-жырт болып, Тайлақбайдың бұл кеңесінен соң, ортада бір сәт үнсіздік орнаған. Жалғыз-ақ, Қыдырбек бір нәрсеге қипақтаған ажар байқатып қалды. Өткір сұсы бар ажарлы адамның қырағы көзі үлкендеу ашыла, кірпікті шапшаң қағып, шытыныңқырап, жіті ойланып қалған.

Тайлақбайдың «өзіңнің Мамышың» деп отырғаны Айтбаймен аталас, Мамыш деген тоқалдан тараған, мол аталы ауылдар болатын. Енді ағайын жию үшін Айтбаймен туысатын сол Мамышты айтпағанда, қыз қашқанға сүйінші тілегендей, ана Дербісалы, Жайнақ сияқты сырт атаның келіп араласуы намысқа ұрарлықтай. Қыдырбек соны сөйледі. Ол үй-іші тынып қалғанда, Тайлақбайға тынышсыз қабағымен жалт етіп бұрылып:

- Тайлеке! Сол сырт ағайынға ықпал бергеніміз қалай болар екен осы?! Жылы қойын, салқын арқам деген емес пе. Ұялы терек, үйелменімізбен отырып, ес таппағандай көрінгеніміз болмас па екен? Бақ-баталы қара орнымен қамалып, ес таппай сасқандары еді деп, күннің-күнінде бетке салық етпесе?..- дегенде бұл сөзге Молтанның да бейімі бар екен:

- Өзгеге мынауым қалай? - десең өзіңді қор санап, қожырайтындары бар ғой, әлі. Бірақ, Тайлекең ойлап отырғаны ертең ақыр естіледі, онан да өз бетімізден ішімізге алайық дейтін шығар, - деп өз жорамалын долбарлады.

Керімбек басқашарақ ойлайтын көрінді. Екі ағайыны білдірген бұл тұспалдар тұсында мойнын есік жаққа таман салып, жүзін қырын ұстап қалды. Тыныш тоқталған қалпында Тайлақбай сөзінің аржағында Қыдырбек, Молтандар шолғаннан басқа сөрелі өріс барын ойлап отырып қалған. Бұл кезде Тайлақбай қайта ағылып сөйлеп:

- Е-е, менің айтқанымды тек қана жыртыққа жамау басқандай болу деп отырмеңдер?! Сырт ағайынға жақсы атансақ намысымызды бірге жыртысады деп, мына тұрған соны ғана ойлайды дейді екенсіздер ғой. Жоқ, олай емсс. Ел ішіндегі кетеуі кеткен жаман абыройыңды ойлайтын ол басқа күн! Сенің тартысың бас намыстан аспайтын, қазақ ішінде болғалы отырған тартыспеді әлі? Бақыр қазақ, сені құртқан баяғы бір бас намыс, ұсақ намыс екенін білмейсің! Ертең анау ұлығыңмен айтысқалы отырған жоқсың ба? Айналдырған алақандай Шеру бір-біріңнің сырттан сөйлеген күндеуіңе ұшыраймын деп, жалған намыс үшін жаңылып алжаспа. «Ер басына дау келсе, ерлігі кетер. Би басына дау келсе, билігі кетер» деп неге айтқан. Өзімшіл соқыр билік пен өлі намысыңды бүгін қоя тұрасың. Оның ана қырдың астында жата тұрады. Бұл күнің қай күн сенің! Арт айналып шиырыңнан шықпайтын бодам «кісілігің» қала тұрады. Ел ішіндегің у болса ішетін, жылан болса жұтатын күн... Ана жақта алты басты айдаһармен тұрысқалы отырып, тағы да алапестей бөлінгі ойың бар! - деді. Дамып, үдеп, тұтанып сөйледі. Ұрысқанға бергісіз екпін айтты.

Бүгінгі зор ыза мен намыстан ешкіммен сөзге келіп, жауаптаса алмастай болып отырған шағында Керімбек бел алғандай болды. Тайлақбай айтар сөзінің аяғын әлі де тоқтата алмай отыр екен. Қыдырбектің «намыс» деген жерге зеректігін еске алып:

- Аса зерек басқа азап... Олай емес, өз бауырың шындап езілсе, өзгенің де өзегін суырып аласың. Жақсы би жаудың шетін ел етеді. Жаман би елдің шетін жау етедінің керін келтіріп, бейбақ қазақ қайда барып ұшпаққа шыққалы жүрсің! - деп енді ғана сәл саябыр тауып басылыңқыраған секілденді.

Үй іші енді шарасыз осы сөзге тоқталғандай болған. Мына жақта Қаніке де ішінен: «иә, құдай ақсарбас!» - деді. Ауылдан әп-сәтте Арыппай бастаған бірнеше жігіт шығарылды. Мол аталы Мамыштың көп ауылдары: Мырза-Ыбырайым, Көмекбай, Қыстаубай-ауаң, Әнең ауылы дейтін үлкен ауылдар мен сырт аталас Дербісалы, Жайнаққа және Шерудің тағы да бір аздау таптары: Бірен-Күлен, Биеке-Бітік, Орынбай, Қарынбай, Ырғайты-Көбен деген барлық аталарға кісі шаптырылды. Мұнан басқа «Бес-Айтбай» ауылдарынан да бір талай адам аты айтылды. Қатардан Құрымсы, Жырғал да қалған жоқ. Аз уақыттың ішінде аттарын сайлап, қолдарына қамшы ұстап әзір болған он шақты жігіт есіктен кіре, тік тұрған бойларында мынау отырған үлкендерден әмір күтті. Қерімбек:

- Осылардың ауылда бары құлақтарына хабар тиісімен бөгелмей аттанып жетсін! Тайлекең де осында, дұғай сәлем деңдер, - деп еді. Тайлақбай да тежелместен:

- Осылардың барлығына үш қайтара сәлеммен жіберді дегейсіздер! Ағайынның керек күні болып отыр. Көргенді көңіл, ұйтқылы тілмен жеткізіп соны апарғайсың, - деп есті-есті деген сәлемші, хабаршыларды жолға салды. Бастаушысы: Арыппай, Нүсіпбек.

Жолаушылап кеткен Гүлназымды түнде жау қолға түсіріп әкеткені таң ата бір-ақ білінген. Бүгін күн шыға отыз шақты адам қуғыншы да кеткен. Мамозы оң жауап беру орнына қазақтан қатаң тілдескен екі-үш адамды күтініп, сай отырған жігіттеріне сөзге келмей сабатып, содан қайнаған төбелес басталыпты. Дүңген көбейіп, отыз жігітпен олардың кемінде жетпіс-сексен қамшыгері айқасқан екен. Шеру жігіттері амалсыз қаша соғысады. Мазы аңғарын өрлеп көкпар тартқандай құжынаған қара қорым аттының төбелесі кем қойса бір шайқайнатымға созылған. Ақыры Молтан інісі Сағатбек дейтін мықты жігіт пен Арыппай, Нүсіпбектер бастаған отыз адам қамшыны көбірек жеп, бас сауғалап құтылып ауылға жетіпті. Мамозы қазақтың қызын айдан-ашық тартып алуымен қоймай, соңынан барған іздеушісін сауырлап қуып салған. Соны естігелі бүгін бар Шеру қатын-қалашынан бастап сұмдық көргендей. Шеруді аударып көшіреді деген дүмпу, сыбыс шыққалы заман түсінен ел шошынған. Тайлақбайдың ендігі исі Шеру баласына тізгін ұшымен кісі шаптырып отырғаны, міне, осындай ел болып күйзелген ойранды халден кейінгі күйреген көңілден туған тілектің ең бір арылған шарасы болатын.

Керімбек, Молтан, Тайлақбайлар екінті оқып алатын болып орнынан қозғалған. Үйдегілердің барлығы да сыртқа шықты. «Салық жұрт» дейтін бұл қонысқа ел келіп қонғалы он бес-жиырма күн шамасы болса да ауыл маңы әлі жаңа, таза. Орманды тау алқабының қалың қыртыс, шымдауыт өңіріне біткен қау шалғын, алуан түсті гүлді шөп өлкесі. Сай-сала, ен өңір қырмызыдай қылаулап, шітірмек, теңге жапырақ, шытыралы балаусасымен көк торғындай шаңсыз таза шалғынға оранған. Өр жақта «Сымтас» биігі асқақтайды. Көк аспанның терістік жағын жартылай қалқалап тұрған - Шеру елінің орта жайлауы.

Еңкейіп қалған кешкі күн батысындағы жалаң қара жартасты, жалама биік «Кемпір жайлауына» таман қиыстап барады екен. Құз-шың, сайлар қойнауы, терең қуыс шатқалына көлеңке жиып, үнсіз томсарып, түксие бастапты. Жақын маңда ұзын, бітік таңқурай сабақты, шілік, бұта-бүргенді өскіні белуардан келетін жүндес, қайқаң беткейлер елбіреген бір көкшіл мұнарға малынған. Қара өріктің сыртын ұстаған көк-боз жұғын реңдей шаңытқан әсем тозаңмен бозғылттанып, мұнартады. Өсімдік беті жасырынып, сезіммен ойнаған құбылмалы перде жамылған. Қиял рақатындай бір көкшіл, тозаң.

Қоныс маңында кешкі күннің тұнық сәулесімен таза, ашық аспан аясында мүлгіп тұрған үйірім-үйірім, қара-шоғыр қарағайлар шоқ-шоқ болып, байтақ жайлау мекенін айрықша шат, жарастыққа бөлейді. Жоңғар тауын «жер ұйығы» дегізгендей. Бұл жерді бір шақта қалмақ ханы Халдан-Серен неге мекендегені айтпай білінгендей... Қазір Қарымсақ ауылы отырған Шыңбұлақта аты әйгілі «Бұтхана» бар. Сол үшін «Бұтхана Ақсуы» деп те атайтын. Соны ел аузындағы аңыз Жоңғар қалмағының ханы Халдан-Серен жасатқан деседі. Жаяу адам өрмелеп қана шыға алатын қиядағы кер жартастан неше бөлмелі әсем үйлер қашатып шығарған. Тастан қашалған ер-әйел бейнелері, жолбарыс мүсіні. Көк сырмен сырланған ағаш үстел, есік, терезе, ағаш төсек және басқа жиһаздар.

Ауыл үстінде кешкі тау аңғарынан келіп тұрған кең тынысты салқын леп білінеді. Жаз кешінің алуан шөп исін жеткізген, жұпар демді хош ауасы, жан иесінің тек бейқам, тыныштық, рақатын ғана сүйгендей.

 

2

 

Керімбек үйі тосқан қонақтың алды шам қоя келе бастады. Жаңа жеткен кісілермен алғашқы қымыз ішіліп болғанша, әр тұстан екілеп-үштеп, бестеп-ондап көп маңның адамдары келіп те қалды. Жиын әлі де көбінесе үнсіздеу еді. Төрде Тайлақбай үнсіз. Үй иесі - Керімбек болса ол да басы артық сөздің болғанын қостап, құптағалы отырған жоқ-ты. Және соған орай, мына келушілер де, өздерінің неге шақыртылғанын біліп кеп отыр.

Аздан соң сыртта иттер абалап, ойға алып отырған соңғы қонақтардың да жеткені білінді. Үйдегі қос пияла шамның жарығымен есіктен сәлем беріп, бастап кіріп келе жатқан Абдолла ақалақшы екен. Алпамсадай зор денелі адам үй толы жиынмен тегіс көз ұшырата сәлемдесіп жоғары таман өте берді. Бұл күні ешкімде әшейіндегі дауырық жоқ. Көптен кездеспеген кісілер де бір-бірімен баяу, келте қайырып сыпайы сәлемдескен. Жиын аз үнсіз отыра түскен соң, Тайлақбай сөз бастады. Бағанадан жасы үлкен қазының сөз қозғауын күтіп отырған көпшілік Тайлақбай тамағын қаттырақ кенеп, қозғалыс байқатқанда, бар қыбырды тоқтатты. Тырс етпей сөз тосты.

- Е, ағайын! Келген қадамың қайырлы болсын! Бейіл-берекең тозбасын! Ынтымақтан ажырама! Өстіп жүріп дәурен өтер, жас жетер. Бет қызылы басылар. Ет қызуын қашырар. Жастығыңмен салғассаң, ләзәтіңді құрт жеген, дәннің бәрі төгілген қауашақтай боларсың. Сонда да, сол өмірде де адам-пендеге тірлік ыстық келер. О да кетер. Мінген атың - жер ортақ, жаққан отың - күн ортақ болып ол қалар. Дүниеден ақыр бір күн көшерсің! Жиған дүниең дүниенің өзінде қалар. Бәрінен опалырағы тумаған, туыспағаның емес, қимаған, қиыспағаның. Заман қандай, заң қандай? Әр заманды бір көрген басымыз бар. Ойлап, бағып қарасаң, ешнәрсеге сенгің жоқ. Малыңды бөрі, адамыңды қарақшы ала бастаған сияқты. Жабықтан күнің жарқырап, Жайықтан суың сарқырап, бейбіт жатқан теңдігің бар ел едің - тең болмасқа айналдың. Жылан шақпай, жылқы теппей, жайыңмен жатар ел едің. Ел болмасқа айналдың! Мына бір іс болған екен. Аяғы тағы апарып қыруар дауға соққалы отыр. Қырғын тартыс бастағалы отыр. Есеңнен ажырап, елдігіңнен айыратын күн туамын дейді! Осыған не ақыл табамыз?» «Ер жарасыз болмас, ел шарасыз болмас» деуші еді ғой. Қандай шара табасың, кәні?

Тайлақбайдың бұл айтқанына ешкім жауап қатқан жоқ. Әуелгі сөздің бәрін өзіне салып отырған сияқты.

- Жөн, рас-ақ, - дей түсіп әңгімесін жалғай берді, қарт қазы. Ел ағасы, кемел жасқа келген, тебіні қатты, дана қарт отты жүрек әмірімен жалғыз өзі өркештеніп кете алмай, сол еліне арқа сүйеуде.

- Қазіргі істейтінің - әр ауылдан кісі шығарып қашқынды қудырарсың. Сойылыңды аларсың сойқандыңды табарсың. Қолмен мөрлі қызылала қағазыңды алып ұлығыңа барарсың. Бірақ, осының бәрінде не, не керек? Бәріңнің шынайы бүтіндігің керек. Бүгінгі елдігің, ертеңгі ұрпағыңа қаларлық аңғарлы үлгің керек. Басыңды біреудің айтқанымен қоспа, қосылам деп қосыл!

Бұл сөздің сыңайы отырғандарға тегіс аңғарылғандай болды. Мол жиын бір үнмен терең тыныс тартқандай, үй толы адам әлі де қыбырсыз, тырс етпей қалған.

Бұл кезде тамақ та дайын болып, қолға су құйыла бастады. Мұстапа имамның, дұғасына алты қанат үй толған адам қол жайып, ата-баба аруағына оқылған құранды өздерінің сертіндей білді. Қаніке атап сойғызған «ақсарбастың» еті желінді. Енді бүгінге байланысты ңегізгі сөздің қозғалатыны белгілі еді. Тамақтан кейін мол қонақ кең жайғасып, аз дыбырсыз отырып, Тайлақбайдың сөз бастауын күтті. Қыбыр-қимыл дегенде бірен-саран тіс шұқып, немесе ірге жақты қолайттап отырып, насыбай атушылар бар.

Осыдан түстік жерде, Мазы аңғарының аузында Керімбек аулының қыстауы тұр. Мазы суы тегінде Қазақстанмен шекараласатын Жоңғар Алатауынан тура түстікке қарап ағады. Айтбай, Мамыштың барлық мол аталы ауылдары, Бүтін Саполат болып, осы Мазы аңғарын мекен, қыстау ететін. Ел қонысымен айтқанда Шерудің осы Саполат дейтін табының аяқ жақ шетін Керімбек қыстау еткен. Өзенді бойлай ұзағынан созылған кең аңғар, екі жағында: алыс өріс, жал-жоталы, сай-жыра, жылға-өзекті, кең түбек, қойнаулы, қолат - оқапты, мол адыр, қабат-қабат қырқалы болып, әр қыстауды малға күйлі, шүйгін қоныс жайылысқа кенеледі. Шаруа баққан ел үшін нағыз бір шұрайлы, таптырмас жер жадысы. Сондай Мазы аңғарының аузында, кең жазыққа шыққан жерде егістікке бап даланы қолайттап орнаған дүңген қыстағы - Мұштайзы Керімбек қыстауымен көршілес қана. Тайлақбайдың бағанағы сөзі мына жағдайға исі Шеру баласын сол жерге бір соқтырмай қалмайтын әңгіменің беті еді.

Бүгін бұл отырған Шеруте Гүлназым тек Керімбектің ғана қызы болып есептелген жоқ. Бұл хабарды бағана күндіз естіген жерде-ақ, қалпақ қиген қазақтың намысы, қаны қозып дүрліккен. Мамозы атын қатын қарғап, тентек боқтап жатқан назалы күн туды.

Тайлақбай қазір сөз бастар жерге қарайып, түнеріңкіреп келді. Бүгін бар жиынның ішінде, өзінің елі-жұрты алдында ішкі арпалыс, тынышсыздығымен күйіккендей күйде жайсыз, қаяу сөз айтты. Үнінде арғы жағынан лықсып кеп тұрған еркін бір ағыс, екпінді толқын, серпін бар. Көзін маңдайша бетке тастай отырып қапаланып сөйледі. Осы отырыста ол елдің айдыны, тамам жұрттың арқа сүйеріндей.

- Ал, ағайын! Не дейді мынау күн?! Не дейді заман! «Су тасыса жиегіне, ер тасыса еліне» деуші еді ғой. Кеудеңде намыс барыңды тасытам дейді ғой мына сор! Ендігі сөз аптыққан қыран аң ілмейді, асықсаң да аптықпай асық. Ойланып ақыл табайық.

Бетке салық, сүйекке таңба дейтін сөз болушы еді. Ол анық шымбайыңа батқанда шыққан сөз емес екен. Мына соққы сүйекке емес, жүрекке тыртық саламын дейді! Біріңе емес, бәріңе соғылдым дейді. Тал түсте шапқан қасқырдай, топ ортаңнаң келіп балаңды жұлып әкету қазақ деген атың, затың, қаның үшін қай жаза?! Елмін деп жүрген елдігің үшін, елдік намыс қажырың үшін аспанда күн күйігіп, жерді қара жамылдырған емес пе - бұл көрген! - деп бір тоқтады.

Ауызы сөзге келіп отырғанмен ішкі жағы үндеспестей қапада еді. Қолдан келер дерт болса, ешкіммен де ақылдаспастай амалсыздық түрі байқалады.

Осы кезде топ ортаны қақ жарып Қарымсақ сөйлеп қалды. Тайлақбайдың от боп жанып, шарасызданып отырғанын көргенде көкжал Қарымсақ тым-тырыс отырған өзгелерге ызасы келіп, ерекше бір зор ашумен безеріп, сазырая бастаған. Сол жақ бүйірде, төменде отырған орнынан:

- Уа, Тайлеке! - деп жан-кеудесі жұлқынғандай саңқ ете түсіп: - Сөзіңе құлдық-ақ болсын! Мен өзгедей ел басқарып, жұрт шүйлеп жүрген адам емеспін. Бұл сөзіңде жұмысым жоқ-ақ кісі болайын! «Бассыз берген мал мазақ, бақсыз берген тіл мазақ». Құр тілімді әуре ғылып қайтейін. Бірақ қойдай иіріліп отырған жұртың мынау! Бір тастан мың қарғаның үріккеніндей деп айтайын, әркім өзді-өзінің бас-басынан шешілмей үркіп отыр. Ауызы айтпағанмен, Мамозының қырына ілігем деп кейбіреудің көзі айтады. Тіл жасырғанға көз куә. Соңыңнан ерер халқың болса, қой демей-ақ қояйын, «әл керек - айбар керек, әлсіз айбар - не керек». Әлің болса айбарлана-ақ бергейсіз! - деп, мынау отырғанның көбін-ақ үндетпестей, улы шындық айтты.

Керімбек ішінен «Мың жолдас жақсы, мың жолдастан бір жолдас жақсы» деп отырды. Тайлақбай жауапты отырып барып айтты:

- Рас, жатық айтсаң жағымпаз, тік айтсаң тұрпайы атанасың. Басыңды серпіп іске кіріс, ағайын. Аруағыңды шақыр да атқа қон! Ендігі сөз - ұрыны түн асырмай, бөріні қыр асырмай қуғын салу. Батырлық білекте емес, жүректе. Ел күйінгенде күйіне білген - сол батыр. Алдымен «мен мұндамын» деп бір түйінге түйілсең, сонан соң орайы келген оңтайлап, қолайлы келген қорғайлап, қалған іс өз ыңғайына қарай бола жатады. Кәне, не дейміз? Не дейсіздер?

Жұрт сәл ұйлығып қалып:

- Уа, енді не айтасыңдар, ерейік!

- Айтқаныңа барайық!

- Ел мақұлға біз мақұл!

- Сөз мынау де де, бастай бер!

- Ел ергенге біз ердік, не сөз бар! - десіп тұтас бетпен қаулап, дабырласып кетті. Осы екпіннің ішінде Бурабай, Қотыр Әбділда сияқты Дербісалы кісілері де бар болатын. Бурабай көп ішінен суырылып алдыға түсе сөйледі.

- Ау, Тайлеке! Бұл ағайының тауып айтар ақылы болса ұзақты күнді кеш қылмай айтпас па еді. Көп білмегенін көнектің түбін тескен көнеден сұрайды. Ұйлыққан жұрт көргені бар данадан сұрамай қайтеді. Өздеріңізден артылатын ақыл жоқ, «сөз мынау» де де бастай бер. Осыған ер де, ереміз.

Шерудің Биеке табынан келген Есімжан баласы Сауырық және Қыдырбек, Манақ сияқты кісілер де осындай бір бет, бір ниетте қысқа, кескін сөз айтты. Оң қатарда жасыл доқаба, ұйғыр тақиясымен отырған жалпақ бетті, талпақ мұрын қара кісі, Шеруді осында көшіріп әкелді дейтін Көмекбай хажының бел баласы - Манақ. Ешнәрсеге желп етпейтін Абдолла осы уақытта бір-ақ қозғалып, жарқаштана шығатын зор дауысымен үйдегінің бәрін баса сөйлеп:

- Елмін десең қылша мойның талша болар жер келді. Сал барыңды! Еліңді ебелек, еріңді көбелек демей, топ ортаңда әлпештеп отырған қызыңды тартып әкеткеннен артық қандай жаза тартқызады саған! «Әлет» деп бір аттанып көр, сөз сол! - деді. «Әлет» Шеру ұраны болатын. Абдолла үкіметтің Шеруге қойып отырған «оң көз» өкіліндей болса да, ертеңгі күніме қалай болады деп мына сапарда елді бастаудан қаймыққан жоқ.

Тоқтам осы болды. Енді біразда соңғы қымыз алдыға келіп, іштегі осы қимылмен қабат үй сыртында көп аттың ерлері алынып, іргеге дүрсілдей, үзеңгілері қағыса, сылдырап жиналып жатты.

Арада аз уақыт өткенде қонақтар тегіс жатып болды. Керімбек пен Тайлақбай былайғы бір оңаша отауға келіп, Мақсұтқа арыз жаздырды. Үлгі бойынша арыз басына:

- «Біз-ки, Шеру руы арыз береміз. Күре Шян-жың-фуының* Шянь гон!** - Ма шяньгон полковник жанабына» - деп қойылды. «Біз қазақ деген ел бірінен-бірі қыз алуда үлкен достықпен құда болып, зор татулықпен береді. Қыз дегенді алып қашпайды. Ал алда-жалда жазатайым ілгерілі-кейін заманда ондай қыз алып қашу бола қалса, ол бүкіл рулы ел атына кек болады. Қыз жөніндегі кек сөнгені қазаққа елдіктен айрылғаны! Сонымен өштік қозып, барымта алысып, ел шабысады. Кісі өледі... Жылдар бойына созылған дау кетеді»...

 

* Шян-жың-фу - үйездік өкімет.

** Шянь-гон - ояз.

 

Тайлақбай мен Керімбек кезектесіп осыны айтып келгенде Керімбек:

- Ол жағын ана жылғы Қызай қызы «Мәруан-бәнудің дауынан» өзіңіз де жақсы білгенсіз, көргенсіз, - деп жаз дегенде, Мақсұт жазуын тоқтатып, кірпік қағып жіті ойланып қалды. Ортадағы екі тас шам түбінде шынтағына жастық қойып жатқан бойында төрдегі үлкендер жаққа кеңес тастап:

- Әке, осы жерін Қызай қызы демей-ақ қазақ қызы дейік те. Қазақтың өзін білер-білмес болып отырғанда Қызайды айтып басын ауыртпай-ақ қояйық, - деді де, қағазға сол өз ойын түсіре берді.

«Ал біздің қызды әкетуші кім? Бұл қазақ тарихында болмаған өте бір жат, кездейсоқ іс. Бұл үшін ел болып дүрлігеміз. Міне қызымызды үкімет адамы - Мамозы полиция сұрақшысы, қытай жігітіне алып қаштырып отыр. Қазақ «ет сасыса тұз бар, тұз сасыса не бар» дейді.

Шыңжаңдағы барлық ұлттың ұқық, теңдігіне бірдей көңіл бөліп отырған үкіметіміздің әділ заңынан және патша ағзамымыз - Жаң қай шының теңдессіз ұлы рухы мен өз мәртебелі құзырыңыздан бүкіл Шеру теңдік іздейді» делінді.

Қай-қай заманда болмасын Гоминдаң билеушілерінің құлағына тәуір тиетін «ұлы дана, теңдесі жоқ, кемеңгер басшы, әділ заң» дейтін сөздерін әр патшасын көрген қарт Тайлақбай әдейі қостырып отыр. Жылт етіп сорпа бетіне бүгін шыққаны болса, ертең солай жер-көкке сыйғызбай, жалаң атын жанама дәріп, жорғасымен қоршалап сөйлеп, жанай шауып отыру қажет. Сол сөздің өзін қол қусырып әлденеше тағзыммен айту олардың құлақ құрышындағы ең қышыған жеріне тиіп отыратынын әр заманын бір көрген Тайлақбай пәмдеп алған-ды.

Осындай екі арызды жазып болып, бұлар сыртқа шыққанда жаздың қысқа таңы сібірлеп атып келе жатқан. Қылаң беріп түріле бастаған шығыс жиек сол күншығыс әлемінде көп жұлдызды жүдетіп, дүниенің тағы бір күндік жарық отауын кезегімен әйгілеп келе жатты. Сызылып атқан жазғы таңның, тіршілік жұмағындай таза таңның етке тиген жібектей рақат тынысы бар. Моншалы сай жақта ұйқысынан оянған әлде бір жалқы елік бәуілдейді. Мынау таңда иен сайдың ұйқылы көзіменен үн беріп табиғаттың жабайы нәшін пәш етеді.

Арыз соңына бүгінгі бас құраған адамдардың аты тегіс тізілген. Өзді-өз ат-жөндері тұсына мөр таңба мен бір-бір түрткен қызыл-ала саусақтар басылды. Енді бірлі-жарым Молтандай қарт қариялардан басқа бар топ тез қамданып, ерте салқынмен ат ерттелді. Осы уақытта түнде, жатарда жан-жаққа жіберілген хабармен бар атыраптағы елден іске татыр жігіт-желең, сайлы азаматтардың да алды келіп қосыла бастаған. Осылай бас қосқан жиын кешікпей Мазы өзенін төмен құлдай жағалап, өзінше бір замананы паш етіп, толықсып жүріп кетті.

Біразда күн көтеріліп келе жатты. Гүлді шөпті қуалап сырлы қанат көбелек сапырылысты.

Бұлаңқұйрық, жел-аяңмен асығыстап тартқан көп аттының алдында: Тайлақбай, Керімбек, Абдолда, Қыдырбектер.

Тайлақбай өз қасындағыларға бір нәрсе айтып бара жатқан сияқты. Қазір бұлар келе жатқан кең алқапты таяғымен орай көрсетіп, осы үлкен аңғар мен екі жақтағы кең қапталдарды орағыта нұсқап барады. Ортаңғы топ енді соларға жете жүрмек болып, аттарын тебініп, желе-текітіп келіп, артқы жақтан қосылды. Жақында Шеру ішіне сырттан келіп қосылмақ болған Матайларға осы өңірден қыстау мекен берілмек екен. Әзір жолаушылар Керімбек ауылының Екіаша деген көктеу қонысына жеткен. Матайларға берілмек жер де осы алқап. Олар Матайдың Кенже, Бақы, шөпшіме аталары.

Арғы беттен әйгілі 1932-жылғы ашаршылықтан қашып ауып келгендеріне оншақты жыл болса да, әлі мекен-жай тауып орныға алмаған сол көп ауыл Матаймен Керімбектің уағдасы бар-ды. Осыдан бір ай бұрын Керімбек Күреде сол Матайлардың ұлық кеңесіне арыз енгізіп, өздерінің бұл уақытқа дейін кірме болған бұратана күйлерін шағып, өкіметтен көмек күтіп жүргендерін білген.

Матайдың бұл тілегіне онша көңіл бөле қойған кеңсе болмайды. Тек Күреге жақын маңдағы Қызайдың: Таймас, Торғай деген руларына немқұрайдылау білдірген көрінеді. Бірақ, олардың басты кісілері өз жер-суларының тарғалаңдығын білдіріп құшақ жая қоймайды. Ал бергі Қорғастың Албан, Суаны болса бұлар да өз руларына келген аталас, маймандарына әлі толық жер-су тауып қоныстандыра алмай жүргендерін айтқан. Соны білген Керімбек Матайға өздігінен жалғасып сөйлесіп еді.

Тегінде, Матайға Қызай, Шеру екеуінің туыстығы бірдей. Шежірелі ел тарихы ұлы жүздегі аты әйгілі «Қасиетті-Ана» саналған Домалақ енеден Қызай қыздың туғанын айтатын. Сол Қызай қызды Матайдан тарағанда шығатын Құтым, Шағыр деген ағайынды екі кісінің кішісі Шағыр алады. Бірақ Шағыр аты шықпай бұлардан тараған ел шарапатты әйел - Қызай нәмімен кетеді. Ал Шеру Шағырдың Құтымынан. Сонда Шеру Қызай-анаға қайнаға баласы. Олай болса жалпақ жатқан жиырма төрт болыс Қызай елі алақандай аз Шеруге іні есепті. Яғни Шеру аға баласы.

Мына келген Матай, сонымен түбін қуғанда, Қызай мен Шеруге бірдей бауыр болмай ма. Осыдан екі күн ілгері сол Матайлар Керімбекке кісі жіберіп, өздерінің осы жазда көшіп келетінін білдіріпті. Кейінгі топ жеткенде Тайлақбай соның жайын сөйлеп, аяңшыл аттың үстінде таяғымен мол аңғарлы кең өлке бойын тұтасымен шолып:

- Берем десең осы мына жатқанның бәрін бер сол ағайынға. «Қонақты атқар, қырсықтан құтқар» деген. Ел мен жерден ажырап, аумақ - ғаріп ісі. Ол тұрмақ күннің күні келгенде мына тұрған жерімізге іш аңырап, өзіміздің қабырғамыз сөгіліп кетеді. Тау-тас түстен шықпайды. Шіркін, кіндік қаның тамған жерге дүниеде, қай ұжмақ тең келер! Еліңдей ел табылар, жеріңдей жер табылмас. Басыңды бала күнде жадылаған жерді ұмыта алмайсың! - деп келеді екен.

Тайлақбай Шеруге келгелі қырық жылдан асқан болса да, туған жеріне күні бүгін аттап басып, ат ізін салмай қойған. Баяғы бір кешілмес өкпе тап бүгінгідей болып, ешнәрсені ұмыта алмайтын зейілі қатты жанның жүрегінің басына беріштей бекіп қалған. Қайтпас жағына беттеп кеткен сертшіл кеуде көмейінде қылғынтқан ащы түйіншекті зорлықпен жұтып, бір бетпен ұзаққа әкете беретін. Жазылмас қылтамақтай, ешбір күш қайта орнына қоя алмас - өмір жарасы. Тайлақбайдың бұл мінезін Шеру үлкендері жақсы білуші еді. Өзге емес, тіпті ағайын-туыс тойына да аяқ баспай, бармай қойғанын өзара бас шайқап әңгіме етіскенде: «Әй, әй, патша де! Зейілі темірдей! Темірі қатты кектіні көруші-ек, бірақ кектінің дәл мұндай тектісі болады демеуші ек!» десетін. Және соның орайына Тайлақбайдың Шеруді паналап, тіпті өмірін аяғына дейін осында өткізбек үшін жүрген әз қонақ екенін ескерген ойлылар «мейман жолы бар» деп құрметтейтін. Рас, өзгелердей қора толы қойы да жоқ, Тайлақбайды тұтас елге сыйымды, аға ететін күш оның тас кескен әділ, киелі тілі, турашыл қазылығы еді. Тегінде Тайлақбайды ет-бауыр ағайын-туғаны ортасынан өзге жаққа бездіріп әкетуші құдыреттің өзі де, оның осы жүрек діні болатын.

- Қазақта «ел шетіне шықпаған, ешкі дауын дауламаған» деген сөз бар, - деп жаңағы мұңды сөзден кейінгі сәл тыныштықты Тайлақбай өзі бұза берді: - Қайсы бір ру басылар - «Ел шетіне шықпасам, жаудың менде несі бар. Ала жібін алмасам, даудың менде несі бар» - деп, құйрықтарын өз отырған орнына нықтай түсіп, шегеленіп отырғандар емес пе! Күн жауында құймышағын үйге тыққан ешкідей, ондай адам өз орнында тыныш отыра алғанын табысқа, ұтыққа санайды. Бос белбеу бодандығын жер танымас етек-бастылығым демей, «тыныштығым» деп білетін шегіншек шама, қайта сонысының өзін сенен артықтығына жатыстырады. Неге? Оның өн-бойындағы өлшеулі қалжа өзінде бардан артықты дарытып ұққызбайды. Майға орап, «әке» десең де ұққызбайды! - деп ашынып келе жатты. Астындағы аса бір аяңшыл қара құлақ сұр ат бөрі аяңмен сыпылдап, өзге жылқыны өз жүрісіне шақ келтірмейді. Өз басының бір бітпес сығысы бардай, ара-тұра иек қаға шұлғып тастап, кекілін желпи дамылсыз лыпып тартқанында, Керімбек мінген тоқпақ жалды, топ құйрық үлкен ақсары атты едәуір жорғасымен шайқалтып, еөзгелерге де қузау салып, көбісін бүкек-бүкек, өбектете желдіріп келеді.

Бұлар дүңген ауылы - Мұштайзіге күн ұлы сәскенің шағында келіп жетті. Мамозы үйінде екен. Үстінде жібек түстес ақ жылтыр мешпеті бар, басына түс кестелі, құлпырған қара доқаба тақия киіп отырған паң - Мамозы қақпа сыртына келіп, «сөйлес» тілеп тұрған қазақтарға өзі шықпай шабарманын жіберіп, жауаптасатын кісісін іштен тосты.

Үйге кірген төрт-бес үлкен ішінде жастан - Мақсұт бар еді. Кісі отырарлық төр жақ кең екен. Бір бүйірде тысырайып отырған Мамозының саспаған, сызды қалпы бар.

Тайлақбайлар Мамозының сызылып түрегелген кербез әйелімен амандасып, өр жақтағы бос орынға шығып отыра берді. Қазақтармен тұйық сәлемдескен Мамозы:

- Е, қош келіпсіздер, ағайын? - деп міз бақпай отырып Тайлақбайдан бастап көз тастады. Көзінің арт жағы құйрықтанып, сығырайыңқырап қарады. Есік жақта состиып тұрып қалған әйелі қасында қызы да бар. Көзі сүзіле, қылмиып өскен бойжеткен үнсіз, тұңғиық жандай... Бірақ соның есесіне бағын байлаған әкеге ерегескені ме, немесе «ақсақ арлана-арлана аяғымен аспанды тепкісі келеді» демекші, қорлану шегіне жеткені ме, бұл уақытта маңайға «жезөкшелік» аты шыға бастаған жастың өзі болған. Гауһардан алқа-моншақ, алтын сырға тағынған. Өзі аппақ. Аяғына күлгінді-жасыл жібекпен қазтабандап гүл шеккен дүңгені бопыш іліпті. Бұдан екі-үш жыл бұрын, уыздай жас балалық шағында, Ма шяньгон қызықтаған бейбақ қыз полковниктен сыйға алған алқаны мойынға кейінгі жылдары тағатын болған.

Мамозы үйде жалғыз емес, қасында жаңағы атшабары бар. Жүкке сүйеулі қайқиған сарала қылыш тұр. Қысы-жазы қожасынан тізесін бір елі ажыратпай, бірге жүретін, көзі буылтықтанған, бәлеқұмар қытай шабарман.

Тайлақбай Мамозыға қарсы жүгіне, қолын бүйіріне қойып, еңсеріле отырып:

- Қош, Мамозы мырзам! Біздің неге бүйтіп сабылып жүрген сарсаңымызды білесің бе?! - деді. Қара манат қиюлы үлкен ақ қалпағын көзіне таман киіп отыр.

- Иә, қош келіпсіздер. Айта отырыңыз! - деді Мамозы да.

- Айтсақ, ендеше антымыз осы болады. Арылып кетер ант деп біл. Сенімен біз ежелден бірге жасап, бірге өсіп отырған  халық едік. Бұл отырған дүңген-Шеру екеуінің арасын әу бастан бұзған да мына сен едің! Әйтпесе, жайлап қалған жер жадысы бір, сыры ортақ ағайын ел болып келдік. Бүгін сен біздің мына бетімізді арт жағымызға бітіріп отырсың! Сүңгі жарасы бітер. Мына жараң қайтып бітер сенің! Қай жерге жеткізіп тоқтар!

- Мен мұнынды білмеймін, Тайлеке. Көруші, білуші бар ма? Кеше де жіберген жігіттерің келіп ойран шығарды!

- Көруші, білуші болса, қанды мойын айыпкерім боламысың! Мойныңа құр тағайық па? Осынша ел босқа сенделетін сенің көзіңе ебелек көрініп отыр ма! - деп Тайлақбайдың қатарынан Абдолла да шабынған бурадай түнеріп қарады.

- Ой, Шеру ағайын, байқаңыздар, - дей түсіп, Мамозы қызды өзінің інісі - Рахим бастаған қарақшылар әкеткенін әлі білмейтінін байқатқысы келеді:

- Анық сол Рахимдар болмай шығып ұятқа қалып жүрмейік. «Ашуланғанда көз қызарады. Ашу басылған соң, бет қызарады», деп қазақ өздерің айтасыңдар. Соның кері келіп жүрмесін. Кісіге көздерің жеткен соң, жабысыңдар!

- Олай болса басқа сөзді біз де қояйық, айтқаныңа нанайық, осы қазір бізбен бірге Күреге жүресің! Ақ-пәгіңді айқындап ашып бересің! Сөз сол! - деді Керімбек. Тәжікелесуді қойып, іс тынар жағын күйттеген. Керімбектің «бірге жүресің» деген өктемдігі Мамозының намысын келтірді. Шамына бұл сөз тигенде сақалын серпи қарап:

- Е, ие, мен не деп жүрем! Жүр дегенге жүре сап, кім деп тұрсың мұндағыны! Өйтсеңдер өздерің айтын тұрған ебелек мен де емеспін, кәні, күшің көп болса байлап апар!

Керімбек «жазғанның бір тайпы елге басын айырбастамай отырғаны-ау!» - деп ойлады. Мынау сөз қазақтардың көңілін уақыт шоқпарымен ұрғаңдай етті.

- Ей, Мамозы! Уақыт деген опасыз, адамның басына кезегімен келеді. Сауысқан дейтін құс қолға сақтығынан түспейді, сұқтығынан түседі. Ерге ердің сексенінде ісі түседі, - дейді қазақ. Өлмегенге бәрі болады дегені. Күннің күні келгенде тағдыр жазып, жазатайым ісің түссе, сендейге қандай адамның мейірі түседі? У жасауды қоймаған удан өледі, соны ұмытпағайсың! - деп Керімбек арылған сөзін айтып, орнынан көтеріле берді. Сақалы шанжауланып, талданып кеткен кезі еді. Қазақ кісілері орындарынан бір сәтте көтеріліп, түрегеп бара жатқанда Мамозы күйек сақалы қауқиып, епсізденіп отырып қалды. Бұл кезде қақпа алдында Мұштайзының қыбырлаған бар дүңгені жиналып алып, көшеге адам сыймай кеткен. Жүз үйдей ауылдың үлкен-кіші, еркек-ұрғашысы, қатын-қалаш, қыз-қырқынына дейін осылай қарай елбектей басып жетіп, үлкен көк қақпа алдындағы көп қазақтың сырт-сыртында топ-топ боп ұйлығысып бір-бірінен:

- Са-са?* - деп сарасып үсті-үстіне қосылып молайып жатқан.

Жақтарын айналдыра қабындатып «Әндижан сақал» қойған көп байлар лезде атқа мініп, анадай жақтан оқты көзбен ата қарап, үйірілісіп тұр. Және солардың сырт жағында анау қалың бау ағаштың далдасын тасалап, іс артын тосып тұрған сойылды, мығым жігіттер де көп.

*Са-са! - Не-не?

Шаштарын қос бұрымдап өрген, шоғыр-шоғыр, үрей жүзді қыз, қатын және сондай мол-мол жаяу топ еркектер Мамозы дарбазасының алдын бермейді. Келіп тұрған жүз шақты қазақты сан молдығымен өшіргендей кернеп кетті. Іштерінде екі шекесі қушиып қысыңқы келген, шот маңдай, мәлтек бас тұқымдар ұшырай түседі. Ішінара бітік көздеу, шапақ балалар да атты қазақтарға бастарын шалқайта, таңырқай қарасады.

Тайлақбайлар үйден щыққан соң, Шеру кісілері дүңген жиынын қалдырып, тежелмей жүріп кетті. Беталыстары Күре.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір