Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3528 0 пікір 26 Наурыз, 2013 сағат 10:53

АЙЛЫҚ БЕРУДЕГІ АЛАЛАУ

Жалақы - кез келген азаматтың бір ай бойғы табан ақы, маңдай тері. Бірақ егер басшылық тарапынан айлық беруде алалаушылық болса, оның соңы әлеуметтік араздыққа әкеп соғары анық. Өкініштісі сол, Қазақстанның біраз аймағында отандық мамандарға қарағанда шетелдік мамандарға бірнеше есе жоғары жалақы тағайындау үрдісі белең алған көрінеді. Ондайлар енді заң алдында жауап бермек.

Жалақы - кез келген азаматтың бір ай бойғы табан ақы, маңдай тері. Бірақ егер басшылық тарапынан айлық беруде алалаушылық болса, оның соңы әлеуметтік араздыққа әкеп соғары анық. Өкініштісі сол, Қазақстанның біраз аймағында отандық мамандарға қарағанда шетелдік мамандарға бірнеше есе жоғары жалақы тағайындау үрдісі белең алған көрінеді. Ондайлар енді заң алдында жауап бермек.

Жергілікті мамандарды кемсітті ме?

Атырау облысында шетелдіктер қазақстандық жұмысшыларға қарағанда бірнеше есе көп айлық алады. ҚР Бас прокуратурасы тарапынан жүргізілген тексеру нәтижесінде, Атырау облысындағы 18 шетелдік компанияда әртүрлі лауазым бойынша шекара сыртынан шақырылған мамандардың Қазақстан азаматтарына қарағанда бірнеше есе жоғары жалақы алатыны анықталған. Мәселен, «Ренко-Кат» ЖШС филиалындағы қазақ инженері 2012 жылдың 12 айында 2,4 млн. теңге алса, дәл сол лауазымдағы шетелдік маманның 12 айлық жалақысы 6 млн. теңге болған. Ал «Сичим С.п.А» ЖШС-інде қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер ай сайын 198 мың теңгені қанағат тұтса, шетелдік әріптесіне 538 400 теңге төленеді екен. Дәл осындай заң бұзушылықтар «Қазмұнайсервис энд Контрактинг» ЖШС АҚ мен «Фиркрофт Инжинниринг Сервисиз Лимитед» филиалында да кездескен. Яғни, Атыраудағы кәсіпорындар жергілікті мамандарға қарағанда, шетелден келетіндерге 2-3, кейде тіпті, 10 есе көп төлеуге кетәрі емес. Заңды белшеден басып, әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздікке жол берген басшылар мен кәсіпорындарға қандай жаза қолданылатыны белгісіз. Бір анығы, үстіміздегі жылдың 16 ақпанында Павлодар облысындағы кәсіпорындарда да айлық мәселесінде алалаушылық кездескені жайлы ақпарат тарады. Сорақысы сол, павлодарлық компанияларда жоғары білімді, кәсіби тұрғыда білікті мамандар ғана емес, шекара асып келген бетоншы, ұста т.б. қарапайым мамандық иелеріне де бірнеше есе көп ақша төленгені анықталды. Негізі бұл мәселе ҚР Президенті Н.Назарбаевтың да назарынан тыс қалған емес. Шетелдік кәсіпорындардағы шет елдерден шақырылатын лауазым иелерінің арасындағы қарапайым мамандардың санын азайтып, керісінше, жергілікті жұмысшыларға басымдық беру туралы бірнеше рет тапсырма берген Елбасы жоғары білімді мамандардың ішіндегі отандық қызметкерлерді көбейту керектігін айтты.

 

Белоруссиядан келгендердің бағы жануда

 

Жыл басында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының жетекшісі Өмірзақ Шөкеев 2013 жылға арналған жоспарды талқыға салу барысында отандық мамандарды дайындау мәселесіне тоқталған еді. Өйткені бүгінде ішкі еңбек нарығында білікті мамандар тапшы. Әсіресе, техника саласында. Гуманитарлық салаға басымдық беретін қазақтар соңғы 20 жылда балаларын заңгер, бухгалтер, экономист, тіл маманы, тарих пен басқа да рухани салаға бейімдеген. Осының салдарынан, қолында жоғары оқу орнынан алған дипломымен мыңдаған жас лайықты жұмыс таба алмай жүр. Мемлекет олардың көпшілігін қайта мамандандыруды қолға алды. Яғни, жастар мен орта жастан асқандар екінші жоғары білім алуда. Көпшілігі орта және шағын кәсіпкерлікке қарай бет бұрған. Есесіне, әлі күнге техника саласының мамандары таптырмайды. Қазір «Самұрық-Қазына» Қоры шетелдік мамандармен бірге тұрақты даму мен өзгерістерді басқару, адам ресурстарын басқару, қаржылық және есептік қадағалау, тәуекелді бақылау т.б. салаларда жергілікті маман дайындауға көңіл бөлуде. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде қазақтардың ішкі еңбек нарығында Белоруссиядан келген инженерлер мен технологтардың бағы жанып тұр. Қазақстандағы кәсіпорындарға маман дайындаудың ұстаханасына айналған беларусьтерге Ресей, Украина және басқа да алыс-жақын шет елдердің мамандары да есе жіберер емес. Мәселен, Италия, Франция, Словакия, Румыния, Түркия т.б. Еңбек нарығының сарапшылары тапшылық мәселесі 2013 жылы да шешілмейтінін айтады. Сонымен қатар маман тапшылығы техникамен бірге сауда компанияларының аймақтық, аудандық филиалдарында, фармацевтика, кен өндіру мен Каспий теңізіндегі мұнай-газ саласында да байқалады. Шет елдерден келгендерді құшақ жая қарсы алатын құрылымдар жергілікті мамандарға қырын қарайды.
Павлодар облыстық Еңбек жөніндегі департаменттің бастығы Құсайын Есеновтің айтуынша, тексеру барысында «Алсим Аларко» АҚ жұмыскерлеріне айлық тағайындауда алалаушылыққа ұрынған жайттар кездескен: «Осыған байланысты жұмыс берушіге ескерту жарияланып, материалдар қылмыстық іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді. Бұл жерде әңгіме жоғары білімді мамандар жайлы емес, қарапайым бетоншы, темір дәнекерлеуші мен ұсталар туралы. Жұмыс беруші жергілікті маманға қарағанда, түрік мамандарға екі есе көп төлеген». Сонымен қатар жалақыға қатысты әділетсіздік Екібастұздағы «Проммашкомплект» ЖШС қызметкерлерін де басшылық бөле-жарған. Мәселен, қазақстандық механик 85 мың теңге алса, шетелдік (Украина азаматтары) мамандар 300 мың теңге жалақы алып келген: «Заң шетелдік мамандарға жергілікті мамандардан артық айлық төлеуге тыйым салмайды. Бірақ еңбек ұжымындағы әлеуметтік ширығуға себеп болатындықтан, тиісті шара қолдану үшін Екібастұз қаласының прокуратурасына жолдадық» (Құсайын Есенов).


15-20 млрд. доллар шекара аспақ

 

Құзырлы органдар мен құқық қорғаушылар осылайша жалақыға қатысты әділетсіздіктермен күресіп жатса, сарапшылар қауымы Қазақстандағы ірі мұнай кен орындарын игеру барысында шетелдік мамандар 7-9 жылдың ішінде 15-20 млрд. долларды шекара асыруы мүмкін деп дабыл қағуда. Мысалы, былтыр Сервистік компаниялар одағының мүшелері: «Кейбір шетелдік рекрутингтік агенттіктердің болжамы бойынша, Қашаған кен орнының екінші фазасы мен «Теңізшевройл» жобалары мен Қарашығанақ кен орнының кеңейтілуіне байланысты сырттан 100 мың шетелдік маман импортталғалы отыр. Олардың әрқайсысы кем дегенде орташа есеппен алғанда, 15 мың доллардан айлық алады. Демек, 7-9 жылдың ішінде олар Қазақстаннан 15-20 млрд. долларды өз елдеріне әкетуі мүмкін», - деп мәлімдеген еді. Негізі мұнай мен газға бай елдердің барлығында қалыптасқан жағдай бар: мұнай компанияларымен келіссөз жүргізуде үкіметтер оларға шикізатты өндіру мен барлауға лицензия бере отырып, жергілікті мамандардың көмегіне иек артуды міндеттейді. Шетелдік компаниялар жалпы өте тар ауқымдағы жұмыстарды атқаруға тартылатындықтан, бұл талаптың қойылуы заңды. Дәл осы тәжірибе Қазақстанда да қолданылады. Қазақстан сервистік компаниялар одағының төрағасы Алмас Құдайбергенов: «Біздіңше, мемлекет шетелдік бас мердігерлермен арадағы жергілікті мамандарды көптеп тартуға қатысты мәселені реттеп алғаны жөн. Дәл сол шетелдік компаниялар аса ірі көлемдегі қаражатты тауып, оны шекара асырады. Білім алуға, құрылғыларды жаңартуға, мекемедегі өндірісті ұйымдастыруға көк тиын да шығармайды», - деп наразылық танытқан еді. Оның айтуынша, отандық сервистік компаниялар жобалаудың алғашқы кезеңінде іске тартылмайтындықтан, жұмыс басталғанда мүлде шет қалатын көрінеді. Мұндайда еліміздегі кен орындарын игеруге атсалысатын шетелдік мердігер компаниялар отандық жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыруға, жас мамандардың шетелдік ірі кәсіпорындарда тәжірибе жинақтауына атсалысуға, жұмыс орындарын заманауи техникамен және жаңа құрылғылармен жабдықтауға, еңбек қауіпсіздігін сақтай отырып, жұмысшыларға лайықты деңгейде жалақы тағайындауға мүдделі болуы тиіс.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

"Түркістан" газеті

 

0 пікір