Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 8229 0 пікір 25 Наурыз, 2013 сағат 07:52

Өмірзақ Ақжігіт. «Қоңыратым, саған қапамын!..»

«Жоқтаушысы жоқ ер жетім,

Қорғаушысы жоқ ел жетім».

Қазақ даналығы

 

«Қоңырат» деп отырғанымыз кәдімгі ормандай көп Орта жүздің алты қанатының бірі (кейбіреулер Тарақтыны қосып, Орта жүзді жеті атаға бөледі), қазақтың  әйгілі Алпамыс батыры шыққан Қоңырат руы. Қапа болуымыздың басты себебі де осы Алпамыс батырға байланысты. Қапа болмай қайтеміз, Мырзашөлдің (шөл болғанмен мырза ғой, қараңызшы!) құмынан бастап, сұлу Сырдың бойы мен Қаратаудың күнгей-теріскейін қатар алып жатқан қалың қоңырат елі орналасқан Оңтүстік өлкесінің ия бір де бір елдімекені, тіпті елдімекендердің ең болмаса бір де бір көшесі Тәуелсіздік келгелі Алпамыс батырдың атымен аталмаса! Алпамыстың бір де бір ескерткіші орнатылмаса! Жаңылыспасақ, Қазақстанда кәзір Қаракерей Қабанбай батырдың 14 ескерткіші бар. Соның біреуі Шымкентте, біреуі Түркістанда. Қанжығалы Бөгенбай батырдың ескерткіші - 2. Бұл нені білдіреді? Бұл біздің найман бауырларымыздың қоңырат (және арғын) ағайындардан әлдеқайда ұйымшыл екендігін білдіреді.

«Жоқтаушысы жоқ ер жетім,

Қорғаушысы жоқ ел жетім».

Қазақ даналығы

 

«Қоңырат» деп отырғанымыз кәдімгі ормандай көп Орта жүздің алты қанатының бірі (кейбіреулер Тарақтыны қосып, Орта жүзді жеті атаға бөледі), қазақтың  әйгілі Алпамыс батыры шыққан Қоңырат руы. Қапа болуымыздың басты себебі де осы Алпамыс батырға байланысты. Қапа болмай қайтеміз, Мырзашөлдің (шөл болғанмен мырза ғой, қараңызшы!) құмынан бастап, сұлу Сырдың бойы мен Қаратаудың күнгей-теріскейін қатар алып жатқан қалың қоңырат елі орналасқан Оңтүстік өлкесінің ия бір де бір елдімекені, тіпті елдімекендердің ең болмаса бір де бір көшесі Тәуелсіздік келгелі Алпамыс батырдың атымен аталмаса! Алпамыстың бір де бір ескерткіші орнатылмаса! Жаңылыспасақ, Қазақстанда кәзір Қаракерей Қабанбай батырдың 14 ескерткіші бар. Соның біреуі Шымкентте, біреуі Түркістанда. Қанжығалы Бөгенбай батырдың ескерткіші - 2. Бұл нені білдіреді? Бұл біздің найман бауырларымыздың қоңырат (және арғын) ағайындардан әлдеқайда ұйымшыл екендігін білдіреді.

Иә, бүгінгі күні біз өз жақсы-жайсаңдарымызды насихаттауда, үлгі етуде рулық деңгейден аса алмай отырмыз. «Құдайдан жасыра алмағанды адамнан жасыра алмайсың», ащы да болса шындық осы. Тіпті сол Қабанбай батырдың Шымкенттегі ескерткіші орнатылып қойғаннан кейін де үстіне ақ жамылғы жамылып, жарты жылдан астам ашылмай тұрды. «Білгіштер» оның себебін Ұлы жүздік бауырларымыз «Шымкент секілді біздің жеріміздегі ең биік төбеде неге найманның батыры тұру керек?!» деп көнбей жатыр екен» деп түсіндіріп жүрді. Шынында да, ашылуын ашылғанымен, ол жерге Тәуелсіздік саябағы салынады деген сылтаумен батырдың ескерткіші көшенің қарсы бетіндегі аурухананың тасасына ысырылды. Қайтып, өз орнына әкелінген жоқ. Бұрынғыдай төбеде, көне қала цитаделінің орнында, Қабанбай батыр даңғылы тірелетін үш айрықта алыстан айбат беріп, халықтың рухын көтеріп тұрудың орнына қашан қасына келгенше көрінбейтін күйге түсті. Соған қарағанда өсек бекер өрбімесе керек... Әйтпесе, 1991-жылдан бері талай тау мен даланы, жайлау мен қыстақты көршілерге беріп жіберген бүгінгі басшылардай емес, қазақтың сынық сүйем жері үшін 75 жасқа дейін жекпе-жекке шығумен болған Қабанбай бабамыз «Тәуелсіздіктің»  салтанатты арка-қақпасын күзетіп тұрса керемет жараспас па еді?!

Дегенмен, Дарабоз-Ерасыл ұрпағына өкпе арта алмас, Алпамысымызға қайта оралайық. Біз жоғарыда «батырдың аты ешбір нысанға берілген емес» дедік. Сәл жаңылыстық. Бір рет, сонау «проклятые 90-ые» деп ресейліктер айтатындай, «қарғыс атқыр 90-жылдары» Шымкенттегі Машинажасаушылар сарайына Алпамыстың аты берілген еді. Ғимараттың төбесінде жазу да жарқырап тұрды бірнеше жыл. Бірақ... Тағы да бірақ. Кейіннен белгісіз себептермен ол атау алып тасталды. Қайтып берілмеді.

Шымкентте дәл сол кездері тағы бір мәдениет ордасының - облыстық филармонияның атауынан атақты Шәмші Қалдыаяқовтың есімі алынып тасталған болатын. Дегенмен, филармонияның жолы болғыштау екен - оның басшылығында сол кездері қазақтың ірі ақын қызының бірі, тек сәл «бағы ашылмай» алматылық бола алмай қалған, сол себепті өзгелерден танымалдығы сәл кемшін соғатын Ханбибі Есенқарақызы отырды.

Батыр ақын болмаса,

Батырлыққа мін емес.

Ақын батыр болмаса -

Көрген күні күн емес! - деп өзбекстандық өткір ақын Өмірзақ Қожамұратов жазғандай, Ханбибі апамыз тек ақын ғана емес, ең алдымен батыр да. Батырлығының арқасында филармонияға «ән падишасының» атын қайтарып алды. Ал, Машинажасаушылар сарайының деңгейі көтеріліп, Опера және балет театрына айналдырылды. Тек, Алпамыстың атын табан тіреп жоқтайтын Ханбибідей қайсар қыз тұрмақ ұл да табылмады қоңыраттардан.

«Жоқтаушысы жоқ» деген осы екен... «Менің теңдессіз темірлерім жарық көруі үшін көруі Атымтай жомарт қазақ болып тууы аз, ол Ұлы жүз, оның ішінде Дулат болуы тиіс. Ол да аз, Дулаттың ішінде Шымыр, оның ішінде Бекболат болуы керек. Тіпті, ол да аз, Бекболаттың ішінде Сәмбет болуы керек» деп ащы күліп отырушы еді кезінде «Жас Алаш» бетінде жаңалықтары талай рет жарияланған, әлемдік деңгейдегі өнертапқыш марқұм Сейілбек Қышқашұлы ағамыз. Дұрыс айтады, жоқтаушың өз кіндігіңнен, ары кете өз руыңнан шықпаса - бітті, «өлдің - өштің», тірі қазақты керек етпейтін бүгінгі билік оның өлі жақсыларын қайтсін. Ол атам заман ақ иректегі Алпамыс тұрмақ арамыздан күні кеше ғана кеткен Әлкей Марғұландай «бір өзі бір академия» (М.Әуезов) ғұлама ғалымның да, Нұртас Оңдасыновтай теңдессіз мемлекет қайраткерінің де 100 жылдық мерейтойын 2004 жылы жетім қыздың тойындай етіп өткізді. Біреуінің артынан ұл қалмаған, екіншісінен екі ұл болғанмен, шешеге тартып орысқа айналып кеткен немелер. Нұртас атамыздың өзі мойындағандай «өмірдегі үш қателігінің бірінің» салдары. Егер сол екеуінің ұрпағы мықты кәсіпкер болып, Алматы, Астанадағы пәтерге, қос-қос джипке бәйге жарияласыншы, ақын-жазушы біткен қырылып қала жаздар еді. Олай болмаған соң өмірге бір-ақ рет келер, ел тарихында алар орны ерекше екі жақсының аузымен құс тістеген ет-жақындарының өзі үнсіз қалды. Біздің билік болса туабітті табиғатынан танбай бұрнағы жылы түрлі сылтаумен тіпті Абылай ханның 300-жылдығын да тойламады! Ұлы ханның 30 ұлынан тараған қалың мұрагерлері де «Бұндай Үкімет атамыздың атынан садаға кетсін, өзіміз-ақ өткіземіз!» деуге жараған жоқ. Осыдан соң дуалы ауыз Бұқар жыраудың ұсақталар ұрпақ жайлы түс жорысы дәл келмеді деп көріңіз. Енді билік тағы да елдің көлемін қимай, Ақмола облысының аясында тойлатпақшы болып жатқан көрінеді ол мерекені...

Ал, «Алпамыс батыр» эпосының 1000 (!) жылдық мерейтойына 1999 жылы облысты да қимай, Жетісай деген жалғыз ауданның аумағында тойлатып еді біздің билік. Ау, бұндай эпос әлемде көп пе? Жоқ, санаулы-ақ. Ол оқылуының жеңілдігі, образдарының айшықтығы, теңеулерінің көркемдігі, жалпы тілінің шұрайлылығы жағынан басты байлығымызды  барынша жарқыратып көрсететін классикалық (латыншадан аударғанда - үлгілік) дүние. Біз бағалай алмаған асылды өзгелер алақанына салып әкетеді - қазақ мемлекеті халқына «Үкімет сендерге көмек береді» дегенді ұмытыңдар, әрқайсың өз күніңді өзің көр!» деген ұран тастап, қазақтың ұлыларына қарауға мұршасы келмей, бар есіл-дерті мемлекеттік нысандарды  «Мемлекетсіздендіру (атының өзі не деген қорқынышты, сұмпайы еді!) мен жекешелендіру» болып жүрген кезде, өзбек үкіметі  ЮНЕСКО-ның: «Алпамыс батыр» дастаны - өзбек халқының (?) ұлттық эпосы» деген шешімін шығартып, бүкіл әлем деңгейінде тойлатты. Сөйтіп, «халықтың қамын ойлағыш» биліктің «арқасында» «Алпамысты» қазақтың қисса-дастаны деу хақынан да айрылып қалдық, ағайын... «Құдай талантты қазаққа берген,қадырын бізге берген» деген өзбек мысқылы не деген дәл еді...

Жарайды, билікке өкпе жоқ, оның өз білгені, өз жолы бар, ол сонымен жүреді, жүріп келеді, жүре де бермек дейік, бірақ, сол кезде «Алпамысымыздан» айрылып қалатын болдық!» деп алдын-ала дабыл қаққан қазақтың, қазақты қоя салайықшы, қоңыраттың бір баласы болды ма? Жоқ, болған жоқ! Ал, Өзбекстанда ресми түрде 1,5 миллионнан, ал «өзбек» болып жазылған 5 миллионнан астам қазақ бар, соның кем дегенде бестен бірі қоңырат қой. Бірақ, Ахаң айтқандай, «ерім! ұлым!» деген ұлт болмаса, «елім! жұртым!» деген ұл қайдан шықсын... Жақсыларын түгендеу, солардың өнегелі өмірі арқылы ұрпағын тәрбиелеу ең басты міндеті болып табылатын өкімет саусағының ұшын қимылдатқысы келмесе, қарапайым халықты қалай аузың барып кінәларсың.

Екінші жағынан, ел мен елді теңестіретін жалғыз нәрсе - ерлері. Кешегі 70-жылдары Ақжан Машанов атамыз болмағанда, оның жанына жалау болып қасынан Әнуарбек Әлімжанов ағамыз табылмағанда, сол екі кісінің ерлікке бергісіз еңбегінсіз біз Әл-Фарабидей асылымыздан да айрылып қалар едік. Әлкей атамыз Қорқыт пен Алпамыстың қазаққа тән екенін қанша жерден дәлелдеп кетсе де, қолдан беріп қойған жоқпыз ба. Осыдан біраз жыл бұрын «Қорқыт ата» кітабының 1500 жылдығы тойланды. Қорқыттың моласы бізде, тойланатын жері - әзірбайжанда... Бізден тойға барғандардың намысы жоғы ішкен - мәз, жеген - тоқ болып қайтты, намысы барының сырты - күліп, іші - ұлып қайтты. Қорқыт  секілді даналарды қазақ атандыруға атсалысуға жарамайтын оқымыстыларымыз қит етсе «ол кезде қазақ деген халық болған жоқ» деп шыға келеді. Алпамыстың, Фарабидің кезінде өзбек деген халық болып па еді? Тіпті, тарихта «Өзбек хандығы» деген мемлекеттің болмағанын, өзбек деген ұлттың өзінің кеңес заманы келген соң ғана пайда болғанын неге ұмытамыз? Эпостық қисса-дастан үрдісі ұлтының тарихында болып көрмеген өзбектер кеңес заманында қатардан қалмас үшін «Алпамыс батырға» жармасумен болды (ол жайлы марқұм Рахманқұл Бердбаев ағамыз талай рет айтты да), ақыры келіп басыбүтін иелік етіп алды.

Екі-үш жыл бұрын «Қозы-Көрпеш - Баян-сұлу» қиссасының 1500-жылдығын тойладық. Тағы да ЮНЕСКО арқылы оны «Қазақтың ұлттық лирикалық эпосы» деп ататуға аузымыз бармады, тойлатуға жарамадық. «Түркіге ортақ дүние» деумен болдық. Екі ғашықтың моласы бізде, қиссадағы жер атауының бәрі бүгінгі қазақ жерінде сол күйінше тұнып тұр, біздің тірлігіміз әлгіндей.  1999 жылы да жырды жоқтаудың орнына шымкенттік бір профессор (өзінің руы - қоңырат) «Бұл қисса - барлық түрік әлеміне ортақ қазына» деп жазды. Ау, әзірбайжандар мен өзбектер, қырғыздар мен ұйғырлар неге сіздер секілді «түркіге ортақ» деп сөйлемейді? Неге бізден басқа ұлттың бәрі өзіне тартады? Неге осы біз ғана өз жақсымыздан өзіміз беземіз? Түк таппасақ «ойбай, Біржан Жетісуға келмеген, Сарамен айтыспаған, ол айтыс - Әріптің шығармасы» дейміз. Екеуара жыр сайысының жартысы Біржан салдың қалай Сараның басына азаттық әпергені сөз болған:

«...Жасым бар қырық сегізде, жылым сиыр,

Жасымнан әнші, ақынға болдым үйір.

Төребай дәлел тауып, жеңіп кеттің,

Кінәм жоқ, саған қояр жалғыз түйір.

Кешегі он сегізде жолықпадың,

Кететін еріп саған қол ұстасып,

Қыз берем, ұлың болса, би Төребай,

Болайық құда, жекжат, бек достасып», - деп, (кейін шынымен де құдандалы болған) жеңілгенін өзі мойындаған Сара мен жетісулық Жағалбайлы Төребай ақынның айтысын да Әріп жазды дейміз бе? деген сұраққа жауап айта алмаймыз, бірақ көзі тірі классик деуге келерлік ағамыз Қабдеш Жұмаділов бастап қайта-қайта болмайтын сөзді көңірсітеміз. Өз қағынан өзі жеруге құмар неткен (теңеу де аузымызға түспей отыр) халықпыз біз осы?..

Мемлекет мұрындық болмаған істі қоғам, көпшілік төменнен қолға алуға тиіс. Әрі қайын жұртымыз, әрі «жалған»  (олай деуіміздің себебі біз шыр етіп жерге түскеннен бастап мектепке дейін ертектегідей 67 жастағы шандыры жібіген кемпірдің көкірегін еміп өстік...) болса да нағашы жұртымыз болған соң қалың қоңыраттың Алпамыстай ардақтысына бір ескеркіш тұрғыза алмағаны біздің де арқамызға аяздай батады. Осы әңгімені «намысын жаниын» деп, нағашы-қайын жұртымыздың әкім-қарасы бар, бай-бағланы бар, мырза-шорасы бар, танитынымыздың бәріне кемі 15 жылдан бері айтып келе жатсақ та «оһ, шынында да бұнымыз ұят екен!» леп білекті сыбанып, белді буынып іске кіріскен біреуін көргеніміз жоқ. Тіпті, кейбір арсыздаулары «сен де алыс емес екенсің ғой, қолға ала берсей» деп өзіңе жармасады. Сол Түркістан, Шымкент, Жетісайдағыдай жайсаңдардай қолымызда базарымыз, яғни байлығымыз, немесе билігіміз болғанда үн-түнсіз кірісе беру онсыз да ойымызда жүрген. Тек, оның әзірге реті келіңкіремей тұр. Өткенде «Төртінші билік» газеті «Алпамыс батыр қоңыраттың Божбан руынан шыққан» деп айқайлатып мақала берді. «Ортаңда бір үй божбаның болса, аулыңа аштық жоламайды» деген сөз бекер шықпаған ғой, бұл рудың жағдайы өте жақсы жігіттері жетерлік. Солар «Алпамыс - біздің бабамыз!» деп шіренгенде үзеңгінің талыс таралғысы үзіліп кете жаздайды. Бірақ, мақтану бар, сөз көп те, іс жоқ.

Дегенмен, бізбен ойы үндес азаматтар елде аз болмаса керек, соның біреуі, Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаев деген баурымыз Алпамыс батырға ескерткіш орнатуға кірісіп кетіпті. Мүмкін, кім біледі, ол да біз секілді айта-айта шаршаған болар, мүмкін, «сөзді шығын қылып жатпай-ақ, қолымда билік барда құлашымды сермеп қалайын» деген шығар. Қалай болғанда да үлкен ерлік істі қолға алыпты, енді тек соның сәтін салғанын тілейік. Қолымыздан келгенінше сөз жәрдем, қол жәрдем, қаржы жәрдем берейік. Әрине, Алпамыс, Қобыланды, Ер-Тарғын, Ер Едіге, Төлеген-Қыз-Жібек, Қозы-Көрпеш-Баян-сұлу ескерткіштері ең бірінші кезекте елорданың төрінен орын алуы тиіс еді. Қайтеміз, аты қазақ болғанмен, заты орыстан жаман, қазақтың тілін де қажет етпейтін бүгінгі билік Астанада отырғанда бұның бәрі құр қиял ғана. Басқа тұрмақ Керей мен Жәнібек ескерткішінің қанша дау-дамайдың, күлкі-мазақтың астында қалғаны сөзімізге дәлел. Екеуара бір көше бердік, бөлек берсек артық болып кететіндей. Ресми саясатымыз «1991 жылға дейін қазақта мемлекет болған жоқ» деп тұрған соң солай болмағанда қайтеді, енді...

Тағы айтамыз, өткенге - салауат. Енді тек ескерткіш еңселі, қатып қалған статикалық емес, ең құрығанда армяндардың Давид Сасунскийге орнатқан ескерткішіндей динамикаға толы етіп, «шығыс адамының жөні осы» екен деп, қасы-көзін қытайша қысық қылып қоймай, от шаша танадай жарқыратып, қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз тоңған қазақтың қас батырының барлық келбет-кейпін ашып тұрсын деп тілейік. Соған атсалысайық. Асығыстыққа ұрынбайық. Игі іске бастамашы болуға шамамыз жетпеген екен, жақсыға жарамды қосшы болуға тырысып бағайық, қоңыраттарым...

Abai.kz

0 пікір