Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5239 0 пікір 23 Наурыз, 2013 сағат 17:23

Еркін Рақышев: «Мағжан Магаданда болмаған. Ал, Кенесары ханның басын орыстар тығып бермей отыр»

Жақында «Мағжан Жұмабаевтың, Сәкен Сейфуллиннің өмірбаян деректерін нақтылау, жерленген орындарын анықтау, сүйектерін елге жеткізу - ұрпақ парызы» атты ғылыми конференция өтті. Осы жиынға қатысқан тарихшылар, қоғам қайраткерлері: М. Жұмабаев пен С. Сейфуллин атылған жоқ, оларды түрмеде көрген адамдар бар, сүйектерін елге жеткізу керек, - деген шешімге келді. Осы жиынға қатысқан белгілі режиссер Еркін Рақышев бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы болды. Біз Еркін Рақышевпен сұхбаттасып, не себепті көпшіліктің пікіріне қарсы болғандығы жайлы білмек болдық.

- Ғылыми конференцияда қабылданған шешімге сіз не себепті қарсы болдыңыз? Неге сіз Мағжанмен, Сәкенмен түрмеде бірге болып, көрген кісілерге сенгіңіз келмейді?  Қандай негіздерге сүйендіңіз?

Жақында «Мағжан Жұмабаевтың, Сәкен Сейфуллиннің өмірбаян деректерін нақтылау, жерленген орындарын анықтау, сүйектерін елге жеткізу - ұрпақ парызы» атты ғылыми конференция өтті. Осы жиынға қатысқан тарихшылар, қоғам қайраткерлері: М. Жұмабаев пен С. Сейфуллин атылған жоқ, оларды түрмеде көрген адамдар бар, сүйектерін елге жеткізу керек, - деген шешімге келді. Осы жиынға қатысқан белгілі режиссер Еркін Рақышев бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы болды. Біз Еркін Рақышевпен сұхбаттасып, не себепті көпшіліктің пікіріне қарсы болғандығы жайлы білмек болдық.

- Ғылыми конференцияда қабылданған шешімге сіз не себепті қарсы болдыңыз? Неге сіз Мағжанмен, Сәкенмен түрмеде бірге болып, көрген кісілерге сенгіңіз келмейді?  Қандай негіздерге сүйендіңіз?

- Осы конференцияда келтірілген дәйектерге зейін салып, ой елегінен өткізсеңіз, сіз де қарсы боласыз! Біріне-бірі қарама-қайшы деректердің қайсысына сенуге болады? Конференцияда келтірілген дәйектер бойынша, Бауыржан Момышұлы Мағжан Жұмабаевпен Красноярскіде кездескен, Абдолла Әбдірахманов Мағжанмен  Магаданда түрмеде бірге болғанын айтады.  Ал жазушы, ақын Хамза Абдуллин  Мағжан Жұмабаев 1956 жылы Новая Земля аралында өз ажалынан өлді десе, тағы біреулері Колымада, ал екіншілері Сахалинде көрдік дейді. Енді осы деректердің қайсына сенесіз? Осы адамдардың бәрі бір жерде көрсе, мүмкін нанымдырақ шығар ма еді? Бірақ көрдім деген әңгімелердің бәрі өтірік екені тайға таңба басқандай көрініп тұр ғой. Бауыржан Момышұлы Мағжанды көрді деген дерекке сеніп көрейік. Екеуі сұхбаттасып, сыр шертісіп әңгіме құрды делік. Бірақ, Бәукең сол заманда ақылға кірмейтін «Дайын болыңыз он күннен кейін алып кетемін» деген сөзіне ойланып қараңыздаршы. Ол тұрмақ, Сталиннің жақын серіктері Молотов пен Калинин де өздерінің түрмеде отырған әйелдерін алып шыға алмаған. Сонда Бауыржанның қолында Сталиннің күші мен құдіреті болғаны ма? Бұл ақылға қонбайды. Конференцияда Бауыржан Мағжанды көргенін өзі жазған деп айтылды. Бірақ бұл дұрыс емес. Бауыржан ешбір еңбегінде «мен Мағжанды көрдім» деп жазбаған. Егер Бауыржан Момышұлы Мағжан Жұмабаевты шынымен көрген болса, өзі жазар еді. Бұны Бауыржаннан естідім деп, әркім әртүрлі жазып жүр. Біреулері Бауыржан Мағжанды орманның арасында көрді десе, екінші біреулері Бауыржан маған Мағжанды қаланың ішінде көрдім деп айтты деседі. Бұлар өтірікті өздері айтқандарын қоймай, енді келіп Бауыржан Момышұлы батырымыз айтты деп, Бәукеңді өтірікші қылып, соның артына тығылуда. Ұятсыздар... Ал енді Мағжанмен  Магаданда түрмеде бірге болдым деген куәгер Абдолла Әбдірахмановқа келетін болсақ, ол: Мағжанмен айдауда бірге болып, талай әңгімесінің куәсі болдым, 1951 жылы қаңтарда қайтыс болды, - дейді. Конференциядағылар Абдолла Әдірахмановты бүкпесіз шынайы айтты, сенуге болады, оның айтқаны Мағжан Жұмабаевты 1938 жылы 19 наурызда атылды деген ресми ақпаратты теріске шығарады деп қорытындылады. Қызық. Бір дәлелі жоқ жалаң сөзге сеніп, қалай осылай айтуға болады.

- Неге олай айтасыз?

- Біріншіден, Мағжанның жерленген жерін іздеп Магаданға барған адамдар сондағы архивтен Абдолла Әбдірахмановтың құжаттарын табады да, ал онымен «бірге болған» Мағжанның құжатын таппайды. Яғни, Мағжан Магаданда болмаған. Бұны Мағжан басқа атпен отыруы мүмкін деп түсіндіреді. Абдолла ақсақал Мағжанның айтқан әңгімесін «бүге-шүгесіне» дейін біледі де, оның жалған аты-жөні болса, оны неге білмейді? Себебі, оны жалған атпен отырғызудың ешқандай қажеттілігі жоқ еді.

Осы жиынға қатысқан Бейбіт Қойшыбай айтқандай Мағжанмын деп басқа біреу айтуы мүмкін шығар.

-   Жоқ. Олай да болуы мүмкін емес. Себебі, ол кезде Мағжанның өмірінің қыр-сырын оның өзінен басқа адамның білуі мүмкін емес еді.  Мағжан алғаш сотталғанда, оны әйелі Зылиха мен қайын інісі Сәлімжан екеуі Сібірге іздеп барғанын, оның Сәбит Мұқановпен, Ғабит Мүсіреповпен қарым-қатынасын, тағы басқа жайттарды тек Мағжан ғана білген. Бұлар кейіннен белгілі болып, БАҚ беттерінде жарияланып жүр. Ақсақал соларды оқып қиялданып жүрген болса керек.

- Абдолла Әбдірахманов Мағжанның берген өлең жазған блокнотын жоғалтып алдым дейді. Бұған не айтасыз?

- Ол уақытта түрмеде қайдағы блокнот? Қазіргідей кеңшілік заман жоқ қой. Қазіргі түрмеде кітап жазсаңыз да еркіңіз. Ақсақал өз сөзінде былай дейді: «арамызда НКВД-ның тыңшылары болатын. Кімге не айттың? Қандай оймен айттың деп аңдып отыратын». Көрдіңіз бе? Өлең жазбақ түгілі әр сөзіңе абай болу керек. Осыдан кейін-ақ түсінікті емес пе, ешқандай блокноттың болмағаны. Сол конференцияда ақсақалдың «Мағжанмен біраз араласқан соң, ол маған баламдай болып кетті» дегенін естігенде, жанымда отырған Жұмаш Кенебай екеуіміздің ауызымыз ашылып қалыпты. 1893 жылы туылған Мағжан, елуінші жылдары алпысқа таяп қалады. Сол кезде жиырма жас шамасындағы Абдоллаға өзінен үш есе үлкен Мағжан Жұмабаев қалайша баласындай болып кетеді екен.

- Сіздің ойыңызша, конференцияның шешімі дұрыс емес. Куәгерлердің айтқаны өтірік. Магаданнан Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллиннің  сүйектерін іздеудің қажеті жоқ. Сонда анық-қанығы қалай деп ойлайсыз.

- Бұндай арыстарымызға қатысты болашақ ұрпағымызды адастыруы мүмкін жайттарға немқұрайлы қарауға болмайды.

«Ақ боз атты құлатқан жала керме,

Магаданға мола іздеп бара берме.

Сәкен деген халықтың рухы ғой,

Рухтар көмілмейді қара жерге», - деп, ақын Ғалым Жайлыбай жазғандай, біреу айтты екен деп, Магаданға бара берудің қажеті жоқ. Ең маңыздысы Сәкен мен Мағжан атылды деген құжат. Бұрын құпия сақталып келгенімен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұрағаттар ашылып, Мағжан Жұмабаев 1938 жылдың 19 наурызында, Сәкен Сейфуллин осы жылдың 25 ақпанында атылғандары туралы құжаттар табылды. Бұл факт. Яғни, елді адастырып, арыстарымыздың әруағын қозғамай, айтылып жатқан барлық қияли әңгімені тоқтату керек. Қазір баяғы заман емес техниканың дамыған кезі. Ананы көрдім, мынамен бірге болдым деген кісілердің айтқандарының ақ-қарасын анықтау үшін детектор лжи ден өткізу керек. Ешқайда бармай-ақ бір сәтте айтқандары шын ба, өтірік пе  анықтап береді. Иә ұят. Бірақ елді дүрліктіріп абырой жинағаннан, ащы да болса, ақиқат артық.

- «Көрдім» деген тірі куәләрдің сөзіне сенбейсіз. Сонда «атылды» деген құжаттарға сенуге бола ма?

- Оған сенбеуге бізде негіз жоқ. Себебі, сау адамға неліктен «атылды» деп анықтама береді. Оның үстіне сол кездегі үкіметтің саясаты бойынша, керісінше атылғандардың туыстарына «10 жылға хат алмасуға тыйым салынып, сотталды» деп жалған ақпарат беріп отырған. Оның бір себебі, атылғандардың саны көбейіп кеткен. 1937 жылы жалпы сотталғандардың 44 пайызы атылса, ал 1938 жылы бұл көрсеткіш 59 пайызға жеткен. НКВД-ның 1939 жылдың 11 мамырында «атылған адамдардың туыстарына жалған ақпарат беру жайлы» құпия қаулысы шыққан. Сөзіміз нақтырақ дәлелді болу үшін, Тұрар Рысқұловтың туыстарына ол 1943 жылы Қостанайда ауырып өлді деген анықтама берген. Мен Тұрар Рысқұлов жайлы деректі фильм түсіру барысында «1938 жылы 8 ақпанда ату жазасына кесілсін» деген үкімді кездестірдім. ФСБ қызметкерлерінен оған ату жазасы беріліп еді ғой, Қостанайда қайдан жүр. Сот үкімі орындалмай түрмеге қамалсын деп өзгертілсе, сол құжат қайда дедім.  Осыдан кейін олар маған оның 1938 жылы 10 ақпанда атылғаны туралы анықтаманы берді. Одан соң оны кім атқаны, қайда жерленгенін таптық. Сол қасірет жылдары қазақтың 130 мыңдай арыс-азаматтары сотталып, 25 мыңы атылып кетті. Атылғандардың бірі де аман қалған жоқ. Мәскеу өзінің жауыздық саясатын, қылмысын жасыру үшін, өздерін сүттен ақ, судан таза етіп көрсету үшін, атылғандардаң туыстарына әдейі ауырып өлді, тағы басқа себептермен өлді деп, жалған ақпарат беріп отырған. Аңқау қазақ әлі де соған сеніп келеміз.

- Конференцияда ату жазасына кесілгендердің бәрі атылып кетпеген деген пікірлер болды ғой. Мәселен Міржақып Дулатов 1930 жылы ату жазасына кесіліп, бірақ атылмай жазасы түрмеге ауыстырылып, 1935 жылы Соловецк лагерінде көз жұмған. Оған не айтасыз?

- Бұл мысалды келтіру арқылы ұйымдастырушылар елді шатастырып отыр. Себебі, ату жазасына кесілген мен, атылды дегеннің айырмашылығы жер мен көктей. «Казнить нельзя помиловать» деген сияқты, үтірді қай жерге қоюыңызға байланысты, мағынасы да басқаша өзгеріп кетеді. 1928 жылы Ахмет Байтұрсынов бастаған 40 адам сотқа түскен. 1930 жылы 21 адам ату жазасына кесіледі де, кейіннен ату жазасы 10 жылға концлагерьге жіберуге алмастырылады. Көрдіңіз бе? Атылсын деген үкім, жазасын түрмеде өткізсін деп ауыстырылған. Сондықтан да олар атылмай сотталған. Тек «өзінің зиялыларын қорлап, сыйламайтын үкіметтен кешірім сұрамаймын»,- деп, кешірім сұраудан бас тартқан Жүсіпбек Аймауытов атылып кетеді. Атылсын деген үкім орындалмай тұрып оның өзгеруі, тіпті айыпталушының ақталып, бостандыққа шығуы да мүмкін ғой. Ал Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин «ату жазасына кесілсін» деген соттың үкімі шыққан соң, ол үкім өзгертілмей орындалған. Бұны шатастыруға болмайды.

«Атылды» деген анықтама берілген адамдардың аман қалуы мүмкін бе?

-  Жоқ. Атылды деген анықтама беру үшін, алдымен адамды атады. Содан кейін ғана барып анықтама береді.

Конференцияда тарихта атылған адамдардың тірі қалғандары болды деген дәлел келтірілді. Мысалы: «Халық жауы» болып атылғандардың бірі Айтжан Бутин былай дейді: «...Шамасы орындаушының қолы қалтыраған болуы керек, қарақұсқа атқан оқ мойныма тиіп, тесіп өте шыққан. Айғайлай беріппін. Есімді жиып, қағаз, қалам әкел деп тағы айқайладым. Өлім жазасы екі рет орындалмайды, жазаның түрмеге ауыстырылуын сұрап, хат жаздым. Сөйтіп 25 жылға жаза кесті, оның 18 жылын түрмеде өткізіп, бостандыққа шықтым». Бұл да өтірік пе?

-      Өтірік. Бұны Бутиннің аузынан естідім деп жазып жүрген әлгі Е. Құлымбетов қой. Оған Бауыржан Момышұлы «Мен Мағжанды Сібірде Енисейде сал есіп бара жатқанын көргенмін» деп айтыпты-мыс. «Өлім жазасы екі рет орындалмайды» деген не сөз? Мысалы, Рақышев «халық жауы», «шпион» деп, ату жазасына кесіліп, сізге оны орындауға бұйрық берді делік. Аттыңыз. Одан кейін бұйрықтың орындалғаны туралы акт жасайсыз. Сөйтсеңіз Рақышевтың жаны сірі екен. Оқ мойнына тисе де өлмепті. Маған қағаз-қалам беріп, өлім жазасы екі рет орындалмайды. Мә арыз жаз дейсіз бе? Жоғарыға, бағы бар екен, өлмей қалды, арыз жазсын деп айтсаңыз, сізден бір ақ нәрсе сұрайды. «Неге бұйрықты орындамадың» деп. Білесіз бе ол үшін не болады? Егер бұйрықты орындамасаңыз өзіңіз атыласыз. Қалай? Маған арыз жаздырасыз ба? Жоқ әлде бұйрықты орындайсыз ба? Шыныңызды айтыңызшы.

Бұйрықты орындаймын.

-  (күліп) Әне көрдіңіз бе? Енді сөздің реті келген соң айта кетейін. Асқар Тоқмағамбетов өз естелігінде, Мәскеуде оқып жүргенде Айтжан Бутин екеуі жатақханасыз, ақшасыз қалып қатты қиналғанын жазады. Содан екеуі Үкімет төрағасының орынбасары қызметінде жүрген Тұрар Рысқұловқа көмек сұрап барады. Рысқұлов оларды Совнаркомның қонақ үйіне орналастырып, 200 рубль ақша беріпті. Осы оқиғаны Тұрар Рысқұлов жайлы түсіріп жатқан көркем фильмімнің бір эпизодына арқау еттім.

- Сәкен Сейфуллин туралы не айтасыз? Ол да атылған ба?

- Сәкен Сейфуллин жайлы да осындай алып-қашпа әңгімелер көп. «Анау айтыпты, мынау көріпті» деген сияқты. Сәкеннің өмірі мен қайраткерлігі, ақын-жазушылығын Тұрсынбек Кәкішевтен артық ешкім де зерттемеген. Осы үшін ол кісі талай уақытын мұрағаттарда өткізген. Ол кісінің де ойы Сәкен 1938 жылы атылып, Алматының іргесіндегі «Жаңалықта» жерленген. Пенде болған соң кім өтірік айтпайды? Бірақ, халықты дүрліктіріп, тарихты бұрмалайтын өтірікті айтуға болмайды ғой.

- Сонда сіз де өтірік айтасыз ба?

- Қалжыңдап, ойнап кейде өтірік айтуға болады. Бірақ оның ешкімге зияны тимеу керек.

- Өзіңіз біреуді алдап айтқан өтіріктеріңіздің біреуін айта аласыз ба?

- Қазір есіме түсірейін.Бұл бір күлкілі оқиға болды (күліп). Бірде пойызбен Қостанайдан келе жатқанмын. Купеде бір орыс кемпір мен екі оқушы қазақ қыздар болды. Ресейде тұрады. Каникулда Астананы көруге келе жатыр екен. екеуі орысша сөйлесіп отырып, бір кезде менің «Жетімдер» фильмімді көрген екен, соны талқылай бастады. Біреуі мақтаса, екіншісі жамандап отыр. Әңгімеге мен де араласып, киномен қоса режиссері Рақышевты да жамандай бастадым. Енді менен артық киноның кемшіліктерін ешкім де білмейді ғой. Қысқасы «Жетімдердің» де, Рақышевтың да быт-шытын шығардым. Бір кезде біреуі: сіз кино саласын жақсы біледі екенсіз, өзіңіз өнер адамы емессіз бе?, - деді. «Ия, дұрыс айтасың, мен ақынмын» дедім. «Мұхтар Шаханов деген ақынды естулерің бар ма? Мен солмын» дедім. Сөйтіп, Мұхаңның бір-екі өлеңін айтып бердім. «Қалай менің өлеңім» деп қоямын. Олар мақтайды. «Мені» сыртымнан біледі екен. «Шахановпен» суретке түсіп, қолтаңба алып мәз. Менімен қосылып Рақышевті жамандап отырған қыз шығып кеткен. Бір кезде кіріп, «Мамама айттым: білесіз бе біз кіммен бірге келе жатырмыз? Сіз өлеңдерін жатқа айтатын Мұхтар Шахановпен. Қазір келеді» демесі бар ма? Сөйтсем, әке-шешесі көрші вагонда келе жатыр екен. Не айтарымды білмей, сасып қалып, аузымды ашамын дегенше, әке-шешесі кіріп келді. Сол кездегі менің түрімді көрсеңіз. Қолдарында Шахановқа арналған сый-сияпаты бар. Амандасқан соң, шешесі: Мұхтар Шаханов қайда?, - деді. Қызы мені көрсетеді. Шешесі: Бұл Шаханов емес қой» десе, мен режиссер Рақышев екенінмді айтып, ақталып жатырмын. Енді Рақышевті жамандап отырған қызы сасып қалып: «жоқ бұл Рақышев емес, өзі айтты ғой, бұл Шаханов», - дейді. Бәріміз күлдік. Міне сондай бір өтіріктің арты қызық оқиғаға айналып кеткен.

- Өткен конференцияда тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелді: «Биыл парламент депутаттары Қуаныш Сұлтановқа, Дариға Назарбаеваға, Оразкүл Асанғазыға саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты мұрағат құжаттары халыққа берілу керек деп үш рет хат жаздым. Депутаттардан ешқандай жауап келген жоқ», - деп жазды. Мұрағаттағы құпия құжаттарды ашуға байланысты сіздің көз қарасыңыз?

-  Қарсымын. Себебі біздің қоғам оған дайын емес. Мұрағат құжаттарына емес, бір шалдың сөзіне сеніп, Магаданға барып жүрміз. Мұрағатта осы күнге дейін ашылмай жатқан негізгі құжаттар сотталған адамдардың тергеу барысында берген сұрақ-жауаптарына байланысты. Ол жауаптар арасында өздерін-өздері «халықтың жауымын, шет елдің шпионымын» деп мойындауларымен қатар қайраткерлеріміздің бір-бірін қаралаған, ғайбат сөздері мен жапқан жалалары бар. Соны «тапқан» кейбір тарихшы-ғалымдарымыз білгішсініп, жерден жеті қоян тапқандай қуанып: «Ойбай, ана қайраткер ананы сатқан екен, мына қайраткер ана біреуінің жапқан жаласынан кейін жазықсыз түрмеге қамалған екен», - деп жаңалық ашып, жұртқа жар салмайтынына кім кепіл. Не болса соған сенгіш халық, ары қарай жандандырып, онсызда еңбектерін дәріптеп, елге таныта алмай жүрген ұлтымыздың асылдарын жер етеді. Ал, сол жауаптардың қандай тәсілмен алынғандығына ғылыми атақ дәрежені сатып алған ғалымсымақтардың ой өрісі мен деңгейі жете бермейді. Мәскеудегі «Суханов» түрмесінде адам төзгісіз азаптау мен қинаудың 52 түрін қолдану құпия заңмен бекітілген. Бұл әдістер басқа да түрмелерде қолданылған. Темірхан Медетбек «Бодан заманы» өлеңінде:

...Дауыл құлатқан үйден

Заман төңкеріліп

Мойныма қамыт кидім.

Өз ұрпағыма -

Бесік емес!

Табыт қидым.

...Маңдайым ұрған соққыдан

Қақ жарылып қалды, - миым

Айрандай төгіліп

Ақтарылып қалды.

...Зорлығы асқына түсті.

Желкем үзіліп.

Мойным қайырылып

Астына түсті - деп жазады. Енді өзіңіз ойлаңызшы, жантүршігерлік, адамның айтуға аузы бармайтын айуандық пен қорлаудан кейін есінен адасқандардан қандай жауап күтуге болады. Бәріне төзіп шыдаған, рухы сынбаған қайраткерлеріміздің қолын бұрап, укол салып, қол қойдырып алған. Тістері түсіп, азаптаулардан түрі танымастай болып өзгеріп кеткен С. Сейфуллинмен түрмеде кездескен жары Гүлбахрам, күйеуін танымай: «Бұл Сәкен емес, сендер алдап басқа адамды көрсетіп тұрсыңдар», - деген. Сол үшін де қайраткерлеріміздің елге жасаған еңбегін бойымызға толық сіңіріп, санамыз кемеліне келіп жетілмейінше, мұрағаттардағы материалдарды көпшілікке жария етуге болмайды.

- Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин атылды деген құжатта бір ғана адамның қолы қойылған екен. Неге дәрігердің қорытындысы мен қолы жоқ? Бұған сіз не айтасыз?

- Сол жылдары 25 мыңдай адам атылған. Ондай құжатта дәрігердің қолы жоқ деген күманды айту үшін, алдымен дәрігердің қолы қойылған 20-30 актілерді тауып: міне қараңдаршы, мына актілерде дәрігердің қолы бар да, неге Сәкен мен Мағжан атылды деген құжатта қолы жоқ, - деу керек. Дәл осылай, «неге олардың қорғаушылары болмаған» деп те күмән келтіруге болады ғой. Бүгінгі күн мен ол заманды салыстыруға болмайды. Қазір бір адамды жазықсыз атпақ түгілі, соттай да алмайсыз. Тіпті айыпталушыдан қорғаушысысыз жауап та ала алмайсыз. Атса, үш адамның қолы керек. Ал ол кезде қорғаушы деген мүлдем болмаған. 50-60 адамның аты-жөнін бір қағазға жазып «атылсын» деп, сыртынан үкім шығара салған. Атқанда да қазіргідей емес, барлығын ордың жанына алып барып, атып, шұңқырға тастай салған. Тұрар Рысқұловты атқанда, 31 адамды бір күнде атып, терең шұңқырға тастап, үстін бір метр топырақпен көме салған. Оның үстіне тағы да атылғандарды тастап, осылай бес-алты қабат қылып жерлеген. Ол жерде қайдағы дәрігер. Дәрігер шұңқырға түсіп, әр атылған адамның тамырын ұстап жүрмейді ғой. Иә, кейбір адамдардың атылу туралы актісіне екі адамның қолы қойылған. Мысалы Рысқұловқа, себебі ол ерекше бақылауда болған. Оның қағазына Сталиннің өзі «атылсын» деп қол қойған. Мағжан мен Сәкен атылмады деген адамдар менің «Тұрар Рысқұлов» пен «Ашаршылық» деректі фильмдерімді көрсе, көп нәрсеге көзі ашылар еді.

- Сонымен не істейміз? Кімге сенеміз?

-  Қорыта айтқанда, біреу айтты деп Магаданға баруды қою керек. Оның орнына сол ақшаны халық игілігіне жұмсаған абзал. Сүйегін әкелеміз десек, қай жерде жерленгені анықталған басқа да қайраткерлеріміздің сүйегін алып келіп жерлейік. Мәскеудің түбіндегі «Коммунарка» бауырластар зиратында жатқан Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов тағы да басқа арыстарымыздың басына ескерткіш тас қояйық. Кезінде Қонаев Рысқұловтың Софья мен Мая деген екі қызына Мәскеуден жеке-жеке үй алып беріпті. Осыны айтқан немересі Владимирге, МГУ-да оқып жүргенде үнемі үстеме стипендия беріп тұрыпты.Қазіргі билік тәуелсіздік жолында жандарын қиған, бүгінгідей бейбіт күнді аңсап арманда кеткен Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарының неге жағдайын жасамайды? Тәуелсіздіктің тойына шақырылған бір шет елдік әншінің алатын ақшасына талай үй алуға болады. Алаш арыстарының ұрпақтарының біреуі жиырма жылда бір үй алды ма екен? Алмады. Олар биліктен еш нәрсе сұрамайды. Себебі, жеке бастары үшін бірдеңе сұрап, биліктің алдына баруға, ата-бабаларынан тұқым қуалап, қанмен келген тектілік жібермейді. Тектінің тұқымдары үшін ар, абырой бәрінен қымбат. Ал қазіргі билік басындағылар оны түсінбейді. Себебі, өздерінде ондай қасиеттің ұшқыны да жоқ. Қазақтың жартысынан көбі қырылып қалған ашаршылық құрбандарына арнап, 20 жыл болды Алматыда әлі ескерткіш қоя алмай келеміз. Соны қояйық. Алматының іргесіндегі арыстарымыз жерленген «Жаңалықта» аттары жазылған үлкен мұражай орнатайық. Орыстар бермей отырған соңғы ханымыз Кенесарының басын елге алдырайық. Магаданнан сағым қумай осы мәселелерді ел болып көтерейік.     

-   Кенесары ханның басы « жоғалып кетті» дейді ғой.

-   Кім айтты оны? Неге біз осы кім не айтса, соған сене береміз? Кенесары ханның басы жоғалған жоқ. Әр нәрсенің өз орнымен айтуымыз керек. Оны Орыстар тығып бермей отыр.

Неге олай ойлайсыз?

-   Бүгінге дейін Кенесары ханның басын іздегендерге, Ресей, «ол жоқ» деп жауап беріп келді. Менің де жазған хаттарыма, «Кенесарының басы жоқ» деп жауап берді. Бұл менің ашу-ызамды келтірді. Мен Путинге хат жаздым. Оған: «Кенесары ханның басының бір кездері бар болғанын, Ресейдің ғалымдары да мойындап отырғанын» айттым. Тауық жоғалса да, өтініш жазылып, тіркеліп анықталады. Ал осындай құнды жәдігерді жоғалтып алып жайбарақат отыруы мүмкін емес. «Егер ол жоғалып кетсе, қашан, қалай жоғалғаны туралы құжаттарды көрсетіңдер. Ал егер оны біреу ұрласа, құқық қорғау органдарына ұрланды деп жазылған өтінішті көрсетіңдер. Қай тергеуші істі жүргізді? Нәтижесі не болды? Осының бәрін көрсетіңдер. Бізде ондай құжаттар жоқ дейсіңдер. Рас егер ондай құжаттар жоқ екен, онда бабамыздың басын тығып, бермей отырсыңдар» дедім.

Ресей Президентінің әкімшілігінің тапсырысымен олардың Мәдениет министрлігі маған жазған соңғы хаттарында басқаша сайрай бастады: Кенесары ханның басы Ресейде мүлде болған жоқ, - деп. Мен оларға ханымыздың басының болғандығы жайлы Ресей мұрағаттарынан бір емес бірнеше құжат тауып, көздерін шұқып тұрып көрсетіп хат жазып жібердім. Жауабын тосып отырмын. «Шындықты айтып, бабамыздың басын тауып бермесеңдер, Халықаралық ұйымдарға шағымданамын» дедім.

«20 ғасырда жер бетінде қазақ халқындай қасірет шеккен  халық болған жоқ. Ата дінімізден айырып, мешіттерімізді қиратып, имамдарымызды атып, құран кітаптарымызды өртедіңдер. Қазақтың бар малы мен астығын тартып алып, қазақтың жартысынан көбін аштан қырдыңдар. 130 мыңдай азаматтарымызды қуғындап, соттадыңдар. 25 мыңнан аса ең асыл ардақтыларымызды атып, асып қорлап өлтірдіңдер. Бұны бізге сол кездегі режимнің қателігі деп түсіндіресіңдер. Қайдағы қателік? Бір кісіні шапалақпен ұрсаңыз қателік болуы мүмкін. Ал жазықсыз бір адамды өлтірсеңіз ол қылмыс болады. Неге миллиондаған қазақты өлтіргендердің ісін біз қателік деуіміз керек? Бұл қылмыс! Ар-ұяттарың болса, қазақ халқынан кешірім сұрауларың керек. Ал сендер кешірім сұраудың орнына ұлтымыздың азаттығы үшін күрескен батыр бабамыздың басын бермей отырсыңдар», - дедім.

«Қойдан қоңыр көнбіс қазақ елім ед,

Көнбістіктен көресіні көріп ед,

Осы аға, осы пана болар деп

Тізгінімді ұлы орысқа беріп ек» - деп ақын К. Туғанбаев жазғандай, арты не болды?

Кеңес үкіметінің қазақ ұлтына жасаған қиянатына, қазіргі Ресей үкіметі кешірім сұрау керек. Бұл жазықсыз жапа шеккен ашаршылықтың құрбандары үшін, тәуелсіздік жолында жандарын пида еткен қайраткерлеріміз бен ата-бабаларымыздың рухы үшін, келер ұрпағымыздың еңсесі биік болу үшін керек. Арыстарымыздың сүйегін Магаданнан іздеу керек деген науқанды тоқтату керек. Әйтпесе, күннен күнге «көргендер» көбейіп барады. Енді Бейімбет Майлинмен де «айдауда бірге болып, оны көргендер» табылып жатыр. «Елден ақша жинайық. Қор құрайық» деушілер де табылуда. Бұл үрдісті тоқтатпасақ, арты жақсылыққа алып келмейді. Бұлай жасамасақ, бәріміз болашақ ұрпақтың алдында да, Алланың алдында да кінәлі боламыз.

Сұхбатты жүргізген - Қажымұқан Ғабдолла

Abai.kz

0 пікір