Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2525 0 пікір 19 Наурыз, 2013 сағат 06:34

Серік Әбдірешұлы. Үштаған мәселе – бір шешім

 

Тәуелсіздік алғалы кері кеткен елімізде үш мәселе бар. Ол үшеуі елдің қауқарын барынша қарыштататын маңызды мәселелер. Алайда, билік тарапынан бұлар соншалықты өзекті мәселе ретінде мойындалмай отыр. Осы  үш мәселені қарастыра отырып, оларды бір-біріне қосақтай шешудің мүмкін жағын қарастырмақпыз.

 

Ауыл мәселесі

 

Ауылдың болашағы бұлдырады. Кеңес дәуірінде шаруашылыққа негізделіп салынған ауылдарды үштік билік меңгерді: ауылдық   кеңес - колхоз/совхоз - парторг (идеологиялық оператор). Тәуелсіз Қазақстан біртұтас шаруашылықты ұстап тұра алмады, ұсақ шаруалар мен фермерлерге бөлінді, ақырында оны да дамыта алмады. Кеңшардан қалған техника мен жер талан-тараж болды. Ауылды бүгінде аудандық әкім тағайындайтын ауылдық әкім ғана басқарады. Оның құзыры бұрынғы ауылдық кеңестің құзыры деңгейінде ғана. Қолында не техника, не ауылдық бюджет жоқ. Сонымен ауыл әрі шаруасыз, әрі шаруашылықсыз қалды. Парторгтың орнын тиіп-қашып атқаратын «Нұр Отан» партиясының ықпалсыз құзыры басты.

 

Тәуелсіздік алғалы кері кеткен елімізде үш мәселе бар. Ол үшеуі елдің қауқарын барынша қарыштататын маңызды мәселелер. Алайда, билік тарапынан бұлар соншалықты өзекті мәселе ретінде мойындалмай отыр. Осы  үш мәселені қарастыра отырып, оларды бір-біріне қосақтай шешудің мүмкін жағын қарастырмақпыз.

 

Ауыл мәселесі

 

Ауылдың болашағы бұлдырады. Кеңес дәуірінде шаруашылыққа негізделіп салынған ауылдарды үштік билік меңгерді: ауылдық   кеңес - колхоз/совхоз - парторг (идеологиялық оператор). Тәуелсіз Қазақстан біртұтас шаруашылықты ұстап тұра алмады, ұсақ шаруалар мен фермерлерге бөлінді, ақырында оны да дамыта алмады. Кеңшардан қалған техника мен жер талан-тараж болды. Ауылды бүгінде аудандық әкім тағайындайтын ауылдық әкім ғана басқарады. Оның құзыры бұрынғы ауылдық кеңестің құзыры деңгейінде ғана. Қолында не техника, не ауылдық бюджет жоқ. Сонымен ауыл әрі шаруасыз, әрі шаруашылықсыз қалды. Парторгтың орнын тиіп-қашып атқаратын «Нұр Отан» партиясының ықпалсыз құзыры басты.

20 жыл бойы ауыл тұрғындары қалаға, қалалық мекендерге, ірі кенттерге босуды бастан кешуде. Жүздеген ауылдар болашағы жоқ деген науқанның құрбаны болып, Ұлы дала қаңырады.  Қазақстанда ашық мойындалмай, бірақ қыруар әлеуметтік мәселелерді балалатқан әлеуметтік босқындық осылай қалыптасты. Бұл мәселенің жаңғырығы ірі және орта қалалар мен кенттерге өз салмағын түсіруде және бұл жайт жуық арада жаңа әлеуметтік мәселелерді туындатып, шешілуі одан арғы мезгілдерге ысырылуда. Қазақстандық қалаларда баспанамен қамтуға қатысты «мәңгі мәселе» қалыптасты. Баспанамен қамтудың мемлекеттік бағдарламасының соңғы 7-8 жылда кемінде үш нұсқасы пайда болды, олардың ешбірі де маңызды мәселені орнынан жылжыта алмастан мұрағатқа қағаз күйінде жөнелді. Ал әлеуметтік босқындық әлі саяси мойындалмастан, шешілместен қоғамдағы күрделі ахуалды одан әрі ушықтыра түсуде.

 

Аумақтардың мешеулігі.

 

Кеңес өкіметі тұсында «артта қалған», «шалғай аудандар» аталған 70-ке тарта өркениеттен тыс аудандар тәуелсіздік жылдары мешеу аумақтарды туындатты. Коммуникациялық және әлеуметтік мәселелермен қамту бірнеше ондаған жылдарға кейінге шегерілді. Сумен қамту жартымсыз. Бөлінген қаржылар тиімсіз, талан-тараж болып келеді. Әрбір 20-30 шақырым сайын қалыптасқан ауылдардың сирегені сондай, бүгінде 100-200 шақырым жерлерде ауылдар қираған, шаруашылықтар жойылған, аумақ жапан далаға айналған. Қазақ халқының малды жайып бағу дәстүрі мемлекет тарапынан қолдаусыз әрі тиімсіз болғандықтан жекелеген байлардың қосалқы шаруасы ретінде ғана санаулы шаруалар мен ауылдық тұрғындардың жекеменшік мардымсыз санды малдары  ғана бар.

Аумақтарды дамыту мәселесі моноқалалар, аудан орталықтары мен ірі ауыл-кенттерге ғана қатысты болып отыр. Әрі-беріден соң иесіз қалған аумақтарды игере алмау мемлекет алдында шетелдіктерге жалдау секілді тұрпайы саясатты әлсін-әлі туғызып келеді.

Жаңадан салынған тасжолдар мен темір жолдардың бойында тұрғызылған елді-мекендер бірен-саран болмаса жоқтың қасы. Шаруашылықтар тек қана ірі индустриялық жекелеген қолдарға шоғырлану үстінде. Аумақты дамыту бойынша құрылымдар мен мемлекеттік программалардың нәтижесі әзір жоқ. Қазақстандық демографиялық-экономикалық әлеует 100-ге тарта қала мен кенттердің маңына шоғырланумен шектелуде. Көптеген жерлер жеке капитал ретінде қолды болып кеткен. Осындай әлеуметтік-экономикалық құлдырау мен үйлесімсіздік салдарынан тек қана Алматы қаласының маңында ел халқының бестен бірі шоғырланғанын мойындау керек, ол - шамамен 3 миллионға жуық халық. Аумақтардың мешеулігі - Қазақстанда соңғы 20 жыл бойы әлеуметтік саясаттың барынша күрделі екендігін еске салып тұратын экономикалық сурет.

 

Шетелдік қазақтарды отандастыру

 

Шетелдік қазақтар саны шамамен  4 миллионға таяу. Соңғы  20 жыл ішінде келгені - 1,5 миллиондай. Олардың жартысы мемлекеттік квота аясында жасалған жағдайға арқа сүйегендер, қалғаны өз күштерімен оралғандар. Бұл саяси-тарихи қадам нәтижесінде демографиялық ахуал біршама қазақтардың пайдасына шешілгенімен, елдің әлеуметтік-экономикалық аяғына жем түскендей жағдай қалыптасты: оралған қазақтар есебінен әлеуметтік босқындар тағы еселенді. Басты себеп - бұл үдеріс бақылаусыз, жүйесіз, жоспарсыз жүргізілді. О баста дұрыс ойластырылмаған «квоталық жүйе» өзінің шын мәнінде жүйе еместігін көрсетіп, жаппай жемқорлық пен мемлекеттік саясатты тұйыққа тіреудің нақты нышанына айналды. Мәселе шешудің емес, оны қоздатудың тетігіне ұласты. Ақырында елде саяси-әлеуметтік наразы топтың қарасы ұлғайды.

Мұның үстіне шетелдік қазақтарға арнайы болғанмен үйлесімсіз саясаттың кесірінен оларға деген қазақстандық қоғамның алакөздігі артып кетті. Ал, оралғандардың жаңа ортаға бейімделуіне табиғи жағдай жасалудың орнына, жалаң популистік шаралар, бір мәртелік жобалар мен мәнсіз көрнекі істер қаптады.

Мұның қатерлі жағы ескеріле келе, соңғы 2-3 жыл бойы аталмыш мемлекеттік стратегиялық қадам аяқ-астынан тыйылды - шетелдік қазақтарды келтіруге қаржы бөлінбеді, басқа шаралар қолға алынбады, салаға жауапты құрылымдар таратылды. Алайда, келмеген, келе алмаған қазақтардың сыртта жүріп, Қазақстанның ішкі саясатына әсері аз деуге тағы болмайды. Қысқасы, шешілмеген бұл мәселе қолға алынбаған мәселеден де қауіпті бола түседі. Бүгінгі күні ерекше әлеуметтік топ ретінде қалыптасқан оралмандар мәселесі Қазақстан үшін ішкі мемлекеттік мәселенің бастыларынан саналады.

 

Үш мәселенің шешімінен Жерұйық табу жобасы

 

Байқағанымыздай, елде жабайы капитализм принципі толықтай орнады. Алайда, мемлекеттің бұдан әрі дамуы үшін ішінара болса да социалистік сипаттың қажеттігі алдан шығуда. Біз атаған үш күрделі мәселе елдегі осындай осалдықтан туындап, қордаланған жайт екені мәлім.

Аталмыш үш күрделі мәселені қосақтап, тұтастай шешу мүмкін бе? Мүмкін. Ол үшін бұлардың бір-біріне қатысын анықтап алған жөн. Айталық, ауылдардың  қалпына келуі елдегі аумақтарды, өңірлерді дамытуға тікелей қатысты мемлекеттік саясатқа тәуелді. Ал, шетелдегі қазақтардың елге келуі квотаның не ақшаның бөлінуіне емес, оларға деген болашақ демографиялық ел әлеуеті ретінде қараумен бірге, аумақтық дамудың жанды ресурсы ретіндегі көзқарастың барлығына қатысты, оралғандардың тез арада жерсіну мүмкіндігінің молдығына байланысты.

Аталмыш үш мәселені шешудің бірден бір жолы - Аумақтарды дамыту жөніндегі Мемлекеттік программаны жүзеге асыру. Мұны қысқаша «Жерұйық» жобасы деуге болады. Әрине, бізде не көп бағдарлама көп, алайда біздің айтып отырғанымыз - аталмыш үш мәселені арқау еткен мемлекеттік тетік. Аталмыш бағдарлама үшін арнайы мемлекеттік агенттік құрылып, Өңірлік даму министрлігіне қарағаны жөн.  Бұл агенттік теміржолдар,тасжолдар және басқа да коммуникациялық мүмкіндігі мен болашағы бар аумақтардың бойынан жаңа ауылдарды салумен, ескісін жандандырумен, дамытумен, күйрегендерін көшірумен, солардың барлық әлеуметтік-тұтыну тетіктерін жасақтап, жергілікті билікке тапсырумен айналысуы керек. Ол үшін болашағы жоқ ауылдар мен болашағы бар аумақтардың картасы жасалып, үшжылдық, бесжылдық жоспарларға барлық шаралар көлемін сыйғызу қарастырылады. Қысқасы, Қазақстан үшін 21-ғасырдағы «Жаңа ауыл» күрделі жобасы қолға алынады.

Аталмыш ауылдарға келетін болашақ тұрғындар үш топқа бөлінуі керек:

-         Қалалардағы әлеуметтік босқынның ахуалындағы баспанасыз, тұрақты жұмыссыздар жанұясы;

-         болашағы бұлдыр шалғай ауыл тұрғындары;

-         шетелдік қазақтар.

Бұл топты тең үшке бөлу кезінде олардың мемлекеттік бұл бастамаға мойын бұру мүмкіндіктері мен қолдау ықтималдығы ескерілуі және алдын ала әлеуметтік тұрғыда зерттелуі қажет. Осылайша әрбір жанұядан бір адам отағасы немесе отана ретінде Агенттікпен келісімшартқа отырады. Мемлекет жаңа ауылға қоныстанушыларға баспаналық құрылыс материалын 20 жылға төменгі несиемен,1 га жер бөлігін тегін беруі керек. Және де  үш жылға дейін құрамында 4 жан басы бар жанұяның келісімшартқа отырған, жастары 25-45 аралығындағы отағасын/отанасын жұмыспен қамтуға міндеттенеді.  Бұдан басқа аталмыш аумақтарға жеке кәсіпкерлік пен шаруа қожалығын құруға салық каникулын, төменгі мөлшерлемелік несие беру, қолданымнан шығарылған ауылшаруашылық жерлерін бөлу жөнінде құқықтық негіздеме керек болады.

Аталмыш жоба арқылы елдің демографиялық-аумақтық мәселесін ушықтырмай шешу мүмкіндігі туады. Ірі және орта қалалар маңында азық белдеуін жасақтау да осы жобаның аясында өзінен өзі пайда болады.

Бұл жоба жеке инвесторларды тартуға мүмкіндік береді. Егер мемлекет бұған елдегі азық қоры мен белдеуін жасау, еңбекпен қамту көзі ретінде қараса - тиісті коммуникациялық, табиғи реурстармен - жермен, сумен және басқа да мүмкіндіктерді мойнына алу арқылы инвесторлардың жылыжай, бордақы орындарын, неше түрлі цехтар мен шағын өңдеу-өндіру кәсіпорындарын ашуға ықыластарын оятады. Және де өнімнің мемлекетке сатылуын да алдын ала келісу жүзеге асырылып, инвесторлардың күмәнін мейлінше сейілтетін серіктестік ауан орнар еді. Әрі-беріден соң ауылдарға сәйкес шағын мектептер мен медпунктпен қамту мемлекет үшін әлеуметтік саладағы барынша тиімді қызметке айналады. Тіпті, бастапқы кезде мемлекеттік шаруашылықтар мен кәсіпорындар құрылып, қалыптасқандарын жекеге немесе ұжымға сату да  пайдалы болар еді. Тіпті, шетелдік қазақтар тарапынан бүтіндей шаруашылықты өздері қолға алатындай қауқарлары да барын жасыруға болмайды - тек оларға нақты мүмкіндік қажет.

Қысқасы, аталмыш бағдарлама мұсалдат психологиядан арылып, азаматтарды мемлекетпен серіктес болатындай жаңа сапаға көтереді. Бұл аумақтарда шағын кәсіпорындар мен жұмыс көздерінің пайда болуын қамтып, оның даму қарқынына алғышарт  болады. Ал, шетелдік қазақтар өздерінің алдында нақты не күтіп тұрғанын, қандай мүмкіндік барын  және қайда баратынын алдын ала білу мүмкіндігі өз алдына, отағасы гастербайтер ретінде келіп, бейімделудің алғашқы кезеңінен қиналмай өту мүмкіндігін алады. Осы кезеңде белгілі бір құжаттандыру мәселесі шешілген соң, онымен мемлекет болашақ азаматы ретінде келісімшартқа отыруды қолға алады. Бұл қазіргі қалыптасқан жүйесіздікті бұзады.  Сөйтіп, шетелдік қазақтар үшін барынша тез бейімделу ортасы ауылдық мекенде табан тірейді. Ол үшін Бейімдеу орталығын ашып, оған гранттар бөліп, басқа біреулердің араласуының қажеті болмайды.

Бұл жоба қазақстандық азаматтарды да, шетелдік қазақтарды да бір сызықтың бойына сапқа тұрғызады, бір-біріне алакөздік туғызбайды. Барған жерлерінде кімнің адамдық ресурсы мен мүмкіндігі мол, сол сіңісіп өз тағдырын өзі қолына алуына жол ашылады. Ал, қалаға бару мәселесі әрбір азаматтың жеке шаруасы болып табылады, оған ешбір квота немесе басқа да алдамшы шараның керегі болмайды.

Әрине, бұл жобаны жариялағандағы ойымыз - мемлекетке сенгендігімізден емес, мұны қоғамдық ықпал арқылы мемлекеттің қабылдауын мәжбүр етерлік, бір жағынан бұқара мен мемелкет арасындағы серіктестіктің жаңа деңгейін ашарлық шараларға жұмылайық деген үндеудің жатқандығын жасырмаймыз.

Abai.kz

0 пікір