Дүйсенбі, 21 Қазан 2019
Жаңалықтар 1882 0 пікір 27 Ақпан, 2013 сағат 10:32

Мендегі қозғаушы күш – сағыныш...

Досхан Жолжақсынов! Бұл есім мұқым қазаққа таныс, жанына жақын. Кеше «Даладағы қуғын» фильміндегі Хамит арқылы Қалидың ұлы деген аттан асып, күллі қазақтың тел баласына айналса, бүгінде «Біржан сал» фильмімен Біржанның тағдыры арқылы көрерменіне үлкен ой тастап, қазақтың сал өмір сүрген дәуірдегі қилы кезеңін, ата салт, ұлттық дәстүрімізді салиқалы сарапқа салған жан. «Сегіз қырлы, бір сырлы» Досхан ағаның өмір жолы бүгінгі әңгімемізге арқау болмақ.

Әке-шешем өнерден құралақан болған жоқ

- Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Балықшы сынды құмды ауыл менің туған жерім. Сол ауылда 1951 жылдың 7 қазанында дүниеге келіппін, - деп баста­ды әңгімесін Досхан аға. - Отбасында екі ұл, сегіз қыз болып, бір-бірімізді жетелеп жү­ріп өстік. Тоқшылық та, тапшылық та бол­ды. Бірақ әке-шешеміз соның бірін сездірмеді. Ауылымыздың табиғаты тамаша болатын. Қазір соның жұрнағы да қалмады. Бала күнімізде аққу-қаздың дауысынан оянушы едік. Үйімізден 500-1000 метр жер­де аққу-қаз ұшып-қонып жүретін. Әкем Қали аңшы, құсбегі болған адам. Табиғатты сүю әкеміз, анамыз арқылы қалыптасқан сияқты. Біз де балық ауладық, ау құрдық, қыста қармақ салдық. Әрине, әкенің қаны, ананың сүті бекер емес, дей тұрғанмен осы ауылдың тұнып тұрған табиғатының менің өміріме, өнеріме қосқан үлесі мол деп есеп­теймін.

Досхан Жолжақсынов! Бұл есім мұқым қазаққа таныс, жанына жақын. Кеше «Даладағы қуғын» фильміндегі Хамит арқылы Қалидың ұлы деген аттан асып, күллі қазақтың тел баласына айналса, бүгінде «Біржан сал» фильмімен Біржанның тағдыры арқылы көрерменіне үлкен ой тастап, қазақтың сал өмір сүрген дәуірдегі қилы кезеңін, ата салт, ұлттық дәстүрімізді салиқалы сарапқа салған жан. «Сегіз қырлы, бір сырлы» Досхан ағаның өмір жолы бүгінгі әңгімемізге арқау болмақ.

Әке-шешем өнерден құралақан болған жоқ

- Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Балықшы сынды құмды ауыл менің туған жерім. Сол ауылда 1951 жылдың 7 қазанында дүниеге келіппін, - деп баста­ды әңгімесін Досхан аға. - Отбасында екі ұл, сегіз қыз болып, бір-бірімізді жетелеп жү­ріп өстік. Тоқшылық та, тапшылық та бол­ды. Бірақ әке-шешеміз соның бірін сездірмеді. Ауылымыздың табиғаты тамаша болатын. Қазір соның жұрнағы да қалмады. Бала күнімізде аққу-қаздың дауысынан оянушы едік. Үйімізден 500-1000 метр жер­де аққу-қаз ұшып-қонып жүретін. Әкем Қали аңшы, құсбегі болған адам. Табиғатты сүю әкеміз, анамыз арқылы қалыптасқан сияқты. Біз де балық ауладық, ау құрдық, қыста қармақ салдық. Әрине, әкенің қаны, ананың сүті бекер емес, дей тұрғанмен осы ауылдың тұнып тұрған табиғатының менің өміріме, өнеріме қосқан үлесі мол деп есеп­теймін.
Бала Досханның әке-шешесі өнерден құралақан болған жоқ. Әкей әнші, домбы­раны керемет шертуші еді. Анасы Жазира­ның да өзіне жарасатын әдемі үні бар бо­латын, сызылтып ән салатын. Кейінірек үй шаруа­сымен отырып қалды, әйтпесе ұстаз болған адам. «Қыз күнімізде әр үйден жиһаз, киім-кешек жинап, Бейімбет Май­лин­нің «Шұға­сын» ойнайтынбыз» деп оты­ра­тын. Мұның бәрі ол кісілердің бо­йын­­дағы өнерге деген сүйіспеншілік. Кө­кіректе сұраныс болған жерде табиғатқа ешкім қарсы тұра алмайды екен.

- Әкелерімізге сәлем беру үшін алыс-жақыннан әнші-күйшілер, ақындар келіп жататын, - деп сабақтады әңгімесін Досе­кең. - Мен кейінірек естідім, біздің есіктің алдында Сәкен Сейфуллин ағамыз болып­ты. Оны ауданның бірінші хатшысының өзі ертіп келгенге ұқсайды. Бірақ машинадан түспепті. «Тізесін-тізесіне жақындатып, қо­йын кітапшасына бірдеңелер жазып отыр­ды» дейді. «Сәкен аға, ас дайын бол­ды» деп барғанда «Қазір, қазір» деді де, бірақ сол күйі астан дәм ауыз тимей кетті» дейді. Міне, біз туған үй осындай адамдар болған шаңырақ. Серке Қожамқұлов, Қамал Қармысов, Жүсіпбек Елебековтер де біздің үйде болған. Жүсекең тіпті менің әкемді астанаға алып кетемін деп әрекет етіпті. Партия, кеңес органдарында жұмыс істеп жүрген адам, қалай болғанда да партиядан жасқанады ғой. Әйтпесе әкем облысқа дейін барып, айтысқа қатысқан. Содан кейін «Партия қалай қарайды?» деген оймен ауылда қалған. Осы ортада өсіп-өніп, әкеміздің домбырасын шерттік, мылтығын атып үйрендік. Қонақ келсе бізді отырғызып қояды. Сонда «Сөз тыңдасын, көкірегінде бірдеңе қалсын» деп отырғыза­ды екен ғой. Үйден қонақ арылмайтын. Қысқа бір жылқы, бір түйе сойылады. Сол жетпей қалатын. Біздің жақта қыс ерте басталып, көктем кеш шығады емес пе?

Интернат ерте есейтті

Актер өзінің ең бір ғажап кезі балалық шағы деп санайды. Ол да басқа ауыл балалары сияқты үй шаруасының бәрін істеп өсті. Кезекпен қой бақты. Ат суарып, қора тазалады, отындыққа көкпек те шап­ты. Әкесі жарықтық екеуі талай рет құрақ оруға барған. Кәдімгі көк құрақ. Орып, қайыққа толтырып арғы жақтағы аралшық­қа апарып кептіріп, бір аптадан кейін бері қарай алып шығады. Өзі жеп-жеңіл, кеп­кен­нен кейін бұрынғыдан да жеңілдеп қа­лады. Неге екенін әкей құраққа аздап тұз қо­сып, оны сиырға беретін. Содан кейінгі сиырдың сүтін қаймақтан ажырату қиын.

- Кейін студент болғанда ауылға кани­кул­ға барғанда міндетті түрде балықшы­лар бригадасына кіреміз. Тиын-тебен табу үшін, - деп жалғастырды ол әңгімесін.

- Сол кездері «Киінсек, бірдеңе алып кетсек» деген ешқандай ой болмайтын. Мысалы, Алматыға бір көйлек, бір шал­бармен кел­дік. Соны талай жаздық та. Апа­ларым «Соны айта бермеші» деп рен­житін де болды. Тағдырдың өзі солай болды ғой. Бірақ көңіліміз тоқ, рухымыз бай болды. Әкемізден естіп өскен дүниелердің барлығы көкіректе қалды. Мен негізі 4 сыныптан ин­тернатта оқыған баламын. Сол интернат­та жүріп оң-солымды тез біл­дім. Ерте есей­дім. Әрине, ең бір үлкен қоз­ғаушы күшім ол - сағыныш. Әкеге, ана­ға, туған-туыс­қанға, жалпы Ұлы мәртебелі мейірімділікке деген сағыныштан осы уақытқа дейін мен мауқымды бір баспадым десем өтірік емес. Сол сағыныш - менің қозғаушы күшім. Сол қасиет балаларымның да көкірегіне егілсе деймін. Шіркін, балала­рым бірін-бірі сағынып тұрса. Сағыныш та адамның жа­ны­ның байлығы. Ол жоқ жерде адам қат­қылданып, қайыңның безіндей бола бас­тайды. Ал сағыныштың ар жағында үлкен сезім тұрады. Сезім деген ол - мей­і­рім, ол - иба, ол - ізеттілік, ол - иман­ды­лық. Осы бір ұлы сезім мені өнерге алып келді ме деймін. Сол үшін Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамын. Домбырамды арқалап жүріп ән айтып, күй шертсем де Алматыға келген жолым басқа еді. Қуаныш­қа орай денсаулықтың арқасында оған бар­май қалып, айналып келгенде осы Құр­манғазы атындағы өнер институтында марқұм - КСРО халық артисі Хадиша Бөкеева апамыз екінші топ қабылдап жа­тыр екен, 1969 жылы сол топқа қабыл­дан­ған 16-ның бірі мен едім.

Атаман деген атым бар

Досекең бұл шаңырақта төрт қыздан кейін туған ұл. Әйтсе де әке-шешесі оны еркелетіп, үкі тағып, бетінен қақпай өсірген жоқ. Ол әкесінің қасынан қалмайтын. Үнемі ат үстінде, қызметте жүргеннен кейін шаршайтын болар, әкейдің мінезі де қатқылдау болатын. Сонда да кішкентай Досхан әкесіне «Сізбен барамын» десе, көңі­лін қалдырмай ертіп жүретін. Сол кісінің қасында ұйықтайды. Әкесінің ар­қасында қаншама адамдардың ортасында болды. Оның еркелігінің түрі - осы. Әйт­песе, еңбектің баласы болды. Дүкеннің екі жағы болып бөлінетін. Бергі шеті - Рауан, арғы жағы - Шағала. Осылайша екіге бөлініп, футболдан екі команда құрылды. Талай рет төбелесті де. Шілденің 11-і - балықшылар күнінде үлкен мереке болатын. Сол мереке бекітілгеннен кейін кәуап деген­нің, тәтті лимонадтың бар екенін біл­ді. Неше түрлі тәтті тоқаштарды көрді. Осы мерекеге жыл бойы бірнеше киноға бармай ақша жинайтын.
Досхан Қалиұлы:

- Зина апам тұрмысқа шығатын болды. Оған құда түсуге алғаш рет келген құдаларды сөзге бай, адуынды әкем екі ауыз сөзбен жығып, қоя береді. Содан олар келесі жолы ауданның хатшысын алып келіп, құда түсті. Әкемнің де анау айтқан қарсылығы жоқ, бірақ құдаларды қазақтың жолымен сөзбен жығып отыр ғой. Сонымен, екі жақ келісіп, орталық клубта үлкен комсомол тойы өткі­зіле­тін болып белгіленді. Ол кезде мен тұр­­мыс құру дегеннің не екенін түсінбеймін ғой, бірақ Зина апамның үйден кететіні ме­нің жүрегімді тілгіледі. Бір қимастық се­зім билеп, орнымнан тұрмай, «Тойға бар­маймын» деп жылап жатып алдым. Жарық­тық Уайс аға Сұлтанғазин біздің ауылдан ғой. Менен мектепті екі-үш жыл бұрын бітірген. Міне, сол Уайс ағамыз бастаған үш-төрт жігітті «Досханды алып келіңдер» деп жібереді. Ол кездері мен 6-7 сынып шамасындағы баламын. Мен көбіне үлкен­дермен дос болып, бірге жүретінмін. Неге екенін білмеймін, олар мені «атаман» деп атайтын. Сол Уайс ағам бастаған үш-төрт жігіт «Құда баласыз той бастала ма? Досхан-ау бәрі сені күтіп отыр» деп киімдерімді тауып кигізіп, тойға мені мойындарына көтеріп алып барды. Той керемет өтті. Клубтың маңайы адам әбден жүргендіктен тайып жығылатындай жып-жылтыр мұз. Содан ауыл мен Зайсанның ар жақ бетіндегі Тұғылдың жігіттері сөзге келіп қалып, тө­бе­­­лес басталды да кетті. Мен тойдың иесі болып жүрмін ғой. Деден деген досымыз біреуді тепкелі жатыр екен. Үстіне киген пальтосы желбіреп тұр. Аяғын көтерген кезде оның пальтосының етегі менің қолы­ма ілінді. Тартып қалсам, шалқасынан түсті. Тағы біреуі сөйтті. Тұғылдың жігіттері көпке дейін «Ойпырым-ай «атаман» деген біреуі бар екен, бойы кішкентай, ұрғанын қалпақтай түсіреді, сұмдық екен» деп жүріпті. Сондағы атаманы - мен. Мен ұрып жүрген жоқпын, етектен тартқаннан өз­дерінің аяқтары тайып жығылып жа­тыр.

Жақсылардың шапағаты

Ол мектепті орысша бітірді. 1 сыныпта қазақша оқыған. Әйтсе де әкей оны қайта­дан біріншіге беріп, орысша оқытты. Оның ұйымдастыру қабілеті жоғары болды. Неге екенін ауыл балалары Досхан достың үйінің қасына көбірек жиналатын. Ағаштан қару жасап, «Соғыс» ойнайды. Кейінірек доп қуып, футболға ден қойды. Бірте-бірте дос­тарымен киноға, биге, қыздарға қырындауға баратын болды. Басқаларға қарағанда бұның бір-екі ауыз орысшасы бар. Мектепте оқып жүргенде бойындағы Алладан дарыған қасиеттің арқасында көркемөнерпаздар үйір­ме­сінен қалмады. Жүргізуші де, спек­такльде ойнайтын да - осылар. Ән де сал­ды, биледі. Ауданда өткен жарыстан бірінші орын алып, Өскеменде теледидардан шы­ғу­ға мүмкіндік алғаны бар. Ол екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Қарагөз деген апайы қобыз тартатын, сол кісі мұғалімдер арасынан, бұл оқушылар арасынан шықты. Бірінші рет қалаға келіп, мейрамханадан тамақтанып, телевизор дегенді көріп, біраз «көзі ашылып» қайтқаны бар.

- Содан кейінгі бақытты шағым - сту­дент­тік кезең, - дейді Досхан аға сол кезді ойша шолып. - Біріншіден, Хадиша апам­ның Катаринаны ойнап жүрген ғажап кезі. Театрда да, кинода да, ұстаздықта да үлкен тәжірибесі бар. Біз Тұңғышбай Жаманқұлов, Меруерт Өтекешова, Сайра Манасбаева, Қадірбек Демесінов, Жақсыбек Құрман­бе­ков, Асқарбек Сейілханов және осы күні дүниеден озған Төлеген Қуанышев пен Әлия Арысбаевалармен бірге оқыдық. Хадиша апам - қазақ сахнасына еуропалық мәдениетті алып келген актриса. Міне, біз осын­дай ұлы тұлғадан дәріс алдық. Студент кезімнен Ғ.Мүсірепов атындағы жасөс­пі­рім­дер мен балалар театрының қосалқы группасына қабылдандым. Бітіргеннен кейін театр басшыларының шешімімен сонда қалдым.

Жалпы, менің алғашқы ұстаздарым - әкем мен анам. Одан кейінгі ұстаздарым мектеп қабырғасында домбырадан оркестр құрып, бізге күй үйреткен Зилә апайымыз. Институтта - Хадиша апам мен Әшірбек Сығай. Мен танитын мықтылардың бәрі маған рухани демеу болды. Мысалы, театр, кинодағы режиссерлерім. Райымбек Сейіт­метов ағамыз маған ең алғаш Ақан серіні ойнатты. Кинода - Абдолла Қарсақбаев, «Гауһартасты» қойған Шәріп Бейсенбаев, Төлеміш Океев. Міне, осы кісілер менің ұстаздарым. Біз осы кісілерге қарап өстік. Мысалы, Ақанды ойнағанда Ғабең - Ғабит Мүсіреповтің көзі тірі кезі. Ол кісі өзі келіп қарап, сосын үйіне шақырды. Сол кезде «Досхан, мен домбыра шерте білмейтін қазақпын. Мына домбыраны көрші, бірдеңесі жетіспейтін сияқты» деді. Бұл сөз Ғабеңнің маған айтып отырған қалжыңы ма деп түсіндім. Әйтпесе Ғабеңдей кербез, Ғабеңдей сері қолына домбыра алмауы мүм­кін емес қой. Ол кәдімгі Жамбыл дом­быраны маған ұсынды. Қарасам, пернелері босап кеткен, тиегі жоқ екен. «Бұл Ғабеңнің домбырасы ғой» деп пернесін жөндеп, үйде ертеректе киноға түскенде алып келген пілдің сүйегі жатыр еді, егеп отырып тиегін содан жасадым. Бүгінде Ғабеңнің мұра­жайында сол домбыра сол тиекпен тұр ма, жоқ па, білмеймін. Оның үстіне дыбысқа сүйектің әсері тиюі мүмкін, сондықтан ол қаншалықты құнды тиек болатыны да ма­ған беймәлім. Негізі, тиекті әртүрлі ағаш­тардан жасаған ғой. Піл дегеніміз зіл, зіл - мамонт, сол зілдің сүйегінен тиек жасап, Ғабеңнің домбырасына салып, бір-екі ән орындап бергенім бар. Ғабең «Ақан сері - Ақтоқтының» соңғы дайындығына келіп, «Досхан-ау, тіпті ұзақ жазыппын ғой, кей­бір жерлерін қысқартамын десең өзің біл» дейді. Сол кезде мен «Аға, сіздің бұл жазға­ныңызды қысқарту мүмкін емес, ақ өлеңнің барлығы бір-бірімен жай сөз емес, ұлы мағына ретінде жалғасып тұр. Бір сөз түсіп қалса көлемді бір пәлсапа түсіп қалғандай болады» дедім. Спектакльдің премьерасы өтті. Ғабең ризашылығын білдірді.

Біз Сәбең - Сәбит Мұқановтың көзін көрдік, көрші тұрдық. Өзімнің атам ұлы Асқар Сүлейменовті күнде болмаса да өте жиі көріп тұрдым. Ол кісінің қасына жолау қиындау болатын. Өйткені барған кезде ылғи жазып отырады. Шай ішкенде ғана екі ауыз сөзбен халімізді сұрайды «Аман, Асқар аға» деймін, «Жарайды онда» деп қысқа қайырады. Ол кісінің анасы Айтотым әжеміз домбырамен ән айтқызады. Асқар ағам тыңдап отырып, қойын дәптеріне бірдеңелерді түртіп қоятын. Осы кісілердің барлығы менің рухани демеушім.

Алғашқы автокөлігім - «Волга»

«Қырғыз режиссері Төлеміш Океев «Ал­тын күз» фильмін түсіріп жатты. Біз соның үйінде түнегенбіз. Ол мені таңғы 8-де оятып, «Досхан, сағат 9-ға Шікең (Шың­ғыс Айтматов) шақырып жатыр, домбырасын ала келсін деді» дейді. Шыңғыс Төреқұлұлы ол кезде Қырғызстан киномато­графистерінің бірінші хатшысы. Содан апыл-ғұпыл жиналып, Шыңғыс ағаға бар­дық. Дастарқанда құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Ағамыз аздап ой үстінде екен. «Отыр, айналайын. Қане, шерт домбыраң­ды» деді. «Ақжайық», «Ақбұлақтан» бастап, әндерді бірінен соң бірін жібердім. Бір сағаттың шамасында ән салдым. Шұбат, қымыз, тары, сөк, ұлттық тағамға толы дастарқанға қарап ағам «Ауыз тиіп отыр» деп қояды. Болар-болмас жұтып қоямын, Шыңғыс ағаның мысы басып отыр. Біраз­дан соң бойым үйреніп, ашыла түстім, өзімді еркін сезіне бастадым. Болғаннан кейін қолтаңбасымен екі кітабын сыйлады. Кейіннен білдік, ағамыз бірінші жеңгеміз­бен ажырасып, көңіл күйінің онша болмай жүрген кезі екен. Кейін де ол кісімен талай дастарқандас, дәмдес болдық.

«Алтын күз» фильмінің премьерасы Қырғызстанның кино үйінде болды, маған сәл кешірек хабар тиді де, кешігіңкіреп бардым. Кино үйінің екінші қабатына көтеріле бергенде есік ашылды. Кино жаңа ғана аяқталған екен. Содан бірінші болып КСРО халық артисі Алексей Баталов шықты. Ол мені бірден танып «Қымбаттым менің! Жаңа ғана рөлде ойнаған сенсің ғой. Жарайсың!» деп құшағына алып тұрған кезінде оның соңын ала бере Олжас ағамыз (Сүлейменов) шықты. Ол кісі де мені құ­шақ­тап, құттықтады. Дей тұрғанмен біздің ұлтымызда бір қасиет бар - біз өзімізді-өзіміз мақтаудан қорқамыз. Ал орыс халқы ішкі сезімін, көңіл күйін жасырып қалмай­ды. Оларда сыналап ой жүгірту жоқ, ашы­ғын айтады. Әсіресе, өнер төңірегіндегі бұ­лардың бірлігі, содан үлкен дүниелердің шығып жатқандығы, бір-біріне деген қолдауы, туған күні немесе басқа да кішкен­тай қуанышын қаумалап көтеріп әкетіп теледидарға дейін көрсететіні бар. Біз ондайдан қорқамыз, бізге не Алладан, не одан кейінгілерден жарлық түсу керек. Содан кейін ғана қозғаламыз. Ал көрген нәрсені «Қалай екен?» десе, «Иә, енді...» деп мұрнымыздың астымен ғана міңгірлеп кетеміз. Жаңағы жерде Баталов маған ыстық ықылас танытқаннан кейін Олжас ағамыз да «Ертең елге менің машинаммен бірге қайтайық» деді. Әйтпесе ол кісі де мақ­тауға келгенде енжарлау секілді. Ер­теңіне жолда келе жатып «Машинаң бар ма?» деп сұрады. Жоқ екенін айттым. «Онда ертең арызыңды жазып, алып кел» деді. Ол кездері жарықтық шешем тірі еді. Олжас ағамның сөзін естігенде қатты қуанды және «Бәрінен ақша жинаймыз, «Волга» ал» деп кеңес берді. Ай шамасында «Волга» маши­насын алдық. Бүгінде «Чай­ка», «Мерседес» мініп жүрсең де, ешкім таңғалмайды ғой. Ал бізге «Волганың» өзі ғарыш кемесін мінгенмен бірдей әсер етті. Олжас аға сол жылдары Қазақстан киномо­тографис­те­рі­нің бірінші хатшысы болатын» деп бір қайыр­ды ағамыз әңгімесін.

Хам-ағамның бағасы
Олжас Омарұлымен екінші мәрте кездесудің сәті 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін болды. Жазушылар одағында өнерде жүргендердің тайлы-тұяғына дейін қалдырмай басын қосып үлкен жиын өтті. Көбі жастарды кінәлап сөз сөйледі. Залда ине шаншар орын жоқ. Иін тіресіп тұр. Сахнада мүйізі қарағай­дайлар отыр.

Досхан Қалиұлы:
- Жұрттың соңын ала бере мен де сөйледім. Көкірекке өксік тығылып тұр, сөзім сондай әсерлі шықты. Тіпті не айтып, не қойғаныма өзім аса көп баға бермедім. Бірақ ішімдегі жатқан дүниенің бәрі сол жерде төгілді. Әлгі жастарды кінәлап сөз сөйлегендерге «Мұндай жайттарды біз тек теледидардан көруші едік. Сіздер өсірген ұрпақ - бұл. Сонда аға ұрпақ кіші ұрпақты тұтқындай ма, сабай ма, қақаған аязда олар­дың үстіне мұздай су құя ма?» деп ыш­қына бар дауысыммен айқайладым. Сөйлеп болғаннан кейін ортадан бір дәу көтерілді. Ол «Мына сөйлеген жігіт кім?» деді, сол жерде біреулер «ТЮЗ-дің актері - Досхан Жолжақсынов» деп жатты. Әлгі дәу «Досханға дейін сөйлегендердің, Досхан­нан кейін сөйлейтіндердің сөзі сөз емес!» деп таяғын тура ортадағы кілемшенің үс­тіне лақтырып жіберді. Содан кейін барып ел ду қол шапалақтады. Әйтпесе мен сөзім­ді аяқтаған кезде ешкім қол соқпаған. Дәу деп отырғаным - Хамит Ерғалиев аға­мыз екен. Қарап отырып сол кештің кейіпкері болдым. Содан кейін бізді - Роза Бағланова, Олжас Сүлейменов және мені КазГУ-ге студенттермен кездесуге жіберді. Роза апам «Жастардыкі дұрыс емес» деген­дей сөз сөйледі. Олжас ағам «Ақ пен қара» де­ген өлеңін оқыды. Мұнда да ішімде­гіні ақ­тарып, ойымдағыны айтып сөйледім. Сол күнгі жастардың маған деген ықыласы - ме­нің өмірімдегі ең үлкен марапатым бол­ды. Қаншама жас өлең арнады, ықы­ласын білдірді. Сол кештен кейін Олжас ағам ма­ған рақметін айтып, тағы да ма­шина­сымен үйге дейін жеткізіп салды...

Мейіріммен қарауға тырысамын...
- «Бес саусақ бірдей емес» демекші, адам баласы сан қилы жатырдан шыққан, қаннан жаралған. Әр адамның тектілігі, тегі, тәрбиесі бөлек. Зұлым, айлакер болып ешкім тумас. Өмір, орта, мұқтаждық адам­ды илейді, билейді. Біздің де басымыздан сан қилы сәттер өтті. Бірақ мен ешкімге де өкпе артқым жоқ. Адамдарға үлкен мейірім­мен қарауға тырысамын. Бұлақ көрсем көзін ашқым келіп тұрады. Мүгедек көрсем қолымнан келген көмегімді көр­сеткім келеді. Сан қилы сәтте жүрекке сы­­зат та түсті, ұйықтамадық, күлмедік. «Әт­теген-ай» дедік. Кейде біреуге жасаған жақсылығым өзіме запыран болып келіп жатады. Ондайлар да өтті бастан. Бірақ ондайлар болмаса жақсы­лықтың қадірін білер ме едік?! Қазір жас емес­пін, алпыстың екеуіндемін. Келер жы­лы, Алла жазса, Пай­­ғамбар жасына келе­мін. Бұл - ақса­қалдық жолдың баста­ма­сы деп ойлай­мын.
Абай атам:
- Адамзат бүгін адам, ертең топырақ.
Келешек жылтырақпен алдарқатады.
Ертең кімсің білмейсің, өзің де сен
Өлу үшін келгенсің, ойлан ұрпақ, - дейді. Осыны ойлайсың да, бастан өткеннің бәрі­не жеңілдікпен қарайсың. Егер бұның бәрі­не күнде өле берсе, адам тозып кетеді ғой, отбасың, өсіріп отырған ұл-қызың бар. Айналаңда туған-туысқаның, сен «Уһ» десең ауырып қалатын апаларың бар. Бәрін жүрегіме соншалықты қабылдайтын бол­сам, нем қалады?! Негізі мен жықпылым жоқ ашық адаммын, дегенмен біреу-міреу мінезіме тисе, ұрып та жіберуім мүмкін, ай­­тып та салуым мүмкін, - дейді Досхан аға.

Досхан ағаның өмірлік қосағы әнші - Қарагөз. Атақты жазушы Асқар Сүлейменов пен қоғам қайраткері Алтыншаш Жағано­ваның қызы. Олар 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлдан үш немере бар. Енді ғана тәй-тәй басқан немеренің кішісі - Ералысы таяуда ғана жасқа толды. Халық артисі соларға қарап шүкіршілік етеді. «Ең үлкен бақыт денсаулығы мықты, рухани бағыты дұрыс, алған тәрбиесі орнықты, ұлтқа, мемлекетке, адамға деген көзқарасы жақсы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл - кез келген адамзаттың асыл мұраты» дейді Досхан аға. Бұған біздің қосарымыз жоқ.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

"Айқын" газеті

0 пікір