Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3550 0 пікір 26 Ақпан, 2013 сағат 06:42

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

4

Осыдан кейін жауапқа Керімбек шақырылды. Бұл - Керімбектің де тергеуге екінші рет келуі болатын. Бірақ Керімбекті дәл қазір бұлар айыпкер ете аламай, ол Мамозының қарсы жағынан отырды. Кескінінен өзіне сенімді, ойлы паңдық көрінген Керімбек жеңіл сусар бөркін оң жақ тізесіне ұстап отырып, сұрақшыдан сөз тосты. Сұрақшы, әдетінше, сөзді шолақ бастап:
- Немене, сіз Арыппайды қылмысқа мен айдағам жоқ дейсіз? Ал ол осының барлығын «ағам Керімбек арқылы істедім» деп отыр, ол барлығын да сізден ақыл алып істеген.
- Мен сөздің азын және шынын жақсы көретін адаммын. Сол айтқанын ол қазір келіп, менің көзімше айтып бере ала ма?
Сұрақшы өзіне нанымы бар адамның әлпетімен:
- Айтады. Қазір келіп айтады, - деді мізбақпай. Мұның осыншалық жалданбалылығына Керімбек өз ішінен сонша жирене қарады. Бірақ бұрынғы салқын, аңғарлы нұсқасымен:
- Келсін, айтсын, - деген-ді.
Сұрақшы демде құбылып, орындығының арқалығына тәкаппар шалқалап алды. Алдыңғы «сіз» деп «сыйлағанын» сатқандай, енді «сенге» көшіп сөйледі:
- Сенің қазағыңның қағазға түспеген киіз кітаптағы заңы бар. Ол ағасының айыбын көзінше айта да алмай қалуы мүмкін. Егер қолынан қағаз жазып берсе ше?! - Өзінің ішкі есебімен осыны діттеген қанқұйлы сұрақшы көрінеу бұзық тергеуге ойыса бастады. Керімбек енді одан түптеп іш жиған халде дағдарып ойланды да:

4

Осыдан кейін жауапқа Керімбек шақырылды. Бұл - Керімбектің де тергеуге екінші рет келуі болатын. Бірақ Керімбекті дәл қазір бұлар айыпкер ете аламай, ол Мамозының қарсы жағынан отырды. Кескінінен өзіне сенімді, ойлы паңдық көрінген Керімбек жеңіл сусар бөркін оң жақ тізесіне ұстап отырып, сұрақшыдан сөз тосты. Сұрақшы, әдетінше, сөзді шолақ бастап:
- Немене, сіз Арыппайды қылмысқа мен айдағам жоқ дейсіз? Ал ол осының барлығын «ағам Керімбек арқылы істедім» деп отыр, ол барлығын да сізден ақыл алып істеген.
- Мен сөздің азын және шынын жақсы көретін адаммын. Сол айтқанын ол қазір келіп, менің көзімше айтып бере ала ма?
Сұрақшы өзіне нанымы бар адамның әлпетімен:
- Айтады. Қазір келіп айтады, - деді мізбақпай. Мұның осыншалық жалданбалылығына Керімбек өз ішінен сонша жирене қарады. Бірақ бұрынғы салқын, аңғарлы нұсқасымен:
- Келсін, айтсын, - деген-ді.
Сұрақшы демде құбылып, орындығының арқалығына тәкаппар шалқалап алды. Алдыңғы «сіз» деп «сыйлағанын» сатқандай, енді «сенге» көшіп сөйледі:
- Сенің қазағыңның қағазға түспеген киіз кітаптағы заңы бар. Ол ағасының айыбын көзінше айта да алмай қалуы мүмкін. Егер қолынан қағаз жазып берсе ше?! - Өзінің ішкі есебімен осыны діттеген қанқұйлы сұрақшы көрінеу бұзық тергеуге ойыса бастады. Керімбек енді одан түптеп іш жиған халде дағдарып ойланды да:
- Келе алмаса, қағаз да жазбайды, - деп еді. Осы тұста Мамозы киіп кетті. Қалтиған шақар қалпымен керенау ширатылып, суық кекесінмен мардымси сөйледі:
- Керімбек мырза! Сіз ақтан сопы кісі бола-ақ қойыңыз! Ал ініңіз бұл істі әркімнен өз өшін алу үшін істеп отыр-ақ дейік... Бірақ тақ осының өзіне сыртынан қарағанда да оның дертімен сіздің кінәратыңыз айна қатесіз кіндіктес болып отырған жоқ па? А, мырза, осы жеріне не дей алар екенсіз? - Ол сөзінің аяғын ыңырана бітіріп, Керімбекке көзін бақжитты. Енді қайтер екенсің дегендей, мырс беріп кекете күліп те қойды.
- Күлген көзің жылаудың да ұясы екенін ұмытпа, - деп жауапкер, өз сөзін Мамозыға тигізе бастап:
- Оның өш алу үшін істеп отырғаны ашық. Сонда да ол ешкімге шарпуын тигізбейтін әрекет, ешкімнің емеуірінсіз істеген іс. Оның қандай есеп, қандай себептер екені алдыңғы тергеулерде айтылған.

Мамозы да Керімбекпен өз сөзін тілмаш арқылы қытайша жауаптасқан. Сұрақшыға арқа сүйеп, сыздаусып отыр. Дүңген тілінде болатын аздаған айырмашылығын да білдірмей, қытай тілін майын тамыза ағып сөйлеген. Қазір сол Мамозы сөзінен жаңғырық алған сұрақшы:
- Ал, сонда сіздің тіліңіз болмаса, інің өзін тіпті қаматуға дейін неге... неге ұрынады?! Қамаудың несіне қызықты? Жоқ, ол алдымен сіздің көңіліңізді жықпады. Қимады. Екіншіден, ертең іс біткен соң, сіздей ағасының құтқарып алатынына да сеніп отыр. Ол кімдермен қандай өш болса, соның бәріне сіз де дәл сондайсыз... Мойындаңыз, қасыңыз солар емес пе? - Сұрақшының құтқармай сөйлеп отырғанына арқаланған Мамозы әлі де қабаттаса түсті:
- Ой, Кеке! Кербаға бермей жөнге келсеңізші! Қасқыр терісі жайылмай, мойындауды білмейді дейді, жоқ, сізге сондай бір нәрсе керек болып отыр ма? - деп сұрақшыға жалтақтай қарады... Аузын жаланған арлан қылығын еске түсірердей. Тегі, Мамозыға бір биенің жоғалуы мұң емес. Қайта, оның талай мүддесі қазақ үстінен осындай айтыстарда шешіледі. Соны ішпен ұғатын сұрақшы Керімбекті тағы бір жолмен шырғаға салмақ болды:
- Біз сіздің әнеукүнгі жанжалға қатысыңыз бар демей-ақ қояйық. Мүмкін шын мәнінде болмаған шығар. Сіз ініңізді дәл жұмсап жібермегенмен ағайын болғандықтан ертелі-кеш айтылған сөздеріңіздің ықпалы тиюі ғажап емес қой... Бәлкім, сондай сөзге еліккен қисыны бар болса, оны айтып өтсеңіз де болады. Бірақ бұны айтқанда айыптаймын деп айтпай, мына Мамозы мырзаның өкпесін тарқату үшін айтасыз. Бәрібір, қалайда, өзіңіздің адал ниетіңізге заң жұмысын толық нандырмай, сау қала алмайсыз!

Керімбек өз ішінен балаша алдаған мына сөзге күлді де, күйді де. Қазақты өз ішкі таным, ойларымен қандай орынға қойып санасатындары бұлардың әр қадам басуынан байқалғандай. Батыратын суы қандай жылым болса, сұрағы да сондай жымысқы. Алдыңғы, бірінші тергеуде Керімбектің алдында алтын ернеулі кесе-шайнекпен иісі бұрқыраған жақсы шай әкелдіріп, іскерсіген сұрақшы өзі сыртқы дүниеге барынша ықыласты адам секілденіп бұл аузына алып көрмеген мия татыған сигаретін де күле ұсынып, жауаптасып көрген... Бір ауық осы Керімбектей адамның өз басына таңырқап, биік бағалап отырған кісінің сыңайын көрсетіп «тап-таза» қалыпта сөйлескен... Иә, бірақ онысы ұзаққа бармаған-ды. Екі-үш қайта жауаптасудан соң-ақ, түсін бірден өзгерте құбылып, қылышты полицейге «шайды алып кет» деп бұйырған. Дастарқанды піріндей көретін қазаққа осының өзі үлкен соққы болатынын сұрақшы тәуіптей танитын.

Мамозының Керімбекті қырына алып жүргеніне талай жыл болды. Мамозы, Мамозы болып тәуір атанғалы бұның жолына да жуа боп біткен осы, Керімбек. Екеуінің бұрынғы тоң-торыс араздықтарын былай қоя тұрғанның өзінде, осы жақын жылдың ішінде Мамозының жиырма үй дүңгені Шеруге өтіп кетті. Оларды барлығы да жалданба диқаншылықпен күн кешкен кедей-кембағалдар болса, сол жиырма түтіннің тең жарымнан аулығы жер-суы көп Мамозының тек бір өзіне ғана жалшы, малай болғандар. Күш-көлік, жер Мамозыдан болушы еді. Жаңағы кедейлер өздерінен бастап үйіндегі іске жарар қатын-бала, қыз-қырқынына дейін Мамозы егінін мойындарына артқан ажырғы етіп алғанда табан ақы, маңдай тер дегенге өмірінде жарып-жалшып көрмеген. Мамозыдан кетуде солардың ішінде Әли дейтін жігіттің жазатайым Мамозы төре сабаған баласы өліп, Әли өз қожасымен сол туралы қатты жанжалдасқан. Іс насырға шауып, үкіметке мәлім болып, талай уақыт айтысумен барып тынған-ды. Соның аяғынан Керімбекке сөйлескен Әли өз соңынан алдымен он үйді ертіп Шеру аулына көшіп келген. Басы сол болып, кейін төрт үй, бес үйден тағы екі рет Мұштайзы байларынан қашып көшкен жалшы дүңгендер Шеру ішінде жиырма үйге жеткен-ді. Қарымсақ аулының он шақты үйі жақын жылдан бері жаз-жайлауды қойып, тек егінмен айналыса бастаған. Әлилер соған қосылды. Қазақта күш-көлік жеткілікті, жер тегін болғанымен диқан жайына кәнігі емес. Сондықтан дүңген диқандарының қосылуы Қарымсақ аулы үшін зор табыс болды. Шеру іші бұларды «отыз үйлі егінші» дейтін болып еді. Бұ дүңгендер Шеруде әнеукүнгідей ас, той болса, қасындағы өз көршісі Қарымсақтармен бірдей араласып қатысады. Бір рулы ел Шерумен оңай-ақ таныс, біліс боп қалған.

Керімбекке Мамозының кешпестей кектенетін үлкен бір түйін осында жатқан-ды. Бұлар болса Мамозының қамбасына науалап құятын, ортаймас ырыс қайнары болған ғой. Талай заман бір ғана Мамозының өзіне тәуелді болған, барар, басар жерлері жоқ, алдына салып айдап берген кіріптары емес пе еді. Әне соларын Керімбек арт-артынан көшіріп алып жатқан. Көн шарығын сүйреткен өңшең кедей кімге дәру? Кімді қызықтырмақ? Жері кең Керімбск сияқты қазаққа ғана барып сыймаса, өзге ешқайда өтпек емес.

Тегінде, бұл іс Мамозының дәл осылай болар деп ешқашан ойламаған шаруасы болатын. Ол алғашында бұлар ды «қазақпен бірлесіп отыра алар ма екен» деген оймен күдікте жүрген-ді. Кейін күдерін әбден үзді де, соның есесіне Керімбекке тағы-тағы тісін баса түсті.

Және бұл әрекет Мамозының ғана жалғыз өз өшпендігін қоздырумен тынып қалмайтын. Әнеугүнгі Мамозымен бірге сабылып жүрген көп бай дүңгендердің де намыстарын қоздыратын. Бұрын болса Керімбек - Мамозыға Шеру үстінен жем жегізбеймін деген ерлігімен жақпаған адам. Керімбек болыстықтан түсірілгеннен кейін, Мамозыға Шерудің сақтаған сыбағасы олқы болған жоқ. Соны білген Керімбек өзінің Абдоллаға наразы екенін ел ішінде Қарымсақ сияқты көкірегі ояу адамдардан жасырмайтын. Ал Қарымсақ болса ондай сыр жайлы өз қасындағы Мамозы тепкісін көрген, көрші-қоңсы дүңгендеріне сезік беріп әңгімелеп отыратын. Ал Мамозы қолынан келсе, «отыз үйлі егіншіні» тақыр жерге шоңқитқысы келетін.

Соны жақсы ұғынатын Қарымсақ пен дүңген ішіндегі «ер кедей» атанып жүретін Әлидің астыртын көп сыбыр-сырлар да болушы еді...
Анадағы Мұрыншақтың жер бәжі жөнінде осы отыз үйдің атынан үйездік үкіметке арыз апарам деп Мамозыдан дүре жейтіні де осындай ушыққан арбасу қыжылы. Міне, осындай екі жақтың соқталы ырғасу егесіне жалғасып жатқан соңғы бие ұрлау әрекетін де Арыппай Қарымсақ, Әлилермен ақылдаса отырып атқарған-ды. Оның бұлжымас себебі, ұрланған аттардың қалай да Мамозыға байланысы бар деген ішкі жорамал болжам. Өйткені, Абдолла жылқы ұрлатып алдырғысы келсе, аз үй кедей дүңгендердің екі шолағынан басқа қыл құйрық таппай қалып па? Қайдан, қалай алдырам десе де, құрығы мен аяғы жетеді. Ендеше егінші дүңгендердің екі атын түп мәнінде Абдоллаға алдыртушының өзі Мамозы болуға кәдік... Бағана Арыппай сол ұрланған екі ат жайын ашқанда Мамозының оқыс қипақтап қалғаны бар. Анығында кедей дүңгендер осы іс болардың алдында өздерінің ұшты-күйді жоғалған екі атын Мамозы Абдоллаға алдыртқан деген сыбысты Арыппайдан есітіп құлақтанған. Мамозы болса бүгінге дейін екі ұрлық ат жөнінен Арыппайды хабарсыз деп білген. Ол қазір сыр бермей отырғаны болмаса, ұрлық аттар сыры ашылған сәттен бері төбесінен жай түскендей бұйығып қалған. Міне, осы амалды ерте ойлаған Арыппай мен Қарымсақ, Әли «шама келсе Мамозыдан Абдолланың арасын алшақтатуға әрекет жасау керек» деген тұжырымға бекінген. Жаңағы Арыппай айтқан қара бурыл ат Мамозымен баяғыдан қаны қас Әлидің бұт артар жалғыз шобыры болатын. Арыппайдың жауабынан көп нәрсенің ушығып келе жатқанын ішімен сезе қойған жүйрік сұрақшы өз тергеуінен әзірше келте тоқтатып Арыппайдай өлермен жауапкерді тез қайтарғаны сол. Оның да сақтаған ішкі есебі бар.

Ұрлық аттар дақпырты енді Мамозы мен Абдоллаға да анық бір тықыр таянғанын аңғартқандай. Егер Абдолла осы жолы жауапты, істі болып, Мамозы оны арашалап алуға жарамаса, онда екеуінің ара жігі ап-айқын сызаттана бастады дей бер. Мамозы үшін де сәтсіздіктің үлкені дайын деген сөз. Сұрақшы қағазына түскен Абдолла және Әменде тұрған ұрлық ат турасындағы дәлелден бері Мамозыға оқыс бір шаншу тиіп, садақ оғындай қос бүйірінен қадалып отыр. Өз сыбайластарымен Керімбек аулынан тұмсыққа аяусыз соққы жеп қайтқан кешпес кек - ызасы ол бар. Енді қазір сұрақшы Керімбекті ә дегеннен ешнәрсеге мойындатып тықсырып әкете алмай, тергеу бетін әр саққа салып, тосылып отыруы іштей діңкелеген Мамозының дегбірін қашырды. Сұрақшыға зәру жүзбен қыпылдап қарайды. Көңіліндегі барды оған көзімен айтқысы келгендей...

Керімбек сұрақшының соңғы айлагер шырмауына айтар сөзі дайын болса да, жауапты асықпастан отырып, арбасқан бақаспен бастады. Сұрақшы мен Мамозы екі жақтап, сөзін өрге бастырмай отырса да, қыры сынбай, қайта ішінен өзі де аңдамаған анық бір өршіл намыс қоздады.
- Біз Мамозы екеуміздікі екі суайт бірін-бірі иландыра алмайдының кері болып отыр. Мен өзімді өзім ақтамаймын: Мені бүкіл Шеруден, тіпті анау жиырма үй дүңгеннен сұраңдар, Керімбек інісіне осындай іс істетер ме еді? - деп. Заңның солардан да сұрауын өтінемін! Халықтан ешкім үлкен емес қой, қалыстығын айтсын!
Елге-жұртқа сыйы бар адамның бұл дәлелін керенау сұрақшы өз бойына шам көрді. «Менің жайымды білгің келсе, таудың қуысында жатқан қазақтан сұра» дегені намысын қозғады.
- Немене, сонда сен ұлы гоминдаң үкіметінің тергеу-сұрағы таудың арасына сіңген қазаққа аузын ашып, сене салады демекпісің! - Ол өз жауапкеріне оқты көзбен біраз қадалып отырды да: - Сен көшіріп алған жиырма үй хұйзудың* да мән-жайын, олардың кімдер екенін біз жақсы білеміз!

*Хұйзу - қытайша дүңгенді айтқаны.

Өзің ешнәрседен тайсалайын демейсің... Именгің келмейді. Үкімет қызметкері Мамозы мырзаға «суайт» деген сөзбен тіл тигізіп сөйлегеніңді қылмыс болып қалар, сол үшін жаза тартамын деп қорықпайсың ба?

Керімбек қазақшаға жүйрік тілмәштің жүректі жаншып, зәредей қадап айтқан аудармасын сәл қырындау отырған қалпында тапжылмай тыңдаса да, сұрақшы сөзінің уытына тұла бойы шіміркенді. Бірақ ата дұшпан алдында сынғысы келмей, сұрақшыға мол кеудесімен толық бұрылды да:
- Қазақта «бүріскен мысыққа бүрге үйір болады, қорқақ қаңғыған оққа кез болады» деп айтатын сөз бар. Аз қараға қарағыларың келмесе, ойымдағы шынымды айта алмай өлетінім нем? Ақ жолмен өлсем, ертең осы отырған бәріңе де барар жер, төсегенім топырақ - амалым қайсы! - деді. «Бәріңе де» деген сөзді сұрақшының жүзіне қарай сұқ саусағымен нұсқай айтты. Кішкене, шаршы бөлме ішінде күмбірлеген, намысқа толы үні айқын шығып кеткен-ді. Адам психологиясын терең танитын сұрақшы анық байқады, Керімбектің сақалы тал-тал болып кеткен екен. Бұндай белгі адам мінезінің күрделілігінен және таза, сау дененің қайратты ашуынан туатынын ол жазбай таныды. Шығыс-солтүстік алты өлке провинцияның заң істері жөніндегі әйгілі профессор, Харбин қаласының тұрғыны Лаупың есімді доктордан өз мамандығы жөнінде сабақ алғанда, адамда сирек кездесетін осындай құбылыс болатынын естігені, жадыңда мықтап сақтағаны бар. Ашу үстіндегі иек етінің жырылуынан ғой.
- Сізге әлі бір тәуліктей мұрша береміз. Бірақ осы кеңшіліктің бағасын қапы қалмай түсінуге тырысуыңыз керек! Тек тырысу ғана емес, заң соны жауапкер Керімбектен қатал талап етеді! Бір нәрсені өте жақсы біліп қойыңыз, бұл ең соңғы ескерту! Ұғып тұрсыз ба? Абайлау керек! Барыңыз, ертеңгі сағат дәл сегізде қайтадан осы орынға дайын боласыз. Бүгінгідей емес, ойланған жауапкер түрінде дайын боласыз!

Керімбек дағдарған, ойлы жүзбен орнынан үнсіз көтеріліп бара жатқанда басқа кездегі сергек сабырын да өз кескініне қатар сыйғызып әкетті. Бірақ қазақтың, тіпті аз ұлт атаулының бар тағдырын мына заман Жаң қай шы өкіметіне осынша иттей байлап бергенін ойлап, барынша жаны запы, безер болып шықты.

Сұрақшы мен Мамозының бұл іске әлі де шыңыраудан саңылау, жол іздеулері керек болатын. Керімбектің Шерудегі көп елге және анау егінші дүңгендер сияқты ұйымшыл күшке сенімді беделі бар адам екенін бұлар ертеден біледі.

Жиырма үйлі дүңгендер жағы Керімбек үшін ұйымдасып ізденуге жарайды. Мамозыға ерегісіп ізденеді. Полиция мекемесі, тергеу жұмысы өз ісін бассыздыққа салса, аналардай ұйымшыл дүңгендер үйездік үкіметке, тіпті, онан ары Құлжадағы гүбернелік штабқа дейін қытайдың өз тілімен арызданып іске кірісе алады. Жыланның аяғын көрген ала тұяқ сұрақшы осыған келгенде сақтық ойлайды. Керімбек шығып бара жатқанда ол осындай ойлармен тоқырап, ауқым-сыры күрделі қазақтың ту сыртынан оқты көзімен қадалып отырып қалды.

* * *

Бұл - Күредегі аз ұлтқа қатігездікпен аты шыққан, әйгілі полиция мекемесі. Сұрақшы мен Мамозы Керімбекті босатқан соң, өзінше тілмашты да шығарып жіберді... Екеуі жеке отырып біраз сөйлесіп, жіті күбірлесіп көрді. Бұлардың ендігі сөздері бағанағы айтқандарындай Арыппайға қалай да «осының бәрін маған ағам Керімбек істетті» деген қағазды жаздыру. Бірақ осы ойларына қазірше бірнәрсе қайшы келіп тұрды. Сұрақшы құлағына ілінген, тергеу қағазға түскен ұрлық аттар бар. Соны анықтау қажет. Тергеушінің дәл өз басы үшін бұл тұста, тіпті, Керімбектен гөрі Абдолла кенеулі... Қазақты бірлеп емес, ондап матап әкеп сұрау - иісшіл сұрақшыны ешқашан зеріктіріп, жалықтырған емес. Ондайда бір сұрақшы емес, осындағы полиция бастығының да қыбы қанып, ертелі-кеш аузына сілекей-сөлін жиып, жалтақтап құлақ тігіп отырады. Одан да соқталырақ дау жаңғырықса, уез басшыларына дейін миықтарынан белгі танытып, ұрттары бүлкілдеп, жан-жағына жиірек қаранады. Қотан іздеп, тұмсығын алысқа шүйірген бөрідей, тау жаққа құлақтарын түріп, күн бұрын іш тартып, жұтқынып қойып, шоқайып қарап отырғандар бар. Пәре үддесіне келгенде өмір бүйірі шықпайтын, назары аш сұрақшыға Мамозы «Абдолла жайын қозғамай-ақ қояйық» деп айта алған жоқ. Тегі, Абдолланы жолдассынғанда жыл он екі ай ішінде, әсіресе, ел салығы кезінде ғана оны көбірек танып, сонда ғана табатын ұры қойын Мамозы бар. Ал ел басшысы Абдолла өзінің «күші адал, сүті арам» екенін тани тұрып-ақ, қанағат етеді! Өз жанынан суырмай, оқпаны толмас. Мамозының бүлкілдеген ұртына елден шеңгелдеп асатқаны медеу. Ана ұрлық аттарды Абдоллаға Мамозы өзі ұрлаттырғанын Арыппай білмейді деп келген. Мамозының ендігі ойы бойынша, тек қана сол сыр ашылмаса, Абдолла арандаса, он жерден, жүз жерден арандай берсін. Сонымен бүгінгі іс мәні «түйін-түйін» сырыңды түбінде келіп шын ашардың кебі болып отырған. Бәрінің де шын сыры ашылар кезі, мерзімі жеткендей. Мамозы, тегі, заң ісімен шырмала беруден бойын сақат ұстайтын. Заң жолы кінәмшіл. Бұл киетін ақырет-кебін, ақ дәкені башпайынан басына дейін Абдолла кисе бүйірі бүлк етпейді. Сұрақшы бүгін кештете Арыппайды қасына полициядан адам қосып, Абдолла ісі үшін Шеруге аттандыруды ойлаған. Ат ұрлығы рас болса, Абдолланы айдатып келтірмек. Ол бағана оңаша қалғанда Мамозыға:
- Бұ жұмыс үшін Арыппайдың өзінен басқа кемінде екі-үш полицей шығуы керек, - дегенде, Мамозы өзінің бүгінгі ойлап отырған ішкі тәсіл-амалын... құпия қойып:
- Бұл - әсте адам нануға болмайтын қазақ! Атқа жақсы жүретін ұйғыр полицейлерден қосып бірге жіберу керек! - деп ақыл қосқансыды...
Бірақ сол Мамозы сұрақшыға бұлай сөйлегенімен, екінші жақтан дәл осы күні тізгін ұшымен Абдоллаға бір жасырын жансызды суыт хабаршы етіп жөнелтіп еді. Өзі ұрлаттырған екі аттың көзін жойсын деген.
Осы күннің ертеңіне таңертең кешегі қатал тапсырма бойынша қайта кеп кірген Керімбекті тымырая томсырып қарсы алған сұрақшы жауапкерге түсініксіз халде сөзді қысқа қайырып:
- Тағы екі күн ойланасыз...- деп қайтарды. Керімбек сұрақшы алдынан өзін әлдебір жат сырлы нәрсеге ұрындырып жібергелі отыр ма деп, сенімсіз күдік ойлап шықты.

«Ойланатын» екі күн кеше кешке Абдоллаға аттандырылған Арыппайдың қайтып келуіне қаратылған мерзім екенін білген жоқ. Керімбекке тіс-тырнағымен түгел қарсы. Күре қақпанға жалғыз аяқтатып әкеп түсіретінін ойлап сезіктенеді.

Айтқандай, арада екі күн өткенде Шерудің Абдолла ақалақшасы да сарала қылышты полицейлер қоршауында Күреге жеткізілді. Өз қасына үш полицей ілестірген Арыппай Күреден әдейі ымырт үйіріле шығып, дақпырттарын білгізбеу үшін түнде жүріп, Шеру жеріне күн шыға ілінген. Содан тура сәске кезінде Шырыштыда жатқан Абдолланың көп жылқысына жеткен. Күзгі қостың басында жылқышылар мен бірге Абдолланың үлкен баласы бет бітісі шомбал, денелі, томпақ көз жігіт - Дәулетқан бар екен. Арыппайлар бұл жерде тақ уәделескендей боп, бір жанжалдың дәл үстінен шықты. Осының аз алдында жаңа ғана бұл жерге кеше Мамозының жөнелткен сәлемімен ұрлық аттың көзін жоғалту үшін Абдолланың шабарманы жеткен-ді. Қасында Мамозы жіберген Хойылдыр деген сібе бар. Мамозы сәлемімен ақылдасатын Абдолла ауылда жоқ болып, жылқыға хабар кеш келіп тиген. Сайрамның Ыбырайымы дейтін желпілдек шабарман Дәулетқанға қара бурыл атты жаңа ұстаттырып, қыл шылбырмен енді ноқталатып жатқан кезде бір жағынан сап етіп, ат_иесі Әли кеп киліккен... Қасында әнегүні Арыппай қосып кеткен, Шерудің ең мықты жігітінің бірі - Нүсіпбек бар... Әли ойлап бұл маңды неше күннен бері күзетіп торуда жүрген. Ерте бастан ойлап алған амалдары бойынша, сай қосылған екі жігіт Абдолланың жылқысынан ұзап кетпей, осы маңнан аң қараған кісі боп, Шырыштының қалың қоян, түлкісіне тазы қосып жүріп алған. Арыппай қара бурыл атты өзге жерден емес, дәл Абдолланың өз жылқысы ішінен ұстатып алдыратын болып, Әлиді сол ат әлдеқалай бір жаққа жүйткіп, із аударып кетпеу үшін осылайша сыртынан бағып айлалы сақтық айтып қалдырған.

Сонымен қазір қасындағы үш полицеймен сарт етіп Арыппай жеткенде, шұбар сауыр ат енді ғана кергілескен қызу талас үстінде екен.

Масқараның тиегі бірақ жерден ағытылды. Бір-екі жылқышысымен Дәулетқан атты шабарманға зорлықпен жетектетпек болады. Әли мен Нүсіпбек барын сала сыбанып, олардың алдын кес-кестеп атты жібермеу қамында. Полицейлер тақ осы жанжалға тақау бір салмаудың астынан бірден сау етіп шыға келген қарсаңда, Әли кер шолақ атын қатты тебініп, таласып кеп шылбырды қиып жіберген кез болатын. Жаз жарымынан бері қарай үстіне шыбын қонбай, туралап семірген бурыл ат құйрығын тігіп, арғы бір өзекке таман құлаған қалың жылқыға қарай ойысып бара жатты.

Дәулетқан мен Ыбырай шабарман ат иесі Әлиге көзбе-көз зорлық көрсете бастағанмен, үсті-басы сарала полицейлер мен Арыппайды көргенде белге соққандай амалдары құрып, бозарып-бозарып тұрып қалған. Күреден түн ортасында қабынып жеткен Хойылдыр да мойнына су кұйылғандай, көз оты сөніп, состиып қалды. Арыппай мұндағы мән-жайды шала ести сала, қалған сөзде шаруасы болмай, бурыл аттың соңынан кетті. Жолдағы елден полицейлерге алдырған қара шалма арқанды толғап кеп қыл мойынға бір-ақ соғып, жылқыға барып осқырынып қосылған шұбар сауыр буырылды бір демде қайта ұстады. Ұйғыр-қытай полицейлер ілезде ұсталып, өз алдарына қарай жетектелген ат келе жатқанда, Арыппайды жылқының піріндей көрген болу керек. Сұқсырайған жігіттен көздерін алмай, таңырқай қарасып қалған.
Полицейлер сол бетте шығысқа қарай бірнеше қырқаны асып кеп Мүкейден өздеріне Абдолланы қосып алған. Осы бағытпен енді тағы үш-төрт бел асып түсіп, түс ауа Мазыға жеткен. Со бойда Әменнің түпкі қорасында қараңғы жерде жоңышқаға бөгіп, семіріп тұрған «лоңқа торыны» шешіп алып, бар жолаушы бұл күні Керімбектің бір інісі Ахмадидің аулына қонған-ды. Соның ертеңіне, кешегі күні түс қайта сол топ Күреге де ілінген.

6

Қазір күн түс болып қалса да, сұрақшы бүгін Керімбекті әлі шақыртқан жоқ. Керімбектер Күреге келгенде осындағы бір ұйғырдың үйіне түскен-ді. Шеруден бірге келген төрт-бес кісінің бірі - баласы Мақсұт болатын. Ол осында келгеннен бергі бірнеше күн бойында Қарымсақтың жұмысымен айналысуда. Өзі бұнда елден Қарымсақты ақтамақ болған көп бармақтар басылған бір мол куәлі қағаз жасап келген. «Қарымсаққа тиісуші Мамозының өзі. Елдің қаралы жиынына жазықсыз адамын байлап, масқаралап әкелуші, сол арқылы қазақтың, бүкіл бір халықтың, арына, рухына жылан болып тиюші - Мамозы! Намысына, жанына тию ғана емес, тіпті оны ел екен демей, сойыл көтеріп асқындап басынушы, бүкіл халқымыздың қасиетін аяққа басып, ар-ұжданына соқтығушы - Мамозы! Жанжалдың неге шыққанын көрген, ішінде болған жиырма үй дүңген диқандары да осының рас екендігіне қуаттап қолдарын қояды. Бетпе-бет, көзбе-көз, анық табанды айғақ-куә да болады. Таяқты алдымен жеуші Қарымсақтың өзі күтпеген жанжалға еріксіз түрде киліккенін дәлелдейді. Сонымен бірге анық шындығына келгенде жанжал шығарушы бүлікші Мамозының өзі болғанын да жасырмаймыз». Осындай қырық-елу адамның мөр, саусақтары басылған қызыл ала қағаз полиция мекемесі - Жың са жүйдің бас жүй жаңына*. Сол қағазын Мақсұт полиция бастығына келген күннің ертеңінде енгізген. Сонан бері ол жайлы нендей хабар болмағын білу үшін, мекемеге күнде барып асыға күтумен құлақ түріп жүрген-ді

1 Жүй жаң - бастық.

Осында бастықтың орынбасары Әбдірейім деген ұйғыр бар. Күре уездік үкіметінің әкімі Ма шяньгон полиция мекемесіне аз ұлт адамынан қайткенде де өз тілін білетін біреу керек болғандықтан, орынбасар фу жүй жаң етіп, осы Әбдірейімді отырғызған. Мақсұт бүгін сол адамнан Қарымсаққа дүре соғылғанын естіп қайтты...
Әбдірейімге осыдан екі күн бұрын Керімбек те жай-жапсарын айта кіріп, жолығын шыққан. Анығына көшкенде, бұл адамның Керімбекпен іштей жақсы таныс, пікірлестігі бар-ды... Сопақ бетіне, әсіресе иек сүмегі ыңыршақтың басындай сорайып, ерекше біткен бет, мұрнының барлығында шешектен қалған қорасан ізі бар, қарашұбар Әбдірейім тегінде, ішті, пікірлі адам. Ол Керімбектің жұмысын аса сирек, мәнді адамда ғана кездесетін шынайы, зейінді ұқыппен тыңдап келіп:
- Бұл, Арыппай ініңіздің өзі істеген іс екеніне осындағы қытай адамдарының да көздері жетіп отыруы мүмкін. Бұлардың ауруы айтпаса да белгілі емес пе! - дей отырып:
- Қисыны қалай келер екен, істің сәті патшаны да жаңылдырады, деуші еді ғой, көрейік!..- деп, әлдебір шара ойлағандай пішінде қалып еді. Ой-өре жағынан барлық уақытта жұбатарлық сөз тауып айтқанына Керімбек ұйғыр жолдасына қанағаттанып жүретін.

Әбдірейім бұл орынға негізінде әскери қызметте төмендетіліп келген, гоминдаң өкіметінің қысымымен ығысқан адам болатын. Құлжа «Білім жұртын», одан ағартушылық қызметкерін дайындап шығаратын Үрімжідегі «Ұлттар дарылпұны» дейтін педучилищені бітіріп, сонан соң сол қаладағы офицерлер даярлайтын әскери мектеп - Жұң гуан шо шауда2 оқыған ұйғырдың алғашқы зиялы азаматының біреуі еді. Бұрын Құлжадағы гүбернелік үкіметтің әскери капитаны болған. Сонан былтыр Шыңжаң өлкесіне тұтас әйгілі болған, 1942 жылы аз ұлттан шыққан үкімет басшылары - Қожанияз-қажым мен Дәулеткелдінің көзін жойғанда, осы аз ұлттың өзге қызметкерлеріндей бұны да қызметте құлдыратып, осындағы Күре үйездік үкіметінің қол астына шегелеп жіберіп берген. Ал үйездік үкімет болса, оны және бір басқыш сырғытып, полицияға қызметке табыстап әмір еткен. Керімбек бұл адаммен сол былтырғы жылдан бері астыртын таныс... Содан тартып екеуі кейде оңаша, жасырын сөйлесіп қалып та жүрген...

2 Жұң гуан шо шау - әскери мектеп.

Қарымсақтың жалаңаш арқасынан дүре соғылып, орнына сүйреп апарып тасталғанын Мақсұтқа жаңа өз бөлмесінде отырып осы Әбдірейім білдірді. «Аузыңа уақып бол» деген қабақпен құпиялап айтқан. Соны естіп шыққан Мақсұт ат үстінде өзінің бет алды болған оңтүстік жаққа, шыған алыста мұнартқан, түйемойнақтаған, өркеш-өркеш биік тауға көз тастап, бір енжар жүзбен келе жатты. Түстік бетте, сонау көз ұшынан Іле өзенінің арғы жағындағы Тәңіртау жоталары көзге асқақтап шалынады. Көрген түс мұнарындай елбіреген көгілжім, нәзік пердемен көз талдырады. Бірақ ауыр ойға қамалған жас жігіт бұл мезетте өзінің анық қайда көз салып, нені көріп келе жатқанын да аңғарған жоқ еді.

Аттан тұйық жүзбен келіп түскен жігіт ұйғыр қорасында бағылып тұрған төрт-бес аттың қатарына ұзын бауыр, сүмбі керді қоя салып, биік лапасты ақ үйдің есігінен кірді.
Қонақ бөлмеде үш-төрт кісі бар. Қазір бұл үйде күндегі белгілі адамдардан өзге Шерудің «Құлайғыр» атанған кісісі отыр екен. Туыстығы Керімбекпен Шеруде арғы түптен қосылатын Биеке, Бітік дейтін атаның балалары. Құлайғыр осында абақтыдан, қамаудан шығып отыр. Үш айлық тұтқыннан осы бүгін ғана босатылып шығарылған. Бұның өз аты Ілебай. Бірақ бұл адам ел ішіндегі кейбір әрекеттерімен өзіне «Құлайғыр» есімін таңып алған... Қаулаған қалың құла жирен мұрты сабаудай қызыл сары адам біраз ашаңдап, түсі де бозғыл тартып қалыпты. Түскі дастарқан аяқталып қалған екен. Үй-іші бір жайды сөйлесіп отырған көрінеді. Құлайғыр өз әңгімесі үстінде шай құйған ұйғыр әйелге көз салып қояды... Кішілеу ақ самауырын жарқырап тұр. Шай құйып, шаншылып отырған үлкен қара көзді, алтын тісті, жүзік, сырғаларының жақұт көзі бар ақ әйел жас, әдемі. Ол Құлайғырдың бұған көбірек қарай бергенін түйсініп, қымсыныңқырап отырған сықылды. Мынау сабалақ сары, анайы қазақтан ап-ашық қысылып отырғаны байқалғандай.

Ел ішінде Құлайғырдың осы тәріздес, әйелге көз салғыштығына байланысты әлдебір осалдықтарына орай, қоңыраулатып соңынан еріп бірталай өсек-лақаптар жүретіні бар. Әр кезде басынан бір одағай ұрыншақтықты өткізіп, өз істегеніне соңыра барып бір-ақ өкініп, ойланатын батыр-шалыс мінезі болушы еді. Құлайғырдың бір өлеңші келіні айтыпты дейтін, салтта жоқ, сәтсіз дақпыртқа ұшырататын сөз бар. Сондай бір жаңғырықтың болуы анық. Әлгі келін сығыр:

«Көйлек алып бір мата,
Қарағым деп үн қата,
Үздігіп өлгір қайнаға,
Жетіп келді ел жата».

- депті деуші еді. Оны ел ішінің қалпақты шекеге киіп, сөз қуған, қылжаққой жігіттері тағы неше құбылтып:

«Көйлек алып бір мата,
«Келінжан!» - деп тіл қата.
Жүзің күйгір қайната -
Құшаққа алды ел жата!» -

депті, десіп те бұлаң ойнататын.

Ал «Құлайғыр» атты одан да бұрын алған Ілебайдың абақтыға жатуы бір оқыс жайдан туады. Былтыр жазда Құлайғыр тері-терсек саудалап Құлжаға барып қайтады. Жолда Баяндай деген жерден өтіп, бері елсізге таман шыққанда, астындағы аты арт жақтан бір дыбыс сезіп, елеңдей бастайды. Құлайғыр артына бұрылып қараса, мұнан едәуір кейіндеу жерде келе жатқан бір жүрісі қатты жалғыз аттыны көреді. Ұзақ жолға, күн шіліңгір шақта, шоқырақпен келе жатқан, бұл қандай тоғышар кеще неме?! - деп тағы бір қарағанша, әлгі атты Құлайғырдың соңынан емпеңдеп жетіп те қалады. Мойнына кескек байлағандай шошайтып мылтық асқан қытай шерік екен. Әне-міне дегенше қопақ-қопақ етіп, еріні кезеріп, бұның қасына жетеді. Ішінен бір бұзық пиғылға кеткен Құлайғыр онымен қатарласып жіберіп, әлгінің қасынан қалмай, бұ да текірекке басады. Шеріктің бет алысы Күре екені белгілі. Екі ара әлі ұзақ, елсіз... Құлайғырдың пейілі ашық бұзылып, шеріктің мойнындағы су жаңа, әдемі, сары ауыз мылтыққа көңілі кетеді.

Екеуі бір-біріне үн қатысып, тырс етпеген мылқау қалыппен, тек араларын алшақтау салып, мылқиып алып жортысып отырады. Бір-біріне тек ара-тұра үдірейіп, оспақты жүзбен қарасып қояды. Бар болғаны сол. Бір кезде екеуі жолды кесіп аққан кішкене суға кезігеді. Шерік астындағы жалын құнанша күзеп тастаған үлкен боз аттың терлеп танау қағып келе жатқанында шаруасы болмай суаруға айналды. Құлайғыр мынадай малғұн мұндарға ишарат етіп, өз аузы мен аттың аузыр қолымен ымдап «ауыздығын ал» деп момақан ғана белгі береді. Бірақ шерік оны істемейді. Қайта бой тартыңқырай, сыр бергісі келмегендей түсін суытады. Құлайғыр енді өз атын суарғысы келген адамдай жуас қана, монтаны қимылмен атын жай тебініп, анаумен қатарласа береді. Сол момын қозғалыспен тап қасына жанасалап алып, шеріктің бетіне көзін ежірейте, бағжиып қарай қояды. Жын ұрған адамдай бақшия қалумен бірге мол сақалын да селкілдетіп, қозғақ қақтырады. Дүрдік ерні аңызаққа кеберсіген шедірек шерік мынадай бәледен сәл секемденіп: .
- Са?! Са?!1 - деп айбарлана бастайды. Құлайғырдың күткені де, дәл осындай бір алмағайып, аралық сәт тудыру болған. Сол секундта қолды шеріктің жауырынынан асыра мылтыққа бір-ақ сап еткізеді. Болғаны сол-ақ, енді оны аттан аударардай етіп қаңбақтай жұла еңкейтіп, былғары баулы алтыатарды мойнынан жұлқи тартып, сыпырып алады. Сол сәт атын да тебіне қамшы басады. Шерік жарықшақ үнмен бажылдап соңынан түсе қуады. Бірдеңе деп жағы сембей, бақырып шапқанда, Құлайғыр шеріктің бір атқа мықты әскер екенін бірден сезеді. Сол үшін жолды тастап, оң жақтағы бөктер тауға қарай қиғаштап салады. Көзге түсіретін керуен жолдан еріксіз тайқып қашады. Бір әредікте Құлайғыр мылтықтың оқтаулы екенін байқап алады. Бұндайдың алтыатар екенін де Құлайғыр ел ішіне барған шеріктердің үре шыққан иттерді тырақайлатып қуалап атып жүргендерінен білуші еді. Жолға жақын адырқайдың бір жырасына ілініп қалған ол ат басын енді қалт бұрып тоқтай қалады да, ентелеп келе жатқан шерікке мылтықты кезей береді. Бағанадан айғайын тоқтатпай, дамылсыз бажылдап келе жатқан шерік атын қайта бұрғанша мылтық та шаңқ ете түскен.

1 Са? Са? - Не? Не? (қытайша).

Иә, бірақ Құлайғыр оны дәлдеп атпаған-ды. Тек, құтылып кетуді көздеген. Сонымен арада бір жыл өткенде, ойда жоқта биыл соның әлдеқалай сыбысы шығып, Құлайғыр ақыры барып тұтқындалып еді. Ол шеріктен құтылып алған соң, Күре маңымен жүрмей, елге Сарбұлақтың жонын басып жеткен. Бірақ сөйткенмен, жолда шекпенге орап бөктерген мылтығымен, жүрісінің суықтығынан өзінің бір сезікті көзге ұшырағанын сезіп қалған-ды. Күре ел-елге қатаң жарлық шығарып, ру-рудың басшысы деген адамдарын Күреге дереу жинап, сол істі көз құнындай жоқтаған. Сонда Сарбұлақтағы Торғай руының бір адамы Құлайғырдың түс-түрін, мінген ат, жүрген жүріс межесін шөлкемдеп қағазға мұқият түсірткен екен. Енді мұндай адам қайда бар деп сүргін салып, ырғап іздестіргенде, ең ақыры, сөз Шерудегі Құлайғырға келіп тірелген. Алғашында сыбыр болып басталғанымен, бұ шыққан сыбыстың түрі жаман көрінген соң, Құлайғыр бар сырды жасырмастан Керімбекке айтып, ақылдасыпты дескен. Сонымен мылтықты да ақыры Керімбекке тыққызған. Соның артынан іле-шала Құлайғыр Күреге шақырылды. Бір тәуір жері, бұл уақытта баяғы мылтықтан айырылған шеріктің өз көзі жоқ болатын. Үйездік үкіметтің қаһарлы әкімі Ма шяньгон полковник оған табанда өлім жазасын құштырып, тергеу жүргізіп отырған бөлменің тап өзінде өз қолымен ауыздан атқан. Ал анау Құлайғырды жолда көрген, оның сезікті жолаушы екеніне куә болған Торғай руының адамы Мұқибек дегенге Керімбек тізгін ұшынан бір беделді кісі шаптырды, «өз сүйегін дұшпанға Құрбан ғып байлап бермесін» деп, дұғай-дұғай сәлем жолдаған. Және сонымен қабат Құлайғырды ақтайтын кеп қағаз Шеру елінен ағылып келіп түсіп жаттғы. «Кұлайғыр деген Шеру Құлжадан келе жатқан шеріктің қаруын тартып алмақ түгіл, сол Құлжа қаласының өзін әлі көрмеген адам. Өмірінде Құлжаға барған емес» деушілердің тоғытқан куәлік дәлелдемелері. Бұл да, әрине, Керімбектің сәлемімен істелген.

Мұның үстіне Күреге жаңағы Мұхибек шақыртыла келгенде, «менің көргенім бұл адам емес» деген. Иә, бірақ сөйткенмен Мұқибектің бұрынғы жаздырған қағазына Құлайғырдың түс-түрін көп салыстырып, Күре енді сол куәгердің өзіне де жақсы сене алмағандай болған. Көзілдірікті сұрақшы қағазға бір, Құлайғырға бір, Мұқибекке бір қадалған. Сонымен табан үш ай ұстап, Құлайғырды қинап сұраған. Құлайғыр болса, қанша қорлық көрсе де, ақбезер де - көкбезер боп танудан жаңылмаған. Мұнымен кетсе, келмеске кететіндіктен, өлсем қинаудан өлейін деген. Мақсұт келгенде Құлайғыр Керімбекке өзінің көрген көп жәбір-жапасын шағып отыр екен.

...- Мына басыңыздан қырсау шеңбер салып, самай тұсыңнан бұрап қысқанда, екі көзіңіз ұясынан шарадай болып ойнап шығып кетеді екен. Екінші жолы, көрген жерден басыңа салмай жатып-ақ безек қағасың. Иманыңды үйіре бересің. Міне, тура мына тырнақтың көбесіне құлындағы даусыңды шығарып отырып тығатын ұшы қандауырдай қылпыған жұқа, жіңішке қамыс шабақшалары болады. Сол шабақшаны тырнағыңның астын сойып тұрып тыққан соң, о дүниеде жаныңды құдай қинағыр, кәйтеді демейсің бе? Әлгі қамыстың бергі жақ басынан от тамызады екен! От тисе бері қарай өзі шытырлап жана беретін май сіңген қарғыс атқыр болады екен. Сол жақындап жанып, қара тырнағыңа таман жылжығанда жаныңды қоярға жер таппай, тура өлдім деп, өгіздей өкіріп жібереді екенсің! Бұрын дәмін бір татқан болсаң, есіктен алып кіріп келе жатқанын көзің көргеннен-ақ еңкілдеп үнің қалай шығып кеткенін өзің де аңдамай қаласың. Онымен біте ме?

Ортасы өзек бір кісілік қуыс темір төсекке тас қып шалқаңнан таңып тастап, үрпіңізден жүгіртетін қарақұсы бар шиді әпкеле жатқан да, өз-өзіңнен оһо-һолап боздай бастайсың! Қастан шықпағыр-ай, құлындай шыңғыртып, - әлгіні бойлатып салғанда шанышқан ашуы тас төбеңнен, миыңнан шығып, шыңғырған үнің тақ құдайға жетеді!

Оны бір көрсең, өзіңе-өзің-ақ тез өлім тілей бастайды екенсің. Қой! Қой! Ауызға алма деймін! Мүттемге атама, қара кәпірді! - деп, Құлайғыр сөзін аяқтата кеп, жағасын қос қолдап басты.

Керімбек бұл сөздерді таңырқамай, томаға-тұйық отырып тыңдады. Ынта беріп, таң көргісі келмейтіні байқалады... Тек, сол естігендерінің шамырқандыруымен өз ішіндегі ауыр ойы қозғалып, «мына жатып қалғандар не болар екен?» деп қамауға түскен өзінің анық жанашыр көңілдесі Қарымсақтың жайын тесіле ойлап еске алды. Ойындағы жалғыз ол да емес, өзіне таңылған жалалардан ақтала ма жоқ па?! Егер оның бәрі мойнына зорлықпен артылса, алдыңғылар киген кебенекті жазбай өзінің де киетінін ұғынады. Құлайғырдың ренішіне басу айтып:
- Кебін кимей, кебенек киген екенсіңдер, келдің ғой?! Ылайым, түбі қайыр болғай! - деді. Құлайғырға егжей-тегжейлі оймен көңіл бөле көз салып, біраз отырды.
Үй ішінде бұл отырғандардан өзге Керімбектің Ахмади деген зәңгі інісі бар болатын. Орта жасқа келген, салқын оты бар, сарықоңыр көзі болжамды қабақ астынан байыппен қарайтын, көбінесе үнсіздеу жүретін адам. Және бұлардан басқа жанашыр, жақын дегеннен Мамырбек дейтін жиен жігіт бар.
Керімбек Мақсұтқа мол кеудесімен енді бұрылып:
- Иә, не хабар бар? - деп дағдарып сұрады. Бұл отырғандар ортасында неше күннен бергі сөздің бәрі көбіне осындай, қысқа және мұңы аралас болушы еді. Ақыл, тағаттан гөрі, іш жиғызған күдік, үрей көп. Тырс еткен дыбысқа барлығы да елең еткендей.

Неше күндер бойында кескінінен бір қалыпты түнеріңкі ой белгісі көрініп, неге болса да сабырлы санамен көніп бекінген Керімбек, ойы ауыр, ел-жұртқа абырой, беделі осы мінезділігінен көрінетін кісі.

Сол мінезіне тән барша тілек-талабы да, ел алдында оның ескерілуге лайық бірден-бір орны, бедел-салмағы болып білінетін. Соны, әсіресе, мына отырғандардай бала бауыр ағайын болса, өзгеден гөрі де анағұрлы жақын ұғып бағалайды. Осындай әкесінің сұрағына Мақсұт сәл үндеңкіремей тосылып отырып, Әбдірейімнен естіген жайсыз хабарды білдірді.
- Не хабар болсын!.. Қарымсақты дүреге жығып, орнына сүйреп апарып тастағанын естіп қайттым! - Бұл сөзге бірден ешкім жауап қатпады. Керімбек бір нәрсе айтпай жатып үн шығаруға өзгелер батпаса да:
- Жігіт Әзіретәлінің қылышына өзі ұшырайды, - деген ғой. Қарымсақ пен Арыппай - екі ердің, екеуінің де өздері тілеп кеп кіріп отырған жері ғой, - деп, бұл сөзге Мамырбек араласты. Өзі Мақсұтпен құрбы болса да, сөзді сұңғыла үлкендерше қозғады:
- Енді өкініп, күйінгенмен іс бітіп, ине шаншылды. Ендігі сөз - достыққа теңдік керек. Қарымсаққа батқан таяқ дәл сондай боп өз етімізге бататын көңілмен ұғайық. Қалған әңгіме, сөз соның жұмысына күш салып бағу. Ер керегіне жарарлық жүрек жолы кең ағайын екенін өзге күн емес, осындайда білейік.
Сөзін Мақсұтқа қарап айтқан Мамырбек қабағы түксірейген, үш жағы иірілген қоңқақ тұмсықты, бір көргеннен естен кетпестей оқшау нұсқасы бар жас. Ауыл өзін жас күнінен Мамыртай деуші еді. Мақсұт сол әдетпен үлкендерге ақыл салғандай:
- Біз Мамыртай екеуміз бүгін бастыққа тағы кірейік. Әнегүнгі арызға не жауап болатынын біліп шығайық, не десе де ұғайық, - деді. Өзі орнынан тез көтеріліп тұра берген. Дәл осы уақытта сырттан дабырлай, қатқыл сөйлеп кеп, екі полицей есіктен кірді. Салақтаған қайқы қылышы бар тымырайған полицейлерді аяқ астынан көргенде, жұрттың бәрі де сасып қалды. Әсіресе Құлайғыр кірерге тесік таппағандай. Олар қазақша балдыр тілмен Керімбекке:
- Сен сұрақшыға жүреді! - деп есіктен кіре әмір ете бұйырды. Үйдегілер үнсіз қимылдасып, Құлайғырдан өзгесі тегіс тұрып киіне бастады. Ахмади көзі ойдан босамай, бір сәтте жүдегендей болса да, Керімбектің бұндай шақта ешкімге айтар жұбату сөзі, айтқызары да болмаушы еді. Қайыспаған, қайта ширығып өрлегендей кескіні болатын. Сенетіні - қысым, зәбір көрумен келе жатқан өршіл жүректің зорлыққа көнбес, ішкі қуаты сияқтанатын.

Сұрақшы Керімбекті белгілі қылмыстарға қалай да мойындату үшін бір талай айла-шарғы ойластырған тәрізді... Ол үшін Арыппайды жықпай болмайды. Керімбектің інісін бұлар жай ғана есер, алабүлік деп білмейді. Оны өзге қазақпен салғастырмай, басқа көзбен қарау керегін полиция қауымы енді ұққан. Күннің күнінде қолына түссең, басыңды оңға қаратпай кесетін «осы» деп біледі. Сондай Арыппайды бүгін таңертең сұраққа тағы әкелген. Мамозы бұл жолы да ұрланған мал иесі ретінде көзі ақшиып сұрақтың ішінде отырды. Арыппайдың Абдолланы әкелтуі Мамозының одан сайын қанын қайнатқан. Ол өзі жіберген Хойылдырдың көзге түсіп қалғанын, ұрлық аттардың Абдолламен бірге келтірілгенін әлі білмейді.

Әнеугүні Арыппай сұрақшыға Абдолладағы аттарды алғаш баулап айтқанда Мамозыны әдейі сөзге қоспаған. Сол себептен маңдайы тайқиған Мамозы екі аттың көзін бұлардан бұрын құртамын деп, сол ойына сеніп малданған. Ат құрыса «жалған жала жапқаны үшін» Арыппайдың өз көзін де бірге құрттырармын деп өрісін кеңге салған. Қазір енді өзі қанша мығым сияқты көрінгенмен, Мамозының бір нәрседен қатты күдіктеніп жүргені анық. Еті ашынған Абдолла шынтуайттап, қызба табанға келгенде, ыза долықпен бар сырды ашып айтып жіберсе, ол бір дуан елдің үлкен қызметкері Мамозы үшін өліммен тең. «Ұрлыққа, парақорлыққа аса қатал қарау» деп шығарып қойған үкіметтің заңы бар. Биыл 1943 жылдың жазында Шыңжаң өкіметінің бас штабын билеуден бас тартқан Шың шы сай өзі кеткенмен, оның тағына қонған У-жың-шың сол Шың шы сайдің әйгілі алты жарлығын мықты мұрагер ретінде мызғытпай, тіктеп отырған адам.

Егер жаңағыдай боп, Абдолла белгілі екі атты өзіне Мамозы алдыртқанын ашса, онда сол Мамозымен болатын тартыста мұнан былай бір жола бетті ашыққа салады. Қарымсақ туралы бар кінәні Мамозыға артып бел буып, бет тақасқан куә болады деген сөз. Сұрақшы алдында Мамозының шынайы қас адамы Қарымсақты ақтайды. Онда ат иесі - Әлидің де ісі Мамозымен болады. Міне осы сияқты кер толғақтармен, кене буғандай буылған Мамозының бар мазасыз ызасы қара бұлттай түйіліп кеп қазір көз алдындағы Керімбек пен Арыппайдың басына көшкен. Керімбектен ала алмаған өші болса оны да осы арқылы шешпек. Арыппайды сұраққа келтірер алдында Мамозы өз тарабынан тағы бір оқиғаны сұрақшыға көлденең арыз еткен.

...Осыдан үш жыл бұрын Мамозы қартайған әкесі - Мадаңзыны бір жаз Шерудің жайлауына шығарған. Қымыз ішіп, жайлау жайлап қайту үшін жіберілген шал-кемпірге Мамозы өзінің екі-үш кішкене баласын да қосқан. Мамозымен араздығы сол тұста басталған Арыппай сонда тағы бір оғаш іс істеген. Мамозының әкесі баяғыда шапанын иығына салып, жалғыз таяғымен келген Мадаңзы бұл уақытта Мамозыдай баласының бектігін пайдаланып айнала маңына, жалшы-малайларына өте тынышсыз бола бастаған. Жылдан-жылға маңайына қаталдық көрсетіп, көрші-қоңсыға әкім ғыла сөйлегіш, мазасыз, көк айыл шал болып алған. Бірде ол кейін Шеруге көшкен егінші дүңгендердің бірінің үйіндегі жалғыз тәуір кілемге көзі түседі. Сол дүңген - Мамозының өз малайы екен. «Егіннен жақсы өнім алмадың. Күш-көлігімнің майын зиянына кетірдің» деп, Мадаңзы бүлік шығарып, соның бодауына өзі қызыққан кілемін тартып алады. Арыппайдың жолдасы - Әли сол кілемді Мадаңзы жайлаудың жайлы түнінде, далада жатқанда астына төсейтінін көрген. Екі жігіт кешкі мезгілде сол тұстан өтіп бара жатып, ойында ешнәрсе жоқ Арыппайға Әли кілем жайын сөз еткен. Мамозыны қайтсем мұқатамын деп жүрген Арыппайға жолдасы Әлидің бұл сөзі еп келеді. Арыппай сол күннің түнінде-ақ малды ауылдың иіс-қоңысынан аулақ қонған жотадағы жалғыз қос - Мадаңзыға жетеді. Айтқандай-ақ, Мадаңзы төсекті қостың алдына, әдемі көк жазаңға салдыртыпты. Иті жоқ үйге Арыппай атын тақау кеп байлап, аяғын мысықтай басып жеткенде, шал ұзын ақ сақалы ай сәулесімен күмістей жарқырап, шалқасынан қатты ұйықтап жатқан екен. Қорылдап, қалың ұйқыға кетіпті. Мадаңзының кейінгі алған жастау қытай қатыны да рахат ұйқы әуенінде сияқты. Балаларды екі орталарына алын жатыпты. Арыппай басбағып кілемді көріп алған соң, аяғының ұшынан басып шылбырын шешіп әкеп кілемнің бір жадағай бұрышына шалып байлайды. Сонан соң сулығынан сақ ұстап, атты жетектеп келеді де, шылбырды тақымға басып еңіске қарай тебініп, шу деп ұра жөнеледі. Шырт ұйқы үстінде жатқан орындарынан ақтарыла төгілген немерелер мен шал-кемпір, тіпті өздеріне не болғанын да ұға алмай, естерінен тана, ұлар-шу болып қалады. Қытай әйел талып түсіп көпке дейін есін жия алмайды. Кейін сол әңгіме тағы бірталай дау болып, Мамозы «мұны Арыппайдан басқа ешкім істеген жоқ, інісіне Керімбек істетіп отыр» деп арызданады. Күре полициясы төтенше бұйрық жазып, Мамозыны қолдап, аяғы және ұлғайып бара жатқан соң, Әли «оны істеуші мен» деп қарсы дауға шығып, сөз бетін бұрып әкетеді. Бірақ соның кегі Мамозы кеудесінен әлі өшкен емес-ті. Биылғы жылда қиюсыз келіп Арыппайдың атын аударып әкетуде де Мамозы сондай қым-қиғаш өштіктен бір сәт арылмаған.

Арыппай сұраққа отырғызылар алдында сұрақшыға бүгінгі Мамозы арыз еткен ескертпе сөз осы еді. Осы істі кезінде өзі тергеген сұрақшы Мамозы есіне түсірмесе де, Шеру руымен болған дау-дамайлар шылбыр шыжымына дейін бұның зердесінде жатқан.

(жалғасы бар)
Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525