Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3354 0 пікір 25 Ақпан, 2013 сағат 07:10

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

Үшінші тарау

1

Осы күннің ертеңінде Шеру ішіне Күреден бойларына қару асынған бес атты жасауыл келіп үлгерді. Кеше Мамозы кештетіп жетісімен Күреден түнделетіп жөнелтілген шапқындар. Екеуі «сақшы» деп аталатын полиция мекемесінен шыққан қылышты полицейлер. Қалған үшеуі осылардың қасына арнайы Күре үйездік үкіметі қосып берген, қарулы құралмен келген қытай шеріктер. Бұлар осы бір күннің ішінде Қарымсақтан бастап дәл он кісіні тұтқындады. Үшеуі осындағы егінші дүңгендер еді. Кешегідей сәті келген шақта бұрын өздеріне ызасы өткен бай дүңгендерге кекпен қамшы сілтегендер.
Керімбекке «ертеңгі сағат сегізде Күреде боласың» деп тығыз бұйрықпен шақыру қағаз тастады да, өзгелерді тапқан-тапқан жерінен табанда байлап, басы ашық тұтқындаған түспен әкетті. Күре Шеруге Құлжа қаласымен тең ортада десе болады. Қасына жанашыр жақын дегеннен төрт-бес кісі алған Керімбек кешкі астан соң бұл сапарға түнделетіп аттанды. Бір күндік жолды таң атқанша басып өтпек.

Үшінші тарау

1

Осы күннің ертеңінде Шеру ішіне Күреден бойларына қару асынған бес атты жасауыл келіп үлгерді. Кеше Мамозы кештетіп жетісімен Күреден түнделетіп жөнелтілген шапқындар. Екеуі «сақшы» деп аталатын полиция мекемесінен шыққан қылышты полицейлер. Қалған үшеуі осылардың қасына арнайы Күре үйездік үкіметі қосып берген, қарулы құралмен келген қытай шеріктер. Бұлар осы бір күннің ішінде Қарымсақтан бастап дәл он кісіні тұтқындады. Үшеуі осындағы егінші дүңгендер еді. Кешегідей сәті келген шақта бұрын өздеріне ызасы өткен бай дүңгендерге кекпен қамшы сілтегендер.
Керімбекке «ертеңгі сағат сегізде Күреде боласың» деп тығыз бұйрықпен шақыру қағаз тастады да, өзгелерді тапқан-тапқан жерінен табанда байлап, басы ашық тұтқындаған түспен әкетті. Күре Шеруге Құлжа қаласымен тең ортада десе болады. Қасына жанашыр жақын дегеннен төрт-бес кісі алған Керімбек кешкі астан соң бұл сапарға түнделетіп аттанды. Бір күндік жолды таң атқанша басып өтпек.
Күре - бұл уақытта бұрынғы Қорғас пен Сүйдін екі үйездің бірлесіп бағынатын орны. Тегінде, тоғыз үйезден тұратын Іле губернесінің орталығы Құлжадағы гүбернелік штаб - Сы-лың-бу1 бұрын Құлжада емес, көп заман осы Күреде болып келген-ді. Кейін сол Күредегі гүбернелік штаб Құлжаға көшкендіктен, енді Қорғас пен Сүйдін екі дуан ортасында атсыз, атақсыз қалатын болған бұрынғы әйгілі Күрені әлі де ұмыт қалдырмаған. Осы Қорғас, Сүйдін екі үйездің басын енді Күреге әкеп, үлкен бір үйез етіп тоғыстыған. Сонымен өз тұсында гүбернелік штаб орталығы болған мәйекті Күре - бұл шақта да аты шулы үйездік үкімет орны.

1 Сы-лың-бу - губернелік штаб.

Байырғы Күре аты әлі де болса үлкен бір обырдай!.. Сол Күреге Шерудің, міне, бір шоғыр адамы жауапты бола келді.

2

Мамозының биесін Әмен ұрламаған. Оның қорасынан барып арғымақ бие алу - айдаһардың үңгірімен ойнаудай. Ал соны істеуші өзге емес, Керімбектің інісі Арыппай еді...
Мамозы осыдан үш жыл бұрын Арыппайдың маңдайға басқан жалғыз бәйге қара атын қолқалап сұратқан.
Бірақ ат иесі көнбеген. Соның қысасынан кекшіл Мамозы Арыппайға ашықтан-ашық дізесін батырмақ болды. Сол тұста Абдолла ақалақшының бір қызына Арыппайдың көңілі кетіп жүрген кезі екен. Айттыру үшін, тіпті қызды алып қашу үшін кісі де салған. Және бұл өзі Арыппайдың ұрма мінезіне байланысты ел құлағына шалынған, дақпыртты әңгіме болып шығады. Ал соған әдейі, қасақана келгендей, талай заманнан бері Абдолла мен Мамозы арасы жақын.
Ежелден көрші отырып Шерудің бар қыр-сырын жете білген ділмәр Мамозы Арыппай жайлы болған жаңағыдай қауесет тұсында Абдолланы Арыппайға шүйлеп салады. Тағы сол қарсаңда бір ғана болыс Шеру ішінде Арыппайдың ағасы Керімбек пен Абдолла араларына да көлеңке түсіп жүрген кез болған, Тегінде, Абдолла мен Керімбек Шеруде жасынан қатар өскен тату құрбылар еді. Абдолладан бұрын Шеруге мампаң болып Керімбек сайланған. Бірақ кейін ол үкіметке жақпады.
Сондай бір алмағайып шақта, екінші жақтан үйездік үкіметтің алым-салық өкілі Мамозы арқылы астыртын әрекетпен Шеруге Абдолла болыс болып, Керімбек орнынан түсіріледі.
Сонан былайғы аралықта, сырттай қарағанда ешнәрсе білінбегендей көрінгенімен, Абдолла меи Керімбек арасы бұрынғыдай болмай келген. Ал Керімбек пен Мамозының ара-жігі бұрыннан тәуір болмағаны айқын. Сондықтан Мамозы ендігі жерде орайын тапса, Керімбекті қырына алу жағына түрініп шыққан. Оның інісі Арыппайдың атын сұратудағы түпкі есебінің өзі осы. Сол арқылы Керімбектің жанына тие түсу. Сондай жеңсігін енді ашыққа салып, осы биылғы жазда екі жылдық қан бәжіні төлемедің, ұстатпай қаштың» деген желеумен Мамозы Күреден арнайы полицей шығарып кеп, Арыппайдың бұт артар жалғыз қыл құйрығын ақыры аударып алып, үкіметке түсірткен. Арыппай сол үшін жанжалдасамын деп биыл жаз бойы кесік көріп, қамалып шыққан-ды.
Ал бірақ қайсар жігіт Мамозының арғымақ биесін алуда тек бас есеп ойлап, өшпенділікпен ғана ұрынбаған. Тегі, Арыппай деген жасы отызға әлі келмеген боздақ болса да, айлаға келте жан емес-ті. Мұның ендігі түпкі есебі - Мамозы мен Абдолланың арасын суыту, ажырату шарасы. Сол екеуін қырбайластыруды көз жазбас нысана ғып ұстаған.
Күре үйездік үкіметінің Шеруге, бір рулы елге ғана емес, бұрынғы бүкіл Қорғас дуанына қойған бас бәжігері* Мамозы, алым-салық жөнінде сол ұлан-ғайыр көп елдер, рулар үстінен өкіметке қанағаттанарлық мол табыс түсіреді. Өзін де қалтарыс қалдырып ұмытпайды. Әрі ондай жентектелген соқталы жемге тек бір Мамозының ғана асқұяры толмайды. Кенелетін жеке біреу ғана емес, бұның арт жағынан шоқиып қарап отырған Күре үкіметінің әкімі бар. Бір дуан ел Қорғастың қыбын танып, сырын білу үшін осы Мамозыны көргендікпен ұстаған үйез бастығы Ма шяньгон** полковник отыр. Саусақтарын жыл он екі ай шот тасы қажаған есеп-қисап бөлімдері тағы бар. Олар да әрбір тасты қаққанда жүнін жүндей, жабағысын жабағыдай қылғиды. Диқандардың астығын да қауызына қақалмай қылпығымен, шарымен қаужайды. Ма шяньгонге өз басын табыстаған көңілімен шын адал қызмет етіп жүрген біреу болса және сол біреудің өзі - Мамозы болса, бірегейі де осы деп біл. Әр үйездің сондай «Мамозылары», мәселен, қазақ үстінен жем жегенде қалай жейді? Кім арқылы қарпиды?

*Бәжігер - алым-салық бастығы.
** Шянь гон - үйез бастығы.

Оны әр елді басқарып жүрген би-болыс, зәңгі, ақалақшы сияқты ру басы, ел басылар арқылы қамдайды. Қамбасы - халық. Шаруа баққан еңбекші ел бұқарасы. Мамозының бұл әрекетпен Шеру елін теспей сорып, қалай жеп жүргенін Арыппай білмегенмен, бұрын ел ісіне өзі араласқан Керімбек жазбай таниды. Әр қадамын бұлжытпай бағып, бекет сайын алыстан қарауыл салып отырады. Арыппайдың құлағына бұл ағасы Керімбек арқылы сіңісті болған жай. Ал ұрлық бие етін Арыппайдың жазықсыз Әменге апарып арандатуы ше?
Абдолла Арыппайға бермеген қызын кешегі мойынға шұжық киюшы Әменнің інісіне атастырған. Сонда Әмен Арыппай алам деп жүрген, ерте күннен көңілімен иемденген Абдолла қызын біле тұра мұны аттап өтіп, өз інісіне аударып берген болады. Өзі Арыппайдың аталас ағайыны бола тұрып сол ағайындықтан, татулық бірліктен аттап өтті. Жайшылықта «ағайынмын» деп емексіткенімен анық өзім деген жерге, жеме-жемге келгенде, Арыппай оған қора шетіне қадалған қарақшы ғұрлы екен... Кегі бар жерге қасқа тісі қоса кеткендей жалғыз атты кедей жігіт ес білгеннен бергі өші бар жерін ұмытып жүрген жоқ-ты. Осы жолығысы оның өз дұшпандарын жеңіп өлсем, арманым жоқ деп серт алған айлалы жорығы. Сонымен шынайы өшпенді жігіттің бұл сапарда бие ұрлап сою арқылы табандап тұрып ұстатпақ адамдары: пешенесіндегі қарманып мінер жалғыз жақсы атын аударып алған Мамозы, қалыңдығын қаратып әкеткен Әмен, қызын бермей, қайта, Мамозымен тіл біріктіріп, бұның өршіл басын қара жердей ғып қорлаған Абдолла болыс. Істің сыры, түп мәні осылай болғанда, Арыппайдың ойы - осы жолы бір емес, бірнеше жерден қырқай шалу. Мамозының биесін Сылабек деген аталас ағайынының үйінде бір түннің ішінде үшке бөліп сойғызып, өз үлесіне тиген қазы, шұжық араласқан бір мүшені теріге орап, қанжығасына байлаған...
Терісін сатып, талыс жасаймын деп жолдастарынан басты да «қалап» алған. Бірақ сол бойда төменгі өз ауылы жаққа беттемей, атына қамшы басып тура Әмендікіне қарай салып ұрып жөнелген. Барқ-барқ етіп сабырмен үріп шыққан барақ жүнді, ақшұнақ төбетке ат үстінен үлкен бір сүйекті етімен тастағанда, әлгі мақұлық парақор адамдай үні өшіп, қораны айналып жоғалған. Сонымен теріні ат қораның төбесіне, шөпке тыққанда ту құйрықтың бір шоғын әдейі шашақтандырып, бергі бетке көрсетіп қойған. Бие сойған үйдің әйелі Әбиханға айналдыртып алған қазы, шұжықты шошала төбесінен ішке түсіп, ас-бақандарға саусытып іліп, басты да бір бұрышқа «жасырған»... Бұл уақытта қаннен қаперсіз жылы төсекте түн жарымдағы рахат ұйқыда жатқан Әменнің ұсталатыны сол түннің таңертеңі.
Арыппай өзінің осы әрекетінің хабары дәл осы түні Мамозы құлағына жетуі үшін, бір амалды күн бұрын қамдап, ерте ойлап қойған. Бай дүңгеннің биесі содан бір күн бұрын жоғалған. Ал соның ертеңінде, кешке таяу Шеру ішіндегі диқаншы дүңгендердің бір үйіне Мұштайзы дүңгенінен бір жігіттің келіп отырғанын Арыппай сезген болатын. Анау, әрине, Мамозының жіберген жансызы болады. Сол адамның құлағына Арыппай осында Шерудің шетіне көшіп келген, өзімен көңілдес жолдасы Әли дейтін егінші дүңген арқылы әлдеқандай сөз ұшқынын тигізген...
Кім айтқаны, қайдан шыққан сөз екені белгісіз, әйтеуір, бүгін түнде жоғары жақтағы Әмен дейтін қазақтікіне әлдебір ұрлық жылқы сойылғалы жатыр дейді. Шам дайындап, пышақтарын қайрап, тұз талқандап күбір-сыбыр, әбігер екен деседі. Сөз ұшығы анық. Соған қарағанда егер Мамозы осы түні таң ата қимылдаса, тап бастырмай жоғының үстінен түсуге кәдік... Міне осы хабар түн ішінде дәл Арыппайдың ойлағанындай тізгін ұшымен Мамозыға жеткен. Сол түні ашумен кірпігі айқаспай, түнімен төсегіне сыймай шыққан Мамозының Мұштайзы дүңгендерін ұйқысынан үркітіп, құзғын ұшпай атқа қондырғаны сол еді.
Күреге кешегі он шақты адаммен бірге қолы артына байланып Әмен де әкелінген. Қазір ол тергеу үстінде «олла, біллә, ешнәрсе білмеймін» деуде. Әменнің мұндай іске бармайтындығы жайлы ел басқарушы атынан Абдолланың көп адамға қол қойғызған қызыл ала мөрлі, ақтау қағазы да жетті. Және сондай сенім хат-кепілнама қағазын жасап, оған да бірнеше адамға қол қойғызып, ел ағасы Керімбек те ұсынып отыр.
Полиция сұрақшысы алдында Мамозы Керімбекке «дүңгендерді сабатуға себепші болған осы» деп етектен ұстап жабысқан. «Ұрымды тауып беріп, сұмырайды жолға салу орнына, ас беріп жатқан ағайындарын қоздырып, бізді сабатты» деп отыр.
Егер ол полиция мекемесі алдында Керімбекті заңмен жығып, осыны мойындата алса, онда соның өзі-ақ Керімбектің бір басына жеткілікті тауқымет.
Осыдан екі күн өткенде ұрының кім екені де әйгілі болды.
Енді Керімбекке бұрынғымен қоса тың бір жала және жамалауға айналды. Мамозы Керімбекке «осының бәрін ініңе істетіп отырған сен өзің екенсің» деп шүйілді. Осыдан бірер ай бұрын үйездік үкімет бастығы, полковник - ұлық Ма шяньгонға анау Мұрыншақ апарған, жер бәжі жөніндегі арызды Мамозы Керімбек жаздырып отыр деп көрсеткен. Тау ішінде жүрген Мұрыншақ сияқты жалбақай қазақтың Мамозы мырза үстінен шағым апарғаны оның намысын өлердей қоздырған. Гоминдаң партиясының осы жергілікті билеп-төстеушілеріне піріндей табынып, арқа сүйеп, сыйынған Мамозының қазақ десе жыны ұстайтын. Мұрнына мұрнын түйістіріп искелескен арлан тағылардай, бір-бірінің дем лебіне етене болған. Сонда ол, тіпті Мұрыншаққа өзінің дүре соққызып әуре боп тұрғанына да ызаланып, әлде бір құбыжықпен намыс салыстырғандай көрінген. Сондағы тіс басып «қап» дегені тағы да сол Керімбек болған. Басына тепкен асау қан мен бойын кернеген ызалы ашудан сол жолы Керімбек үшін қатты бір байламға серт еткен...
Мамозының намысын Мұрыншақ қандай келтірген болса, дәл сондай халде Шыңжаңдағы аз ұлттардың әр жерден бір бас көтеріп отырған әуре болуы үкіметтің де зығырын сондай қайнататын.
Соның күн бұрынғы байбалам, дүмпуінен үкіметтің талай-талай Мамозылары аз санды ұлтпен қуыршақ ойнағандай ойнайтын. Аздың кегін кегі бар демей, тәлкек етіп ойнайтын. Сондай Мамозының Керімбекке анық шындап бір шүйлігер жері енді, міне, тап осы тұс болмай ма? Керек десе қан алар жері осы еді...
Арыппай Күреге әнеугүні Қарымсақтармен бірге алып келінген. Мамозы дүңгендермен төбелестің басталуына анық себепші болған «бұзақы» ретінде ұсталған. Күрені полиция мекемесін әзірше таңдандырғандай болған бір нәрсе Арыппайдың өз «қылмыстарын» сөзге келместен мойындай беруі.
Бүгін Арыппайға екінші жол сұрақ жүргізгенде бөлмеде көзінде көзілдірігі бар жас қытай сұрақшыдан басқа есік жақта қылышын салақтатып түрегеп тұрған қытай полицей және тілмәш дүңген жігіт пен Мамозы отыр еді.
Тегінде, Арыппайдың түр-нұсқасы ерекше жаралған. Бет сүйегі ұзын, әрі қыспақтанып келген, дәл соған орай біткен етсіз мұрны қырдай болып сорайған. Тік қабақ астындағы сары-қоңыр көздерінде аса сабырлы оты бар, жүзін даланың аңызақ күні қаққан, тобылғы торы жігіт босағада айыптаушы топқа таймай қарап сұқсырайып отыр.
Сұрақшының тұнық көзәйнекпен суық сызданып қараған көзі алдындағы адамын еріксіз тайсалдырғандай.

Ұр десе ұрып, айтқанын істеп беретін, қылышын сүйреткен құдіретті күші бар... Қазір сұрақшы Арыппайдыц «Мамозы биесін аштықтан ұрлағам жоқ» деген жауабын іліп әкетіп:
- Немене, сен ұрлықты сонда ойын үшін істейсің бе?! - деп, шатынап сұрады. Ол бүгінгі сұрақты салған жерден қатал жүргізгелі отырған тәрізді. Нұсқасынан дүре бұйырғысы келетіні аңдалғандай.
- Мен бұл істі ойыным келгенінен істегенім жоқ. Сіздердің алдарыңызға дәл осылай келіп жауапта отыратынымды өзім де білдім... Баяғыда білгем. Мен қолыңдамын, не қысаң да.
Бірақ тексеретіндерің анық шын ұрлық болатын болса, онда ең алдымен Шерудің ұрысы Абдолла, Абдолланы тексерттірмекпін, - Арыппайдың бұл жауабына сұрақшы кенет таңданып қалды. Жауапкер өз сөзін әрі қарай баяндап:
- Тап осы биыл жаздың өзінде Абдолла өздері тақыр кедей, аз үй дүңгеннің екі атын ұрлатып алдырды... Екеуінің де күні бүгін көзі бар... Бірі қара бурыл ат. Жайлауда Дәулетхан деген баласы сол аттың сауырсына сары май қайнатып шашқан. Ол әзір сондағы күйген орнына ақ теңбіл жүн шығып, еліктің қозықасындай шұп-шұбар сауыр ат болды. Тап қасынан барып көрмесе, оны енді өзге түгіл, өз иесі де танымай қалады. Санының қайшы таңбасына жалпақ қаңылтыр қарып басып оны да бұзған. Оған да бедерленіп жүн шықты. Сол ат қазір Шырышты деген жерде, Абдолланың отардағы жылқысында жүр. Ол - бір. Ал екіншісі - соның қасында келген «лоңқы торы ат» деген. Арқасында жазылмайтын шилі жауыры болғандықтан оны осында жатқан Әмен құдасына соғымға берген. Ол да күні қазір Әменнің түпкі қорасында жемге байланып тұр. - Жігіттің осы сөздері тұсында Мамозы, неге екені белгісіз, ыңғайсыз бір күйге түсіп ашық қыпылдап қалды. Өз маңындағы неше адамның нұсқасын қалт жібермей аңғарып отыратын зерек сұрақшы оны да сезді. Өзі бірден аңтарылып, Арыппайға тесірейіп қарады. Ойламаған жерден қатты таңырқап қалды. Ол бір нәрсені есіне мықтап сақтап алғысы келгеңдей қырағы жанарымен Мамозының түр-құбылысына бір-екі қайта қиғаштата көз жүгіртіп өтіп:
- Егер сен осы айтқаныңды дәлелдеп, аттарын тауып бере алмасаң, онда өзіңе қандай жаза лайық көресің? Соны ойладың ба?! - деп, жазғыра қатуланып үстелде жатқан дүре қалақшасын оң қолымен сығымдай ұстап, салмақтап білеп отырып:
- Әр сөзің өзіңе қылмыс болып жабысса қайтеміз, не істейін?! - деді.
- Онда жаза-саза емес, тақ сол жерде табанда атып тастасаң ризамын! Сол үшін қағазға қол қоямын.- Сұрақшы бұл істің адам таппас айламен істелгенін енді аңғара бастады. Осыған байланысты Мамозының да жасырын ілгешек сырын ұғуға қызықты.
- Сен бір істі әлі де мойындауың керек, оны мойындамай бәрібір ешқайда бармайсың. Сен осының бәрін ағаң Керімбектің айтуымен, соның берген ақыл-айласымен істеп отырсың! Сол арқылы Керімбек өз өшін Мамозыдан және Абдолладан алмақ. Міне, осы дәлел рас емес пе?
- Жоқ, тіпті де олай емес! Менің мұнымды Керімбек жөн көріп, қостамақ түгіл, тап қазір мені қолына берсе, өзі-ақ өлімші қылар еді.
Сөзді ұзаққа салғысы келмеген ысқаяқ сұрақшы шамырқанып:
- Сенің кімді ойнатқың келіп отыр! - деп түсі құбылып алақанымен үстелді ұрды. Бұндай соқталы амалды жас адам - Арыппайдың тек өзі тапты дегенге күмәнді секілді. Бірақ мына жауапкердің нұсқасынан қайта қоймайтынын әлдеқашан танып болған. Жігіттің «осыдан басқа айтарым жоқ» дегендей түйіліп қалған жабық кейпінен кейінгі керекті бір сырды толық біліп, көз әйнегі үстінен ежірейіп отырды да:
- Апарып аш қамап таста, мады кы пи* - деді. Айда десе соны орындауды білетін, бұйрыққа жаттыққан қытай полицей сұрақшы әмірін ести бере, томырылған қимылмен шап бұрылып, жауапкерді желкесінен итермелей айдап әкетті.

*Мады кы пи - аттың тезегі деген сөз (қытайша).

(жалғасы бар)
Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1571
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3565