Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2607 0 пікір 6 Ақпан, 2013 сағат 11:21

Ұлттық құраманың құны қанша?

 

 

Бүгін Түркияның Кунду қаласында футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Молдова құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Аталмыш кездесуге бір күн қалғанда бас командамызда біраз өзгерістердің болғаны анықталды.

Кунду қаласында ауа райы жанға жай­лы. Термометр бағаны +15 градусты көр­се­тіп тұр. Кездесу кезінде де аспан ашық, күн жылы болатынын ғаламтор беттерінен білдік. Тіпті 20 градусқа дейін жылуы да мүмкін.

Жалпы, Кунду - Түркиядағы жылдам қарқынмен дамып келе жатқан курортты жас қалалардың бірі. Жерорта теңізінің жа­ғалауында орналасқан. Анталиядан 30 шақырым, Белектен бес шақырым әріде жатыр. Әдетте, жылдың бұл мезгілінде көбіне күн ашық. Сондықтан да болар, ұлт­тық құрамамыз биыл оқу-жаттығу жиы­нын осы қалада өткізуді шешіпті. Ко­ман­да күніне екі мезгіл жаттығуда. Сон­дай-ақ залдарда атлетикалық гимнастика­мен айналысып, физикалық қалыптарын сақтап жүр.

Өкінішке қарай, ұлттық құрамамыз Кун­дуға төрт көзі түгел жинала алмады. Қорғаушы Мұхтар Мұхтаров пен жартылай қорғаушылар Анатолий Богданов пен Қазбек Гетериевтің аздаған жарақаттары бар екен, дәрігерлер бұл үшеуіне жолдас­тық кездесуге қатысуға рұқсат бермеді. Сондай-ақ денсаулығына байланысты Валерий Коробкиннің де алаңға шықпауы мүмкін. Олардың орнына бас бапкер Ми­рос­лав Беранек жиынға бір-ақ ойыншыны шақыртты. Ол - «Тараз» футбол клубының жас қорғаушысы Елдос Ахметов. Елдос бұ­ған дейін бас команда сапында бір кездесу өткізген. Осыдан тура бір жыл бұрын Ан­та­лияда өткен жолдастық кездесуде ла­тыштарға қарсы сәтті ойнаған болатын.

Дегенмен қарсыластар сапында да өзгеріс бар. Қазақстанның «Ақтөбесінде» өнер көрсететін Сергей Ковальчук жиын­дардың бірінде жарақат алып қалыпты. Оның орнына Молдованың бас бапкері Ион Карас Милсамиден жартылай қорғау­шы Мариан Столеруді жедел түрде ша­қырт­ты. Бұл футболшы бұған бас команда сапында алаңға шықпаған екен. Молдова футболшылары Анталияда жаттығу жиы­нын 2 ақпанда бастап кеткен.

Жалпы, Молдова құрамасының бізден мықтылығы шамалы. Тіпті ФИФА рейтин­гінде де Қазақстан құрамасынан алысқа ұзай қойған жоқ. Яғни біз 142-орында бол­сақ, олар - 128-орында. Таяуда, нақ­ты айт­сақ, осы айдың басында Молдо­ва фут­бол федерациясында үлкен конгресс ұй­ым­дастырылып, президенттік сайлау өтті. Конгресс барысында 50-ден астам жан­күйер ғимараттың сыртын торуылдап, ел футболының баяу дамуына байланыс­ты наразылық шеруін өткізді. Дегенмен соған қарамастан Павел Чебану бесінші рет қатарынан жеңімпаз атанып, қай­тадан ел футболының басшысы болып сайланды.

Ал енді қос құраманың футболшы­ларын салыстырып көрейік. Әлем футбол­шы­ларының бағасын анықтаумен айна­лысатын Еуропадағы беделді transfer­markt.de сайтының мәліметі бойынша, Қазақстанның ең қымбат ойыншысы - Ген­рих Шмидтгаль. «Гройтер Фюрт» қор­ғаушысы 1,750 миллион евро тұрады. Мол­дованың ең қымбат ойыншысы - Александр Епуряну. Мәскеудің «Дина­мосында» өнер көрсететін қорғаушының нарықтағы бағасы 3 миллион евро.

Дегенмен қос құраманың құны қан­ша­лықты болса да, жасыл алаңда кездесу тағ­дырын футболшылардың бағасы емес, шеберліктері шешеді. Ендеше, жігіттері­мізге жарқын ойын мен сәттілік тілейміз!

 

Тransfermarkt.de сайтының мәліметі бойынша, осы жиынға шақыртылған МОЛДОВА ұлттық құрамасы футболшыларының нарықтағы бағалары:

Қақпашылар: Станислав Немашко - 300 мың €, Сергей Пащенко - 150 мың €, Адриан Негай - ? €: Барлығы - 450 мың €.

Қорғаушылар: Александр Епуряну - 3 млн €, Игорь Армаш - 1,5 млн €, Виктор Головатенко - 650 мың €, Семен Булгару - 400 мың €, Петр Раку - 200 мың €, Ион Жардан - ? €: Барлығы - 5, 750 миллион €.

Жартылай қорғаушылар: Александр Гацкан - 2 млн €, Станислав Иванов - 400 мың €, Александр Оникэ - 300 мың €, Александр Суворов - 300 мың €, Артур Ионице - 300 мың €, Артур Патраш - 250 мың €, Сергей Георгиев - 200 мың €, Александр Пащенко - 150 мың €, Мариан Столеру - ? €: Барлығы - 3,9 миллион €.

Шабуылшылар: Игорь Пикащук - 800 мың €, Игорь Бугаев - 400 мың €, Анатолий Дорош - 250 мың €, Александр Дедов - 200 мың €, Сергей Даду - 100 мың €: Барлығы - 1,750 миллион €.

Барлығы - 11,850 миллион евро.

Тransfermarkt.de сайтының мәліметі бойынша, осы жиынға шақыртылған ҚАЗАҚСТАН ұлттық құрамасы футболшыларының нарықтағы бағалары:

Қақпашылар: Андрей Сидельников - 200 мың €, Антон Цирин - 150 мың €, Александр Мокин - 150 мың €: Барлығы - 500 мың €.

Қорғаушылар: Виктор Дмитриенко - 350 мың €, Юрий Логвиненко - 300 мың €, Қайрат Нұрдәулетов - 250 мың €, Марк Гурман - 200 мың €, Дмитрий Шомко - 200 мың €, Александр Киров - 150 мың €, Елдос Ахметов - ? €: Барлығы - 1,450 миллион €.

Жартылай қорғаушылар: Жамбыл Көкеев - 500 мың €, Марат Шахметов - 300 мың €, Бауыржан Жолшиев - 300 мың €, Ұлан Қонысбаев - 200 мың €, Марат Хайруллин - 150 мың €, Павел Шабалин - 150 мың €, Мақсат Байжанов - 100 мың €: Барлығы - 1,750 миллион €.

Шабуылшылар: Таңат Нөсербаев - 500 мың €, Сергей Остапенко - 300 мың €, Сергей Гридин - 100 мың €, Тимур Байжанов - 50 мың €: Барлығы - 950 мың €.

Барлығы - 4, 650 миллион евро.

Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір