Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2513 0 пікір 6 Ақпан, 2013 сағат 11:13

Арақ ішуден Азияның «чемпионы» екенбіз

Арақ ішуден алға шығып тұрғанымыз мамандарды ғана емес, Мәжіліс депутаттарын да алаңдатып тұр. Жақында араққа деген алғырлығымыздың тіпті Мәжілістің мінберінде сөз болып, арнайы депутаттық сауалға арқау болуы мәселенің күрделілігін аңғартса керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының спирт ішімдіктерін тұтынуға қатысты әлем бойынша жүргізген арнайы зерттеуінде Қазақстан 188 елдің арасынан 34-орыннан көрінген. Орталық Азия елдерін сараласақ, бұл тізімде Қырғызстан - 106-ыншы, Түрікменстан - 114-інші, Өзбекстан - 131-інші, ал Тәжікстан 134-орыннан көрінген. Тіпті 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың өзі жүргізілген мониторингіде 95-орында тұр.

Арақ ішуден алға шығып тұрғанымыз мамандарды ғана емес, Мәжіліс депутаттарын да алаңдатып тұр. Жақында араққа деген алғырлығымыздың тіпті Мәжілістің мінберінде сөз болып, арнайы депутаттық сауалға арқау болуы мәселенің күрделілігін аңғартса керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының спирт ішімдіктерін тұтынуға қатысты әлем бойынша жүргізген арнайы зерттеуінде Қазақстан 188 елдің арасынан 34-орыннан көрінген. Орталық Азия елдерін сараласақ, бұл тізімде Қырғызстан - 106-ыншы, Түрікменстан - 114-інші, Өзбекстан - 131-інші, ал Тәжікстан 134-орыннан көрінген. Тіпті 1,5 миллиард халқы бар Қытайдың өзі жүргізілген мониторингіде 95-орында тұр.

Дәл қазіргі таңда жан басына шаққанда еліміздегі әрбір азамат шамамен 30 литр сыра, 11 литрге жуық спирт тұтынады екен. Осы­дан кейін халқымыз уланып жатыр демес­ке шара жоқ. Алайда ұлтымызға төніп тұрған қауіп­тің алдын алу шаралары көңіл көншіт­пейді. Қала ішінде оңды-солды ілінген сыра мен арақ-шараптың жарнамасынан көз сүрі­неді. Олардың бағасы да қолжетімді. Тіпті со­ның өзіне ақшаң жетпесе, арақ-шарап өндіру­шілер сыртқы түрі 50 грамдық қырлы ста­­кан­­дай, мөлшері де ақшасына сай түрлерін ой­­лап тапқан. Әсіресе жаз мезгілінде теледи­дар­дың кез келген арнасынан сыраның сан түрі­нің жарнамасы үздіксіз беріледі. Тіпті қы­мызх­анасы жоқ Алматы қаласында 500-ден астам сырахана бар екен. Сағат 23:00-ден 08:00-ге дейін алкоголь сатуға заң жүзін­де тыйым салынғанына қарамастан, елімізде спирт ішімдіктері тәулік бойы сатылу үстінде. Сауда орындары спирт ішімдіктерін кәмелетке толмағандарға сатудан да тартынар емес. Осыдан кейін сырамен ауызданған ұрпақтың араққа ауыз салуына өзіміз жол беріп қойға­ны­мызды ұғуға болатын секілді. Тіпті еліміздегі ішім­дікке әуестенушілер қата­ры­ның жыл өткен сайын жасарып бара жатқа­ны да ішім­дік­ке қатысты тыйым мен тәртіптің осал­­ды­ғынан болса керек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­ның қағидасы бойынша ішімдіктің зиян­дылығы темекінің адамға тигізетін зия­нымен пара-пар, ал есірткінің зиянды­лығымен салыстырғанда, бес есе артық екен. Себебі орын алатын қылмыстардың 40-50 пайызы ішімдік ішу салдарынан жа­салатын көрінеді. Соңғы бес жыл көле­мін­де ішімдік кесірінен 12 мыңға жуық адам қайтыс болса, 210 мыңға жуық адам мас­күнем ретінде наркологиялық диспансер­дің есебіне алынған.

Ерген ДОШАЕВ, Мәжіліс депутаты:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың жан басына шаққанда алкоголь тұтынуының шекті деңгейі жы­лына сегіз литрден аспауға тиіс деп есеп­теген. Одан артық тұтыну ұлттың азып-тозуына, тіпті құрып кетуіне әкеліп соғатын көрінеді. Сондықтан еліміздегі маскү­нем­дікпен күресті дереу күшейту керек. Ең алдымен, спирттік ішімдіктерге ак­циз­дерді арттыру арқылы алкогольды қым­баттатып, халықтың, әсіресе жастар­дың оған қолы жетпейтіндей жағдай жа­сау қажет. Егер елімізде 2012 жыл­дың есебімен алғанда, бір литр этил спиртін дайындау кезінде акциз түрінде 60 теңге өндіріп алынатын болса, Ре­сейде бұл мөлшер 163 теңгеге жуық, ал Белоруссияда 380-432 теңге ара­лы­ғында. Елімізде жарты литрлік араққа акциз 100 теңгені құрайды. Ал Ресей мен Белоруссияда бұл көрсеткіш одан 2,5 есе жоғары. Сыра өнімдері бойынша да осындай жағдай байқалады.

Сондай-ақ мәжілісмен келтірген де­рек­терге сүйенсек, соңғы бес жылда ащы судың кесірінен орын алған қылмыс саны екі есеге өсіп,13 мың факті тіркелген. 330 мың жүргізуші мас күйінде көлік тізгінін қолға алса, олардың қатысуымен 1814 жол-­көлік оқиғасы тіркеліп, соның сал­дарынан 494 адам қаза тапқан, 2,5 мың адам әртүрлі жарақат алған. Сондай-ақ мамандар қазіргі таңда шектен тыс көбейіп кеткен энергетикалық сусындарға деген жастардың қызығушылығы артып бара жатқанына да алаңдаулы. Өйткені сырт көзге энергетикалық сусындар деп аталып жүрген сулардан жасөспірімдер денсау­лығына келер зиян айтарлықтай болып отыр. Осыған қарамастан көшеде энерге­тикалық сусындарды қолынан тастамай жүріп ішетін жасөспірімдер саны күн өткен сайын артуда. Бүгін қолына энергетикалық сусыны бар бөтелке ұстап жүрген жасөспі­рімнің ертеңгі күні сыра ұстайтынын, ал уақыт өте ішімдікке әуес болып кететіні айтпаса да түсінікті.

Белгібай ШАХМЕТОВ, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің психиатрия, психотерапия және наркология кафедрасының профессоры:

- Алкоголь өнімдерін белгіленген шамадан артық тұтыну қоғамға үлкен қауіп төндіретінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Қазіргі кезде жастардың елеулі бө­лігі сыраға тәуелді. Біз мүмкіндігінше ұрпақ денсаулығына кері әсер ететін зиян­ды әдеттерді жарнамалаудан сақ болуымыз керек. Есесіне, ұлтымыздың, ұр­пағымыздың денсаулығына пайдалы қымыз, шұбат секілді сусындардың қол­же­тімділігін арттырып, насихатын да күшейтуіміз керек. Ер-азаматтарымыз тұ­қымын тұздай құртатын сыра мен арақ-шарапқа әуестенгенше, денсау­лы­ғына пайдалы қымыз бен шұбат іш­кені дұрыс. Біз осыны ұлтымыздың санасына сіңіруіміз қажет.

Ақмарал ДОСХАНОВА, этнограф:

- Ұлттық сусынымыз болса-дағы біз қымыздан ажырап қалғанбыз. Адамзат тарихында қымыздай элексир зат жоқ. Қымыздың адам ағзасына ұшан-теңіз пайдасының көп екенін ұққан әлем ғалымдары қазір қымыз бен шұбатты түрлі әдіспен өздеріне тартуға тырысуда. Егер еліміздегі қымыз өндірісін дұрыс жолға қоя алсақ, сыра мен араққа кетіп жатқан ақша ауылға ағылар еді. Және ұлтымыздың денсаулығының күшеюіне де ықпал етер едік. Сондықтан қымыз бен шұбат өндірісін дамытып, ұлттық сусынымыздың қолжетімділігін арттыру үшін арнайы бағдарлама қабылдасақ та артықтық етпес еді. Тіпті қымыз бен шұ­бат­қа деген осы бетбұрыс оның ұлттық брендіміз ретінде танылуына да жол ашар еді.

Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір