Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 8935 0 пікір 29 Қаңтар, 2013 сағат 07:42

Әзірет Барбол. Әулие Мәшһүр-Жүсіп және ұлттық рух

Шариғат, хакім жүрсе, турасы бар,
Халықтың, иә болмаса, жорасы бар.
Баласы кейін туған, қайта қонса,
Атаның, отын қылған, мұрасы бар.
* * *
Өз жұртын оңған бар ма жатқа сатқан?!
Ерді елдің пайдасы үшін хақ жаратқан.
Ойлайтын елдің қамын ерді жібер
Жерінен суырып алып көрде жатқан.
* * *
Қазағым, жұрт емессің тіпті бақсыз,
Қолыңа сондай ерді Құдай берген.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы

Қазіргі ғаламдану заманында ұлттың ұлттығын сақтап, қазақ жастарын өзге жат мәдениеттер мен қаптаған қауіпті шатақ діндерден қорғап қалатын жол - ол қазақтың өз ата тарихы, дәстүрі, жол-жорасы, әулие-ғұламаларының рухани мұралары екендігі сөзсіз. Ұлт тарихындағы сондай әулиенің бірегейі - Мәшүр-Жүсіп Көпейұлы. «Әулие Құдай емес, Құдайдан былай емес» - дегендей әулиелердің рухани мұралары қай заманда болмасын өз құндылығын жоймақ емес, керісінше заман өткен сайын қажеттілігі артып, заман сұранысына ие бола береді. Мәселен, атамыздың рухани мұралары бұдан бір ғасыр уақыт бұрын басқа дәуірде жазылса да тап қазіргі қоғамды айтып тұрғандай. Қазіргі қазақ қоғамындағы ұлт руханиятының өткір де, өзекті шешімін таппай жатқан мәселелері...

Шариғат, хакім жүрсе, турасы бар,
Халықтың, иә болмаса, жорасы бар.
Баласы кейін туған, қайта қонса,
Атаның, отын қылған, мұрасы бар.
* * *
Өз жұртын оңған бар ма жатқа сатқан?!
Ерді елдің пайдасы үшін хақ жаратқан.
Ойлайтын елдің қамын ерді жібер
Жерінен суырып алып көрде жатқан.
* * *
Қазағым, жұрт емессің тіпті бақсыз,
Қолыңа сондай ерді Құдай берген.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы

Қазіргі ғаламдану заманында ұлттың ұлттығын сақтап, қазақ жастарын өзге жат мәдениеттер мен қаптаған қауіпті шатақ діндерден қорғап қалатын жол - ол қазақтың өз ата тарихы, дәстүрі, жол-жорасы, әулие-ғұламаларының рухани мұралары екендігі сөзсіз. Ұлт тарихындағы сондай әулиенің бірегейі - Мәшүр-Жүсіп Көпейұлы. «Әулие Құдай емес, Құдайдан былай емес» - дегендей әулиелердің рухани мұралары қай заманда болмасын өз құндылығын жоймақ емес, керісінше заман өткен сайын қажеттілігі артып, заман сұранысына ие бола береді. Мәселен, атамыздың рухани мұралары бұдан бір ғасыр уақыт бұрын басқа дәуірде жазылса да тап қазіргі қоғамды айтып тұрғандай. Қазіргі қазақ қоғамындағы ұлт руханиятының өткір де, өзекті шешімін таппай жатқан мәселелері...

М.Ж.Көпейұлы: «Жаңа низам шығарғанда, қазаққа пайдалы жұмыстарды низамға қоса тіркеп, бұйрықпен түсіру керек. Бірінші пайда - партия қалуы. Екінші пайда - ұрының тыйылуы. Үшінші пайда - байлардың өзіне тоқтау, тыю болуы. Төртінші пайда - ишан, қажы, қожа, молданың бұрынғы адасу еркіне жіберілмеслігі. Бесінші пайда - балалардың оқуына усули жәдит, жаңа тәртіп берілуі. Алтыншы пайда - көшіп-қонудың өзіне тағылым үйретуші шығуы. Жетінші пайда - қазақта бір үйден бір үй от алатұғын рәсім бар, даладан қазатұғын жерошақ деген бар. Осы екі жұмысқа тыю, тоқтау салу және қойшылардың далада от жағып, сүт пісіретініне тоқтау шығару. Осыларды қылмағанға кісі құнындай ауыр жаза кесу. Сегізінші пайда - қазақтың: «жанға шығу», «жан беру» - тариқасын бұрынғы өзінің ата-бабасының ғұрып-мірдемінше: «жанға» өтетұғын» кісіні «тірілей» жуып, кебінге орап, ақ кигізге салып моланы үш айналдыратұғын қылу, алдында үш жақсы кісінің жүруімен. Сегізінші пайда - өлгенге де, туғанға ас, той деген турасын қазақтың бұрынғы ата-баба заңынша: «Туған - тойсыз болмасын, өлген - ассыз болмасын!» деп, жаңа низамда оны да низам қылып шығару керек! Тоғызыншы пайда - қазақты бұғынғы ата-баба рәсімімен, солардың жақсы үлгісімен жүргізіп, тұрғызса, қазақ сонда көңілді, ықыласты болып, бір түрлі жақсылыққа рағбәтлі болады. Абылай хан заманында қазақтың не қылып, не қойғанын өз білгенімше жаздым. Сол күндегіден артық қазақтың оңған жері жоқ.» - дейді.

Енді әуленің айтқандарының рухани жағына үңіліп көрейік.
«Төртінші пайда - ишан, қажы, қожа, молданың бұрынғы адасу еркіне жіберілмеслігі.» - дейді. Бұл қазіргі қоғамдағы: «Қазақ әулиеге, әруаққа табынады», «қазақтың салт-дәстүрі шариғатқа бидғат», «қазақ мұсылман болмаған» - деп, өз нәпсісімен емес өз ата дәстүрімен, өз қазағымен, өзімен-өзі күресіп жүрген бидғатшыл, ширкшіл қазіргі қоғамға аса қатерлі де, қауіпті дінбұзар дүмшелерге дөп басып айтылғандай.
«Сегізінші пайда - өлгенге де, туғанға ас, той деген турасын қазақтың бұрынғы ата-баба заңынша: «Туған - тойсыз болмасын, өлген - ассыз болмасын!» деп, жаңа низамда оны да низам қылып шығару керек!» - дейді.

«...Үші, жетісі, қырқы, жылы дегендер шариғатта бар ма? Әрине, жоқ. ...оның бәрін өткізудің марқұмға еш пайдасы жоқтығын, тек тірілер алдында тыраштанып мал шашпақ әрекет...» - деп жүрген дүмшелер М.Ж.Көпейұлы айтқан «қазаққа пайдалы» қазақтың: «Туған - тойсыз болмасын, өлген - ассыз болмасын!» дегеніне айдың, күннің аманында қарсы шығып жүргендерін біледі ме екен?! Немесе, көзін тырнап ашқалы құдайсыздар қоғамының «астауынан кеше ғана жем жеп өскен» қазіргі «дүбәрә дүмшелер» ғұлама Мәшһүр Жүсіп әулиеден қазақтың рухани бай мұрасын артық жинап, дәстүрінің рухани мәнін терең түсініп, дінді жетік біліп па екен?!
«Тоғызыншы пайда - қазақты бұғынғы ата-баба рәсімімен, солардың жақсы үлгісімен жүргізіп, тұрғызса, қазақ сонда көңілді, ықыласты болып, бір түрлі жақсылыққа рағбәтлі болады.» - дейді.

Бұл да қазіргі кездегі - аты бар да заты жоқ, бітімі қазақ бірақ, болмысы басқа, өзін қазақпын деп, өз ата-дәстүрін өзекке тепкен, білімдісі - батысшыл, діншілі - дүбәрә болған, немесе, бабаларымыздың сөзімен айтсам: «Тексізді төрге шығарып», «Атасыздан би болған», «Жемқорларға жем беріп, азды көпке теңгерген», (Бұхар жырау), «Келемеж қылып атасын» «Жалаңдасып ұл кеткен», «Күземе байтал секілді» «Дамбалын тастап қыз кеткен», (Дулат Бабатайұлы), «Атаның салған ақ жолы, тоқтап қалған кідіріп» (Әбубәкір Кердері), «Әуелгі қорлар зор болған, сондағы зорлар қор болған», «Арам сідік балаға Атаның сөзі ұнамаған» (Шортанбай Қанайұлы) заманда Мәшһүр-Жүсіп әулие айтқандай: «қазаққа пайдалы» бұғынғы ата-баба рәсімімен қазақ жастарын жүргізіп, тұрғызса «бір түрлі жақсылыққа» апарары хақ.

М.Ж.Көпейұлы: «Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы - наурыздама. Ол күні қожаларға оқытатұғын, наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратұғын ол кітаптың атын: «Салдама» - дейді. Ол күнде тілі орамды, сөзге шешен шалдардың батасы болады. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап: «Амин!» деп отырады. Сонан соң олардың айтқаны айтқандай келіп халық, жұрт ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп берекелі болады. Мал сойып, наурыздама қылуға шамасы келмейтін кедейлер жалғыз қой сойса да, наурыз күні бір қазан көжеге салып: «Ауылға таттырамыз!»-деп, басын сақтап қояды...

... Елді, жұртты оңға бастаймын! Ілгері басуына, мал басы өсуіне тілеулес боламын!» - деушілер... Осы наурызды құрметтеп: «Ұлыстың ұлы күні»- атандырып, той-тамаша қылдыруға тырысуы керек.» - дейді.

Бұл айтқандарынан да әулиенің әуелі ұлттық дәстүрді ұлықтап, оны ислами құндылықтармен үндестіре білген ұлтының ұлы екендігін айқын аңғарамыз. Болмаса, қазіргі кездегі қазаққа дін таратқыштар секілді «отқа май тамызудың», «наурыздың түбін» отқа табынушылыққа тіреп, қазақты өз дәстүрінен «жерітіп», оны ислам діні кешірмейтін ең үлкен күнә «серік қосуға» санап отырған жоқ. Ал, наурыздың о бастағы пайда болу тарихын, шығу мақсатын әулие атамыз білмеді емес, білді. Бірақ оның ұлтты ұлт ретінде сақтаушы негізгі дәстүрі, басты құндылығы екенін атай отырып: «Елді, жұртты оңға бастаймын! Ілгері басуына, мал басы өсуіне тілеулес боламын!» - деушілер... Осы наурызды құрметтеп: «Ұлыстың ұлы күні»- атандырып, той-тамаша қылдыруға тырысуы керек.» - деп атады.

«...Дәл осы күнде ит сегіз күшік тапса, біреуі-ақ ит болып, енесінің соңынан ереді.
Өзгесі қажы ма, ишан ба, халфе (қалфе, халифа) ма қожа ма, молда ма, - не екені белгісіз болып кетті. Бұл айтылған затлардың аз күнінде қазақ бай да еді, пейілді де еді, ашу-аразы жоқ, тату-тәтті еді. Осы күнде қажы, ишан, қожа, молда көбейген соң қазақтың араздығы сол шамада болды. Екі ағайынды кісінің баласы бірінің өлігіне бірі барыспайтұғын болды. Ойлаймын: «Осы затлар көп болып, шарапат иесі болып, жұртты түзегені жоқ, ыңғайы бұзды - ау!» - деп. Ақ қағаздың жүзінен қара танып, ақ пен қараны айырып халал ниетпен тұрған бір қожа, молда жоқ...» - дейді және Мәшһүр атамыз.

Қазіргі қоғамды айнытпай көз алдыңа әкеледі. «Анауы-уахабит, мынауы - құранит, үшіншісі - салафит, төртіншісі тағы басқа... кете береді, кете береді...Санай берсең тауыса алмайсың». Осы қаптаған сансыз шатақ діндер жоқ кезде әулие сөзімен айтсам: «қазақ бай да еді, пейілді де еді, ашу-аразы жоқ, тату-тәтті еді». Қазір екі ағайынды екеуі екі дінге өтіп, «бірінің үйіне бірі барыспайтұғын болды...». Қазақ та әуел баста ойлап еді, екі балам да екі дінге өтсе шарапат иесі болып жұртты түзейтін шығар» деп, керісінше өзі адасып қана қоймай елді адастырды, «не дінге не білгішке сенерін білмей» ел қалды далады.
М.Ж.Көпейұлының бай мұраларының рухани құндылығы да осында болса керек. Діни құндылықтарды ұлттық мүддемен біріктіре білгендігінде. Әулиенің осындай қасиеті қазіргі дін өкілдерінің бойынан табылып жатса, онда қазақ қоғамы «өз ата дәстүрі мен ата дініне» бейілді болар еді. Өз ата діні мен дәстүрінен осынша жерімес еді... Ал, қазіргі қазақ қоғамында бұл жағдай мүлде басқа. Керісінше болып барады...

«Ғалым үш түрлі: нан ғалым, тән ғалым, жан ғалым. Нан ғалымнан талап әуел баста оқуды Құдай үшін іздеген емес, молдаларының төрде отырып, сыйлы болғанын көріп, тамақ тойғызу үшін, тегін ас, тегін тамағы бар мешіт, медресені қыдырып, қай жерде қай ишанның көжесі мол десе, соған қаңғыра береді. Есі-дерті тамақта болып жүріп, оқыған оқу, өмір бойы оқыған-білгенін қарнының қамына жұмсайды. Ондайлықпен оқып, молда болғандар: Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып» ат тезегін қалайша төңкеріп, аударудың ғылымына әбден мәһір болады.

Тән ғалым мағына білумен жұмысы жоқ, сарафа, наху, мантық оқып, талас-ежеске (егеске) әбден ұста болып: «Пәлен қай байдан, пәлен не сыйғада, пәлен қай қызиядан! - деп, - Сұғыры қайсы, күбірі қайсы, мұзығы не нәрсе, мұхмол не нәрсе? - деп, мәжілісте өзінен басқаны сөйлетпеске ұста болып, мұнымен барып бір жерге халфе, не бір жерге хазірет болып тұрып наху, мантықтың қағидасын екі кісіні араз қылып, ғұмырында бірін-бірі көрместей жолға салып жіберді. Хақ жолға, таупық, һідәйтке жұртты бастаумен жұмысы жоқ. Бір мәхалланы екі партия қылып ұстап: «Құран ғатымда солай деген, хадис шарифта бұлай деген»- деп, наданларды қара сөзбен мас қылып, адастырып, есінен жаңылыстырып әуре қылады да жүреді.

Жан ғалым - Алла тағаланың фазыл уа кәррәміне алынған пендесі. Нанмен де жұмысы жоқ, ат көтеріп, атақ шығарумен де жұмысы жоқ. Оңаша халуат жай табылса, жаны сонда сая тауып, «Каламалланы» оқып, мағынасын мәлә қате қылып, «ішпей мас, жемей тоқ». Оның қасында бай да бір бас, күшік те бір бас. Ешкімді лытғатына алмай: «Он сегіз мың ғаламды жаратушы (иаратқушы) Құдайым бар, не ғамым (қамым) бар?!» - деп, отыра береді.
Ғылым, білім деген, мағына деген осындай кісіден табылады.» - деп, Мәшһүр-Жүсіп әулие ғалымдарды үшке бөледі.

Осылайша Мәшһүр атамның заманында руханияттың ауыр жүгін арқалаған «жан ғалымдарынан» өзге «нан», «тән» ғалымдары болып бөлініп, бірі - нанын тауып жеп, екіншісі - надандарды қара сөзбен мас қылып, алдап өз күнін көріп жүрсе, қазіргі дүмшелерің «мағына білумен жұмысы жоқ болғаны» былай тұрсын, «нан ғалым» боп қазақтың «нанына» емес, қазақтың «нанымына» ауыз салды, «тән ғалым» боп надандарды адастырып қана қоймады текті ұлттың тамырына «балта шауып», салтын санасынан өшіруге барынша күш салып жатыр...

Және өткен тарихымызда қазақтың дәстүрлі сенімінде - «әруақты шақырып», «әулиеден, пірінен медет тілеу» дәстүрі болған. Ол туралы да Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы «Өлеңмен берілген аят» атты өлеңінде де әулиеден медет тілеп, пірінен көмек сұрап, қазақ дәстүріне бекем екендігін тағы дәлелдейді. Ол туралы:
Кәміл дүр сенің пірлерің
Барша білер сырларын,
Түркістан-дүр жерлерің,
Хазірет Сұлтан, сенен медет!
немесе
Шығып ек кешегі айда елімізден,
Мекен-жай, қоныс қылған жерімізден.
Хазіреттің ақ күмбезін зиарат қып,

Қол жайып бата алғалы пірімізден (М.Ж.Көпейұлы. Көптомдық шығармалар жинағы. 4-том Алматы «Алаш» 2005 ж 120-232 бб) - деп көрсетеді. Енді қанеки осы сенім бар ма қазіргі ҚМДБ-ның өкілдерінде. «Мәшһүр-Жүсіп оқуларын» өткізіп жүрген ҚМДБ-ның қай өкілі Мәшһүр атамша: «Хазірет Сұлтан, сенен медет!» - деп «Машайықтар ұлығы - Шайқым Ахмет Йасауиден» (Сүлеймен Бақырғани) «медет тілеп», «көмек сұрай» алады?!
«Талпынған дінге Мәшһүр іштен туа»
Сол кеткен атасының жолын қуа» - деп, өз жайынан хабар беріп, «Іштен туа дінге талпынып, атасының жолын қуған» Мәшһүр атамнан ҚМДБ-ның қай өкілі дінді артық біліп туып еді?!
«Оқыған ғұламалар таусылған соң,
Ақыры ұры-қарысын молда қылар» - деп, Мәшһүр атам айтқандай: «Өртеп жіберер кітабың, ...... молда көп!» - дегеннен басқа не айтасың!
Отаршыл саясат 1952 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде Мәшһүр Жүсіптің ұлтшылдық және діншілдік «көзқарасын әшкерелей» отырып, мақала жариялайды. Артынша партия басшылары Мәшһүр-Жүсіптің жиырма үш жыл бұрын жерленген моласын бұзуға бульдозер жіберіп, моласы бұзылады. Сол жылы Дихан Әбілов «Қазақ әдебиеті» газетінде: «Жиырма үш жыл бойы денесіне еш бір дақ түспей сартап болып сақталып жатқан Мәшһүр Жүсіптің тәнін топыраққа көмдіріп тастау не деген сөз? Марқұмның денесінің жиырма үш жыл бұзылмай сақталып жатуының сырын, мәнісін тексерудің өзі ғылыми нәрсе емес пе? Өткен күндерден қалған тарихи ескерткіштерді талқандап тастауға кімнің дәті шыдайды.» - деп, жазды. (А.Мұсағұлова. «Тарихи, діни ескерткіштер қалай жойылды?» Қазақ тарихы журналы 2008, №4 37-б.).
Базар жыраудың:
Мына бір шолақ дүниеден
«Әулие өлмес» дер едім;
Отқа салса, күймеген,
Залымдардың өмірі
Бір шарпуы тимеген,
Арамды көңілі сүймеген;
Дін мұсылман баласын
Кереметпен билеген» - дегеніндегі «өлмейтін әулиенің» кереметі болса керек. Немесе, «Әулие өлік емес тірік деген» - деп, әулие атамыздың өзі айтқандай, «тірі әулиенің» денесін де «өлтірмей» тұрған Құданың Құдыреті демеске болмас!
Шамамен 1908 жылдары Мәшһүр Жүсіп: «ақиқат жолында жалындап, Алланың жазуымен емес, адамдардың қолынан қаза болғандардың ғасыр соңында жұлдызы жанар», - деген екен. (Ә. Пазылова «Мәшһүр Жүсіптің әулиелігі туралы». Қазақ тарихы журналы 2008, №2 29-бет). Әуленің айтқанындай 1937-1938 жж әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбаны болған ұлт арыстарының ғасыр соңында ақталғаны анық.

Қорытынды сөз

Қазақ деген ұлтты, оның дәстүрін қазақ ұлтшылдары «қолдан жасап, ойдан шығарған жоқ». Оны Алла жаратқан, Алла жасаған. Алла өзі Құран Кәрімде атап өткендей «Ұлттар мен руларды жаратқанда»(49-сүре) оның әр қайсысының өзіне тән өзіндік ұлттық ерекшеліктері мен табиғи болмыс-бітімін, салт-дәстүрін де бірге жаратты. Сондықтан да Алла жаратқан ұлтын өзі сақтайды, өзі қорғайды.
Мәшһүр Жүсіп атамның сөзімен айтсам:
«Халық қылып аттандырды бізді қазақ,
Іргелі көп жұрт емес, өзі де аз-ақ». Сондықтан да осынау қазаққа қаптап келіп жатқан діні де, мәдениеті де, экономикасы да ұлтты жоюға бағытталған жаһандану заманында ұлттығымызды сақтап, салт-дәстүрлерімізді барынша қорғап қалудың жолы - ол қазақтың ұлтшыл жастары жалаң ұлтшылдыққа салынбай, яғни, «тілде барда ділде жоқ» болмай, әуелі Мәшһүр-Жүсіп атамыз айтқандай: «бұрынғы ата-баба рәсімімен жүріп, тұру керек». Алаштың ардақтысы А.Байтұрсынұлы айтқандай: «Не пайда өнерің мен біліміңнен, Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған?» немесе, баһадүр Бауыржан Момышұлы бабамыз айтқандай: «...Кімде кім өз ұлтын құрметтемесе және оны мақтан тұтпаса - ол адам сөзсіз арамза, қаңғыбас...» - болып жүріп: «Үйде өлген мың шіріктің бірі болмай, Жұрт үшін арманың не кетсе басың?» - деп Мәшһүр атам айтпақшы «Үйде өлген мың шіріктің бірі болмайық» қазақ жастары! Оян жастар! Ұлттық мүдде, ұлттық намыс жолында! «Ерте оңбаған кеш оңбас, кеш оңбаған еш оңбас».
Ұлы халқымның осындай ұлы дәстүрі, әулие ата-бабасы бар, сол бабалардан қалған өлшеусіз рухани, ұлттық мұрасы бар қазақ халқы, әсіресе қазақтың ұшқыр ойлы ұлтшыл, иманды жастары адасуы мүмкін емес. «Қазағым, жұрт емессің тіпті бақсыз, Қолыңа сондай ерді Құдай берген.» -деп Мәшһүр - Жүсіп атамның айтқан қазақтың бағына туған, Құдай берген - әулиелер мен олардың мұрасынан жау көргеннен де бетер сонша үріккен, «дәстүрін өзекке тепкен», рухани деңгейі «тезектен де төмен кеткен», «тілде бар да ділде жоқ» құр «асыл дәстүрлеген» айғайы кімге керек қазіргі мына дүмшелердің?!

Сондықтан да қазақ жастары әулие Мәшһүр - Жүсіп т.б. көптеген қазақтан шыққан әулиелер, олардың мұраларын қазіргі тәуелсіз заманымызда неге жаңғыртпасқа?! Неліктен дәріптемеске?! Не үшін тұтынбасқа?! Бостан заманда ұлттығымызды ұлықтап, әулие мұраларын тұтынуға не кедергі?! «Дінімізді кемітіп қорламасын, Көзімізді бақырайтып ұрламасын.» - деп әулие Мәшһүр аталарымыз «дін ұстауы мұң болған» заманда әуелі қазақтығын сақтап, содан соң «қорланған дінін қорғамады ма?!» Ал, қазіргі біздің бейшара кейпімізді келер ұрпақ алдында қалай көрер екенбіз?! Бұхар бабамның сөзімен айтсам: «Ата-бабаң қол берген, Қожаларды қас көрген» заман бұл заман.
А.Байтұрсынұлы айтқан: «Байға мал, оқығанға шен мақсұт болған» заманда тек ата-дәстүріңе адал болып, өз ұлттық дәтүрлеріңді дәріптеп, оны тұтыну, Мәшһүр-Жүсіптей әулие бабаларымыздың ұлттық, рухани мұрасын жаңғыртумен ғана қазақтың қазақшылығы, ұлттық ұлттығы сақталып, рухани мәртебесі артпақ! Осыны ұқ ұлтының ертеңі үшін өзін жауапкер сезінетін қазақ жастары!

«Үші, жетісі, қырқы, жылы шариғатта жоқ, ол исламға дейінгі харам дәстүрлер, оны өткізудің өлгенге тіпті пайдасы жоқ, тек тыраштанып тірілер алдында мал шашу ғана, қырқына, жылына мал сой деу ол - харам» - деп жүрген ҚМДБ-ның ұлттық салтты жоюға бағытталған қатерлі идеясы мен еш ғылыми, не діни негізі жоқ сандырағымен жүрмей, Мәшһүр атам айтпақшы: «Өлгенге де, туғанға да ас, той деген турасын қазақтың бұрынғы ата-баба заңынша: «Туған - тойсыз болмасын, өлген - ассыз болмасын!» - деп, осы заманға жаңғырту керек!
Abai.kz

0 пікір