Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7196 0 пікір 22 Қаңтар, 2013 сағат 10:03

«Сұрша қыз» Араптың әні ме?

 

Ақан ӘБДУӘЛІ, бағдарлама жүргізушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
-Көкшетау кейде қарлы, кейде қарсыз,
Ер жігіт кейде малды, кейде малсыз.
Дарияның жарға соққан толқынындай,
Көз салған көрінгенге көңіл арсыз.

 

Ақан ӘБДУӘЛІ, бағдарлама жүргізушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
-Көкшетау кейде қарлы, кейде қарсыз,
Ер жігіт кейде малды, кейде малсыз.
Дарияның жарға соққан толқынындай,
Көз салған көрінгенге көңіл арсыз.

Әндір-әндір, әндірді-ай,
Ішімді оттай жандырды-ай.
Ғашық болған Сұрша қыз,
Көкшетауда қалдың-ау...
Баршаңызға ортақ сұрақ, Бұл кімнің әні және орындаушысы кім?
Еркін ШҮКІМАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі:
- Біз бұл әнді осы күнге дейін Қайрат Бай­босынов ағамыздың шырқауында Жаяу Мұсаның «Сұрша қызы» деп келдік...
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Бірақ кейінгі кездері ән авторы туралы екіұшты пікір айтылып жүр. Сіздер бұл жайлы не білесіздер?
Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ, Мәдениет қай­раткері:
- Бірталай өнер адамдары, оның ішін­де Қайрат Байбосынов та «Көкшетау кейде қарлы, кейде қарсыз», болмаса «Ала­тау кейде қарлы, кейде қарсыз» деп бастайды. Менің Кененнің қызы екенімді бәріңіз білесіздер. Кішкентайымнан Кенен аталарыңның орындауында Балуан Шолақтың «Сұрша қызын» басқа өлеңмен естіп өстім. Әнінде де кішкене өзгеріс бар. Атам айтқан мәтін мүлде басқа. «Алатау кейде қарлы, кейде қарсыз» деген халық өлеңі ғой. Оны апарып «Сұрша қызға» те­ліп қойған. Әкемнің 16-17 жасында Балуан Шолақ Жетісу жерін аралап келген екен. Сонда біздің Қордайға да барып, атам Балуанның алдында ән салған. «Көк­шо­лақ», «Бозторғайымды» тыңдап, риза бол­ды. Менің жаратылысым, болмыс-бейнем, жүріс-тұрысым, дауысымды керемет ұнатты. Жетісу жерін аралаймын, сен ме­нің нөкерлеріммен бірге жүр. Жаныма ілес, әндерімді үйрен» деп қасына ертіп, батасын берді. Бір жыл соңынан қалмай, өз аузынан 12 әнін жаттап алдым. Қайта­рын­да «Жетісуға Балуанның әндері деп тарат» деп тапсырып кетіп еді, - деп үнемі айтып отыратын. Содан соғыстан кейінгі жылдары біздің Отар стансасындағы үйге музыка зерттеушісі Борис Ерзакович келді. Бер жеті жатып, атамның әндерін нотаға түсірді. Ол кезде мен 6-сыныпта оқимын. Маза бермеген соң мені қаста­ры­на отырғызып қоятын. Сонда атам Ерза­ковичке «Менің әнімді қоя тұршы. Мен тірі жүрмін ғой. Одан да Балуан Шолақтың аманатын жазып алшы» деген еді. «Сіздің Балуан Шолаққа қандай қатысыңыз бар, ол - Арқада, сіз - Жетісудасыз» деп таң­ғалған. Бұл туралы Ерзаковичтің жазғаны да бар. Әкем сонда мән-жайды түсіндіріп, Ерзакович атамның орындауында Балуан Шолақтың әндерін нотаға түсірген.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Ішінде Балуан Шолақтың «Сұрша қызы» да бар ма?
Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ:
- Иә. Ал Жаяу Мұсаның «Сұрша қызы» басқа ән.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Жаяу Мұсаныкі қай «Сұрша қыз», сонда?

Тілеулес ҚҰРМАНҒАЛИЕВ, дәстүрлі әнші:
- Қайрат ағамыздың орындауындағы «Қаратау кейде қарлы, кейде қарсыз» де­генді естіп өстік. Бірақ Төрткен апам жақ­сы айтып отыр, бұл - Балуанның әні. Қай­­­­рат ағамыздың нұсқасында «Неше жыл жүр­сем-дағы мен айдауда» деп азап көріп жүр­ген Жаяу Мұсаның сөздері еніп кеткен.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Қайрат Байбосыновтың орындайтын әні Жаяу Мұсаныкі ме, Балуан Шолақтыкі ме?
Тілеулес ҚҰРМАНҒАЛИЕВ:
- Әні Балуан Шолақтыкі. Ал «Неше жыл жүрсем-дағы мен айдауда, Шыдай­мын, қажымаймын, денім сауда» деген жолдар Жаяу Мұсаның өлеңі. «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» жинағын шығарған кезде «Балуандыкі, жоқ Жаяу Мұсаныкі» деп тіреліп отырған кезде, шығарушыларға бір ой тастадым. «Сіздер неге Төрткен апа­ға хабарласпайсыздар. Балуан Шолаққа қатысты көп дерек біледі. Кенен қасында жүрген, әндерін жеткізген. Соның егжей-тегжейі айтылған кітап та бар» деп айтып, ха­бар­ластырдым. Балуанның ешкім естімеген әндерін анталогияға енгіздірдік. Сонда «Жаяу Мұсаның «Сұрша қызы» қайда?» деген мәселеге келдік. Ол да бар болып шықты. Борис Ерзаковичтің ән-жинақтарынан өз қолымен жазған дерек тауып алдық. Қосымжан Бабақов орын­даған нұсқа бойынша нотаға түсірген. Сол нота бойынша айтып көріп едім, әннің бүкіл бояуы үйлесіп келе қалды. Қосымжан Бабақовты бала күнімнен танимын, ән­дерін тыңдап келе жатырмын. Жаяу Мұ­саның «Сұрша қызы» осы екеніне еш шүбәсіз көзім жетті.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнертанушы:
- Қазақтың тарихында үш «Сұрша қыз» бар. Бірақ Қайрекең орындайтын «Сұрша қыз» басқа. Бұл «Сұрша қыз» шыққанда Балуан Шолақ өмірге келген жоқ. Жаяу Мұсаның жігіттік шағында туылған ән. Бірақ оны Жаяу Мұса да шығарған жоқ. Сайдалы Сары Тоқа деген күйшіге арнаған толғауында атақты Шөже ақын:
- Қаракесек Кәрсоннан шықты
Көпбай,
Шықты да сөне қалды жанған оттай.
Қос тарлан Қояншы-Тағай, Бөде,
Серік,
Дабысы мұзға салған параходтай, - дейді.
Мұндағы Көкпай деп отырғаны - Әбікен Хасеновтің атасы. Бөде, Серік деген заманының ықпалды адамдары. Бөденің төрт әйелі болған. Төрт әйелдің біреуінен Серік туған. Серік өте ықпалды адам, оның атасы Есбай, Арқадағы мырзалардың бірі. Серіктің қарындасы Күнбөпені 1860 жылдары Арап батыр, Арап ұры алып қашады. Олар Көкшетауға қашып барып, Шоқан Уәлихановтың туған інісі Жақып төрені паналайды. Жақып Арап екеуі дос-жаран екен, «сенің қолыңда билік бар ғой» деп сауға сұрайды. Жақып оны қолтығы­ның астына алады. Күнбөпе өте сұлу әйел көрінеді. Оған Жақыптың көзі түсіп, «Арапты қаңғыртып жіберіп, өзім алайын» деп ойы кетеді. Сөйтіп, ұрлығымен елді шулатып, қашып жүрген Арапты ұстап беріп, айдатады.
Күнбөпе де өткір қыз екен, көнбей, кейін басқа біреуге тиіп кетеді. Содан туған екі бала бертінге дейін нағашыларына келіп тұрған. «Сұрша қыз» осы оқиғаға байланысты шыққан.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Сонда Қайрат Байбосыновтың орын­дап жүргені Араптың әні болып шыға ма?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
- Араптың әні.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Сіздер келісесіздер ме?
Еркін ШҮКІМАНОВ:
- Араптың да шығарған «Сұрша қызы» бар шығар. Бірақ әуендік жағынан келгенде «Сұрша қыздың» негізінде Балуан Шо­лақ­тың өз әні жатыр. Қайрат ағаның орын­да­ғаны мен Балуан Шолақтың түпнұс­қа­сында аса көп айырмашылық жоқ. Өлеңі өзгергенімен, әуені Балуан Шолақтыкі. Араптың «Сұрша қызы» бізге жетпеген. Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдарында» «Жаяу Мұса әндерінің ішіндегі ең шедеврі «Гауһар қыз»» дейді. «Сұрша қыз» - «Гауһар қыздың» бір сыңары секілді. Екеуі қатты ұқсай­ды. Ал стильдік жағынан Жаяу Мұ­саның «Сұрша қызы» мен Балуан Шо­лақтың «Сұрша қызы» мүлде бөлек. Арап­тың «Сұрша қызын» іздеу керек.
Әділет МҰСА, әнші:
- Мен ешкімнің сөзін жоққа шығарғым келмейді. Айтқандарыңыз нанымды. Бірақ менің көкейіме бір сұрақ келіп тұр. Мүмкін, Балуан Шолақтыкі шығар, сөзі репрессияға ұшыраған болар. Бірақ Балуан Шолақтыкі, болмаса Жаяу Мұсаныкі де­ген әңгіме осы уақытқа дейін неге айтыл­мады? Неге бүгін көтеріліп отыр?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
- 1965 жылы «Қазақ әдебиетінде» «Сұрша қыз» кімнің әні?» деген етектей-етектей бірнеше мақала жарыққа шыққан. Сонда да үш адам, яғни Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Арап таласады. Бұл әңгіме ертеден келе жатыр. Жаяу Мұсаның өзінде «Сұрша қыз» деген кейіпкер кездеспейді. Балуан Шолақтың ғашығы - Ғалия. Ба­луан Шолақтың «Сұрша қызы» музыкалық тұрғыдан бөлек. Кенен нұсқасында ол желдірмелеу ән. Әзілге құрылған. Мұнда керемет трагедия жоқ.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Балуан Шолақтың «Сұрша қызы» кімге арналған?
Ерлан РЫСҚАЛИ, дәстүрлі әнші:
- Өз басым Қайрат ағамыздың орын­дауын­дағы «Сұрша қыз» әнін ұстазым Санақ Әбеуовтен үйрендім. Ол кісі маған «Бала, бұл халық әні. Бірақ кейінгі уақытта біресе Жаяу Мұсаға, біресе Балуан Шо­лаққа телініп жүр. Осыны өзің ізденсең ақ-қарасын айыруың мүмкін» деп айтты. Сөйтсем ол кісі Балуан Шолақтың әні екенін білген екен. Кейін мен деректер тапқаннан кейін түсіндім. Маған өзі ізденсін деп, әдейі айтыпты. Менің оқуым бойынша, Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұса» деген романында әншінің балуан досы болады. Ол жер аударылып кетіп, Жаяу Мұса «Сұрша қызды» сол жігіттің атынан шығарған» деп келтіреді.
Ерекең «Үш «Сұрша қыз» бар» дейді. Мен өзім әнші ретінде екі-ақ «Сұрша қыз­ды» қабылдаймын. Қайрат ағамыз орындап жүрген ән Кенен атамыз қалдырған нұсқа, яғни Балуан Шолақтың өз әні. Ал Тілеулес орындап, «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» жинағына кіргізген «Сұрша қызда» таза Жаяу Мұсаның исі аңқып тұр. Оған ешкім таласа алмайды. «Жаяу Мұсаныкі емес» деп айтқан адамның тілін кесу керек.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Әңгімемізді әрі қарай жалғамас бұ­рын «Сұрша қыз» әні туралы Қайрат Бай­босыновтың пікіріне құлақ түрсек.
Қайрат БАЙБОСЫНОВ:
- «Сұрша қыз» әнінің төңірегінде көп­теген әңгімелер жүр. Әрине, бұл ән Жаяу Мұсаның «Сұрша қызы» деп келдік. Мен Жүсіпбек Елебековтен дәріс алдым. Бір күні «Аға, Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз» әнін айтсам қалай болады? Ермек Сер­ке­баевтың орындауында естіп жүрмін. Жақ­сы ән, менің дауысыма келетін секілді» деп едім, «Ол Жаяу Мұсаныкі емес еді ғой, оны қалай Жаяу Мұсаныкі деп жүр?» деп ойланып қалды. Ол кісіде нақтысын біл­мей­тін болуы керек. «Жарайды, ұнатып тұр­саң, айта бер» деп рұқсатын берді. «Сұр­ша қызды» Ермек Серкебаев фор­те­пиа­ноның сүйемелдеуімен орындайтын. Мен алғаш рет домбыраға лайықтап, орын­да­дым.
Әділет МҰСА:
- Бұл кісі «Домбырамен бірінші рет мен орындадым, бірақ Жүсекең күмәнмен қарады» деп тұр ғой...
Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ:
- Өйткені, Жаяу Мұсаның әні бөлек қой, әні де, мәтіні де басқа. Тілеулеске рақмет, екі «Сұрша қыздың» ақ-қарасын дәлелдеп берді. Анталогияда да бар.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Ендеше, Жаяу Мұсаның әнін Ті­леулестің орындауында тыңдап көрейік.
Тілеулес ҚҰРМАНҒАЛИЕВ:
- Қосымжан Бабақов жеткізген нұсқаны орындап берейін:
-Неше жыл жүрсем-дағы мен айдауда,
Шыдаймын, қажымаймын денім сауда,
Дәм жазып осы жолдан аман қайтсам,
Сұрша қыз, көрісерміз Баянтауда.

Қайырмасы:
Аспанда жырлар Бозторғай,
Шіркін, әннің бұлбұл-ай.
Ахау, Сұрша қыз, дүние-ай,
Енді, есен бол-ай.
Боларсың сенде мендей, маған күлсең,
Ханзада, жауыздардан қорлық көрсең.
Ауызың күлмек тұрсаң, қисаяды,
Айырылып ат-тоныңнан жаяу жүрсең.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз» әні «Гау­һар қызына» келіп тұр емес пе?
Әділет МҰСА:
- «Сұрша қыз» да, «Гауһар қыз» да, «Сапар» да Жаяу Мұсаныкі екеніне талас жоқ. Біз барлық нәрсеге сыни көзқараспен қарауымыз керек. Оны бәлен айтты, түген жазып кетті» деген нәрсе бізді қанағат­тан­дыр­майды. Көрерменді, тыңдарманды шатастырмай, кез келген дүниені ғылыми тұрғыда зерделеуіміз қажет. Мысалы, Балуан Шолақтың әні ме, бізде Балуан Шолақтың әндері бар ғой, «Ғалия», «Сентябрь» болсын. Балуан Шолақтың өлеңін зерттейтін филологтар бар. Осы әннің мәтіні Балуан Шолақтыкі деп ғы­лыми тұрғыда бекітіп берсін. Сол сияқты әуенде де әннің құрылымына, оның диапазонына байланысты теоретиктер «Мынау Балуан Шолақтыкі» деп зерттеп беруі тиіс. Сонда батыл айта аламыз.
Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ:
- Кеңес Одағы кезінде жыл сайын «Қазақ әндері» деген кітап шығатын. Мен де сол кітаптар әлі бар. Сол кезде тексеріп, дұрыстап жазса, жастар бұлай жаңылмас еді. Біздің шатасатынымыз «Сұрша қыз» деген атына қарап, Жаяу Мұсаға қоса саламыз. Жаяу Мұсаныкі бөлек, Балуан Шолақтыкі бөлек. «Балуан Шолақ» деген кітапта Ерзакович Кененнен жазып алған Балуан Шолақтың 12 әні кірген. Соның ішінде Балуанның «Сұрша қызы» өз сөзі­мен берілген. «Гауһартас», «Гауһар қыз» Жаяу Мұсада да, Әсетте де бар. «Гауһартас» деген халық әнін де білеміз. «Ләйлім» Жаяу Мұсада да, «Ләйлім шырақ» Біржанда да кездеседі. Сол аттарына қарап шатас­тырмай, осының бәрін қайтадан жазса, дұрыс болар еді.
Әділет МҰСА:
- Алысқа бармай-ақ, тоқсаныншы жылдары ақталған қоғам қайраткерлерінде де ән телу деген болған. Оны ешкім жоққа шығармайды. Сондықтан, ән авторларын нақты тануымыз керек. Мен бұл әнді Балуан Шолаққа қимай отырған жоқпын. Менің ойым, ғылыми тұрғыда зерттеп, бүгінгі пікірталасқа нүкте қоюымыз қажет.
Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ:
- Өнер зерттеушілері осыны жөндеу керек қой...
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
- Текстология деген ғылым бар. Біздің әндер текстология бойынша зерттелмей жатыр. Менің үш «Сұрша қыз» бар деп отыр­ғаным, мына Балуан Шолақтың «Сұр­ша қызындағы» мәтінді Төрткен апа «Әкем орындағанда елді күлдіретін» дейді. Бұл көңілді «Сұрша қыз». Қызға барған жігіттің әңгімесі. Трагедия жоқ. Ал мына Қайрат ағамыздың орындауында қою трагедия бар. Мен соны Араптың айдалып бара жатқандағы жан айқайы деп айтып отырмын. Арап Жаяу Мұсамен таныс-біліс болған адам. Сонда текстологиясына қа­расақ, шынында да Көкшетауда қалып бара жатыр, бірақ Баянтауда кездесеміз» деп үміттенеді.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Сіз қайта-қайта Араптың әні дейсіз, қолыңызда кесіп айтатын нақты дерек бар ма?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
- Ешкім кесіп айтпайды... Ерзакович та...
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Борис Ерзаковичтің Кененнен жа­зып алған әндерінің нотасы тұр ғой...
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
- Ол Балуан Шолақтың өзінің әні, ол бөлек ән деп отырмын. Қызға барған сері­нің әні. Онда трагедия жоқ. Қайрат Бай­бо­сынов орындаған ән бөлек. Өлеңінде тра­гедия бар. Онда бір сұмдық оқиғаның лебін сеземіз.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Ал Ерлан, сен бұл әнді қалай үйрен­дің?
Ерлан РЫСҚАЛИ:
- Борис Григорьевич Ерзаковичтің өмір бойы жинақтаған зерттеулерінен, мақалаларынан, естеліктерінен шығарған «Әйгілі адамдар» деген кітабы бар. Соның ішінде Кенен атамызбен кездескені туралы баяндалады. Әннің нотасын, мәтінін берген. Ерзаковичтің сол еңбегінен алдым. «Қайрат Байбосыновтың орындауындағы әнде трагедия басым, трагедия басым» деп Ерекең айтып отыр. Мен ол жерден еш­қан­дай трагедия көріп тұрған жоқпын. Қайыр­масын алып қараңыз, «Әндір-әндір, әндірді-ай. Ішімді оттай жандырды-ай». Әуеннің өзі ойнап тұр ғой.
Еркін ШҮКІМАНОВ:
- Ереке, сіздің трагедия деп отырға­ныңыз, Қайрат Байбосынов орындаған «Сұрша қыз». Біріншіден, «Көкшетау кейде қарлы, кейде қарсыз» деген өлеңнің алғашқы жолы бір жерде Қаратау, екінші жерде Алатау болып, әркім өз тауының атын қосып, айта береді. Соған қарағанда халық әні болуы керек. Екіншіден, Жаяу Мұсаның өлеңі еніп кеткен. Оны созып, кеңдеу қылып айтқаннан кейін, саған трагедия болып көрініп тұр. Осы өлеңді Балуан Шолақтың таза өз әуеніне қосшы, трагедияның барлығы жоғалады. Әуенге қарата ғана Араптың әні деп ойлап отыр­сың. Бірақ әуен - Балуан Шолақтыкі.
Ерлан ҚҰЖИМАНОВ, әнші:
- Қайрат ағамыз да басында Ермек Серкебаев ағамыздан естіп, осы әнді ұнатқанын, оған Жүсекеңнің «Ол Жаяу Мұсаныкі емес қой» деп ойланып қалға­нын айтып өтті ғой. Балуан Шолақтың өміріндегі дау-дамай жоғалған сексен өгіз­ден басталады. Оны баршаңыз білесіздер. Ол кісінің көзін көрген кісілер бар. Аман­гел­ді Ахметов Балуан Шолақты паро­диясын айнытпай салады екен. Өте әзілқой, «циркач» адам болыпты. Сон­дықтан Ерланның да, Төрткен апамыздың да айтқанындай, Кенен атамыздың орын­дауындағы ән өте көңілді ән. Ал Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұсасын» оқып отыр­саңыз, әдеби көркем шығарма болған­дықтан, Араптың басынан өткен жағдайды Жаяу Мұсаға теліп жіберген.
Ерлан РЫСҚАЛИ:
- Жалпы, Араптың «Сұрша қызы» деп отырған әнді арнайы іздеу керек сияқты. Жаяу Мұсаныкі Құдайға шүкір, орнында тұр. Айтылып жүрген екі нұсқа, яғни Ке­нен ақсақалдың жеткізуі де, бұрынғы Ар­қа­ның әйгілі әншілерінің де орындап жет­кізгендері де, дау жоқ Балуан Шолақ­тыкі. Оған ешкім шүбә келтірмеуі тиіс.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Ермек Серкебаевтың орындауындағы «Сұрша қызға» назар аударсақ...
...Дарияның жарға соққан толқынындай,
Көз салған көрінгенге көңіл арсыз.
Әндір-әндір, әндір-ай,
Ішімді оттай жандырды-ау.
Ғашық болған Сұрша қыз,
Құмарымды қандырды-ау.
Сөйтіп жүрген Сұрша қыз,
Көкшетауда қалдың-ау.
Ей, Сұрша қыз,
Енді аман бол-ай...
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Байқасаңыздар, қайырманың ең со­ңында «Көкшетауда қалдың-ау» деп айтып кетті...
Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ:
- Ол сөзді менің атам да неше түрлі қы­лып, құбылтып айтатын. «Сөйтіп жүрген Сұрша қыз, Көкшетауда қалдың-ау, Құма­рым­ды қандырды-ау» деп бір сағат жыр­лайтын. Елдің бәрін қыран-топан күл­діретін.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
- Сендер текстологияға қараңдар. «Неше жыл жүрсем-дағы мен айдауда» дейді. Балуан Шолақ айдауда болған жоқ. Ол бір-ақ рет түрмеде болып, абақтының есігін баспен соғып, қақ бөліп, қашып кеткен адам. Содан кейін Көкшетау деп отырғаны тағы да сіздерге айтам, Күн­бөпе­нің тарихына байланысты. Күнбөпе­нің тарихын мен зерттедім, сол жердің барлығын аралаған адаммын ғой. Оның ұрпақтарының бәрі отыр. Күнбөпенің өзі 1932 жылы тоқсан жасқа келіп қайтыс болған. 1840 жылдары туған. Оқиға 1858 жылы Шоқанның Қашқариядан қайтқан сапарымен байланысады. Жақып Арапқа қысастық көрсеткен. Тарих сайрап жатыр. «Көкшетауда қалдың-ай» дейтіні, қыз Көкшетауда қалып бара жатыр. Бірақ «Аман келсем, өз жері Баянтауда кезде­семіз» дейді.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Ойыңызды түсінбедім. Сіздіңше Балуан Шолақтыкі деп отырғанымыз, Араптың әні ме?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
- Балуан Шолақтың әні кітаптың ішін­дегі нотаға түсірілген «Сұрша қыз». Ме­нің айтып отырғаным, Қайрат Бай­босынов пен Ермек Серкебаев орындаған ән. Осы нұсқаның оқиғасы 1868 жылдарға сәйкес келеді.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Сіз нақтысын айтыңызшы, ән бе, мәтін бе?
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
- Нотасы болмағандықтан, әнді Арап­тікі деп айта алмаймын. Бірақ өлең мәтіні Араптың басында болған оқиға. Музы­касын айта алмаймын, Араптың әні бізге жетпеді ғой...
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Яғни әннің мәтіні Араптыкі дейсіз ғой...
Әділет МҰСА:
- Араптың сөзі тек қайырмасы болып қалуы мүмкін. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін бізде көп әннің мәтіні өзгеріске ұшы­раған. Бұл әннің де мәтіні өзгеруі мүмкін ғой.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ:
- Мен жүз пайыз Араптыкі, соны мойын­даңдар деп отырған жоқпын. Бірақ дерек көзін келтіріп, бастауының қайда жатқанын айтып отырмын. Балуан Шо­лақты жоққа шығармаймын. Оның әнін Кенен жаздырып кеткен. Бірақ бірінші шыққан ән Араптыкі. Үш «Сұрша қыз» бар дейтінім сол.
Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ:
- Балғабек Қыдырбекұлы деген жазу­шы ағамыз «Әндір 3 мың метр биіктікте өсетін тікенек гүл - Эдельвейс. «Сұрша қыз» Балуан Шолақтың әні деген құлаққа кіреді. Оны Жетісуға келгенде Асы, Үшқоңыр жайлауында шығаруы мүмкін деген ой көкейіңде тұрады да қояды. Оған тағы бір қосып кететін нәрсе Жаяу Мұса­ның «Сұрша қызы» бөлек ән. «Біржан - Сара» операсында Сараның ариясы негізінде алынған. Ал енді тексеріңдер.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Әннің авторына байланысты біраз тал­қы жасадық. Ал Қайрат Байбосынов ағамыз өз пікірінде «Ермек Серкебаевтың орындауында тыңдап, айтқым келді» дей­ді. Ол кезде бұл ән фортепиано, рояль, оркестрмен шыққан жоқ қой. Домбырамен шықты. Бірақ неге домбырамен сирек орындалды? «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» жобасында Тілеулес пен Ерлан айтты. Оған дейін үлкен сахналардан неге есті­медік?
Ерлан РЫСҚАЛИ:
- Негізі, Қайрат аға орындаған нұсқа бая­ғыдан кез келген дәстүрлі әншінің репертуарында бар. Өзі бір уақыт болады, мы­салы 2000-2004 жылдары бұл ән бай­қауға қатысып жүрген әншілер арасында танымал болды. Екінің бірі айтып жүрді. Бертін келе қалып қойды. Бір замандарда қайтадан жаңғырып шыға келеді. Бәлкім, осы хабардан кейін әншілердің бұл әнге махаббаты қайтып аууы мүмкін.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Төрткен апа не айтасыз?
Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ:
- Біздің жасымыз келіп қалды, ал сен­дер өнер жолында жүрген жастар­сыңдар. Қандай әнді шырқасаңдар да, соның қай­дан шыққанын, кімдікі екенін, тарихына көңіл бөліп, кішкене ізденулерің қажет. Шатасып жатқанымыздың бәрі, осы ізденімпаздықтың аздығы. Әйтпесе, Ке­нен аталарың Балуан Шолақтың 12 әнін ойынан шығарған жоқ. Кешегі арамыздан өткен Кенен Әзірбаевтың айтқан «Сұрша қызы» сол қалпында қалуы керек. Оны халық қолдайды деп ойлаймын. Өйткені тірі кісіден тікелей жазып алынған дүние.
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Біздің мақсатымыз - біреудің әнін біреуге алып, теліп беріп, жоқтан-бар, бүйректен-сирақ шығару емес. Екіұшты шатасып жүрген дүниелерді тура жолға салу. Ортаға ой тастау. Осы хабардан кейін бәлкім, сол Араптың әні ізделіп, зерттеліп, мүмкін табылып қалатын шығар. Табылып жатса, нұр үстіне, нұр. Қазақтың ән қор­жыны байып жатса, оған кім қуанбайды?! Балуан Шолақтың «Сұрша қызын» Ерлан Рысқалидың орындауында назар­ла­рыңызға ұсынамыз.
- Сұрша қыз, бір келгенде қыста дедің,
Қолымнан енді мықтап ұста дедің.
Тағы да келгенімде көктем дедің,
Тілімді алмадың деп өкпеледің.
Әндір-әндір, әндірді-ай,
Ішімді оттай жандырды-ай.
Ғашық болған «Сұрша қыз»,
Құмарымды қандырмай,
Ахау, Сұрша қыз,
Қалдың кейін, мен дейін.
Тағы да келгенімде жазда дедің,
Алдауың осыншама аз ба дедім.
Одан соң келгенімде күзде дедің,
Ей, Шөке, менен күдер үзбе дедің...
Ақан ӘБДУӘЛІ:
- Бірде данышпан Абай «Біржан аға, енді бұл жалғанға сіздей әнші келер ме екен?» дегенде «Абай, мендей әнші талай туар, бірақ сендей тыңдаушы қазақта болар ма екен?» деген екен. Есті әндердің сіздердей тыңдаушылары аман болсын!

Дайындаған Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

«Айқын» газеті

0 пікір