Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3191 0 пікір 18 Қаңтар, 2013 сағат 10:32

Құтыдағы құлыншаққа телміріп қалмаймыз ба?

 

 

Кезінде бәйбішеден, тоқалдан, аққолтықтан туған балаларының көптігінен қазекем демографиялық дүмпу туғызғаны анық. Бедеулік, белсіздік деген пәлелердің аты өңі түгіл, түсіне де кірген жоқ. Енді жаһанданудың жалына жармасып жүрген шақта аталған мәселе қазақтың қабырғасын қайыстырып-ақ тұр. Жыл сайын елімізде уығы шаншылған шаңырақтың 100-нің 20-сы баласыздықтың зардабын тартуда. Бұл дегеніңіз - тәтімовшелесек, «бос қалған бесік, қурап қалған құрсақ» деген сөз.

Дәрігерлердің дабылдайтындайы да бар. Бүгінде жа­самыс тартқандар ғана емес, тепсе темір үзетін жас жігіт­тердің белінен бедел кетіп отырғандығы. Жас қыздарда да жетісіп тұрғаны шамалы. Жалтыратып жүрудің зар­да­бын тартып, жатырын суықтатып сорлап жүргендері же­тер­лік. Осындай-осындай ойландырарлық шетін мәсе­ле­лер­ді шешу үшін осыдан үш жыл бұрын, яғни 2010 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №1 бұйрығы бо­йын­ша «ЭКО бағдарламасын тегін енгізуді жүзеге асыру ту­ра­лы» бұйрығы шыққан болатын. Бұл «Саламатты Қа­за­қ­стан» жобасы бойынша жүзеге асуы тиіс жобалардың бі­рі-тін. Содан бері теңіздің қасындағы тамшыдай болса да, бұл бағдарлама өз жемісін беріп келеді. Кейбір әт­теген-ай­лары болмаса, жоқ-жоқ деп жылануға жарамас, әй­теуір, алқам шүкір дегізерліктей. Оңтүстік Қазақстан облысында 2011 жылы жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы 29 от­басы бала сүю мүмкіндігіне ие болған. Бұл әдіс бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында 77 отбасыға тегін ем-дом қабылдауға жеңілдік берілген. 29-ы - соның нәтижесі. 11 әйел аку­шерлік және гинекология ұлттық ор­та­лығында, 16 әйел Та­раз қаласындағы «Неке және от­ба­сы», ал­ма­ты­лық ЭКҰ орталықта екі әйел жасанды жолмен ұрық­тан­ды­руға қол жеткізген. Нәтиже көрсеткіші 38,1 пайызды құрап отыр. Ал биылғы жылға 47 отбасы кезекте тұр. Мемлекеттік бағ­дарлама  аясында жыл сайынғы тегін ұрықтандырудың са­нын келешекте 700-ге дейін көбейту көз­делген. 2010 жы­лы  Оңтүстік Қазақстан облысы бо­йын­ша квотамен 30 адам жіберілген. Алайда жасанды жолмен балалы болу бақы­тына тек 11 адамның ғана қолы жетіпті. Бір ши­кі­өк­пе­ге қол жеткізуді арман еткендер асу-асу белдерді артқа тас­тауы тиіс. Квотаға ілігудің көш басында үміттілер үшін бі­тіп бол­майтын бірнеше ана­лиз­дер тапсырылуы қажет. Бас-аяғын сараласақ, тапсырылуы тиіс анализдердің саны 40-тан асып кетеді екен. Осы тек­се­рілудің бағасы да қым­бат. Оның бәрі де  жеңілдіксіз, ақы­лы түрде жүзеге асы­ры­­лады.

Бір ғана анализдің өзі 40 мың теңгеге же­тетінін ескерсек, толық тексеруден өту­дің өзі қанша сомаға қалтаны қаға­ты­нын бағамдай беріңіз. Бұл кепілді көмек түріне кірмейді. Ең басты талап бойынша, отағасы спермасының ұрықтандыру белсенділігі 50 пайыздан кем болмауы тиіс. Бүгінде белгілі андрологтер соңғы жеті жылда еркектер ұрығының бел­сен­ділігі 30 пайызға төмендеп кеткенін айтып да­был қағуда. Тексеруден өткен отба­сы­лардың басым бөлігі дәл осы өткел бермес асу­дан сүрініп жатқаны. Тексеруден өтіп, та­лап етілген тиісті анықтаманың бәрін жи­нап тапсырғанның өзінде тегін квотаға қол жеткізу-жеткізбеуі екіталай. Бірақ... Бала­лы болып, бақыттан бас ай­нал­са жақсы. Бірақ сол тізімге іліккенімен, ба­лалы бола алмай жатқандар да жоқ емес. Бәрі де Жа­ратқанның қолында ғой, қал­ғаны сәт­ті­лік­ке байланысты.  Әйел­дер­дің жасын 40-қа дейін созса деген ті­легі бар. Әрине, ме­ди­цинада балалы бо­луға қолайлы жастың 35-пен шектелетіні бел­гілі. Де­ген­мен... Бір шарананы Жа­рат­қан­нан тілеп, білікті ма­ман­дарға иек арт­қандардың үміті ақталса игі.

Дана БОЛАТҚЫЗЫ, әйелдерге кеңес беру бөлімінің меңгерушісі:

- Денсаулық сақтау министрлігінің алдағы 10 жылға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына енгізілген тегін жасанды жолмен ұрықтандыру мәселесі дер кезінде қолға алынған игі шаралардың бірі дер едім. Дегенмен көпшіліктің талап-тілегі де ескерусіз қал­маса екен дейміз. Өйткені біздің ор­та­лыққа келушілердің басым бөлігі әлгі қатаң талаптардан өте алмай, тауы ша­ғы­лып қайтып жатады. Ниет білдіру­ші­лер тіптен көп.

Белдің беделін кетіретін басты себеп

Мәселенің себебімен емес, салда­ры­мен күресіп жүргендейміз. Белсіздік пен бе­деуліктің не себептен артып кеткенін зерт­­теп, соның алдын алу үшін шаралар қа­былданса құба-құп болар еді. Сонда ЭКҰ-ға иек артпайтынымыз анық. Ра­сын­да, бүгінде белім деп безектеп жүрген жігіт жетерлік. Мамандар белсіздіктің бе­лең алуының басты себебі бей-берекет жы­ныс­тық қатынасқа бару, түрлі жыныстық ау­руларды жұқтыру дейді. Оның үстіне, ше­тел­ден ағылып келіп жатқан нәпсіні қоз­дыр­ғыш дәрілерді қосыңыз. «Мо­ло­дец», «Ле­­витра» атты дәрілер бүгінде дә­рі­ха­на­дағы ең өтімді тауарға айналған. Дә­рі­герлер дәл осы дәрілерді белсіздікке апа­­рар төте жол деп санайды. Өйткені табиғи емес, дәрінің күшіне иек артқан соң уақыт өте келе тек соның көмегіне жүгінуге тура келеді екен. Ол ұрық сапасын тө­мен­де­тіп, белден бедел кетуіне «көмек» қолын со­­за­ды. «Адам ағзасына аса қауіпті осын­дай қоз­дырғыш дәрілерге тыйым салынса» дей­ді дәрігерлер. Маман­дар­дың мәлім­де­уін­ше, еліміздегі отба­сы­лар­дың 35 пайызы ба­­ла сүю бақытынан ма­қрұм қалған. Бұл де­геніңіз - осыншама үй­де бесік жыры ай­тыл­майды деген сөз. Елі­міздегі №1 де­мо­граф һәм санақшы Мақаш Тә­ті­мовтің ма­қа­мына сайсақ, «осыншама жа­ғыл­ма­ған шы­рақ, туыл­маған бала». Се­рілікке ерік бер­ген еркек­тер­дің 70 па­йы­зы түрлі жы­ныс­тық жұқпалы аурулардан зардап ше­геді. Оның соңы белсіздікке әкеліп соқ­ты­ра­ры сөзсіз. Бүгінде андрологтердің ай­­туын­ша, ерлердің ұрық белсенділігі 100 па­­йыз болуы керек болса, көпшілігінікі 50 па­йыздан да төмендеп кеткен. Тіпті 7 па­йыз­бен де жүргендер бар. Еркектердің белінің беделі №1 мәселеге айналатын түрі бар. Бұрындары белім деп безек қа­ға­тын­дардың жасы 50-ден ас­қан­дар бол­са, бүгінде тепсе темір үзетін 22-25 жас­тағы жі­гіттер «көк көрпені бүл­кіл­де­туге» дәр­мен­сіз. Оның себебі көп, жү­рек-қан та­мыр­­лары, қан қысымы, сусамыр дертіне тұ­салғандар басым. Оның бә­рі де бел­сіз­дікке төтелей тартатын «тро­ту­ар­дың» бірі... Сон­дықтан да белсіздікке апа­ратын басты мәселені шешіп алсақ, мұр­тымызды балта шаппас еді. Тек құ­тыдағы құ­лын­шақтарға телміріп қал­майық.

Мырзахмет ЖАНӘДІЛІЛОВ, ОҚО денсаулық сақтау басқармасының бас андрологі, «Ерлер денсаулығы орталығының» меңгерушісі:

- Елімізде еркектердің тек 10 па­йы­зы ғана андрологке қаралады. Елі­мізде бел­сіз­дікті ақысыз емдеу, квота жүйесі жоқ. Осы мәселені Үкіметке жол­дадық. Нәтижесі болады деген үмітіміз де жоқ емес. Андролог ма­мандарды да­йындау мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бүгінгідей белсіздік мәселесі артып отырған шақта маман дайындау мәселесін алдымен шешіп алу қажет.

Автор: Гүлжан КӨШЕРОВА, Жамбыл облысы

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3593