Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4099 0 пікір 4 Қаңтар, 2013 сағат 10:39

АШЫҚ ХАТ: Қостанайдан Оңтүстік аймақтарға тікелей теміржол жолаушылар тасымалы қашан жүзеге асады?

ҚР Премьер-Министрі

Серік Ахметовке

АШЫҚ ХАТ

Құрметті  Серік Нығметұлы!

Міне, жаңа 2013 жыл да келді. Бұл алтыншы жыл - Қостанай өңірі жұртшылығының  Үкіметтің ұшар  басына және  «Қазақстан темір жолы ҰК» үмітпен қарап, сарғая күтіп, сарылған кезеңі. Себебі, өткен  жылдың желтоқсанының соңғы күндерінде Астанадан маған тағы да  өтінішіміздің әл - әзір орындалмайтындығын телефон арқылы жеткізді. Ол өтініш қандай десеңіз, оны қысқаша баян етелік:

ҚР Премьер-Министрі

Серік Ахметовке

АШЫҚ ХАТ

Құрметті  Серік Нығметұлы!

Міне, жаңа 2013 жыл да келді. Бұл алтыншы жыл - Қостанай өңірі жұртшылығының  Үкіметтің ұшар  басына және  «Қазақстан темір жолы ҰК» үмітпен қарап, сарғая күтіп, сарылған кезеңі. Себебі, өткен  жылдың желтоқсанының соңғы күндерінде Астанадан маған тағы да  өтінішіміздің әл - әзір орындалмайтындығын телефон арқылы жеткізді. Ол өтініш қандай десеңіз, оны қысқаша баян етелік:

2007 жылы Қостанай өңірінің  үш мыңға тарта тұрғындары мен келімді - кетімді  кәсіпкерлер мен бизнес, зиялы қауым өкілдері өтініш жасаған болатын. Онда  Қостанай қаласынан әлі күнге дейін еліміздің  Оңтүстік өңіріне жолаушыларды ауыспай таситын  тікелей темір жол  көлігінің болмауынан   жол азабын   қатты тартып жүргені, атап айтқанда Қостанайдан Қазақстанның үш бірдей облысын қамтитын   Тараз,  Шымкент, Сарыағаш, Түркістан, Қызылордаға дейін жолаушылар түспей мініп баратын пойыз жоқ. Аты аталған  ел өңірлеріне арқаның алты ай қысында, шілденің шіліңгір аптабында, күздің қара суығында Қостанайдан  шыққан жолаушылар Астана, Шу қалаларынан түсіп  оңтүстікке баратын пойыздарды күтіп, шаршап шалдығып, діңкесін құртып барып мінуге   мәжбүр. Бұл ең алдымен  аса бағалы қазына  -  уақытты  зая жіберу, кешігу, жолаушылардың денсаулығына нұқсан келтіру, орайластырған іске, сәтті қызметке залалын тигізу. т.с.с.  Сондықтан да Қостанайдан мініп еліміздің  Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары және   көршілес  Өзбекстан мемлекетіне дейін жолаушылары түспей  қатынайтын  тым  болмаса бірнеше вагондар жасақтау айтылған еді.

Содан бұл арыз билік тарапынан  ескерілгендей сол жылы Қостанай - Сарыағаш бағытында жолаушылар пойызы жүретіндігі туралы жергілікті газеттер хабарландыру берді. Бірақ  бұл  жел сөз  боп шықты.  Сол кездегі Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке жолданған хат бойынша  "Қазақстан темір жолы" ҰК" акционерлік қоғамынан  Қостанай - Оңтүстік бағыты - әлеуметтік бағыттар қатарына кірмейді,  қосымша тіркеме және тоқтамай қатынайтын вагондарға республикалық бюджеттен субсидия бөлінбейді. Сондықтан бұл шығыны шаш етектегі шаруа, шешілуі мүмкін емес деген жауап келді. Алайда бұл жәй  немқұрайдылық, «жаны ашымастың қасында басы ауырмас» жауап еді.  Себебі, теміржол мамандары  Қостанайдан Астана бағытындағы кез - келген  пойызға үш- төрт вагон жасақтап, Астанаға барған соң  оңтүстікке ағылып жатқан пойыздарға тіркеп жіберудің ешқандай техникалық та, ұйымдастырушылық та қиындығы жоқ. Айталық, Қостанайдан " Қостанай - Қарағанды  " пойызы Астанаға таңғы  04 сағат 40 минутта барады. Ал «Астана - Сарыағаш» пойызы сағат таңғы 06-да жүреді. Қостанайдан  тіркелген  «оңтүстіктік» вагондарды    соған жалғап жіберсе болар еді. Мұның бәрінің шығынын жолаушы билеті мен сервистік қызметтен түскен қаржы толығымен өтейді дегенді әлі күнге дейін айтып отыр.

Міне, осы түйткіл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде (\04\27\2010) мақала  жариялануына түрткі болғанбыз.

Бірақ біз бұл байсалды мәселені  жөні- жосығына қарай 2011 жылы 19 қаңтарда ҚР Көлік және коммуникация министрлігіне  хат жазып, қайта  көтерген едік.  Ол хатқа осы министрліктің көлік және қатынас жолдары комитетінің төрағасы Н. Қилыбайдың қолымен    келген жауабында (№18-1-18\фл-с-12- и\ 04.02.2011.) жолаушылар тасымалы вагондары тапшы әрі тозған, сондықтан ондай поезды ұйымдастыру мүмкін болмай отыр дей келе, 2011-2013 жылдары Республикалық бюджет арқылы жаңа  157 жолдаушылар тасымалы вагондарын сатып алу қарастырылғанын және 2011 жылдың соңында Астана қаласында жылына  150 жолаушылар вагондарын шығаратын завод іске қосылатынын атап айтқан. Соның негізінде осы мәселелер шешілген соң: «Қостанай -Сарыағаш бағытын әлеуметтік маңызы бар бағыттар тізбесіне енгізгеннен кейін, оңтүстікке қатынайтын «Қостанай -Сарыағаш»   жолда тоқтамайтын вагон ұйымдастыру мәселесі 2012 жылдың басынан жоспарлануда» деп хабарлаған. Сөйтіп бір үміт оты жылт етіп еді. Осыдан кейін жазған хатымызға орай  "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" Акционерлік қоғамынан Маркетинг жөніндегі басқарушы директоры Е. Жәкішев қол қойған  (№ К\Е-317,103.12. 2012.)  жауап хатта 2004 жылғы 11  қарашадағы №1185 Қаулысымен бекітілген республикалық бюджеттен тасымалдаушының шығынын  жабатын тиісті жәрдемақы бөлінген бағыттар тізбесінде тағы сол «Қостанай -Сарыағаш»  жол қатынасы жоқ, «сол себепті аталған бағыт бойынша поезды белгілеу мүмкін емес» деп кесіп айтады. Дегенмен бұдан әрі: «Көптеген жолаушылардың өтініштерін назарға ала отырып, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы» 2013 жылғы қаңтар айынан бастап №328\86\85\39 пойыздарының құрамында белгілі күндер бойынша 4 күнде 1 қатынайтын «Қостанай -  Сарыағаш» бағытында жүретін жолда түспейтін вагонды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Вагондарды белгілеу Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация мен  Қаржы министрлігінің жәрдемақы бөлу мәселесін шешкеннен кейін белгілі болады» деп аяқтаған еді. Көңілге қуаныш ұялатып жылтыраған үміт отын жарық қыла түскендей болған осы жауаптың соңы ақыр аяғы болмайдыға келіп тірелді. Мұны «Қазақстан темір жолы» АҚ  және ҚР Көлік және коммуникация министрлігіндегі жауапты қызметкерлер телефон арқылы жеткізді.Сондықтан да Сізге   хат арқылы шығуға мәжбүрміз.

Құрметті  Серік Нығметұлы! Бұл жай ғана шығарып салма жауап бере салатын немесе   даңғазалап барып басылады деп  жылы жаба қоятын  түйткіл емес.   Біздіңше, мұның стратегиялық, экономикалық әлеуметтік мәні зор проблема. Егер мәселенің мәнісіне үңілсек, алдымен, Елбасымыз ел ішінде  шағын және орта бизнеске басымдық беріп, оны қарқынды дамытуға айрықша мүдделі. Ендеше еліміздің Солтүстігі мен Оңтүстік  өңіріндегі  кәсіпкерлердің өзара бірлескен,  өзара ортақ құрған кәсіпорын өнімдерін өткізу, сату немесе  жеке жобаларын іске асырып, дамыту, тәжірибе үйрену, мүдделестердің   сауда-саттық байланыстарын өрістету үшін  барыс - келісі, алыс - берісі жылдам, кедергісіз  болу керек. Бұл жерде адам факторы: жүзбе -жүз, көзбе- көз  қарым - қатынасының   рөлі зор.

Екіншіден, "Бармасаң, келмесең жат боласың, бермесең, алмасаң сарт боласың", «Ел мен ел араласса - береке» деп тегін айтылмаған.  Күні кешегі  Елбасы Жолдауында айтқандай қазақтың ішкі тұтастығы -  солтүстік пен  оңтүстіктегі  ағайындардың    тонның ішкі бауындай  туыстық, татулық, құдандалы - жекжаттық т.с.с   ретімен жақсылық-жамандықта дер кезінде қарайласып, қажеттілік туындағанда, оларға қол үшін  беруге  ұмтылар, бас қосар, жүздесіп, дидарласар, мәслихат құрар әлеуметтік бірлігі бар. Алайда кейде сол бірлік татулыққа сызат  түсірер, ара суытар фактордың бірі - қашықтықты еңсермеу. Сол қашықтыққа керек кезінде, зәру сәтінде жете   алмау. Қостанай өңірінен оңтүстіктегі  әке - шешесінің, туған ет- бауырларының  қазасына жол азабынан  жете алмай,  бір уыс топырақ салуға үлгермей өкініштен іші өртенгендерді  көргеніміз бар.   Сонау Оңтүстік Қазақстанның бір түкпірдегі аулынан Қостанайдың Жанкелдин ауданының қияндағы аулында хал үстінде жатқан жар дегенде жалғыз бауырына  дәрігерлік те, қол көмегін де үлгерте алмай, ел аман, жұрт тынышта   айырылып қалған азаматтың « әттең, көліктің келеңсіздігі, бірер күн ерте келуге мұрша берген жоқ»,- деп бармағын шайнағанын да өз құлағымызбен естідік. Тосын жағдайда осылайша  аяқ астынан билет алып міне қоятын  пойыздың жоқтығынан амалы таусылып бара алмай  пұшайман күй кешіп жүргендер аз емес. Сау адам әрең шыдайтын сапарда дімкәс, науқас адамдарға тіпті қиын. Көп жағдайда көлік қатынасының (пойыз, машина, ұшақ) оралымсыздығы мен тиімсіздігінен , енді тек ұялы телефонмен ғана хабар алысу дәстүрге айналып, тірідей жүздесу қалып барады.  «Бірге тусақ та, бірімізден-біріміз алыспыз, қатынау қиындап жатбауыр  болатын түріміз бар,» - дейді, ашынған ағайын.

Құран Кәрімде жақын-жуық, ағайын-туысқандармен жақсы қарым-қатынасты үзбеу, өзара байланысты нығайту -  қасиетті парыз саналады. Ендеше жаңа технология заманында өмір сүріп отырып,   алдыңғы қатардағы елу мемлекеттің қатарына ілескен Еуропа төріне,  мұхиттың арғы бетіне  жортуылдап барғыш қазақ үшін өз жерінің бір пұшпағынан екінші пұшпағына жетуі мұң, мұқтаж  дегенді айтуға ұятта болса мәжбүрміз.

Бұл жерде қалыптасқан жағдай  Қазақстандағы тек Қостанай облысына қатысты десек,  артық кеткендік емес.  Қараңызшы, Қазақстанның Солтүстік, Батыс және Шығысындағы облыс орталықтарын -  Петропавл, Көкшетау, Ақтөбе, Орал, Павлодар, Өскеменнен біз айтып отырған Тараз, Шымкент, Сарыағаш,  Түркістан, Қызылордаға дейін вагондары (кейде тіркемелі)  ауыспай баратын пойыздар бар. Олардың ішінде тура қатынайтын немесе сол қалалар арқылы жүретін көршілес елдің пойыздары , қалай болғанда да жолаушылар ауысып мінбей бір- ақ жетеді.  Оқшау қалып қойған Қостанай ғана. Осы айтылғанның бәрін әуе көлік қатынасына  да қатысы бар Қостанайдан Астана мен Алматыдан өзге қалаларымызға ұшақ ұшпайды. Облыста жылдан жылға халықтың саны азайып келеді... Бару -келу, қарым - қатынас қиындай түскесін жұрт жанға жайлы жерді қалайды.

Тәуелсіздіктің өткен жиырма бір жылында  отанымыздың оңтүстік  өңірінен солтүстік өңіріне түрлі  жұмыс, қызмет бабы, бизнес, кәсіпкерлік  себептерімен қоныс аударған алаш жұрты , Өзбекстаннан   көшіп келген қандастарымыз  жеткілікті.  Қазағы аз аумақта қаракөздер қазық қағып, шаңырақ көтеріп жатқан әлеуметтік факторлар мен қатар   экономикалық тиімділігі де зор. Мысалы, тарихы терең  Торғай даласы, әйгілі  Алтынсариннің, Аманкелді, Әлібидің  мұражай-кешендері,  алаш ардақтылары Шоқан, Ахмет, Міржақыптың   табаны тиген,  қызмет істеген тарихи елді - мекендер, Наурызым қорығы,  қайың- қарағайлы  орманды даласы -  Президентіміз  қадап айтқан  отандық туризмды дамыта түсуге сеп болары айдан анық!

Сол себепті де Сізден  Қостанайдан Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне  тікелей темір жол көлігі қатынасын орнатуға ықпал етіп, мәселені қайта қарап,  оң шешім жасайтындай көмек сұраймыз!

 

Бекқұл Садықов

Қазақстан Республикасы су шаруашылығының

құрметті ардагері,

Бастамашыл топтың төрағасы,

Қостанай қаласының байырғы тұрғыны.

Мекен жайы: Қостанай қаласы,

Досжанов көшесі ,76 үй, 64 пәтер,

тел:  50  - 10 -  51

P.S. Қазір  бұл өтініш бойынша жиналған қол  төрт мыңға жақындады.

«Abai.kz»

0 пікір