Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3589 0 пікір 4 Қаңтар, 2013 сағат 08:31

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІІ

Таң атарда ұйықтап, сәскеде ояныппын. Бірақ, бұл жолы өз еркіммен емес, көрпеден шығып жатқан білегіме ірі тамшы тамып оятты. Жалт қарасам, омырауына төгілген бурыл шашын жуып тарап, жалаңбас, іш көйлекшең ғана тұрған Күлән, төсегімнің алдында маған қарап, үнсіз жылап тұрыпты. Көз жасын жасыруға үлгере алмай:

- Тұра ғой, бауырым! - деп қалды. Өзімен жастас маған «бауырым» деген жаңа атауын бұл жолы сасқанынан қосқанын біле қойдым да шәп беріп құшақтай алдым. - Қой, қой, Биғаш, мұның не! - Тартына берді. Мен көкірегіме тарта сөйледім.

- «Бауырымың» не? Мына түгел ағарған шашыммен бауырың болмақпын ба! - Тоқ омырауы көкірегіме оңай тірелсе де, күшпен жеткен ыстық ерні миығымды оқыс сүйкеп өтіп, өзінің қалың шашына тығыла қалды. Сұғанақ ернім сол жақ бұрымының астынан шықшытын әрең тауып еді.

- Үй, үй, ұят қой мынауың, қоя бер, Мақпал есіңде бар ма! - деп қалғанында құшағым босап сала берді де, Күләш сытылып шыға берді. Ескі қара кофтасын кие сала, жағасын түймелеп, қоңыр жаулығын жамыла қойды. Сырт қарап солқылдап жіберді де, лөңгімен басып алды көзін.

- Енді неге жылайсың, қоя бердім ғой! - деп күбірледім. - Бетіңнен де сүйе алмай қалдым!

ІІІ

Таң атарда ұйықтап, сәскеде ояныппын. Бірақ, бұл жолы өз еркіммен емес, көрпеден шығып жатқан білегіме ірі тамшы тамып оятты. Жалт қарасам, омырауына төгілген бурыл шашын жуып тарап, жалаңбас, іш көйлекшең ғана тұрған Күлән, төсегімнің алдында маған қарап, үнсіз жылап тұрыпты. Көз жасын жасыруға үлгере алмай:

- Тұра ғой, бауырым! - деп қалды. Өзімен жастас маған «бауырым» деген жаңа атауын бұл жолы сасқанынан қосқанын біле қойдым да шәп беріп құшақтай алдым. - Қой, қой, Биғаш, мұның не! - Тартына берді. Мен көкірегіме тарта сөйледім.

- «Бауырымың» не? Мына түгел ағарған шашыммен бауырың болмақпын ба! - Тоқ омырауы көкірегіме оңай тірелсе де, күшпен жеткен ыстық ерні миығымды оқыс сүйкеп өтіп, өзінің қалың шашына тығыла қалды. Сұғанақ ернім сол жақ бұрымының астынан шықшытын әрең тауып еді.

- Үй, үй, ұят қой мынауың, қоя бер, Мақпал есіңде бар ма! - деп қалғанында құшағым босап сала берді де, Күләш сытылып шыға берді. Ескі қара кофтасын кие сала, жағасын түймелеп, қоңыр жаулығын жамыла қойды. Сырт қарап солқылдап жіберді де, лөңгімен басып алды көзін.

- Енді неге жылайсың, қоя бердім ғой! - деп күбірледім. - Бетіңнен де сүйе алмай қалдым!

- Тез киіне ғой! - деді, жылай сөйлесе де тез бекуге тырысып, күлімсірегені білінді. - Көзің қарайған екен! Күн сәскеге көтеріліп қалды. Шай ішіп ап, автобусқа үлгеруіміз керек!

- Қайда баруға?

- Қайынбикең бастаған жаққа, мен саған ешқашан жамандық ойламайтыныма сенетін шығарсың?

- Сенгеніммен келіншектеріңнің керегі жоқ маған!

- Там сүзе жаздаған маңдайыңа гүл төсеймін!

- Әркімнің өз гүлі өзіне!

- Ха-ха-ха-һа-һа...а.., мұны Шаярдағы «бақаңа», Лобнордағы жайдары бикеңе айтсаң еді!

- Мұны саған тағы да Ақия тантық жеткізген екен-ау!

- Бұдан басқа да естігенім жетерлік. Бірақ... бәрі де көзіңнің қарайғандығының әлеметі! Саған не пайда-не зиян екендігін, әз басыңа не лайық-не лайықсыз екендігін білетін, осы жерде менен жақын жанашырың бар ма, соны айтшы!.. Аяғыңа шөгір қадалатын жолға бастамайтыныма, түпкіліктің түбінде кесір болатын іске сені зорламайтындығыма сенемісің?

- Бұрыннан-ақ сенемін ғой, бірақ...

- Сенсең, «бірақ» дегенді қой, жүресің менімен бірге!

Басыма су құйып жуындырып, қолыма орамал бергенін де сезбей қалыппын. Шашымды тарап алып, шайға отырдым. Түйіле ойланып отырып, бал мен сары майлы шайдан қанша ішкенімді білмеймін. Түрегеле бергенімде жаңа бешпетімді әперді. Бұрқ ете түсті иіс май.

- Мұның не? Төрт балалы, аурулы Назарбек осылай бұрқырай ма екен! Сезіліп қалмаймын ба?

- Сезілмейсің, Құлжаға алғаш келген Назарбек ағасын қарындасы мен бауырының қалай күтетіндігіне ешкім тергей қарамайды.

- Жаңа ғана әпке болып тұрып, енді қарындас бола қалғаның, біресе қызай жігіт, біресе қызай кемпір болып шығатын әдетіңе баққаның ба?

Қарқылдасып күле шықтық сыртқа. Қуыршақтай жасанып, иіс майға бөккен кішкене жиенін қолынан жетектей ерген Күләннің киіміне көзім енді түсті. Кеше таңертең кір жуғандағы бәз қалпы екен. Қатпар-қатпар көне бешпет қана киіпті үстіне. Жыртылып тозған ескі шұлық, ескі етік, талай ауыр жылдарды басынан кешірген көк белдемше, қалаға менімен бірге жүрген Күләшімді тіпті шүмпитіп көрсетті. Оның үстіне бурыл шашын маңдайына қобырата жамылған жаман жаулығын тағы да иегінен шорт байлай салыпты.

- Апам қайыршы кемпір сияқты! - деп сықылықтады кішкене қыз. - Атам әдемі болыпты! - Бұл сыншыға Күләннің өзі қосыла күлді де, еңкейіп,бетінен сүйді. Жасыр түрі жоқ. Ауқан мен әмеңгерлерінен ғана емес, өзінен мені де жирендіріп, елеусіз тыныштығын сақтап қалғысы келгені шығар. Әйтеуір маған көрсетпек сұлуларын айшықтап, өзінен үздік көркем етіп көрсеткісі келгені анық. Мені біреуіне қосу ниетіне мықтап бекіген көрінеді. «Мұнысы несі? Мақпалға қастық істеу ойы бар ма?.. Жоқ-жоқ-жоқ, жүрегіне ол сіңлісі жөнінде титтей кінарат сақтауы мүмкін емес!.. Рас, кеше түндегі айтқанындай Мақпалдың қасында болмағаныма жиырма жыл өтті ғой, жас әйел қалай шыдап күте алсын!... Ол жаққа өтіп алып күте-күте көзі шығатын болған соң біреумен кеткен-ақ шығар!»

- Мені қайындатып, әлдекімнің базарына салуға апара жатырсың-ау! - дегенімде үнім дірілдеп әрең шықты. Тынысым тарыла қалғандай. Соза күрсіндім. - Әттегене! - деп қалыппын соңынан.

- Биғаш, оны ойыңа алып өкси бермей, сабыр мен күтуің үшін жақсы біреумен көңіл жұбата тұрғаның дұрыс! - деп Күлән да күрсінді. - Барған соң көр, қайсысы болса да қолыңа түсіріп бере аламын!

- Өзің де солай «көңіл жұбатумен» күн өткізіп жүрсің-ау, тегі?

- Жоға, менің көңілім, күйеу өлтіре-өлтіре әбден торығып, өлген көңіл ғой!.. Рас айтам, сенен жасырарым жоқ. Ынтықбайдан да айырылған соң қорлануым сонша, нәпсім өздігінен жоғалды. Ондайдан қазір тіпті намыстанамын. Сөз айтқандарды басынғандай көріп, өшігетін болдым.

- Ерден зарыққан әйелдерге бір түрлі сүзілген сары ауру пайда болады екен, рас па?

- Рас. Бірақ, ол ауру албасты сияқты. Мазағына көнген - тағаты кем, еркі әлсіз әйелдерді ғана басады. Нәпсіге байланысты ауру екен. Ал, қырықтан асқан әйелдердің көбіне ондай ауру жоламайды!

Бір белден, тігілірек тағы бір мойнақтан асып барып сайға түстік. Тас жол пунктінің алдында тұрған автобус біз жетісімізбен от алды. Бос тұрған екі орындыққа бөлініп отырдық.

Күн еңкейе жеттік Құлжаға. Автобустан түсіп, екі көше айланып барып Сайраның отауын таптық. Кішілеу тақтай қақпадан кірісімізбен жүгіріп келіп шешесін құшақтай алған Сайра маған Ынтықбайша сүзе қарағанына күле-емірене барып, маңдайынан сүйдім.

- Қайран досымның көзі-ау! - дегенімде көзімнен жас ытқып кетті. Күләннің 1944 жылы мен алғаш көргендегі мүсініндей толықша омыраулы, аппақ маңдайлы келіншек маған аңыра қарағанда шешесі, «Биғабіл ағаң» деп күбірледі. Бауырыма кіре кетіп солқылдады Сайра. Иығына төгіле қырқылған қою қоңыр шашын, маңдайынан тартып сылай беріппін.

- Жылама, Сайрашым, мен жыласам уата алмай қаласың! - деп әрең күбірледім. Басқаларға сезіліп қалуымнан қауіптенген Күлән қузап айырып, үйге кіргізіп әкетті...

Жаңаша әдемі отаудың жасау-жабдықтарына қарап, «төрт көненің» бірі аталып өртелген мәдениет жиһаздарының бұл қалада қайтадан қадірлі мүлікке айнала бастағанын байқай отырдым. Оюлы сырмақ, қазақы кестелі киім жапқыш, өрнекті терезе пердесі, орыс скамейкасы, столы, айшықты шкаф жалтырап - түгел жаңадан жасалыпты. Бұл, мәдениет топалаңның адыра қала бастағанына сендірді мені.

- Мына «көнеліктеріңе» Ауқан төңкерісші тиіспеді ме? - деп Күлән сөз арасында қызынан сұрады.

- Ол біздің үйге тиіспейді! - деп жымия күлді Сайра. - Қазір өзі де жидіңкіреп қалған сияқты!

Отыз жасқа іліне қоймаған сұңғақ бойлы қараторы жігіт кіріп келіп, алдымен маған бүгіле сәлем берді де қос қолын соза ұсынды. Екі езуі екі құлағына кеткен, қуанышы бар көрінеді. Амандығымды тәптіштеп қайталап-қайталап сұрады.

- Тіпті қуаныштымын, аға!

- Танисың ба өзің? - деп Күлән сұрады күйеу баласынан.

- Ауыз үйде Сайрадан естідім. Көрмесем де таныспын ғой бұл кісімен. Әліге дейін осы кісінің оқулықтарынан пайдаланамыз!

Күйеу жігіт бізбен бірге бір шыны шайды асыға ішіп, ауыз үйге шықты. Сайрамен күбірлескені де естілді.

- Бүгін-ақ кешкілік той жасаймын дейді анау! - дей кірді Сайра.

- Қашқынға той жараспайды, балалар! - деп күле ескерттім мен. - Той, жиын дейтінді осы аулаға кіргізбей қоя тұрыңдар! Күлән мен Ыбырайдың Үрімжіден бу арасанға келген көне сырқатты ағасымын. Атым Назарбек болып аталады. Ұқтың ба, Сайраш?

- Ұғамыз! - деп күлді Сайра. - Келуіңізден бұрын-ақ солай аталып жүрсіз.

Шай құйып отырған Күлән қызын қасына шақырып отырғызып алып, ұзағырақ сыбырласып шығарды.

- Не айттың? - деп сұрадым Сайра кеткен соң өзінен.

- «Аға», сен бүгінше ауырмай-ақ қой! Сыйлы қонақсың ғой, біздің өзара сыбырымызға да құлақ салма!

- «Қарындас», олай болса, «ағаңды» намыстандырмай өзің тәуірірек киінші!... Жесір қарындасына ағасының әкелген киімі осы ма деп жүрмесін!

- Әкелгеніңнің бәрі тауда қалмады ма! Ішімнен бүріп әкетіп барады деп бебеулеген соң, емшіге көрсетейін деп ала жөнелдім ғой! - Сақылдап күліп жіберіп, аузын баса қойды Күлән. - Менің осылай жүре беретін себебімді бәрі біледі! - деп күрсінді сонсоң. - Ал, бүгін саған амандасуға сенімді адамдардан төрт-бесі ғана келеді...

Күн бата өңдері жалт қарататындай екі жас әйел келіп амандасты да, ауыз үйге қайта шығып, күтушіге айналып кетті. Ымырт түсе қырықтар шамасындағы үш еркек келіп көрісті. Бірі, Лобнордағы ашаршылықта менімен бірге ісіп, о дүниеге менен бұрынырақ жөнелетіндігін айтып арыздасқан Шайзада екен. Құшақтаса кетіп, арқамыздан қағысып, ұзағырақ күлістік. Қалған екеуі - институтты Шайзадалардан бірер жыл бұрын бітіріп, Құлжаға «стиль түзету» науқаны басталудан бұрынырақ келіп алған мұғалімдер екен. Биғабіліңді көрмедік те білмедік деп, менің «ұйымым» мен «блоктарымнан» мүлде бейхабарын айта қарғанып жүріп, бір-бір түн ғана аспаққа асылып құтлыпты. Әйтеуір мұғалімдік қызмет орындарында қалған екен. Ал, Шайзада, Тарым майданындағы қатерлі түрмеден менің ақтауым арқылы құтылысымен зытып, аулына келіп алыпты. Келе сала үйленіп, келіншегі мен өз туысқандарының көмегінде Құлжаға сіңіпті де, қала маңы коммунасының ұсақ-түйек жұмысына орналаса қойыпты.

Бұлардан кейінірек келген бір жастау әйел, бұрын таныстығы болмаса да күле-жылай амандасып, Күләннің орналастыруымен маған қатар орындыққа тізелесе келіп отырды. Төменгі орындықтарға сырылып, оған төрден орын нұсқаған мұғалімдердің таныстыруынша осы қаладағы бір құрметті ағартушының әйелі екен. Ері 62-ші жылғы көше ереуілінде оқ тиіп өліпті.

- Сізбен тұстас, үш аймақ азаттығының алғашқы кезінде мұғалім болған, марқұм сізді аузынан түсірмеуші еді! - деп бір мұғалім күрсініп жібергенде, әйел көз жасын тағы да ағытып қалып, қол орамалымен сүрте күбірледі:

- Сізбен түйдей жастымын дейтін! «Кебенек киген келеді» деген осы. Әйтеуір денсаулық жағынан құрамай жүріпсіз! Сіздің... «ашаршылықтан өліпті» деген жаңсақ хабарыңыз келгенде қатты ашынып еді. Іле-шала шекара мәселесінен оқиға туылғанда... оқ тиіп, өзі өлді! - Қара көздің тұнық жасын тағы бір ағытып жіберген құрдас жесірінің қолын қос қолыммен қыса ұстап, қайталап көңіл айттым:

- Біреу ерте, біреу кеш, бәріміз де басатын жол, баратын жеріміз ғой ол, мықты болыңыз! Күләш екеуміз жыласақ, сізден үш-төрт есе көбірек төгіп жіберерміз! - дегенімде отырғандар күрсінісіп алып, Күләнға қарап жымиысты.

Мол дастарқанға қуырдақ үш жерден қойылып, арақ құйылды. Алдарына алжапқыш тартып, ақ білектерін сыбанып алған екі келіншек, стол төріндегі менің қарсыма қойылған орындықтарға шақырылып келіп отырды. Мұғалімдердің бірінің «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды» дегендей аса қуанышты қарсы алу сөзі, сақтықты бәсең үнде сөйленіп болысымен бәрі түрегелді де менімен ыдыс қағыстырып, тост көтерісті. Қасымдағы сұлуым да алдындағы үзім арағын қағыстырып жіберіп ерін тигізіп қана столға қайта қойды. Мен онымен арнайы қайталап қағыстырып, бірге жұттым.

Төбедегі обажурлы электр шырақ, қарсымнан жайнаған екі әйелдің нұрымен күшейгендей жарқырай қалыпты. Бірінің алқызыл, бірінің ақ жібек көйлегі, алқа, сырға, ақ білектері ғана емес, «мәдениет төңкерісі» қырыққан қап-қара шаштары да шырақпен шағылысып, нұр атады. Жанарлы көздері әредік-әредікте елеусіз ғана қарап қойып, төңкеріліп, иә, жалт бере жөнелді. Ұзын кірпік, қою қастары «нағыз сұлу мұнда» дескендей мені де жалт қаратқанымен күңгірт күдік, сүркей қауіп қараңғылатыра берді көңілімді. Сұрағандарына жауап беріп те, жауап алып та сөйлесіп отырмын. Ұсынғандарымен қағыстырып, ішіп те, жеп те отырмын. Сұр бұлт орап алған алай-дүлей жүрегімді тыныштандыру үшін тырысамын. «Жоқ, ол мені тастап, ешкімге бармайды. Жиырма жыл ғана емес, тіпті өмір бойы күтетін бекем ниетте болатын. «Суретіңді сүйіп қана өтемін, алаң болма» деп кетерімде де айтқан! Мектебінен жарым сағат босаса-ақ алқына жетіп, «әкелші!» дейтін де, ерніме жабыса қалып, екі-үш рет сорып қана қайта жөнелетін. Оның бар тіршілігі менің қамым мен зор білім алу талабына ғана жинақталған, ғылым адамы. Ұсақ-түйек көңіл мен нәпсіге бой ұрмайды ол!...»

Бірақ, мына ішіп отырған күшті арағым жылу бергендей емес, дастарқандастарым қызара бөртіп, серпілген сайын басыла түскендеймін. Тізелес жесірімнің төменгі жағында отырған жүдеубас Күләнға қарап қоямын. Ол тіпті салмақты, аппақ қалпы. Қоңыр жаулығы иығына түсіп, бурыл шашы желкесіне соның үстінен төгіліпті. Екі келіншектің ақ көйлектісі, өзі көп атаған Нәзипа екендігін, сонымен жиы күбірлесуінен анықтадым. Өзімді де екі-үш рет қаратып қойған сонысы болатын. Ұялы, ойлы қара көзі Мақпалымның кең шаралы көзінше парасат байқатады. Бірақ, тұнық аспандай емес, қарақаттай мөлдірейді. Ішімнен оған қайдан жетсін дегендей қынжыла елестетемін Мақпалды.

Ішімдікпен қыза келе дастарқандастардың күлкі-қалжыңдары да шыға бастады. Бәріне араласып, әйелдер жағына тиетін сөзге қарымжы қайтарып отырған Нәзипа, сұлу ғана емес, сілтегені құр кетпейтін мерген тілді екен. Бірінші рет көрісіп отырған қонақ алдында тосырқағаны ма екен, екеуінен ән талап етілгенде ғана тартынды да, баяу ғана әуенмен Күлән бастап берісімен қасындағы жас келіншекке иек қағып ерте жөнелді. Дауысы да сыбызғыдай көрінеді.

Домбырамен қостап отырған мұғалім бір-екі рет ән салып, бұл салада өзінің де қабілетті екендігін байқатып еді. Қонағасы табақтан соң отырыс тарайтын шақта қойын дәптерін шығарды да, маған арналған бір өлеңін оқып беріп, бәрімізді жалт қаратты. Дастарқандастар қайта талап етіп, екінші рет оқытып, мақтап көтермелеп алғыстарын айтты. Мен, қызарақтап күле қол бердім. Төселген ақын екендігін бұрын ешқайсысы білмейді екен. Күлән мен Шайзада бір-біріне қарасып, соны айтысқанда тіпті ойлы пікір көрсетті өзі:

- Тасыған ақындығым емес, азамат аңсауым ғой. Аңсау мен арман тасқынды болады екен! - дегенінде үні жасып, сәл дірілмен шықты. Күлән сырт қарай берді. Іркіле қалғанын жасырып, қоңыр жаулығының шалғайымен ғана қағып тастаса керек...

Қонақтар тараған соң маған арналған төсек Күләннің бөлмесіне салынып, өзі отауға жатып еді. Сәскеге таман келіп оятты мені. Кешегі таудан келгендегіден сәл бүтінірек ескілерін киіпті бүгін. Сонда да қоңыр жаулығын тастамай, мойнына салыныпты. Түндегі құрдастың жесірі бүгін түстікке шақырып кеткенін айтып оятты. Балалары қызметтеріне кеткен екен. Кішкене жиенді арамызға алып шай ішіп болғанымызша түс болды. Сәл ертерек келген Сайра шешесіне қаланың тіпті тынышталып қалғандығын, қонаққа жақсырақ киініп баруын, сәл қызғыш тарта өтінді. «Сіздің мына киіміңізден біз ұялады екенбіз!» деді соңында. Мен қостадым бұл пікірді. Күлән қызына күле жауап қатты:

- Бұл қаланың жыны ұстамалы жын! Маған алаң болма, жарығым, бұлай киінуіммен сендерге ұят келтірмеймін!.. Ал, сен екеуің «Назарбек» ағаң мен маған мүлде қатыссыз адамша жасап, қызметтеріңді істей беріңдер! Бізді іздемеңдер, ұқтың ба?

Кішкене жиенін жетектеп, мені тағы да бастай жөнелді.

Құрбы жесір бізді қақпасының алдынан жарқылдап қарсы алды. Тіпті сұлу көрінді өзі. Түндегі дастарқандастарына туыс жақындарынан екі адам қосып шақырыпты. Аса сенімділіктерінен, қамсыз сырласа беруімді айтып кіргізді үйіне. Нәзипа мен Гүлсім ауыз үйден, Шайзада мен үш жігіт төрдегі үйден қарсы алды. Екі бейтаныс құшақтасып көрісіп танысты менімен. Бірі орман басқармасының, бірі астық мекемесінің қызметкері, жас шамалары Шайзада тұстас көрінеді. Лезде іштесіп, сырласып кетті. Өткен кеште дастарқандас болған екі мұғалім бізден кейін келді. Олар көне досқа айналып, тіпті жақын көрінді көзіме. Екі сұлу тағы да қарсыма отырды. Сәл тұйықтау көрінген Гүлсім де қарындасымша тартыныссыз-іркіліссіз күлімдеп сөз қатады. Бір-екі рет арақ қағыстырған соң күннің ыстықтығын айтып, мен де сыраға ауысып едім. Жесірлер стакандарын кезек-кезек шақылдатып қузай берді.

Отырысты күн бата әрең аяқтаттық. Қонақ иесі болған құрбы жесір қайтарымда қолымды ала сөйлеп қалды:

- Құрдас, досыңыздың үйі осы. Егер өзі тірі болса, қашан кеткеніңізше осы үйіңде боласың деп зорлап орналастырар еді! - деп көзіне жас алды. - Әлде де екі баласы мен мен бармын. Орнын өгейсітпей, ұмытпай, әр күні келіп тұрыңыз, өз үйіңіздей көріңіз! - қолымды қатты қыса өтінді. «Мақұл, мақұл» дей беріппін.

Екі келіншек Күләнді ортаға алып көше бұрлысынан өтіп барады екен. Шайзада екеуміз үй иелеріне рахмет айтып, жүруге бет алысымызбен анадай жерде бізді тосып тұрған екі мұғалім де жүріп кетті. Аяқ алыстарынан сәл мастанғандықтары байқалады.

- Биғаң енді осы сұлулардың бірімен тездетіп үйленіп алуы керек! - деп қалған бірінің сөзін құлағым шалып қалып, қалт жібермей тыңдай аяңдадым соңдарынан. - Бұл кісіге қайсысы болса да тиеді! - дегенді еселеп қосты сөзіне.

- Алматыдағы әйелінің біреуге тиіп кеткенін естіген шығар өзі, бір жыл болыпты ғой?

- Үрімжі жақтан естімесе келгеннен бері Күлән айтпады деймісің. Ендеше, міне, дегендей бой түзеп алыпты, бұрын қарапайым ғана киінетін кісі дейтін.

- Ауқанның режиміндегі мына келіншектер де жасанған-ақ екен. Қайтсін, ері өлген жесірге, қаншалық сұлу болғанымен мұндай күйеу табыла қояр ма!

Қасымдағы Шәйзада көз қырымен маған жалтақтап қарай берді. Жүзім оңа қалғанын байқады білем, қақырынып, алдыңғы сөйлесіп бара жатқандарға дыбыс берді. Олар жалт-жалт қарап, сөзден тиыла қалды.

Боздап жіберетін бала емес, тісімді-тісіме басып өте бергенімде, қатарласып бірге жүрді. Ішімдегі өрттен ыс шығармауға тырысып, мұнарланып дымданған көзімді жерден айырмай, тығыла түстім. Мұғалімдер басқа әңгімеге көшіп, маған сұрау қойғанын да сезбеппін. Үшеуі де үңілді жүзіме.

- Биға, өңіңіз бозарып кетіпті. Сыра көтерілді ғой деймін. Құсқыңыз келсе, әнеу терек далдасына барып отырасыз ба? - деп сұрады ақын мұғалім. Шайзада оның білегінен қысып қалғандай болды.

- Жоқ, басым ауырып келеді! - Үнімнің дірілін сездірмеу үшін естілер-естілмес қана күбірледім. Екеуі екі жағымнан қолтықтай аяңдады. Мас болғандай көрінбеу үшін аяғымды жеңіл алып, жеделдете бастым. Сүйемелдерінен ажырап, өз еркіммен жүріп кеттім. Күләндар қай көшемен кеткенін білмей қалыппын. Ымырт жабыла жеттім қақпаға. Жолдастарыма рахмет айтып, қол беріп қайтардым да, Күлән көрінбеген соң есік алдындағы цемент баспалдаққа келіп отыра кеттім. Күлән өз бөлмесінен шықты.

- Үй, Биғаш, жерге отырып қапсың ғой!

- Рас, тақыр жерге отырып қалыппын! - деп қалғанымда көз жасым ағытыла жөнелді.

- Сабыр ет, Биғаш, сабыр! Әй балалар, орындық әкеліңдерші! - Күләннің дыбыстауымен күйеу баласы орындық көтеріп шықты үйден. Мені екеулеп көтермелеп отырғызды орындыққа.

- Анау қулар айтып қойыпты-ау! - Күлән сырт қарап күбірлегенде артынан Сайраның үні естілді:

- Таудағы үйде естіртпеп пе едің, апа? - дегенінде маңдайымды қолымен тіреп, өксіп-өксіп қалдым.

- Естіртуден жүдеп қалар деп аяп, кейін жайлап түсіндіремін деп жүр едім! Сайраш, бізге дастарқанды мына оңаша үйге жасаңдар енді!

Сайра алдымнан жылай өтіп, Күләннің бөлмесіне кірді.

- Аға, сізге біз ақыл айта алмаймыз. Мұндайда сабырдың қаншалық қажет болатындығын ұмыта көрмессіз! - Күйеу жедел басып өз отауына кірді де орындық, дастарқан сияқты қонақ күтіміне керекті нәрселерін сол бөлмеге тасыды. Қарсы алдымда көз жасын үнсіз ағытып тұрған Күлән қол жаулығымен төмен қарап отырған менің көзім мен бет-аузымды сүртуге кірісті. Жалт қарадым өзіне:

- Алдымен өз жүзіңді сүртіп ал! - дегенімде кеңк ете түсті де өкси жөнелді. - Менің айырылған аяулыларымның бәріне өзіңді жауапкер санайтын әдетің бар екен ғой! 45-ші жылы Нұрияның өлімінде де жасырын жылап жүріп, өз көз жасың таусылғанда әрең естіртіп едің, ал, жылап болшы! Мен жыламай-ақ қойдым енді!

- Сөйтші, сен жыламашы! Жылап үйренген мен-ақ жылайын!

- Мақпал Нұрияшша менің намысым үшін құрбан болған емес, мен жыламайын, сен де жылама!

Отау есігінің маңдайында шырақ жанып тұр. Күлән өксуін тоқтата қойды. Қол орамалыммен оның көз жасын мен сүрттім. Өмірі жылаумен өтіп келе жатқан досымның көзі мен менің көзім тоғыса қалғанда менің көзімнен тағы да ағытылып кеткен екен. Енді ол сүртті көзімді. Өзінікінен іркіле қалғанын мен сүрттім...

Сөйтіп кезек сүртісіп отырғанымызда сыртқа қыз бен күйеу шығып қарап тұрғанын сезбей қалыппыз.

- Сен, бұл айырылысуыңа Мақпалды кінәлі деп ойлаймысың? -деп сұрады Күлән.

- Жоқ, ол да, мен де кінәлі емеспіз. Бүкіл өміріміз болып есептелетін жиырма жылдық жастық дәуреніміз сергелдеңмен өтті ғой! Мен өлді деп жариялаған үш реткі қастықтың бірі оқ болып тиген шығар оған!

- Бәсе, дұрыс ойлай алдың, Биғаш!

Менің көз жасым тағы да ытқи жөнелді.

- Шешімін өзің айта тұрып, енді неге жылайсың? -Көзімді тағы да сүрте тұрып сұрады Күлән.

- Қимайды екенмін!

Күлән өксіп-өксіп қалды бұл жауабыма.

- Енді сен неге жылайсың, неше күннен бергі жылауың жетпеді ме! - оның көзін мен де сүрте тұрып сұрадым.

- Мен тіпті қимаймын ғой! Бір туысқаннан да жақын сіңлім ғой! Нұрияшымның дәл өз бейнесімен енді кім көрінер көзіме!

- Ал, апа, аға, үй дайын болды, кіріп отырып сөйлесіңдер! - деді күйеу.

Төрге кілем жайылып, үстіне көрпе салынған екен. Шағын столды босаға жаққа қойып, екі кісілік қана дастарқан жайыпты. Мен бір шетіндегі орындыққа отырысымен, Күлән терезе алдындағы термосты әкеліп, шай құйды да, өзі бір орындыққа отырды.

- Күләш, маған молырақ бір стакан арақ берші! -деп күрсіне өтіндім.

- Бүгін ішпей-ақ қой, Биғаш!

- Қонақ болған үйде аз ішкенмін, оңашада бір тартып алайын!

Сайра ысытылған бір табақ ет әкеліп, дастарқанға қойысымен күйеу жігіт жарты бөтелке әкеліп, екі ыдысымен алдыма қойды да арақ құйды.

- Ағаға өзім бір құйып берейінші!

- Өзің бірге ала ғой, балам! - деп енесі рұқсат етісімен сөйледі күйеу жігіт:

- Аға, бұрын көріспесем де сіздің тілеуіңізді тілейтінмін. Мен ғана емес, бүкіл сау ақылды ағартушылар тілейді сіздің тілеуіңізді. Тірек санайтынымыз... бұл жақта... өзіңіз ғана! Сіз үшін қазіргі ең қажеті денсаулығыңыз үшін бір рет рюмка қағыстыруыма рұқсат етіңіз!

Ыдысты әдеппен ғана түйістіріп іштік.

- Рахмет, балам! - десімен шығып кетуге беттеген күйеу баласына Күлән, «бізге енді алаң болмаулары» жөнін тапсырып шығарды. Біраздан соң Сайра кіріп, Күләннің кереуеті астына бірдеме қойды да, терезе пердесін қымтай жауып қайтты.

- Сен бөтелкеге қарағыштаб отырсың, тағы да ішетін сияқтысың! - деп түрегелген Күлән, төсек астынан Сайраның қойып кеткен, газетке ораулы нәрсесін алып келіп отырды. Кішкене бөтелкелі вино екен. - Кел екеуміз енді бір-бір ыдыс қана қағысалық та, бүгінше жылауды да, ішуді де тоқтаталық!

Ақтан толтыра құйып менің алдыма қойды да, қызылмен өз ыдысын толтырып қоя сөйледі:

- Биғаш, сен үшін мылтықты жаумен соғысып, атылып өлген Нұрияштың күйігінен де аман қалып едік қой. Ал, тірі Мақпалдың сені он тоғыз жыл күтіп, басқа біреуге лажсыз тиіп кетуі, біз үшін дәл Нұрияштың қазасындай ауыр болмаса керек! Сен де соның өзінен қалыспайтын біреумен бас қосып алсаң, есең кетпес! Сенің денсаулығың мен мұнан соңғы бақытыңның баянды болуын тілеймін!

- Мен, сенің... өмірлік тілеулес, теңдессіз адал досымның денсаулығын тілеймін! - Екеуміз қағыстырып жіберіп, қатар іштік. Күлән екі бөтелке мен екі ыдысты жиыстырып апарып төсек астына тықты. Қалған еттің бетін жауып, дастарқанмен орай салды да төрге қатар төсек салды. Қолтығымнан тартып апарып жатын орныма отырғызды да туфлиімді шешіп, сырт киімімді сыпырып, көрпе жапты.

- Ұйықтай ғой енді, қатты шаршадың! - дей сала есік ілгегін салып, шырақты өшірді. Өзі етігін ғана шешіп қатарымдағы жертөсекке киімшең қисая кетті.

- Кең жерде неше қайталап сұрағанымда неліктен айтпадың, Күләш?

- Сенің қиналысыңды, жан күйзелісіңді көргім келмеді. Сондықтан өзім қиналып, жылай бердім. Сен менің сонымнан секем алып, сұрай бердің. Сонда да жасыра тұрғым келді. Бұл күйігіңе ара түсіп жеңілдетуге, бос қалған көңілге медеу болып, дертіңе дәрмен болуға өз қабілетімнің жетпейтіндігі белгілі... Бір көңілденер шағыңа жеткенде естіртпек едім. Бүгін қасыңда қалған мұғалімдер аңғалдық етіп қойыпты! Бұл суық хабарды бірінші рет өздерінен ғана естіп қалғандығыңды білдірдің бе оларға?

- Жоқ, сырадан басым ауырып қалды деп қана айырылыстым.

- Жақсы болыпты, мұнан соң да жабық қалпында қала тұрсын! Бәрі де өз іштерінен біледі.

- Бұл хабарды кімнен естіп едің өзің?

- Осы жақында ғана жұрт аузынан әменгерлер мен Ауқанның қыспағынан құтылып, тауға қайтарымда ғана естігенмін. Бұлар, Совет одағынан жасырын өтіп жүрген біреуден осы жазғытұрым естіпті. Мақпал былтыр ғана тұрмыстанған екен!

-  Соған мен әлде де сенбеймін! - деп күрсіндім.

-  Неғұрлым жаңсақ хабар болсын-ау, бірақ, алғаш естігенімде мен де сенбегенмін. Қайсысы қай жерде, кімнен естігендігін қуа жүріп сұрап сендім. Ол жақтан келген адам, тиген күйеуінің атын да айтыпты. Мақпалдың өзінің қызметке орналасқан мектебінің оқу мүдірі екен. Асқарың сол мектепті бітіріпті. Солардың қолында тұрады екен.

Осы хабарға келгенде, көрпеден шығып жатқан Күләннің білегінен ұстай алып еңіредім. Асқардың «әке, әке, жүй-жүй!» деп шырқырап жылап айырылсқаны елестеді көзіме. Күлән мені құшақтай алып солқылдады. Маңдайымнан сүйе, тоқтау айта еңіреп жіберіп, өзін жия қойды. Мен қайталап сұрау қоя құштым:

- Жетпіс бесінші жылы Үрімжіге барғаныңда сол жақтан не хабар естіп барып едің?.. Ақияға «Биғабіл Қазақстанға өтпек болса, маған жолықпай кетпесін!» депсің ғой?

- Онда Мақпал жөнінен де еш хабар ала алмай, кеуіңнің хабарыңды да Үрімжіден естірмін деп барғанмын. Егер сен босап, Советке кету жағдайың болса, Ауқандардың қатерінен құтылу үшін еріп кетпек болғанмын. Ал, биыл Мақпалдың мына суық хабарын естігеннен бері жылаудамын. Сені бұл ахуалды естімей өтіп кетер ме екен деп қатты тынышсыздандым. Естімей барып, Мақпалды біреудің қолтығынан көрсең, аса қауіпті оқиға туылар еді. Шүкіршілік, әйтеуір енді жүдетпейтін, Мақпалға да кешірім әперетін орныңды тауып қойдым! Үй, Биғаш, мұның не, орныңа жата ғой! - Киімшең Күлән құшағымнан серпіліп шығып, өз орныма жатқызды да, көрпемді жапты.

- Маған дәрмен болып, Мақпалға кешірім әперетін орным қайсы сонда?

- Ертең-ақ! Ал, ұйықтай ғой! Бірақ, бүгін сені зорлап ұйықтату қиын шығар. Өзіңмен өзің кеңессең ғана кеңіп, ұйықтай аласың!

- Қалай кеңесейін?

- Өзің Мақпалдан бес-алты жас үлкен бола тұра әйел жөнінен оған адал қалпыңды сақтай алмай келгеніңді айттың ғой. Ал, жап-жас Мақпалды кінәлап, ширығып қапаланып жатқаның әділдік пе? Он тоғыз жыл күтіпті ғой сені, одан артық қайтпек!

- Оны кінәлауым емес, бірақ, өмірдегі ең жақын серігін өлімге кім қия қоймақ!.. Басқаға кетуіне қимаймын оны! - Көкірегімді қос қолыммен қыса түстім. - Ол менің аспанымдай кең тынысты, қайталанбайтын зерделі, көркі мен білімі тең жаралған дарынды жар болған ғой, міне, енді кімге кетті! - Жүрегіме біз қадалғандай, қан атқылақтағандай сезілді. Демім сығылып, тұншығып бара жаттым. Дөңбекши жөнеліппін.

Күлән көрпесін серпіп тастай келіп, басымды білегіне алды да қасыма жата қалды. Екі шекемді уқалай берді. Көкірегімнен қолымды айырып, өзі сылады.

- Сабыр етші, Биғаш, пікірімді енді бір тыңдашы! Сенің Мақпалды қимай қиналатының, оның басқа біреумен тұрмыстанып кеткені ғана ғой, онысын өз табиғатының алдында жеңілген опасыздығы делікші. Ал, сен өз табиғатыңның алдында жеңілмей келген батырымбысың? - Күләннің бұл жазғыруына күліп жібердім. - Бәсе! - деді маңдайымнан сүйіп. - Бұл, сені табалауым емес, мінезіңе қайнасып біткен сын қабылдағыш, турашыл әдетіңе қарап айтып жатқаным. Сені сонау жаңа өспірім кезіңде Нұрияшыңның жатағында алғаш көргенімнен-ақ сондай адамгершілік артықшылығыңды сезіп едім. Содан бастап... ең жақын... ең жақын досым санағанмын. Әр сөзіңнен сап жұпардай әділет аңқып тұратын ғой. Соныңды мына ең қатты күйзеліс кезіңде ұмытып қалмашы! Мақпалың кім еді, Тарымда жолыққан жезөкшелерің кім? Парқы аспан мен жердей емес пе! Сол салдақыларға былғанғаның, Мақпалыңды қимайтындығыңнан болды ма? Біз табиғатты жеңеміз - құлданамыз дейміз ғой, сөйтсе те табиғат заңына құл бола жүріп батырсынатындығымызды ұмытпалық! Оның үстіне жас Мақпалдың табиғаты сенен әлдеқайда әлсіз екендігін ұмытпалық!..

Осы бір аса сүйікті философымды құшақтай алғанымды тағы да сезбей қалыппын. Мамықтай жұмсақ, кесек шоқтай ыстық көкірегіне жүрегім сіңіп бара жатқандай тығыла беріппін.

- Міне, еркек табиғатының ессіз үкіміне тағы да бас ие қалдың батырым, ал, қатының қалай жеңілмесін! - деп Күлән, жалын атқан нығыз денесін менен қашыра күлді де, құшағымнан бұлқынып шығып түрегеліп алды. Шырақты жағып жіберіп, екі стакан арақ әкелді де қағыстырып ішті. - Саған бәрі де дайын. Жалғыз-ақ қосылысып-басылысқаннан соң опық жегізбейтін, ескі жараңды жаңғыртып қайғыртпайтын біреумен ғана бол! Мақпалды енді ойлап қоюдан қашыр өзіңді, «қолдан келмейтін іске құрыштан берік бол» дейтін сөз бар ғой! Осы көргендеріңнің ішінде одан қалыспайтын саналысы барын әлі көріп болған жоқсың. Менің жай ермек үшін ғана көрсетпегендігімді түсінесің, қалпағыңды аспанға атып қуанасың әлі!

- Күләш, мұндайларды төндіре бермеші маған! Қасіретті жеңілдету үшін әлгі айтқан әділетің де жеткілікті. Бұл апат хабарды сенің қасыңда естігенім қандай жақсы болған! Кезінде көрерміз, болды, енді қыңсыламайын!

- О, жаным-ау, «қыңсыламайын» деуін! Мен де қойдым енді үгітті!

Сонда да таң бозара ұйықтадық. Екеуміздің бір қолымыз созылып, ұстасып жатқанын бір-ақ біліппіз, Күлән шошына оянып тартты қолын.

Таңертеңгілік шайды балалармен бірге отау үйде іштік. Сағат ондар шамасында ақын мұғалім келіп, үйіне қонаққа шақырды. Күндіз қыдыру жағынан мұнан соң сақтанудың қажеттігін ескертіп:

- Күндіз көзге түсе берудің маған жақпайтындығы бар! - деп едім, мұғалім күле түсіндірді:

- Назеке, бұл қалада күндіз қыдырудан қауіпсізі жоқ! Аңдушы-тінтушілеріміз түгел үкі, жапалақ, жарғанат сияқты, ыңғай түн кезеді. Көшенің соқтықпалы сойқан-соғыстары да түн жамылып жүргізіледі.

- Олай болса жөн екен! - дедім де, бұл қалада мені таныса, оқу-ағарту мен мәдениет салаларындағы көне қызметкерлер танитындығын, солардың Жаубасар мен Ауқандарға жақын жүретіндеріне көрсетіп алудан сақ болуын ескерттім....

Осы шақырылудан соң әр күні қонаққа түс уақытында барып, ақшам түсе қайтып жүрдік. Әр күнгі қонақ иесі өзді-өзінің ең сенімді достарын қоса шақырып, таныстыра берді. Қастық істейтін жат ниеттілерге білдірмеу жөнінде ант айтысқан тамыр-таныстарым көбейе түсті сөйтіп. Бәрі де «Назарбек», «Назеке» атайды. Қайсы үйге барсақ та, алғаш танысқан үш жесір бірге шақырылады. Олармен етіміз де - бетіміз де үйренісіп, көне достарша сөйлесетін болдық. Ауқанның қысаспен шектеп, үйлеріне бақылау қойған әйелдер болғандықтан Нәзипа мен Гүлсімнің үйіне қонақ болып шақырылмауымызды ескертіп қойдық. Олардың үйлері, қонақтан Күлән екеуміз оңаша қайтқанда ғана жол жөнекей дем алып, шай ішіп шығатын бекетіміз болып қалды. Жолымызға қайсысының үйі жақын болса, сол тартынбай бастап әкете берді. Кейде ымырт түсе, кейде ел жата қайтып жүрдік «бекетімізден».

Кешірек қайтқанымызда Құлжа көшесінен өріп жүрген жанжал мен сойқан көретін болғандығымыздан өз үйімізге неғұрлым ертерек қайтып алуға тырысамыз.

Менімен қатар төсек салып ұйықтап жүрген Күлән сұғанақ қолымды қатты тергеді бір күні таңертең: ұйықтасымызбен көрпе сыртына шығып ұстаса қалатын екі қолдың инстинктік жақындығына кешірім етіп жүр еді. Сол күні тентек қолым, көрпесінің ішіне кіріп, «басқа шауып, төске өрлеп» мазасын ала беріпті.

- Қолыңның бұлай жортуы мені қорсынғаны екендігін білдім! - деп өкпелей қарады маған.

- Қорсынғаны емес, таңдағаны шығар!

- Не таңдамақ мендей кемпірден. Күндіз кешке дейін қоршауына алып жүрген жас сұлулардың біріне сыбырлай салудан ұяласың да, кешінде мені сипалайсың! Бәрінен оңайы, қоры осы дейтін шығарсың! Менде сені жұбата алатын ештеңе жоқ, маған сенуің керек! Мақпалыңды аңсатып қасіретке батыра беруден басқа ешқандай көңілділік бере алмайтындығымды біле тұрып, ермек етпекпісің?! Анау үшеуінің бірін таңдайтын уақытың болды. Қайсысы болса да саған дайын екендігін байқатып жүр. Менің үш-төрт бай өлтірген уыма әуестенбе!.. Менімен жақындасып қойсаң-ақ қатты жаңыласың, маңайыңнан хор қыздарын үркітіп аласың!...

Сол күні түс уақытында Шайзаданың үйінде болып едік, «үш хор қызы» тағы да бірге барған болатын. Нәзипа екі сағат қана отырды да, елеусіз ғайып болды.

Отырысымыз күн бата аяқталды. Қонақтар тарап бара жатқанда Күлән маған тоса тұруды айтты да Шайзаданың келіншегімен оңаша сөйлескен болып, қарсы үйіне кіріп алды. Дастарқандастар түгел тарап, қайтып болған шақта шықты да, жетектей жөнелді. Мені бүгін Нәзипаның үйіне ешкімге көрсетпей ертіп апармақ екен. Бір оңаша көшемен апақ-сапақта айланып өтіп, маған таныс болып қалған қақпаның алдына жетіп бардық. Өз үйінің есік алдынан қарап тұрған Нәзипа жүгіре жетіп, Күләнді құшақтай алды.  Күлән өз үйіне қайтып кетпек болып шегіне бергенінде дедектетіп ала жөнелді Нәзипа. Маған жүріңіз дегендей ымдап қойып, Күләнді жетектеді. Жаңаша киіммен жасанғандағы тіпті ерекше сымбат тапқан тұлғасына қарай-қарай ілестім. Шағын ғана екі бөлмелі, әдемі жасаулы үйіне Күләнді алдыға салып кіргіздік. Жас сұлудың оңаша үйіне жалғыз кіруден мен де соншалық ұялатын сияқтымын. Стол төріндегі орындыққа «жеңгені» отырғызып, қарама-қарсы екі орындыққа тағы да екеуміз отырдық. Өзінің туысқан әпекесінен асырап алған 14-15 жастар шамасындағы қызы шай құйып, күтуші болып жүр.

Нәзипаның бүгінгі жасануы көзімді суырып әкететіндей көрінді: үш жағы ғана бұйраланған қою жылтыр қара шашы тіп-тік екі иығынан алдына, тоқ омырауына төгіліпті. Алды ашық ақ жібек кофта мен сол қолаң қара шаш алқызыл алмадай жүзін аша түсіп, мол кірпікпен көмкерілген мөлдір қара көзін тіпті жайнатып тұр. Түп-түзу түскен қыр мұрны мен қып-қызыл ерні сұлулықтың ең таңдаулы қалпына құйылып шыққандай, орта бойлы келіскен денесіне ерекше сәулет бергендей, көз тоқтатып қаратпайтындай көрінді. Талма белін бұралта түрегеліп барып, шкабынан шампан алғанда кереметтері тағы да оттай басылды көзіме. «Кереметтері» дейтін себебім, сырт жақ мүсіні тұп-тура Мақпалдың тұлғасынан аумайды екен. Жұқа шұғадан тігілген шақ қана қималы белдемше сол ұқсастығын айқын әйгілеп тұр: жазық жаялы кең мықын, бұратылған аш бел, айырым құйылған күмістей ойық қылта, тоқ балтыр, керме йық - бәрі де бұрын өзім көргендей, сағынышты мүсін.

Эстетиканың сиқырлы періштесі көзімді қаншалық тартса да, Күләннан ұрлап, ынсаппен ғана қарап қойып отыр едім, шампан бөтелкесін ашу міндеті маған тапсырылды. Үш ыдысқа толтыра-толтыра құйып, екі жесірдің алдына қоя асықтырдым:

- Қане, тезірек тартып жіберелік! - дегенімде, Күлән күліп жіберді:

- Неғұрлым тезірек тартыңдар! - Күләннің бұл күлкісінен Нәзипа мағына іздей күлімсіреді де, ішіп алып, бөтелкені өзі алып құйды:

- Әрең келген Биғаң мен әпкем бұйырып отырғанда менің тартпайтын лажым қайсы, ал, тарттық! - Нәзипа қонақ ыдыстарына қағыстырып жіберіп жұта сала ыммен қузады бізді.

- Ал, Күләш, - дедім мен. - Енді екеуміз тездетіп тартпасақ болмай қалды!

- Енді екеуің тарта беріңдер, менің мас болмай қайтуым керек! - деп күрсінді Күлән. - Бүгін біздің үйге қайындарым келеміз депті. Оларға Ауқан ере келуі мүмкін. Биғаш бүгін осында болсын!

Нәзипа ойланбай-ақ разылық білдірді қонып қалуыма. Бірақ, қызғыш тарта жауап қатты:

- Ие, бұл да өз үйі ғой. Ол үйге жат адамдар келген болса, бүгін осында болсын!

- Бұл үй бақылау астында екендігін естимін, - деп қонбаудың сылтауын мен де таба қойдым. - «Күлән мен Ыбырайдың ағасы» келгенін бәрі естіп жүр. Менің ол үйден көрінуім ғажаптанарлық мәселе емес. Ал, ойларында жоқта бұл үйден көзге түссем, қатты тергелеміз. Айтар сылтауымыз жоқ. Назыкешке ұят келтіргім келмейді, қайтқаным дұрыс!

- Бақылаушылар түнде бұл үйге кірмейтін! - қызара сөйледі Нәзипа. - Сіздің қолға түсу хаупіңізге қарағанда маған келетін ұят ештеңе емес!

- «Анау Назарбектің» бұрын таныспайтын Нәзипаның үйінен шығуы, мені иісшіл Ауқанның үлкен тергеуіне түсіреді, Назыкеш, кешір Күләнмен бірге қайтып барайын!

- Олай болса, өзіңіз біл! - деп Нәзипа өз еркіме салған соң Күләнға ере жөнелдім. Былай шыға бере Күлән білегімнен шымшып алып, күбірледі:

- Сен үшін өзім сөйлесіп, оны көндіріп, иліктіріп қойғанмын. Осындай әйел тұрғанда... кемпірдің қасында нең бар? «Әрең келген Биғаң мен әпкем бұйырып отырғанда менің тартпайтын лажым қайсы!» деп құлшынғаны көнгені емей не! «Сіздің қолға түсіп қалу қаупіңізге қарағанда маған келетін ұят ештеңе емес!» дегені, тіпті, құрбандығың болайын дегені емес пе! Бұдан енді тартынуды қой, Биғаш!

- Мені әйел көрмеген бала деп тәрбиелейсің бе, Күләш? - Мен күліп жібергенде ол төмен қарап көз жасын төгіп жіберді. - Нәзипаның қасына жатпады деп жылап келемісің өзің?

- Екеумізді осындай сөзге келтірген тағдырға жылаймын да!.. Нәзипадан не мін таптың?

- Онда мін жоқ, сыртынан іші көрініп тұратын гауһардай әйел!..

- Олай болса, өзіңе бақа ғана қажет болғаны ма? - Сақылдап күлді Күлән. Қараңғы көшемен жасырынып келе жатқанымызды ескертіп күлкіден сілкілеп тоқтаттым да, оның өзі иісмайлап берген қол орамалын алып, көз жасы қолыма тамды. Тағы да сүртіп тастап, бетінен шымшып қалдым. Оныма қарсылық білдірмеген соң құшақтап тартып, сүйіп алмақ болғанымда серпіп тастады.

- Менен аулақ бол, сенен көрі маған бұлт жақын! - Үнінің қатқыл шыққанын естігенім осы еді.

- Мені рас жақтырмаймысың өзің? - деп мен де ресми сұрадым.

- Жақтырмаймын!

Аралық тастап, сәл алыстай жүріп едім. Өзі жақындап, қолтықтай аяңдады.

- Рас айтам! - деді сонсоң. - Мен ежелден жарың емес, досыңмын. Досың болып қана өтемін!

Мұнан соң сөйлеспей, үнсіз қолтықтасып жеттік үйге. Балалардың дайындап қойған шайын ішіп, тағы да қатарласа жаттық. Ұйықтағанымызда табыса қоятын қолдарымыз да жақындаспапты. Күлән қызметке кететін балаларын жөнелтіп, кішкене жиенін жуындырып, киіндіріп алып кіргенінде ояндым.

- Тұра ғой, Биғаш, шай ішелік! - деді. Киініп тұрысыммен күндегі әдетінше орнымды жиыстырды да, қолыма су құйып жуындырып, орамал ұстатты. Кірбең қабақтау көрінді көзіме. Дастарқанды төрге жасап, шай құйды. Арамыздағы кішкене қыздың сөзіне бірге күлгеніміз болмаса мен де бейжай едім.

Кеше кештегі жасанған қалпымен жайнап Нәзипа кіріп келгенде, екеуміз де ашыла қалдық.

- Келе ғой, келе ғой, Назыкеш! - Орнымнан ытып түрегелгенімде екі жесір қатар күлді. Қолынан тартып әкеліп, өзімнің төр жағыма зорлап отырғыздым. Нәзипа белдемше көйлегінің етегі тарлығынан жайсызданғандай, қызғыш тарта бір жамбастап, мен жаққа қисая отырды.

- Түнде бұл үйге тінтуші кірді ме? - деп сұрады Күләннан.

- Жоқ! - Күлән оған аңыра қарады.

- Олай болса, ағаның біздің үйге қонбай қайтуы өте дұрыс болыпты!.. Түн ортасына таман есік шақылдатып оятты мені. Қызым шошып оянып менің ірге жағыма кіріп алды. «Нұпос[1] тексереміз» деді сырттағылар. Шырақ жағып түрегеліп, есік ашып беріп едім. Санақ кінешкемді сұрап алып көрді де столға тастай салып, жүк артына, үй бұрыштарына, стол астына дейін үңіліп қарап шықты. Ауыз үйді де қалтарыс қалдырмай тексерді де, шығып жүре берді. Түрлерін бұзып алған ба, мен танымайтын үш сары киімді, ханзу сияқты!

- Біздің барғанымызды Ауқан біліп қойған екен ғой! - деп Күлән маған үдірейе қарағанда, Нәзипа сөйлеп кетті:

- Жалпылық тексеру жүргізілмегенін қошналардан сұрап білдім. Басқа үйлерге кірмепті. Ауқанның ғана ісі, «Күләннің үйіне келген кім?» деп әркімнен сұрастырып жүрген көрінеді! - Бір шыны шайды асыға ішкен Нәзипа Күләнға ымдай түрегеліп, терезе жақ бұрыштағы орындыққа барып отырды. Күлән қасына барып отырысымен сыбырласа кетті екеуі.

- Мені жасырасыңдар ма? - жымия қарадым.

- Қамсыз болыңыз, аға! - Нәзипа жымия қарады маған. - Сізді ешкімге бере қоймаспыз, алаң болмаңыз!

Екеуі бір-біріне кезек сыбырлап, недәуір сөйлесіп алды. Бір сөздерінен «қойшы әпкетай!» деп Нәзипаның қызара қалғанын ғана байқадым. Бетін алақанымен бір басып, Күләннің кейінгі сөзіне мойынсал болғандай бас изесе де, томсарып, ойланып қалды. Онан соңғы сөздері басқа тақырыпқа ауысқандығын да байқадым. Сыбырласа күрсінісе берді. Көп сөйлегені Нәзипа болды. Жайсыз хабар естіген сияқты, өңдері сұрлана түсті. «Содан түні бойы ұйықтай алмай шықтым!» деп күбірледі соңында Нәзипа.

Данышпан тергеушім, «қылмыстының арты қуыс» болатындығын өзіңізге бұрын-ақ мәлімдеп едім ғой. Ал, мына алтын жесірлерімнің арты тіпті қатерлі қуыс екендігінде сөз бар ма. Еркектерін өлтіріп, ерекше қатерліге айналдырып отырған сіздердің арттарыңыз өздерінікінен әлдеқайда қатерлі қуыс екендігін ескеріп, қалтырай қопақтайды. Жойдақсыз үңгірлеріңізден әлденелеріңізді төгіп бастырып тастар ма екен деп қорқады. Бұл жесірлердің қуыстарын етектеріңізбен жаба алмай отырғандарыңызда мына беймәлім қонақтан қызғанып, сондай сойқан тудыратындықтарыңыз рас қой! Ал, бұл қонақтың қылмыс жидашысы болып  жетіліп алған Биғабілдің дәл өзі екендігін сезсеңіздер, тіпті, ішек-қарындарыңызды қоса төгуден аянарсыздар ма. Сасқалақтаған шақтарыңызда «дүние мүлде маламатан болып кетті»[2] деп сасыта салмаушы ма едіңіздер!

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»


[1] Нұпұс - санақ (жан саны). Адам санын тексеру тізімдігі.

[2] Маузыдұң сөзі.

 

0 пікір