Жұма, 20 Қыркүйек 2019
Жаңалықтар 2795 0 пікір 30 Қараша, 2012 сағат 09:57

Қайрат БАЙБОСЫНОВ, Қазақстанның халық артисі: Зооотехник болғанымда қой бір жақта, таяқ бір жақта қалар еді...

- Сіз реалист адамсыз ба?

- Сіз реалист адамсыз ба?

- Әрине, реалистпін. «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» демейді ме? Өткеннен тағылым ала отырып, бо­лашаққа сеніммен қараймын. Бүгінгі күннің өзекті мә­селесімен өмір сүретін, шындыққа басымды тік көтере қарайтын «реа­листпін» деп толық айта аламын. 
- Ендеше, Қайрат аға, бүгінгі сұхбатқа да барынша шынайы жауап берерсіз деп ойлаймын... Әншілік сіздің бағыңыз ба?
- «Дауыс пен сөз сұ­лулығы - жан сыйы» деген Шәкәрім. Ендеше, әншілік - менің ең басты бақытым. Бұл - ең әуелі, Құдайдың берген қасиеті, сыйы деп есептеймін. Әншілікке бет бұрған талай өнерлі жігіттер болды кезінде. Мүмкін, оларға басқа мамандық бұйырған шығар, әйтеуір олардың көпшілігі арман-мұраттарына жете алмады. Мен де бала кезде суретші болуды армандадым, археолог та болғым келген. Анам болса, әркез «зоотехник болсаңшы» дейтін. Мектепті бітірген соң, зоотехниктің оқуына түскелі тұрған жерімнен ағам «шақырғанда бармасаң, шақыртуға зар боларсың!» деп эстрада студиясына алып барды. Бағыма орай, мен Жүсіпбек Елебековтің шәкірті атандым. Міне, сол белестен бастап мен өнер деген тылсымның тереңіне сүңгіп кеттім. Егер анамның тілегін орындап, зоотехник болғанымда қой бір жақта, таяқ бір жақта қалар еді... Әркімнің өз маңдайына жазылған ма­мандығы бар ғой. Асқаралы алпысты алқымдаған тұста, дәл бүгінгі күні «менің бағым - әншілігім» деп ойлаймын. Өйткені өнер жолында жүріп, мен халыққа та­нылдым, отбасын құрдым, алты алашқа мәшһүр болған ата-бабамыздың жүрегінен шыққан қазақтың әндерін орындап, бақытқа кенелдім. 
- Басқа дәстүрлі ән­шілерден ерекшелігіңіз қандай?
- Мен әрқашан өзімнің ұстазым Жүсіпбек Еле­бе­ковтің тағылымын ұста­намын. Өйткені ұстаз берген тәлім-тәрбие, белгілі қа­ғидалар маған артылған аманаттай көрінеді. Яғни менің бар мақсатым - сан ғасырлық сырға толы та­ғылымды тарихы бар хал­қымыздың дәстүрлі ән өнерін еш өзгеріссіз, табиғи қал­пында кейінгі ұрпаққа жеткізу, үйренген дүние­лерімді бұзбай-жармай шәкірттеріме үйрету. 
- «Рас сөздің кім білер қасиетін» дейді Абай. Бүгінгі таңда қазақ әндері май­даланып бара жатқан жоқ па?
- Жоқ, қазақтың дәс­түрлі әндері мағынасы жағынан да, орындаушылық шеберліктен де майдаланып бара жатқан жоқ. Оның себебі мынада: Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Ілияс Омаров сынды тұлғалар кезінде қа­зақтың алғашқы дәстүрлік ән мектебінің ір­гетасын қалаған еді. Міне, сол мектептер қазір іргелі оқу орындарына айналды. Бұрын жоғары оқу орын­дарында тек әншіліктің тех­никалық жүйесін үйретсе, қазір нотаны да үй­ретеді. Бұл жастардың ән­ші­лікті әрі қарай дамытуына, өздігінен үйренуіне мүмкіндік береді. Ал жыл са­йын өткізіліп тұратын Балуан Шолақ, Естай, Мұхит, Кенен Әзірбаев, Павлодардағы Жаяу Мұса, Майра атындағы бай­қаулар, «Шабыт» ха­лықаралық фес­тивалі жас өнерпаздарға дәстүрлі әндерді насихаттап, оны жаңғыртуға әсер етпей қоймасы анық.
- Дәстүрлі өнеріміз неге зәру?
- Дәстүрлі өнер - ең әуелі насихатқа зәру. Әсіресе, барша жұрттың «көзі, құлағы, тілі», былайша айтқанда сенімі мен нанымы - бұқаралық ақпарат құралдары дәстүрлі әндерді насихаттауда шорқақтық танытады. Мәселен, телеар­на­лар таңнан қара кешке дейін сол баяғы эстрадалық жанрда­ғы әндерді, әншілерді көрсету­ден жалыққан емес. Мемлекет тарапынан эстрадалық кон­церттер үшін қыруар қаражат бөлініп, әншінің басынан аяғына дейін сылап-сипай­тындай етіп, толық жағдай жасалынған. Әрине, осындай мүмкіндіктері бар эстрада жұл­дыздары күн санап көркейеді және көбейеді. Ал дәстүрлі әндерді насихаттау үшін осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақстан» ұлттық арнасынан «Сегіз қырлы» бағдарламасын ашып едік. Мұндай бір реттік бағдарлама, әрине, қазақы әндердің ұмыт қалмауы үшін тым аз. Тіпті дәстүрлі, қазақы әндерін сағынған халық осы бағдарламаны көріп, бір жасап қалған еді. Дәстүрлі әндердің сирек айтылатыны соншалық, жиын-концерттерде дом­быраны шертіп жіберсе болды, жан-жақтан қолдап, халық құлақ құрышын қандыратын болды. Осы насихаттың аз­ды­ғынан қазір көпшілік халық тарлан таланттардың есімін естімей де жүр. Жыл сайын оқу ордасына талай таңдаулы жастар түседі. Халықаралық Әміре Қашаубаев атындағы байқауға, «Шабыт» фестиваліне қатысып, өмірін өнермен өрген тұлғалардың есімін қарапайым халық тіпті, білмейді де. Осы­ның бәрі насихаттың жоқты­ғынан, халық жиналатын кон­церттерге дәстүрлі ән­шілердің шақырылмауы себебінен. Өз жерінде өгейлік көрмес үшін дәстүрлі әндерді кеңінен на­сихаттау қажет. 
- «Әжептеуір ән еді, пұшық айтып қор қылдының» керін келтіріп жүр қазір көпшілік жас әншілер. Фонограмманы тоқтату мүмкін бе?
- Фонограмма - өнерді ақсатушы дерт. Эстрадалық жанр әншілері, өкінішке қарай, фонограмманың көмегімен ән шырқайтыны ақиқат. Ол - өнер емес. Мәселен, кезінде «Гүлдер» ансамблінің құ­ра­мында болғанымда Роза Рым­баева, Сембек Жұмағалиев, Нағима Есқалиева сынды танымал әншілер эстрадалық әндерді фонограммасыз-ақ айтып, жарты әлемге «жанды» дауыспен қазақ әндерін шыр­қады. Таяқтың екі ұшы бар ғой. Қазіргі телевидение саласын фонограммаға жа­зылған әндерсіз де елестете алмаймыз. Фонограмманың керек жері де осы болар. Телевидениеге түсірген кезде даңғырлап, қаңғырлап кетпес үшін қолдану керек шығар. Ал дауысты саф таза күйінде көрсетуге біздің телевидение техникасының мүмкіндіктері жетпейді. 
- Өнер адамының бойынан қандай қасиеттердi көргiңiз келедi?
- Өзегіне өнер ұялаған әрбір азамат үшін ең бірінші еңбекқорлық қажет деп есептеймін. Еңбек түбі - зей­нет. Екіншіден, әр адамның өз мамандығына, өз өнеріне деген ерекше сүйіспеншілігі болуы қажет. Тек кәсібін ессіз, құлай сүйіп, оған өзін де, өмірін де сарп еткен адам ғана ма­мандығының шыңына шыға алады және өнерде жүрген соң, шығармашылық бәсеке деген болады. Себебі бәсеке бар жерде, даму бар. Бірақ ол бәсеке ешқашан қызғаныш немесе алауыздыққа айнал­мауы шарт. «Кең болсаң, кем бол­майсың» дегендей, қа­телікке кешіріммен қарап, бір- бірінің жаманын жасырып, жақсысын асыру - бар қазақта болуға тиіс қасиеттер деп есеп­тей­мін. 
- «Қыз Жібек» фильмінде Төлегеннің атынан ән сал­дыңыз. Сіздің өміріңізде бұл фильмнің алар орны қандай? 
- «Қыз Жібек» фильмі - қазақ кино өндірісі тарихында дара орын алатын бөлекше, нағыз қазақы фильм, мәңгі өлмес дүние, біздің мақ­та­нышымыз. Бұл фильм әр қазақтың өмірінен ерекше орын алады. Ал менің өмірімде қазақ кино өндірісінің шыңы - «Қыз Жібек» фильмінің алар орны, тіптен өзгеше. Мен осы фильмнің негізгі кейіпкері Төлегеннің атынан ән салдым. Бұл - мен үшін тарихи оқиға, өмірімнің бір белесі. Ал ба­ғым­ның ашылуына, ән салуыма ықпал еткен Нұрғиса Тілендиев ағамыз болатын. «Қыз Жібек» фильмінің композиторы Нұрғиса аға оқуды енді ғана бастаған тұста ұстаздарымның қарсыласуына қарамастан, ән айтуымды қалады. Міне, «Қыз Жібек» фильміне келіп, тағдырымды биік өткелге шығарған кезім осы кез еді. Жалпы, осыдан кейін мен қазақтың біртуар сазгері Нұр­ғиса ағамыздың жанына еріп, талай әндері мен күй­лерінің туғанына куә болдым, шы­ғар­машылығының гүлденген кезін көрдім. 
-Ұстаз болудың қиындығы қаншалықты? 
- Ұстаз болудың қиын­шылығы көп, бірақ рахаты да бар. Егер шәкірттерің үйреткен әндерді нақышына келтіре, ойыңдағыны діттеп басып орындап жатса, қанаттанасың, қуанасың. «Шәкіртсіз ұстаз - тұл» дейді ғой. Ұстаздық - қиыны мен қызығы қатар жүретін тамаша мамандық. Әр ұстаздың еңбегін шәкірт­те­рінен көруге болады. Рамазан Стамғазиев, Бекболат Тілеухан, Майра Ілиясова сынды із­басарларым ән салып, дәстүрлі әндерді халыққа насихаттап жүр. Биғазы Тұтқабек деген талантты шәкіртім өмірден өтіп кетті. Ал кейде, мысалы, оқу орнына қабылданған сту­денттер арасында кездейсоқ түскендері де болады. Олар тіпті әннің сөзін де жаттауға құлықсыздық көрсетіп жатса, әрине, ол - өкініш. Негізі, әнші адамдарға көп оқу керек. Барлық қазақ классиктерін оқыған кезде, ондай шәкірт­тердің өресі биік болады, сөздің төркінін түсінетін болады. 
- «Қарғам-ау» деген әнді тыңдап «Аға, бұл сонда ворона туралы ән бе?!» деп сұрап, күлкіге қарық қылатын шәкірттерім болған» деген сөзіңіз бар. Кейінгі буынға көңіліңіз тола ма? 
- Бұл сұрақты қалада орыс мектебінде оқып келген бір шәкіртім қойған еді. Ол оқуға түскен кезде қазақша толық сөйлей де алмайтын. Содан әр сөзді түсінбей, қисынсыз сұрақтар қойған кезде, басқа студенттер оған күлетін еді. Найзағайлы намысты бала уақыт өте келе, тілді де меңгерді, көп оқыды, саналы азамат болды. Бұл бір шетінен алғанда, дәстүрлі өнердің құдіретінен болған құбылыс деп есептеймін. Дәстүрлі ән мен өнер кейінгі буынның табиғи қазақы болмысынан алыс кетпеуге көп әсер ететіні сөзсіз. 
- Асқаралы алпыс деген асудан астыңыз. Балалық шақ несімен тәтті, еске ала отыр­саңыз...
- Шіркін, балдай тәтті балалық шағым... Денсаулықты да, ешнәрсені ойламай, алаңсыз кешкен күндерім, жарқын болашаққа ұмтылысым... Қимаймын, Майкл Джексон сияқты мәңгі жас болғым келеді. Балалық шағым соғыстан кейінгі жылдары қайта есін жиып келе жатқан еңселі кезеңде сол кездегі қа­радомалақ қазақ балаларынан еш айырмашылықсыз өтті. Біз - сол кездегі ауыл балала­ры, жиналып, домбыра тартуды үйреніп, ән айтатынбыз. Қа­зағымның дәстүрлі әндеріне деген сүйіспеншілік осы кезеңде туса керек. 
- «Әкем ертерек қайтыс болды. Ол кісі домбыра, қобыз тартқан, етік тіккен нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» адам еді» деп жауап беріпсіз бір сұхбатыңызда. Жалпы, әке тағылымы деген не нәрсе? 
- Иә, әкеміз дүниеден ерте өтті. Тіпті әкемнің түрі де еміс-еміс есімде қалған. Анам бізге бір өзі қорған болды. Әкемнің «сегіз қырлы, бір сырлы» адам болғаны рас. Ол кісінің бейнесі мәңгі жүрегімізде қалады. Менің айтарым, көзі тірісінде әкені ардақтау керек. Хан тағына лайықты, асқар тау ғой әке деген. Осы «Әкенің жақ­сылығы жездедей-ақ» деген мақал бар ғой. Сол өте дөрекі, ойсыз айтыла салған сөз, қате пікір деп ойлаймын. Әкенің жақсылығы өте үлкен. Ол қоқиып, салқындау отыр­ғанмен, бар ойы мен тілегі тек жақсылық емес пе?! Қайта менің ойымша, сол сал­қындықпен шырай танытатын әкелердің жүрегі әлдеқайда нәзік болады... Әкесі бар адамдар бақытты. Олар әрқашан батыл, өр болып өседі. Әке тағылымы деген осы болар.
- Ал сіз осы ата-анаңыз берген тәлімді өз пер­зент­теріңізге сіңіре алдыңыз ба?
- Әкем мен анамның тәрбиесін, ақылын, әрине, өз перзенттеріме қолымнан келгенше бергім келді. Отбасым - қазақы, балаларым, не­мерелерім қаланың тәрбиесін алған тікбақай емес, қазақша сөйлейді. Балаларды тәрбиелеу кезінде ең басты есте ұс­тағаным, бәрі де табиғи болу керектігі еді. Мәселен, бала ойыны қанғанша ойнау керек. Кейін өскенде оқығысы келе ме, оқыту керек, ән салғысы келсе, әншілікке баулу керек, яғни баланың бетін қақпай, қайта дем беру керек деп есептеймін. 
- Ән айтқанда қандай сезімде боласыз?
- Ән салу - суреткерлік. Мысалы, бір натюрмортты 10 бала салса, он түрлі сурет дүниеге келеді. Он түрлі көңіл-күй, он түрлі рең, көзқарас... Әнші де сондай. Әркім ән айтқанда, өз көзқарасын, жан- дүниесін өзінше көрсетеді. Ақан сері Жамал қызға ғашық болып ән салғанда, нендей керемет сезімде болды де­сеңізші. Ал «Сырымбетті» сал­ғанда әнімен сурет бейнелеп бергендей әсер қалдырған. Міне, әнді салғанда, мен де сол әннің тақырыбына байланысты сезімімді көрсеткім келеді. Ән деген құдірет қой. Ән арқылы, бір шумақ арқылы қыздың көркін, жігіттің ерлігін суреттеп беруге болады.
- «Жас ұлғайған сайын асаулық қала береді» дейді қазақ. Шымбайға батар шындықты бүкпесіз айта алмай қалдым-ау деген сәт­теріңіз болды ма?
- Әрине, болды. Өйткені мен табиғатымнан аңғалдау, ойымды еш жоспарсыз айта салатын аңқау адаммын. Тіпті біреу маған қатты сөйлесе, соған қапа болып, қайғы жеп жүремін. Немесе кей сәттері «осы неге айтар сөзімді тістеп қалдым» деп қапаланамын. Адамның көңілін қалдырғым келмегендіктен, көп жағдайда ауыр жауап қайтармаймын. Кеудесінде ойы жоқ болған соң, сөзімді айтып, қор қылғым да келмейді. Әрине, кей кісілердің артынан түсініп, алдыма келіп жататын кездері де болады.
- Ұлтыңызды қаншалықты сүйесіз? 
- Баланы сүйген бір басқа, ғашықты сүйген бір басқа, ал енді ұлтты, еліңді сүйген мүлдем бөлек. Халқымды жақсы көремін. Сал, сері, қайқы, қасқа деп әншілерді халқымыз бұрыннан бағалаған, түсінген, еркелеткен. Өнер адамдарын тарихта қалдыратын да - халқы. Маған да әрқашан нәр беріп, қамшыгер болып отыратын осы халқым. Менің көрермен, тыңдарманым болмаса, мен өлемін ғой. Ал енді кейде сол ұлты сыйлаған мәртебені көтере алмай, қа­рапайымдылықты ұмытып, даңғойситын да адамдар бо­лады. Өз ұлтыңды менсінбеу - дүниенің сорақысы. Ал биіктеген сайын, қара­па­йымдылығын сақтау - бұл ұлтыңа деген құрмет, сүйіс­пеншілік.
- Астана халқының дәс­түрлі өнерді бағалауына орай айтар назыңыз бар ма?
- Астана, елорда халқына айтар назым жоқ. Қандай жағдай болсын, біздің өне­рімізді халық көреді, сы­найды, бағалайды. Біз де халықтың үдесінен шығуға тырысамыз. Қазір адамдардың барлығы дерлік оқыған, биік дәрежелі. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар өнерге өзіңнен артық талдау жасайды, баға береді. Тек осы өнерді өр­летуде, жоғарыда айтып өт­кендей, насихат аз. Талантты аза­мат­тарымызды халыққа таныта алмай жатырмыз... Ал сонау тоқсаныншы жыл­дардың басында халықтың жағдайы қиын болған кезде де, ел өнерді бағалады. Сон­дықтан халыққа айтар назым қайдан болсын?! 
- «Мен атаққа ерте де, кеш те емес, асықпай-ап­тықпай дер шағымда жеттім» дейсіз. Мемлекетке, яки бас­шылыққа өкпеңіз жоқ па?
- Жоқ, мемлекетке де, басшылыққа да еш өкпем жоқ. Өйткені атақ- даңққа асықпау керек. Су бірқалыпты ағып жатыр ғой, сол сияқты өмір де бірқалыпты алға басып оты­рады. Осы бір жігіттің «кеу­деңе ордендерді тол­тырып, өлімге асығып отырсың ба?» деген сөзі бар еді. Сол сияқты атаққа асы­ғудың қажеті жоқ, оған тек еңбегің толық ақ­талған соң жетесің. 
- Сіз үшін «арманның шегі» қандай?
- Арман шексіз ғой. Арман жасқа бөлінбейді. Менің ойымша, әр адамның алға қоятын арманы - отбасының жағдайы, бақыты. Біз қиын­шылықты Кеңес өкіметінің тұсында көп көрдік. Гастроль­дерде ашығып жүрсек те, халықтың қол шапалағына қуанып жүрдік. Ал қазір сол қиын кезеңдердің сулығын серпіп тастап, берекелі күн­дерге жеттік. Сол қиын­дықтың жемісін көріп жатырмыз. Қазір университет қабыр­ғасында сабақ беремін, өнерді шәкірттеріме үйретіп жүрмін. Кезіндегі маңайына адам жолатпаған, сұсты, аузынан тек «выговор» деген зілді сөз шығатын шенеуніктер зей­нетке шыққан соң ешкімге керексіз болып қалды. Осын­дай жағ­дайда қалған талай адамдарды көріп жүрмін. Сон­дықтан арманның бастысы - сыйлы болу. 
- Әңгімеңізге рақмет.


Сұхбаттасқан Сымбат МОЛДАТАЙ,
Л.Гумилев атындағы 
Еуразия ұлттық университетінің студенті

«Айқын» газеті

 

0 пікір