Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4588 0 пікір 25 Қараша, 2012 сағат 13:47

Кемел ойлы кемеңгер





«Қазақ» деген сөздің «Азат» деген сөзбен төркіндес екені рас. Арыға - со­нау бүкіл жер шарын алапат арынымен тітіркенткен Ғұн бабаларымыз дәуіріне, онан бергі қой үстіне бозторғай ұя салған Түрік қағанаты кезеңдеріне бармай-ақ қоялық, қазақтың ел болып, етек-жеңін жинаған ХV ғасырдың екінші жартысынан бергі уақыт кесегін елеп көрелікші.
Өздігінен жауға шаппаған, нақақтан жебе атпаған, өріс толы мал өсірген, қос тіккен жеріне тал өсірген, «малым - жанымның, жаным - арымның садағасы» деп ізгілікті, имандылықты жалау етіп көтерген, алтын мен күмісті басқа теппесе де, оларды екі дүниеде абырой мен баққа балап көрмеген есті де текті жұрт екен қазақ. Арманы да жалқы болыпты. Жатса да, тұрса да көксегені, түсінде тәу еткені де Тәуелсіздік көрінеді. Ол көп күттірді. Жанарымыз талды. Үміт қоламтасы өшуге тақады. Үш ғасырдан астамға созылған бодандық ұлттық түйсігімізден айыра жаздады. Жұбан ағамыз айтпақшы, «мың өліп, мың тіріліппіз». Данышпан халқымыз: «Боданнан құл туады, құлдан жетесіз ұл туады» дегенді сіңірген санамызға. Дегенмен бодандыққа шылбырымызды берсек те, ындынымызды бермеппіз. Ұлы жұрт екендігімізді, көш бастайтын кемеңгері бар көшелі ел екендігімізді әлем алдында тағы бір рет жарқырата дәлелдедік. Бодандық қамыты қақырап түсе жаңалықтар мен жақсылықтар жи­делібайсынына еңірей ұмтылдық. Ай­налдырған 20 жыл төңірегінде Абылай аспас асуларды бағындырдық, кейбір көрбала мемлекеттерге ғасырлық жүк боларлық өсу баспалдақтарын артқа тастадық. Әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдерімен салиқалы қарым-қатынасқа түстік. Атымызды шаужайлап жер таныдық, асымызды ұсынып ел таныдық. Осылардың бәр-бәріне мұрындық болған да, бәр-бәрінде көшімізді бастаған да кемел ойлы кемеңгер, әлемдік деңгейдегі сұңғыла саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екендігін алаш ұранды қазақты қойып, монданақтай жер бетіндегі көзі ашық, көкірегі ояу мұқым адамзат баласы мойындап отыр. Ендеше... сондай дара туған Елбасысы бар қазақты Алламыздың бақыт шөмішінен қақпағаны шындық. 
Менің ағаларым мен за­ман­дас­тарымның басқа ұрпақтардан басты артықшылығы - біз бесік әнін сың­сытқан әжелеріміздің әлдиін, елдік пен ерлік жырын шерткен, адамзат баласын қанды қырғынға душар етер сұм со­ғысқа лағнет айтып, жер басып жүрген пен­делердің тұмса тыныштығын жатса да, тұрса да Тәңірінен үш қайтара сұрап отырар аталарымыздың ғақылдарын, солардың аузынан түрлі ұлттар мен ұлыстардың ертегілерін тыңдап өстік. Қызық, сол ертегілердің басым бөлігінің бас кейіпкері ел қамын, жер бүтіндігін мұрат еткен ізгі ниетті батыр азамат болып келуші еді. Ұққаным жалқы : жер бетіндегі барша адамзат баласының ең асыл мұраты - шапағын төккен нұрлы Күн, ашық аспан, бейбіт те мамыражай өмір екен. 
Міне, Нұрсұлтан Назарбаев сынды ғасырда біртуар қазақ ұлтының арда перзенті ең алдымен сол адамзаттың мәңгілік арманын жүзеге асыруды мұрат етіпті. Тағы да... Жер шарындағы барша жұрттың бағы базарлы, бүгіні мен ертеңі ажарлы болсынды те­мірқазық еткен Нұрсұлтан Әбішұлы­ның ең алдымен жүзеге асырған аса үлкен қайраткерлігі - Семей ядролық полигонын мәңгілікке жабуы. Сонан кейін барып әлемдегі атом зарядтарының түймесін алақанымен басып отырған көкжал мемлекет басшылары Н.Назар­баев соқпағымен жүруге мәжбүр болды. Сол кезеңдегі АҚШ президенті Джордж Буш: «Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау ісінде әлемнің жетекші елдерінің біріне айналды» депті. Міне, бауырын экономикалық сыздан әлі көтере алмай, жаңа-жаңа тәй-тәй баса бастаған Қазақстан атты жас мемлекетті Елбасымыз әлемге тұңғыш рет бейбітшілік сүйгіштік ниетімен таныстырған. 
«Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман». Елбасымыздың кеңестік кезең батпағынан жуынып-шайынып жатқан әз жұртына ұсынған алғашқы әрі мәңгілік қағидасы бұл. Кешегіңе үңілетін, бүгінгінің жақсысына ғашық болып, жаманынан түңілетін ұрпақты аңсағаны. «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып, көркеюі жо­лында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екендігіңді ұмытпа»! Осыны айтқан оның кеңестік жүйеден тұлдырсыз шыққан жұтаған жұртын немен жебеймін, аш-жала­ңашты байға қалай теңеймін деп таңын таңға ұрғаны да, әлемнің дамыған, алайда Қазақстанның асты-үсті байлығына тәуелді әрі құштар мем­лекеттерінен әріптес инвесторлар іздеп аңырғаны да кеше ғана емес пе еді?! Кейіннен «Азиялық» атанған әнеу бір өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарының екінші жартысындағы экономикалық дағдарысқа тонымызды берсек те өңімізді бермей өте шық­қанымызда Елбасымыздың алапат еңбегі, таңды-таңға ұрған ұйқысыз түндері мен алашапқын күндерінің ізі жатыр. 
«Алдымен экономика, сонан кейін саясат» дейтіні де осы кез. Мемлекетте тірлік етіп жатқан сандаған ұлттар мен ұлыстардың бірлігі тек ұлы мұраттары тоғысқанда ғана нығая түсетінін, ертеңгі ертегі күндерге деген тал­пыныстары артқанда, сенімдерінде сызат болмағанда ғана ірі-ірі мақ­сат­тардың жүзеге асатынын саралаған Елбасы «Қазақстан - 2030» стратегиялық бағдарламасын дүниеге әкелді. Жа­сампаз құжаттың дүниеге келгеніне де 15 жыл болды. Ол Отанымыздың ұзақ мерзімді даму жолын белгілеп қана қойған жоқ, еліміздегі бар саланың мүмкіндіктерін саралауға жол ашты. Жеті басымдықты жүзеге асыруды мұрат тұтқан бұл құжаттың басты ерекшелігі сонда, ол - ел дамуының ұзақ және орта мерзімді кезеңдерін екшеп көрсетуінде. Бірінші кезең 2010 жылға дейінгі мерзімді қамтыған болса, екінші кезеңі 2020 жылдарға дейінгі уақытты қамтымақ. Жаңағы ұлы мұраттар құжатындағы Ұлттық қа­уіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы, ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу, Қазақстан азаматтарының ден­саулығы, білімі мен әл-ауқаты, энер­гетика ресурстары, инфрақұрылым, кәсіби мемлекет сынды басымдық­тар­дың бүгінгі таңда жартылай орын­далып қойғанына таңғалмасқа лажыңыз жоқ. Бүгінде елімізде қолға алынып жатқан барша бағдарламалардың кө­гентүбінде жаңағы Ұлы құжат тұрғаны шындық. Мен Елбасы қолға алған осынау ұлы іске шама-шарқымша үлесімді қосып жүргеніммен мар­қаямын. 
Кеңестік кезеңдегі Қазақстан Одақ қамбасына тек шикізат құюмен шектелетін. Еуропаны қойып, одақтас республикалардың бірі таныса да, екіншісі танымайтын малма тымақты қазақтың кәрі құрылық төріне шығып, билік айтып жатқанын көргенде, тіл-көзден қорыққанымыз да рас. Еу­ро­па­ның Қауіпсіздік және Ын­тымақтастық Ұйымына төрағалық еттік. Әлемнің АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Түр­кия сынды көкжал мемлекеттерінің басшылары біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқан аталы сөзге тоқтап, бас шұлғып жатқанын көрген сәтте тақымымызды қыса­ты­нымыз, жанарымызға қуаныш жасы кептелетіні де шындық. 
Әлемдік қаржы дағдарысы... Қа­зақстанды айналып өтуі мүмкін емес болатын. Алайда оның келте күрзісі ерте ме, кеш пе кез келген мемлекеттің шүйдесінен оңдыртпай соғарын кемеңгерлікпен болжай білген Ел­басымыз әз жұртының сырын да, сынын да жоғалтпай, әлгі зобалаңнан алып шықты. Әлем қаржы дағдарысымен белдесіп жатқанда, Қазақстан сияқты жас мемлекет Астана сынды жаңа қала тұрғызып жатты. Айналдырған он жыл­ға жетер-жетпес уақыт аралығында, Арқа төсінде көруге көз керек әсем әрі ертегі қала бой көтерді. Елбасы ерлігі осылай дүниеге келген. 
«Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ...». Тағы да Нұр-ағаңның өз сөзі. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, өткеніміз арайланып жатса, ол да Президентіміздің кемеңгерлігінің жемісі. Мақтанарың бар болса, мақтанғанға не жетсін! Алайда шет жұрттың ауыз ләміне де құлақ түрген артық болмас.
«Заманымыздың аса көрнекті басшыларының бірі». Бұл лебіз - 2003 жылғы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік ассамблеясының президенті Брюс Джордждікі. 
«Цзян Цзэминь мен Нұрсұлтан Назарбаевтың бірлескен қамқор­лығының арқасында ҚХР мен Қа­зақстанның арасындағы екіжақты қатынастарда дамудың қолайлы үрдісі сақталып отыр. Екі ел арасындағы өзара сенім бұрын-соңды болып көрмеген жаңа деңгейге көтерілді» депті 2002 жылғы ҚХР Төрағасының орынбасары Ху Цзиньтао. «Қазақстан - өңірдің өзегі саналатын ел» депті 2003 жылы ГФР-дың Канцлері Герхард Шредер. Мұндай жоғарғы деңгейлі пікірлерді жүздеп келтіруге болады. 
Мұсылманның Бас кітабы Құранның Тин атты сүресінде: «Расында, адамды көркем бейнеде жараттық. Сосын оны төмендердің төменіне қайтардық. Бірақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер басқа. Оларға таусылмас сыйлық бар» делінген екен. Осы бір үзінді есіме түскен сайын көз алдыма Елбасымыздың келетіні бар. Сол сыйға мынау пенделер жайлаған жер жаһаннан бір лайық жан табылса, ол сол кемеңгеріміз шығар деймін іштей. Жалпы, жаңағы айтып отырған Ке­меңгерлігіміз немен өлшенеді екен? Меніңше, оның өлшемі осы біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сынды бүкіл әлем мойындаған қайраткерлер шығар.

Түсіпхан ТҮСІПБЕКОВ,
«Нұр Отан» ХДП Шығыс Қазақстан облыстық
филиалы төрағасының бірінші орынбасары

"Айқын" газеті

0 пікір