Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4992 0 пікір 30 Қараша, 2012 сағат 09:10

Күйеуді жалға алуға бола ма?

 

 

«Биыл қазан айында Алматы қаласында ерекше қызмет түрі пайда болды» деп басылымдар жар салды. Ол қызметтің түрі - «күйеуді жалға алу» деп аталады. Идея авторларының айтуынша, бұл қызмет түрі әйелдер арасында үлкен сұранысқа ие. Себебі қазір нағыз еркектер жоғалып бара жатқан тіршілік иесі ретінде Қызыл кітапқа енгізілген. Сондықтан алматылық арулар жалға болса да жолдас алып, ол үшін қаржыларын аямайтын көрінеді. Нарықта қандай қызметтің сұранысқа ие болатынын зерттеген кәсіпкерлер арнайы сайт та ашып үлгерген. Қызмет бағасы да арзан емес, жалғызбасты әйелдер уақытша біреудің жары атану үшін сағатына бес мың теңге төлейді. Бұл қызметті ойлап табушылардың сөзіне қарағанда, әйелдер мұндай «күйеулерді» көбінесе қонаққа барар кезде жалдайды екен...

Біз осылайша болмайтын қызмет түр­леріне басымызды қатырып жүргенде, өзге мемлекеттер ұрпақ тәрбиесіне алаң­дау­шылық танытып, бұдан миллион есе артық шешім қабылдап жатыр. Нақтырақ айтсақ, жақында Норвегия үкіметі жас әкелерге декретке шығуға рұқсат берді. Олар кезекті еңбек демалысындағыдай бір ай емес, үш жарым айға дейін бала күтімімен айналыса алады. Әйелдер болса, тоғыз ай үйде оты­рып, бала бағады. Және ерлер де әйелдер сияқты демалыстары үшін ақша алады. Бұл елдің басшылары мұндай амалдарын әке­лерді өз балаларын тәрбиелеуге қатыстыру мақсатында енгізген.

Иә, өте орынды шешім. Әйтпесе тоғыз ай бойы құрсағында баласын көтерген ана оны босанғаны былай тұрсын, жалғыз өзі жасқа толғанша бағып, мектеп жасында оқытып, есейсе үйлендіріп, кейін немересін тәрбиелеп өмірін өткізеді. Балалы болған отбасы тойын жасап, әсіресе қазақ аналары ауруханадан шығар-шықпас қонағын күтіп әуре болатыны тағы да бар. Құдды отба­сын­дағы әкеге тек ақша табу мен бала-ша­ға­сын аш-жалаңаш қалдырмаудың амалын іздеу міндеті ғана жүктелгендей. Бұған де­йін жер-жаһанның тек аз бөлігі еркектердің қоғамдағы орны мен отбасындағы рөлі жайында сөз қозғап, мәселе ретінде қарас­тырған екен. Ал соңғы кездері бұл проблема бүкіләлемдік деңгейге жетіп, жіті назарға алынып отыр. Сондықтан болар, Еуропа мен ТМД-ның бірнеше елдерінде жоғарыда айтылған заңға қол қойылып, біртіндеп бе­ку үстінде. Қарап тұрсаңыз, нәресте дүние есі­гін ашқан сәтте анасының құшағынан табылып, көзін ашқаннан анасын ғана кө­ріп өсетін бала мектептің өзінде құлап, жылап қалса, «мамама айтам»-ға салып бақыратынын қайтерсіз?! Балабақшадағы тәрбиеші де - әйел, мектептегі ұстаз да - әйел, университетте де сол - әйел. Кезінде көшпелі қазақ мыңғырған малын айдап, жерден-жерге үйін тігіп жүргенде ұл баласын атқа мінгізіп, мал баққанда қасына бірге ертіп жүрген. Оқуға да әкелердің «еті сенікі, сүйегі менікі» деп берген балаларына молдалар дүре соғып оқытқан. Мына за­ман­ғы бала тәрбиесінде ол дүренің «билік» етпесі анық, десек те, бала тәрбиесіне әкенің қатысқанына не жетсін ?!

Мәселенің қаншалықты күрделі екенін аңғару үшін мамандардың сараптамалық жұмыстарының нәтижесіне көз жүгіртейік.

Биыл қазақстандық сарапшылар да біраз ойға келіп, зерттеу жасады. Жылдың ортасында республика бойынша сауалнама жүргізген отбасы мәселелеріне қатысты зерттеу институтының қызметкерлері елі­мізде еркек кризисінің бар екенін анық­та­ған болатын.

Психолог мамандардың сараптама қо­рытындыларына сенсек, отбасында әкесін үлгі тұтатындардың саны бар болғаны - 10 %. Сондай-ақ 2300 ер адам жауап берген сауалнамадағы ер-азаматтың отбасындағы және бала тәрбиесіндегі рөлінің соңғы 10 жылда қалай өзгергені жайындағы сұраққа 43,2% ер адам - «мүлдем өзгерген жоқ», 31,3%-ы - «артты», 17,1 %-ы «төмендеді» деп жауап берген. Ал отанасы мен бала­ларға қойылған «Әке деген кім?» деген сауалға 53,6 %-ы - «асыраушы, отбасының қаржылық кірісінің көзі», 36,3%-ы - «көш­бас­шы, отба­сының қорғаушысы және қамқоршысы», 4,4% - «жауап бере ал­май­мын», 3,6%-ы  -  «үй қо­жайыны, бала тәр­биелеуші», 2,1%-ы «жалқау, жұмыс істе­мейді» деп жауап берген. Қарап тұр­саңыз, екі мыңнан аса отбасы қатысқан сауалнамада бірде-бір отбасынан «әке - үлгілі жан» деген жауап бол­маған. Не деген масқара?! Сонда қазақ отбасылары отағасын үлгі тұт­пайтын күй кешетін­дей не күн туды?

Ресейлік ғалымдар да бұл мәсе­леге қатыс­ты бір­ша­ма зерттеу жасап үлгер­ген. Айтуларынша, әкенің бала тәрбиесіндегі ерекше­лігі - ананың бала бойына сіңіре алмайтын қасиетте­рін­де. Ол дегеніңіз - нәресте туыла сала сәбиінің қасында анасы­мен бірге әкесінің де болуы баланың сана­лы, ба­уыр­мал, физикалық қабілеті дамыған тұлға болып өсуіне әсер етеді. Се­бебі ана­лар сәбиін жөргекке орап, шомыл­дырып, тамақтандырумен ғана айналыса­ды. Әке­лер нәрестелері жаңа туған болса да, олар­мен ойнап,  физикалық дамуына ықпал жа­сайды. Сондай-ақ әкелердің бала тәр­бие­сіне қатысуы олардың болашақта мінез-құлқының қалыптасуында да маңыз­ды рөл атқаратын көрінеді. Психологтердің айтуынша, туыла сала әкесінің жанында болған бала ата-анасына қамқор, сезімтал болып жетіледі. Аналар нәзіктікті жақсы көргендіктен ұл бала тәрбиесінде мұндай жұмсақтық теріс әсер етеді екен. Ал қыз бала тәрбиесінде әкенің рөлі тіпті ерекше. Мамандардың сөзіне сенсек, әке қыз бала үшін ер адам эталоны ретінде қалыптасады. Үлкенді сыйлауға үйрену былай тұрсын, бойжеткен шақта да әкесіне ұқсас жігітті  іздей бастайтын көрінеді.

Қазақта әкенің бала тәрбиесінде, оның ішінде жаңа туған сәбидің жанында болуы ерсі көрінетіні рас. Жасыратыны жоқ, шақа­лақты қолына алып, қырқынан шыққанға дейін қасында болуды ұят санайтындар да жоқ емес. Бірақ бүкіл әлемде бұл мәселеге қатысты зерттеулер жүргізіліп, барлығы да бірауыздан «әкенің жаңа туылған сәбидің қасында болғаны дұрыс» деген жауап алынған. Қазақта да «Бала тәрбиесі - бе­сік­тен» деген сөз бар емес пе?! Бәлкім, от­ба­сы қамы үшін жанталасатын біздің қазақ ақшасы төленіп, демалысы беріліп жатса, нәрестелерінің қасынан табылар ма еді?!

Маман көзқарасы:

Марианна ГУРИНА, «Ұлағатты отбасы» қоғамдық ұйымының төрайымы:

- Балтық елдерінде еркекке декрет беру арқылы бала тәрбиесіндегі әкенің жауапкершілігі анасынікімен теңес­тіріл­ген. Демек, бұл - талап. Ал біздің қол­дан шығыс еліміз, менталитетімізге сәйкес келмейді деген сылтауды айту  ғана келеді. Өз баласын тәрбиелеуге ұялатын әкелер, жалпы, үйленудің өзін  қажеттілік деп қана түсінеді. Өкінішке қарай, Қазақстанның еркектері,тіпті қоғам бұл мәселені шешуге дайын емес. Салт-дәстүрдің де ұмыт болып бара жат­қаны жалғызбасты аналардың санын арттырып отыр. Қазіргі қыздарда «жауап­сыз еркектен бала туып, басымды қатырғанша, «өзім үшін» туып алған баламды ауылдағы ата-анама жібере­мін, асырай береді» деген пікір қалып­тасқан. Сондықтан «еркек дағдарысы, әке дағдарысы» деген проблема әлем­дік қаржы дағдарысының дәрежесімен тең қаралуы керек.

 

P.S.

Қазақ халқы қашанда отбасын­­да­ғы әкенің рөлін ерекше деп таны­ған. Күйеуді «сатпай-ақ», еркекке «декрет» бермей-ақ тәр­бие­нің «шаруашылығын» дөңгелеткен ата-бабаның ақыл-өсиеті бүгінгі ұрпақтың санасына жетпей жатқан сыңайлы... Әкелерді ардақтайық!

Автор: Сандуғаш ӘЛІМЖАНОВА

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір