Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3508 0 пікір 29 Қараша, 2012 сағат 07:43

Алик Айдарбаев: "Тындырылған істер аз емес, атқарылатын міндеттер одан да көп"

Өткен жылы желтоқсан айында Маңғыстау өңірінде орын алған белгілі оқиғалардан кейін бірқатар жүйе бойынша басшылық алмасты. Сол толқынның легінде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының бас директоры болып саланың айтулы маманы Алик АЙДАРБАЕВ тағайындалды. Содан бері де жылға жуық уақыт өтті. Осы аралықта алға қойылған міндеттер қалай жүзеге асып жатыр, алда тағы қандай жанды жұмыстар тұр? Біздің компания басшысымен жүргізген сұхбатымызда осы және осыған қатысты басқа да жайттар төңірегінде сөз қозғалады.

- Алик Серікұлы, әңгіменің басын Жаңаөзен тақырыбынан бастағанды жөн көріп отырмыз. Былтырғы жылы осы қызметке тағайындаларда сізге Елбасы бұрын жұмыстан шығарылған мұнайшыларды еңбекпен қамту, жұмысшылардың еңбек ету жағдайын жақсарту жайында нақты тапсырмалар берген еді ғой. Бүгінгі таңда олардың орындалу жайы қалай?

 

Өткен жылы желтоқсан айында Маңғыстау өңірінде орын алған белгілі оқиғалардан кейін бірқатар жүйе бойынша басшылық алмасты. Сол толқынның легінде «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының бас директоры болып саланың айтулы маманы Алик АЙДАРБАЕВ тағайындалды. Содан бері де жылға жуық уақыт өтті. Осы аралықта алға қойылған міндеттер қалай жүзеге асып жатыр, алда тағы қандай жанды жұмыстар тұр? Біздің компания басшысымен жүргізген сұхбатымызда осы және осыған қатысты басқа да жайттар төңірегінде сөз қозғалады.

- Алик Серікұлы, әңгіменің басын Жаңаөзен тақырыбынан бастағанды жөн көріп отырмыз. Былтырғы жылы осы қызметке тағайындаларда сізге Елбасы бұрын жұмыстан шығарылған мұнайшыларды еңбекпен қамту, жұмысшылардың еңбек ету жағдайын жақсарту жайында нақты тапсырмалар берген еді ғой. Бүгінгі таңда олардың орындалу жайы қалай?

 

- Өткенге оралсақ, сол ереуілдер кезінде, 2011 жылы 2137 адам жұмыстан шығарылған, олардың 1074-і «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының, ал 1063-і «Қаражанбасмұнай» АҚ-тың жұмысшылары еді. Біз оларды қайтадан жұмысқа қабылдай алмадық. Себебі, олар ереуілдерде жүргенде орындарына басқа адамдар алынып қойылған екен. Сондықтан биылғы жылдың қаңтарында Президент тапсырмасын орындау мақсатында Жаңаөзен мен Ақтауда екі бірдей жаңа құрылым құрдық. Олар «Бұрғылау жұмыстары басқармасы» ӨҚБ және «Технологиялық көлік және ұңғыларға қызмет көрсету» ЖШС деп аталады. Бұл кәсіпорындарды құру мен жұмысты бастауға 20,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бүгінде бұлардың екеуі де белсенді жұмыс жасап жатыр. Олай болса, Мемлекет басшысының бұл жөніндегі тапсырмасы толығымен орындалды деуімізге болады. Алайда, оларды ұдайы жұмыс көлемімен қамтамасыз етіп отыруда мәселелер бар. Біз алдағы уақытта осы жағын шешу бағытындағы жұмыстарымызды жалғастыра береміз.

- Ал еңбек жағдайын жақсартуда қандай іс-шаралар атқарылуда?

- Жаңа компанияларды құрарда біздің алдымызда оларды тиімді жұмыс істету үшін алдымен, арнайы техникамен қамтамасыз ету, өндірістік базалары мен вахталық қалашықтарын салу міндеттері тұрды. Бұл бағытта компания барынша қарқынды жұмыстар жасап жатыр. Нақты нәтижелер де жоқ емес. Мұның бір айғағы - осы күзде «Технологиялық көлік және ұңғыларға қызмет көрсету» компаниясының жұмысшылары үшін Қаражанбас және Қаламқас кен орындарында екі вахталық қалашық салынып, пайдалануға берілді. Олардың құрылыстарын жүргізуге жоғарыда аталған басқарманың өз мамандықтары бойынша жұмыс атқара алмай жүрген жұмысшылары тартылды. Жобалық құны 3,6 млрд. теңгеден асатын бұл құрылыстар өте қысқа мерзімде аяқталды. Бұған қоса айта кетуіміз керек, 400 және 200 орындық екі жатақхана, 300 орындық асхана, монша-жуыну кешені мен спортзалды қамтитын вахталық қалашықтар заманауи талаптарға жауап беретіндей дәрежеде салынды. Тағы бір атап өтерлігі, бұл кен орындарындағы өндірістік базаны көтеру жұмыстары үстіміздегі жылғы наурызда ғана қолға алынды. Олар 250 және 100 бірлік арнайы техникаға арналған. Техниканың соңғы үлгісімен жабдықталған база асханамен, кеңсемен, БӨБ ғимаратымен, апаттық дизельді-генераторлық жабдықпен, инженерлік желімен, медициналық және диспетчерлік пункттермен, жөндеу-техникалық цехымен, автокөліктер диагностикасы цехымен, қосымша бөлшектер қоймасымен, техникаға арналған жылы гаражбен, ЖЖМС және жанар-жағармай материалдарын сақтайтын қоймамен, автожуу орнымен және тағы басқа да бірқатар нысандармен қамтамасыз етілген. Біз құрылыстың бірінші кезегін желтоқсан айында бітіреміз. Ал екінші кезек 2013 жылы аяқталады. Енді «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына қатысты сөз қозғар болсақ, мұнда да айтарлықтай шаруаның басы қайырылды. Айталық, алдағы желтоқсанда «Бұрғылау жұмыстары» басқармасына арналған 720 адамдық шаруашылық-тұрмыстық кешені, 28 орынды гараж, жабық тұрағы бар өндірістік база құрылысының бірінші бөлігін пайдалануға беру межеленіп отыр.

- Өндірістегі еңбек қатынастарының үйлесімді дамуы үшін қандай шаралар қолға алынды?

- Қазіргі таңда «Өзенмұнайгаз» өндірісінде 9700-ден аса жұмыскер еңбек етеді. Ал сервистік компанияларды қоса алғанда, олардың жалпы саны 15 000-нан асады. Биылғы жыл ішінде еңбек адамдарының барлығымен еңбек қатынастарын қалыптастыруда айтарлықтай ауқымды жұмыстар жасалды. Ең алдымен, ішкі коммуникацияны жақсартуға кірістік. Негізгі күшіміз «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының мейлінше өзекті мәселелерін шешуге бағытталды. Қызметкерлермен жұмысты жаңа деңгейге көтеруге, компанияның еңбек ұжымында ішкі  үндестікті  қалыптастыруға тырыстық. Әлеуметтік-тұрмыстық мәселе бүгінгі күні басты басымдылықтар қатарына қойылды. Компания барлық деңгейдегі қызметкерлерінің жағдайын жақсартуға күш салуда. Біздің бастамамыз бойынша осы жылдың сәуір-мамыр айларында «Өзенмұнайгаз» бен «Ембімұнайгаз» мекемелерінде жетекшілік құрамдағы жұмыскерлер және ауысымдар, базалар, колонналар, цех басшылары мен шеберлері үшін тренингтер өткізілді. Оның басты мақсаты - командалық жұмысты жақсарту, қызметкерлер арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту, әртүрлі жағдайда шешім қабылдай білуге үйрету, даулы жағдайда өзін ұстай білуге баулу және ұжымдық мақсаттарға қол жеткізуге ынталандыруды көтеру болды. Біз кәсіподақтар қозғалысы жетекшілері үшін еліміздің еңбек заңнамаларына енгізілген соңғы өзгерістерді түсіндіруге арналған тәжірибелік семинар-тренингтерді ұдайы өткізіп отырамыз. Біз үшін мұның да маңызы өте зор.

«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының акционерлік қоғам мәртебесіне ие болуына байланысты осы жылдың маусымынан бастап осы мәселеге қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жағдайдың компания жұмыскері үшін қандай көрініс табатыны туралы нақты түсіндірме берілді. Сырттай қарапайым іс болып көрінгенімен, әрқалай қабылдауға, қажетсіз алып-қашпа әңгімеге жол бермеу үшін нақты түсіндірме жұмыстарымен айналыстық. Жаңадан құрылған «Өзенмұнайгаз» АҚ-қа өту жұмыстарын ұжымда ақпараттық топтар жүргізді. Оның құрамында жұмыс беруші өкілдерімен қатар Жаңаөзен кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері болды.

Біздің өндірістік филиалдарды қайта құру туралы шешім қабылдауымызға себеп болған негіз қандай? Біріншіден, бұл өндіріс тиімділігін арттыруға арналды. Соңғы жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, өндіріс шебіндегілерді кәсіпке қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесінің шешім табуын ұзақ уақыттар бойы күтулеріне тура келді, кеніштерді жаңғырту, техниканы жөндеу проблемалары түйінінің тарқатылуы жылдарға созылды. Басқару тетіктерінің болмауы өндірісте қойылған жоспарларды орындауға қол жеткізуге деген мүдделілікті біртіндеп бәсеңдетті. Екіншіден, мұндағы мақсаттардың бірі жұмысшылардың әлеуметтік мәселелерін шешуді көздеді. Оларды әлеуметтік қолдау жергілікті жерде шешіледі. Біздің өндірістік филиалдар жер пайдалану құқығын, дербес заңды тұлға мәртебесін иемденді.

Бүгінгі күні жұмысшы-қызметкерлермен қарым-қатынаста алғашқы оң ілгерілеушіліктерді байқап отырмыз және өз шешіміміздің дұрыстығына көз жеткіздік. Бұл шешімдер мыңдаған мүшесі бар ұжымдардың ынтымақтастығына және өзара сыйластыққа құрылған ішкі коммуникацияның дамуына жаңа серпін беруге ықпал етеді деген үміттеміз. Біз ұжым ынтымақтастығының дамуына ерекше көңіл бөлеміз. Мәселен, Астанада спорттың 11 түрі бойынша ҚМГ БӨ компаниялары арасында алғашқы спартакиада өткізіліп, оған Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстарынан 350-ден аса мұнайшы қатысты. Мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай «Үздік маман-2012» атты кәсіби шеберлер байқауының жеңімпаздары болған «Өзенмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» жұмыскерлерін салтанатты марапаттау рәсімін өткізіп, марапаттар мен сыйақылар табыстадық. Бұл шара аясында, әсіресе, ҚМГ БӨ өнерпаз жұмыскерлері «Мұнай жұлдыздары» байқауы финалистерінің қатысуымен өткен галаконцерт мұнайшылардың көңілінен шықты.

Сөз орайында бұлардың бәрі алдағы ауқымды жұмыстардың басы ғана екенін атап айтқым келеді. Жасыратыны жоқ, жұмысшылармен қарым-қатынастағы барлық мәселенің түйіні тарқатылған жоқ, бұл бағытта атқарылатын шаруалар баршылық. Бір қуаныштысы, біз бұл істе жалғыз емеспіз. Мұнда бізге Мұнай және газ министрлігі, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы әрдайым жан-жақты қолдау көрсетуде. Шыны керек, олардың көмегі біз үшін өте құнды. Осының негізінде қызметкерлермен қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған шараларымыз өзінің оң нәтижесін береді деген үміттеміз. Қазірге дейін тындырылған іс аз емес, ал алда атқарылуға тиісті жұмыстар одан да көп.

- Компанияның негізгі активтеріндегі «Өзенмұнайгаз» және «Ембі­мұнайгаз» АҚ кен орындары бүгінде көнерген кеніштерге айналды. Бұл жобалар енді экономикаға кері әсер етпей ме? Олардың тиімділігі туралы не айта аласыз?

- Мәселені дұрыс қойып отырсыз. Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының Атырау облысында 40 кен орны бар. Мұнай өндірісі мұнда 1911 жылы басталған, яғни кеніштердің пайдаланылғанына жүз жылдан асқан. Бірақ, бұдан қорқатын да ештеңе жоқ. Сарапшылар 2011 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша мұндағы 2Р санатындағы мұнай қорын 433 млн. баррельге баға­лады. «Өзенмұнайгаз» АҚ иелігіндегі Өзен және Қарамандыбас 1963 жылдан бері игерілуде. Олардағы 2Р санатындағы қор көлемі  1 228 млн. баррельді құрайды.

Әрине, кейбір кен орындарындағы тиімділік төмендейді, жер қойнауы сарқылады, өнім суланады, біз өндіріп жатқан мұнайдың өзіндік құны артады. Бірақ мұның барлығы табиғи процестер. Бұл - кез келген кенішті игерудегі заңдылық. Осы тұрғыдан алғанда, Өзен және Ембі бассейнінде өндірудің шарықтау кезеңі өткені рас. Сонау бір 1970 жылдары Өзенде мұнай өндіру жылына 16 миллион тоннаға жеткен. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 5 миллион тонна деңгейінде. «Ембі­мұнайгаз» АҚ жылына 3 миллион тоннаға жуық мұнай өндіреді.

- Ал, жағдайды жақсарту үшін компания тарапынан қандай шаралар қабылданып жатыр, мұнай өндіруді ұлғайту мақсатында қандай жаңа технологиялар іске қосылады?

- Негізі, «Ембімұнайгаз» АҚ өндіру жоспарын орындап келеді. 2009 жылдан бері ҚМГ БӨ компаниясының өндірістік қиыншылықтары Өзен кенішімен байланысты. Мысалы, былтыр «Өзенмұнайгаз» 2010 жылдағымен салыстырғанда, мұнайды 900 мың тоннаға кем өндірді. Бірақ, біз қамсыз отырған жоқпыз. Жақын арада Өзен кен орнындағы өндіру көлемін жылына 6-7 млн. тоннаға жеткізу жоспарланған. Ол үшін қойнауқаттардың мұнай беру мүмкіндігін арттырып, мұнай өндіруді қарқындататын жаңа технологияларды қолдану бойынша бірнеше бағдарлама қабылданды. Мұнай өндіру мәселелерін шешу үшін еліміздің ғылыми-зерттеу институттарымен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Биыл көлденең ұңғы бұрғыладық, ол ұңғы тәулігіне 30-40 тонна мұнай беріп отыр.

Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық еңбегінде «экономикалық және әлеуметтік жаңғырту мүмкіндігінше қатар жүргізілуі керек» екенін атап өткен еді. Біз қазірдің өзінде компания осы бағытта жұмыс істеп жатыр деп айта аламыз. Бұған тағы бір айғақ, биылдан бастап «Өзенмұнайгаз» бен «Ембімұнайгаз» кеніштеріндегі өндірістік нысандарды жаңғырту бағдарламасы іске қосылды. Ол 2012-2014 жылдарды қамтиды. Техникалық қайта жабдықтаудың мақсаты - мұнай өндірісін арттырып, кәсіпорындардың экономикалық ахуалын көтеру. Өзендегі өндірістік қуатты арттыруға бағытталған жобалар бұрын-соңды іске асырылмаған. Олар өндіріс тиімділігін көтеріп, қауіпсіздік пен еңбекті қорғау шарттарын жақсартуға бағытталған. Өндірісті жаңғыртуға 100 млрд. теңге немесе 700 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылады. Үш жылдың ішінде «Өзенмұнай­газда» ұңғыларды тұншықтыру сұйықтықтарын дайындау жөніндегі цех, жерасты құрылғыларын жөндеу және диагностикалау жөніндегі цех, мұнай кәсіпшілігі құрылғыларына қызмет көрсету цехы, 1000 дана автокөлік пен арнаулы көлікке қызмет ететін орталық салынып, сұйықтықты жинау және тасымалдау жүйесі мен қойнауқатқа су айдау стансасы жөнделеді. Атқарылған еңбектің алғашқы нәтижесіне желтоқсан айында куә боламыз - жақында ТМД елдерінде баламасы жоқ жерасты құрылғыларын жөндеу және диагностикалау цехын іске қосамыз.

«Ембімұнайгаз» АҚ-қа қарасты «Жайықмұнайгаз» МГӨБ пен «Доссор­мұнай­газ» МГЮБ кеніштерінде газды дайындау және тасымалдау жүйесі кеңейтіледі, енді Прорва кеніштерінде ілеспе мұнай газын күкірттен тазарту құрылғысы орнатылады, Прорва - Теңіз мұнай құбыры қайта жаңартылады, Ақінген - Аққұдық - Кісімбай кеніштерінен ұзындығы 61 шақырымдық жоғары қысымды газ құбыры салынады. Қазір Аққыстау - Балғымбаев автожолының 12 шақырымдық учаскесі салынып жатыр. 2013 жылы жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасады.

- Алик Серікұлы, сіз басқаратын акционерлік қоғам бұған дейін жылдар бойы түрлі әлеуметтік жобаларды қаржыландырып келді ғой. Ал қазір өндірісті жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп отырғанға ұқсайсыздар. Бұл компанияның әлеуметтік саясаты өзгергенін көрсете ме?

- Әлеуметтік саясат кез келген компанияның ел арасындағы абыройына әсер ететін фактор. Біз мұны естен шығармаймыз. Сондықтан әлеуметтік жауапкершілік қашанда компания жұмысындағы басты бағыттардың бірі болып қала береді. ҚМГ БӨ құрылғаннан бері Атырау мен Маңғыстау облыстарында тұрғын үйлерді, денешынықтырусауықтыру орталықтарын, бала­бақшаларын, сауықтыру лагерьлерін салуға, ауруханалар мен мектептерді жаңартуға миллиардтаған теңге қара­жат бөлді. Қазір де әлеуметтік саясаттағы стратегиямыз бұрынғыдай қызмет ететін аймақтарды дамыту қалпында қалады. Әлеуметтік көмек жайлы айтатын болсақ, 2004 жылдан бері «Қаз­Мұнайгаз» Барлау Өндіру» АҚ Маңғыстау облысына ғана 12 млрд. теңге инвестиция жұмсапты. Меніңше, бұл аз қаржы емес.

«Өзенмұнайгаз» Жаңаөзендегі ең ірі жұмыс беруші және қаладағы негізгі кәсіпорын екені де айдан анық нәрсе. Акционерлік қоғамда шамамен 10 мың­дай адам бар. Олардың отбасыларын қоса есепке алсақ, кәсіпорын төңірегіне шоғырланған халық саны 60 мыңға жетеді - бұл қала тұрғындарының жартысына жуығы. Қызметкерлеріміз үшін өндірістен тыс өмірдің қаншалықты маңызды екенін түсіне отырып, компания қаладағы әлеуметтік нысандарды жаңартуға елеулі үлес қосып келеді. Соңғы төрт жылдың ішінде әлеуметтік серіктестік бағдарламасы және жер қойнауын игеру келісім-шарты бойынша міндеттемелеріміздің шеңберінде Маңғыстау облысы бойынша түрлі әлеуметтік нысандарды тұрғыздық. Олардың қатарында Жаңаөзен қаласындағы 3000 орындық стадион мен денешынықтыру- сауықтыру кешені, 10 спорт алаңы, 63 аула алаңқайы, Қы­зылсай ауылындағы соғыс және еңбек ардагерлері үйі, Кендірлі демалыс ке­ше­ніндегі балалар сауықтыру лагері мен медициналық-қалыпқа келтіру орталығы бар. Аталған жобалардың құны 5 млрд. теңгеден асады.

Биылғы жылы Жаңаөзен қаласында ҚМГ БӨ қаражатына 200 пәтерлі тұрғын үй салынып бітті. Осы аймаққа сапары барысында Премьер-Министр Серік Ахметов қоныс иелеріне пәтер кілттерін тапсырды. Осылайша, жаңа пәтерге ие болғандар үшін мерекенің маңызы арта түсті. Біз балалар үйлері мен мүгедектер қауымдастықтарына, спорт ұйымдары мен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне үздіксіз көмек көрсетудеміз. Бір сөзбен айтқанда, жобалар көп және аймаққа бөлінетін әлеуметтік көмекті азайту жоспарымызда жоқ.

- Сіздің сөзіңізге қарағанда, бүгінде барлық күш «Өзенмұнайгаз» бен Жаңаөзенге жұмсалып жатқан секілді. «Ембімұнайгаздың» жағдайы қалай, сонда?

- «Ембімұнайгазда» да ірі әлеуметтік жобалар іске асырылып жатыр. Нақты мысал келтірейін. Биылғы жылдың көктемінде ҚМГ БӨ Директорлар кеңесі Байшонас және Ескене ауылдарының тұрғындарын облыс орталығына көшіруге 5,4 млрд. теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл екеуі де «Ембімұнайгаздың» мұнай кеніштеріне орналасқан ауылдар еді. Ал осы кен орындарының игерілгеніне 80 жыл болды, мұндағы «қара алтын» қоры жылдан-жылға сарқылып барады. Сондықтан кеніштің тиімділігі мен жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі туындады. Өндіріс көлемі азайған сайын мұнда жұмыссыздар саны артты, ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы жарамсыз халге жетті. Тұрғын үйлердің 80 пайызы қирауға шақ қалды. Су құбыры бұзылғандықтан, үйлерге су жетпейтін болды. Мұның бәрін мен өз көзіммен көрдім, жергілікті халықтың қазіргі тұрмыс ахуалы жаныма батты. Міне, сондықтан бірнеше күн бұрын ескенеліктерді Атырауға көшіре бастадық. Олар жаңа үйлерден пәтерлер алды. Ендігі кезек - байшонастықтарда. Қоныс аударудың барынша ұйымдасқан түрде өтуіне күш салдық. Ауылдағы үйлерін бұзып аламын деушілерге бір ай уақыт бердік. Одан соң коммуналдық үйлер бұзылады.

Қалаға қоныс аударатын халықтың ішінде сегіз жүзден аса бала мен жасөспірім бар. Облыс орталығында олар үшін сапалы білім беретін үлкен мектептердің, спорт секцияларының, музыка мектептерінің, мұражай мен театрлардың есіктері айқара ашылатыны көңілімізге медет.

- Сiз қазiр Астанадан гөрi Маңғыстау мен Атырауда көбiрек болатын сияқтысыз.

- Оныңыз рас. Мен осында келгенде уақытымның көбін осы аймақтарда өткiземiн. Астанада аса маңызды мәселелер шешiлетiнi де шындық. Бiр кездерi мұнда 400 адамнан тұратын қомақты штат бар едi. Қазір оны 25 пайызға қысқарттық. Оның өзiн тағы 50-60 адамға қысқарту ойда бар. Бiздiң астаналық кеңсемiз жылжымалы болуы керек. Солай болды да. Ұжымды басқару саясаты түбiрiнен өзгердi. Кәсiпорындардағы жағдайды тұрақты түрде мониторингтен өткiземіз. Проблема болды ма, дереу шешедi, қолдарынан келмесе бiздiң алдымызға қояды. Мұнда маған 20-30 адам көмектеседi. Құрылымда көп нәрсе өзгердi. Қазаннан бастап ӨМГ мен ЕМГ қайта бөлек акционерлiк қоғам атанды. Оның өзi оңайға түскен жоқ. Өйткенi, олардың жеке акционерлiк қоғам болуына келiспейтiндер де жеткiлiктi едi. Бiз бiр орталықтан басқаруды бастан өткердiк. Не өзгердi? Ең бастысы, ол неге алып келдi? Қызмет бабын асыра пайдаланушылық пен шектен шығудың нәтижесi көз алдарыңызда. Әрине, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндiру» бас акционер ретiнде бақылауды уыстан шығармайды. Онсыз тағы болмайды.

- Алик Серікұлы, жыл басынан бері ҚМГ БӨ кәсіпорындарында әлеуметтік және өндірістік жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр екен, жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі де шешіліп жатыр. Мұнайлы аймақтарда қазір тағы қандай өзекті мәселелер бар?

- Мұнай саласын еліміздің экономикасын дамытатын локомотив деп біледі көбі. Алайда, мұнайшыларды ел-жұрттан жасанды түрде бөлежарудың қажеті жоқ. Біздің компания ел тынысынан шет қалған емес, біз көпшілікпен бірге күрделі мәселелерді шешіп, мемлекетіміздің жетістіктеріне қуанамыз. Бүгінде ҚМГ БӨ мұнайшылары мен олардың отбасылары Қазақстанның Париждегі жеңісіне айрықша қуанып жатыр. 2017 жылы ЭКСПО Астанада өтпек. Компания мұнайшылары атынан күллі Қазақстан халқын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты бұл тарихи жеңіспен құттықтаймын. Халықаралық беделді көрме еліміздің экономикасын дамытуға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Біздің Отанымыз мұнайлы мемлекет ретінде ғана емес, инновациялық жетістіктерге бет бұрған, жаңа технологиялар мен адам капиталын дамытуды көздеген ел ретінде әлемге танылатынын мақтан тұтамыз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында осы атаулы мерекемен Елбасын және бүкіл қазақстандықтарды құттықтаймын! Тұңғыш Президенттің жетістіктеріне халық шынайы құрметпен және сеніммен қарайды. Елбасы баршамызға нақты бағыт-бағдар беріп, стратегиялық мақсат-міндеттер қояды, осының арқасында мұнай-газ саласы ғана емес, бүкіл ел даму жолына түсті. Мұның бәрі бізге тұрақты даму мен ілгерілеуге күш-қуат беріп, ертеңгі күнге деген сенімімізді арттырады.

Әңгімелескен - Серік ПІРНАЗАР,

«Егемен Қазақстан»

0 пікір