Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3775 0 пікір 26 Қараша, 2012 сағат 09:24

Тасада қалған тарих

 

Қазақтар әскерге неге алынбады?

 

Әлқиса

 

Қазақтар әскерге неге алынбады?

 

Әлқиса

XV ғасырдың орта кезінде өз алдына отау тігіп, өзге жұрттардан бөлініп шық­қан кезден бастап қазақ халқы жүздеген жылдарға созылған жаугершілік заманды басынан кешірді. Жері мен елінің бос­тан­дығы үшін жан берісіп, жан алысқан ұрыс­тар барысында әлемнің бірде-бір халқында жоқ батырлар институты қалыптасты. Жан-жағынан анталаған жауларға қарсы тұруда қазақтар отбасы, ошақ қасында қалмай, ту астында жинала білді. Ұранға шық­пай, өз үйінде бұғып қалу қазақ үшін өлімге теңелді.
XIX ғасырдың 70-жылдарында қазақ даласы арқылы Хиуаға орыс әскерлерімен бірге сапар шеккен америкалық дипломат Ю.Скайлер: «Ерен, ерлік пен тәуелсіздікті жоғары ұстаған қазақтар қай кезеңде де Сырым, Арынғазы немесе Кенесары сияқ­ты дала төсінде атқа қонған батырлар туы астында жиналуға дайын тұратын», - деп жазған болатын.
Сол себепті кезінде патша өкіметі ең алдымен елдіктің, қазақ жерінің азаттығы мен бүтіндігінің жоқшысы - батырлардан құтылуға, осы арқылы қазақ халқын рух­сыз­дандыруға, құлақкесті құлға айнал­ды­ру­ға тырысты. 1806 жылдың 31 мамырында Бөкей ордасы үшін бекітілген «Хан ке­ңесі ережелерінде» «батырлар пайда болмасын және күшеймесін» деген нақтылы нұсқау берілуі осының дәлелі.
Алайда, батырлардың ерлік істерін ха­лық жадынан өшіріп тастау мүмкін емес еді. Қазақ баласы белі бесіктен шыға салып батырлар жырын тыңдап, жауын­гер­лік рухта тәрбиеленді емес пе?!
Осыған қарамастан, мүмкін, осы себептен патша өкіметі қазақтарды әскерге алмады, олардың өздері де бұл іске құл­шы­ныс танытпады. Мұның себебі неде еді? Бұл сұраққа жауаптың кілті үстем ұлт пен оған бағынышты «жатжұрттықтардың» ара­сындағы сенімсіздік тамырының терең­ді­гінде болса керек. Сонау XVIII ғасырдың басында I Петр: «Мунгал в солдаты не брать», деп жарлық шығарады. «Мунгал» деп орыс патшасы моңғолды да, қазақтар мен буряттарды, басқа да шығыс халық­тарын атады.
I Петрдің қазақ, қырғыз секілді халық­тар­ға сенбеушілік саясаты алға қарай заңи тұрғыдан негізделіп, орыс қайрат­кер­лері­нің еңбектерінде жан-жақты қарастырыл­ды. 1822 жылы граф М.Сперанский Сібір жатжұрттықтарының қолына қару бермеу және оларды орыс әскерлері қатарына алмау туралы ереже Сібірді жаулап алған кезден бастап саяси сақтық шарасы ре­тін­де қабылданды деп көрсетті (М.Венюков. Краткие исторические сведения о сибирских инородцах по отношению их к всеобщей воинской повинности. СПб, 1874.С.4).
1834 жылы Ақмола округінің аға сұл­та­ны Қоңырқұлжа Құдаймендеұлы Санкт-Петербургке барған кезінде көшпелі қа­зақ­тардың рекруттан босатылғаны жөнінде анық хабарының жоқтығына байланысты жасаған сауалына сол жылы 31 мамырда Ішкі істер министрі Д.Блудовтан Көк­ше­тау, Қарқаралы, Аягөз, Баянауыл, Үшбұлақ қазақтарымен бірге Ақмола округінің қа­зақ­тары да әскерге мәңгі-бақи алын­бай­тын­­дығы туралы құжат алады. Отандық мұ­рағат қорында сақталған құжат нұс­қа­сының соңында «Верно: полковник султан Чингиз Валиханов» деп жазылған (Сол­түс­тік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұ­ра­ғаты,1-қор. 1-тізбе. 8-іс. 105-106-пп.).
Қазақтардың әскерге алынбауы Ресей­дің түрлі қоғамдық жіктерінің арасында талас-тартыстар туғызады. Полковник М.Ве­нюков Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Же­тісу, Сырдария облыстарында тұратын қазақтар саны 2 403 800 адамды құрай­тыны, бірақ мұншама халықтың әскери міндетке тартылмауының түсініксіз жағ­дай екендігі туралы 1873 жылы арнайы ең­бек жазып, қазақтарды тұрақты әскер қата­рына алмағанмен, милиция мен казак әс­кер­лері сапында әскери қызметке дайындау қажеттілігін дәлелдеуге тырысады (ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты. 25- қор. 1-т. 2280- іс. 2-19-пп.).
Әрине, қазақтардың барлығын бірдей әскерге шақыру жөнінде ойлауға да болмайды; мұның саяси қателікке апарып ұрын­дыратынын, олардың ХІХ ғасырдың өзінде алты рет орыс билігіне қарсы қару көтергенін ескеруіміз қажет. Дегенмен, қа­зақтарды генерал-губернаторлардың құр­метті қарауылдарында, далалық істер мен кордондарда пайдаланып, жаңа қаруларды игеруге үйретсек, сол арқылы олардың өз іштерінде бәсекелестік туғызамыз, сонымен бірге оларды орыстандыруда маңызды қадам жасаймыз дейді. Бұл орайда Венюков Омбы, Орынбор мен Ташкенттегі жергілікті орыс билеушілерінің ең беделді деген қазақ сұлтандары мен батырларын өз жағында ұстап отырғанын, Кенесары заманының өткендігін, қазақ даласының шығыстан және оңтүстіктен тізілген орыс селолары мен бекіністерінің қоршауына алынғанын есепке алу керектігін айтады. Сонымен бірге қазақтарды әскери қыз­мет­тің жеңілдетілген түрлерімен қамтуда олар­дың «шенқұмарлығын, бірін-бірі көре алмайтындығын, мадақтау-мақтауды жақ­сы көретіндігін» ұтымды пайдалану туралы тәптіштейді.
Венюковтың бұл ұсыныстары жөнінде Торғай уезінің бастығы осы облыстың әскери губернаторына былай деп түсін­дір­ме жолдайды. Осы уақытқа дейін қазақ­тар­дың әскери міндетпен қамтылмауының себебі олардың өмір салтына, бірақ, шындап келгенде, мұндай «ауыртпалықты» енгізудің уақыты тумағандығына байла­ныс­ты. Сондықтан «Далалық облыстар туралы Уақытша Ереже» бойынша қазақтар әс­керге алынудан босатылған. Қазақтардың дүниетанымын, даму деңгейін білетін кім­де-кім олардың қандай да міндеткерлікті ауырсынбай қабылдайтындығын, бірақ өз еркіндігін шектеуге көнбейтіндігін түсінуі қажет. Қазақтардың екі жанды жері бар: бірі - дініне қиянат, екіншісі - балаларын әс­керге алу. Бұл екі жағдайдан қорқыныш халықта осы күнге дейін сақталған. Сон­дық­тан олардың арасында жаңа толқу­лар­ға жол бермеу үшін қазақтарды қандай да болсын әскер қатарына шақырудан бас тарту керек. Бұл мәселеге 15-20 жылдан кейін ғана оралған жөн», - дейді (Сонда. 21-24-пп.).
Торғай уезі бастығының бұл пікірлері­мен келіспеушілер Түркістанда орыс би­лі­гі­нің орнауынан кейін өлкеде саяси жағ­дай­дың өзгергенін алға тартады. Далалық генерал-губернатор 1883 жылғы өз есе­бінде қазақтарды, әрине, сақтықты сақтай отырып, шағындап әскерге алу олардың та­рапынан қарсылық туғыза қоймас деп жазса, Жетісудың генерал-губернаторы әс­керге отырықшы ғана емес, көшпелі қа­зақтарды да алып, олардан Қытай мен Орта Азия шекараларындағы әскерлер құрамында қызмет ететін атты жүздіктер құруды ұсы­нады (ҚР ОММ. 64-қ.1-т.125-іс.26-п.).
Мұнан кейінгі уақытта да қазақтарды атты әскер құрамына алу керектігі туралы ұсыныстар толастамады. 1903 жылы Н.А. Обручев «Военный сборник» (№8) журналында қазақтар алыстан көретін қырағы, жер бағдарын жақсы білетін, табиғи шабандоз ретінде атты әскер үшін «бай материал» болып табылады, ең алдымен әскери қызметке Бөкей ордасының қазақтары да­йын (178-бет) деп көрсетті.
«Ресей империясы заңдары жинағы­ның» 42-бабында: «Түркістан халқы hәм Ақ­мола, Семей, Жетісу, Орал, Торғай қа­зақ­тары әскери қызметтен азат» (4-том) деп тайға таңба басқандай етіп жазыл­ға­ны­мен, қазақтарға мұндай жеңілдіктер бе­рілуі орыс билеуші топтарына маза бер­мей­ді. 1904 жылдың 15 наурызында әске­ри міндетті өтеуді заттай салықпен алмас­тыру жөнінде Қаржы министрлігінің бас­қар­ма бастығы А.Коковцев қол қойған құ­жат қабылданады (Сонда. 25-қ. 1-т. 2803 - іс. 21-22-пп.). Бірақ бұл шешімге Ішкі істер министрі күмәнмен қарап, «жатжұрттық­тар­ды» әскер қатарына шақыру мәселесі жөнінде «аса құпия жағдайда қажетті мәлі­меттер жинау үшін» Орынборға бір­не­ше лауазымды адамдарды іссапарға жі­бе­реді (Сонда. 340-іс. 1-2-пп.).
1911 жылдан қазақты әскер қатарына ша­қыру мәселесі Мемлекеттік думада тал­қылана бастайды (Сонда. 1549-іс. 62-82-пп.). Бұл жөнінде «Биржевые ведомости» (СПб) газеті: «Қазірде қазақтан солдат алу мәселесі ең алдымен қойылатын істің бірі болып тұр... Талай рет әскери министр бұл туралы жоба жасап, Думаның күн тәрті­бі­не кіргізбек болып, уәде берген...1914 жылы шілде айында бұл мәселе туралы арнайы баяндама тыңдалып, қазақ солдат бола алмайды деген қарар қабылданған. Себебі, қазақ - көшпелі. Көшпелілік пен мемлекеттілік бір-біріне үйлеспейді. Қа­зақ­тың мәдениеті төмен. Орысша біл­мей­ді. Жазу танымайды. Солдат тамағын та­мақ­сынбайды, әскери қызметке шыдамайды», - деп жазды.
Ресей Соғыс министрлігі Бас шта­бы­ның бастығы генерал Михневич мұндай пікірмен келіспей, осы газетке былай деп сұхбат береді: «Қазақ - жауынгер халық. Та­лай қилы замандарды басынан өткер­ген... Қазақтар - 12 миллион шамалы жұрт. Оның алты миллионы Түркістан мен шеткі облыстарда. Алты миллионы Бұхар жерінде. Санына қарағанда қазақтан жақ­сы әскер шығады. Қазаққа мемлекеттілік ісі жат, әскер болуға олар жарамайды деген пікір, менің ойымша, негізсіз».
Газетте басқа да мемлекеттік мекемелер өкілдерінің пікірлері берілді. Бұлар: «Қазақтар дұрыстықпен әскери қызметті атқармас деп ойлау оларды орынсыз кем­сі­тіп, қорлау болады. Қазақ - талай істі ат­қар­ған халық. Бұлар соғыста айрықша пай­далы болып табылар», дегенді айтады («Қа­зақ» газеті. Алматы, 1998. 235-бет). Ал, «Оренбургская слобода» газеті қазақ­тар туралы: «Момын, тыныштықты сүйе­тін халық. Бірақ біреу намысына тисе, кек алуды біледі, ерлігі бар... олардың бір ар­тықшылығы - бастарына қандай ауырлық түссе де аспай-саспай, әдіспен, ақыл-ай­ла­мен іс қылады. Атқа берік, шыдамды, көн­біс, қырағы, жершіл, ауаның өзгерісін сез­гіш. Осыған қарағанда қазақ халқынан жақ­сы әскер құрауға болады», - деп ойлайды.
Қазақтың әскерге алынуы мәселесі тө­ңі­регінде қазақ зиялылары да бір ұста­ным­да болмайды. Бірақ олардың араларын­дағы келіспеушіліктер, қазақтарға сенім­сіз­дігін олардың «жабайылығымен», «кө­ш­пелі­лігімен» бүркемелеуге тырысқан орыс отаршыларының жымысқы қылық­та­ры­нан емес, халықтың мұң-мүдделерін қор­ғау жолдарын іздестіруден туындап жатты.
Мемлекеттік думадағы мұсылман депутаттары қазақтардың әскер қатарында қызмет етуі олардың ұлттық мүддесіне сай келеді, солдаттыққа барған жастар дүние көріп, ысылады дегенді айтады.
Алайда, бірінші дүниежүзілік соғыс жағдайында әскери дайындықтан өтпеген қазақ жастарына бұлайша үндеу тастау өлімге айдап салумен тең еді. Осыны мең­зеген «Қазақ» газетінде: «Қазақтан солдат алса, құқығы ұлғаяды, салмағы молаяды, мәдениеті жоғарылайды деген - мұның бәрі әдемі сөз, қазақтан солдат алуды қуаттау - зор лағу», - деп жазылды.
Империя тағдыры ұрыс даласында шешіліп жатқанның өзінде Ресей Соғыс министрлігі заманауи қаруларды және әскери білімі мен тәжірибесін патша өкі­ме­­тіне қарсы жұмсауы мүмкін деген қор­қы­ныштан қазақ жастарын әскер қатарына шақырмаудан бас тарта алмайды. Бірақ қалай болғанда да қазақтарды ұрыс майданында орыс армиясына көмекші ретінде пайдалануға тырысқан өкімет 1916 жылы қару орнына күрек пен кетпен беріп, оларды тыл жұмысына алу жөнінде жарлық шы­ғарады. Осы жарлық жөнінде 8 шіл­де­де «Қазақ» газеті мындай мәлімдеме жасайды: «Қазақ секілді іргелі жұрт өзгелер қатарында соғыс майданында қару-жарақ асынып мемлекетті қорғауға лайық еді, қатарда жоқ қара жұмысқа байлануды кемшілік санаймыз». Орал, Торғай қа­зақ­тары: «Мемлекетті қорғау жұмысында қазақ халқы ор қазатын жұмыскер болып баруға да ризалығын білдіреді, бірақ ... қазақтар әскер берген басқа халықтар қатарында мемлекет үшін қан төгіп, әскер­лік қызметке баруды артық көреді», - деп Петроградқа хат жолдайды («Қазақ» газеті. 311-бет).
Қазақтан әскер алу жөніндегі патша жарлығы жөнінде айта келіп, Ә.Бөкей­ха­нов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов халыққа үндеу жолдайды. Онда олар: «Біздің жұрт­қа айтатынымыз, бұған көнбеске бол­май­ды ...көнбейміз дегеннің сүйенгені жан тәт­тілік болса, салыстырып қаралық. Көн­ген­де: жұртқа қандай ауырлық бар, көн­бегенде қандай ауырлық бар? Көн­ген­де: шаруаға кемшілік те келер, барған жі­гіт қазаға да, бейнетке де ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас... Көнбегенде көре­тін ауырлық: ...елдің берекесі кетеді, бас пен малға әлегі тиеді, елдің іргесі бұзы­лады», - деп түсіндіреді («Қазақ» газеті. 322-бет).
Сонымен алаш көсемдері, кеңестік тарихнама жорамалындай, қазақтардың пат­ша жарлығына көнуін қолдағанда, пат­шаға қызмет етуді емес, қазақ қо­ғамына оның салдарларының жеңілірек болатындығын көздеген.
Патша жарлығы шықпай тұрған кезде қазақ зиялыларының біразы қазақтан солдат алу жағында болмағанымен, заңға көнбеушіліктің халықты қыр­ғынға ұшы­рататынын түсінген олар енді қазақ­тардың, тыл жұмысына болса да, баруын қолдап, өз ұстанымдарын өзгертеді.
1916 жылы қазақтардың көпшілігінің патша жарлығына қарсы шыққаны, бір­азы­ның тыл жұмысына аттағаны белгілі. Бірақ осы орайда ұлттық езгіге ұшыраған халықтың ұрыс майданына сұрануы ерекше назар аударуды қажет етеді. Қалай десек те, әскери дайындықтан өтпесе де, мұ­нысы солдаттыққа алынған басқа ха­лықтармен тең тұруға, өлімге бас тігіп, на­мысын таптатпауға тырысушылықтың белгісі еді. Халық отарлық үстемдікке ғана емес, ұлттық кемсітушіліктің бір түрі ретіндегі көрінген, қазақ жастарын тыл жұмысына «реквизициялауға» қарсы көтеріледі.

 

Күнкөріс қамымен...
Сонда: «1917 жылға дейін қазақта еш­қан­­дай солдат болмады ма, ел қатарлы ұрыс­тарға қатыспады ма?» - деген сауалдар бүгінгі жастарды мазаламауы мүмкін емес.
Патша өкіметінің заңдарына қарамас­тан қазақтар аз мөлшерде болса да орыс армиясына құрамына XVI ғасырдан бас­тап тартыла бастаған. 1590 жылы Ораз Мұхамед сұлтан орыс-швед соғысына қатысып ерлік көрсетеді, подполковник дәрежесіне көтеріледі. Әсіресе, Ресейдің қазақтармен аралас-құралас жатқан татар, башқұрт, ноғай, Сібір халықтары жер­ле­рін басып алуы, XVIII ғасырдың 30-жылдары Кіші жүз бен Орта жүз қазақ­тары­ның бір бөлігін өзіне қаратуы, казак-орыс­тардың бұрын қазақтар мекендеген өңірлерді иемденуі, Еділ мен Жайық арасындағы аумаққа орналасып алған қалмақтардың жиі-жиі қазақ ауылдарына шабуылдары Еділден Батыс Сібірге дейін­гі біртұтас этно-экономикалық ке­ңіс­тікке орасан зор дағдарыс әкелді. Түрлі жағдайлармен қазақтардың Жайық, Орынбор казак әскерлері қатарында қызмет етуі жиіленді.
Орыс үстемдігі орнағаннан кейін Астрахань, Орынбор, Тобыл, Саратов губерниялары, Алтай таулы округі атанған аумақтарда қазақтар ежелден көшіп-қонып жүретін. Бұл өңірлердегі қазақтар да отырықшылыққа көшіп, орыс селолары мен хуторларында жұмысқа жалданды. Мұнда мещандар мен крестьяндар сословиесіне жазылуына байланысты олар, Ресей империясының заңы бойынша, тұрақты әскер қатарында қызмет етуге міндетті болды.
Бұл жағдай батыс еуропалық баспасөз беттерінде де көрініс табады. «London Chronicle» газеті (1758 ж. 9-12 жел­тоқ­сан): «1758 жылғы Ресейдің Пруссияға қарсы соғысында орыс емес ұлттардың - казактар мен башқұрттардың жасақтары өздерін оңтайлы да қуатты күш ретінде көрсетті», ал француз тарихшысы Абель Ремюза осы соғыста Берлинге кірген орыс әскерлері қатарында қазақтар да болды деп жазады. Ағылшын тарихшысы М.Андерсонның «Англияның Ресейді зерт­теуі» (Лондон, Нью-Йорк, 1958) атты кітабында: «Орыс емес ұлттар жасақ­тарының жойқын әрекеттері батыста татар, башқұрт халықтарына қызығушылық тудырады», - делінеді.
Қазақтар қалмақ әскерлері құрамында да талай жорықтарға қатысады. Қандас­тары­мыз көбіне туыстас башқұрт әскер­лері құрамына енуге ынталылық білдіре­ді. 1798 жылы шекара шебінде қызмет атқа­ру үшін құрылған әрқайсысы 500 адам­нан тұратын екі тептер полкі құрамы­на біраз қазақтар алынады.
Сонымен бірге, қазақтар Орынбор, Орал казак-әскерлері құрамында Жайық өзенінің бастауынан Каспий теңізіне дейін созылған дистанция жерлерінде әс­кери қызмет өткереді.
1812-1814 жылдар аралығында Кіші жүзден 20 мың қазақ ерлері шекарадан өтіп Орынбор өлкесіндегі казак-орыстар иелігіндегі жерлерге қоныстанған (Левшин А.Историческое и статистическое обо­зрение уральских казаков. СПб, 1823. С.317). Бұл адамдар шекара шебінде қызмет атқарумен бірге, қажет болған жағдайда жорықтарға да қатысады.
Жалпы алғанда XVIII ғасырдың аяқ кезінен қазақтардың казак әскерлері құ­рамында әскери қызмет атқаруы даладағы кә­дуілгі құбылысқа айналады. XVIII ғасырдың соңына қарай тек қана Орта жүзден Орынбор, Тобыл губернияларына және казак жерлеріне 12 мың қазақ үйі қоныс аударады.
Казак селоларын мекендеген қазақтар православие дінін қабылдап, аты-жөндерін де өзгертуі, өз діні мен халқынан қол үзуі тиіс болды. Оған қоса патша өкіметі қазақ балаларын орыс дворяндары, көпестері мен ме­щан­дарының сатып алуы жөнінде заң шығарып, олардың толықтай орыстануын қадағалады. Бұлар да православие діні мен орыс аты-жөніне көшіріліп, көбі Ресейдің ішкі губернияларына жіберілді, жасы жеткеннен кейін әскерге алынды.
Орыстанған қазақтардың казак-орыстар әс­керлерінде қызмет етуі XVIII ғасырдың аяғы­нан кең етек алады. Ш.Уәлихановтың айтуынша, Сібір ведомствосының кейбір ста­ни­цаларындағы тұрғындардың жартысына жуы­ғын православие дініндегі қазақтар құрайды (1-том. 526-б). XIX ғасырдың 50-60-жылдары Орал казак әскерінің құрамындағы шоқынған қазақтар саны 220-ға жетеді.
Көшпелі қазақтарға жүргізілген әрбір кезекті санақта олар басқа халықтар санатына қосып жіберіліп отырылды. Орынбор шекара комиссиясының мәліметтері бойынша, 1799-1815 жылдары «башқұрттар» ретінде 1226 ер адам (қазақ) ішкі кантондарға тіркеледі. Яғни, бұлардың барлығы рекруттық міндет­терді атқарып, орыстармен бірге жорықтарға қаты­суға міндетті болады (Матвиевский П.Е. Оренбургский край в Отечественной войне 1812 года. Оренбург, 1962).
Орыс жазалаушы отрядтары мен казак-орыстардың қазақ ауылдарына шапқын­шы­лық­тар жасап, малдарын айдап әкетуі, жайы­лымдық жерлердің жетіспеушілігі қазақ­тар­дың көпшілігін қайыршылануға ұшыратады. Олар бекіністер жанында қайыр сұрап, өз балаларын сатуға дейін барады. Бұл жағдай да орыс әскерін толықтыратын құбылыстардың біріне айналады. Әсіресе, мұндай апат орыс қол астына бірінші болып алынған Кіші жүз қазақтары арасында жаппай сипат алады.
Орынбор губерниясындағы Сауда сарайы маңында көшіп-қонып жүрген қазақтардан қа­лаға келіп, қайыр сұрайтындар санының көбеюіне байланысты XIX ғасырдың 40-жылдары Орынбор шекара комиссиясы Орынбор әскери губернаторына қайыршыланған қазақ­тар­дың ерлерін әскери қызметке, жас балаларын кантондықтардың батальондарына алу, әскерге бара алмайтындарын, бірақ дені сауларын ішкі губернияларға аттандырып, жеке адамдарға жұмыс істеуге, не болмаса аза­мат­тық ведомстволардың тұтқындар ротасына жіберуге рұқсат сұрап хат жазады. Орынбор әскери губернаторы бұл іске оң көзқарас біл­діреді (ҚР ОММ. 4-қ . 1-т. 355- іс. 2, 4-п.).
Қазақтардан сот шешімі бойынша әскерге жіберілгендер саны да аз болмағанға ұқсай­ды. 1832 жылы 30 наурызда З-Архангельск гар­низондық батальондарының командирі, пол­ковник Плеханов Орынбор шекара комиссиясына өткен жылдың 3 шілдесінде 1 және 2-қалалық гарнизондық батальонның қатар­да­ғы солдаттары - қазақтар Марабай Қай­на­ров, Әбдірахим Жұмаев, Шотан Балтабаев, Манас Жанбаев (Аманбаев), Жағанбай Бекетаев, Жетілген Тоқтабаевтың қашып кеткен­дігі туралы рапорт түсіреді.
Жәңгір ханға (1832 жылы 30 маусымда), Орынбор қазақтары батыс бөлігінің билеу­ші­сі Баймұхамед Айшуақовқа, Шығыс бөлігінің билеушісі Жантөре Жәңгіровке (Жихангереевке) жолдаған полковник Геккенің хабарлауларынан көрінгендей, олардың бәрі де - Ішкі орда қазақтары, «мал ұрлағаны» үшін сотталып, солдаттыққа берілген. Сонымен бірге оларды тезірек қолға түсіру мақсатында Ж.Тоқтабаевтың - есентемір, М.Қайнаров - алаша, Ш. Бақтыбаев - ысық, Ж.Бекетаев - кер­дері, М.Жаманбаев - қыпшақ руынан екендігі көрсетіліпті. (Сонда. 1527 - іс. 3 - 8 п.п.).
1984 жылы ақын Б.Аманшиннің Қазақ­стан Орталық мемлекеттік мұрағаты қорынан ХІХ ғасырдың 30-жылдары Аланд аралдарында әскерде жүрген Жанаев деген қазақ жі­гітінің Жәңгір ханға жазған хатын тап­қан­да­ғы жөнінде баспасөз бетінде хабар берілген. Оның есімі мұрағат материалдарында ұшы­ра­сатын, 1812-1814 жылдардағы орыс-француз соғысына қатысқан Жанаев Бегімбет емес пе екен деген ой келеді.
1838 жылы 31 мамырда Ресей Ішкі істер министрлігі жариялаған заң бойынша сотталып, тұтқындар роталарына жіберілген қа­зақ­тар жаза мезгілін өтегеннен кейін де еліне қайтарылмайды, жарамдыларын солдаттыққа беру, қалғандарын Иркутск губерниясына қоныстануға жіберу белгіленеді.
Кейбір қазақтар әскерде қызмет етуді шен-шекпен алып, қандай да бір лауазымға қол жеткізудің оңай жолы ретінде қарасты­ра­ды. 1874 жылы М.Венюков Сібір «жатжұрт­тық­тары­ның» бұл тақырып жөніндегі көз­қа­ра­сын зерттей келіп, былай деп жазады: «Ре­круттықтан босатылған Сібірдің орыс емес тұрғындары, тіпті, Қырғыз даласының көп­те­ген адамдары әскери бөлімдер қатарына өз ер­кімен барды». Бұл сөздің де жаны бар. Шерғазы Қайыпов (1818 ж.ө.) 1788-1790 жыл­дардағы орыс-швед соғысына қатысып, секунд-майор шенін алса, Ғұбайдолла Жәң­гіров кавалерия генералы шенінде 1877-1878 жылдардағы орыс-түрік соғысында ерлігімен танылды.
Әскери қызметке «бейімділігін» айтып, орыс әкімшілігіне хат жазғандар да болады (ҚР ОММ. 25-қ . 1-т. 943а- іс. 117-п.). Дегенмен, қазақ қоғамындағы ауқаттылардың көп­ші­лігі қан майданға барғаннан гөрі үйде жатып, ары кетсе отарлық үстемдікке қарсы шыққан өз қандастарын қырып-жою арқылы шен-шекпен алуға тырысты.
Бірақ орыс әскері қатарына алынып, жо­рық­тарға қатысу қазақтар үшін жалпы заң­ды­лықтан гөрі, ерекшелеу, сиректеу ұшыра­са­тын оқиға ретінде қала берді.

Ұрыс даласында

1812-1814 жылдардағы орыс-француз со­ғы­сына отырықшыланған, шоқынған, баш­құрт­тар мен орыс казактарына сіңісіп кеткен қазақтар қатысады.
Осылардың бірі Яков Беляков (шоқынған кезде берілген аты-жөні) Орал казак әскері қатарында 1809-1910 жылдардағы орыс-түрік соғысына қатысып, М.И.Кутузовтың көзіне түседі. Орыс-француз соғысы қарсаңында ол Бақалы станицасында құрылған 3-Орынбор казак полкінің командирі болып тағайын­да­лады. Бұл полк 1812 жылдың 21 қазанында майданға аттандырылып, 1813 жылдың тамыз айының аяғында Одерден өтеді. Одан кейін сол жылдың 5 қазанында Дрезденге жетеді. 6-7 қазан күндері Лейпцигті штурммен алуға қатысып, «халықтар соғысы» атан­ған осы ұрыста Беляковтың басшылығымен полк үлкен ерлік көрсетеді. Я.Беляковты марапаттау қағазында «находясь впереди {полка}, действовал с отменным мужеством и неустрашимостью» деп жазылады.
3-Орынбор казак полкі граф Беннигсеннің Резервтік армиясы құрамында барлық ұрыс­тар­ға қатысады, Эрфурт қаласына қарай ше­гініп бара жатқан француздарды өкшелей қуа­ды. Атаман Платов отрядының құрамын­да: 10 қазанда Веймар қаласының, 18 және 19 қазанда Ганау қаласы және 21 қазанда Майндағы-Франкфурт қаласының маңындағы ұрыстардың бел ортасында болады. Я.Беляков бұрынғы 500 адамнан қалған 277 адамымен генерал-майор Щербатовтың ерекше казак отряды, фельдмаршал Блюхер армиясы құрамында әрекет етеді (Юдин М.Л.Орен­буржцы в войнах 1812-1814 годов. Ташкент, 1912).
Қазақтар қатысқан әскери құрамалар мұ­ны­мен шектелмейді. Олар 30-Башқұрт, 5-Орын­бор, 5-Орал, 2-Тептер полкі құ­ра­мында соғысты. 1812 жылдың жазында Молево Болото, Левия, Романово деген елді мекендер мен Вязьма түбіндегі ұрыстарда Мұрат Құлшораев, Еріс Азаматов, Боранбай Шуашбаев, Ихсан Әбубәкіров, Сағит Хамитов деген қазақтар ерлігімен көзге түседі.
Польша мен Германия жеріндегі ұрыстар­дағы батыл қимылдары үшін Мардан Арапов, Мәулсы Алыбаев, Ниязғұл Бақтылы, Дәу­лет­келді Атабаев, хорунжий Ерназар Дәулет­жа­нин, Кенжеғұл Халықов, Назарбай Таянов, урядниктер Әзімбай Мұхамедов, Жұманияз Беркінбеков, Үсен Әбубәкіров және т.б. қа­зақтар жауынгерлік белгілермен марапатталады (Бекмаханова Н.Е. Россия и Казахстан в освободительном движении. М.,1996. С.72).
1-Тептер полкінің құрамындағы Нарынбай мен Назар Жанжігітовтер (шекті руынан) ерлігі үшін ордендер, медальдармен марапатталады (ҚР ОММ. 4- қор. 1-тізбе. 226-іс. 15-п.).
1-Башқұрт полкінің құрамында соғысқан ақын Әмен Байбатыров (тана руынан) Лейпциг пен Глогау қалалары үшін ұрыстарда көзге түсіп, күміс медальмен марапатталды. (Вопросы истории. 1982. №5. С.146).
Қазақтар 2-Тептер полкі құрамында атақты партизан Давыдов отрядының әскери қимылдарында да өздерін көрсете білді. Ал, әскери училищені бітірген, алғашқылардың бірі ретінде Парижге дейін жеткен Байжазық (Баязит) Күшікбаевтың (1780-1863, қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауд.) есімі шетелдік әдебиетте де аталып жүр (Sokol E.D. Revolt of 1916 in Russian Central Asia. Baltimore, 1954. P.110). 1814 жылдың 19 наурызында Францияның астанасы - Парижге салтанатпен кіргендер қатарында Ә.Байбатыров, Н.Жанжігітов, Я.Беляковтар да болды.
Біраз қазақтардың 3- және 4-дәрежелі Анна орденімен марапатталуы да көп нәрсені аңғартады. Ондай әскери белгілер асқан ержүректілігі үшін прапорщиктен капитанға дейінгі обер-офицерлерге берілетін. Осы орденмен орыс-француз соғысында декабрис­тер А.З.Муравьев, Н.Муравьев, М.И.Мура­вьев - Апостол, И.Д.Якушкин марапатталған-ды.
Әрине, мұнан жаңағы қазақтар декабрис­термен таныс болып, қазақ даласына олар­дың идеяларын алып келді, осы арқылы қа­зақтың ұлттық оянуына көмектесті деген ой тумайды. Олар өз халқынан қол үзген, орыс құжаттарында ғана есімдері сақталып қалған адамдар еді. Ал, орыстанған, шоқынған Александр Иванов секілді (Петропавл бекінісінің қазағы) қандастар есімдері тарих қойнауында мүлдем белгісіз болып қалды.
*  *  *
Соғыс бітіп, орыстар мен француздардың қырғын соғысында тірі қалған қазақтар күнделікті тұрмыс-тіршілігіне оралды. Көп­шілігі орыстар арасында қалды.
Қазақ қоғамында Бейбітшілік манифесті туралы хабарға ерекше қуанғандар үстем тап өкілдері ғана болды. 1814 жылы 18 шілдеде Бөкей хан Санкт-Петербургке құрамында сұлтан Арзығали Нұралыханов, старшындар Төлен Ерназаров және Бармақ Мұратов бар депутация аттандырып, император I Александрге хат жолдайды. Онда: «Мудрый государь! Твой священнейший престол, красотою своею ничем не уступающий райскому саду, поддерживается ангельскими и святительскими силами. Ты сокрушил могущественного противника Христу, превзошел своими милостями и великодушием самых древних кесарей. Дивный Александр! Достойный украшаться перстнем Соломона, прими сии радостные взывания из глубины произносимые...», - деген «жүрекжарды» сөздерін арнайды (РГИА. Ф. 1291. Оп. 81. Д.52а. Л.1, 58б.-59б.).
Қазақтардың соғысқа қатысқанын білмеді ме, әлде ол туралы бір ауыз сөз қосуды орыс жеңісіне көлеңке түсіреді деп ойлады ма, қалай болғанда да, хан бұл жөнінде жұмған аузын ашпайды. Оның орыс патшасын ағыл-тегіл мадақтауына Сыртқы істер алқасының бастығы И.А.Вейдемейер жауап беріп, бар­ған­дарды жай сыйлықпен және ақшамен марапаттайды. Мұның өзіне де қазақ сұлтан­дары мен билері төбелері көкке жетіп қуанып қалады.
Орыс-француз соғысына қатысқан жазушы С.Н.Глинка (1775/6-1847) «1812 жыл туралы жазба» (1836) деген еңбегінде: «Не только стародавние сыны России, но и народы, отличные языком, нравами, верою и образом жизни, народы кочующие- и те, наравне с природными россиянами, готовы были умереть за землю русскую» деп тым әсіреленген, тарихи шындықтан алшақ қорытынды жасайды (Бородино. 1812. М., 1987. С. 14).
Әр ғасырда жаулап алынған халықтарды орыс мүддесі үшін зеңбірек жеміне айналдыру қай кезеңде де Ресей билеушілерінің ұлттық саясатының да, практикалық іс-қарекетінің де өзегі болып келгендігі мәлім.
Қазақтар башқұрт, татарлар секілді, алдарына қандай да бір идеологиялық мақсат қою­дан, патриоттық сезімнен гөрі, пенде­ші­лікке орай қимылдады деу шындыққа жанасымды болар.
Отарлық езгіге қарамай, қазақтардың ерен ерлікке бой ұруы ата-бабаларынан қанға сің­ген қайсарлығынан бастау алса керек. Алайда, қа­зақ­тардың бұл да, басқа да соғыс­тарға қатысып, орыс тағына көрсеткен ықылас-ниеті де, же­ңіске әкелген құрбандықтары да уақыт өте келе ұмыт қалды. 1912 жылы орыс-француз соғы­сындағы жеңіске 100 жыл толуын кең көлемде атап өтуді көздеген патша өкіметі облыстық губернаторларға жеделхат жолдап, осы соғысқа қатысқандардың тікелей ұрпақ­тары­нан империя астанасындағы салтанатты шараларға өкілдер жіберуді бұйырады. Торғай губернаторы Эверсман оған «қырғыз­дар Отан соғысына қатысқан жоқ» деп жауап берді (ҚР ОММ. 25-қор. 1-тізбе. 828-іс. 13-15 парақтар). Орынбордан да, Оралдан да ешкім «табыла» қоймады.
Иә, өзге жұрттың мұң-мүддесі үшін әке­лін­ген құрбандықтың да, төгілген тер мен көр­сеткен ерліктің де өміршеңдігі қысқа ке­леді, көбіне тарих парағы ондай жанкеш­ті­лік­ті сақтамайды.
Қазақтарға сенімсіздік Кеңес өкіметі тұ­сын­да да біржолата сейіле қоймады. 1920 жылы Мұстафа Шоқай: «Халқының 90 пайызын мұсылмандар құрайтын кеңестік Түр­кіс­танды билеушілердің оларды Қызыл Армия қатарына шақыруға әлі күнге батылы жетпей отыр», - деп жазған-ды (Вольный горец. Тифлис. 1920. 14 июня).
Әскер қатарына алынғаннан кейін де қа­зақтар кіші шендегі офицер деңгейінен жо­ға­ры көтеріле алмады. Мұның барлығы сол баяғы ұлттық астамшылықтан, өзге жұртқа өгейси қараушылықтан туындайды...
Заман өзгерді. Қазақтар енді өзгелер үшін емес, өз жері мен елі үшін, тәуелсіздік туы­ның еңкеймесі үшін күреседі, сол себепті олар­дан заманауи техника мен соғыс өнерін жетік меңгерген, рухы биік жауынгерлер мен қолбасшылар шығатынына күмән жоқ.
Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Алматы.

"Егемен Қазақстан" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3501