Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2984 0 пікір 26 Қараша, 2012 сағат 05:39

Думан Бықай. Керенау

Суретте әңгіме авторы - Думан Бықай

(әңгіме)

Суретте әңгіме авторы - Думан Бықай

(әңгіме)

Біздің ауланың алдындағы әбден ақсөңкесі шыққан сәкіде сымға қонған торғайдай тізіліп бір топ орыстың кемпірі отырады. Ұзын көшені жығыла қонған үйден қоныс тапқанымызға жыл жарым уақытты жаңа орағанымен, осы ауланың кемпірлеріне үй жалдап тұратын біздің қоңыртөбел тіршілігіміз әжептәуір азық. Әудем жерден төбем көрінген мені бар бейілімен бұрыла қараған бастар әйтеуір жарылқамай қалған емес. Жолай үстіме жұғыса кеткен көлгір сөздің үйге өзіммен бірге ілесе кірерін білем. Етсіңісті болып қалғандықтан шығар, кейде жаңбыр жауып, жел көтерілгенде отырған орындары ойсырап тұрғанын көріп, еріксіз елегізисің. Менің жанымда, кемпірлердің салмағынан әне-міне белі үзілуге шақ тұрған белдемше орындық иелерін іздеп жоқтаған емес, күннің көзі көрінгесін-ақ күнұзын төрт қабырғада қамалып отырған ат төбеліндей азғантай топтың атакәсіптерімен қайта қауышарын біледі ол. Ата кәсіптері кешеде де өлмеген, бүгін де өлмейтін, бәлкім мәңгі өлмек емес - өсек. Әуел бастан-ақ адамзатпен бірге жасасып, бірге жасарған, енді, міне, алты кемпірдің аузында бұрынғыдан да зор айбынды күшке айналған алдамшы ермек. Ауланың алдындағы қылдырықтай қасқа жолды бүйірлей өтер екі аяқтылардың тықырынан бастап, айды сүйген ақ сарай, күнді сүйген қызыл сарайдағы алтын тақтың сықырынан қара жерде жорғалаған құрт құмырсқаның қыбырына дейінгі сыбағадан құр қалмайды. Құлақ сарсытар қопсыма сөзден жаратқан жер ана да жеритін болуы керек, әйтеуір ауада көлкіп тұрған өсекті желдің көтеруі тез. Сондайда қайбір жылы «Павлодарды Кереку қылайық, қаланың қазақи атауын қайтарайық» деген аузы дуалы бір топ азаматтың талап-арызын талақ етіп, қала атауының өзгертілуіне қарсы шыққан төрінен көрі жақын орыс кемпірлердің ылаңынан қорқып, ығына жығылған атқа мінерлердің ерсі қылығы еріксіз еске түседі. Ер үстінен ауып қаламыз ба деп қамықты ма, дөкейлер әйтеуір «қасқыр да тоқ, қой да аманның» қамын қылған еді сол жолы... 

Бір күнгі әңгіме төңірек тұмшаланғанда барып бірақ тыйылады. Тізгін тартылып, абажадай-абажадай алты кемпір ұйыған аяқтарын қарулы қолдарымен бір-бір мытып алады да, балпаң басып үйді-үйге тарасады. Күні бойына мыңқ демеген мылқау сәкіге де сондайда тіл бітіп: «мойнымнан қамыт түсті, енді көз шырымын аламын» дейтіндей көрінеді. Төрт кемпірдің басы тоқайласатын орындық бірінші қабатта тұратын біздің пәтердің дәл бүйірінде болғасын ба, таң сібірлеп атысымен-ақ терезенің түбінен естілетін күңкіл үнге құлағымыз үйренген. Бұл шаршы топтың арасында да өз серкесі бар. Ортадағы отты сол көсейді. Әуелі айтылар әңгімені шым-шымдап ұртының арасынан шығарады да, әліптің артын бағады. Оның мінезіне бұрыннан қанық, өзге нөкерлер әлі ауада қалқып, нығыздала қоймаған өсекті қағып алады да, әрі қарай қамшы салдырмай-ақ қоясын ақтара жөнеледі. Әңгіменің өзегі қойнау-қолатты қуалай келе, осы ауланың бір топ тұрғынын өңешінен алады. Өсекті идіріп отырған кілегей көз, шикіл сары кемпір тиянақ қайымы төмен, ауланы ат-қора көретін квартиранттарды қу тілмен қамшылай жөнелгенде, онсызда ауыр ашылатын темір есікті кегің кеткендей оңдырмай итеріп сен атып шығасың. Басыңнан бақайыңа дейін барлап, аулаға шыққаның үшін дәл бір айыпты болғаныңдай адырая қараған ала көздермен бақайласқың келмей, аманыңның аяғын жұтып «здрәсти» дейсіңде, тезірек табаныңды жалтыратқың келіп жорғалай жөнелесің. Ала көздер сонда да қалмайды, әудем жерге дейін жон арқаңды аяздай қарып шығарып салады. 

Бүгін топтың серкесі кілегей көз кемпірдің кірпігін кіреуке жауыпты. Күндегі қалпын құзға құлатқан болуы керек, құрысқан қабағын жазғысы келмей, орындықтың оң жақтауына жартылай жантайған күйінде үнсіз отыр. Ал ауланың арғы бетіндегі оқшау орындықты омыраулай құшақтаған қалпында қатқан да қалған алқаш Ванька үшінші түсін көруге көшіпті. Осы тұстан таң алакеуімде қоныс тапқан тұғын, күн тас төбеге көтерілді әлі жауырынын жазған жоқ. Аракідік бастығырылғанын білдіртіп үйелеген өгіздей булыға ыңыранып қоятыны болмаса, аузы мұрнынан шыға араққа бөккен ауыр денесі ырғала қоймайды. Балқаймақ ұйқысын тақтайдың тегістігі де, жатын орынның жайсыздығы да бұзып жарар түрі жоқ. Бұл бағанадан бері қабағына қырау қатып, қамырығып отырған кілегей көз кемпірдің кенже ұлы. Ұзын көшені қуалай қонған көп қабатты тұрғын үйде үш бірдей баспанасы бар кемпірдің төрт құбыласы түгел болар ма еді, осы желбас ұлдар болмағанда. Алдыңғы екеудің тұрпатынан әлдеқашан түңілген. Есі бар-ау деген ең кішісін өткенде оқтаумен ұрып, оңдырмай сабаған. Содан бері аузын кілттеп арақтан ауаша жүрген еді. Енді, міне, анттан аттады. Азғынның аулаға кеп жатып алғанын айтсаңшы. «Сволоч...» деді ішінен. Әсіресе сөз сауған мына ашкөздердің алдында бет пердесі сыпырылып қалғанын ойласа іші күйеді. Күнде өсекті баппен сауырлайтын өзі еді. Бүгін аузына құм құйылып отыр. Бұл таңдайын жібітпей тұра алмайтын ұлдарының арақ атты барсакелмес аралдың қақпанына түскенін мойындағысы келмей, үш ұлды көпке дейін көшке қосуға тырысты. Алдыңғылардың адам болмасын көріп, бар үмітін осы сүт кенжесіне артқан. Сол үміт үзілген сияқты... Сауын сиыр квартиранттардан ай сайын сыпырып алып отырған жан қалтасындағы буаз әмиянын баппен сипап қойды. Мұның тыныс алғанына дейін аңдып, қабағын қақпақылдап отырған өзіндей сары тіс, кебеже қарын кемпірлерге қарады да «жердің түбіндегіні біледі бұлар» деді ішінен. Бұл бір басында үш үйі болғанмен, үш ұлдың ырыздығын көре алмаған кілегей көз кемпірдің осы өмірге артар ең үлкен өкпесі еді.

«Abai.kz»

0 пікір