Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3390 0 пікір 1 Қараша, 2012 сағат 15:30

Ақиқатқа айналған арман

Осыдан тура 15 жыл бұрын Қазақстан Республикасының жаңа заманғы тарихи даму шежіресінде болашаққа батыл бағдар жасаған ұлы оқиға орын алды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің ұзақ мерзімді даму жолының қиялға бергісіз бағдарламасын паш етті. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз тарихымызда алғаш рет халыққа арнаған Жолдауы жарияланып, ғасырлар тоғысындағы жаһандық өркениет сахнасына «Қазақстан-2030» Стратегиясы шықты. Аңыздан ақиқатқа айналған, әлемнің дуалы ауыз сарапшылары түгел мойындаған «Қазақстан феноменінің» алғашқы қазығы қағылды.

Таңдау

Осыдан тура 15 жыл бұрын Қазақстан Республикасының жаңа заманғы тарихи даму шежіресінде болашаққа батыл бағдар жасаған ұлы оқиға орын алды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің ұзақ мерзімді даму жолының қиялға бергісіз бағдарламасын паш етті. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз тарихымызда алғаш рет халыққа арнаған Жолдауы жарияланып, ғасырлар тоғысындағы жаһандық өркениет сахнасына «Қазақстан-2030» Стратегиясы шықты. Аңыздан ақиқатқа айналған, әлемнің дуалы ауыз сарапшылары түгел мойындаған «Қазақстан феноменінің» алғашқы қазығы қағылды.

Таңдау

Сонау бір Одақтың «мұраға» қал­дырған тесік астауына телміріп қалған өтпелі кезеңнің өзінде, яғни 1997 жылдың қазан айында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан хал­қы­на арнаған «Барлық қазақстан­дық­тардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты тарихи Жолдауында енді ғана еңсе көтер­ген егемен елдің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын айқындап берген еді. Сол бір ертеңіміз түгілі, бүгінгіміз болжаусыз болып тұрған бұлыңғыр шақта басқаны былай қойғанда, Президент командасында жүрген бірегей экономика мамандарының өзі ұзақ мерзімге арналған бұл бағдарламаның орындалуына үлкен күмәнмен қарады. Ақиқатында, халықтың еңбекақысы мен зейнетақысын уақытында бере алмай отырған пүшәйман шақта «бо­ла­шақта қой үстіне бозторғай жұмырт­қа­латамын» деген қиял-ғажайыпқа сену де қиын еді. Алайда, бүгінде бар­лық әлем таныған реформатор Нұр­сұлтан Назарбаев сәуегейсымақтар алға тартқан күпті күдікті сырып тас­тап, Қазақстан экономикасын дамудың тың соқпағына салды. Ғасыр тоғы­сын­да «Қазақстан-2030» бағдарламасын жүзеге асыруды бастап, 2001 жылғы желтоқсанда Қазақстан Респуб­ли­ка­сының 2010 жылға дейінгі страте­гия­лық даму жоспарын бекітті.

Иә, уақыт - төреші. Орталық Азия көшбасшысы атанған Қазақстанның бүгінгі шыққан биіктері «Қазақ­стан-2030» Стратегиясының экономи­ка­дағы көрегендікпен жасалған шынайы ғылыми тұғырнама екендігін айқындады. Ал 2001 жылы жария­лан­ған 2010 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының Елбасы сол кезде-ақ зор сеніммен айқындаған «Қазақ­стан-2030» Стратегиясын іске асыру­дың алғашқы онжылдық тұғыры бол­ғандығына баршаның көзі жетті.

Барыс бейнелі болашаққа нық қадам басқан Қазақстанның бүгінгі экономикалық жетістіктері, халықтың әлеуметтік әлеуетін арттырудағы табыстары Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сонау бір 1997 жылы белгілеген еліміздің стратегиялық даму бағдарламасының нақты көрініс­те­рі екендігіне ешбір күмән қалмады. «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағ­дарламасының негізгі тұғыры елі­міз­дің гүлденуі, қауіпсіздігі және халқы­мыздың әл-ауқатының артуы екендігі де ақиқат.

Бүгінде Қазақстан - әлемдік экономикада елеулі орны бар әлеуетті мемлекет, өңірлік көшбасшы. Елдің өз тұрғындарының әлеуметтік әлеуетін арттырудағы қол жеткізген жетіс­тік­те­рі де жаһандық өркениет сахнасында өзіндік үлесін алды. Қазір біздің рес­публикамыз жаһандық рынокта уран өндіруде, бидай және ұн экспорттауда әлемдік көшбасшы саналады. Сонымен бірге, әлемдік рынокқа мұнай, көмір, ферроқорытпа, мыс және басқа өнімдер шығаруда алдыңғы орындарды иеленеді. Төрткүл дүниені түгел тұ­ралатқан соңғы дағдарыс қиындық­та­рына қарамастан, 2011 жылы ел экономикасы 7,5 пайызға өсіп, ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 11 мың дол­лардан асқандығы көп нәрсені көр­сетсе керек.

Үстіміздегі жылы да ел экономикасы дамудың оң нышандарын сақтап келеді. Үкіметтің алдын-ала жасаған болжамы бойынша, үстіміздегі жылы ІЖӨ 210,8 миллиард долларға (2011 жылы бұл көрсеткіш 184 миллиард доллар болған) өседі, ал жан басына шаққандағы ІЖӨ 12,5 мың долларды (2011 жылы 11,3 доллар болған) құрамақ.

Жаһанды жайлаған қаржы-эконо­ми­калық дағдарыс кәрі құрлықтың да­мыған экономикаларын тұралатып, әлемдік дамудың көшбасшысы атан­ған АҚШ-тың өзін тығырыққа тіреген күрделі кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қа­зақ­станның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жариялады. Онда Елбасы 1997 жылы «Қазақстан-2030» Стратегиясын қабылдап, біз елдің ұзақ мер­зімді күн тәртібін, басты мақсат­тар мен басымдықтарын қалыптас­тыр­дық, кейін олар 2010 жылға дейін­гі стратегиялық жоспарда қисын­ды түрде дамытылды. Сөйтіп, біз қалай жоспарласақ, солай өмір сүрдік», деп атап көрсетті. Әлемдік экономикаға бірегей кіріккен Қазақстанға ерекше салқыны тиген жаһандық экономика­лық дағдарыстың қиындықтарына қа­рамастан, Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында тағы да батыл қадам жасап, еліміздің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын айқындады. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі бұл стратегиялық даму жоспары 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықты қамтитын «Қазақстан-2030» Страте­гия­сын іске асырудың екінші тұғырлы кезеңі болып табылады. Міне, осылай, сөзі мен ісінің арасында ешқашан ал­шақ­тық болып көрмеген тұңғыш Прези­дентіміз сонау 1997 жылы айтқан сөзі­нің ақиқаттығын, ел экономикасын алға дамытудың 2030 жылға дейінгі белгі­леген бағытының берік­тігін паш етті.

 

Тұтастығымыздың тұғыры

«Қазақстан-2030» Стратегиялық бағ­дарламасының күн тәртібіне қой­ған тағы бір басты міндетті - еліміздің ұлттық және экономикалық қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету болып табылады. Елбасы өзінің «Қазақстан-2030» Стратегиясында «Қауіпсіздіктің басым­дығы анық: егер еліміз қауіпсіздігін сақтамаса, онда тұрақты даму жоспары туралы сөз қозғауымыздың өзі қи­сынсыз. Міне, сондықтан да қауіп­сіздікті қамтамасыз ету жұмысында сөзсіз басымдық біздің сыртқы саяси қызметімізге және Қазақстанның өз көршілерімен, дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елдерімен өзара тиімді қа­рым-қатынастың берік тұғырын қа­лып­тастыруға беріледі», деп атап көрсетті.

Тәуелсіздік тарихының парағын енді ашқан Қазақстан Республикасы үшін сонау бір өлара кезеңдегі өзекті мақсат - өзінің аумақтық тұтастығын қамтамасыз етіп, егемен елдің тарихта тұңғыш рет халықаралық шарттар мен заңдарға сәйкес өзінің мемлекеттік шекарасын белгілеуі еді. Бұл реттегі ең шешуші де келелі міндет егемен еліміздің екі алып көршісі - Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы шекара сызық­та­рын бекіту болып табылды. Қазақстан ҚХР-мен шекара мәселесін жүргізу жөнінде 1992 жылы шілде айында арнайы комиссия құрды. Бұл комиссия Қытай тарапымен бірнеше жыл бойы сындарлы келіссөздер жүргізіп, екі ел арасындағы шекаралық аймақтың барлық даулы мәселелерін тиянақты шешті. Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұл­тан Назарбаевтың салиқалы саяса­тының нәтижесінде екі ел арасындағы шекараны демаркациялау мәселесі 2002 жылы толықтай шешімін тапты. Сөйтіп, 2002 жылдың 10 мамырында Бейжің қаласында Қазақстан Респуб­ликасының Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Сыртқы істер министрі Тан Цзясюань Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы сызықтарын демаркациялау туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ҚХР Үкіметінің хаттамасына қол қойды. Осы тарихи құжаттың арқа­сын­да Қазақ елінің тарихында тұңғыш рет Қытай мемлекетімен жалпы ұзын­дығы 1782,75 шақырымға созылған шекара белгіленіп, бекітілді.

Сол бір жылдары ел егемендігінің ертеңіне барынша байсалдылықпен бағдар жасаған Елбасы ТМД құрамы­на кіретін, кешегі бір мемлекет шең­берінен шыққан көршілерімізбен де шекара сызықтарын белгілеп, мемле­кет­тік территориямыздың тұтастық тұғырын жасады. Атап айтқанда, 2011 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасында қазақ-қырғыз мемле­кет­тік шекарасын бекіту туралы Шарт­қа қол қойылды. Қазақстан және Қырғызстан арасындағы шекара ұзын­дығы 1241,58 шақырымды құрады. Күрмеулі мәселелері көп күрделі де ұзақ мерзімге созылған Қазақстан - Өзбекстан арасындағы шекара мәсе­ле­сін белгілеу келіссөздері болды. 2003 жылдың 5 қыркүйегінде бұл мәселеге де нүкте қойылып, қазақ-өзбек мем­лекеттік шекарасы туралы Шартқа қол қойылды. Екі ел арасындағы шека­ра­ның жалпы ұзындығы 2150 шақы­рым­ды құрады. 2001 жылдың 5 шілде­сін­де Астана қаласында Қазақстан және Түркіменстан арасындағы шекара мәселесі шешілді. Екі ел арасындағы 426,08 шақырымға созылған шекара сызығы 1972 жылғы Қазақ КСР мен Түркімен КСР арасындағы келісім негізінде жүзеге асырылды.

Тәуелсіз Қазақстан Республика­сы­ның құрлықтағы ең үлкен қашық­тық­қа созылған Ресей мемлекетімен ара­дағы шекара сызығын бекіту жұмысы 1999 жылдан 2005 жылға дейін созылды. 2005 жылдың 18 қаңтарында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей Федерациясына жасаған ресми сапары шеңберінде Мәскеу қаласында тарихымыз үшін тағы бір құнды құ­жат өмірге келді. Сол күні жалпы ұзындығы 7591 шақырымға созылған Қазақ-ресей мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Шартқа қол қойылды. Міне, осындай салиқа­лы саясат, сындарлы жұмыстың нәти­жесінде тәуелсіз Қазақстан Республикасы ғасырларға созылған ел тарихында тұңғыш рет еліміздің нақты шекарасын заңды түрде халықаралық құжаттармен бекітті.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Абай-ақпарат»

0 пікір