Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7832 0 пікір 1 Қараша, 2012 сағат 13:28

Кедендік одаққа қай елдер енуі мүмкін?

Әу баста Кеден одағы 2015 жылы Еуразия одағына айналады деп жоспарланған болатын. Бұл пікірді сарапшылар да қолдап, Кедендік одақ арқылы іргетасы қаланатын Еуразиялық одақтың Еуродаққа балама болатынын алға тартқан еді. Мұндай ауқымды дәрежеге жету үшін Кедендік одақ сапына қасқайып тұратын экономикасы мығым мемлекеттер керек. Яғни Кедендік одақ Ресей, Қазақстан, Белоруссиямен шектеліп қалмай, жаңа мүше елдермен толыққаны ләзім. Бұл орайда «Болашақта КО-ға қандай елдер мүше болып кіруі мүмкін?» деген сауалға жауап іздей берген жөн секілді. Мұның астарында «Қай мемлекеттер одаққа мүше болса бізге тиімді?» деген сұрақтың да төбе көрсетері ақиқат. Ендеше, саралап көрелік.

Әу баста Кеден одағы 2015 жылы Еуразия одағына айналады деп жоспарланған болатын. Бұл пікірді сарапшылар да қолдап, Кедендік одақ арқылы іргетасы қаланатын Еуразиялық одақтың Еуродаққа балама болатынын алға тартқан еді. Мұндай ауқымды дәрежеге жету үшін Кедендік одақ сапына қасқайып тұратын экономикасы мығым мемлекеттер керек. Яғни Кедендік одақ Ресей, Қазақстан, Белоруссиямен шектеліп қалмай, жаңа мүше елдермен толыққаны ләзім. Бұл орайда «Болашақта КО-ға қандай елдер мүше болып кіруі мүмкін?» деген сауалға жауап іздей берген жөн секілді. Мұның астарында «Қай мемлекеттер одаққа мүше болса бізге тиімді?» деген сұрақтың да төбе көрсетері ақиқат. Ендеше, саралап көрелік.

Тәжік, қырғыз, өзбек түбі КО-ға бет бұрады

Мамандар «КО-дағы әріптес мемлекеттер эконо­ми­калық байланыстардың маңыздылығын алға шығара отырып, мемлекеттік тар шеңберден шыға алса, КО-ның дамуына әсер етер еді» дейді. Сарап­шы­лардың осы пікірі қаншалықты мүмкіндікке ие? Мы­салы, іргедегі қырғыз ағайындар ДСҰ-ға мүше бола отырып, КО-ға да енуге буынып-түйініп дайын отыр. Алда жақсы нәтижелерге жетіп жатсақ, ар жағындағы Тәжікстанның да «кет әрі» емес екені белгілі. 

Ал экономикасын ішкі өнімді өсіру арқылы өрге сүйрегісі келетін Өзбекстанның да шегінер жері жоқ. Белгілі саясаткер Сайполла Сапанов: «И.Каримов оқшаулану сая­сатынан ештеңе ұтпайтынын түсіне бастады. Интеграцияны дамытуда КО-ға балама альтернатива жоқ екенін де біледі. Праг­матик саясаткер ретінде әліптің артын бағып отыр», - дейді. Осыдан-ақ түптің түбінде өзағаңдардың да беті бері қарауы мүмкін екенін аңғаруға болады. Десек те, саяси сарап­шы­лар­дың пікірінше, Өзбекстанға нақты ұсыныстар болмаса, әзірге одаққа мүше бола қоюы екіталай. Олар: «Соңғы жылдардағы Өзбекстан саясатын сараптар болсақ, ТМД, ШЫҰ секілді ұйымдарға біресе кіріп, біресе шы­ғып жатады, яғни тікелей Өзбекстанға тиер пайданы ойлайды. Осыдан-ақ КО өз жемісін беріп жатса, Таш­кент бас тарт­пай­тынын көруге болады. Исламдық терро­ризмге қарсы тұру қауіп-қатері де Өз­бекстанды ойландырады. Себебі се­па­ратистік, экстремистік күш­тер­мен күресуге Өзбекстанның шамасы келмейді», - дейді. Тәжікстан мен Қырғыз­станның КО-ға кіруге саяси мақсатты емес, экономикалық мақсатты көз­дей­тінін, өйткені ол елдерге экономикасын көтеру ба­ғы­тында басқа жол жоқ екенін ескерсек, біздің болжам алшаққа кете қоймас. Себебі ол елдерге басқа алпауыт интеграциялық бірлестіктер қызығушылық танытып отырған жоқ. 

Басты «көзір» - Украина

Ресейлік экономистер «Украина секілді мем­ле­кет­тердің КО-ға мүше болғаны тиімді» деген пікірде. Олардың пайым­дауын­ша, Еуразиялық экономикалық одақ­тың халқы 500 миллионға жетсе, оның эко­но­микалық әлеуеті зор болады. Са­­рап­­­­­­шы­лар бұл ел одаққа қосыл­са, Украинаның ұлттық жалпы ішкі өнімі 1,5-2 пайыз­ға өсіп, автокөлік жасау, ауыл шаруашылығы және химиялық өнеркәсіп салалары өркен­дейтінін айтады. Сонымен қатар мемле­кеттің қосымша жылдық табысы 6,5-9 млрд АҚШ дол­ларына жететінін алға тартады. Ал біздің саяси сарапшылар Украина билігінің басым бөлігін Ресейдің саясатын қол­дайтын саясаткерлер ұстап отырғанын айтады. Мысалы, Сайполла Сапанов: «КО-ға мүше болу үрдісі Виктор Янукович президенттігі кезінде жүзеге асса, көп кедергі болмас еді. Өйткені қазір Украи­нада сыртқы күштердің әсері басым. Олар Украинаны еуропалық интеграцияға тартуға жұмыс істеп жатыр. Келесі президенттік сайлауға дейін Украи­нада осы саяси элита сақталса, бәлкім, КО аясы кеңейе түсуі де мүмкін. Украина КО-ға кірсе, одақ ауқымы да, тегеуріні де артар еді», - дейді. 

Чили мен Вьетнам

Жуырда Чили Президенті Себастьян Пиньера өз елінің Кедендік одаққа кіріп, еркін сауда аймағын кеңейтуге дайын екендігін жеткізді. Ал Вьетнамның Кедендік одаққа қосылуын елдің бұрынғы басшысы Нгуен Минь Чиет қолдап, ол істі Чыонг Тан Шанг жалғастырмақшы. Егер бұл елдер КО-ға мүше бола қалса, Қазақстанға әсері қа­лай болады? Өйткені Вьетнам мен Қазақ­стан арасындағы сауда-саттықтың көлемі мәз емес. Десек те, сарапшы ма­ман­дар Вьетнамды одаққа енгізу арқылы бұл елдің бұрынғы кеңестік елдер үшін тоғыз жолдың торабында тұрған қолайлы сауда айлағына айналуы мүмкін екенін айтады.

Түрікменстан мен Әзірбайжан

Әлемдік һәм қазақстандық сарап­шы­лардың пікірінше, Түрікменстан мен Әзір­байжанның экономикалық қуатты­лығы орасан. Мысалы, Әзірбайжанның 1 манаты 1 евроға тең, яғни мұнайлы ел болған соң, валютасы тұрақты мемлекетке айналып отыр. Бұл елдердің КО-ға мүше болуын тек мемлекет басшылары немесе ішкі саяси күштер шеше салмайтынын да ескеруіміз керек. Өйткені бұл елдер КО-ға қадам жасаса, геосаяси ойындар баста­латыны белгілі. Себебі қазір саяси тұрғыда Әзір­байжан мен Ресей арасы күрделеніп кетті. АҚШ, Еуроодақ елдері секілді ал­пауыттар Әзірбайжанның КО-ға бет бұ­руына қарсы. Сондықтан да Әзір­байжан мен Түрікмен­станның одаққа кіруі тікелей сыртқы фак­торларға байланысты екенін ескеруіміз керек. Бірақ бұл аталған елдер КО-ға мүше болуы мүмкін емес деген пікірді туғызбайды.

Түркияны КО құшақ жая қарсы алса...

Қазір Түркияның кейбір саясаткерлері өз елдерінің КО-ға мүше болғанын қолдайды. Түркия ислам мемлекеті бол­ғандықтан, 60-жылдардан бері Еуро­одаққа мүше болу саясатынан жеңіліс тауып келеді. Де­мек, Түркия үшін Кедендік одақ күшейіп, іргесі берік Еуразиялық одаққа айнала алса, экономикалық даму бағытына таптырмас төте жол болар еді. Өйткені Түркия - өзіндік күші, аймақтық салмағы бар мемлекет. Бұл елдің түркі мемлекеттерінің ынтымақтас­тығына мүдделі екенін ескерсек, КО-ға Түркияның кіруі бізге де тиімді болар еді. Десек те, қазір ресми Анкарада бұл қа­дамды қол­дайтын саяси топтар аз. Саясат­керлер бұрыннан-ақ бұл елге Еуроодақтан гөрі, түркітілдес мем­лекеттері бар, сонымен қатар экономикалық жағдайы төмендеу мемлекеттер мүше Еуразиялық одаққа жақындасу тиімді екенін айтып келеді. Ресей КО аумағын кеңейтіп, әлемдік саясаттағы орнын күшейткісі келсе, тарихи санадағы дұшпандықты ұмытып, Түркияны одаққа тартуы қажет. Сонда ғана Түркия мен Ресей тарихи жаңа кезеңге көте­ріліп, үлкен саяси күшке айнала алар еді. 

Сіз не дейсіз?

Сайполла Сапанов, саясаткер:

- Кедендік одаққа мүше болудың алғашқы кезеңі ТМД елдерінің енуінен басталуы керек деп ойлаймын. Еуропалық одақтың өзі құрылып, нақты даму инс­титуттары анықталған соң, яғни 20-30 жылдан кейін кеңею саясатын жүргізе бас­тады. Кедендік одақты құрудағы басты кемшілігіміз кейбір интеграциялық дамуды асықтыруымыз болып отыр. Сонымен қатар КО-ны көптеген саясаткеріміз эконо­микалық ұйым емес, саяси ұйым ретінде қарастырып келеді. Меніңше, одақты саяси жобаға айналдырмай, экономикалық тұғыр­на­масын бекіту керек. Қазақстан, Ресей, Бела­русь арасындағы интег­рациялық үрдістер дамып, КО өз жемісін бере бастаса, мүше болғысы келетін елдердің саны сөзсіз ар­тады. Мысалы, қазір қырғыздар ұйымға мүше болуға дайын. КО-ның алдағы төрт-бес жылдағы нақты жетістігін көрген соң, өзбектер де, тәжіктер де, басқалар да алысқа кете қоймайды деп білемін. Бұл орайда КО-ға Вьетнам, Түркия, Пәкістан, Үндістан, Австрия, Жапония секілді елдерді тарту арқылы кеңеюді қалайтын саяси күштер бар. Бұл - тек қана жоба. Бұл - екінші кезеңге тиесілі мәселе. Оған ғалам­дық кеңею тұрғысынан қарап, жоба ретінде ғана баға беруге болады. Бірінші жағынан, ТМД елдерінің КО-ға кіруіне бұрынғы Кеңес одағына мүше елдер, екінші жағынан, Ресей мүдделі. Өйткені Ресей әлі де бұрынғы одақтастарын экономикалық және саяси ықпалында ұстағысы келеді. Ресей саяси амбицияларын ашықтан-ашық жүргізсе, оның саяси ұстанымы басқа елдерді шо­шындырып алуы мүмкін. Мұны да ескерген жөн. Бұл жайт КО-ның дамуын шектеп тастайды. Ресейдің одақты экономи­калық ин­теграция заңдылықта­рына сәйкес дамыт­қысы келсе ғана алға жылжу болады. Мұны да ұмытпағаны жөн.

Түйін

Жалпы, Кедендік одақ саяси ұйым емес. Сондықтан да экономикалық әлеуетін арттыра берген жөн. Бұл орайда КО-ға мүше басты үш мемлекеттің Абхазия, Молдова, Оңтүстік Осетия, Армения секілді елдерге елеңдемей, экономикалық даму бағытын Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Иран секілді елдерге бұруы керек секілді. Мысалы, Түркияның экономикасы қарқынды дамып, өзінің шарықтау шегіне жетті. Енді оған кеңею керек. Еуроодақ оны бәрібір қабылдамайды. Ендеше, біз құшақ ашалық! Мұның Қазақстан үшін де тиімді болатыны сөзсіз.

Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір