Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3534 0 пікір 1 Қараша, 2012 сағат 13:26

Ауыл мәселесін шешпей тұрып дамыған өркениетке жетеміз деу ағаттық болар еді

Амангелді ЕРМЕГИЯЕВ, «Алматы құрылыс» холдингінің президенті, меценат:

Амангелді ЕРМЕГИЯЕВ, «Алматы құрылыс» холдингінің президенті, меценат:

- Қазақ мәдениеті мен экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Алаштың азаматы ретінде өзіңізді қандай мәселелер толғандырады?

- Жаһанды шарпыған әлемдік дағдарыс барлық елге әсер етпей қоймайды. Басқа елдердің ахуалын Қазақстанның жағдайы­мен салыстырып, шүкіршілік айтуға болады. Дегенмен дағдарыс бізді де айналып өтпе­ді. Бір мемлекеттер тығырыққа тірелсе, келесі бір мемлекеттер өздерінің экономи­калық тиімді саясатымен немесе өзге де мүмкіндіктерін пайдаланып, қиындықтан шығатын жол табуда. Қазақ елі экономи­калық артықшылықтарын дұрыс пайдала­нуының арқасында дағдарыспен оңтайлы күресуде. Мұны біздің жетістігімізге балауға болады. Экономикамыз дамып келеді дегенімізбен, оның әлі де болса ақсап тұр­ған тұстары жетерлік. Осындай осал тұсы­мыздың бірі - ауыл шаруашылығы. Қашан­ғы табиғаттың ауа райына қарап, жауын жауа ма, жаумай ма деп алаңдап отырамыз. Биыл біраз жерде қуаншылық орын алды. Былтыр 30 миллион тоннаға дейін астық алсақ, биыл қанша болары белгісіз. Көрші­лес Ресейде де, шалғайдағы АҚШ-та да қуаншылық  болып жатыр. Ауыл шаруашы­лы­ғына ерекше көңіл бөлінуі қажет. Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы, қазақ жұртының 70-80 пайызы сол ауылда тұрады. Ауыл мәселесін шешпей тұрып, дамыған өркениетке жетеміз деу ағаттық болар еді.

- Өзіңіз білесіз, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап халықтың ауылдан қалаға жаппай көшу үрдісі орын алды. Қалаға ағылған нөпірді құшақ жайып күтіп тұрған кім бар? Үйсіз-күйсіз жүрген азаматтарда есеп жоқ. Бұл  халықтың әлеуметтік жағдайы­ның төмендігінің белгісі ме, әлде қаладағы пәтер бағасы­ның шектен тыс қымбаттығының нышаны ма?

- Ел-жұрттың қалаға шоғырлануы - бізде ғана емес, бүкіл әлемде көрініс тауып жатқан жағдай. Мұны әлеуметтік-экономи­калық дамуға орай қалыптасып отырған заңдылық деуге келеді. Осындай заңды­лық­қа қарамастан, ауыл халқының жағда­йын ойлауымыз керек. Келген елдің бәріне қаладан жұмыс орны мен баспана тауып беру оңай емес. Алматыдай алып шаһар­лардан жұмыс орны шығатын шығар, бірақ баспанаға қол жеткізу - қиынның қиыны. Сондықтан басты мәселе - ауыл шаруашы­лығын қалпына келтіріп, соның негізінде жұмыс орындарын ашып, ауыл халқын тұрақтандыру. Урбанизация процесі жуық арада тоқтай қоймайды. Көпшілік дамыған елдердегі ауыл жұрты 20-25 пайызды құраса, бізде бұл көрсеткіш 40 пайыздан асады. Елімізде талай бағдарламалар қа­был­данып жатыр. Соның нақты іске асуын жыл сайын емес, ай сайын қадағалау қажет. Әңгіме көп, іс аз. Жол, ауызсу, ауыл шаруа­шы­лығы мәселелері толықтай өз шешімін таппай тұр. Бөлінген қаражат ауылдарға жетіп жатыр ма, соны тексергеніміз жөн. Өйткені қазақ «бұраудың да сұрауы бар» дейді. Егер бөлінген қаржы ауылдарға жетсе, қыруар шаруа істелген болар еді. Ол неге талан-таражға түседі?! Өкініштісі сол,  ақшаның сұрауы да жоқ. Ауыл «несібесін» бақылауға алу тек Ауыл шаруашылығы министрлігі ғана емес, облыс және аудан әкімдіктерінің құзырында болғаны ләзім және сұрау да осы мекемелерден болуы тиіс. Әрбір тиынына дейін есеп берілуі қажет. Табиғи қазба байлықтарымыз бар. Ол да шексіз емес. Сол салалардан түскен қаржыны аграрлық саланы өркендетуге жұмсауымыз қажет. Біз - аграрлық елміз. Бабаларымыздың тұрмыс-салты қанымыз­да, тегімізде бар. Ата-баба жолын жалғас­ты­рып, кең байтақ жерімізде неге малдың санын арттырмасқа? Былтыр 30 миллион тоннадай астық алдық  деп айттым. Еліміздің тұтыну мөлшері 9-10 миллионға жетпейді. Астық нарығын да ретке келтірген жөн. Ортадағы алаяқтарды азайтып, нағыз өнім өндіретіндерге түсім түскені керек. Ауылдан шыққан азаматтардың мәдениеті, өмірге құлшынысы ерекше. Себебі олар еңбекпен тәрбиеленіп өседі. Қазақтың қонақ­жай­лығы, көпшілдігі, адами-мәдени болмысы, ұлттық дәстүрі де әлі күнге ауылдан іргесін сөге қойған жоқ. Ұлттық болмыстың бесігі де, күретамыры да - ауылда. Жоғары жақ­та­ғылардың көбі осыны түсіне қоймайды. Егер мұны түсінсе, олардың ауылға деген көзқарасы өзгерер еді.

- Сіз басқарып отырған құры­лыс компаниясы ғимараттар құры­лысын жүргізу барысында қазақ­тың ұлттық сәулетіне, қазақы нақы­шы мен өрнегіне қаншалықты көңіл бөледі?

- Астананың жаңа салынған ғимарат­тарын көрсеңіз де, Алматыда кейінгі кезде бой көтерген үйлердің сәулетіне зер салса­ңыз да, әлемдік даму бағытындағы ерек­шеліктермен қатар, ұлтымыздың ұлттық, дәстүрлі қолтаңбалары айғақтала түсе­ді. Жаһандық өркениеттің үстемдік еткен заманында құрылыстағы сәулеттің әлемдік даму бағыты басымдыққа ие. Еуропадағы, АҚШ-тағы озық сәулет үлгілері бізге де келіп жетті. Дүниежүзілік даму сатысынан біз де қалып қалмауымыз тиіс. Әйткенмен де өзіміздің ұлттық сипатымызды, мәдение­тіміз бен дәстүрімізді ұмытпауымыз керек.

- Еліміздегі құрылысшы мамандардың, осы саладағы технологияның деңгейі қандай?

- Расында, біздің көптеген саламыз дамыған мемлекеттермен салыстыруға келмейді. Өндіріс саласының оңалмай тұр­ғаны белгілі. Оның есесін жер байлығымыз­бен толтырып отырмыз. Ауыл шаруашылы­ғымыз да табиғаттың ауа райына тәуелді. Осылардың ішінде әлемдік талаптарға жауап беретін тек құрылыс саласы ғана деп айта аламын. Еліміздің құрылыс саласы мамандарының білімі мен технологиялық мүмкіндіктері тұрғысынан әлемдік құрылыс компанияларынан қалыспай өркендеп келеді. Бұрын, негізінен, шетелдік құрылыс компаниялары жұмыс жүргізетін. Осы күні отандық  компаниялардың да қатары арту­да. Біздің құрылысшылар шетелдік құрылыс мамандарынан кем түспейтінін дәлелдеді. 

- Мемлекеттік тендерлерде шетелдік құрылыс компаниялары­на қарағанда, отандық құрылыс компанияларына басымдықтар қарастырылған ба?

- Отандық және шетелдік компаниялар тендер байқауларында тең дәрежеде үзеңгі қағыстырып бәсекеге түсуде. Бірақ тендер­ден жемқорлықтың шеті шығады. Кезінде ішкі істер министрі болған Қайырбек Сү­лей­­менов үлкен жиында сөз сөйлеп тұрып, «кез келген тендерден жемқорлық фактісін анықтауға болады» деп еді. Менің пікірім­ше, тендердің тағдырын маман­дан­ған тәуелсіз комиссия шешуі тиіс. Комиссия құрамында тендер өтіп жатқан салаға қаты­сы бар мамандар, жергілікті билік, қаржы полициясы, прокуратура, кәсіподақ, үкімет­тік емес ұйым өкілдері отыруы қажет. Ал сол комиссияның төрағасы ретінде таза, адал қоғам қайраткері тағайындалуы керек. Тендер -жемқорлықтың қайнап жатқан қазанына айналған. Сол «қазанда­ғы» еттен қолы ұзындар сирағын бір іліп алып, жам­ба­сын жұлып әкетіп, құр сорпасын қалды­ра­ды. Бұл - сапаның соры, қаржы тапшы­лығына, әртүрлі қылмыстық бұрмалауларға әкеліп соғады. Жемқорлық салдары құры­лыс саласы сапасына сенімсіздік тудырып жатыр. Тендер өткізуде жаңашылдық пен өзгерістер керек.       

- Бүгінде Өзбекстан, Қарақал­пақ­стан азаматтарын құрылыс саласында пайдалану үрдісі етек алды. Шетелдік арзан жұмыс күшін пайдаланамыз деп өзіміздің азаматтардың екі қолға бір күрек таппай қалуына себепші болып отырған жоқпыз ба?

- Нарық заманы болғаннан кейін құры­лысшылар арзан жұмыс күшін іздейді. Шы­нын­да, құрылысшылар жоғарыда айтқан «қазанның» түбіндегі қалдығымен жұмыс істеуге мәжбүр. Сөйтіп, қаржының тапшы­лығы арзан жұмыс күшін іздетеді, ең арзан материалдарды сатып алуға итермелейді, содан құрылыс жұмысының да сапасы төмендейді. Шеттен келетін өзбек, тәжік, қырғыз жұмысшыларының ішінде білікті мамандар жоққа тән. Ешқандай маманды­ғы жоқ адамдар сапасыз материалдармен жұмыс істесе, құрылыстың сапасы құрыма­ғанда қайтеді? Жемқорлық белгілі бір дәрежеде құрылыстың да бағын байлап отыр. Көпқабатты үйлердің қисайып, шы­тынап, құлап жатуының себебі - осында. Жоғары дәрежелі инженерлерден бөлек, кірпіш қалаушы, бетон құюшы сияқты тө­мен­гі сатыдағы мамандықтардың өзі арнайы дайындық курсынан өтуі қажет. Заманауи техниканың мүмкіндігі артқан сайын білікті мамандар қажеттілігі сезіле түседі. 

- Астанада құрылыс нысандары қарқындап өссе, Алматыдағы құрылыс саласы саябырсып қалған тәрізді. Сіздіңше қалай?

- Үкімет Астанаға табан тірегеннен кейін Алматыда шамалы құрылыс саябыр­сыған шығар. Бірақ алып ғимараттардың салынуы толастаған жоқ. Астананың өз артықшылығы, Алматының өз ерекшелігі бар. Алматы үлкен мегаполиске айналды. Астана да күннен-күнге өсіп келеді. Бұрын онда 300 мыңдай халық болса, қазір 700 мыңға жақындап қалды. Елорданың көшуін әркім әртүрлі қабылдады. «Қаржы тапшы­лығы кезінде жаңадан қала салудың керегі не?» деушілер де табылды. «Алма­тыда көшкін болуы мүмкін, жер жиі сілкінеді, бір жақ шеті тау, бір жақ шеті шөлейт, қала жан-жағына еркін жайыла алмайды. Сондықтан  астана Ақмолаға ауысты» дедік бәріміз. Бұл шешімнің астарына үңілсек, мәселе мұнда емес. Хрущевтің тұсында еліміздің солтүстік өңірлерін анаған қосайық, мынаған қоса­йық деушілер жиі кездесті. Жұмабек Тәше­нов сияқты батыр азаматтардың арқасында бұл жерлерді әрең алып қалған едік. Тәше­нов Хрущевқа қарсы «Егер бес облысты талан-таражға түсіріп, бөліп алатын болсаң­дар, БҰҰ-ға дейін арызданамын» деп табандап тұрып алмаса, жағдайымыздың не боларын кім білсін?! Сөйткен Жұмабек Тәшенов жұмыстан да кетті. Бұл мәселе әлі де өзектілігін жоймай тұрған Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары астананың орын ауыстыруы саяси тұрғыдан оң шешім екенін айтуымыз керек. Президенттің осындай шешімге келуі - саяси көрегендігі, ұлтжан­дылығы әрі батылдығы. Астана қазақ жерінің кіндігіне орын тепкеннен кейін «бүйректен сирақ шығарушылар» да жым болды.

- Алматы жер жиі сілкінетін сейсмологиялық қауіпті аймаққа жатады. Соған қарамастан, аспан­мен астасқан биік ғимарат­тар бой көтеріп жатыр. Мұны қалай түсі­ну­ге болады?

- Жапония дүниежүзі бойынша ең жиі жер сілкінетін мемлекеттер қатарында. Бірақ онда неге өте биік ғимараттар салы­нып жатыр? Алматы Рихтер шкаласы бойынша 9-10 балдық сілкініс аумағында орналасқан. Ол, негізінен, жердің құрылы­сына да байланысты. 9-10 балл дегеніміз - апатты жер сілкініс санатында. Үй жертөле бола ма, әлде көпқабатты бола ма, егер сапасыз салынса, апаттан аман қалмайды. Жер сілкінісі жағдайын ескеріп, сапалы салынса, биік ғимараттар «өмір сүруге» құқылы. Үй биіктеген сайын оның құрылысы да күрделене түседі. Соған орай сапаға барынша мән беру қажеттілігі туындайды. Құрылыс жобаларын ұсынатын институттар, құрылыс мекемелері, тіпті бақылаушы ор­ган­дар жауапкершілікті мойынға ала білгені жөн. 

- Елбасымыз «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпы­ға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» мақаласында еңбек адамын насихаттау, сол тарапта көркем шығармалар тудыру жөнінде бастама көтерді. Қарапайым құрылысшылардың образын ашып көрсету, олардың еңбегінің насихатталуы көңіліңізден шыға ма?

- Кинотуындылар, телесюжеттер, тіпті жаңалықтарда атыс-шабыс, ұрлық-қарлық сияқты оқиғалар көрсетіліп жатады. Ал әлгіндей еңбек адамдарының өмірі мен ұстанымдарын үлгі ету жағы кемшін соғып жатады. Барлығы өзінен-өзі келе салған сияқты, бәрі де солай болуы тиіс тәрізді көреміз. Бүкіл елге жағдай жасап жатқан осы жұмысшылар ғой. Бүгінде миллионер болғандардың табысын маңдай терімен тапқандығына күмән келтіремін. Олар, негізі, қарапайым халықты, жер байлығын қанау арқылы көтерілгендер. Осылар сол адам­дар­дың денсаулығын, тұрмысы түзе­луін неге ойламайды?

- Кезінде қазақтың ауқатты байлары елдік мәселелерді шешіп, қарамағындағы ауыл-аймаққа жауапкершілікпен қарағаны белгілі. Тіпті мемлекеттік, ол аз десеңіз, мемлекетаралық мәселе­лердің шешілуіне мұрындық болып жататын. Қазіргі орыстілді бай-бағыландар осындай жауапкер­шілікті сезінгісі келмейтіні рас. Өзіңіз Тәуелсіздік алған жылдары алғашқылардың бірі болып ұлттық өнерге жанашыр меценат ретінде танылдыңыз. Қазақтың ұлы өнері айтыстың аяғынан тұруына себепші болды­ңыз. Демеушілікті қандай ұстанымдар негізінде жасайсыз?

- Қамқоршылық қасиет өсіп-өнген шаңырақтан, әке-шеше тәрбиесінен пайда болады. Мұның өзі текке де байланысты. «Жауынсыз жерге шөп шықпас, тексізден текті шықпас». Бұл - атаның тегімен, ана­ның сүтімен келетін қасиет. «Ұяда не көр­сең, ұшқанда соны ілерсің» дейді тағы қазақ. Ең бірінші, өз отбасыңды, бала-шағаң­ды қамтамасыз ету керек. Әрине, ол - табиғи заңдылық. Дүниеге баланы әкел­геннен кейін оны бағып-қағып, тәрбие беру адам мойнындағы парыз ғой. Содан кейін жағдайың келіп жатса, өзің түлеп ұшқан ел-жұртыңа қол ұшыңды соз. Одан әрі мүм­кіндігің болса, халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін жаңғыртуға күш жұмса. Әркім өзінің шама-шарқына орай ұлттық өнерге көмек көрсетуі тиіс. Өзім өскен ауылға мешіт, мектеп салып бердім. Мәдени шара­ларын демеп, әртүрлі мекемелерін жөндеу­ден өткізіп тұрамыз. «Жарылғап батыр» атын­дағы қор құрдық. Ол қиын-қыстау кезде әдебиеттегі, мәдениеттегі, ұлттық өнердегі азаматтарды қолдауға ерекше көңіл бөлді. Әлі де сол бетінен айныған жоқ. 300-дей ән мен 150 шертпе күйді топтастырып, антологиялық жинақтарды шығардық. Күйлер антологиясы дискімен жарық көрді. Қор консерватория ішінен Тәттімбет атындағы класс ашып берді. Тәттімбет шертпе күйдің атасы болғанынан бөлек, 13 жыл болыстық қызмет атқарғаны,  зерттеу жүргізгені мәлім. Алматыда 13-14 метрлік Райымбек батырдың ескерт­кішін салудамыз. Айта берсек, жасаған да, жасай­тын да шаруамыз жеткілікті.

- Бүгінгі жастардың бойынан қандай қасиеттер көресіз, олардың қандай болғанын қалар едіңіз?

- Жас толқынның көзі ашық, жан-жақты, жаңалықтардан хабары бар. Жастардың өз адами болмыстарының құлы, ақыл-ой, парасат иесі болғанын қалаймын. Жас өркеннің біршама бөлігі қиыншылықтарды да бастан өткеріп жүрген болуы мүмкін. Ауыртпалықты адамның өмір сүруге деген құлшынысы жеңеді. Бізге де Кеңес үкіметі тұсында оңайға соқпады. Бірақ «үкімет өлтірмейді» деп сенетінбіз. Қазір нарық заманы. Жастар жағы нарық заманына бе­йім­деліп, еңбек етуі қажет. Адами қасиеттен айырылмаймын десең, ешкімнің ала жібін аттамау керек.    

- Биыл Лондондағы Олимпиада ойындары рухымыз­ды бір көтеріп тастады. Туризм және спорт аген­т­­­тігінің төрағасы Талғат Ер­ме­гияевтің сіздің ұлыңыз екен­ді­гі мәлім. Спортшыларды бастап барған ұлыңыз жеті алтын­мен оралғанда, әсіресе, сіздің қуанышыңызда шек болмаған шығар?!

- Биылғы Олимпиада жеңісінің маңызы зор. Кеңес үкіметі тұсында да, кейінгі Тәуелсіздік жылдары да мұндай жетістікке қол жеткізген емеспіз. Ел Президентінің бұл әлемдік додаға дайындықты өзі бақылауға алуы спортшыларға ерекше серпін берді. Кез келген адам өз қызметіне жауапкерші­лікпен қарауы тиіс. Ұлымның өзіне жүктел­ген жауапкершілікті сезініп, абыроймен ора­луы мені қатты қуантты. Осылай тиянақ­ты жұмыс істеу қасиеті тектен, бізден, яғни атасынан дарыған болар. Мен Талғаттың жұмысқа жауапты болу керектігін қашанда құлағына сіңіріп отыратын едім. Қысқы Азиада ойындарында да жеңіс тұғырынан көріне білдік. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық өсуін елдің өнері мен спор­ты­ның өркендеуімен өлшеуге болады. Мәдениет пен спорт - халықты әлемге паш ететін маңызды сала. Лондондағы қазақ құрамасына жанкүйер болып мен де барған едім. Қазақстан құрамасы жоғары межеден көрінгенде Лондондағы түрлі халықтар бізге құрметпен қарай бастағанын аңғар­дым. Елбасы Олимпиада жеңімпаздарын қабылдағанда: «Бүкіл әлем алдында Туы­мыз­ды желбіретіп, Әнұранымызды шырқа­тып, ұлттық нышандарымызды паш ету - ешқандай қаржының, байлықтың күшімен сатып алуға келмейтін жеңіс», - деген еді. Енді осы межеден түспеуге ұмтылғанымыз абзал. Осы тұрғыдағы тағы бір ойым, ауыл спорты мен мәдениетін дамытуға күш салынса екен деймін. Бұған елдегі бүкіл сала басшылары жұмылуы тиіс.

Оқшау ой

Қазақ елін үймен қамтамасыз ету мақсатында біршама бағдарламалар қабылданды. Дегенмен мұнда олқылықтар да жеткілікті. Үй дегеніміз - тек әлеуметтік-экономикалық cаланың көрсеткіші ғана емес, ол барлық саланың алға жылжуына ықпал ете алатын локомотив. Құрылыссыз бірде-бір саланың дамуы мүмкін емес. Халықтың әлеуметтік жағдайы, өнері мен ғылымы құрылысқа тәуелді. Құрылыс - елдің дамуының айнасы. Үй мәселесінен жастардың мәселесі шығады. Отбасын құру үшін де, оның берекелі болуына да, өсіп-өнуіне де шаңырақ керек. Қазақтың ұлан-байтақ жеріне 16 миллион халық деген не? Дастарқанның бетіне шашып жіберген бір уыс тары секілдіміз. 50 миллион халықты асырай алатын жер байлығымыз бар. Жастарды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етіп, олардың балаларына сапалы білім алуға жағдай жасасақ, айымыз оңынан тумай ма? Қарапайым халыққа мемлекет тарапынан жылдық түсімі екі-үш пайыздан аспайтын несиеге үйлер салынатын болса, елге қаншама пайда болар еді? Бұдан көп жұрт жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Өндіріске қажетті ғимараттар салынса, өңдірістік ошақтардың да қатары артып, ең қозғаушы экономикалық саланың ілгерлеуіне жол ашылмақ. Баспана үшін несие алған адамдардың жауапкершілігі әкімшілікте болуы қажет.  Сонда азаматтар ақша төлеп отырған үйінен айырылып қалып, зар илемейді. Осылайша әкімшілік несиеге үй алушылардың жұмыссыз болмауына мүдделілік танытар еді деп ойлаймын.

Автор: Арман СЕРІКҰЛЫ

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір