Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3376 0 пікір 29 Қазан, 2012 сағат 13:58

Зайнидин ҚҰРМАНОВ. БИЛІККЕ НАРАЗЫЛЫҚ ХАЛЫҚ АРАСЫНДА ЕМЕС, БЕЛГІЛІ БІР КЛАНДАР АРАСЫНДА ЖҮРІП ЖАТЫР

Зайнидин ҚҰРМАНОВ, қоғам қайраткері, Қырғызстан Жогорку Кенешінің экс-спикері:

Зайнидин ҚҰРМАНОВ, қоғам қайраткері, Қырғызстан Жогорку Кенешінің экс-спикері:

КСРО ыдырағалы көршілес қырғыз ағайын үш рет президент ауыстырып, 23 мәрте ел үкіметін жаңартыпты. Үздіксіз толқулардан кейін, ел экономикасы тұралап қалса да, қырғыз жұртының салы суға кетіп отырған жоқ-ты. Ілдебайлап дамудың жолын қарастырып жатыр. Жақында Астанада өткен Л.Гумилевтің 100 жылдық мерейтойына келген қырғыздың мемлекет қайраткері Зайнидин Құрмановпен сұхбат құрдық. Зайнидин Кәрпекұлы қырғыз елінің бетке ұстар қайраткерлерінің бірі, тарих ғылымдарының докторы. 2009-2010 жылдары Қырғызстан билігі Роза Отынбаеваның қолына өткенде Жогарку Кенешке төраға болды. Қырғыз билігінің қыр-сырына қанық саясаткермен әңгімеміз қоңсымыздың саясаты мен елдің ішкі ахуалы төңірегінде өрбіді.

- Жогорку Кенештің спикерлігіне келгенде қырғыз үшін қандай қадамға бардыңыз? Қандай қызмет істей алдыңыз?
- Жогарку Кенештің міндеті ел үшін ең басты мақсаттарды белгілеп, соны орындау болып табылады. Біз қырғыз мүддесі үшін тиімді заң жобаларын қабылдап, ұлттың жақсы өмір сүруі үшін жұмыс істеуге тиісті болдық. Парламентте табанды еңбек етіп, елді ілгері дамытуға барымызды салдық. Өкініштісі бұрынғы үш шақырылымдағы парламент бір бағытта ғана жұмыс істей алмады. Себебі депутаттар практикалық жұмыстар бар болғанымен, теориялық жағынан кемшін түсіп жатты. Содан болар, біздің елде «жақсы» деп баға беретіндей депутат болған жоқ. Жогорку Кенештің үлкен қиыншылықтарды бастан кешіп жатқанын да айту керек. Өкініштісі, сол жағдайдан ұзай қойған жоқпыз. Бүгінгі күрделі мәселелерді шешуге тырысқанымызбен, одан шыққан нәтиже тағы жоқ. Мәселен парламеттік жүйеге өту үшін ел билігі алдын ала даярлануы керек. Өйтпесе қазіргі жағдайда қырғыз еліндегі бүлік жалғаса береді. Елде жыл сайын үкімет ауысады. Себебі, алға қойған жоспарды орындай алмайды. Солардың барлығын атқаруға қанша тырысса да үкімет әрі кеткенде бір жарым жыл ғана отырады. Өйткені, өз ісіне жауап бермейді. Ел алдында жауапкершілігі жоқ. 
- Үкімет инвестиция тартуға құлықсыз ба?
- Оған барын салып, тырысады. Ниет жоқ емес. Біздің елде кеңестік жүйеден қалған экономика  егеменді ел болған сәтте-ақ талқыланып бітті. Қазір Қырғызстанда экономика деген мүлдем жоқ. Мысалы, ел бюджетін мигранттар береді. Оның сомасы жылына 1,5 млрд. доллардан аспайды. 
Алтын өндіретін кен бар. Сол мемлекет бюджетінің 60 пайызын толтырады. Ал қалғаны салықтан жиналады. Қырғызстан қиын заманда тұрғандықтан осы мәселе шешілмей, кейінге шегеріліп келеді. Күн сайынғы дүмпу, билік үшін күрес - жоспар атаулыны келмеске кетірді. Қазір қырғыздың қай жаққа кетіп бара жатқанын ешкім түсіндірмейді. Топалаң заман болып жатқандықтан үш жылдың ішінде инвестиция деген ұғым түп атауымен жоғалды. Биліктің сөзіне ешкім құлақ аспайтын заман орнады. Тіпті, президентті де адам құрлы бағаламайды. Әркім өзіне қожа. Сол себепті өткенде Қазақстан мен Ресей президентінің қырғыз еліне келуі Алмазбек Атамбаевқа қолдау көрсету іспетті болды. Сырттан инвестиция тартылмаса. Жақын уақыт­тары Қырғызстанда өзгеріс болуы мүмкін емес. Бүгінде жалпы ішкі өнім бойынша Қырғызстан әлемде 140-шы орында. Бұл өте кедей ел екенін білдіреді. Қазақ­стан­ды бізбен салыстыруға мүлдем келмейді. 50-51 орында тұр. Мысалы, Қазақ­стан­да ішкі жалпы өнім әр адамға 14 мың доллардан келсе, бізде кісі басына 1 мың доллардан келеді. Тоқсаныншы жыл­дардың басында қазақ пен қырғыз эконо­микасы бір деңгейде болатын. Жиыр­ма жылдың ішінде Қазақстан ілгері дамыды да, Қырғызстан мүлде құлдырап кетті. 
- Асқар Ақаевтан кейінгі қырғыз басшылары есте қаларлық жұмыс атқарып үлгерді ме?
- Әлбетте, атқарды. Жаңа басшылық қол қусырып қарап отырмай, іс тындыруға тырысты. Дегенмен, Асқар Ақаевтың 1995 жылға дейін жүргізген саясаты қырғыздың қолайына жағып еді. Демократиялық жағынан, реформалық тұрғыдан ол керемет жұмыс жүргізе алған президент болды. Алайда 1995 жылдан кейін Ақаевтың саясаты өзгерді. Авторитарлы жүйе орнап, отбасылық билік қалыптаса бастады. Балалары саясатқа араласқаннан кейін, олардың өз бетінше іс тындыра бастағанын көз көрді. Осының барлығы халыққа түрпідей тиді. Оның орнын басқан Бакиевтің әрекеттері бастапқыда елге жағып еді. Бірақ біздегі ішкі ресурстар Қазақстанмен салыстырғанда өте төмен. Қазақстанда мұнай мен газ бар. Бізде ондай мүмкіншілік жоқ. Бізде зейнетақы 15 пайызға өссе, сіздерде 50 пайызға дейін өсіп жатады 
- Роза Отынбаева ше?
- Ол кісі ел қамын ойлаудан гөрі, саяхаттағанды жаны сүйетін басшы. Депутат болып жүргенінде парламентте отырмай, ешкімге қажетсіз форумдарға қатысуға құштар болатын. Елдің жайын ойлау Отынбаеваға қатыссыз дүние секілді еді сол кездері. Оның қасында Бакиев адамгершілігі жағынан әлдеқайда жоғары тұрды. Қарапайым, ерікті еді. Бірақ балалары мен туған-туыстары оның соры болды.   
- Саяси толқу Алмазбек Атамбаевты да орнынан түсіруі мүмкін бе?
- Қазір елде Ақаев пен Бакиевті кетіргендегідей күшті оппозиция жоқ. Себебі бұрынғы оппозиция билікке келді. Алайда наразылар бір топқа біріге бастағанын айтуымыз керек. Сіз «Қырғызстанда тағы да революция болу қаупі бар ма?» дегенді сұрайсыз ғой. Орданы келіп ойрандап, ханды төңкеретін ортағасырлық тенденциясы бар қырғыздағы наразылар насихат 
жүргізіп, ақша шашпайды. Әрбір қырғыздың жүз туысы бар. Соларға ақша беріп, алаңға 20 мың адамды жинау қиын шаруа емес. Қалғанына бас ауыртпайды. Сәуір оқиғасынан кейін қырғыздар түстік пен түндік болып екі тарапқа бөлінді. Ал қазіргі билік түндіктердің қолында. Түстіктер «билік түндіктерге өтті» деп бұл әрекетті «масқара жеңіліс» деп санайды. Түптен келгенде, билікке наразылық халық арасында емес, белгілі бір кландар арасында жүріп жатыр. Оңтүстік пен солтүстік бір-біріне оппозициямыз деп есептейді. Соның салдарынан оңтүстік аймақты Бішкектен басқару мүмкін болмай отыр. Мысалы премьерді, Жогорку Кенеш төрағасын оңтүстіктен сайлағанымен оңтүстік оларды өз адамымыз деп есептемейді. Мысалы, олар түрмеге қамалған Қамчыбек Ташиев пен Мэлс Мырзахматовтарды өз адамымыз деп санайды.
- Қырғызстанда басқа ұлт мүддесі қалай қорғалады?
- Қырғыз жерінен сая тапқан 80 түрлі ұлттың өкілі бар. Елдегі аласапыраннан кейін олардың көзқарасы айтпаса да түсінікті. Олар ешқандай топқа қосылмай, саяқ жүреді. Мысалы, өзбек пен қырғыз келісімге келе алмай, сепаратизм мәселесі пайда болды. Соңы адам шығынына әкелді.  Содан кейін Қырғызстандағы өзбектер қатты қорқып қалды. Орыстар болса, олар «ақырын жүріп, анық басады». Бас көтеріп, қарсылық танытпайды. Ал сіздердегі жағдай керісінше. 
- Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанға барғанда Алмазбек Атамбаев екеуі қазақ мектебін ашу туралы келісімге қол қойды. Қырғыз тарапы бұған наразы болған жоқ па?
- Қырғызстанда қазақтармен ымыраға келу жоғары деңгейде шешілген. Қазақтар өздерін бөтен сезінген емес.  Мысалы, біз Алматы мен Астанаға аяқ бассақ өзімізді шетелдік ретінде сезінбейміз. Елдегі қазақтар да тура солай. Мысалы, менің шешем Жамбылдың қазағы. Спикер болғанымда оған қатыс­ты ешкім бір ауыз сөз айтқан емес. Кезінде Құрманбек Бакиев Қырғызстан прези­денті болған кезде аппаратының басшысы Садырқұлов деген қазақ болды. Оған қатысты да ешкім ештеңе деген емес. Түбіне үңілсе, Асқар Ақаевтың өзі қазақ болып шығады. Руы - төре! Құрманбек Бакиевтің руы қыпшақ екенін ескерсек, қазаққа бөтен болмай шығады (күлді).
- Шекара асып, басқа елге кеткен еңбек мигранттарын елге қайтару туралы әңгіме жиі қозғалатын шығар?
- 150-200 мыңдай адам Қазақстанда қара жұмысқа жегіліп жүр. 500 мыңнан астам қырғыз Ресейге қарай нәпақа табамыз деп кетті. Еуропаға барғандары өте аз. Білуімше, көптеген қырғыздар Қазақстан мен Ресей азаматтығын алып алды. Кейін қайтуға ниеттері жоқ. Яғни болашағын қырғыз елімен байланыс­тырмайды. Кейбірі біраз қаражат жинап алайын, сосын елге келемін деп ойлайды. Бірақ қайтып келіп жатқандарды көрмедім. Бір жылдары шеттегі қырғыздарды елге қайтаруға қатысты үлкен құрылтай өтті. Олардың арасында қалталы қандастарымыздың көбейгені байқалады. Сыртта жүріп бизнеспен айналысып, көтерілгендері бар. Бірақ көпшілігі Сібірде тұрады. Сол жақта ағаш өнеркәсібімен айналысатын олар Қырғызстанға келіп тұруға құлықты емес. Себебі, елге келсе, Ресейдегідей үлкен нарық жоқ. Қазақстанда да бизнеспен айналысатын қырғыздар бар. Себебі, мұнда бизнеске үлкен мүмкіндік туып отыр.
- Дүмпуден кейін Қырғыздың сырт­пен байланысы қаншалықты әлсіреді?
- Ислам Каримовтың қырғыз президентімен қарым-қатынасы жақсы емес. Үнемі екі ел шекарасында келеңсіздіктер орын алып жатады. 2010 жылғы Ош оқиғасынан кейін қарым-қатынас тіпті нашарлай түсті. Қазақстанмен байланыс жақсы. Ресеймен сәлеміміз түзу болғанымен, екі арада көрінбейтін шекара бар. Мысалы, Ельциннің атын бір университетке беріп, Путин ныспысымен Алатооның шыңын атайтын болдық.  Қырғыз бен орыс қарым-қатынасы жақсы дегенімізбен, АҚШ бүйірден қысып тұр. Білесіздер, Қырғызстанда АҚШ-тың әскери базасы бар. АҚШ тісін батырса орыстан ойысып, соларға қараймыз. Ресей қабақ шытса, АҚШ-тан орыстарға бұрыламыз. Екі оттың ортасында кезек-кезек шапқылап жүрміз. Есесіне АҚШ пен Ресей Қырғызстанға сенім артпайды. Себебі, біз сенімді серіктес емеспіз. Содан кейін Қырғызстан қазір Қытаймен «достасуға» көшті. Себебі, қытайдан келетін инвес­тиция көп. Қытай тарапы ақшаны көп бергенімен оның есебін сұрамайды. Ал АҚШ ақша ұсынса, оның нәтижесін қарайды. Орыс ықпал еткенімен, ақша бермейді. Сондықтан Қырғызстанға Қытайдан қаржы көзін тарту тиімді. 
Әңгімелескен - Жанкелді ҚАРЖАН

"Халық сөзі" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3622