Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5616 0 пікір 25 Қазан, 2012 сағат 10:35

Балжан Сәкенқызы. Жазба шежіре – көркем әдебиеттің бастауы

Ғасырлар қойнауының құпия тірлігінен сыр шертіп, жазба мәдениетінің желісін үзбей жалғап келген үлгілердің бірі - шежірелік сипаттағы әдеби жәдігерліктер. Шежіре ұғымы «шаджрат» «бұтақ», «тармақ» мағынасында араб тілінен енгені белгілі.  Қазақ қауымына «тарихнама» деген балама мағынасында қолданылып келген астары терең асыл сөзді орыс халқы «летопись», «жылнама» деп атаса, «генеалогия», «биография» ұғымы да шежіре мағынасынан алшақ кетпейді.

Орта Азияда өмір сүрген ортағасырлық қаламгер қолына қалам алуы үшін түркі тілімен қатар араб, парсы тілдерін де меңгеруі қажет болды. Сондықтан бірнеше тілді меңгеруімен қатар, этностық тірегі орныға қоймаған халықтар өміріндегі қым-қуат кезеңнің тірлік-тынысы мен объективті, субъективті факторларды терең түйсігімен түйіндей алатын интеллектуал тұлғалар жеке-жеке шаңырақ көтеріп жатқан көршілес елдердегі саяси ахуалдың ізін суытпай, қаз-қалпында бейнелеген көркем шежірелерді дүниеге әкеліп жатты. Оларға Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама», Зейн ад-дин Васиридің «Бадаи ал-вакаи», Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди», Өтеміс қажының «Шыңғыснама», Камал ад-дин Бинаидың «Шайбанинама», «Тауарих-и гузида-йи нусрат-нама», Ғұлам Шәдінің «Фатх-нама», Әбілғазы ибн Араб Мұхаммедханның (баһадүр хан) «Шажара-и түрк», Қадырғали Қосымұлының «Жамиғ-ат тауарих» сынды және т.б. көптеген туындыларды жатқызуға болады.

Ғасырлар қойнауының құпия тірлігінен сыр шертіп, жазба мәдениетінің желісін үзбей жалғап келген үлгілердің бірі - шежірелік сипаттағы әдеби жәдігерліктер. Шежіре ұғымы «шаджрат» «бұтақ», «тармақ» мағынасында араб тілінен енгені белгілі.  Қазақ қауымына «тарихнама» деген балама мағынасында қолданылып келген астары терең асыл сөзді орыс халқы «летопись», «жылнама» деп атаса, «генеалогия», «биография» ұғымы да шежіре мағынасынан алшақ кетпейді.

Орта Азияда өмір сүрген ортағасырлық қаламгер қолына қалам алуы үшін түркі тілімен қатар араб, парсы тілдерін де меңгеруі қажет болды. Сондықтан бірнеше тілді меңгеруімен қатар, этностық тірегі орныға қоймаған халықтар өміріндегі қым-қуат кезеңнің тірлік-тынысы мен объективті, субъективті факторларды терең түйсігімен түйіндей алатын интеллектуал тұлғалар жеке-жеке шаңырақ көтеріп жатқан көршілес елдердегі саяси ахуалдың ізін суытпай, қаз-қалпында бейнелеген көркем шежірелерді дүниеге әкеліп жатты. Оларға Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама», Зейн ад-дин Васиридің «Бадаи ал-вакаи», Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди», Өтеміс қажының «Шыңғыснама», Камал ад-дин Бинаидың «Шайбанинама», «Тауарих-и гузида-йи нусрат-нама», Ғұлам Шәдінің «Фатх-нама», Әбілғазы ибн Араб Мұхаммедханның (баһадүр хан) «Шажара-и түрк», Қадырғали Қосымұлының «Жамиғ-ат тауарих» сынды және т.б. көптеген туындыларды жатқызуға болады.

Аталып отырған жазбалардың дүниеге келген кезеңінде ортаазиялық түркілік жазба мәдениет жоғары сатыға көтерілді, себебі, он ғасырдан астам уақыт бойы араб, парсы, түркі тілдерінде дүниеге келген жазбаларды есепке алмағанда, Түркия, Иран, Ауғанстан, Үнді, Қытай, Еділ бойы тағы басқа елдермен саяси, діни, сауда байланыстардың арқасында келіп қосылған ұланғайыр қолжазба туындылар бұл аймақты жазба мұраларға толы алтын қоймаға айналдырды. Сондай-ақ бұл кезеңдегі әдебиет өзіне дейінгі жазбалардан сусындай келе анық толысқан, кемелденген дәуірге яғни Қайта өрлеуден кейін романтизм нышандарының біліне бастаған кезіне тұспа-тұс келді. Сан ғасырлық даму белестерінен өткен фольклор үлгілерінің молынан хатқа түсуі де осы кезеңдегі көркем шежірелердің еншісіне тиді. Мұның өзі, ол дәуірдегі сөз өнерінің дамуында жаңа жүйенің қалыптасып, түркі жазба мәдениетінің елеулі жетістіктерге жете бастағанын дәлелдейді.

Қай дәуірде дүниеге келген туынды болмасын, оның әдеби көркемдік сипатын анықтау үшін алдымен сол туындының жанрлық негіздері басты бағдарға алынуы тиіс. Өйткені, әдеби тек түрлеріне байланысты жанрлар жүйесінің саралануы да көркем әдебиеттің негізгі сипатын айқындайды. Жанрдың эпос, лирика, драма секілді ірі тектерінің ішіндегі эпостық жанрға тән басты белгілердің бірі - оқиғалардың  тек бір баяндаушы атынан ғана көрініс беретіндігін ескерсек,  ортағасырлық жазба шежірелер осы эпостық сарында дүниеге келді де, кейіннен жаңаша пайда болған оның түрлеріне, яғни әңгіме, повесть, романдарға, әсіресе  хроникалық, беллетристикалық романдардың дүниеге келуіне ықпал етті.

Мысалы, б.з.б  батыста дүниеге келген тарихи  жазбалардың барлығы  әдебиеттің маңдай алдысы саналып, кейінгі роман жанрының пайда болуына ұйтқы болған.

Әрине, көркем әдебиеттің белгілі бір жанрларына қойылатын талаптарға ортағасырлық шығарманың болмыс-бітімі толығымен жауап бермегенімен, біршама жанрлардың қалыптасуына белгілі дәрежеде әсер еткені даусыз. Осы тұрғыда  жазба шежірелерден шынайы көркем шығармаларға тән жанрлық белгілердің бірін емес, бірнешеуін кездестіруге болады. Олардың осындай әрі тарихи-этнографиялық, әрі әдеби-фольклорлық ерекшеліктерді қамтыған көп қырлылығы олардың синкреттік сипатын танытады.

Жазбалардың ішінен шежірелік эпикалық баяндау әңгімелері мен еркін аударма нұсқалары аралас қолданылған туындылар да кездеседі. Мысалы, «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме», «Түрік шежіресі»,  «Шыңғыснама» және «Шежірелер жинағы» - шағын көлемді эпикалық түрлерге жататын миф, аңыз, әңгімелерден құралып жазылған туындылар. Бұл жазбаларда әсіресе эпостық жанрдың бір түрі болып табылатын әңгімеге ұқсас сипаттар, яғни сюжетті, сюжетсіз әңгімелерге лайықты белгілер молырақ кездеседі. Оларда бір ғана хан династиясының пайда болуына, оның ұрпақтарының қалыптасып, өсіп өркендеуіне байланысты туындайтын тақырыптың аясындағы бірнеше сюжеттің өзі біртұтас композицияны құрайды. Беллетристикалық романдардың қаһармандары сияқты  шежіре кейіпкерлері де қызу әрекет үстінде бейнеленіп, олардың мінез-құлықтары, әсіресе ірі тарихи тұлғалардың образы ашылады. Мысалы, Әбілғазының «Түрік шежіресі» тоғыз баптан тұрғанымен, әр бап іштей бөлініп, жекелеген оқиғалар баяндалады. Суреттеліп отырған оқиғалар да іштей жіктеледі. Туындыдағы сегіз беттен тұратын бесінші бап «Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатай әулетінің Мауараннахр мен Қашқарда патша болғанының баяны» деп аталып, оның өзі төрт беттік жекелеген екі оқиға түріндегі  әңгімені құрайды. Мұрада әсіресе ауызша таралып келген тарихи әңгімелер жазбаша көрініс тапқан. Мысалы, Оғыз, Шынғыс, Ұрыс, Тоқтамыс, Ораз-Мұхаммед хан, Едіге би дастандарында осы аталып отырған тұлғалардың авторитарлық әрекеттері жеке-жеке әңгіме түрінде баяндалған.

XV-XVII ғасырлардағы жазбалар, солардың ішінде «Тарих-и Рашиди» сынды туындылар тек бір ғана халықтың төл туындысы ретінде қарастырылмауы тиіс. Себебі, көршілес отырған Орта Азия халықтарының жеке этнос ретінде іргетасы анық қалана қоймаған кезеңде жазылған мұралар осы елдердің барлығына ортақ құндылықтар ретінде зерттелуі қажет.

Орта Азиядағы тимурилік, шайбанилық, шағатайлық, және сеферилік (қашғарлық) деп бірнеше топтарға бөлінген жазба жәдігерліктердің көпшілігі тапсырыс бойынша дүниеге келді. Мысалы шайбанилық шығармалардың ішінен Ғұлам Шәдінің «Фатх-намасы», Бинаи мен Салых қаламына тиесілі «Шайбанинама» атты туындылар Шайбани ханның тікелей тапсырысы бойынша жазылған. Ал сеферилік жазбалардың ішінен Махмуд бен Әмір Валидың «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар» («Мейірбан жандардың танымы туралы көл-көсір құпия») атты туындысы да ал-Хұсайынның тапсырысы бойынша жазылған.

Тапсырыс бойынша шежіре жаздыру Шыңғыс хан заманынан басталып,  Бабырдың бабасы Әмір Темірдің тұсында үрдіске айнала бастады. Әмір Темірдің тіпті жылнаманы жаздырмастан бұрын өзінің бүкіл жорық сапарлары жайлы күнделік жаздырып отырғаны белгілі. Ол тапсырма көбінесе Гиясаддин Әлиге жүктелген көрінеді. Гиясаддиннің жазған күнделіктерінің басын біріктіріп жинақтаған Шәмидің (Низам ад-дин) «Зафарнамасын» Жезді (толық есімі Шарафеддин Әли Иәздидің) ары қарай тағы өңдеп қайта жазып шыққан. Сондай-ақ, өз өміріне арнап шежіре жаздыратын әйгілі тұлғалардың көпшілігі өз мүддесіне сай келмеген жағдайда абыройына нұқсан келтірмеу үшін сол жазылған келеңсіз жайттарды ізім-ғайым жойғызып отырған. Тіпті кей жағдайларда жылнаманың бірнеше нұсқасын жаздырып, көңіліне жаққанын ғана қалдырған. Мысалы Әмір Темір өзінің жастық шағында қарақшылардың басшысы болғаны сияқты өмірінің көлеңкелі тұстарын келтірген Рюи Гонсалес де Клавихоның еңбектері мен Ибн Арабшахтың  «Аджиаб әл-мақдұр фи наваиб әл Темір» («Темір тағдырындағы күн ілгері белгіленген ғажайыптар») жазбасындағы деректер Шәми мен Жездінің  «Зафарнамаларында» алынып тасталған, тіпті мүлдем кездеспейді де. Ал Рюи Гонсалес де Клавихо еңбектеріндегі деректердің шындығына күмән келтіруге болмас, себебі оны испан королі ІІІ Генрих арнайы Темір сарайына елшілікке жібергендіктен, ол Әмір Темірдің өзін көріп, жүздесіп, естіген-білгендерін күнделікті жазып отырған  авторлардың бірден бірі болатын. Міне, осындай жайттар Қазақ хандығы тұсында дүниеге келген жазбаларда, әсіресе, Шайбани хан төңірегінде қайталанып жатты.

Қазақ хандығы тұсындағы шежірелік жазба мұраларды өзара салыстыра қарастырудың маңызы зор. Орта ғасырдың соңғы дәуірінде туындаған барлық көркем жазба шежірелерді жеке-жеке салыстырып, олардың мағыналық, құрылымдық жүйесіндегі өзара ұқсастығы мен айырмашылықтарына қарай «автобиографиялық-мемуарлық, компилятивті-нарративті, панегирикалық, агиографиялық» деп, төрт түрге жіктеуге болады.

Автобиографиялық-мемуарлық шығармаларға «Бабырнама», «Бадаи ал-вакаи», Тарих-и Рашиди» атты және т.б. туындыларды жатқызуға болады. Бұл туындылар бірінші орында мемуарлық шығармаларға тән жанрлар синтезі тұрғысынан қарастырылуы тиіс. Себебі, шежірелерден, әңгіме, саяхатнама, күнделік, ғұмырнама, эссе, хроника сынды жанрлардың бір-бірімен үйлесіп, бірін-бірі толықтырып, тоғысып жатқанын байқауға болады. Әуезе түрлерін жинақтап-тоғыстырған синтездік тұрпатты белгілерді көне дәуірден бастап соңғы орта ғасырларға дейін, тіпті кейбір тарихи романдарда бүгінге дейін ұласқан поэтикалық заңдылықтардың бірі десе де болады.

Өз ғұмырнамасын (автобиографиясын) тізбелеп жазып отырған қаламгердің өткен-кеткенді еске (фр. мemoires) алмауы тіпті мүмкін емес. «Бабырнама», «Бадаи ал-вакаи» сынды жазбаларда  мемуарлық шығармаларға тән авторлардың өзі көріп-білген жайттар мен нақтылы деректер бейнелегендіктен, авторлардың басты идеясы ретінде тұтас дәуір шындығы көрініс берген.

Жалпы ғұмырнамалық-мемуарлық сипаттағы туындылардың қашан пайда болғандығын межелесек, әлем әдебиетінде алғаш рет б.з.б.  XIV ғасырда Мысырда және батыстағы бізге дейінгі мыңжылдықтың соңындағы александриялық жазбалардан бастау алады. Бұл фактілерге қарай отырып, төл әдебиетіміздегі мемуарлық-ғұмырнамалық жанрдың генезисін анықтай алмаймыз. Алайда ғұмырнамалық жанр үлгісі де сонау жазба мәдениеті пайда бола бастаған дәуірлерден бастау алған өте көне жанрлардың бірі екені анық. Сондықтан әлем әдебиетінде мыңдаған жылдар бұрын пайда болғанымен, Орта Азия халықтары әдебиетіндегі прозалық үлгідегі мемуарлық-ғұмырнамалық жанрдың дамуына «Бабырнама», «Бадаи ал-вакаи»и Рашиди» сынды шежірелік-тарихнамалық мұралардың авторлары зор ықпал етті деуге негіз бар. Олай болмағанда осыдан екі мыңнан аса уақыт бұрын дүниеге келген гректердің антикалық Луций Апулея қаламынан шыққан «Метаморфоздар немесе «Алтын есегі» мен сюжетті романтикалық романға тән сипаты жетіп артылатын Ахилла Татияның «Левкипп пен Клитофонтын» немесе  Гомердің «Илиадасы» мен Одиссеясын» я болмаса, Конфуцияның «Луньюй» атты ежелгі қытайлық әдеби мұрасын ортаазиялық жазба әдебиетінің тарихымен салыстыруға мүлдем келмейді.

XІV-XVIІ ғасырларда дүниеге келген жазбалардың авторлары Орталық Азия мен Хорасан аймағының тыныс-тіршілігінен орасан зор мағлұмат бере отырып, көбінесе тарихи оқиғаларды өздерінің дүниетанымы арқылы бейнелейді. Аталмыш ғұмырналық туындыларда авторлар философиялық-дидактикалық, лирикалық-психологиялық, романтикалық-сыршылдық сарындағы толғаныстарды молынан енгізе білген. Олар көркем шежірелердің эстетикалық тұрғыда көркем жүйе табуы үшін де түрлі ізденіспен, суреткерлік шеберлікпен бейнелеуге тырысқан. Мысалы, тарихи романдарда тарихилықтың бейнеленуі басты шарт болғанымен, ара-тұра қиялдан қосылған оқиғалар мен кейіпкерлер кездесіп қалатын болса, тарихи сипаттағы көркем шежірелерде ондай мүмкіндіктің болмауынан, кез келген шежіре авторы тарихтың күрделі қыртысын ашуда көркемдік бейнелеуіш құралдар мен халық даналығын, яғни мақал-мәтелдерді, афоризмдерді мүмкіндігінше молынан қолданып отырды.

Компилятивті-нарративті сипаттағы шежірелерде авторлар өзі өмір сүрген кезеңдегі белді оқиғаларды жазуда оған өзі тікелей куәгер болмаған жағдайда, естігендерінен қалам тербейді. Себебі тарихи оқиғаларды бейнелегенде ешбір шежіреші ойдан шығарып жазбайтыны белгілі, сондықтан да олар өз дәуірінен әлдеқайда бұрын болған тарихты жазу үшін көп жағдайда ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таралып келе жатқан тарихнамалық деректерге, кейде солардың ішіндегі аңызға айналып кеткен жайттарға да жүгініп жатады. Осындай жазбаларға «Қыпшақ тарихы», «Зубдат ал-асар, «Тарих-и Хабиб ассийар», «Тарих-и Абул Хайрхани» атты және т.б. еңбектерді жатқызуға болады. Компилятивті-нарративті жазбалардың тарихи құндылығы мол болғанымен, олардың әдеби көркем проза ретіндегі жанрлық жүйесін анықтау қиынға соғады. Сонымен қатар автордың стильдік ерекшелігін саралау мүмкіндігі шектеледі де жазбаның композициялық тұтастығы (жазба иесі, әр автор еңбегін қаншалықты шебер қиюластыруға тырысқанымен) сақтала бермейді. Мұндай ерекшелік тек ортаазиялық қаламгерлерге ғана емес, сонымен қатар өзге де халықтардың жылнамаларына да тән құбылыс болып табылады.

Панегирикалық сипат Шыңғыс хан билік еткен заманнан бастап, әсіресе  XV-XVII ғасырлардағы жазбаларда басымырақ. Осы ғасырлардағы ортаазиялық жазбалардың көбі авторитарлық әрекеттеріне байланысты Әбілхайыр, Абдулла, Шайбани хандарды жер-көкке сыйғызбай мадақтауды үрдіске айналдырды. Авторлардың кейбірі туындысын хандардың бұйрығы бойынша жазып отырғандықтан, оларға жағыну мақсатында әсірелесе, кейбірі асыра сілтеу шығармамыздың көркемдігін арттырады деп түсінді. Панегирикалық сипаттағы туындылардың қатарына «Фатх-нама», «Шараф-наме-ий шахи», «Зафар-наме-йи Муқими», «Шайбанинама», «Шежірелер жинағы» және тағы басқа жәдігерліктерді жатқызуға болады.

«Фатх-наме» де Шайбани ханның нұсқауы бойынша жазылған туынды. Поэманың мазмұны мен келтірілген деректерін назарға алсақ, авторы белгісіз «Тауарих-и гузида-ий нусрат-неменің» поэзия түрінде жырланған нұсқасы іспеттес. «Фатх-наменің» панегирикалық туындылардың қатарына жатқызылу себебі, шығармада Шайбани ханның бейнесі жас кезінен бастап ешқашан ешкімнен жеңілу дегенді білмейтін батыл да батыр қолбасшы ретінде суреттеледі. Оның әрбір іс-әрекетін жаратқанның өзі әрдайым қолдап отырады деп жазады автор. Тіпті зәуді-қалам жеңіліске ұшыраған сәттердің өзінде жеңілістің тек басқа факторлардың әсерінен болғанына оқырманын иландыруға тырысады. Шәдінің өз кейіпкерін Алланың аса сүйікті құлы етіп көрсететін ой-орамдарынан «Зафар-намедегі» Ақсақ Темірдің бейнесін де осылайша ерекше күш қолдап отырады деп асыра мақтаған Жездінің (Йазди) қолтаңбасы аңғарылады. Бәлкім, Жездінің жазбасы Шәді туындысына үлгі болуы да мүмкін. Сонымен бірге Гиясаддин Әлидің де Темірге жағынып, оның тұлғасын ерекше етіп көрсету мақсатында Темірдің барлық харекеттерін бір тылсым күш демейтінін баса көрсеткені, тіпті оны Алланың сүйікті құлы етіп көрсетіп, асыра сілтеушілікке барған.

«Фатх-намеде» автордың асыра сілтеушілікке барғаны соншалық, ол Мұхаммед пайғамбар мен Мұхаммед Шайбани ханды қатар қояды. Ол Мұхаммед -пайғамбарлардың ішіндегі соңғысы болса, Шайбани хан Иран мен Тұранды басып өтіп, Римге дейін жеткендіктен, әлемнің соңғы әміршісі деп санайды.

Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағының»: «Барлық христиандардың патшасы жоғары мәртебелі Борис Федорович ұлы бек, ақ хан Сіз! Барлық құрметке, мақтауға лайықсыз!.. Жеті ықылым дүниенің билігін алған хансыз! Сіз айналаңызда алты хан, төңірегіңізде төрт хан, дүниенің төрт бұрышын билеген хансыз!» деп басталуы да шежіренің нағыз панегерикалық сипатын танытады.

Қазақ хандығы тұсындағы жазбалардың ішінде агиографиялық сипаттағы мұралардың да өзіндік ерекшелігі, белгілі бір шарттылықтағы өз ұстанымы болды. Дегенмен, бұл кезеңде дүниеге келген агиографиялық шығармалар белгілі бір тұлғаның іс-әрекеттері төңірегінде баяндалып отырды. Олардың қатарына «Хидайатнама», «Исламнама», «Джалис-и Муштакин», т.б. діни топтардың жетекшілеріне арнап жазылған туындыларды жатқызуға болады. Аталған туындылардың барлығы саяси-идеологиялық үгіт-насихат жүргізуді мақсат тұтты. Оған исламдық тамырлардың Орта Азияға тереңдеп тарауы ықпал еткені белгілі. Сондықтан бұл жазбаларды кейіннен жалғасын тапқан дiни ағартушылық бағыттың бастамасы деуге негіз бар. Қорыта айтқанда автобиографиялық-мемуарлық, компилятивтік-нарративті, панегирикалық, агиографиялық сипаттағы жазбалардың көркем әдебиетте белгілі бір бағыттардың, жанрлар мен көркемдік әдіс-тәсілдердің қалыптасуына зор әсер еткендігі айқын.

 

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және

өнер институты, Ежелгі және орта ғасырлар

бөлімінің аға ғылыми қызметкері,

ф.ғ.к.Тоекина Балжан Сәкенқызы

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2262
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3553