Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2911 0 пікір 2 Қазан, 2012 сағат 06:14

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IV

- Өз саптасың да жала жаба ма!... Сөйле!

- Бұл тіпті үлкен жала жауып тұр!

- Өзін-өзі қоса әшкерелеп тұрса да жала ма! Өзіне-өзі қас қыла ма! Өзіне-өзі жала жаба ма!

- Шын қорыққанда өзіне-өзі жала жабу түгіл, өзін-өзі бауыздап тастайтындығын да көргесіз ғой. Отқа секіріп түсіп те кетеді!... Бұл қорыққалы бір айдан асып кетті. Қаншалық зорланғаны шырайынан да көрініп тұрмай ма! Алдымен Сәйданың күресінен қайтқандағы өз сөзінен қорықты. Сонан соң сіздің салған тезіңізден қорықты. Ол тез Нұралыны артына қарай иді. Қайқайып, белі үзіліп кетерде аузына не салсаңыз соны жей береді. Не десеңіз соны дей берді бұл ұждансыз! Мойындап тұрған ұйымы, бізде болмаған! Тіпті, біздің құруымыз мүмкін емес ұйым! Мәселен...

Шу ете түсті активтер, бір тобы сахнаға лап қойып, мені қоршай шулады. Тоқбақтай жұдырықтар көзіме, иегіме, құлағыма, мұрныма... тіпті, құйрығыма, бүйіріме... бар жеріме тірелді. Орын тауып тіреле алмаған жұдырықтар ыршып-шоршып аспанда жүр. Қуыс бастар ұрандатып-борандатып тұр. Езуден шашылған көбіктері қарша борап, біздей қадалады. Жауып жатқан тіл оқтарының ішінен сасығы аз бір ғана сұрау естідім.

IV

- Өз саптасың да жала жаба ма!... Сөйле!

- Бұл тіпті үлкен жала жауып тұр!

- Өзін-өзі қоса әшкерелеп тұрса да жала ма! Өзіне-өзі қас қыла ма! Өзіне-өзі жала жаба ма!

- Шын қорыққанда өзіне-өзі жала жабу түгіл, өзін-өзі бауыздап тастайтындығын да көргесіз ғой. Отқа секіріп түсіп те кетеді!... Бұл қорыққалы бір айдан асып кетті. Қаншалық зорланғаны шырайынан да көрініп тұрмай ма! Алдымен Сәйданың күресінен қайтқандағы өз сөзінен қорықты. Сонан соң сіздің салған тезіңізден қорықты. Ол тез Нұралыны артына қарай иді. Қайқайып, белі үзіліп кетерде аузына не салсаңыз соны жей береді. Не десеңіз соны дей берді бұл ұждансыз! Мойындап тұрған ұйымы, бізде болмаған! Тіпті, біздің құруымыз мүмкін емес ұйым! Мәселен...

Шу ете түсті активтер, бір тобы сахнаға лап қойып, мені қоршай шулады. Тоқбақтай жұдырықтар көзіме, иегіме, құлағыма, мұрныма... тіпті, құйрығыма, бүйіріме... бар жеріме тірелді. Орын тауып тіреле алмаған жұдырықтар ыршып-шоршып аспанда жүр. Қуыс бастар ұрандатып-борандатып тұр. Езуден шашылған көбіктері қарша борап, біздей қадалады. Жауып жатқан тіл оқтарының ішінен сасығы аз бір ғана сұрау естідім.

«Тағы да партия зорлап жала жапқызып тұр ма саған!»- дейді. Оған қайтарған жауабымды тыңдаған ешкім жоқ. Абалай берді, қамалай берді. «Шақыр мына иттеріңді» дегендей шыраймен Жаубасарға қадала қарап тұрып алдым. Иә, қаймығып, иә, тигізіп, қол жұмсап қателеспейтіндігімді білген соң ғана шақырды Жаубасар. Өзі келіп арашалағансыды да, оларын бір-екі қадам ғана шегіндірді.

- Ей қарақшы, көпшіліктің сұрауына түзу жауап беремісің, жоқ па?- деп шаңқылдады сонсоң маған. - Бұлай басынып, бәрін жалақорға айналдыра берсең, енді арашаға түсе алмаймын, қайтсе өйтсін! Мойындамасаң мойның үзілетіндігін, мыналардың түрінен қазір өзің де көріп тұрсың!... Мойындаудан басқа жолың қалды ма, ойлаймысың соны!

- Рұқсат па сөйлеуге?.. Мен бәрін де ойлап тұрмын. Осындай кері төңкерістік ұйымның жоқтығына сіздерді толық сендіре алатын дәлелдерім де дап-дайын. Алдымен үлкен ақ, үлкен нахақты салқын сабырмен компартияның өзінше тыңдау жөн шығар. Мұндай зор мәселені жұдырық емес, ақыл-ой анықтайды. Ойлап көрейік, осындай программаны қандай лүкшек ақымақ түзбек! Мұндай әрекетке қаншалық тәуекелшіл құтырық қосылмақ! Шынжаңда қазір бір жарым миллион ғана қазақ бар екен. Менің мақсатыма соның бәрі қосылғанда да мың миллион ханзу халқы түгіл бес миллион ұйғырға тісім батар ма? Сиярма менің кішкентай асқазаны ма?.. Сол аз қазақтың өзінің де көбі қалада емес далада әр таудың қуысында жатпай ма. Үрімжідегі бес оқытушысы мен он оқушысы ұлтшыл болып бас көтеріп не бітірмек, кімді қиратпақ! Бұл халдегі менде сондай программа бар деудің өзі арыстанға қара тышқан қақпан құрды дегендік қой! Марксизм саясаты осыған да сенеме! - Зал ду күлді. Сахнада тұрып алған активтер мазаққа қалғандай болған соң шұбап қайта қайтты. Күлкіні екі қолыммен бірдей басып тоқтатып жалғастырдым сөзімді. - Екінші дәлелім...

- Тоқтат құрғақ сөзді! - Жаубасар мен Айғайкөк қатар зекірді. - мына кері төңкерістік ұйымыңа жауап бер!

- Дәл соған жауап беріп тұрмын, сол ұйымның жоқтығына екінші дәлелім: мен, бөліну идеясында кері төңкерістік ұйым құрдым дейін, сондағы мақсатым, социалистік үш мемлекетке қарасты «үш отаудың басын қосып», қазақтың дербес мемлекетін құру екен. Осы аршылған шидей жалаңаш қолыммен көршілес үш зор мемлекетке шапқыншылық жасап, үшеуіндегі үш отауды тартып ала алмақпын ба?... Ойласып көріңіздерші, үш арыстан ортасындағы бір тышқан қаншалық ақымақ болса да мына алыптардың бүйректерін суырып-суырып жей саламын деп үміттене алар ма! Мұндай өлермен тәуекелім үшін кім ілеспек маған?

Тағы да ду ете түскен залды Жаубасардың микрафондағы шаңқылы басып тастады.

- Тоқтат күлкіні!... Өлім тәуекеліне басатын ақымақ болмай кері төңкерісші бола ма!...

- Ақымақ болмай кері төңкерісші болмаса, оллаһи мен ақымақ емеспін!  Зал тағы да ду күлді.  Ақымақ еместігіме мына сөйлеп тұрған дәлелдерімдегі логикада айғақ, ақымақтықтан «жұрдаймын». Ақымақ пен жындының үстінен осыншалық көп адам жиналып күрес аша ма! Сондықтан мені кері төңкерісші деушілерге тиым салыңыз!

Зал тағы ду ете түскенде Жаубасар мен Айғайкөк қатар атылып түрегелді де зал қайта жымықты.

- Ал, сіздердің ақылға салуға тиісті үшінші дәлелімді айтып тоқтайын: Нұралының аузы арқылы маған таңғызып тұрған «кері төңкерістік программаларыңыз» да «ұйым қаражатын кітап ұрлап сату арқылы қамдаймыз» деген тармақ бар екен. Осы «кері төңкерістік ұйым» деп атап отырығандарыңыз, балалардың ойыншығы болмаса, анда-санда (орайы туылғанда ғана) ұрлап әкелетін отыз тиындық кітапты сатумен қамдау мүмкін бе?..  Ал, кітап дүкендеріндегі барлық кітапты түп қотара бірақ ұрламақпыз делік, онда үкіметтің көзін бадырайтып қойып, қалай алып шықпақпыз, қайда апарып сатпақпыз?.. Зор программалы бір жасырын ұйым осымен қалай қамалмақ?.. Осыны программа деп, осындай түйтіксіз ұйым құрылады деп, осыған сауаты бар, сақал-мұрты бар адамдар қосылуы мүмкін деп ойлаудың өзі ақымақтық емес пе!...

- Тарт тіліңді!...

- «Жоғалсын!...», «жойылсын!...»- екі ұран едел-жедел атылды.

- Ей қарақшы, қойылған фактті бұрмала ма! - Шаңқ ете түсті Жаубасар. - Расхоттарыңды қарақшылықпен айырмақ болғандықтарың жаңа ғана әшкереленбедіме!

- «Әшкерелеуші» Нұралы, оқушыларға кітап ұрлатып сатып қамдауды жоспарладық деді. Ал, «әшкерелетуші» сіз, «жалпы ұрлық-қарақшылықпен қамдайды деген сөз еді ғой!» деп оған зекіріп түзету бердіңіз!... Сонда бұл программаны жасасқан кім болғаны?... Демек, сайып келгенде бұл ұйымды құрған мен емеспін. Басқа біреу өз қиялымен ұйым құрып беріп отыр!... Өзім ұлтшылдық істеуге шартымды толтыра алмай тұрып, кері төңкерістік ұлтшыл ұйым құрмақпын ба!

- Мұны да жала демекпісің!.. Халық түгел жала жабама саған, бәрі жалақор ма!

- Халық жалақор деген ешкім жоқ, мына төртеуінің жаланы қалай жапқандығын түсінбей отырған халық та жоқ!... Халық тек, бұл төртеуінің соншалық ауыр жала жабуға неліктен зорланғандықтарының себеп-мақсаттарын ғана толық түсінбей аңырып отыр. Мен соны қысқаша баяндап берейін, рұқсат етіңіз!...

- Ей Нұралы тіл барма сен де! - Бажылдай жөнелді жиын төрағасы. - Не деп тұр мынауың, кім жалақор? Сөйлемеймісің!

Нұралы емес, залдағы Құлжан, Мақұлбек, Әлия мен бірге Есқали түрегеліп, жарыса тіленді сөйлеуге: «мен!», «мен әшкерелеймін», «мен сөйлейін», «мен!»- деседі.

Сөз, басын төмен салып, қолын шала жансарлау көтерген Нұралыға берілді.

- Кері төңкерістік ұйымның программасын, басшылықтарыңның құрамын қайтадан анықтап сөйле!- деп тапсырды Жаубасар оған. Нұралы қағазынан көз алмай тұрып, «программасын» қайта оқыды. Бұл ретте де ұйым расхотын бұрынғы жазғанындай «оқушылардың кітап ұрлығына» артып алып, Жаубасардың «қосымшасын» қосты: «жалпы ұрлық-қарақшылық арқылы қамдалмақпыз» дегенін анықтап айтқанда Жаубасар алара қарады маған. Микрафонына айқындап бажылдады.

- Ей қара жүз, естідің бе? Программаңның бұл тармағында мен жасаппын ба!...Өзің тіпті маған да жала жауып тұрып, әшкерелеушілерді жалақорға шығармақсың! Мұншалық арсыздықпен қайтып жоққа шығармақсың!... Нұралы сөйлей бер, басалқа мүшелерінің бәрін әшкереле!

Нұралы, Ынтықбай мен Рақымқаннан бастап, Халық пен Өлзекәріні де қоса шұбыртты. Таңданарлығы менімен бірге өсіп, біте қайнасқан Асылқанды қоспай, бізге ыңғай жала жауып отырған Мақұлбек, Құлжан, Есқали, Әлияны шатқаны болды. Бұл тыңшыларын Жаубасардың әдейі кірістіріп, осы ұйымға қатынасқан етіп, маған жаланы тіпті еркін жапқызуды мақсат еткенін іле-шала түсіндім. Ал, Асылқанды қалдырып қойғаны жұмбақ күйінде қалды. Сөйтіп Нұралы осы маңдағы мекеме-қоғамдармен студенттерден осы ұйымға қатынасқан екі жүзден артық ер-әйел «мүше» барын ғана «білетіндігін», олардың басшылыққа мәлімделіп болғанын айтты.

- Биғабіл ұйымына қатынасқандардың әшкереленбей жатқаны әлі көп!- деді Жаубасар түрегеле сөйлеп. - Мейлі анықталғаны болсын - анықталмағаны болсын, ол ұйымдағы орны жоғары болсын - төмен болсын, мәселені әшкерелесуге қатынасқандары кері төңкерістен шекарасын айырған болып есептеледі. Әшкерелегісі келмегендері, мейлі, бірге кеткісі келсе кете берсін! «Кім жау жақта тұрса, сол жау» деп бастап, шарапатты нұсқауларын тағы да арылта оқып тоқтады.

Осы сөзімен мені де «ойланып жазып, ертең жауап беруге» қайтарды. Соңымнан басқа «ұлтшылдардың» да, «ұлтшылға бейімдердің» де қайтқаны көрінді. Тағы да қылыш қайрау жиыны ашылмақ екендігін тұспалдай жетіп құладым абақтыма. Бірақ, ұйықтатпады. Айғайкөк бастаған бір топ келіп түн бойы тергеді. Қалық Қасқырбаевтан бастап «кері төңкерістік ұйым басалқалары» аталғандарымен болған таныстық-достық тарихымды сұрады. Тіпті, қаймана таныстығы жоқ адамдармен де байланыстырды. Мен танымаған сайын таңып тақымдай берді. Сөйтіп, тергеудің өзі үлкен дауға, керілдескен күреске айналды.

Солардың ішіндегі ең күшеп тіміскілеп сұрағаны, Жағда Бабалықовпен болған байланысым. Бұл кісі үш аймақ төңкерісінің полковнигі еді. Кейін автоном райондық партия мектебінің бастығы, автоном райондық саяси-заң буының бужаңы, «Іле қазақ автономиялы облысының» бастығы болған. Нағыз марксизмші, адал коммунист еді. Айт-тойларда, кей жиын-отырыстарда ғана кездесіп қалатынбыз. Ал, осы науқанда «оңшыл-ұлтшыл» қалпағын киіп, өлімнен әрең қалып жүрген «нағыз кері төңкерісші». Қазіргі маған таңылып отырған «үш отаудың басын қосу» жаласы, алдымен осы Жағдаға жабысқан пәле болатын. Сондықтан оны мүлде танымауға бекідім. Онымен байланысым түгіл, амандасқаным әшкереленсе-ақ екеуіміз де, тіпті түгелімізбен арандаймыз. Сондықтан мына сұрақ қанша сумаңдаса да жуықтатпай қойдым. (Әділетті тергеушім, мұндай тыр жалаңаш пәледен өзіңіз де тырағайлап қашарсыз, кешіріңіз! Өтірікшілікті өздеріңізден ғана үйренбесек, өліп қалатын сияқтымыз!)

Осы даумен таң атырып, күрес майданына жөнелдік. Тағы да залда шұрқыраған жұдырықтардың астынан өтіп келіп, тағы да шаңқылдаған Жаубасардың сөзімен қарсы алындым. Күрес жиынының ендігі тәртібін сөйлеп тұр едім. Менен мұнан соң аса қажет болмаса ауызша жауап алынбайтындығын, қойылған мәселелерді түрегеп тұрып жазатындығымды қысқаша бұйырып тастап, басқа «ұлтшылдарды» үгіттей жөнелді.

«Қателесу айып емес, қателікті түзетпеу айып», «қателікті түзету үшін кері төңкерістік ұйымнан шекараны ада-күде айыру қажет», «шекараны айырудың негізгі белгісі - әшкерелеу», «ешқандай мәселені әшкерелемей, шекара айырдық деген сөз - тілек, өздеріңді ғана алдай алады», «сендердің тағдырларың үшін Биғабіл мен оның ұйымынан шекара айыруларың, кезек күттірмейтін шарт болып қалды!»- деді.

Жиын ашылғаны жарияланысымен көне жалақорларым жалаңдап тағы шықты. «Жайы мәлім шошқалардың түрткенінен жасқанатын»[1] емеспін, сөздерін естелікке жазуды да қойдым. Ендігі қаупім жаңа жалақорға ауды. Енді қай жағымнан қайсысы шыға келер екен деп сол күні кешке дейін қорқақ достарымды санап, олардың жайын бір-бірден ескеріп тұрыппын. Халық пен Асылқаннан басқа үлкен «жауым» қалмаған сияқты, ең қорқағы осы екеуі тәрізді болатын. Бірақ, олардан ешқайсысы шыға қоймады. Ал, жиын қанша шуылдағанымен алдыңғы түскен жалаларға жел беріп кептіргендей ғана желбуаз талдаумен ұрдажық талқыға айналып кетті. «Үрген қарын керіліп, тауға айналса да біз тигенде ырс етіп қалпына келе қалмай ма, мұнысымен қорқыта алмас. Құдай тағала тек жаңа жалақормен шын факттен сақтасын!» деп тұра бердім.

Абақтыма кешкі қайтқанымда Айғайкөктер тағы да келіп, ұйықтатпауға кірісті. Тамыр-таныстарымның байланыстарын тағы да сұрай жөнелді. Мақсаттарының мәселе анықтау емес, сілемді қатырып, шатастыру екендігін енді айқын түсіндім. Сұрай берсе танысым таусылар ма, ұйқыдан күнде жазалатып, нерв жүйелерімді жұлмалата бергенше бір-ақ қиналғым келді. Кім жөнінде сұраса да білмеймін дей бердім.

- Неге білмейсің?

- Мен ғана емес, демалумен ұйықтау уақытын жоғалтсаңыз, өзіңізде білмей қаласыз!

- Қалжақтамай жауап бер!

- Тамақ жеуге аузымды таба алмай отырып, қалжақты қайдан таппақпын! Бірнеше күннен бері аяқ демалдырудан айрылып едім. Бір түн екі күн өтті, кірпік айқастырудан да қалмадымба! Сенсеңіздер қатынымның атын да ұмытып қалдым!

- Бір сөткеге?... Әлі талай сөтке бар!... Байлаңдар! -деп ақырды Айғайкөк. - Есін жиғызыңдар!

- Мақұл, арқан есімді жиғыза алса, неғұрлым тез жиғызыңдаршы! - Төрт аяқтап күшене түрегелдім әдейі. Жендеттер бір-біріне жалтақтай қарай берді. Қолымды артыма қайырдым. - Байлаңдар!

- Ей өйтіп қиналмай-ақ сөйлесең болмай ма!... Алдымен Қапаспен байланысыңды сөйле!

- Білмеймін, қазір тіпті түрінің қандай екені де есімде жоқ!

- Күләнмен байланысыңды сөйле!- дегенінде басымды шайқадым.

- Қазақтарыңды танығың келмесе, Ясын Әмәтпен қашаннан байланыстысың, соны сөйле!

Басымды тағы да шайқай салдым. Айғайкөк сақ ете түсті.

- Байлаңдар, өз обалы өзіне!

Біреуі жанқалтасынан кендір арқан шығарып тастай салды да, теріс қарап кетті. Қалғандары арқанды желкеме асып, екі иығымнан асыра екі білегіме қатты орады да қазықбау шалды. Желкеме қолдарымның басын қосып қайырып апарып тартып байлап тастады сонсоң.

- Сөйле!- Жаңағы үшеуімен болған байланысымды қайта сұрады Айғайкөк.

- Білмеймін, есіме түспеді, қаттырақ байлаңдар!

Бір-біріне қарап күліп жіберген жендеттері алысырақ тұрған Айғайкөкке барып сыбырлады, ең қатты байласы осы екен. Жүрегімді қысып бара жатты. Маңдайымнан тер бұрқ ете түсті.

- Енді менен жауап алуды ұйықтап түстеріңізде көресіздер!- дедім түйіле қарап. - Арқанмен ес жиғызамыз дегендерің тағы да өтірік екен ғой! Басқа террорлықтарың жоқ па?.... Тым болмаса тепкілеп өлтіре салсаңдаршы, «мәңкүр-мәңкірлерің»[2] тергесін!

Айғайкөктің тасырайған боз көзі әйнекше шатынап кеткендей, тым суық жарқырады. Аузы-басындағы қалың түк түгел сапсиып, бет-бетіне шашылды. Тістене күбірлеп, арқанды шешкізді.

- Бүгін де мал, ертең мұндай тоңмойындық қылмайсың, ұқтың ба?

- Ұйықтатпай, демалдырмай жауап аламыз деп үміттенудің өзі тоңмойындық. Ақыл-есі болмаса, дұрыс жауап та шықпақ емес! Мен күрес үстінде көпшілік алдында ғана жауап беремін!...

Жендеттер ертең кеште жауап беруді қайта-қайта тапсырып қайтты. Жаны кете қалған қолымды созғылап икемге келтірдім де, тамағымды зорлап тауыса жеп ұйықтадым.

Таңертең майданға аттанарды бір-ақ ояныппын, тыңая қалған екенмін. Жол жөнекей прандікпен тамақтанып келе жатқанымда тастақ белестен асыға өрлеп, жиынға бара жатқан әйелдердің қарғысы естілді. Екеуі туфлилерінің бір-бір өкшесін түсіріп алыпты. Кере қарыс біз өкшенің орнын толтыра алмай шойнаңдап барады екен.

- Балдақ жасатып алыңдар!- деп дауыстап едім. Артымдағы «авчаркаларым» арс-арс ете түсті де, бұрын қалжыңдасып жүретін әйелдер саңғырлап күлісті. Қарғағаны қайталап, тағы естілді.

- Төбеңнен жортсын Биғабіл, төбеңнен!.. Міне бір айдан асты!... Сенімен күресеміз деп осымен екі туфлиімның өкшесінен айрылдым!

- Жаламен желімдеп, өтірікпен байлай салсаң, майқұйрыққа да мықтап жабысар!- деп күлдіріп тастап өте бердім.

Жиынға осы сөзім де ере барып түсті. «Жаламен желімдемесе де» мықтап жабысты. Мұны Құлжан талдағанда, тіпті, тастай қып қатырды құйрығыма.

- Осылай у шашпай жүретін күні жоқ бұл жауыздың!- деп бастады сөзін. - Бір жағынан өз қылмысын партияның жапқан жаласы етіп көрсетсе, екінші жағынан ол әйелдерге өзінің қызығатын, ниетін білдіргені. Бақылау астында өтіп бара жатып, әйелдерге шашқаны осы азғындық. Егер оңаша да екі минут кездессінші қалай аздырар екен!

- Биғабіл стиль мәселесін тексерсін!- деген талап көтерілді осы сәтте. Стиль мәселесі деп ер-әйелдің әуейілік байланысын атайтын. Алдыңғы үшінші қатарға орын тепкен Әлияның көзі бағжаңдап кетті бұл талаптан. Өзіне қатер төндірген арт жаққа қайрыла қарап алып, бұл талапты қабылдап қояр ма дегендей Жаубасар мен Айғайкөкке қызара-көгере жаутақтады. Ол екеуінің көзі де Әлияда екен, сыбырласа қалды. Менің стильдік қылмысым сөз болса, мына активі бүтіндей масқараланатындығын, оның жапқан жалаларының сыры ашылып қалатындығын ескергендей. Жаубасар атыла түрегеліп сөйледі.

- Биғабілдің негізгі қылмысы саяси мәселеде, стиль мәселесі қала тұрсын!- дегенінде Әлия енді азат болғандай жайраңдай қалды да қолын соза көтерді.

- Сіздің асығыс пікіріңіз бар ма еді?- деп Жаубасар өңешін соза сұрады одан.

- Саяси мәселе... кері төңкерістік ұйым мәселесін әшкерелеймін!

Жаубасар Мақұлбектің көтерген қолына да бір қарап қойып, микрафон алдында тұрған Құлжанға иек қақты. Құлжан көтеріле сөйлеп, кейінгі құраған жалаларынан төрт-бесін басыма төге салып жөнелді. Мақұлбек шықты орнына. Бұл жолы мені «қылмыспен» тіпті бастырмалатты ол: Жағданы менің нағашым етіп дәлелдеп, Қалық Қасқырбаевті бөлем етіп шығарды да, қанымызды қосып жіберіп, бірлесіп ұйытқан кері төңкерістік айранымызды ақтара берді. Он неше жаласын бір-ақ төкті сөйтіп. Зал тынысы тоқтай қалып, тағы да ыңыраныс пайда болды да Гүлнисаның көзі маған тіпті жаутақтады.

- Бас қарақшының өзі бір жауап берсін!- деген талап тағы шықты. Мұндай жалаға денем үйреніп қалғандығын байқаттым.

- Бұл жалаларды дәлелмен тойтару үшін кемінде бір сағаттық уақыт қажет!- деп жымидым. Екі бастық ентелей төнді маған.

- Тағы да жала демекпісің!... Мақұлбектің не өші бар еді сенде!

- Өзің қамқорлық етіп қызметке, одан ұйымыңа тартқан бірден-бір сенімді адамың жала жабама саған?

- Бұл, өзінің күн көрісі, тіршілік жолының еңбекшілерден бүтіндей басқаша екендігін ғана айқындады,- дедім мен. - Онысын кейін ұзағырақ сөйлеуге құқық алғанымда сөйлермін. Иә, жазып дәлелдермін. Қазірше айтарым біреу-ақ.

«Күшік асырап ит еттім,

Ол балтырымды қанатты!

Біреуге мылтық үйреттім,

Ол, мерген болды, мені атты!»[3]

 

Бұл жауабыма ыза-кектері бомбыша жарылған «активтерге» Асылқан да қосыла айқайлап түрегелгенде жүрегім зу ете түсті. Жаубасардың мені соғуға іздеп тұрған сойылы - басатын көзірі осы сияқты; Сөйлеу кезегін соған бере қойды. Асылқан сахнаға жақындап келіп, қарсы алдымнан сөйлемек болып тоқтап еді. Екі бастық жікжапар болып, сахнадағы микрафонға шақырды. Зал өліктей тынды. Мені сонау гомендаң қасқырларынан да қорғаушы болып көрініп келген осы қормалым, енді қорыққанынан жаратын болды-ау деген хауіп, тұла бойымды тінткілеп барып тоқтай қалғандай сезілді: «әзер болса, бесінші жалақорым болып шығар, жағаласып тұрғаным осы ғана ма!» деген оймен беки қалыппын. Асылқанның дауысы атқақтап, тым қатты шықты:

- Ей бирократ, не сөйледің жаңа?... Абайдың найзасын кімге жұмсап тұрсың?... Кімді асырап, кімге өнер үйретіп едің? - Асылқанның бар қаһарын төккендей қанталап кеткен үлкен көзі мен мына адыраңдаған асқақ сөзінің салмағына қарап, әртістік істеуге шыққандығын байқай қалдым. Мен де өшіккенсіп түйіле қадалдым. Асылқан тіпті өрлей ақырды. - Ей айтшы, азат болған осы жеті-сегіз жылдан бері бізге бір рет лекция өттің бе?.. Ей, сені біз өз табымыздан шыққан филология ғалымы, математик деп әлпештеп келдік. Сондағы күткен үмітіміз не болды сенен? Үйіңе қай сайқал келіп, құйрығын бұлаңдатса соның азығы болыпсың!... «Күшік асырап ит еттім» дейді тағы да! Күшік өсіп ит болмағанда кісім болушыма еді!... Ей шошқа, қайсы адамды асырадың деп сұрап тұрмын мен сенен? Кімді тәрбиелеп өсіріп едің?

Бұл сөзіне мен де қатал наразылық көрсеткенсіп, қарсы жауап айттым.

- Жеті жыл бас алмай отырып, адам ұрпақтарына кәмелетті оқу құрал жасап бердім. Тіліңді тартып сөйле, оным да шошқалық па!

- Тоқтат!- деп Жаубасар ақырып қалды. - Кім сөз берді саған!... Асылқан жолдас, сөйле! Әшкерелеп рәсуасын шығар!

- Биғабіл аталған бұл жойыт, біздің арамыздағы жоғары білім иесі еді. Ең төменгі таптан шығып, қайыр тілей жүріп оқып жетілгеніміз еді. Басы бар болғандықтан мұны оқыту жолында әкесі мен екі аға бір інісі өмірлерін түгел жалданба егіншілікпен, малайлықпен өткізген. Аңсаған социализміне енді жетіп, бостандық табалдырығын енді аттағанда сол арманына қарсы кері төңкерістік ұйым құрды деп кім күмәнданған!... Ей азғын, сені оқытқан сол туысқандарың мен әкеңнің қан-терлерінен арақ жасап, ыңғай арақкеш, айырқұйрық шаяндарды жиыпсың ғой маңайыңа!... Сені оқымысты етеміз деп өздері сауатсыз қалған сол бейшараларға не пайдаң тиді деймін! Мойныңдағы олардың қарызы қайда деймін! - Асылқан ұмтылып келіп, шапалақпен бетіме шарт еткізді. Тұмсығыма тигізбей қалғаныма қуанғаным ба екен, күліп жібере жаздап, езуім қисая берді. Қапаланғансып тыржия қарадым Жаубасарға.

- Мына оқыған лүкшегіңізді әкетіңіз, бірер жасы үлкендігін сыйламасам, менде де қол бар, бір-ақ салып ұшырамын сахнадан!- дегенімде залдағы активтер дүр көтеріліп, қаптап берді маған қарай.

- Сөзім әлі біткен жоқ, тоқтаңыздар!- деді Асылқан оларға. - Менің өз күшім де жетеді бұған! - Активтерді сол сөзімен қайтарып жіберіп, маған қайталай ақырды. - Ей доңыз, гомендаңға қарсы төңкерісте қан кешіп, жан қиып соғысқандағы мақсатың не еді сенің?... Төңкерістің қатерлі жасырын қызметінде жүрген сен үшін жас жанын құрбандыққа шалған Нұрияның арман-тілегін де ұмытқанбысың, өй қара жүз?!... Ей ұждансыз, не деп жауап бермексің сол жаны бір құрбандықтарыңның зираты алдында!.

- Жетер, тоқтат енді!- деп шынымен айқайлап жіберіппін, Нұрияның абақтыда төгілген қаны елестей қалып, көзімнен жас ыршып кетті. Сырт айланып сүрте салып зекірдім. - Олардың кегі мен таптық тегімді ешқашан ұмытқан емеспін!.. Жаппаңдар жалаларыңды!

Қарасам, Асылқан да көзін сүртіп тұр екен. Адырая қараған активтердің арт жағындағы бастар иіліп, кей біреулері бырс-бырс, пыс-пыс ете түсті. Асылқан өзін тез жиып, қайта ақыра жөнелді.

- Өй сол өсірген табың үшін не істеп бердің деймін!... Иттеріңді арақпен, тамақпен сол табың үшін асырадың ба деймін!... Кенже қалған өз бауырларыңның қаншасын тәрбиелеп, қанша өнер-білім үйретіп едің?... Өй тым болмағанда осы Үрімжідегі тіл-әдебиет, баспа қызметкерлеріне дәйекті бір лекция жасап бердің бе деймін!... Садаға кет Абайдың жанкүйер сатирасынан!...

Соншалық күркіреген Асылқан нажағайдан бір ұшқын да көрсетпей, түсе жөнелді сахнадан. Ең қауіптенген бір қорқағымның боқтаған болып тұрып, ақтап кеткен мына батырлығына - өнеріне сүйіндім. Шарт еткен сол шапалағы бетіме жарымның алақанынан да жұмсақ тигендей сезілді.

«Гранит басты жауымызды бір иіп берді» деп түсінген қара жұдырық активтер Асылқаннан өздерінше күш алыпты. Иілген жау жығылмай ма дегендей шабуылдарын жиылете түсті. Төрт жалақордың «факттерінен» кесек-кесегімен алып атқылай берді маған. Шулай берді. Тек Жаубасар ғана ішінен жел қарысқандай тыжырынып, Асылқанға кіржие қарап қалды. Кері төңкерістік ұйым әшкерелеудің орнына менің төңкерісшілдігімді мына қалың жұрт алдына жайып кетпеді ме!...

«Гомендаңда қанды кегі бар, намыс қайраты күшті азамат, өзінің қандас жауына Әлия айтқандай шпион болды деуге кім сенер?... Соншалық жалаңаш кедейден шығып тұрып, қазіргі жоғары тұрмыс пен өрелі білімге жеткен мынаған социализмге қарсы ұйымды таңудың мүмкіндігі қалды ма деген тәрізді бір ой түсер»- деп Жаубасарға мен де әр күннің әр сәтін сынай қарап өткіздім. Қаншалық көр соқыр, қара жүрек тас бауыр болса да осылай бір ойланып, біраз босайтын кезеңге әлдеқашан жетіп еді.

Бірақ мына мәнсәпқор, сол үмітімнің керісінше күн сайын қатайды. Күндіз клубта, түнде Құдай берген кабинетінде шақылдады. Активтерін бақылдатып өшіктіре-ушықтыра түсті. Ынтықбайды да қамап, сахнада менің артыма тіркеп қойып тықсырды. Талай рет қосақтап матамақ болып, мойнымызға арқандарын асып қойып тексерді. Бірнеше күннен соң Өлзе кәрі мен Рақымқан да қосақталды бізге.

«Төңкерісте жаумен атысқан - біз, жау жойылған соң кері төңкерісші тағы біз болмақпыз ба!» деп Ынтықбай мен Өлзе тіпті ашық қарсылық жариялады. Күрес тіпті ушыға түсті.

Бұлай қосақтай берсе күшейе беретінімді біліп, бір күні мені қайта даралап қамалады. Аласапыран айқайға басты. Көзіме шұқып тұрып шуласты. Сәйдаға қолданған содырлық сылтауын істетіп қарсыластырып қолға алмақ болғандықтарын байқатты. Мен де соған бекіп, заң іздемек болдым.

- «Жоғалсын жиянгерліктің қарғылы иті!», «шошқа Биғабіл жоғалсын!», «есек Биғабіл жолғалсын!»- деп активтер залды борандатқанда.

- «Жоғалсын жалақорлар!»- деп бастап, микрафоннан мен дауылдаттым. «Жоғалсын жалған активтер!», «жойылсын заң бұзғыншылары», «жоғалсын жойымпаздар!», «марксизмге қарсы улы шіріткіштер жойылсын!», «социализмге жабысқан мерездер жойылсын!..»

Электр құдыреті қолдап, менің кеңірдегімді бәрінен асырды. Залдағы қорыққандықтарынан қосылып тұрған мыңдаған дауыс, микрафондағы жалғыз менің дауысымнан тұншықты. «Активтер лап қойды маған қарай, зал у-шу, астаң-кестең бола кетті.

Арт жақтан Қалық Қасқырбаев сахнаға қарай кимелеп келеді екен.

- «Менің әшкерелейтін мәселем бар! Тоқтаңыздар мен сөйлейін!» дейді. Тіксіне қалдым. Дәл осы кезеңде мына «дәу», қорқақ-жуас атты «абыройларымен» келіп, мына жалалы кері төңкеріске мойындай салса құрығаным ғой!... Мұны жалақорға шығарып кімді сендіре алмақпын!..

Қалық сахнаның бір шетінен қарап тұрған Жаубасарға жете тағы қойды әлгі талабын. Жаубасар ереуілді шаңғырлап жіберіп тоқтатты. Қалық әшкерелеушілер микрафонына келіп тұра қалды. Қайратты көкбурыл шашын сылай тұрып қарады маған. Күрсініп жіберді. Неңді әшкерелемексің дегендей азуымды басып сырт қарай бердім.

- Анау тоңмойын «әшкерелеме» деп ымдап қойды!- деп Құлжан шыр ете түсті де Айқайкөк Қалыққа ақырып қалды.

- Ей алашорда, оған қарамай сөйле!

- Асықпаңыздар, кері төңкерістік ұйымға қарық қыламын сіздерді!- деп Қалық сөзін жымия бастады да кеудесін ұрып-ұрып жіберді. - Менің бір өзімде үш ұйым бар!...

Алдымда асқар таудай көрінетін ағаның мына аузына аңыра қарап күліп жіберіппін. Айғайкөк маған дүрсе қоя берді.

- Ей неге күлесің сен тоңмойын, неге күлесің?... Алдымен соны айт!

- Оның күлетін, таңданатын жөні бар, әшкерелеп тұрған мені тыңдаңыз! - Қалық бәсең үнмен саспай жалғастырды сөзін. - Менің социализмге қарсы ұйымдарымның жайын Биғабіл расында да білмей ілескен. Идеясы толық қызыл болғандықтан, марксизмнен айнымайтындығын біліп, бұған ашық айтпай, сыртынан басқарып келгенмін. Мұның бізге алданып қосылып кететін бір ғана осалдық жері бар: бұл, саясатшы емес, ғылымның мүриті. Қажымас-қайтпас ағартушы. Өз ұлтының ұлттық мәдени-ағарту қызметі жолында еркі мықты ағартушы...

- Кері төңкерісшіңді мақтамай сөйле!- зекіп қалды Жаубасар.

- Жоқ, мен мақтамай да, ақтамай да дәл өз қалпында әшкерелеуге бекіп шықтым сахнаға! Мен Биғабілдің осы ерекшелігінен пайдаланып, өзіне білдірмей, кері төңкерістік ұйымымы зор қызмет істетпек болғанмын. Мұның, мәдени-ағарту саласында, әсіресе жастар арасында бедел-абыройы аса жоғары болғандықтан сонысынан пайдаланып, ынтымақ атымен жастарды өзіме тартып, ұйымдастыру үшін пайдаланбақ болғанмын. Жалғыз-ақ бұған кері төңкерістік ұйым құрмақ екендігімді білдірмеуім қажет болған. Сондықтан Биғабілдің ондай ұйымдарды білмейтіні рас!... Мен құрған алашордаға қарасты қазір үш дәрежелі ұйымның сілемі бар. Біріншісі, жоғары дәрежелі кадрлар арасындағы бас ұйым. Мұны Жағда, Шаймардандармен бірлесіп құрғанмын. Екінші орта ұйым. Мұның өзінің атынан да белгілі, бастан төмен, аяқтан жоғары. Бұл, орта дәрежелі қызметтегі қазақтарға негізделген. Бірақ, бұлардың ішіндегі білікті жігіттер қазірше Биғабіл сияқты ыңғай қызыл болғандықтан сенбей, басалқасын кейін тағайындауға қалдырып келгенмін. Бұлардың бір қасиеті, біздің, әсіресе менің айтқан ақылымның бәрін дұрыс көріп қабылдайды. Аға тұтады. Сондықтан ешқайсысын бастық сайламай-ақ істетіп, пайдаланып тұруыма болады. Үшіншісі, кері төңкерістік жастар ұйымы. Бүтіндей жаңа жастар. Көбі институтта. Бұлар біздің аяқ-қолымыз, құралымыз.

- Бастығы, басалқалары кімдер?- столын шерте сұрады Жаубасар.

- Бұлар негізгі жағынан орта ұйымның шылауында. Орта ұйымдағылардың бас ұйымға өздіктерінен бағыныстылығы сияқты, жастар да орта буын ағаларына өздіктерінен бағынады. Сайып келгенде Шынжаңдағы қазақ азаматтары «алашорданың» тұтас бір денесін құрайды.

- Рас па? - Жаубасар маған зекіре қарады. - Кері төңкерістік ұйым бар ма екен, жоқ па екен?

Жауап берудің орнына Қалықтың шырайына қарап күліп жібердім. Мені қалқан болып қорғап, төнген қатерді өзінен тартып әкету үшін тапқан жалы еді мұнысы. «Басқамызды қаншалық қиратса да туған елі үшін өнімді қызмет істей алатын бір азаматымыз аман қалсын» деп шығып тұр. Жайшылықта титтей шалыс  сөйлеп қойған жігіттерден өзіне от тұтап кетердей ат-тонын ала қашатын қорғаншақ, сақ аға бүгін мен үшін осы ең апатты өртке өзін атып, мен-ақ күйейін дегендей кеуде қағып тұр!... «Еркек тоқты[4], Ер азамат делінетіндердің бәрі осындай болсашы! Қорғаншақ, қорқаққа балап жүріппін-ау осындай асыл алмасты да!...»

- Ей, бұл саған қалжыңдап тұрма, неге күлесің? Жауап бер!- деп Айғайкөк зекіргенде Жаубасар шаңқылдап жіберді.

- Ей тоңмойын, мен саған сұрақ қойып тұрмын, енді неңді айтпақсың бұл фактке?

- Бұл кісі өтірік сөйлеп тұр!... Жалақорлар басқаға жала жабады. Жер шарында өзіне-өзі жала жабатын бір адам көргеніме мен таңданып күліп тұрмын.

Аңыра қалған залдан бық-бық, сық-сық күлкі тағы естілді.

- Сен өзіңді ғана ақтап қоймай, енді бүкіл кері төңкерісшілерді, олардың құрған ұйымын жоққа шығаруға ұрындың ба! - Жаубасар осы шаңқылымен булығып жөтеліп қалды да, басқа активтер маған көздерінің ағын ғана көрсетіп, жамырасып-маңырасып бет-беттерімен сөйлеп кетті.

- Нағыз ғаяр кері төңкерісші екен мынау!

- Қалық мұны орта ұйымды деп әшкереледі ғой, демек, орталық ұйымның бастығы осы!

- Бастығын қорғау міндеті бойынша, ештеңе білмейдіге шығарып тұр анау!

- Шынжаңдағы барлық кері төңкерісшілердің жүрегі осы екендігі көрініп тұр!- десіп бірін-бірі қуаттай жөнелісті. Жаубасар қарлыққан дауысын шаңғырлата-сыбырлата, шұп-шұбар ала кеңірдекпен зекірді маған.

- Қалықтың өзіне өштігі бар деп сендірмекпісің енді!

- Жауап беруіме рұқсат па?- сұрана жауап қайырдым. - Адам өзіне-өзі өштесу арқылы да мұншалық жала жаппайды! Мұның жүрек ауруы бар, мынадай айқайдан жүрегім тоқтап қалама деп қатты қорқатын адам. Өткенде өз үстінен күрес басталысымен-ақ «алашордашыл» болып мойындай салған себебі сол болатын. Ал, бүгін, менің үстімдегі күрес ең жоғары шиеленіс шегіне жеткенде жүрегі тағы да шыдамай қалды. Бізге жабылған жалаларды не болса да өз мойнына түгел көтеріп алып тынышталмақ болып шықты. Бұл, күлкіні келтіретін іс. Шындығында мұның құрастырып тұрғанның бәрі өтірік! Нанбасаңыздар ғылыми жолмен тексеріп көріңіздер, үш ұйым түгіл бір ұйымның да орнын тауып бере алмайды. Себебі, ол мүлде жоқ ұйым. Тағы бір шындықты айтайын...

- Әкет мынаны!- деп шаңқ ете түсті Жаубасар. Айғайкөкке сыбырлап бөлек қағаздарын тапсырды да мені айдатып қайтарды. Қалыққа сұрақтың жауа жөнелгенін шығып бара жатып естідім.

Айғайкөк тексеру столын менің абақтыма құрды. «Кері төңкерістік ұйым мүшесі», «ұлтшыл» деп табылған адамдардың менімен болған байланысын бір-бірден қайта сұрауға кірісті. Сөзі мен іс-әрекеті түгіл кей бірінің тіпті күнделік не жеп, не ішетіндігі де қалмады. Пәлен жылы пәлен жерде пәленге менің не сөйлегенім, дәретханаға қалай бірге барғандығым жайында да күштеп қазбалады. Бұлардың ішіндегі маған ең қатерлісі институтта күреске түсіп жатқан жас «ұлтшылдардың» байланысы екенін байқадым.

Нұралыға мойындатқан «программа» дегендерінің көбі сол жастардың өткізген кейбір ұсақ қылмыстарынан құралыпты. Мәселен, кітап магазинінен Ленин жайындағы брашураны ұрлап шыққан бір жас оқушы күреске түскенде оны «кері төңкерістік ұйымымыз үшін ұрладым» дегізіп, зорлап мойындатқан екен. Бұл «факт», сол күрес районының өзінде «кері төңкерістік ұйымның расхотын оқушыларға кітап ұрлатып сатумен қамдау» деп программаның бір тармағына айналдырыпты. Жаубасар мұны нанымды етіп шығару үшін, «жалпы ұрлық-қарақшылықпен қамдау» етіп өзгертіпті. Нұралы мұның екеуіне де мойындаған болыпты да, программаның өтіріктігін айқындап тұратын сол алдыңғы күлкілі тармақтан айрылмай, көпшілік алдында бетпе-бет әшкерелеген болып маған жеткізіпті.

Былтырғы жазғы Оңтүстікке бөлінген студенттердің наразылық талаптарын Жаубасар кері төңкерістік көтерілістің бастамасы етіп, автоном район райысына бірінші болып арыз айтқан Қапасты Биғабіл тағайындаған қолбасшы етіп шығарыпты. Қысқасы, домбыраны да кері төңкерістік сөйлесу-хабарласу құралымыз етіп қосыпты: Біздің үйге келгенде Жақанның шерткен күйлерін, маған жеткізу үшін домбыраға «сөйлеткен» жасырын мәліметке айналдырып мойындатыпты. Айғайкөк мені осы жөнінде де көп тергеді.

«Жақан саған домбыра арқылы не мәлімет жеткізді?... Солай сөйлесумен жымиыстыңдар ғой, жыластыңдар ғой?» деп түріп ышқынады.

Институттағы күрестің мұндай жорамалымен мойындатулары мені тым болмағанда «құтырған ұлтшыл» етіп шығаруы кәдік екен.

Сөйтіп, Айғайкөктің менімен байланысын сұраған адамдары бір аптаның ішінде-ақ үш жүзге жетті. Менің карикатуралық суреттерім мекемедегі жиын залдарына да келіп жапсырылып жатыпты. Тілім екі метрге дейін жалын ата жалақтап, аузым жершарын жұтардай керіліп, ұлы қармақ тістерім сойдиған айдаһар болып та сызылыппын. Заһарлы ұзын денеммен орап шыңғыртып жатқан адамдарым тіпті көп. Олардың ішіндегі ең қатты «сорланып» жатқан Мақұлбек, Құлжан, Әлиялар екен. Тағы бір карикатурада алтын тәж киіп тақта отырған Жағданың алдында сәлделі уәзір болып иіліп, Қасқырбаевпен мен бастатқан көп қазақ сызылыпты.

Мұншалық сұмдықтың карикатуралары мекемедегі тыныш залдарға жеткенде кино студиясының зор залындағы күрес майданын не оңдырғанын қайдан білейін. Ондағы болып жатқан күрестерден хабарсыз қалдым.

Жеке тергеу ештеңе өндіре алмаса да созыла берді. Айғайкөк күндіз сұраған «таныстық тарихымды» алтын тапқандай дәптеріне естелікке ала отырып сұрады да, кешінде өзіме қайта жаздырды. Адамзатты қағазға қараудан жерітуді ғана мақсат еткен шығармадай, шет-шегі болсашы бұл мыжығырт жинақтың. Әйтеуір тергеушілерімнің мені «зор кері төңкерісші» деп жариялап алып, еріндеріне жағарлық қылмыс таба алмай жеңілгендіктерінен ұялудан ғана жаздырып жатқаны екенін түсінген соң қылжаққа айналдыра бердім сөзімді. «Факт» деп біреуге оқып беруден өздері ұялатындай «материал» құралып жатты.

Октябрь туылысымен «зор секіріп ілгерілеудің» ұраны гу ете түсті. «Құрыш - маршал» дейтін тақырыпта үлкен-үлкен мақалалар жарияланды газеттерде. «Бас жол», «халық коммунасы», «зор секіріп ілгерілеу» атты «үш қызыл ту» көз алдымызға бадырая көтерілді. «Оңшылдардың» аяқ-қолы байланып болғандығының дерегі еді бұл. «Жұңгоша социализміміздің жеңісі мен жеңілісін белгілейтін бірден-бір кілт - құрыш темір өндірісі ғана белгілейді»,  «сондықтан бұл салада шетке сүйенсек-ақ ұттырамыз», «өз күшімізге сүйену - зор секіріп ілгерілеудің шешуші жолы», «әрбір мекеме қоғам, әрбір кәсіп орындарына, халық гұңшесінің[5] әрбір атреттеріне дейін құрыш-темір өндіретін домна[6] құрылып, санды міндет жүктелді». «Бұл жоспарымыз бойынша Англия сынды ең бұрын өнеркәсіптенген, ең кәрі жиянгерді онбес жыл ішінде-ақ басып озамыз!», «Жұңхуа Халық Республикасына қарасты әрбір бұқара осы шахметтің пешкасы болып, қайда қойсақ сонда тұруы, қалай айдасақ солай жүруі шарт!»- газеттер енді осылай сайрап кетті.

Бірер қадам жылжи алатын «еркін» пешкалар сұқ саусақпен түртіліп, үнсіз жүріліп жатқанда мендей қамаудағы пешкалар қайтпек, қысқыш саусақтар шекеме таяғанда-ақ секіре түрегелдім. Жазып жатқан «томым» сол жазу столында жаюлы күйінде қалды. Артымды бағып жүретін «авчаркалар» құрыш қорту жұмысына алдымен кетіпті. Көрпе-төсеніштерім буылып-түйіліп, қара машина кузубына лақтырылып та болған екен. Мақпалым кішкене Асқарымызды құшақтап қақпа алдында тұр. «Әкең әне» дегендей мені нұсқады оған. Көре сала «пешкалықты» ұмытып, тұп-тура гардише[7] ұшыппын. Бөлініп тұрғанымызға үш айдан асты ғой, енді қашан көрісетінім түгіл, қазір қайда баратынымды да білмеймін. Екеуін қоса құшақтап сүйіп-сүйіп алдым. Бадырайған көп көзден именбей Мақпал да сүйіп үлгерді. «Бізден әрқандай жағдайда да алаң болма, аман бол, денсаулығыңды күт!... Әйтеуір оншалық жүдемепсің!» дей сала арқамнан қақты. Сөйлесіп қойды дегізбей жөнел дегені екенін қағысынан ұқтым да, «аяулым» деген белгісін, алақанын арқамнан сылай түсіргенінен түсіндім. Шығатын автомобильге жете бере қайта қайрылғанымда Асқардың кішкентай қолын көтеріп бұлаңдатып тұрғаны көрінді. Жауап ретінде мен де қол сілтеп қайтардым.

Автомобильге шығысыммен бақылаушымның біреуі әкеліп, үлкен сомкамды тапсырып берді. Мақпалдан алып Жаубасарға тексертіп шыққан екен. Сыртқы қалтасынан екеуінің жаңа түскен суретін тауып, көкірегіме баса түстім.

Машина от алысымен дәл қасымнан Гүлнисаның татарша әні естілді. Әртістердің автомобильінен қашан түсіп, менің қасыма қашан келіп отырғанын білмей қалыппын. Еркекше киініп алыпты. Мен жалт қарағанымда күліп жіберді. Қақпадан шыға бере Мақпалдың өз тойымызда айтқан бір әнін шырқата жөнелді. Бұл әнге мен де қосыла кеттім. Үйіме бұрылатын кішкене көшенің иінінен күтіп тұрған Мақпал, менімен қатар, алда отырған бейтаныс қыздың аузынан өз әнін естіп, қолын жайраңдаған күлкімен көтерді. Разы-қош, ыстық ықыласпен сермеді қолын. Оған Гүлниса да сондай шын достық ниет көрсетіп, қолын түрегеліп бұлғаңдата өтті.

Гүлниса, үйлену тойымызға қатынасса да Мақпал екеуіміз көшеде кезіге қалғанда танымайтындай сырт айланып кететін. Енді маңымыздан ең жақын достарымыз да қашатын болған мына қиын кезеңде жанқияр достай жақындасып қалған себебін түсіне алмай қарай бердім жүзіне. Ойнап тұратын өткір қара көзін маған бір жалт еткізді де тұқыра күлімсіреді. Әйелім мен баламның жаңағы суретін қолымнан алып, үңіле түсті. Жамбасы жамбасыма, омырауы білегіме жабысып қалғандықтан, жасыра күрсінгенін сезіп қалдым.

- Бек сұлу!- деп күбірледі. - Ұлыңыз әлден-ақ кішкене Биғабілмін деп тұр!

- «Кішкене дұшпаныңмын, менен қорқыңыз» деген шығар?

- Жоқ, мұны маған өзіңіз ескертіп отырсыз, білемін. Тіпті де дұспан емессіз!

- Менің аурыуым, қазір обадан да жұғымтал!

- Мұндай ақылды ауру жұқса жұға берсін! -деп Гүлниса тез күбірлеп жіберді де, сөзді Мақпалдың суретіне аудара қойды. - Мәдениеті тіпті жоғары екен. Сізді жаңағы... сүйгені, мені қатты сүйіндірді. Совет әйелі болмаса, мұндай әйелдер олай істей алмайды!

- Жігітіңізге қосылған соң сіз де сөйтесіз. Өзіңізді ол да үш ай сағындырса...

- Сіз режимге алынғалы үш ай болды ма? - Гүлниса үңіле қарап сұрады да менің бас изеп күрсінгенімді көріп, өзі де күрсініп жіберді. Мұнан соң сөйлеспедік. Сахнаның дағдылы әнші қызы тағы да Мақпалдан естіген «Ағажайды» шырқата жөнелді.

Бес автомобиль керуеніміз қаладан шыға Еренқабырғаға беттеді. Қарашәрге асатын төте жолға түскен соң темір рудасы жақын Балғынтай дейтін жерге барып, темір өндіретіндігімізді басқа сапарластардан естідім.

Бір сәтте машина тосын тоқтай қалды да Гүлнисаны шақырған зейіл дауыс естілді. Арт жағымыздағы әртістердің жабық автомобилінен бір бастығы қаһарлы қабақпен келіп, қайт дегендей бұйрықтың қолын жалғыз-ақ сермеді оған. Содан бастап Гүлниса маған жақыннан көрінбейтін болды. («Оңшылға бейім» атты қалпақ кигенін кейін естідім.)

Сол кеште қарлы асу аузындағы жайдақ-жалаңаш сазға түнедік. Жатып демаларлық тепсең жер жоқтығын айтып зарланғандарға жауап берген ешкім болмады. Бастықтарымыз кабинкадан шықпай, алдының қорылға басқаны да естілді.

Менің «ұйымдастарымнан» Ынтықбай, Рақымқан, Өлзе, Нұралылар халық коммуналарының құрыш-темір жоспарларына көмекке айдалыпты. Менімен бірге шыққан басқа қалпақтылар желкелерінен бір-бір «авчарканы» сұқситып әр жерде шоңқиып таң атырды. Сөйлестірер емес. Ал, менің соңымда екеу...

Биік таудың мұзды жотасынан келген ызғар таңға жақын менің иығымды селкілдеткенде артымнан қыдиып тұрған күзетшілердің тісін де сақылдатып әкетті.

Данышпан тергеушім, осы шақта пешка болмаған кім бар, сіз де көне пешкасыз. Осындай ақымақ сазда сіздің тісіңіз де талай сақылдаған шығар. Тістің бұлай сақылдауы, жауға қаратылған ыза-кектің қайнауы емес, әрине, сіздердің де менше сорланғандықтарыңыздың ғаламаты. Бізді «бөрі», сіздерді «бөрібасар» атап шайнастырып қойғаны болмаса, бәріміз бір шахматтың сорлы пешкаларымыз ғой.

Осы тауда қыраттан, далдалы құрғақ жырадан көп жер жоқ. Ал, ілуде бір кездесетін осындай жалаңаш сазға қай Құдай айдап әкеп, шоңқитып түнеткенін ойлап көрдіңіз бе? Пешкалардың қиыншылыққа шыдамдылығын сынап көрмек болса, «Англиядан озғанға» дейін алдымызда талай күрес, талай қиыншылықтың саналы сын кезеңі әлі бар емес пе! Сол жеңіске жеткізетін жауынгерлерінің белін әлден шойрылтып не таппақ, қай мақсатына жетпек? Мені жау санап бүкшитсін, ал, сіздерді белсенді жауынгеріміз деп мүкшитпек пе?... Жанаптарыңызды «зор секіріп ілгерілеуге қарсы оңшыл-ұлтшылдардың үгітімен пассивтесіп мүкшитіп алды» десе, біз не бетімізді айтармыз! «Бұл, қойыртпақ қарабатқпақтан жаралған миыңның қылмысы» деуге біз бейшарада тіл бар ма!

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»


[1] Абай сөзінен.

[2] О дүниедегі тозақтың тергеушілері.

[3] Абай өлеңдерінен.

[4] «Еркек тоқты - құрбандық» дейтін мақал негізінде алынған атау.

[5] Гүңше (ханзуша) - коммуна.

[6] Домна - шойын темір өндіретін пеш.

[7] Гарди - шахмат ойнындағы уәзір (ең құқықты тас).

0 пікір