Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2826 0 пікір 1 Қазан, 2012 сағат 14:34

Қазақ көшесі неге қысқа?

Қазір өткенге қарап отырсақ, кешегі Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда тың игерілгеніне 58 жыл болыпты. Бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ, оған жұрттың көзқарасы әртүрлі. Ең жанға бататыны, ежелгі қазақ ауылының атаулары өзгертілді. Мысалы, тың игеруге келушілерді мәңгі есте қалдырамыз деген себеппен бірқатар елді мекеннің аты «Киевский», «Харьковский» т.б. болып кетті. Әсіресе, ұлтымыздың басты байлығы - тіліміз зардап шекті. Сол тыңның кесірінен көптеген қазақ мектептері жабылып қалды. Ата-әжелеріміз немерелерімен шүлдірлеп орыс тілінде сөйлесетін болды. Сол тың игеру жылдары жайлы Қостанай қаласының байырғы тұрғыны, ұлағатты ұстаз Бекен Көпеш ағамыз жан сырын ақтарып:

Қазір өткенге қарап отырсақ, кешегі Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда тың игерілгеніне 58 жыл болыпты. Бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ, оған жұрттың көзқарасы әртүрлі. Ең жанға бататыны, ежелгі қазақ ауылының атаулары өзгертілді. Мысалы, тың игеруге келушілерді мәңгі есте қалдырамыз деген себеппен бірқатар елді мекеннің аты «Киевский», «Харьковский» т.б. болып кетті. Әсіресе, ұлтымыздың басты байлығы - тіліміз зардап шекті. Сол тыңның кесірінен көптеген қазақ мектептері жабылып қалды. Ата-әжелеріміз немерелерімен шүлдірлеп орыс тілінде сөйлесетін болды. Сол тың игеру жылдары жайлы Қостанай қаласының байырғы тұрғыны, ұлағатты ұстаз Бекен Көпеш ағамыз жан сырын ақтарып:

- Тың игеру басталған кезде мен он алты жасар бозбала екенмін. Сондықтан біраз жайды көңілге түйдік. Өзім осы облыстың Шоққарағай деген ауылында дүниеге келдім. Әрине, тыңның Қостанай өңірін белгілі дәрежеде әлеуметтік жағынан өркендеуіне қосқан үлесін жоққа шығаруға болмайды. Қаншама елді мекендерге электр жарығын беретін бағаналар тартылды. Байланыс жүйесі нығайды. Жолдарға тас төселді. Бұл жақсы жағы.
Алайда Н.Хрущев секілді билік басындағылардың асыра сілтеуінің салдарынан көптеген қазақ мектептерi жабылып қалды. Нақты мысал келтіретін болсам, өзім дүниеге келген ауылда осынау ұлы дүрмек басталған кезде қазақ бастауыш мектебі болса, бұл білім ұясы кейін әлгі жерде де дені қазақ ұлты тұрса да мектеп орысшаға айналды.
Тың игерудің біздің өңірге экологиялық жағынан тигізген зардабы да жеткілікті. Бұрын жайқалған шабындық жерлер шамадан тыс жыртылды.
Ол жер эрозиясына әкеліп соқты.
Сол жылдары Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен халық көптеп келді. Мәселен, елімізде 1860 жылы қазақтар халықтың 92 пайызын құраса, 1961 жылы 29 пайызға құлдырады. Осы деректен-ақ біраз жайды аңғару қиын емес. Ең сұмдығы, қазақтардың жаппай арақ ішуі - осы тыңның жемісі. Бұ­рын біздің өлкеде әйелдер ішімдік дегенді мүлдем ауызға алмайтын, - дейді.
Тіліміз, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз те­желді. Байырғы жер-су атаулары еск­е­рілмей, бәрі де орысша аталатын болды. Тың далада бой көтерген шаруашылықтар «Бауман», «Фрунзе», «Калинин», «Во­ро­шилов», «Москва, «Минск», «Полтава», «Ле­нинград», «Киев», «Лермонтов», «Че­хов» деп аталып кете берді. Елді мекендер де кезегінде осылай аталатын болды.
Қостанай өңіріндегі қазақ мектептерінің өркендеуіне көп үлес қосқан сыйлы ақсақал Жұмағазы Бекбосынов сонау тың игеру жылдарын еске ала отырып: Тың игерудің жақсы жақтарымен қатар рухани, яғни тіл мәселесіне тигізген зиянды тұстарын да айтпасқа болмайды. Қазақтар өз жерінде азшылыққа айналды. Есіктен кіріп, «төр менікі» дегендер де кездесті. Оның үстіне қазақ мектептерін жаппай жабу сая­саты жүрді. Алдымен бастауыш мектептерді жабу қолға алынды.
Ол тіпті қиынға түспеді. Әуелі бірінші қазақ сыныбына оқушылар қабылдамай, балаларға орыс әліппесін беріп, орысша оқуды бастады. Келесі жылы екінші сынып болмады. Осылай төрт жылда бастауыш мектеп түгел жабылды. Ата-аналардың қарсылығына ешкім көңіл аудармады. Өйткені бұл саясатты қолдап, жүргізіп отырған партия комитеттері болды.
Ол кезде СОКП Орталық Комитетінің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс еді. Оған ешкім қарсы тұра алмады. Осындай жұмыстың нәтижесінде облысымыздағы Қостанай, Федоров, Денисов, Таран, Уриц­кий аудандарында бірде-бір қазақ мектебі қалмады. Үлкен кісілер балалары және не­мерелерімен ана тілінде сөйлесе ал­май­тын заман туды. Мұның өзі өз елінде отырып, солтүстіктегі қазақтардың діні мен тілі, салт-дәстүрінен қол үзуіне әкеліп соқты. Осындай келеңсіздіктерден тек тәуелсіз мемлекет атанғалы бері ғана арыла бас­тадық. Енді «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, әрбір қазаққа өз ана тіліне көңіл бөлетін шақ әбден туды, - деді.
Сонымен, Қостанай өңірінде туып-өскен зиялы азаматтардың сөздерінен
көзіқарақты оқырман біраз жайды түйсе керек. Соған қарағанда тың игеру жыл­дарында Н.Хрущевтің жүргізген саясатын-да қазақ халқын ойлап, жарылқау емес, басқа да ой жатса керек. Егер азаттықтың таңы атып, Одақ ыдырамағанда, сол­түс­тіктегі қазақ­тардың рухани өмірі қандай боларын тек бір Құдай біледі.
Міне, менің алдымда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармадан алған мә­ліметтер жазылған қағаз жатыр. Онда өңір­дегі барлық селолық округтардағы елді ме­кеннің атауы қамтылған. Мысалы, Қос­танай қаласынан 50 шақырымдай жерде жатқан Алтынсарин ауданын алайық. Онда тек Обаған ауылы ғана қазақша. Қалған­дарының бәрі орыс тіліндегі Крас­ный­кордон, Приозерный, Свердловка, Боль­шечураковский, Димитровский болып
кете береді. Әлгі ауданда ұзын-ырғасы 11 округтың атауы орыс тілінде жазылыпты. Оның қашан қазақша атауға ие бола­тындығын ешкім де нақтылап айта ал­майды. Өйткені оған уақыт керек.
Тек облыстың қазақтың қаймағы бұ­зылмай, ұлтымыздың барлық салт-дәс­түрлерін сақтап келе жатқан қалың бауыр­ларымыз тұратын Амангелді, Жангелдин, Қамысты, Наурызым, Әулиекөл аудандары болмаса, қалған аудандардағы селолық округтердің басым көпшілігі әлі де орысша аталады. Бұл аудан әкімдері тарапынан әлі де белсенділік сезілмейтіндігінің дәлелі. Олардың уақыт талабын түсінетін кездері әбден жетті.
Әрине, өткен тәуелсіздік алған жылдар ішінде облыста бірқатар аудандардың ат­тары Боровской - Меңдіқара, Урицкий - Сарыкөл, Ленинский - Ұзынкөл, Ком­со­молский - Қарабалық болып өзгерді. Ал Федоров, Денисов аудандарының аттары қашан өзгеретіні белгісіз.
Жоғарыда аталған басқарманың бөлім бастығы Жарасқан Наурызбаевпен кө­теріліп отырған өзекті тақырып бойынша әң­гімелескенімізде, ол да көкейде жүрген ойларымен бөлісті. Өзі мақалада келтіріліп, мұрты бұзылмай тұрған ауылдық округтер мен елді мекендердің атауы сол тың игеру жылдарының салдары екендігін айтып өтті. Іссапармен аудандар мен қалаларға бар­ғанда елді мекендердің атауларын бүгінгі уақыт талабына сай өзгерту қажеттігі жай­лы тиісті орындардың басшыларының ал­дына мәселе етіп көтеріп жүргендігін де жасырмады. Алдағы уақытта Федоров ау­даны - Жаркөл, Денисов ауданы - Түйе­мойнақ болып өзгере ме деген үміті бар екендігін де білдірді. Өйткені аталмыш аудандардың бұрынғы атаулары солай көрінеді. Жергілікті жердегі ұлтым деп жүрегі соғатын азаматтардан ұсыныстар да бар екен. Дегенмен де осы мәселемен тікелей шұғылданатын мамандар мен басшылардың келешекте осы бағытта атқарар шаруалары шаш етектен екендігін еске саламыз.
Қостанай - тазалығымен, сәнділігімен аты шыққан қала. Оны өркендету мен көріктендіру үшін қазір атқарылып жатқан жұмыстар жеткілікті. Дегенмен де рухани салада, яғни көше атауларын өзгерту мен маңдайшалар мен жарнамаларды қа­зақиландыруда қыруар жұмыстар күтіп тұрғандығын зиялы қауым жақсы біледі.
Бүгін біз тек облыс орталығындағы көше жайында ғана тоқталмақпыз. Қазіргі таңда облыс орталығында 280 көше бар. Со­ның еліміз егемендік алған 20 жыл ішінде тек 15-інің ғана атауы өзгертіліпті. Ол да болса соңғы жылдардың бедерінде жүзеге асырылды. Олар қазақтың біртуар перзенттері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ыбырай Алтынсарин, ұлты­мыздың көрнекті ақындары Мәриям Хә­кімжанова, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайыр­бековтің құрметіне берілген көше. Оның алдында қазақтың тұңғыш журналисі Мұхамеджан Сералин, халық ақыны Омар Шипин, ұлы ақынымыз Абай Құнанбаев, есімі әлемге әйгілі философ Әбунасыр әл-Фараби даңғылдарына олардың есімдері берілген болатын.
Біздіңше, бұл әлі де аздық етеді. Облыс ор­талығында көшелерге атын беретін аза­маттар мен ұлы тұлғалар жетеді. Жо­ғарыда аталған облыстық тілдерді дамыту жө­нін­дегі басқармадан алынған мәліметтерге сүйе­н­сек, Солнечная көшесі 9 рет, Челя­бинская 6 рет, Костанайская 4 рет, Руд­ненс­кая 3 рет қайталанады. Ал қазақтар-дың ұлы пер­зенттерінің есімдерін ұлық-
тап, оларға көше берер кезде кейбір қала азаматтары өре түрегеледі. Ал әлгі бірнеше рет қайта­ланатын көшелердің атауымен басқа да толып жатқан көше аттары көрікті шаһа­рымыздың сәнін бұзбаса, ешқандай ажар, көрік беріп тұрған ештеңесі жоқ. Ал Мая­ковский, Чехов, Чкалов, Лермонтов және басқалар қазақ халқы үшін қандай еңбек сіңіріпті? Қашанғы өзгелерді жа­рыл­қап, өзіміздің барымызды ұлықтайтын бола­мыз?
Қолдағы мәліметке қарасақ, Қостанай секілді үлкен қалада бұл күндері 26 ғана көшенің аты қазақ тілінде аталады. Мә­селен, 15 көшенің атауы «проезд» сөзінен, 9 көшенің атауы «переулок» сөзінен бас­талады екен. Сонда біз осындай «проезд» бен «переулоктарға» ұлтымыздың біртуар қазіргі тәуелсіздік үшін еңіреп өткен асылдарымыздың есімін қимағанымыз ба? Бұл әрине, біздің елдігімізге, азамат­ты­ғымызға үлкен сын. Соны түсінетін, кеткен кемшілігіміз бен ағаттығымызды түзейтін кез әбден келді. Ертең біз келер ұрпағы­мыздың алдында немен ақталамыз? Олар­дың бетіне қалай қараймыз? Тәуелсіз елміз деп көкірек қаққанымыздан не пайда? Қашанғы өзгелерге жалтақтай береміз?
Мына масқараны қараңыз, Қостанай қаласындағы Нариманов базарының маңында орналасқан Қазақ көшесі бар. Өзі кішкене ғана жерді алып жатыр. Осы арада шамалы ойлап көріңіздерші, қазақ елі мен жерінде тұрып, «қазақ деп» көше қойға­ны­мыз ұят емес пе?!.


Оразалы ЖАҚСАНОВ

"Айқын" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2257
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3535