Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3146 0 пікір 1 Қазан, 2012 сағат 14:30

Қазақ қызы, қылығыңды неге жоғалттың?!

 

 

Жақында алыстан ат арытып келген досымызбен өткен-кеткенді еске алысып, арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрмақ болып Алматыдағы бір кафелердің біріне шақырған едім. Даңғырлаған даңғаза музыка, ішімдік пен көк түтінге оранған ғимарат ішінде сәлден соң-ақ шу шықты. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, төбелестің «төресін» қыздар алысып-жұлысқанда сезінеді екенсің. Әлдеқандай аяғы ауыр бейбақтың шашына (әлде келіншек) үш қыз аш кенеше жабысып, оңайлықпен босатар емес.

Боқтық сөздердің небір сорақы түрлері «арулардың» «кәріз ауыздарынан» төгіліп түсіп жатыр. Бұл уақытта құр­сағында сәбиі бар жақтың жақтастары «майданға» ат­тан­дай қосылып, мұны байқаған қарсы тараптың өзге сыл­қымдары да «шайқас даласынан» сырт қалмады. Топ-топ болып бөлініп, ұрыс салған бұрымдыларды арашалауға қарауылдар мен жігіттер жұмылып-ақ жа­тыр. Бір қолдарымен бет тырнап, екінші қолдарымен шаш­тан қатып ұстаған қыздарды бір-бірінен бөліп, екі жаққа тартқан сайын қаракөлеңкедегі апыр-топыр ұрыс­та қолда қалып кетіп жатқан шаштың обалы кімнің мой­нында екенін анықтау да ауырға соғады. Кейін естіп білгеніміз, жеңіл жүрісті екіқабат қыздың құрсағына би­леп жүрген әлдебір қыздың қолы тиіп кетсе керек. Сыраға сылқия тойған бикештер тіпті әй-шәйға қара­мастан, мәселені бірден жұдырықпен шешіп тастауға тырысқанға ұқсайды. Мұндағы байқағанымыз, бүгінгі әйелдер төбелесінің еркектерден айырмашылығы - бірден шарт-шұрт шайқаса кететіндігі, ыза-кекке, өш­пенділікке шексіз берілетіндігі, сол себепті оңайлықпен төбелестен бас тартпауы, бет тырнап, шаш жұлуға бейім­­дігі.

Қазақ қаракөздерінің бұрын-соңды құлақ естімеген боқтық сөздері, еркектің өзіне ерсі көрінер әдепсіз ым-ишаралары бұзақылардың бұлалықтарын жолда қал­дырардай-ау тегі. Ырду-дырду, айқай-шудан мезі бол­ған біз жуық маңдағы және бір кафеге бас сұқтық. Онда да жарты сағат өтер-өтпестен-ақ алдыңғы тақы­леттес оқиға орын алды. Тағы да мас екі-үш келіншек әлдебір еркектермен билеймін деп олардың әйел­дері­мен мүйіздесіп қалды. Қызғаныштың қызыл иті не істет­пейді?

Әйелдердің айқасы, қатындар­дың қақтығысы мұнда күзетшіле­р­дің арқасында әлгіндей ұзаққа созы­ла қоймады.

Бұл бір-ақ күнде көзбен көрген қос оқи­ға қазақ қаракөздерінің азғындау жо­лы­на түбегейлі бет бұрып бара жатқан­дығын нақты айғақтай түседі. «Әйел сұлу болмайды көркіменен, мінезіне көз жетпей көңіл бөлме» дейді ұлы Абай. Елдегі есепсіз ажырасулар осындай кесел мінез­дің кесірінен емес деп кім айта алар? Көз қарықтырған қалалық сұлулардың өзінің көбінің ана тілінен жерігендігін, жалаңаш тәнін жалпақ жұртқа жариялауға «ынтық­ты­ғын» айтпасақ та, ішіңіз біледі. Қалалық жастар ана тілінсіз, ауылдық жастар білімсіз қалса, сапалы ұрпақты саңырауқұлақтың арасынан тауып ала саламыз ба? «Бала нені білсе жастан, қиядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген Жүсіп Баласұ­ғын­ның өсиеті өмі­ріміз­ге айнымас темір­қазық болса игі. Аяғы ауыр болса да, есер әуен тыңдап, есірік ішімдік ішіп, будақ-будақ түтін түтетіп, аузына келгенін ой елегінен өткізбестен лақ еткізетін, жанжал десе, жан алысып, жан беріспей тынбайтын сылқымдар ертең қандай ұрпақ әкеле­ді, қандай ана болады? Кез келген жақсы­лық маңдай тер, табан ақымен келсе, жа­ман­дық атаулы жұқпалы дерт. Оның қан­мен өтіп жеті атаға дейін қалмайтындығы ғалы­мдар тарапынан қатқан қағидадай дәлел­денді бұл күні. «Әйелдер теңдігі» деген кеңестік кезеңнің ұраны енді гендерлік саясатқа ұласты. Ер-азаматқа сүйеу болу­дың орнына, жағасына жармасып, жарлық шы­ғаратын «жарты патшаларды» әрбір екін­ші отбасыдан кездестіресіз қазір. Мұ­ны көріп өскен ұл мен қыз қандай болмақ? Нен­дей үлгі алмақ? Ал бірін-бірі «мойын­дағы­сы» келмейтін жас жұптардың талақ етісуі тағдыр-талайларына жазып қойған­дай құдды.      

Шіркін, есіктен кірмей тұрып келе жат­қан­дығынан хабар беріп шолпысы сыңғыр қаққан, күміс күлкісі күй болып төгілген, ер азаматқа тіке қадап көз салмайтын, бұ­ры­мы тірсек қаққан, жер сызған бүрмелі көй­ле­гінің етегі теңіздей шалқыған, нәзік жү­регі, көркем мінезі көңіл марқайтқан, көр­кіне ақылы сай айдын көлдегі аққудай ақ кер­без арулары қайда кеткен қазақтың? Ата-бабаларымыз қыз баланы қонағындай қа­дірлеп күткенімен, қырық үйден тыйымды да ұмытпаған. Үйде жасырған қылығын түз­де көрсететін қаракөздердің тәрбиесіне бү­гін­гі ата-ананың неге бейғам қарап отыр­ғаны түсініксіз. Ұстамдылықтан ада, ұят­тан жұр­дай, ашық-шашық киінуге әдет­тен­ген сыл­қымдарымыз некесіз тастанды ба­ла­лар­дың да қатарын арттырып отыр. Осы ру­х­ани мүгедек балалардың тағды­ры­на кім жа­уап береді? Жеңіл жүріске бой ұратын­дар­дың да басым бөлігі - студенттер. Сондықтан, жоғары оқу орны студенттеріне ашық киінуге, темекі мен ішімдік тұтынуға заңмен тыйым салынатын кез жеткендей.

Бауыржан ОРАЙЗАЙҰЛЫ, педагог-психолог:

Қазақ жастары, оның ішінде қазақ қыздарының бұзылуына шетелдік экспанцияның, батыстық бағдарламалар мен фильмдердің әсері мол. Қазақ идеологиясы отбасыдан басталады. Ең бірінші үй тәрбиесін түзеу қажет. Қазір үйде теледидар ғана тәрбие береді. Ауылда өскен қыздар қалаға оқуға келіп, өздерін бостандыққа жеттім деп еркін сезінеді. Отбасы, ошақ қасында «қазақ» деген сөзді, тәрбиелік ұғымды жеткізуге тырысу да байқалмайды. Қазақ қоғамында дастарқандағы тәрбиенің маңызы орасан. Ұлтымыз қызын дастарқаның төріне отырғызып, жат жұрттық қонақ ретінде сыйлаған. Басқа үйдің түтінін түтетуге психологиялық тұрғыдан дайын етіп өсірген. Қазір қыз баланы өз орнымен тәрбиелеу жетіспейді. Университеттерде ұлттық тәрбие деген пән ашылды. Мұндай пән тек университеттер ғана емес, балабақша мен мектептерден бастап оқытылғанын жөн көремін. Бүгінгі жастардың жанын сау етіп өсірудің жолы - сол.

Автор: Арман СЕРІКҰЛЫ

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3613