Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3345 0 пікір 1 Қазан, 2012 сағат 06:05

Ашық хат: Қолдарыңыздан келсе, «поштабайлардың» қиқуын азайтып, «қамшы үйіруін» шектеңіздер...

Алматы қаласының әкімі

Ахметжан Есімов мырзаға

Мәдениет және ақпарат министрі

Дархан Мыңбай мырзаға  және

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарына,

«Алматы» телеарнасының

жұмыстан кеткен журналистерінен

 

 

Ашық хат

 

Алматы қаласының әкімі

Ахметжан Есімов мырзаға

Мәдениет және ақпарат министрі

Дархан Мыңбай мырзаға  және

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарына,

«Алматы» телеарнасының

жұмыстан кеткен журналистерінен

 

 

Ашық хат

 

1-нші қазаннан бастап «Алматы» арнасының қазақ бөлімі тұтастай,  жаңалықтардың орыс редакциясының бір бөлігі қызметтен кеттік.   Негізгі себеп Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы С.Л. Куяновпен тіл табыспауымыз.  Нақтырақ айтқанда, Куяновтың тұтас журналистің  қожасына айналып алғанына наразылық білдірдік. Бұл оқиғаның барысы ақпарат құралдары арқылы тұтас Қазақстанға тарап жатыр. Сондықтан бүге-шігесіне дейін жаза берудің реті жоқ.  Біздің хат жазудағы басты себебіміз осы оқиғадан түйген ойымызды паш ету. Бір арнаның  журналистік тобының  60-70 пайызы жұмыстан кетіп жатыр екен деп елең еткен басшыны байқамадық.  Куянов пен Бас директор Е. Грюнберг әуелі орыс редакциясында жік шыққанын, қазақ бөлімі соларды қолдағанын жасырып қойып,  жағдайды ұлттық бағытқа бұруға барын салуда.  Грюнберг Tengrinews  сайтына  «С. Сарыбаев (қазақ бөліміне жауапты орынбасар) кетіп жатыр сонымен бірге қызметкерлері де жұмыстан шығуға шешім қабылдады» дейді де мәселені екі жарым апта бұрын өтінішін беріп қойған орынбасарына тірейді,  орыс бөліміне жауапты орынбасары Қайрат Балтабайдың да сол кезде  жұмыстан кетуге ниет еткенін бүркемелеп қалады.  Куянов болса  Ұлт.кз сайтына «бұл әдейі ұйымдастырылған шара деп ойлаймын, орыс редакциясынан арыз жазған ешкімді көріп отырған жоқпын»  депті.  ( Балтабайдан бөлек  орыс редакциясы журналистері  Ильзат Акчурин қызметінен кетіп үлгерді,    Айерке Ермек арыз берді )   Ұжымның өзімен кездесуге талпынғаны, мәмлеге келудің жолын іздегені, оларды елемей жағдайды ушықтырғаны жөнінде бір ауыз сөз жоқ.   Қазірде ойын ашық айтуға талпынғандарға ҰЛТШЫЛ, ОППОЗИЦИОНЕР деген сынды айдар тағып, өзін  Қазақстанның тұтастығы үшін күрескер  есебінде көрсетіп, «екі жеп биге шығу»    сәнге айналған. Ұлтшыл десе, өздері білсін. Ұлтын сүймеген, ұлты үшін қызмет етпеген адамды құр сүлдер деп есептеген жөн. Ал оппозиция десе, бұл ұғымның анықтамасын оқысын. Оппозиция - мемлекеттік билікке балама саясат ұстанушы. Егер мемлекет деген ұғым Куянов деген фамилияның синонимі болса, жеткен жеріміз осы екен! Сонда келісім-шартты бұзу туралы бұйрықпен танысып, қолын  қойып үлгерген 37 адам  37-жылдан қалып қойған «халық жаулары» ма? Куянов пен Грюнбергтің  ойы осыдан алыстамапты.  Әлде бәрін өз ұстанымдарының  тар шеңберінде топшылай салды ма!? Десе де олардың пиғылы нәтижесін берді.  «Шулап жатқан кіл қазақ» деген хабар тарасымен орыс тілді ақпарат құралдарының  оқиғаға деген қызығушылығы күрт төмендеді.  «Өздеріне де обал жоқ» деушілер көбейді.   Бұл жағдай лезде тек қазақ тілді БАҚ аясындағы тақырыпқа айналды.  Бұндай саяси «ептілікке» қайран қалмасқа амалымыз жоқ. Тек 31-арна, 7-арна  осы жағдай туралы екі тілде ақпарат берген. Абай.кз , Ұлт кз  сайттары жанайқайымызды жариялауда.

Енді  түпкі ойға келсек... Біз бұл хатты аяныш сезімін тудыру үшін, біреу басымыздан сипасын деген мақсатпен жазып отырған жоқпыз. Деніміз сау, қол-аяғымыз бүтін,  тұмсығын жылытар қолтық тапқанына  ісініп,  Құдайға айналған екенмін деп ойлайтын   Куяновтарға кіріптар  болмай-ақ  қай салада болса қызмет ете береміз.  Жапқан есікті қайта ашсақ деген ниет жоқ. Орнымыз ойсырап қалмайды. Тұрмыстық жағдайы қысқан немесе  Куяновпен тіл табыса алатын мамандар табылатынына, табылып жатқанына да шүбә жоқ.  Тек қазіргі журналистердің, журналистиканың қандай  күйге түскенін  білсеңіздер болғаны.  Осы оқиғаны мысал етіп   сөз бостандығына салынған ауыздықтың  сәл босауына ықпал етсеңіздер. Қолдарыңыздан келсе «поштабайлардың» қиқуын азайтып, «қамшы үйіруін» шектеңіздер...  Нәтиже боларына шүбәміз көп екеніне қарамастан жүгінгенді, мән-жайды түсіндіргенді  жөн санадық.  Ал біз... жақсылар санатында жүрген   біреулерге  ұқсап артынып-тартынып, шетелге тайып тұратындай дүниеміз де,  пиғылымыз да, бөтен атамекеніміз де жоқ.   Еліміз аман  болсын...   Осы елде тудық, осы елде, осы ел үшін  өмір сүреміз....

«Abai.kz»

0 пікір